Skip to main content

АҚШ-тың Орталық Азия елдерімен қарым-қатынасы: Джон Керридің аймақтағы елдерге жасаған ресми сапары және «C5+1» форматы*

11.01.2016 | Сараптама | Халықаралық қатынастар | 836 Невзат Шимшек, Амирбек Айдарбек Ануарбекулы

2015 жылдың 31 қазан мен 3 қараша айлары аралығында АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри Орталық Азия елдерімен қатынастарды жаңа деңгейге көтеру үшін алғаш рет аймақ елдеріне ресми сапар жасады. Джон Керри ресми сапары аясында Өзбекстанның Самарқанд қаласында Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлерімен «С5+1» форматы шеңберінде өзара ынтымақтастықты күшейту және халықаралық пен аймақтық мәселелерге қатысты келіссөздер жүргізді. Бұған қоса АҚШ Мемлекеттік хатшысы Орталық Азия елдерінің басшыларымен екі жақты кездесулер өткізді. Джон Керридің Орталық Азияға ресми сапары АҚШ пен Ресей арасында Украина мен Сирияға қатысты Шығыс Еуропа мен Таяу Шығыс аймағындағы келіспеушіліктердің ушыққан уақытына сәйкес келуі назар аударарлық жайт. Екі алып мемлекеттің Орталық Азияның таяу маңайындағы аймақтарында өзара бәсекелестікке негізделген күресі, әрине Орталық Азия елдерін алаңдатуда және алдағы уақытта бұл бәсекелестіктің Орталық Азия аймағына жайылуы мүмкін деген қауіп-қатерді туғызуда. Осыған орай Орталық Азия елдері аймақтық (Ресей, Қытай, Иран) және аймақтан тысқары жерлерде орналасқан (АҚШ, Еуропалық одақ т.б.) державалық елдермен қатынастарға сақтықпен қарап, қатынасты абайлап орнату керектігін ескеріп, олардың аймақтағы мүдделеріне қайшы келмейтін сыртқы саясат ұстануға басымдық беруде.

Джон Керридің Орталық Азия елдеріне жасаған ресми сапары АҚШ-тың жалпы Еуразия аймағына қатысты ұстанған геостратегиясы шеңберінде қарастырылуы қажет. Осы орайда АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты ұстанған саясаты қырғи-қабақ соғыс дәуірінен кейін жалпы Еуразиядағы мүдделерін жүзеге асыруды көздеген геостратегияның бір бөлшегін құрайды. Джон Керридің Орталық Азия елдеріне қандай мақсатпен ресми сапар жасағанын түсініп білу үшін АҚШ-тың Еуразияның бір бөлшегі ретінде қабылдайтын Орталық Азияға қатысты дамытқан «Геостратегиялық ойыншылар» мен «Геосаяси шеңбер» атты геостратегияларын ұғыну аса маңызды.

АҚШ-тың суық соғыс дәуірінен кейін Орталық Азияға қатысты геостратегиялардың негізін Збигниев Бжезинский, Грахам Е.Фуллер, С.Фредерик Старр секілді және осылардың пікірлеріне ұқсас көптеген батыстық мемлекеттік әрі ғылыми қызметкерлердің қалағаны мәлім. Олардың пікірінше, АҚШ геосаяси ғылым тұрғысынан «heartland» деп қабылданатын Орталық Азияда үстемдігін орнатқысы келсе, төмендегі геостратегияға баса назар аудару қажеттігін ұсынады:

