Соңғы бірнеше жылда Қазақстанның әлеуметтік және мәдени-рухани дамуы тұрғысынан аса маңызды жобалардың бірі – «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» (қысқаша 100 жаңа оқулық) жобасы. «100 жаңа оқулық» жобасы 2017 жылдан бастап ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылуда. Аталмыш жобаның басты мақсаты тарих, этнология, антропология, филология, философия, саясаттану, әлеуметтану, психология, мәдениеттану, дінтану, құқықтану, медиа, инновация, экономика, менеджмент және бизнес салалары сияқты гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең озық университеттер қолданатын ең таңдаулы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жоғары оқу орындарында қолданысқа енгізу болып табылады (100 Кітап, 2017a).
«100 жаңа оқулық» жобасын жүзеге асыру мақсатында 2017 жылдың 1 маусымында Ұлттық аударма бюросы қоғамдық қоры құрылды. Қордың басты міндеті «100 жаңа оқулық» жобасының үйлестірушісі ретінде барлық әкімшілік және қаржылық жұмыстарды басқарып, бөлінген қаржыны тиімді пайдалана отырып сапалы аударма еңбектердің шығуына жетекшілік ету болып табылады. Осы арада Ұлттық аударма бюросының 2011 жылы маусым айында құрылған «WikiBilim» қоғамдық қорының негізінде қайта жасақталғанын ескергенде, Ұлттық аударма бюросының тиісті қаржылық және техникалық мүмкіндіктер мен ұйымдастыру-басқару тәжірибесіне ие екенін көруге болады. Өйткені «WikiBilim» қоғамдық қоры өз кезінде «Қазақша Уикипедия», «Қазақстанның ашық кітапханасы», «Қазақ тілінің әмбебап сөздігі», «Қазақ әдебиетінің аудиохрестоматиясы» және «Google Translate қызметіне қазақ тілін қосу» қатарлы ауқымды жобаларға жетекшілік еткен болатын (Көшкенова, 2019).
«100 жаңа оқулық» жобасы аясында қазақ тіліне аударылатын кітаптарды таңдау үшін елдегі барлық жоғары оқу орындарынан ұсыныстар қабылданып, ұсынылған 800-ден аса оқулықты ҚР Білім және ғылым министрлігі жанынан құрылған арнайы комиссия қарады. Таңдау барысында әлемнің ең үздік 100 университетінің оқу бағдарламасына кірген, кем дегенде үш рет басылған және соңғы басылымы кейінгі 3 жылда шыққан, мазмұны бейтарап және түрлі интерактивті қосымшалары мен видео-лекциялары бар оқулықтар талдап алынды (100 Кітап, 2017b). Аталған талаптар бойынша таңдалған оқулықтарды әлімнің озық университеттерінде қоғамдық және гуманитарлық салалар бойынша білім беруде қолданылатын ең таңдаулы үлгілері деуге болады.
Жоба басталғаннан бері жалпы 77 оқулық түпнұсқадан қазақ тіліне аударылды. Атап айтқанда, жобаның 2017-2018 жылдарды қамтыған бірінші және екінші кезеңінде жалпы 47 оқулық қазақ тіліне аударылды. (Turkystan.kz, 2019). Ал, жобаның 2019-2020 жылдар аралығындағы үшінші кезеңінде 30 оқулық аударылып басылды. Әр қайсысы 10,000 тиражбен басылған бұл оқулықтар Қазақстанның барлық университеттеріне тегін таратылып, жоғары білім беруде қолданыла бастады (Egemen Qazaqstan, 2020). Аталмыш жобаның таңы бір бағыты ретінде, аударылып баспадан шыққан оқулықтардың электронды нұсқасы әзірленіп, «Қазақстанның ашық университеті» (openU.kz) платформасы мен «Қазақстанның ашық кітапханасы» (kitap.kz) сайттарына жүктелді. Сонымен қатар, қалың көпшілікке қолжетімді болу үшін Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларындағы ірі кітап дүкендерінде сатылымға қойылды (Мырзатай, 2020). Қазір жобаның төртінші кезеңі бойынша жыл соңына дейін бітіру жоспарланған тағы 23 оқулықты аудару жұмыстары жалғасуда (Egemen Qazaqstan, 2020).
