Skip to main content
  • Қытай-Тәжікстан-Пәкістан-Ауғанстан: түрлі қауіп-қатерлерге төтеп беру үшін құрылған «Төрттік әскери одақ» қалқаны

    24.05.2016 | Сараптама | Қауіпсіздік | 408 Амирбек Айдарбек Ануарбекулы

    Соңғы уақытта ресейлік БАҚ-та жарияланған мәліметтерді көз елегінен өткізетін болсақ, Қытайдың әскери одақ құру арқылы Орталық Азия мемлекеттерімен, әсіресе Тәжікстанмен қауіпсіздік саласында ынтымақтастығы күшейіп, осыған байланысты Ресей бастаған «Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының» (ҰҚШҰ) аймақтық (Орталық Азия) қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әсері әлсіреуі мүмкін деген болжам жасалуда. Ресей БАҚ көздері осы тақырыпқа ерекше көңіл бөліп, жарияланған мәліметтер негізінде қауіпсіздік күштерінің назарын аударуға тырысуда, себебі «Төрттік әскері одақтың» (Қытай-Тәжікстан-Пәкістан-Ауғанстан) даму мүмкіндігінен қауіптенуде.

    2016 жылдың 28-29 ақпанында Қытай халықтық азат ету құрлық әскерлерінің қолбасшысы, генерал Фан Фэнхуэйдің іс-сапармен Тәжікстанға барғаны баршаға мәлім. Осыдан кейін «Төрттік әскери одақтың» негізін қалау үшін іс-сапарлар жалғастырылды. Іс-сапарлардың хронологиялық тәртібі және қабылданған шешімдерді төмендегідей атап өтуге болады.

    2016 жылдың 28 ақпан - 1 наурыз аралығында ҚХР-дің Лаңкестікпен күрес және қауіпсіздік мәселелеріне жауапты арнайы өкілі Чэн Гопиннің Тәжікстанға іс-сапары аясында қабылданған шешімдер: 1) лаңкестікпен күрес және аймақтық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастықты нығайту; 2) Ауғанстанда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізу; 3) Тәжікстанға қажетті әскери-техникалық көмек көрсету және керекті ақпараттармен алмасу; 4) әскери кадрларды даярлауға қолдау көрсету; 5) экстремизм және сепаратизмге қарсы күресті жалғастыру; 6) Қытай тарапынан Тәжікстан Ішкі істер министрлігіне қарасты  әскери академияның  құрылысына қаржылай көмек көрсету; 7) Душанбе қаласында «Тәжікстан-Қытай лаңкестікке қарсы бірлескен күрес орталығын» құру.

    2016 жылдың 29 ақпан - 2 наурыз аралығында Пәкістан Құрлық әскерлерінің қолбасшысы, генерал Рахил Шарифтың Тәжікстанға іс-сапары барысында қабылданған шешімдер: 1) саяси және әскери қарым-қатынастарды дамытуды жалғастыру; 2) ұлттық әскери бөлімдер мен полиция арасындағы қарым-қатынастарды арттыру; 3) бүгінгі күнгі қауіп-қатерлерге, яғни  терроризм, сепаратизм және заңсыз есірткінің айналымына қарсы күресті нығайту; 4) жоғары деңгейдегі келіссөздерді үздіксіз жалғастыру арқылы саясат, сауда, экономика, мәдениет, ғылым және білім беру, энергетика және аймақтық интеграция саласында ынтымақтастықты нығайту және CASA-1000 сияқты бірлескен жобаларды дамыту арқылы аймақтық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету.

    2016 жылдың 2 наурызында ҚХР-нің Халықтық азат ету құрлық әскерлерінің қолбасшысы, генерал Фан Фэнхуэйдің Ауғанстанға іс-сапарында мына шешімдер қабылданды: 1) Тәжікстан ұлттық әскери бөлімшелері үшін кадрларды дайындау (бұл мақсатта Қытай Тәжікстанда офицерлер үйінің құрылысы үшін 15 миллион доллар қаржы бөлді); 2) Бұрын жасалған келісімдерді іс жүзінде іске асыруды қамтамасыз ету; 3) Тәжікстанның Ауғанстанмен шекарасын нығайту және әскери, әскери-техникалық ынтымақтастықты арттыру; 4) терроризм, сепаратизм және экстремизмге (үштік қауіп-қатерлерге) қарсы күресті нығайту.

