2020 жылдың 9-ақпан күні Әзербайжанда 6-шы шақырылым Мейли Межилис (Парламент) сайлауы өтті. Соңғы рет парламент сайлауы 2015 жылдың 1-қарашасында өткен болатын. Әзербайжан Конституциясы бойынша кезекті парламент сайлауы 2020 жылдың 1-қарашасында өтуі тиіс еді. Әзербайжан Республикасының Президенті Илхам Алиевтің жетекшілігіндегі «Жаңа Әзербайжан» партиясы – 2019 жылдың 28 қарашасында партияның құрылтайында елде жүргізіліп жатқан саяси реформалар биліктің барлық тармағында жүруі керектігін ортаға қойды. Осыған орай, Заң шығарушы орган өкілдері парламенттің де саяси реформалар мен жаңғырулардан шет қалмауы үшін Президентке парламентті тарату туралы ұсыныс дайындады. Ал 29-қарашада парламент отырысында 125 орынының 69-на ие «Жаңа Әзербайжан» партиясының депутаттары парламентті тарату туралы ұсынысты ортаға қойды. Ұсынысты парламенттің 99 депутаты қолдап, Президент И.Алиевке парламентті тарату туралы ұсыныс жолдады (Eadaily.com, 2019). 2019 жылдың 5-желтоқсанында Президент И.Алиевтің 5-ші шақырылымдағы парламентті тарату және 2020 жылдың 9-ақпанында 6-шы шақырылымдағы парламентті жасақтау үшін парламент сайлауын өткізу туралы жарлыққа қол қойды (President.az, 2019).
Ел тарихындағы алғашқы кезектен тыс парламент сайлауының өзіндік өзгешеліктері көп болды. Мәселен, 125 депутаттық орын үшін бұған дейінгі парламент сайлауларына қарағанда ең көп 1,314 кандидат ретінде тіркелген. Мәселен, 2010 жылғы парламент сайлауына 743 үміткер қатысса, 2015 жылы осы додада 768 үміткер бақтарын сынаған еді (Jam-news.net, 2020). Саяси додаға сайлау құқығына ие 19 партиядан 246 кандидат партиялық тізім бойынша қатысқан болса, 1,057 адам өзін-өзі ұсынды және 11 кандидат қоғамдық ұйымдар атынан қатысты. Кандидаттар арасындағы гендерлік қатынаста 79% ерлер, 21% әйелдер болған (Lb.ua, 2020). Елде дауыс беруге құқылы 5,329,460 адам Орталық сайлау комиссиясы (ОСК) құрған 5,573 сайлау учаскесінде өз таңдауларын жасаған. Ел халықының 48,71% қатысып дауыс берген.
Биылғы сайлау шетелдік ұйымдар тарапынан да қызығушылық тудырды. 2015 жылғы парламент сайлауына шетелден 500-ге жуық бақылаушы келсе, биыл 59 халықаралық ұйымнан келген 883 бақылаушы сайлаудың әділ өтуін қадағалаған. Шетелдік бақылаушылардың ішінде ең көпшілігі 380 бақылаушы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жанындағы Демократия және адам құқықтары инститытынан келген. Екінші орында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы миссиясынан 250 бақылаушы сайлау барысын қадағалаған. Әзербайжандағы парламент сайлауына бірінші рет Шаңқай ынтымақтастық ұйымынан бақылаушылар келген.
Жергілікті бақылаушылар саны 77 мың болса, оның ішінде 35 мыңы 24 партия мен 21 үкіметтік емес ұйымның мүшелері болған (Tass.ru, 2020). Әзербайжан Республикасының Сайлау кодексінің 75 бабы бойынша сайлау алды үгіт-насихат компанияларының жұмысы 2020 жылдың 17-қаңтарынан 8-ақпанына дейін күнтізбелік 23 күн бойы аралықсыз жүргізілді. Әзербайжан заңдарында халықтың сайлауға қатысуының төменгі шегі көрсетілмеген. Соған байланысты елдің жартысынан астамы сайлауға қатыспаса да, сайлау өтті деп есептелінді. Сайлаудың алғашқы қорытындысы сайлау өткен күннің кешінде айтылды. Көптеген мемлекеттердегідей Әзербайжан да парламент сайлауында шетелдегі азаматтары үшін республикадан тыс аймақтарда сайлау учаскелерін ұйымдастырмайды (Ria.ru, 2020).
ОСК кейбір сайлау учаскелерінде түрлі дейгейде талаптардың бұзылғанын мойындаған. Сайлау уақыты басталған тұста кейбір учаскелерде бейнебақылау құралдары істемей қалған. Сонымен қоса, кейбір үміткерлер заң аясынан тыс, тыныштық күні де үгіт-насихат жұмыстарын жүргізген. ОСК өкілдері сайлау өткен соң, келіп түскен барлық арыз-шағымдарды сараптамадан өткізген (Mir24.tv, 2020). ЕЫҚҰ бақылаушылары сайлау барысында біршама ағаттықтың болғанын мәлімдеген (Bbc.com 2020).