Жалпы алғанда, «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы «Туған жер», «Қазақстанның киелі жерлердің географиясы», «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Мемлекеттік тілді латынға көшіру» және «100 жаңа есім» жобаларымен бірлікте «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан 6 маңызды жобаның бірі екенін атап өткен жөн. Бұл жағынан алып қарағанда, «100 жаңа оқулық» жобасын тәуелсіз Қазақстанның соңғы жылдардағы әлеуметтік және мәдени-рухани дамуының заңды жалғасы ретінде қарастыру керек. Сондықтан да аталмыш жобаның нәтижелері алдағы уақытта Қазақстанның дамуы үшін қызмет ететін болады.
Ең алдымен, «100 жаңа оқулық» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар Қазақстандағы жоғарғы білім беру жүйесінің білім беру сапасын арттыруға үлкен себептігін тигізетін болады. Әсіресе, түрлі тілдерден аударылған таңдаулы оқулықтар еліміздегі жоғары оқу орындарының гуманитарлық мамандықтар бойынша материалдық базасын күшейтіп, сапалы білім беруге негіз қалайды. Жоба бойынша аударылған барлық оқулықтардың электронды нұсқалары мен сол негізде дайындалған видео-лекциялар топтамасы «Қазақстанның ашық университеті» (openU.kz) платформасына жүктеліп, еркін пайдалануға берілуі де еліміздегі жоғары білім беру жүйесінің ашықтығы мен цифрлануын жеделдете түскенін айта аламыз. Сонымен қатар, жоба аясында әлемнің үздік университеттерімен ынтымақтастық орнатылу да олардың жоғары білім берудегі үздік тәжірибелерін пайдалануға мүмкіндік туғызып отыр. Мысалы, Жоба басталғаннан бері Ұлттық аударма бюросы Гарвард университеті, Оксфорд университеті, Кембридж университеті және Колумбия университеті сияқты әлемнің ең белді университеттерімен серіктестік орнатты (100 Кітап, 2017a).
Екіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы арқылы ел жастарының заман талабына сай, әлемнің ең үздік университеттерінде қолданылатын таңдаулы оқулықтар негізінде білім алуына мүмкіндік жасалып отыр. Еліміздегі жастардың, атап айтқанда студенттердің жалпы санының жыл сайын артып келе жатқанын ескерсек, «100 жаңа оқулық» жобасының маңыздылығы тіпті де айқындала түседі. Мысалы, 2018 жылы Қазақстандағы студенттердің жалпы саны 496,2 мың болса, 2019 жылы %9,3-ға артып 542,5 мың адамға және 2020 жылы 11,4% артып 604,3 мың адамға жетті (kursiv.kz, 2020). Осы дерек бойынша Қазақстандағы студенттер саны жалпы халық санының 3,23%-ын ұстайды. Сондықтан, «100 жаңа оқулық» жобасы өз кезегінде ел болашағы үшін қажетті гуманитарлық сала мамандарын тәрбиелеу мен қалыптастыруға қолайлы жағдай жасайтыны анық. Өйткені адами капиталды дамыту – жаһандану үдерісінде әр ел үшін өте маңызды стратегиялық бағыттардың бірі. Мысалы, Ұлыбританияның ғана емес, әлемнің маңдайалды ақыл-ой орталықтарының бірі саналатын Legatum институтының 2019 жылғы зерттеуіне қарағанда, әлем елдерінің өркендеу индексі сол елдердің адами даму индексі және білім индексімен тікелей байланысты болған (Legatum Institute, 2019). Ал, БҰҰ-ның даму жөніндегі бағдарламасы (UNDP) жариялаған «2019 адами даму есебінде» Қазақстанның адами даму индексі 0.817 және білім индексі 0.791 болып, әлем бойынша 50-шы орынға жайғасты (UNDP, 2019). Бұл мәліметтер Қазақстанның білім беру жүйесінің сапасын арттырып, адами капиталды дамытуға тіпті де көбірек көңіл бөлуі керектігін көрсетеді.
Үшіншіден, «100 жаңа оқулық» жобасы қазақ тіліндегі ғылыми аударма ісінің дамуына, сондай-ақ, мемлекеттік тілдің өрісінің кеңеюіне өзіндік оң үлесін қосуда. Бұл Қазақстан тарихындағы ең ауқымды ғылыми аударма жобасы болғандықтан, аударма жұмыстарына Қазақстанның алдыңғы қатарлы жоғарғы оқу орындарының оқытушылары, білікті аудармашылар, редакторлар және тіл мамандарын қамтыған жалпы 300-ге жуық маман қатысуда. Аударма мәтіндері бірнеше рет әдеби және ғылыми редакция мен сараптамадан өткізілуде. Кең көлемді ғылыми аударма жұмыстары қазақ тілінің ғылыми терминологиясын байытуға, ғылыми мазмұн мен лексиканы дамытуға және қазіргі заманауи академиялық жазу стилі мен ғылыми зерттеу әдістерін жетілдіруге зор мүмкіндік берері даусыз.