    2016 жылдың 15 наурызында Ресей Президентінің Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Замир Кабулов және Қытай Сыртқы істер министрлігі Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Дэн Си Дзюн арасында «Төрттік әскери одақ» негізінде екі жақты келіссөздер жүргізілді. Келіссөздер шеңберінде мына шешімдер қабылданды: 1) Ауғанстаннан төнетін қауіп-қатерлерге қарсы осы елде қауіпсіздікті сақтау бойынша ынтымақтастықты тереңдету; 2) Қытайдың Ауған қарулы күштері мен қауіпсіздік күштеріне 300 миллион юань (45 миллион доллар шамасында) беруге міндеттенуі; 3) Ауғанстанда екі елдің қатысуымен бірлескен жобаларды іске асыру; 4) Ресейдің «Төрттік әскери одаққа» деген оң көзқарасын қалыптастыру;

    Негізінде Тәжікстан тәуелсіздікке қол жеткізген күннен бастап қазіргі уақытқа дейін Шығыстағы көршісі – Қытайдың мүддесін ескеруде, ал Қытай Орталық Азияның, соның ішінде Тәжікстанның экономикалық және энергетикалық басымдылығын өзіне қаратуға ұмтылуда. Бұл тұрғыда Қытайдың Тәжікстан бағытында жүргізіп жатқан саясаты Орталық Азияда ұзақ мерзімге жоспарланған стратегияның ажырамас бір бөлігі болып табылады.

    Қытайдың Орталық Азия елдеріне қатысты стратегиясының негізінде келесідей ұлттық мүдделердің бар екендігін байқауға болады:

    • Орталық Азияда экономикалық үстемдікті қамтамасыз ету мақсатында экономикалық тұрғыдан өз мүдделеріне басымдық беру. Бұл мақсатқа жету үшін мемлекеттерге қаржылық көмек көрсету арқылы (несие беру сияқты) тасымалдау, көлік, энергетика және экономиканың басқа да салаларын қамтыған екіжақты келісімдердің / қарым-қатынастардың нығаюын жүзеге асыру;
    • Орталық Азия мемлекеттерін Қытайдың «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы арқылы өзімен байланыстыруға талпыну және аймақтағы мемлекеттердің экономикалық дамуы тұрғысынан Қытайға деген тәуелділігін артуын қамтамасыз ету.  

    Қытайдың негізінен Орталық Азия аймағында, атап айтқанда Тәжікстанда экономикалық және энергетикалық мүдделері алдыңғы қатарға шығуда. Қытайдың лауазымды тұлғалары бүгінгі таңда аймақ төңірегінде тұрақсыздық себебінен пайда болуы мүмкін түрлі қауіп-қатерлердің көбеюінен, сондай-ақ АҚШ-Қытай бәсекелестігінің артуы үрдісінен «Жібек жолы экономикалық белдеуі» жобасы мен Орталық Азиядағы экономикалық және энергетикалық мүдделеріне теріс әсер ету мүмкіндігі салдарынан алаңдануда. Осыған байланысты Қытай болашақта Орталық Азиядағы тұрақсыздыққа теріс әсер ете алатын оқиғалардың көбеюі салдарына орай, экономикалық және энергетикалық мүдделері басым Түрікменстан және Өзбекстан елдерін де «Төрттік одаққа» қосуы мүмкін.

    Қытайдың алаңдаушылығы аталмыш мәселелермен ғана шектелмейді. Осы тұрғыдан зерттеу жүргізген сарапшылардың пікірлеріне қарағанда Қытайдың лауазымды тұлғаларының Орталық Азиядағы тұрақтылыққа теріс әсер ете алатын қауіп-қатерлердің өсуінің «Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданында» да тұрақсыздыққа әкеліп соғатын бірден-бір себеп болатынына қатысты алаңдаушылығын байқауға болады. Сондықтан, Қытай лауазымды тұлғалары Орталық Азиядағы тұрақсыздықты өз елінің тұрақтылығына тікелей әсер ете алатын, яғни бір мағынада ішкі қауіпсіздіктің жалғасы ретінде қарастыруда.