  1. Орталық Азия елдерінің, әсіресе Қазақстанның экономикалық тұрғыдан аймақтық державаларға (Ресей, Қытай т.б.) тәуелділігін азайту, сондықтан қаржылық инвестиция тұрғысынан тұрақты түрде көмектесуді қамтамасыз ету;
  2. Орталық Азия басшыларының аймақтық мәселелерді шешу барысында АҚШ-тың мүдделерін ескеруін қамтамасыз ету, осы тұрғыдан американдық саясатшылардың аймақтағы саяси элиталармен екі жақты байланыстарының ұлғаюын жүзеге асыру;
  3. Орталық Азия елдерін демократиялық әрі адам құқықтарын қорғау бағытында дамуы үшін қолдау көрсету және осы салаларда аймақ елдеріне тұрақты түрде жәрдемдесу;
  4. Орталық Азия елдерінің нарықтық экономика жүйесінен бас тартпауын қамтамасыз етіп, ғаламдық экономикаға интеграциялау және экономикалық әрі қаржылық тұрғысынан бір елге деген тәуелділігін болдырмай, ДСҰ, Дүниежүзілік банк пен Халықаралық валюта қорына деген тәуелділігін күшейту болып табылады. Яғни Орталық Азия елдерінің экономикалық және қаржылық тұрғыдан аймақтағы алып елдермен (әсіресе Ресей, Қытай т.б.) байланысын әлсіретіп, олардың экономикалық салада аймақтағы үстемдігіне жол бермеу;
  5. Ресейдің және осы сияқты алып елдердің Орталық Азиядағы ықпалын әлсірету және қажет болған жағдайда аймақ елдерінің батыстың қолдауындағы түрлі интеграциялық құрылымдарымен байланысын нығайту;
  6. АҚШ-тың Орталық Азиядағы энергия саласындағы мүдделерінің қорғалуын жүзеге асыру, осы бағытта Американың бас тартпайтын мүдделерінің бар екендігін ескерту. Осы орайда көп құбырлы стратегияны жүзеге асыруға ұмтылған Орталық Азия елдеріне саяси және экономикалық тұрғыдан қолдау көрсету.

Қорыта айтқанда, АҚШ-тың Орталық Азияға қатысты негізгі геостратегиясының мақсаты Американың аймақтағы мүдделерін қорғау және бұл мүдделерге қайшы саясат ұстанып отырған актерлердіңнемесе одақтардың күшеймеуін қамтамасыз ету болып табылады. Осы мақсатты жүзеге асыру ниетімен АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри БҰҰ-ның 70 жылдығына арналған саммитіне қатысу үшін Нью-Йорк қаласына келген Орталық Азия елдерінің Сыртқы істер министрлерімен 2015 жылдың
26 қыркүйек кұні екі жақты кездесу өткізді. Кездесу барысында «С5+1» форматының негізі қаланды және ғаламдық әрі аймақтық мәселелерге қатысты көкейкесті тақырыптарды аталмыш формат шеңберінде талқылауды уағдаласты.

1. Орталық Азия елдерімен екі жақты кездесулер: Джон Керри Орталық Азия елдеріне ресми сапарын Қырғызстаннан бастап, Өзбекстанға, Қазақстан мен Тәжікстанға және Түрікменстан елдерінесапарларын жалғастырды. АҚШ Мемлекеттік хатшысы аталмыш елдермен екі жақты дипломатиялық келіссөздер жүргізіп, 2015 жылдың 1 қараша күніӨзбекстанның Самарқанд қаласында «С5+1» (Орталық Азия елдері+АҚШ) форматының алғашқы жиынын өткізді.

1.1. АҚШ-Қырғызстан кездесуі: Джон Керри сапар аясында АҚШ-тың Қырғызстандағы елшілігінің жаңа ғимараты мен Орталық Азиядағы Америка университетінің жаңа қалашығыныңашылуына қатысып, Қырғызстан Президенті Алмасбек Атамбаевпен және Сыртқы істер министрі Ерлан Абдылдаевпен екі жақты кездесулер жүргізді. Кездесу барысында төмендегі тақырыптарға баса назар аударылды және көпжақты ынтымақтастықты ұлғайту үшін жол картасының белгіленуі әрі осы бағытта жұмысшы тобының құрылуы келісілді.

  1. CASA-1000 жобасы шеңберінде ынтымақтастықты жалғастыру және энергия саласында Орталық Азия (әсіресе Қырғызстан мен Тәжікстан) мен Оңтүстік Азия (Ауғанстан, Пәкістан) аймақтары арасындағы интеграцияны күшейту;
  2. Ауғанстанның солтүстігінде және Орталық Азия аймағында қауіпсіздікті қамтамасыз ету, ДАИШ және осы сияқты террористік ұйымдарға қарсы ортақ күресті күшейту;
  3. Ауғанстан жастарының Орталық Азиядағы Американың университетінде оқуын қамтамасыз ету және осы бағытта Ауғанстан жастарына қажетті көмекті беру;
  4. Қырғызстанда демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарының дамуын қамтамасыз ету және осы салаларда екі жақты кездесулердің жалғасуын қамтамасыз ету;
  5. Климаттың өзгеру ықтималына орай, Тянь-Шань тауларындағы мұздардың еру қаупінен төнуі мүмкін түрлі табиғи сипаттағы төтенше жағдайларға қарсы ортақ ынтымақтастықты күшейту;
  6. Қырғызстанның инфрақұрылымын және ортақ энергия жобаларын дамыту мақсатында ынтымақтастықты нығайту.

Бұған қоса екі жақты кездесу барысында АҚШ-тың Қырғызстанмен қатынастарының ұлғаюы Ресей немесе Қытай сияқты елдерге қарсы бағытталмағанын, осы орайда Қырғызстанның сыртқы саясатында Ресей, Қытай немесе Батыс елдерінің ішінде басымдыққа негізделген бір таңдауға бару қажеттілігінің туындамауы керектігі ескертілді. Бұған қоса «Манас» әуе базасының жабылуының немесе Әзімжан Аскаровқа берілген адам құқықтарын қорғау марапатының екі жақты қатынастардың нығаюына кері әсерін тигізбейтіндігі мәлімденді. Әсіресе, екі елдің өкілдері АҚШ-Қырғызстан ынтымақтастығының аймақтық және халықаралық одақтастықтармен жасалған қатынастарына көлеңке түсірмейтіндігін қадап айтты.

1.2. АҚШ-Өзбекстан кездесуі: Джон Керри 2015 жылдың 1 қарашасында Өзбекстанға ресми сапар жасап, Өзбекстан Президенті Ислам Каримов пен Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камиловпен дипломатиялық келіссөздер жүргізді. Келіссөздер барысында ортақ мүдделерге негізделген ғаламдық мәселелер, аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылық, сепаратистік әрекеттерге қарсы күрес, екі жақты сауда-саттық және экономикалық қатынастарды нығайту, адамдардың құқықтары мен саяси тәуелсіздіктеріне құрмет көрсету және тағы басқа салаларда көпжақты ынтымақтастықты күшейту тақырыптары қолға алынды.

1.3. АҚШ-Қазақстан кездесуі: Джон Керри 2015 жылдың 2 қарашасында Қазақстан Республикасына ресми сапармен келіп, Елбасы
Н.Ә. Назарбаевпен екі жақты дипломатиялық кездесулер өткізді. Бұған қоса Д.Керри сапар аясында Қазақстандағы Америка сауда палатасының өкілдерімен кездесіп, «АҚШ-Қазақстан стратегиялық диалогының» төртінші отырысына қатысты және Назарбаев университетінде «АҚШ және Орталық Азия: XXI ғасырдағы әріптестік» тақырыбындадәріс оқыды.

Диалог шеңберінде Украинадағы ахуалға қарамастан Қазақстанның осы елмен экономикалық қатынастарды ұлғайтуға мән беріп отырғандығына зор ілтипат білдірілді. Бұған екі мемлекет ДАИШ және осы сияқты террористік ұйымдарға қарсы ортақ күрес жүргізу бағытында ынтымақтастықтынығайту, Орталық Азияда аймақтық интеграциялық ықпалдастықты күшейту, Орталық Азияны ядролық қарудан азат аймаққа айналдыру, энергия қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында ынтымақтастықты күшейту, Қазақстанның ұйымдастыруымен жүзеге асырылатын «EXPO – 2017» көрмесін қолдау, елде адам құқықтары мен демократиялық құндылықтардың ұлғаюы әрі тәуелсіз БАҚ-тың дамытылуымен жергілікті басқару органдарының орталыққа деген тәуелділігін қадам-қадам азайту мәселелеріне қатысты ортақ ынтымақтастықты дамыту тақырыптарына баса назар аударылды.

1.4. АҚШ-Тәжікстан кездесуі: АҚШ Мемлекеттік хатшысы Джон Керри
2015 жылдың 3 қарашасында Тәжікстанға ресми сапарын жасады. Сапар аясында Тәжікстан Президенті Имомали Рахмонмен кездесіп, төмендегі тақырыптар шеңберінде келіссөздер жүргізілді:

  1. Ресей және Қытайдағы экономикалық проблемалардың Тәжікстанға тигізген кері әсері және елдің экономикасына теріс ықпал ететін басқа да факторлар;
  2. Тәжікстанның басқа да Орталық Азия елдерімен интеграциясын күшейтуге кері әсерін тигізетін факторлар және Орталық Азияның маңайындағы басқа да аймақтармен байланысын нығайту мәселелері;
  3. Тәжікстанның энергия, әсіресе электр энергиясы саласындағы проблемалары және осы бағытта көршілес елдермен (әсіресе Өзбекстанмен) келіспеушілігі және оны шешудің жолдары;
  4. Тәжікстанның қауіпсіздік саласындағы алаңдаушылығы және АҚШ Президенті Барак Обаманың Ауғанстанда белгілі бір мөлшерде әскерлерді қалдыруға байланысты шешімі мен мұның аймақтық қауіпсіздікке ықпалы;
  5. Тәжікстанның шекара қауіпсіздігінің қамтамасыз етілуі, Ауғанстанда тұрақтылықтың орнығуы үшін ортақ ынтымақтастықты ұлғайту, терроризм, экстремизм және заңсыз есірткі саудасына қарсы ортақ күрес жүргізу;
  6. Тәжікстанда адам құқықтары мен тәуелсіздігінің күшеюі, адамдардың саясатқа белсенді араласуын экстремизм ретінде қабылдамау және дін тәуелсіздігінің жүзеге асырылуы.

