Skip to main content

Парасатты стратегиялық басқару: даму мен тұрақты ілгерілеуге бағытталған басымдықтар*

24.02.2017 | Сараптама | Экономика | 220 Невзат Шимшек

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтарда жарық көрген халыққа Жолдауын бірнеше жыл бойы Қазақстанда қызмет атқарып келе жатқан ғалым ретінде мен де асыға күткен едім. Әсіресе, Елбасының өткен жылғы Жолдауында ұсынған идеялары экономист ретінде менің назарымды өзіне ерекше аударды. Жолдауда өсу, реформа және даму мәселелеріне баса назар аударылуы парасатты стратегиялық басқару мен болашақты жоспарлаудың қаншалықты маңызды екенін көрсетеді деп ойлаймын. Себебі, экономикалық тұрғыда күрделі болады деп күтілген жыл қарсаңында жасалған Жолдауда тек экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге қатысты ұсыныстар ғана емес, сондай-ақ, реформа жасау мен елді дамыту қажеттiлiгiне де ерекше көңіл бөлінді.

Айтылғандарды былайша мазмұндауға болар: мұнай бағасының төмендеуі, Қазақстанның, әсіресе, Ресей сияқты ірі сауда әріптесі экономикасының бəсеңдеуі, осының салдарынан теңгенің құнсыздануы экономикалық қиындықтар туындатуы мүмкін. Бұл мәселелер жүзеге асырылатын макросаясат арқылы еңсеріліп, өсу қарқыны арттырылады. Алайда, бұдан да маңызды жайт, экономикада құрылымдық өзгерістерге бағытталған реформаларды жүзеге асыру арқылы мұндай дағдарыстарға төтеп беретін нақты тетіктерді қалыптастыру қажет болады. Басқаша айтқанда, тек экономикалық өсу ғана емес, экономикалық дамуды да қамтамасыз ету мақсаты жүзеге асырылуы тиіс.

Бұл мақсат ұзақ мерзімді стратегиялық жоспарлауды талап етеді. Қазақстан Республикасы елдің дамуына бағытталған мақсаттарға сәйкес стратегиялық жоспар жасауда үлгі тұтарлық ел болғандықтан, әлемдік аренада сыйлы орынға ие. Осы орайда, қысқа мерзімді саясаттан гөрі, орта және ұзақ мерзімді саясаттың жүзеге асырылуы елдегі тұрақтылыққа орасан зор үлес қосқанын айтуымыз қажет. Қазақстанның қазіргі таңға дейін жеткен жетістіктері, дамуы мен тұрақтылығы тарихты терең меңгерген, болжау қабілеті жоғары Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың кісілік келбетімен тығыз байланысты деп санаймын.

Елбасының халықтың ішінен шығуы мен мол өмірлік тәжірибесіне қоса, халықтың қажеттіліктері мен талаптарын терең талдай білетін психологиялық қабілетке ие болуының арқасында ол 1990-жылдардың басында басқа посткеңестік мемлекеттерден бұрын «алдымен - экономика, содан кейін саясат» деген стратегияны іске асыра алды. Қазіргі таңда Президенттің бұл стратегиясының КСРО ыдырағаннан кейін тәуелсіздікке қол жеткізген елдер үшін қаншалықты парасатты стратегия болғандығын әлемнің барлық елдерінің басшылары мойындайды. Сонымен қатар, бұл стратегия халықаралық аренада «Қазақстандық үлгі» деп аталады және саяси тұрақтылық пен экономикалық дамуды жүзеге асырды деп айтуға болады.

Қазақстандық үлгінің бұл екі негізгі тірегі (саяси тұрақтылық пен экономикалық даму) Үкіметтің барлық бағдарламаларында көрініс тапқан. Шынында да, 2012 жылы 14 желтоқсанда Қазақстанның әлемдегі орны мен ықпалын нығайтуға бағытталған «Қазақстан-2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдаудың да негізін осы көзқарас қалыптастырған болатын. Ал Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ең соңғы Жолдауында белгіленген басымдықтар 2050 жылы Қазақстанды әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосу мақсатын жүзеге асыруға бағытталса, онда айтылғандай, елдің бірінші жаңғыруы 1990-жылдары нарықтық экономика қағидаларына сәйкес құрылған жаңа мемлекеттің институттандырылуын қамтамасыз ету болды. Жаңғырудың екінші кезеңі «Қазақстан-2030» Стратегиясының іске асырылуымен және жаңа елорданың салынуымен байланыстырылады. Үшінші кезең елдің болашағын құруға бағытталғанын айта кеткен жөн. Осы орайда, жоғарыда аталған «Қазақстан-2050» Стратегиясы белгіленді және оны жүзеге асыру үшін «100 нақты қадам» Ұлт жоспары орындалу үстінде.

