Әлемнің 50 үздік университетінің қатарына кіретін Гонконг қалалық университеті (City University of Hong Kong) Азия және халықаралық зерттеулер бөлімінің аға оқытушысы, доктор Линда Тжиа Йин-нор семинар тақырыбының қазіргі таңда жүргізіп жатқан зерттеу жобасына қатысты екеніне тоқталды.
Ол Қытай мен Еуропа арасында тауарлар мен жүк тасымалын қамтамасыз ететін жүк пойыздары тек елдердің ішкі саясатында ғана емес, сонымен қатар халықаралық саясатта да үлкен маңызға ие екенін атап өтті. Доктор Тжиа Йин-нор жобаның экономикалық себептерімен қатар, саяси аспектілерінің де болғанын айтты. Еуропаға дейін созылған теміржол жобасы арқылы Қытай экономикалық әлеуетін шетелге дейін кеңейтуді көздейтінін және бұл жоба «Белдеу және жол» бастамасының бір мысалы екенін тілге тиек етті. Қытайдан теміржол арқылы Еуропаға жүк тасымалын қамтамасыз ететін екі түрлі маршруттық жобаға тоқталып өткен доктор Тжиа Йин-нор Қытай мен Еуропа елдерінде 26 сарапшымен кездесу өткізгенін айтты. Сонымен қатар, Қазақстанның осы жобалардағы транзиттік ел позициясын да қарастырды.
Доктор Тжиа семинар барысында 2011-2017 жылдары Қытай мен Еуропа арасында жүзеге асырылған жүк тасымалын салыстырып, зерттеу нәтижесінде алынған деректермен бөлісті. Әсіресе, 2011 жылы Батысқа жол тартқан пойыздардың 1,404 контейнер тасымалдағанын және 2017 жылы бұл көрсеткіш 2,399-ға жеткенін мәлімдеді. Доктор Тжиа Йин-нор сондай-ақ, Еуропа мен Қытай арасындағы теміржол қатынасын қоспағанда, әуе және теңіз арқылы жүк тасымалдау туралы деректерді де салыстырып өтті. Бұған сәйкес, 2017 жылғы жағдай бойынша, теңіз арқылы Еуропа одағы (ЕО)-Қытай бағыты бойынша 2,273 контейнер және Қытай-ЕО бағыты бойынша 4,173 контейнер; әуе тасымалы арқылы ЕО-Қытай бағытында 74,154 контейнер және Қытай-ЕО бағыты бойынша 75,931 контейнер; теміржол арқылы ЕО-Қытай бағытында 12,057 және Қытай-ЕО бағыты бойынша 9,841 контейнер тасымалданды. Сонымен қатар, Еуропаның Қытайға экспорты 210 млрд. еуро, ал Қытайдан импорты 395 млрд. еуроны құрады. Осылайша, ЕО пен Қытай арасындағы сауда тапшылығы Қытайдың пайдасына 185 млрд. еуроны құрады.
Семинар соңында институт ғылыми қызметкерлері тақырып бойынша пікір алмасты. Институт директоры доцент, доктор Вакур Сүмер доктор Линда Тжиа Йин-норға семинар өткізгені үшін алғыс білдіріп, сертификат табыстады.