Жоғарыдағы аталмыш мәселелерге қоса, Джон Керри Тәжікстан басшысымен келіссөздері барысында Тәжікстанның алдағы 5 жылда өз халқының және Ауғанстанның электр энергиясы қажеттілігін қанағаттандыру мүмкіншілігі тақырыбына баса назар аударылды.

1.5. АҚШ-Түрікменстан кездесуі: 2015 жылдың 3 қарашасында Джон Керри Түркменстан Президенті Гурбангулы Бердымухаммедовпен кездесті. Алайда бұл кездесуді 15-16 қазанда өткен «АҚШ-Түрікменстан екі жақты саяси келіссөздерден» бөлек қарастыруға болмайды. Яғни Керри-Бердымухаммедов кездесуінде, мұның алдында Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередовтың АҚШ-қа сапары барысында келіссөздерде тілге тиек еткен мәселелердің жалғасы ретінде жоғары деңгейде қолға алынуы болып табылады. Еске сала кетсек, Р.Мередов АҚШ-қа ресми сапары барысында екі тақырыпқа баса назар аударған болатын: аймақтық қауіпсіздік және энергия саласы.

АҚШ-ты Түрікменстанның Ресеймен қатынасы емес, керісінше, энергия саласында Қытаймен ұлғайып бара жатқан ынтымақтастығы алаңдатуда. Осыған орай Джон Керри Орталық Азия елдеріне жасаған сапары арқылы тек қана Ресейдің емес, бұған қоса Қытайдың да ықпалын азайтуды көздеп отырғаны мәлім. Джон Керридің Түрікменстанға ресми сапарынан бұрын Қытайдың тарихи дұшпаны әрі бәсекелес мемлекет Жапония елінің Үкімет басшысы Сидзо Абе Түрікменстанға ресми сапармен келіп кеткен еді. АҚШ және Жапония сияқты екі одақтас елдің аймаққа деген қызығушылығын әрі ресми сапарларының өздігінен болды деп, бір-бірімен байланыс орнатпау қателік болар еді. Керісінше, бұл сапарлардың бірінен кейін бірінің жасалуы белгілі бір мақсатта екендігін дәлелдейді және екі одақтас ел Түрікменстанның энергияға қатысы бар құбырларын көптараптандыру саясатын қолдап, осы салаға инвестиция құюдыәрі Ауғанстаннан төніп тұрған қауіп-қатерлерге қарсы ортақ күресті күшейтуге кепілдік беруге ұмтылуда. Осылайша, Түрікменстанның сыртқы саясатындағы Қытай векторын әлсірету көзделуде.

Алайда Қытайдың Түрікменстан елінің энергия секторына жасаған инвестициясын және алдағы уақытта қосымша құюды мақсат тұтқан қаржылай инвестициясын назарға алатын болсақ, қысқа мерзім көлемінде Түрікменстанның сыртқы саясатындағы Қытай векторының әлсіремейтіндігін болжауға болады. Осы орайда Түрікменстан басшысы Гурбангулы Бердымухаммедов 11-12 қарашада Қытайға ресми сапар жасап, Қытай еліне деген берік сенімін тілге тиек еткен болатын. Бірақ АҚШ-тың Түрікменстанға деген саяси ұстанымының қысқа мерзіммен шектелмейтінін ескеретін болсақ, Джон Керридің сапарын АҚШ-тың Түрікменстанға қатысты орта және ұзақ мерзімде жүзеге асыруды жоспарлап отырған саясатының алғашқы қадамы деп ұғыну қажет.

Екі жақты келіссөздерде адам құқықтары мен бостандықтары тақырыптарына да баса назар аударылды. Алайда Түрікменстанның жабық қоғам жүйесі негізінде басқарылып жатқандығын ескеретін болсақ, қысқа мерзімде елде демократиялық әрі адам құқықтары құндылықтарының дамитындығы күмән туғызуда.