Қорытып келгенде, қоғамдық және гуманитарлық ғылымдарды дамытуды көздейтін «100 жаңа оқулық» жобасын еліміздегі қоғамдық сананы жаңғыртуға бағытталған нақты қадамдардың бірі болумен қатар, қазіргі жаһандану кезеңінде бәсекеге төтеп бере алатын адами капиталды қалыптастыруда маңызды мәнге ие деуге болады. Сонымен қатар, бұл жобаның қазақ тілін ғылым мен білім тіліне айналдырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру тұрғысынан да маңыздылығы зор. Қазірге дейін «100 жаңа оқулық» жобасы аясында көптеген табысты жұмыстар атқарылды және атқарылуда. Алайда, ауқымды жоба болғандықтан, әсіресе, аударма мәтіндерінде ішінара олқылықтар мен кемшіліктердің болғанын да айта кеткен жөн. Сондай-ақ, қоғамның сұранысы мен қызығушылығын ескере отырып, аударылған оқулықтардың таралымын көбейту керек деген ойдамыз.
Әдебиеттер:
100 Кітап (2017a). Жоба туралы. Сілтеме: https://100kitap.kz/kz/about. Қаралған уақыты: 03.09.2020
100 Кітап (2017b). Аударылатын оқулықтар қалай таңдалады? Сілтеме: https://100kitap.kz/kz/faq. Қаралған уақыты: 04.09.2020
Egemen Qazaqstan (2020). Қазақ тіліне аударылған кезекті 30 оқулық таныстырылды. Сілтеме: https://egemen.kz/article/245291-qazaq-tiline-audarylghan-kezekti-30-oqulyq-tanystyryldy. Қаралған уақыты: 07.09.2020
Көшкенова, Айжан (2019). Гуманитарлық саладағы оқулықтарды мемлекеттік тілге аудару ісінің тиімділігін арттыру. Сілтеме: https://www.soros.kz/wp-content/uploads/2019/06/OBF% D0%9A%D3%A8%D0%A8%D0%9A%D0%95%D0%9D%D0%9E%D0%92%D0%90.pdf. Қаралған уақыты: 03.09.2020
kursiv.kz (2020). Қазақстанда қанша студент тегін оқиды. Сілтеме: https://kursiv.kz/kz/ news/obrazovanie/2020-01/kazakstanda-kansha-student-tegin-okidy. Қаралған уақыты: 08.09.2020
Legatum Institute (2019). The Legatum Prosperity Index, 2019. Сілтеме: https://li.com/wp-content/uploads/2019/11/Legatum-Prosperity-Index-2019-Web.pdf. Қаралған уақыты: 08.09.2020
Мырзатай, Аружан (2020). «100 жаңа оқулық»: 3-кезеңнің 30 оқулығы аударылды. Сілтеме: https://ruh.kz/kz/news/100-zhana-oqulyq-3-kezennin-30-oqulygy-audaryldy. Қаралған уақыты: 07.09.2020
Turkystan.kz (2019). Рауан Кенжеханұлы: Білім беру саласы уақытпен бірге жылдам өзгеріп отыруы қажет. Сілтеме: https://turkystan.kz/article/91981-rauan-kenzhehan-ly-audarma-a-zh-msal-an-r-tiynny-esebin-beruge-dajynbyz?fbclid=IwAR3BQJ3h-PsB6PQXNgAvi8dSoXBOZR KjyTxSrkvukKrw7KnuoK9ufCaWy2s. Қаралған уақыты: 07.09.2020
UNDP (2019). Human Development Report 2019. Сілтеме: http://hdr.undp.org/sites/default/ files/hdr2019.pdf. Қаралған уақыты: 08.09.2020
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Балжан Ешметова Батырханқызы қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінен бакалавр, магистр дәрежелерін алды. Сонымен қатар, Алматы Үздіксіз Білім беру университетінің «Құқықтану» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультеті ТҮРКСОЙ кафедрасы «6D021200-Түркітану»мамандығы бойынша докторантура оқыды. Оқу барысында Омер Халисдемир университетінде(Турция Республикасы, Нийде қаласы)Халықаралық Мевлана бағдарламасы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары