Кырыккале университетінің Экономика және мемлекеттік басқару факультетінің профессоры, доктор Харун Өзтүріклер «COVID-19 дағдарысынан кейінгі ұзақ және қысқа жаһандану», Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Вакур Сүмер «Пандемиядан кейінгі кезеңде жаңа ғаламдық күш тепе-теңдіктері туралы», Түркия палаталар және биржалар одағы Экономика және технология университеті Халықаралық кәсіпкерлік кафедрасының оқытушысы, доктор Али Дириөз «Ресурстармен алмасу және ұлттық егемендік», Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Женгизхан Жаналтай «COVID-19-дың көші-қон және ақша аударымдары тұрғысынан Орталық Азияға әсері» тақырыбында баяндама жасап, онлайн режимде ғылыми талқыға қатысты. Ғылыми талқы институттың YouTube арнасында көрермен назарына ұсынылды.
Кырыккале университетінің Экономика және мемлекеттік басқару факультетінің профессоры, доктор Харун Өзтүріклер «COVID-19 дағдарысынан кейінгі ұзақ және қысқа жаһандану» атты баяндамасында жаһандану бұрыннан басталған тарихи үдеріс екенін және бүгінде адамдар бір-біріне неғұрлым тәуелді екенін айтты. Профессор, доктор Харун Өзтүріклер өткен кезеңдердегі әл-ауқаттың өсуіне бағытталған экономикалық үдерістерге тоқтала отырып, COVID-19 індеті жаңа мәселе болып табылатынын тілге тиек етті. Гипотезаларын бес кезеңге бөліп түсіндірген Өзтүріклер баяндама соңында нарықтағы тауарлар мен қызметтердің және нарықтағы барлық қатысушылардың COVID-19 індеті кезіндегі жағдайын түсіндіріп, өз сөзін аяқтады.
Ғылыми талқыда модератор болған Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры доцент, доктор Вакур Сүмер баяндамасында COVID-19 індеті кезіндегі бес маңызды державаның жағдайын қарастырды. Еуропа одағының жағдайынан бастаған доцент, доктор Вакур Сүмер бұл аймақтың COVID-19 індетінен ең қатты зардап шеккенін айтты. Сөзінің жалғасында доцент, доктор Вакур Сүмер АҚШ-қа тоқтала отырып, АҚШ-та орын алып жатқан ішкі мәселелермен айналысу Қытайға қарсы күресті де қиындататынын айтты. Ресейдегі мұнай дағдарысынан кейін бірден пайда болған COVID-19 індеті елге қатты әсер еткенін, аталған кезеңде ел экономикасы шамамен 28%-ға қысқарғанын мәлімдеді. Доцент, доктор Вакур Сүмер Үндістан бұл үдерістен салыстырмалы түрде аз зақымдалғанын және жақын арада Үндістан халық саны бойынша Қытайдан асып түсетінін атап өтті. Пандемия кезінде табиғаттың сәл де болсын жақсаруы бүкіл әлемге табиғи ресурстардың құндылығы мен маңыздылығын түсіндірді деп өз сөзін тәмамдады.
Түркия палаталар және биржалар одағы Экономика және технология университетінің халықаралық кәсіпкерлік бөлімінің профессоры, доктор Али Дириөз «Ресурстармен алмасу және ұлттық егемендік» атты баяндамасында адамзат тарихында вирустық індеттер болғанын атап өтті және қазіргі таңда орын алып жатқан COVID-19 індетінен әлемде шамамен 383 мың адам қайтыс болғанын мәлімдеді. Доктор Али Дириөз COVID-19 індеті өлім-жітім деңгейі тұрғысынан шошқа тұмауы дағдарысынан асып түскенін айтып, COVID-19 індетінің кейбір үрдістері жайлы мағлұмат берді. Олардың әрқайсысына жеке-жеке тоқталған баяндамашы әлемдегі күшті денсаулық сақтау жүйесінің маңыздылығын атап өтіп, өз сөзін аяқтады.
Еуразия ғылыми-зерттеу институты директорының орынбасары Женгизхан Жаналтай «COVID-19-дың көші-қон және ақша аударымдары тұрғысынан Орталық Азияға әсері» атты баяндамасында 2019 жылы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше болып табылатын кейбір елдердің азаматтары Ресейге визасыз кіре алғанын мәлімдеді. Жаналтай Ресей әсіресе Орталық Азия елдерінің еңбек мигранттары үшін ең танымал ел екенін айтты. Женгизхан Жаналтай 2019 жылы Ресейден ТМД елдеріне жіберілген еңбек мигранттары ақша аударымдарының көлемі 6 млрд. долларды құрағанын, оның 4,5 млрд. доллары Орталық Азияның еңбек мигранттарына тиесілі екенін мәлімдеді. 2018 және 2019 жылдардағы ақша аударымдары көрсеткіштерін салыстырған баяндамашы Ресейдің жұмыс жүйесі туралы егжей-тегжейлі ақпарат беріп, өз сөзін аяқтады.
Ғылыми талқы соңында Сыртқы саясат институтының төрағасы және Таяу Шығыс техникалық университетінің профессоры, доктор Хусейн Бағжы, Анкара Әлеуметтік ғылымдар университетінің профессоры, доктор Мариам Хаким, TUBITAK басқарушысы Фатих Мехмет Шахин, Turkish Airlines Алматы филиалының директоры Хасан Саваш Эрден және басқа топ мүшелері сұрақ қойып, өзара пікір алмасты.