Тарихи Жібек жолының маңызды тармақтарының бірінде орналасқан Шыңжаң Ұйғыр автономиялық өлкесі (Шыңжаң) Қытайдың әскери қауіпсіздігі, экономикалық дамуы және геосаяси мүдделері тұрғысынан өте маңызды болуымен қатар, энергетикалық қауіпсіздігі мен энергия көздеріне қол жеткізуі жағынан стратегиялық маңызды аймақ болып табылады. Әсіресе, соңғы жылдары Қытай «Белдеу және жол» бастамасын іске асыру және ұзақ мерзімді тұрақты экономикалық өсу мақсатын жүзеге асыру үшін ел экономикасының негізі болып табылатын өңдеу өнеркәсібін дамытуға көп күш жұмсауда. Осы тұрғыда аса мол энергетикалық және жер асты байлығына ие Шыңжаңды «Белдеу және жол» бастамасының табалдырығы санайтын Қытай билігі аймақтың энергетикалық әлеуетіннен барынша пайдалануға тырысуда. Сондықтан Қытайдың энергетикалық секторын Шыңжаңсыз қарастыру мүмкін емес.
Шыңжаң аймағы өте бай энергетикалық ресурстар тұрғысынан Қытайда алдыңғы қатарда. 2019 жылдың статистикалық мәліметтері бойынша, Шыңжаңның мұнай қоры 23 млрд. тонна деп бағаланып, Қытайдың жалпы мұнай қорының 30%-ын құрайды. Аймақтағы табиғи газ қоры шамамен 16 трлн. текше метрді болып, Қытайдың жалпы табиғи газ қорының 34%-ына сәйкес келеді. Сонымен қатар, аймақтағы 2,19 трлн. тонна болып болжанған көмір қоры елдің жалпы көмір қорының 40%-на сәйкес келетіні белгілі. Аймақтың энергетикалық ресурстары, әдетте, Жоңғар ойпаты, Тарым ойпаты және Тұрпан-Кұмыл ойпаты сынды үш негізгі өңірге орналасқан (Шыңжаң үкіметі, 2019a).
Жоғарыда аталған энергия көздерінің арқасында Шыңжаң Қытайдың маңызды энергия өндіруші базаларының бірі болып отыр. Мысалы, 2018 жылы Шыңжаңның жылдық мұнай өндірісі 26,47 млн. тонна болып, 2017 жылмен салыстырғанда 2,1%-ға артса, ал, 2019 жылы 27,52 млн. тонна болып, алдындағы жылмен салыстырғанда 4%-ға өсті. Өндіріс қуатының өсуі табиғи газ бен көмірде де байқалады. 2018 жылы Шыңжаңның жылдық табиғи газ өндірісі 32,19 млрд. текше метр болып, 2017 жылмен салыстырғанда 4,8%-ға және 2019 жылы 33,99 млрд. текше метр болып, 2018 жылмен салыстырғанда 5,8%-ға артты. Ал, көмір өндірісі 2018 жылы 19,9%-ға артып, 213,17 млн. тоннаға және 2019 жылы 14,2%-ға ұлғайып, 237,73 млн. тоннаға дейін жетті (Шыңжаң газеті, 2019; Шыңжаң Статистика комитеті, 2020). 2020 жылдың қаңтар-қараша айлары арасында Шыңжаңның мұнай өндірісі 26,89 млн. тоннаны, табиғи газ өндірісі 33,6 млрд. текше метрді және көмір өндірісі 240,62 млн. тоннаны құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жеке-жеке 4,3%, 8% және 11,2% артты. (Шыңжаң Даму және реформалау басқармасы, 2020).
Жалпы аумағы 1,664,897 шаршы шақырымды құрайтын Шыңжаң өлкесі Моңғолия, Ресей, Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Пәкістан және Үндістан сияқты елдермен шекараласатын ерекше географиялық орналасуы арқылы Қытайдың энергия импортында маңызды халықаралық тасымал коридорының бірі болып табылады. Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы энергетикалық және экономикалық ынтымақтастықта маңызды орын алатын Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры мен Қазақстан-Қытай мұнай құбыры да Шыңжаң арқылы өтеді. Қытай 2018 жылы Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры арқылы шамамен 47,5 млрд. текше метр, ал 2019 жылы 47,9 млрд. текше метр табиғи газ импорттады (Қанай, 2020). Ковид-19 пандемиясының жағымсыз әсері салдарынан Қытайдың энергияға деген сұранысының қысқа мерзімді төмендеуі және осыған байланысты Орталық Азия елдерінің Қытайға табиғи газ экспортын азайту нәтижесінде (Қанай, 2020) Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры арқылы 2020 жылы 38,9 мард. текше метр табиғи газ жөнелтілді. 2009 жылы желтоқсанда қолданысқа енген аталмыш құбыр арқылы Қытайға жеткізілген табиғи газдың жалпы көлемі 2020 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша 335,95 млрд. текше метрге жетті (Қорғасы әкімшілігі, 2021).
