Skip to main content
  • «Белдеу және жол»: алғашқы нәтижелер не дейді?

    Осындай алқалы жиындардың бірі жуырда Қытайда «Белдеу және жол» тақырыбымен ұйымдастырылып, оған Елбасымыз қатысқаны мәлім. Мемлекет басшысы форумда сөз сөйлеп, өңірлік экономикалық ынтымақтастықты дамытуға  қатысты нақты ұсыныстарын жария етті. Сондай-ақ, форум аясында бірқатар жоғары деңгейлі кездесулер өткізді. Біз Елбасының осы сапарын қорытындылай отырып, «Белдеу және жол» форумының Қазақстан үшін мән-маңызына тоқталғанды жөн көрдік.  Бейжіңде өткен «Белдеу және жол» форумына 29 мемлекеттің басшысы және БҰҰ бас­та­ған беделді халықаралық ұйымдардың жетек­шілері шақырылды. Бұл өз кезегінде форумның халықаралық беделінің зор екенін анық аңғартты. Жалпы, аталған форумда талқыланған мәселелер Қазақстан үшін аса маңызды екені айтпаса да түсінікті. Осы арада ерекше атап өтер жайт, Қазақстан «Бір белдеу – бір жол» жобасын іске асыруда Қытайдың Еуразия кеңістігіндегі сенімді әріптесі болып табылады.

    Қытай билігі «Бір белдеу – бір жол» бастамасы ешқандай да жеке-дара жоба еместігін ашық айтуда. Қытай бұл бағдарлама арқылы Батысқа жол салуды көздейді. Сондай-ақ, бұл ел Орталық Азиямен ынтымақтастығын «Бір белдеу – бір жол» бастамаларымен байланыстырады. «Бір белдеу – бір жол» жобасының басты міндеттері қазіргі кезде ҚХР-дың Орталық Азияға арналған стратегиясында іске асырылып жатқаны белгілі. Қытай экспортына көптеген жолдар ашылып отырғанына қарамастан, Орталық Азия дәлізі жоспарлы түрде дами бермек.

    Бұл жайт Қазақстан және басқа да Орталық Азия елдері Қытай бастамасын жүзеге асырудың басым бағыты болып қала беретінін ұқтырады. Қазақстанның бұл бағдарламаға қатысумен ғана шектелмей, Қытай мен Еуропа арасындағы заманауи көлік дәлізін жаңғырту ісінде басты ойыншыға айналып, негізгі белдеу болу ұстанымын жүзеге асыруға кірісуі маңызды. Қытай тарапы Қазақстанды қазіргі таңда «Жібек жолы» бастамасын жүзеге асыру барысында маңызды рөлге ие мемлекет деп есептейді. Өйткені, инфрақұрылымдық бастаманы жүзеге асыру ісінде Қытай Қазақстанға иек артуға мүдделі.

    Қазақстан − Батыс пен Шығыс арасындағы өзара ықпалдастық байланыстарды біріктіретін маңызды көпір. Осы арқылы біздің еліміз өз мүддесін көздейтіні белгілі. Жалпы, 29 мемлекеттің басшысы және БҰҰ бастаған беделді халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысқан аталған саммит барысында Қазақстан Президенті Н.Назарбаев сөз сөйлеп, «Бір белдеу – бір жол» бастамасы жаңа геоэкономикалық парадигма қалыптастыруға мүмкіндік беретінін, оның табысты іске асуы, жинақтап алғанда, 4,4 млрд адам тұратын елдерге пайда әкелетінін жеткізді. Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев жиында «Бір белдеу – бір жол» бастамасын іске асыру бо­йынша бірқатар нақты ұсыныстарын мәлім етті.

    «Жібек жолы экономикалық белдеуінің транзиттік әлеуетін тиімді игеру үшін қызмет көрсету деңгейін жақсартып, әкімшілік кедергілерді жою арқылы тауар ағынын өткізуді бірте-бірте жеңілдету қажет. Қазақстан бұл мәселе бойынша нақты шаралар қабылдауда. Ол сараптама мен тиісті қаржыландыруды талап етеді. Азия инфрақұрылымдық инвестициялар банкі осындай бағдарламаларды белсенді түрде қаржыландыру керек деп есептеймін. Бұл – болашаққа арналған инвестиция», деді Қазақстан Президенті. Жалпы, форумда қозғалған мәселелер талай-талай талқылауларға арқау болатыны сөзсіз.

    Дегенмен, осы орайда айтулы жиынның мән-маңызы, оның еліміздің сауда-экономикалық байланыстарына тигізер әсері жөнінде отандық сарапшылардың ой-пікірлеріне де назар аударғанымыз жөн. Сондықтан, бүгін біз қазақстандық бірқатар сарапшылардың Бейжіңде өткен «Белдеу және жол» форумына қатысты пікірлерін ұсынып отырмыз.

    Толығырақ