ОСК 9-25-ақпанда ОСК Сайлау кодексіне сәйкес барлық іс-шараларды қорытындылап, шешім мен хаттаманы Әзербайжан Республикасы Конституциялық Сотына жіберген. ОСК қорытындысы және қабылданған шешімге сәйкес 6-шы шақырылым парламенті жұмысын бастады (Az.mirtv.ru, 2020). ОСК келтірген нәтижесі бойынша сайлауда Президент И.Алиевтің төрағалығындағы «Жаңа Әзербайжан» партиясы парламентте 72 орынды иеленді. Қалған орындар бойынша парламент – 43 өзін-өзі ұсынған тәуелсіз депутаттар және 10 партияның депутаттарынан жасақталды. Алғашқы қорытынды бойынша алдыңғы шақырылымнан 80 экс-депутат қайта сайланған. 45 жаңа есім оның ішінде 22 әйел бар. (Aa.com.tr, 2020). Осылайша, парламенттің үштен бірі жаңарды. Салыстырмалы түрде қарастырар болсақ, 2015 жылғы cайлауға қарағанда жаңадан депутат болғандардың саны 29-дан 45-ке көбейген. Сондай-ақ, осы сайлаудың қорытындыларының ішінде ерекшелеп айта кетер жайт, 15 жыл еш өзгеріссіз парламент төрағасы және оның орынбасарлары қызметін атқарған тұлғалар өзгерді. Жаңадан жасақталған парламент депутаттарының орта жасы да біршама төмендеген. 30 жасқа дейінгі депутаттардың саны 5-ші шақырылымда 1 болса, бұл шақырылымда 3 депутатқа көбейді. 31-45 жас аралығындағы депутаттар саны 26-дан, 35 депутатқа артқан. 46-60 жас аралығындағы депутаттар саны 54-тен 47-ге азайған. (Report.az, 2020). Осындай өзгерістердің арқасында Әзербайжан тарихында тұңғыш рет парламент төрағасы әйел адам болды (Azerbaycan24.com, 2020).
Қорыта келе, Әзербайжанда өткен парламент сайлауы елдің жаңа бағыты мен дамуына жол айқындады. Көп жылдар бойы депутат болғандардың орнына жаңадан сайланған парламентпен бірге жастардың көптеп келуі сайлау қорытындысының ең маңызды ерекшелігі болды. Өзін-өзі ұсынған және басқа да үміткерлер санының көптігі қоғамдық дамудың айрықша көрінісін айғақтады. Әзербайжан парламентінің жаңарған құмарымен бірге жасалатын жұмыс нәтижелерін болашақта көретін боламыз.
Дереккөз:
Eadaily.com (2019). Әзербайжанда парламент таратылады. Сілтеме: https://eadaily.com/ru/news/2019/11/28/v-azerbaydzhane-raspuskayut-parlament-on-tormozit-resheniya-ilhama-alieva. Қаралған уақыты: 24.03.2020.
President.az (2019). Әзербайжан Республикасының бесінші шақырылым парламентін тарату туралы Әзербайжан Республикасы Президентінің Жарлығы. Сілтеме: https://president.az/articles/35112. Қаралған уақыты: 25.03.2020.
Jam-news.net (2020). Әзербайжандағы кезектен тыс парламент сайлауына қатысқан үміткерлер саны рекордқа жетті. Сілтеме: https://jam-news.net/ru/%. Қаралған уақыты: 26.03.2020.
Lb.ua (2020). Алиевтің партиясы парламенттік сайлауда жеңіске жетті. Сілтеме: https://lb.ua/world/2020/02/09/449439_partiya_alieva_pobedila.html. Қаралған уақыты: 23.03.2020.
Tass.ru (2020). Кезектен тыс сайлаудағы қалыпты жағдай. Әзербайжан жаңа парламент сайлады. Сілтеме: https://tass.ru/mezhdunarodnaya-panorama/7720929. Қаралған уақыты: 24.03.2020.
Ria.ru (2020). Әзербайжанда парламент сайлауы басталды. Сілтеме: https://ria.ru/20200209/1564448102.html. Қаралған уақыты: 26.03.2020.
Mir24.tv (2020). ТМД бақылаушылары Әзербайжандағы сайлауды реформалық талпыныс екенін айтты. Сілтеме: https://mir24.tv/news/16397365/nablyudateli-ot-sng-nazvali-vybory-v-azerbaidzhane-shagom-k-reformam. Қаралған уақыты: 24.03.2020.
Bbc.com (2020). Әзербайжандағы сайлау: ЕҚЫҰ көптеген келеңсіздіктерді анықтады. Сілтеме: https://www.bbc.com/russian/news-51443856. Қаралған уақыты: 26.03.2020.
Az.mirtv.ru (2020). Конституциялық Сот алқасы кезектен тыс парламент сайлауы нәтижесін бекітті. Сілтеме: http://az.mirtv.ru/news/99348. Қаралған уақыты: 26.03.2020.
Aa.com.tr (2020). Инфографика Әзербайжанда жаңа парламент құрамы қалыптасты. Сілтеме: https://www.aa.com.tr/ru/%. Қаралған уақыты: 24.03.2020.
Report.az (2020). Сандар сөйлейді: Әзербайжанның жаңа парламент құрамы. Сілтеме: https://report.az/ru/analitika/issledovaniya-analitikov-o-proshedshih-v-azerbaydzhane-viborah-foto/. Қаралған уақыты: 26.03.2020.
Azerbaycan24.com (2020). Милли межилис спикерінің жаңа орынбасарлары сайланды. Сілтемесі: https://www.azerbaycan24.com/ru/izbrani-novie-vitse-spikeri-milli-medzhlisa/ Қаралған уақыты: 26.03.2020.
Еркінбек Тұрғынов қазіргі уақытта Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші ретінде қызмет атқаруда. 2005-2009 жылдары Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінде бакалавр, 2014-2016 жылдары Абай атындағы ҚазҰПУ-де магистратура бойынша білім алды. 2008 жылы Республикалық «Жалын» журналында тілші болып жұмыс бастады. Қазіргі уақытта Б.Майлин шығармашылығын оқыту әдістемесі бойынша PhD диссертациясын жазып жүр.