Шыңжаңының энергия өндірісі мен энергия тасымалындағы маңыздылығын ескерген Қытай билігі, әсіресе, соңғы жылдары аймаққа қатысты өзінің энергетикалық саясатын тіпті де күшейте түсуде. Бұл тұрғыда Қытай билігі 2017 жылғы шілдеде «Шыңжаң энергетикалық реформасының кешенді пилоттық бағдарламасын» және 2018 жылдың ақпанында «Жібек жолы экономикалық белдеуінің негізгі аймағының энергетикалық жоспарын» жариялап, Шыңжаңның мол энергетикалық ресурстарын кеңінен пайдалана отырып, ірі мұнай, газ және көмір өндірісі мен қайта өңдеу базаларын одан әрі дамыту туралы шешім қабылдады. Осыған орай, Шыңжаңның энергетикалық секторына 2017 жылы жалпы 181 млрд. юань (шамамен 26,8 млрд. доллар), ал 2019 жылы 76 ірі энергетикалық жоба аясында 754,9 млрд. юань (шамамен 109,5 млрд. доллар) инвестиция салынды (Шыңжаң үкіметі, 2017; Шыңжаң үкіметі, 2019б). Қытайдың статистикалық мәліметтеріне сәйкес, соңғы 70 жылда Шыңжаңға салынған жалпы инвестицияның 24%-ы энергетика саласына тиеселі (Шыңжаң үкіметі, 2020). Сонымен қатар, 2017-2019 жылдар аралығында Қытайдың мұнай мен табиғи газ саласында бөлінген қаржысының тұрақты өсуі де соңғы жылдары Шыңжаңдағы мұнай мен табиғи газды барлау және өндіру жұмыстарын жеделдетті деуге болады.
Осыған байланысты, соңғы жылдары Шыңжаңдағы Жоңғар ойпаты, Тарым ойпаты мен Тұрпан-Құмыл алқабындағы энергия өндірісінің белсенділігі арттырылумен қатар, барлау жұмыстары жеделдетілді. Мысалы, 2017 жылы Жоңғар ойпатына жақын Жемсары ауданында 1 млрд. тонна мұнай қоры (Қытай ұлттық мұнай компаниясы, 2019), 2020 жылы Жоңғар ойпатында шамамен 100 млрд. текше метр табиғи газ қоры және Тарым ойпатында 200 млн. тоннадан астам мұнай қоры анықталды (Синьхуа, 2020а; Синьхуа, 2020б). Жаңадан табылған аталмыш энергия қорлары Шыңжаңдағы энергия өндірісін одан әрі арттырады деп күтілуде. 2020 жылы Тарым ойпатындағы жылдық мұнай өндірісі 6 млн. тоннаға және табиғи газ өндірісі 30,16 млрд. текше метрге жетсе, мұндағы табиғи газдың жылдық өндірісі 2025 жылы 40 млрд. текше метрге және 2035 жылы 50 млрд. текше метрге дейін өседі деп болжануда (Синьхуа, 2020с). 2020 жылы Жоңғар ойпатындағы жылдық мұнай өндірісі 13,2 млн. тонна болса, ал, 2025 жылы жылдық мұнай өндірісі 15,8 млн. тоннаны және табиғи газ өндірісі 18 млн. текше метрді құрайтын болады (Sina.com, 2020).
Қорытып айтқанда, Қытайдың тұрақты экономикалық дамуын сақтауы, өсіп келе жатқан энергетикалық қажеттілігін қанағаттандыруы және энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тұрғысынан алып қарағанда, Шыңжаңның стратегиялық маңызының барған сайын арта түсетінін айтуға болады. Қазіргі таңдағы әлемдегі жалпы энергия тұтынуының шамамен төрттен бірін құрайтын Қытайдың энергия тұтынуы одан әрі өседі деп күтілуде. Сарапшылардың пікірінше, 2030 жылы Қытайдың жылдық мұнай тұтынуы 690 млн. тоннаға және табиғи газ тұтынуы 620 млрд. текше метрге жетеді деп болжануда (Синьхуа, 2017). Шыңжаңның 2004 жылдан бері Батыс-Шығыс газ құбыры арқылы Қытайдың 15 ірі қаласындағы шамамен 400 млн. тұрғыны мен 3 мыңнан астам кәсіпорынын 270 млрд. текше метр табиғи газбен қамтамасыз еткенін ескерсек, өңірдің Қытайдың энергия тұтынуында қаншалықты маңызды рөл атқаратынын аңғаруға болады (Синьхуа, 2021). Сонымен қатар, Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбыры және Қазақстан-Қытай мұнай құбырымен қатар, маңызды бөлігі Шыңжаң аумағы арқылы өтетін Қытай-Пәкістан экономикалық дәлізінің Қытайдың импорттық энергия маршрутын шамамен 10 мың шақырымға қысқартатындығын есепке алғанда, Шыңжаңның Қытайдың энергия тасымалындағы маңыздылығы да арта түсетінін болжауға болады.
Дереккөз:
Қытай ұлттық мұнай компаниясы (2019). Шыңжаңның ммұнай саласындағы соңғы жетістіктері. Сілтеме: http://news.cnpc.com.cn/system/2019/08/07/001739969.shtml. Қаралған уақыты: 06.01.2021.