Қазақстан Президентінің халыққа Жолдауында елдің жаңғыруын қамтамасыз ету үшін бес басымдық белгіленген: экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы; бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту және кеңейту; макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету; адами капитал сапасын жақсарту; институттық реформаны жүзеге асыру, яғни қауіпсіздіктің қамтамасыз етілуі және сыбайлас жемқорлықпен күрес. Бұл басымдықтардың әрқайсысын жеке-жеке қарастыруға болады. Қазақстанда экономика саласының мамандары бұл мәселелерді егжей-тегжейлі халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Мен өз кезегімде соңғы екі басымдыққа қысқаша тоқталып өтсем деймін.

Еңбек, кәсіпкерлік және техникалық білім сияқты факторларға ие адамның экономикалық үдеріске қосылуы оны өздігінен капиталдың бөлшегіне айналдыратыны мәлім. Бұл адами фактор ауыл шаруашылығы және өнеркәсіптік қоғамдарда физикалық еңбек факторы ретінде өндірістік үдеріске енсе, бүгінгі ақпараттық қоғамда білікті адами капиталды дамыту қажеттілігі бірінше кезекке шығып, бәсекеге қабілеттіліктің басты факторына айналды. Бір сөзбен айтқанда, бүгінгі таңда дамудың ең негізгі элементтерінің бірі, тіпті қозғаушы күші адами капитал, яғни зияткерлік күш болып табылады. Бірақ бүгінгі экономикалық жүйеде аз дамыған және дамушы елдерде көбінесе тұтыну тауарларының өндірісі ынталандырылуда, бұл тауарлардың өндірісі ең төменгі жалақы төленетін сапасыз еңбекпен қамтамасыз етілгендіктен, сол елдерде еңбектің ұлттық табыс ішіндегі үлесі төмен деңгейде қалуда. Бұл тауарлардың өндірісі мен экспорты елге қосымша құн әкелмейді. Ал дамыған елдер болса, жоғары қосылған құны бар технология тауарларын өндіріп, сатуда. Бірақ өкінішке қарай, мұндай өндіріс пен сауда құрылымы ресурстардың дамушы елдерден дамыған елдерге көшуіне себеп болып, отарлау тетігі ретінде жұмыс істеуде. Қысқасы, дамушы елдерде жүргізілген даму саясаты көбінесе сұранысқа бағытталған өсуге негізделеді. Адами капитал жинақтаудың әлсіздігі мұндай елдерде технология өндірісін қиындатып, олардың технологиялық тұрғыда алға басуына кедергі келтіруде.  Яғни, дамушы елдерде (профессор Реджеп Көк айтқандай) институционалдық жетіспеушілік, ғалымдардың жетіспеушілігі және осының нәтижесінде зияткерлік тапшылығы мәселесі орын алуда.

Осыны терең меңгерген Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан ресурстарының көшуін болдырмау үшін өте маңызды басымдықтарды анықтады. Сондықтан, елдің адами капиталының сапасын жақсартуды және институттық құрылымдарды дамытуды мақсат тұтып, арнайы саясат ұсынуда. Бұл белгіленген басымдықтардың маңыздылығын келесі ұрпақтардың тереңінен түсінетіндігі сөзсіз. Мұндай саясат сәтті іске асырылған жағдайда Қазақстан Президентін тек қазақ халқы ғана емес, сондай-ақ бүкіл әлемдік қоғамдастық өз елін әлемнің дамыған мемлекеттері қатарына қоса білген ұлы әлемдік көшбасшы ретінде бағалайтын болады.


* Егемен Қазақстан газетінің 16 ақпан 2017 жылғы №33 (29014) санында жарияланды.


Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.

Тэгтар: Қазақстан, Президенттің халыққа жолдауы, Экономика

Author

  • Директор

    Невзат Шимшек

    Невзат Шимшек 1994 жылы Анкара университеті, саясаттану факультетінің мемлекеттік басқару бөлімінде оқуын тамамдады.