1.6. «С5+1» (Орталық Азия елдері және АҚШ) форматы: 2015 жылдың қараша айының 1-і күні Самарқанд қаласында АҚШ және Орталық Азия елдерінің ортақ мүдделеріне жауап беретін мәселелерді дипломатиялық тұрғыдан талқылау мақсатында «С5+1» форматы қалыптастырылды.

Осы орайда формат шеңберінде жүргізілген келіссөздерді 4 тақырыпта мазмұндауға болады: 1) экономикалық қатынастарды көптараптандыру және осы саладағы ынтымақтастықты ұлғайту; 2) климаттың және экологияның өзгеруіне байланысты туындауы мүмкін түрлі табиғи апаттарға қарсы ынтымақтастық; 3) адами құндылықтар мен құқықтарын құрметтеу, адамдардың қоғамдағы саяси оқиғаларға белсенді қатысуын қамтамасыз ету және міндетті білім алу жүйесіне қол жеткізу;
4) Ауғанстанның солтүстігінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету әрі аймақтық тұрақтылыққа кері әсерін тигізетін түрлі қауіп-қатерлерге қатысты ортақ ынтымақтастықты күшейту.

«С5+1» форматы шеңберінде келіссөздерде талқыланған жоғарыдағы негізгі мәселелерді Д.Керридің баяндамалары және қол қойылған ортақ декларация төңірегінде сараптайтын болсақ, мына төмендегі тақырыптармен тығыз байланыста екендігін байқауға болады.

а) Экономикалық қатынастарды көптараптандыру және осы саладағы ынтымақтастықты ұлғайту: Осы орайда Хиллари Клинтонның 2011 жылдың
20 шілдесінде Үндістанда тілге тиек еткен «Жаңа жібек жолы» атты жобасы маңызды орынға ие. Осы жоба арқылы АҚШ Ауғанстан арқылы Орталық Азия елдерінің Оңтүстік Азия елдерімен ынтымақтастығын күшейтуді көздеп отыр. Бұған қоса бұл жоба Орталық Азия елдерінің сауда-саттық қатынастарын көптараптандырады әрі Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» мен Ресейдің басшылығындағы интеграциялық әрекеттеріне бәсекелестік тудырады. Осыған орай АҚШ Орталық Азия елдерінің тікелей ғаламдық нарыққа шығу мүмкіншілігінің жоқтығын ескеріп, сонымен қатарҚытай мен Ресейге деген экономикалық, сауда-саттық тәуелділігін азайту үшін «Жаңа жібек жолы» мен «CASA-1000» жобаларын іске асыруға барлық күш-жігерін жұмсайтынын болжауға болады. АҚШ-тың бұл ұстанымы Орталық Азияға деген қызығушылығының арта түскендігін, Ресей мен Қытайға деген тәуелділігін азайтуды көздеген аймақ елдеріне жаңа мүмкіншілік тудырып отырғандығын байқатады.

b) Қоршаған орта мәселелеріне қатысты ынтымақтастық: АҚШ-тың осы бағытқа қатысты ынтымақтастығы көбінесе аймақтағы елдердің қажеттілігіне жауап беруді көздеп отыр. Осы орайда аймақ елдерінің таза энергияны пайдалану сұранысына жауап беру, Тянь-Шань тауларындағы мұздардың еруіне байланысты Сырдария мен Әмударияның жоғары ағысындағы Қырғызстан мен төмеңгі ағысындағы Өзбекстан және Түрікменстан арасындағы келіспеушіліктің ушығуының алдын алу болып табылады.

c) Демократия және адам құқықтарына құрмет: АҚШ Орталық Азия елдерінің саяси тәртіптерін авторитарлық әрі демократиялық тұрғыдан жетілмеген басқару жүйелері ретінде қарастыруда. Осы тұрғыдан алып қарағанда, демократия әрі ашық қоғам жүйесі жоғары деңгейде дамыған АҚШ-тың демократиялық тұрғыдан жетілмеген елдермен қатынастарды дамытуы әлемде АҚШ-тың ішкі саяси алаңында сынға алынуы әбден мүмкін. Мысалы, жақын арада АҚШ-тың БАҚ беттерінде осыған қатысты сыни пікірлер жазылып, авторитарлық тәртіптерге сүйенген Өзбекстан мен Түрікменстан елдерімен қатынастарды дамытуға неге ұмтылып жатқандығы сұралуда.

