Атырау облысы биыл тағы да кезекті рет тарихшы ғалымдарды, қоғам өкілдерін, өлке тарихының жанашырларын халықаралық конференцияда қабылдап отыр. Қалыптасқан дәстүр негізінде ұйымдастырушылар тарапынан Түркия, Ресей, Германия, Қытай елдері және Қазақстанның барлық өңірлерінің ғылыми орталықтары өкілдерімен берік шығармашылық қарым-қатынас орнатуда. Бұл конференция жарты әлемді билеген Жошы ұлысы – Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын мерекелеу іс-шаралары аясында ұйымдастырылып отыр. Той өткізуден кенде емеспіз, бірақ бұл жолғы жиын жұртшылықтың келешекке деген сенімін оятып, тағдырдың сан қилы қиындықтарынан сүрінбей өткен халқымыздың аса бай тарихын бүгінгі күн талабымен қайта жаңғыртып, үлгі- өнеге алатын ұлттық құндылығымызға айналуы керек.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы қыркүйек айында Қазақстан халқына Жолдауында: «Туризмді дамытуға айрықша мән беріледі… Алтын Орданың 750 жылдығы туристердің назарын тарихымыз бен мәдениетімізге, жеріміздің табиғатына аудару тұрғысынан тойлануы керек», – деген еді.Туристік ағындардың негізі мәдениет нысандарына, тарихи-мәдени ландшафтыларға баруға бағдарланғанын ескерсек, бұл атқарылар шаруалардың тиімді қайтымы болатыны сөзсіз.
Күні бүгін Атырау облысы бойынша бірнеше туристік нысан жұмыс істейді. Облыста туризмді дамыту үшін туризмі қарыштаған шетелдік ағайындар мен жергілікті жеке кәсіпкерлер де инвестициялық жобаларын ұсынуда. Алтын Орда хандары мен Қасым хан хандық құрып, мүрделері жатқан киелі топырақ – Сарайшыққа зиярат етуге еліміз бен шетелдерден жылда сан мыңдаған туристер келіп кетеді. Алдағы күндері туристерге арнап сапар орталығын салуды бастаймыз. Ол жерде музейдің заманауи экспозициялық залдары мен қор қоймасы, зертханалық және реставрациялық бөлмелер, кітапхана мен конференц-зал орналасады. Ашық аспан астындағы музей мен этноауыл болады. Біз ұзақ уақыт көне қала топырағын шайып жатқан Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстарын аяқтадық. Енді Жайық өзені өр суынан тарихи мұрамызға зиян келмейді деп есептейміз.
Бүгінгі заманда «Алтын Орданың символдық мұрасы» үшін Еуразия кеңістігіндегі мемлекеттер арасында «өзара жарыс», артық саясиландыру кездесіп тұратынын жасыру мүмкін емес. Негізі Алтын Орда «менікі, сенікі» деп бөлуге келетін тарих емес. Ол бәріміздің жалпы мұрамыз, ортақ тарихымыз. Бәріміз де Алтын Орда өркениетінің мұрагерлері болып табыламыз.
Конференция жұмысының нәтижесі тарихты зерделеуде жаңа серпілістерге жол ашатынынан үміт етемін. Халықтың тарихи санасын қалыптастыру, ұлттар бірлігін нығайту және елімізді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастыруға елеулі үлес қосады деп сенім білдіремін
PDF