Skip to main content

Ф.ғ.д., профессор Гүлнар Надирова семинарда жоғары білім беру саласындағы жаңа үрдістер аясында интернет арқылы білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарындағы жаңа тәжірибелер, жоғары оқу орындары мен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастық және бұл саладағы бірлескен ынтымақтастық туралы егжей-тегжейлі ақпарат ұсынды. Заманауи технологиялардың қарқынды дамып, интернет қолданушылар қатарының артып жатқаны назарға алынғанда жоғары білім беру саласының бұл өзгерістерге сай дамып жатқанын айтты. Әсіресе соңғы жылдары барған сайын кең етек жайған онлайн-курстарды бұған мысал ретінде атап көрсетті. Осылайша білім алу мен ақпаратқа көбірек адамның қол жеткізе бастағанын және түрлі себептерге байланысты жоғары оқу орындарына бара алмайтындар үшін қолайлы уақытта білім алу мүмкіндігінің қамтамасыз етілгенін тілге тиек етті. Дүние жүзінің 517 университетінде түрлі онлайн-курстардың тегін жарияланғанын және бұл үрдістің әсіресе Еуропа мен Америка Құрама Штаттарында қызу қарқын алып жатқанын айтты.

Түрлі ғылыми-зерттеулерге сәйкес, алдағы 10-15 жылда жалпы білім беру жүйесі мен ЖОО инфрақұрылымдарында да белгілі бір өзгерістер орын алуы мүмкін екенін айтты. Мысалы, көп активтері, ғимараттары мен үлкен әкімшілік құрамы бар жоғары оқу орындары санының орта мерзімді перспективада азаятынын және олардың орнына қызметкерлері мен активтері аз болса да, тиімді қызмет ететін ықшам жоғары оқу орындары санының арта түсетінін мәлімдеді. Екінші жағынан, жоғары оқу орындарының басқару жүйелерінде кәсіпкерлік рухы артып, жоғары оқу орындары мен өнеркәсіп салалары арасындағы байланыстарды нығайтуға көп көңіл бөліне бастады деп түйіндеді.

Интернет арқылы қамтамасыз етілетін дәрістерге тоқталып өтіп, әлем бойынша қатысу деңгейінің өте жоғары екенін, бірақ уақыт өте келе қатысушылардың құштарлығы төмендегендіктен орташа есеппен бір дәрісті қатысушылардың тек 5%-ы ғана аяқтай алғанын айтты. Онлайн-курстарға қатысатындардың профильдері зерттелгенде бұл дәрістерге көбінесе қаржылық жағдайына байланысты жоғары оқу орындарына бара алмайтындардан гөрі университеттерде оқитын магистранттар мен студенттердің қатысқанын баса айтты. Екінші жағынан, түрлі себептерге байланысты кейбір университет оқытушыларының тегін білім беру үрдісіне қарсы шыққанын айтты. Себебі кейбір оқытушылардың пайымдауынша, тегін дәрістер білім беру сапасын төмендетуі мүмкін. Тағы бір себеп ретінде кейбір жоғары оқу орындарының түрлі бөлімдерін жауып, сол саладағы білім беруді тегін және төмен құнды интернет арқылы білім беру модуліне айналдыра бастағанын көрсетті.

Семинар жалғасында жаңа оқу әдістері туралы жасалған кейбір ғылыми-зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және интернет ресурстарын қолдана отырып оқыту әдісі дәстүрлі әдіске қарағанда студенттердің жетістіктерін 10%-ға арттырғанын айтты. Алғашқы әдістің айырмашылығы дәріске қатысты тақырыптардың интернет арқылы алдын-ала оқылып, дәріс уақытының тек талқылауға кететінін айтты.

Семинар соңында қатысушылар Қазақстандағы білім беру жүйесі мен интернет арқылы тегін курстар туралы пікір алмасты.