Сондықтан ғаламдық саясат ұстанған және дүние жүзіне өзін демократиялық ел ретінде танытқан АҚШ алдағы уақытта аймақтық елдермен жасаған қатынастарында демократияны әрі адам құқықтарын өзекті тақырып ретінде ұсынып отырады.

d) Аймақтық қауіпсіздік және тұрақтылықтың қамтамасыз етілуі: Қазіргі таңда Орталық Азия елдерін Ауғанстанның солтүстігінде күшейіп бара жатқан Талибан ұйымы мен осы елде саны күрт өсіп бара жатқан ДАИШ және осы сияқты террористік ұйымдардың белең алуы алаңдатуда. Бұл аталмыш террористік ұйымдардың Таяу Шығыста ықпалының кеңеюі әрі Орталық Азия азаматтарының бұл ұйымдарға мүшелігі және Сирияда бұл ұйымдардың оппозицияның қасында орын алуы, алдағы уақытта бұл ұйымдардың Орталық Азияға қарай кең өріс жаюы мүмкін деген алаңдаушылықты тудыруда. Алайда АҚШ аймаққа осындай қауіп-қатер төнген жағдайда ортақ күрес жүргізетіндігін әрі Орталық Азияда тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін көмек көрсететіндігіне уәде берді.

Бұған қоса АҚШ Мемлекеттік хатшысы Орталық Азия елдері үшін жаңа жәрдем бағдарламасын ұсынып, бұлардың төмендегі тақырыптарды қамтығанын мәлімдеді:

1) Бәсекелестікті арттыру, білім беру және жұмыс орындарымен қамтамасыз ету: Орталық Азия елдерінің экспорттық әлеуетін күшейту, әсіресе Ауғанстан мен Пәкістан елдерімен сауда-саттық қатынастарын ұлғайту. Осы бағытта жаңа жұмыс орындары мен жас ұрпақтың білім алуын қамтамасыз ету;

2) Орталық Азия сауда форумы: Алдағы уақытта форумның жалғасуын қамтамасыз ету және бұл форумға қатысатын жастардың санының екі есе өсуін жүзеге асыру;

3) Климатқа бейімделу және Арал теңізі үшін жеңілдетілген жоба: Бұл мақсатты жүзеге асыру үшін АҚШ аймақ елдерін өзгеруі мүмкін климатқа бейімдеуді әрі Арал теңізін құтқару үшін Дүниежүзілік банктің мүмкіншілігін пайдалануға көмектесетіндігі туралы уағдаласты;

4) Ақылды сулар бағдарламасы (Smart Waters): АҚШ Орталық Азия мен Ауғанстандағы су қорларын тиімді пайдалануы үшін арнайы кадрдың құрылуына көмектеседі және осы салада жас ұрпақтың білім алуына үлес қосатын болады;

5) Орталық Азиядағы Америка университеті: АҚШ бұл университетті дамыту үшін 2002 жылдан бастап 30 миллион доллар қаржы жұмсаған, алайда бұл көмекті тоқтатпай, 2018 жылға дейін жалғасуын қамтамасыз ететін болады.

6) Білім беру, ағылшын тілі және мәдениет салаларындағы ынтымақтастық:
30 американдық азаматты тіл үйрету үшін аймаққа жіберу және Орталық Азия аймағында 150 ағылшын тілінен дәріс беретін оқытушының білімін жетілдіруді жүзеге асыруды қолға алатын болады. Бүған қоса оқуын бітірген 1500 жастардың ағылшын тілін жетік меңгеруіне көмектеседі.

