Еуразия ғылыми-зерттеу институтының директоры, доцент, доктор Вакур Сүмердің кіріспе сөзінен кейін сөз алған доктор Тобиас Идэ осындай мүмкіндіктер үшін институтқа алғыс айтты. Доктор Тобиас Идэ баяндамасында әлемді дүрліктірген COVID-19 індетінің Азия мен Таяу Шығыстағы қазіргі жағдайы мен ықтимал әсерлері туралы сөз қозғады. Алдымен, доктор Тобиас Идэ, әлемде COVID-19 індетінен зардап шеккендердің саны 8,8 миллионға жеткендігі туралы мәлімет бере отырып, індеттен қайтыс болғандардың саны 466 мыңнан асқандығын айтты. Тобиас Идэ пандемияға байланысты карантиндік шаралар қазірдің өзінде барлық елдердің экономикасына өте жағымсыз әсерін тигізгендігін, болжамдарға сәйкес 2020 жылғы әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 3%-ға құлдырайтындығын атап өтті. Сондай-ақ, Халықаралық валюта қорының мәліметіне сәйкес, 2020 жылғы рецессия 1945 жылдан бері ең терең және ең ауыр болатындығы туралы болжам бар екендігін тілге тиек етті.
Семинар барысында доктор Тобиас Идэ COVID-19 індетінің тікелей экономикалық салдарымен қатар, сөзсіз бүкіл әлемдегі қауіпсіздікке әсер ететіндігін және әсер етіп жатқандығын айта келіп, БҰҰ-ның Бас хатшысы Антонио Гутерреш індеттің жаһандық бейбітшілік пен қауіпсіздікке айтарлықтай қауіп төндіретінін мәлімдегенін де жеткізді. Осы тұрғыда Тобиас Идэнің COVID-19 індеті қазіргі қақтығыстардың өсуіне және әр түрлі елдерде шиеленістің жаңа ошақтарының пайда болуына әкеліп соқтырғанын атап өтті. Сонымен қатар, кез-келген жерде қарулы қақтығыстың болуы биліктің COVID-19 індетімен күресуін төмендететіндігін тілге тиек еткен Тобес Идэ, қарулы қақтығыс пен індет белгілі бір дәрежеде байланысты екенін баяндады. Қазіргі уақытта қарулы қақтығыстардан зардап шеккен елдерде вируспен күресуге қажетті экономикалық, технологиялық, медициналық және басқа да ресурстардың жетіспеушілігі болуы мүмкін екенін атап өткен Тобиас Идэ, ұзаққа созылған қарулы қақтығыс халықтың мемлекетке деген сенімін азайтуы және бұл вирустың таралуына ықпал етуі мүмкін екендігін жеткізді.
Семинар соңында Тобиас Идэ өз зерттеуінің қорытындысы бойынша індеттің әртүрлі елдердегі қарулы қақтығыстарға әртүрлі әсер еткенін көрсеткенін баяндады. Мәселен, Ауғанстандағы қарулы топтардың белсенділігі COVID-19 індетінің таралуымен байланысты төмендегенін мәлімдеген зерттеуші, бұл фактіні АҚШ-тың 2020 жылдың басында Талибанмен келіссөздер жүргізіп, келісім жасасуымен байланыстырады. Сонымен бірге, Таиланд және Колумбия сияқты елдердегі қатаң және сәтті карантин шараларына байланысты қарулы қақтығыстардың азая бастағанан атап өткен зерттеуші Тобиас Идэ, керісінше Үндістан, Пәкістан, Филиппин және Ливия сияқты елдерде COVID-19 індетінің өршуі мен ел билігінің қабылдаған шараларына байланысты қарулы қақтығыстардың күшеюі байқалғанын айтты. Тобиас Идэ көптеген басқа жағдайлармен қатар, індет кезінде елдердің қарулы қақтығыстардың алдын алу жолындағы табысы құлшыныстары денсаулық сақтау дипломатиясына байланысты екенін атап өтті.