Қатай, Өмірбек (2020). Коронавирустың Орталық Азия-Қытай энергия ынтымақтастығына ықтимал әсерлері. Сілтеме: https://eurasian-research.org/publication/koronavirusun-orta-asya-cin-enerji-isbirligine-olasi-etkileri/?lang=tr. Қаралған уақыты: 07.01.2021.
Қорғас әкімшілігі (2021). Орталық Азия-Қытай табиғи газ құбырының тәуліктік газ өткізу қабілеті 100 миллион текше метрді құрады. Сілтеме: http://www.xjhegs.gov.cn/info/1182/44148.htm. Қаралған уақыты: 07.01.2021.
Sina.com (2020). Шыңжаңда жағадан 2 миллион тонна мұнай өндіріс алаңы құрылды. Сілтеме: http://xj.sina.com.cn/news/b/2020-12-01/detail-iiznezxs4629776.shtml. Қаралған уақыты: 08.01.2021.
Шыңжаң үкіметі (2019a). Шыңжаңның географиялық жағдайы. Сілтеме: https://www.xinjiang.gov.cn/xinjiang/dlwz/201912/602f468421c948db961b47e4f672992a.shtml. Қаралған уақыты: 04.01.2021.
Шыңжаң Статистика комитеті (2020). 2019 жылғы негізгі өнеркәсіптік өнімдер өндірісі. Сілтеме: http://tjj.xinjiang.gov.cn/tjj/ydsj/202006/abdbc7783ac943489cec0517551e6bd3.shtml. Қаралған уақыты: 05.01.2021.
Шыңжаң Даму және реформалау басқармасы (2020). 2020 жылдың қаңтар-қараша айларында Шыңжаңның энергиямен қамтамасыз ету қуаты тұрақты түрде өсті. Сілтеме: https://xjdrc.xinjiang.gov.cn/xjdrc/nyxx/202012/4bad635f1cdb49aca4b1d64e3e8430ca.shtml. Қаралған уақыты: 06.01.2021.
Шыңжаң үкіметі (2017). Автономиялық өлкенің 2017 жылғы негізгі активтерді инвестициялау жоспары. Сілтеме: http://www.xjqt.gov.cn/news/gzwj/zcgwj/822895.htm. Қаралған уақыты: 07.01.2021.
Шыңжаң үкіметі (2019b). Өңірдегі энергия жобалары кедергісіз дамып келеді. Сілтеме: https://www.xinjiang.gov.cn/xinjiang/zdjsxm/201912/721c10be9fa64b45a33e599daa1ff9c1.shtml. Қаралған уақыты: 07.01.2021.
Шыңжаң (2020). Энергетика секторында маңызды жетістікке қол жеткізілуде. Сілтеме: http://tjj.xinjiang.gov.cn/tjj/xjhh70fzcj/202006/243c98fe72fa40f8b0a1ecbc6f96835b.shtml. Қаралған уақыты: 07.01.2021.
Синьхуа (2017). 2030 жылы Қытайдың энергетика тұтынуы рекорттық деңгейге жетеді. Сілтеме: http://xinhua-rss.zhongguowangshi.com/13701/-4067403128630087850/2190070.html. Қаралған уақыты: 09.01.2021.
Синьхуа (2020a). Жоңғар ойпатында шамамен 100 млрд. текше метр табиғи газ қоры анықталды. Сілтеме: http://www.xinhuanet.com/politics/2020-12/18/c_1126879710.htm. Қаралған уақыты: 06.01.2021.
Синьхуа (2020б). Тарым ойпатында 200 млн. тоннадан астам мұнай қоры табылды. Сілтеме: http://www.xinhuanet.com/fortune/2020-04/08/c_1125829411.htm. Қаралған уақыты: 06.01.2021.
Синьхуа (2020c). Тарым ойпатында ірі мұнай және газ өндірісі іске қосылды. Сілтеме: http://www.xinhuanet.com/2020-12/21/c_1126888191.htm. Қаралған уақыты: 08.01.2021.
Синьхуа (2021). Батыс-Шығыс газ құбыры арқылы 270 млрд. текше метр табиғи газ жөнелтілді. Сілтеме: http://www.xinhuanet.com/fortune/2021-01/07/c_1126956872.htm. Қаралған уақыты: 08.01.2021.
Шыңжаң газеті (2019). Энергия өнеркәсібінде «жасыл даму» үшін мүмкіндік жеткілікті. Сілтеме: http://www.xjdaily.com.cn/c/2019-09-12/2082699.shtml. Қаралған уақыты: 05.01.2021.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.
Өмірбек Қанай қазіргі кезде Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып жұмыс атқаруда. Ол 2010 жылы ҚХР Орталық ұлттар университетінің Қазақ тіл-адебиеті факультетіне түсіп, 2009 жылы аяқтады. 2008-2009 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде білім асырды. 2010-2013 жж. аралығында Германияның Юутус Либик атындағы Гиссен университетінің Түркология бөлімінде түркология мамандығы бойынша докторантура оқыды. Аталған бөлімде 2010-2012 жж.