2. АҚШ-Орталық Азия елдері арасындағы қатынастардың келешегіне болжамдар жасау: Ғаламдық саясатта болып жатқан оқиғаларды назарға ала отырып, Джон Керридің Орталық Азия елдеріне жасаған ресми сапарының сындарлы мерзімге сай келгендігін айтуға болады. Себебі қазіргі таңда АҚШ-тың Ресей және Қытаймен Еуразияның кең аймағындағы түрлі территорияларында күш қолдануға негізделген бәсекелестігі өршіп барады. Бұл алып елдер арасындағы бәсекелестіктің Орталық Азия елдеріне кері әсер тигізу мүмкіндігі мол. Мысалға айтарлық, соңғы жылдары АҚШ пен Ресей арасында Украина оқиғасына қатысты Шығыс Еуропада, Сирия мәселесіне қатысты Таяу Шығыста және Ресейдің басшылығындағы жаңа интеграциялық процесс болып табылатын «Еуразиялық экономикалық одаққа» қатысты пост-кеңестік жағрафияда түсінбеушілікке негізделген бәсекелестік белең алуда. Бұған ғаламдық деңгейде, әсіресе Орталық Азияда ықпалы кеңейіп бара жатқан Қытайды геосаяси тұрғыдан айналасын қоршау мақсатында АҚШ Азия-Тынық мұхитындағы одақтастарымен саяси және экономикалық қатынастарды күшейтуде. АҚШ әлемдік деңгейде осындай саясат ұстанып отырған уақытта геосаяси тұжырымдамасытұрғысынан «heartland» шеңберінде, яғни Еуразия жүрегінде орналасқан Орталық Азия елдерін назардан тыс қалдыруы мүмкін емес еді. Осы мақсатта Джон Керридің Орталық Азия елдеріне ресми сапары және «С5+1» форматы АҚШ-тың Орталық Азия елдерін назардан тыс қалдырмайтынын, керісінше, аймаққа деген қызығушылығының арта түсетіндігін және аймақты Ресей мен Қытайдың ықпалына қалдырмайтындығының дәлелі ретінде қабылдауға болады. Ал бұл өз кезегінде уақыт өте алып елдердің бәсекелестіктерінің Орталық Азияға кеңейетіндігінің дәлелі болып табылады. Осы орайда Катардың Қазақстанға инвестиция құюға ынтасын және Жапонияның Орталық Азия елдерімен экономикалық қатынастарды ұлғайтуға деген ұмтылысын АҚШ-тың өз одақтастарын Орталық Азия саясатын күшейтуге итермелеуі деп ұғыну қажет.

Ал Орталық Азия елдері АҚШ-пен қатынастарды ұлғайтуға қалай қарайды, әсіресе осыған қатысты Ресейдің ұстанымы қалай өрбиді деген сұраққа жауап іздеу маңызды. Тақырыпты Ресей тұрғысынан сараптайтын болсақ, Орталық Азия елдерін Ресеймен қатынастарының ерекшелігін ескере отырып, талдауымыз орынды болады. Осы орайда Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері Ресейдің басшылығында құрылған әрі әскери-қауіпсіздік бағыттағы ынтымақтастықты күшейтуге негізделген «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының» (ҰҚШҰ) белсенді мүшелері болып табылады. Бұған қоса Қазақстан және Қырғызстан елдері - «Еуразиялық экономикалық одақтың» белсенді мүшелері. Қырғызстан «Манас» атты әуе базаны жабу арқылы алдағы уақытта Ауғанстаннан төніп тұрған қауіп-қатерлерге қарсы АҚШ-пен бірге әрекет жасамайтындығын және ұлттық қауіпсіздігін АҚШ-пен бірлесе отырып қамтамасыз етпейтіндігін көрсетті. Сондықтан Қазақстан, Қырғызстан мен Тәжікстан елдері АҚШ-пен арақатынастарды ұлғайтпай, белгілі бір алшақтықта қатынастарды жалғастыратындығын болжауға болады.

Бұған қоса Өзбекстан мен Түрікменістан елдері Ресейдің басшылығында құрылған қауіпсіздік, саяси және экономикалық интеграциялық үрдістерден алшақтау тұруды құптап отыр. Осы орайда мемлекеттік маңызы бар мүдделерге қатысты келіссөздерді түрлі ықпалға ие ұйымдар шеңберінде емес, керісінше, екі жақты мемлекеттік келісімдер арқылы жүргізуді құптауда. Сондықтан алдағы уақытта бұл екі елдің қатынастары АҚШ-пен ұлғаюы мүмкін. Негізінде «С5+1» форматының алғашқы кездесуінің Өзбекстанның Самарқанд қаласында өтуі босқа емес. Жалпы айтқанда, Өзбекстан Ресейдің ықпалындағы ҰҚШҰ-дағы мүшелігін жалғастырудан бас тартты, Ресей Президенті В.Путиннің «Еуразиялық экономикалық одаққа» қатысты мүшелік ұсынысын қабылдамады және Қытай елімен де алшақтыққа негізделген сыртқы саясат ұстануда. Ал Түрікменстан мемлекеті болса, соңғы уақытта Өзбекстанмен қатынастарды дамытуға бет алып, қауіпсіздік саласындағы екі жақты қатынастарды күшейтуге баса назар аударуда. 1995 жылы бейтарап сыртқы саясат ұстанатындығын жариялады, алайда соңғы жылдары Түрікменстан елі белсенді сыртқы саясатқа бет бұрып келе жатқандығын байқауға болады.