    Тәжікстанның сыртқы саясаты қарастырылғанда бірінші кезекте мына басымдықтардың бар екендігін оқуға болады:

    • Орталық Азияда күш теңдігінің сақталуын қамтамасыз ету;
    • Қуатты елдердің (АҚШ, Қытай, Ресей, Еуроодақ, Үндістан, Сауд Арабиясы, Иран және т.б.) аймаққа қатысты бәсекелестікке негізделген саясатынан барынша пайда табу және өз мүддесіне қолдану;
    • Елдегі саяси тұрақтылық пен қауіпсіздіктің сақталуын қамтамасыз ету және сыртқы күштердің ішкі саяси жүйеге араласуын барынша азайту;
    • Көпқырлы әлемдік тәртіптің қалыптасуына және халықаралық аренада еркін әрекет етуге негізделген жүйені қамтамасыз етуге қолдау көрсету;
    • Саяси талаптарды ұсынбайтын (мысалы Қытай сияқты елдердің) инвесторлардың елдің өндірісіне көбірек көңіл аударып, инвестицияларын арттыруына басшылық ету.

    Сыртқы саясат басымдықтары негізінде Тәжікстан тек Ресейге тәуелді сыртқы саясат жүргізуден гөрі, күш теңдігінің қамтамасыз етілуін қолдауда. Бұл, әрине, Тәжікстанның Қытаймен түрлі қарым-қатынастарды дамытуға ашық екендігін көрсетеді. Осыған байланысты, Тәжікстан мен Қытай қарым-қатынастары қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету саласында даму әлеуетіне ие екендігін болжауға болады. Екінші жағынан, Тәжікстан қауіпсіздік саласында ҰҚШҰ арқылы Ресеймен де терең қарым-қатынастарға ие, әрі Тәжікістанда Ресейдің 201-ші мотоатқыштар дивизиясы орналасқан. Ресей «Араб көктемі» оқиғалары басталғаннан кейін бұл бірлікті түрлі қауіп-қатерлерге қарсы қорғану үшін нығайтқан болатын. Сондықтан, Тәжікстан ҰҚШҰ шеңберінде әскери әрі қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан еркін әрекет етуі қиынға соғады. Осы кезекте Қытай Сыртқы істер министрлігінің Ауғанстандағы арнайы өкілі Дэн Си Дзюннің ресейлік әріптесімен кездесуі, негізінен, Ресей тарапын Төрттік одақтың қабылдайтын шешімдері мен әрекеттері туралы ақпараттандыру деп қарастыруға болады. Бұған қоса, Тәжікстан мен Қытай әскери одақ қарым-қатынастарының дамуы Ресейдің Тәжікстанға қауіпсіздік саласында көрсететін көмектеріне тығыз байланысты өрбитін болады. Егер Ресей Тәжікстанға көмек көрсетуге ынталы болмаса немесе экономикалық негіздемелерді алға тартып көмек көрсете алмаса, бұл мәселелермен Қытай айналысуы әбден мүмкін. Осы орайда Ресей Орталық Азияда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөнінде жүктемені жеңілдету үшін Қытайдың кейбір аймақтық қауіпсіздік мәселелеріне араласуына көз жұмуы мүмкін. Алайда Ресей алдағы уақытта аймақтағы әскери ықпалына және қауіпсіздік саласындағы ҰҚШҰ-ға басқа елдердің нұқсан келтіруіне жол бермеу саясатына басымдық беруі мүмкін.

    ___________________________________________________________________________________

    * Тәжікстан мен Қытай арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар орнатылған күн – 1992 жыл 4 қаңтардан бастап Қытай Тәжікстанға үлкен инвестициялар енгізді. Халықаралық валюталық қордың деректері бойынша 2014 жылы екі ел арасындағы сауда қарым-қатынастарының үлесі 2,759 млрд. долларды құрады. Салыстырып қарайтын  болсақ, дәл сол дерек көзден алынған мәліметтер бойынша 2014 жылы Тәжікстанның Ресеймен сауда айналымы 1,013 млрд. долларды, Еуроодақпен – 389,32 млн. долларды, АҚШ-пен – 30,23 млн. долларды құрады. Осы орайда Тәжікстанның Қытаймен сауда қатынастары басқа да қуатты елдерге қарағанда көбірек. Сондықтан, Тәжікістанда пайда болуы ықтимал тұрақсыздық салдары Қытайдың аймақтағы экономикалық мүдделеріне кері әсерін тигізуі мүмкін.

    Тэгтар: Қауіпсіздік, Тәжікстан, Қытай, Ауғаныстан, Аймақтық қауіпсіздік

Author

  • Директор орынбасары

    Амирбек Айдарбек Ануарбекулы

    Философия ғылымдарының докторы (PhD) Амирбек Айдарбек Ануарбекулы "Сельчук" университеті, "Экономика және басқару ғылымдары" факультетінің "Халықаралық қатынастар" бөлімін бітірді.