Әрине, Джон Керридің Орталық Азия елдеріне сапары аймақтағы кейбір елдерге күш-қуат беруі мүмкін. Алайда бұл жағдай Орталық Азия елдерінің АҚШ-пен қатынастарының қысқа уақыт аралығында дамып кететіндігін білдірмейді. Қазіргі таңда Орталық Азия елдері экономикалық тұрғыдан қиыншылықтарды бастан кешіруде. Сондықтан бұл елдер АҚШ-пен экономикалық және инвестицияларды ұлғайту салаларында ынтымақтастықты күшейтуге бет бұруы мүмкін. Алайда қауіпсіздікті қамтамасыз ету тұрғысынан, әсіресе Қазақстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері Ресеймен бірге әрекет ету басымдығынан бас тартпайтындығын ескертуіміз қажет.

Өзбекстан мен Түрікменстан елдері қауіпсіздігін нығайту үшін әрі Ауғанстанның солтүстігінен төніп тұрған қауіп-қатерлерге қарсы АҚШ-пен ықпалдастығын кеңейтуі мүмкін. Себебі, бұл екі елді ҰҚШҰ сияқты ұйымдар қауіпсіздік саласындағы қатынастарын шектемеуде. Алайда Өзбекстанның «Сыртқы саясат концептінде» ешқандай одақтастықтарға кірмейтіндігі және бір елмен жасаған байланыстары аймақтағы басқа елдерге зиян келтірмейтіндігі баяндалған. Осыны ескере отырып, Өзбекстанды басқарушылар АҚШ-пен қатынастарын Ресей мен Қытайға кері әсерін тигізбейтіндей жүргізуге ат салысады. Осылайша, Өзбекстан алдағы уақытта тарихи тұрғыдан АҚШ-пен дамытқан қатынастарының тәжірибесін ескере отырып, екі жақты қатынастарда ұлттық мүддені баса назарға алатындығын және өте мұқиятты сыртқы саясат жүргізетіндігін болжауға болады.

Қысқасы, Джон Керридің ресми сапарына қарамастан, АҚШ пен Орталық Азия елдері арасындағы қатынастардың қысқа мерзіммен шектелмейтіндігін, таяу аралықта ұлғаймайтындығын болжауға болады. Екі жақты қатынастардың ұлғаюы тікелей Ресей мен Қытайдың Орталық Азия елдерінің мүдделеріне қайшы саясат ұстануына тәуелді болып өрбиді. Егер Ресей мен Қытай Орталық Азия елдерінің ұлттық мүдделеріне қайшы саясат ұстанып қысым жасайтын болса, аймақ елдері күш теңдігі саясаты негізінде АҚШ-пен қатынастарды тереңірек ұлғайтуға бет бұруы әбден мүмкін. Осы орайда Джон Керридің Орталық Азия сапары аймақтағы елдермен қай салаларда ынтымақтастықты өрбітуге болады деген сұраққа жауап іздеумен және Ресей мен Қытайға аймақты назардан тыс қалдырмайтын ұстаныммен өтті. Бұған Джон Керридің сапары «С5+1» форматының негізін қалап, алдағы уақытта бұл формат АҚШ-тың Ресей және Қытаймен әрі бұл екі державалардың Орталық Азияға ұстанған саясаттарына тәуелді болып өрбиді. Яғни Ресей мен Қытай АҚШ-тың мүдделері бар аймақтарда қайшы саясат ұстанып, ешқандай келісімге бармайтын ұстаным көрсетсе, АҚШ Орталық Азия саясатына басымдық беріп, Ресей мен Қытайдың мүдделеріне кері әсерін тигізетін қадамдар жасауы мүмкін деген болжау жасауға болады.

*2016 жылғы қаңтар айындағы «Азия Еуропа: Ақпараттық-сараптама» атты журналдың №01 санында жарияланады.

Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.

Тэгтар: Халықаралық қатынастар, Орталық Азия, Дипломатия, АҚШ, C5+1

Author

  • Директор

    Невзат Шимшек

    Невзат Шимшек 1994 жылы Анкара университеті, саясаттану факультетінің мемлекеттік басқару бөлімінде оқуын тамамдады.

  • Директор орынбасары

    Амирбек Айдарбек Ануарбекулы

    Философия ғылымдарының докторы (PhD) Амирбек Айдарбек Ануарбекулы "Сельчук" университеті, "Экономика және басқару ғылымдары" факультетінің "Халықаралық қатынастар" бөлімін бітірді.