2020 жылдың 27–29 сәуір аралығындағы Өзбекстанның кейбір аймақтарындағы ауа райының күрт өзгеріп, жауын-шашынның мол түсуі Сырдария облысында орналасқан Сардоба су қоймасының жарылуына негіз болды. Қазақстанмен шекаралас облыста орналасқан су қоймасының жарылуы Өзбекстанның 70 мыңнан астам тұрғынын баспанасыз қалдырып, 20-дан астам елді мекеннің су астында қалуына мәжбүрледі [Informburo.kz, 2020].
Өзбекстан территориясында орын алған су тасқыны Қазақстанның шекара аймағына, атап атсақ, Түркістан облысының Мақтаарал ауданына 1 мамыр күні келді. Іргелес аймақта орналасқан елді мекендер үшін су қоймасынан аққан судың қауіпі зор болды. Ол ең әуелі жергілікті халықтың баспанасы мен шаруашылығына үлкен шығындар алып келді.
Жалпы, Қазақстанның табиғи және климаттық жағдайына қарай, қыс, көктем айларында су тасқыны мен қар көшкіні, сел жүру қаупі қалыпты жағдай болып табылады. Жыл сайын жергілікті жерлерде осындай табиғи апаттар жиі кездесіп жатады. Алайда, еліміздің оңтүстік өңірлері үшін су тасқынының қауіптілігі ең әуелі трансшекаралық өзендерден болатыны жасырын емес. Дей тұрғанымен Қазақстанның ірі су көздерінің барлығы дерлік трансшекаралық өзендер болып табылады. Оның ішіне Ертіс, Іле, Тобыл, Сырдария, Шу және т.б. кіреді. Бұл өзендер Қазақстанның іргелес елдермен қарым-қатынасының орнауына тарихи негіз болған. Сонымен қатар, осы өзендердің Қазақстаннан өтетін сағасы еліміздің ауыл шаруашылық саласының басты тіршілік көзі екені де рас. Бұл Қазақстанның шөлейтті аймағы үшін трансшекаралық ірі және шағын өзендердің маңызы аса зор екенін көрсетеді. Аталмыш өзендердің көпшілігінің сағасы Қазақстан территориясына келіп құяды. Оның ішінде Сырдария өзенінің еліміздің табиғи су көзі ретінде маңызы зор. Сырдария өзені бастауын Қырғызстанның Нарын өзенінен бастау алып, Тәжікстан және Өзбекстан территорияларын басып өтіп, еліміздің Қызылорда және Түркістан облыстарын қамтиды. Сырдария өзені бойында Қазақстанның маңызды аграрлық саласы орналасқан аймақ болып табылады.
Жалпы, Түркістан облысындағы орналасқан 38 өзеннің ішінде Сырдария және Шу өзендері трансшекаралық болып табылады. Сол сияқты Өгем және Майданкөл сияқты шағын өзендер де Өзбекстан мен Қазақстан аралығында ағып өтеді. Сырдария өзенінің салалары болып табылатын Арыс, Келес, Құркелес және т.б. осы сияқты көптеген өзендер облыс аумағындағы ауылшаруашылығының негізгі су көзі болып отыр. Сонымен қатар, шаруашылыққа қажетті су қашанда экономикалық, әлеуметтік мүдде мен көптеген күрделі мәселелерді туындатып келеді. Соның ішінде әрбір ел өзінің ауыл шаруашылық секторын осы өзендермен байланыстырғаннан кейін әртүрлі мүдде қайшылығы туындап отырады. Нәтижесінде, жаз мезгілінде Қырғызстан және Өзбекстан арқылы өтетін Сырдария өзенінің суына деген сұраныс күшейеді. Судың сағасында отырған Қазақстан үшін шаруашылық науқан кезінде су жетіспеушіліктер байқалады. Ал, суды қажет етпейтін қыс мезгілінде Сырдарияның салаларында әр түрлі тасқын болып, елдің әлеуметтік жағдайына нұқсан келтіріп жатады.
Осындай су апатының бірі ретінде Сардоба су қоймасының жарылуы Түркістан облысының агросекторына айтарлықтай ықпал етті. Бұл Түркістан облысы, Мақтаарал ауданындағы егісті алқаптар мен көптеген ауылдарды қамтыды. Оның ішінде Жаңатұрмыс, Жеңіс, Жайлыбай, Фирдоуси, Нұрлы жол, Жантақсай және т.б. ауылдардан 31 606 адам эвакуацияланып, 14 елді-мекен су астында қалды. Сонымен қатар, Мақтаарал ауданындағы 994 агроқұрылымға тиесілі 5695 гектар егістік жер тасқын судан зақымданды. Оның ішінде мақта – 3939,4 га, қауын-қарбыз – 801,2 га, жүгері – 74,75 га, жоңышқа 22,75 га, жеміс ағашы (шабдалы) – 4 га, қырыққабат – 2,22 га және агротехникалық шаралар атқарылған егістік жерлер – 850,64 га құраған [Maktaaral.gov.kz, 2020]. Судың тереңдігі кейбір жерлерде 2 метрге дейін жеткен. Ал, су астында қалған тұрғындардың үйлері мен шаруашылықтарының көпшілігі жарамсыз болып қалды. Тиісінше, тұрғындардың үй жануарлары мен малдарды құтқару жұмыстары жүргізіліп, арнайы құтқару топтары құрылды. Еліміздің әрбір аймағынан Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмектер көрсетілді. Сонымен қатар, үстіміздегі жылдың елімізде еріктілер жылы деп аталуына орай, осы оқиға аясында еріктілер ұйымдарының да жұмысы жарқын көрінді. Үйсіз қалған тұрғындар облыс аумағында орналасқан мектеп ғимараттарын паналауға мәжбүр болды. Қазіргі кезде, уақытша пана болған 24 нысанның 19 жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар, зақымдалған егістік алқаптарды қайта өндеу жұмыстары жүргізілуде. Мысалы, 3083 гектар қайта өңделіп, 3030,5 гектар аумаққа түрлі ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Атап айтқанда, мақта – 2528,4 га, қауын – 146,25 га, жүгері – 13,8 га, күріш – 342,1 га және т.б. Жалпы, осы уақытқа шейін зақымдалған егістік жерлерінің 50 % жуығының суы тартылып, қайта өндеу жұмыстары жүргізілген [Maktaaral.gov.kz, 2020]. Қайта қалпына келтіру жұмыстарына Өзбекстан тарапы барынша қолдау көрсетіп, арнай агротехникамен қамтамасыз етіп отыр. Тосыннан келген апатқа ел ішінен әртүрлі сала мамандарынан қаржылай және азық-түлікпен көмек көрсетті. Сонымен қатар, еріктілер тарапынан және «Біз біргеміз» акциясы аясында 40 тоннадан астам азық-түлік жеткізілді жеткізілді. Сонымен қатар, республикалық бюджеттен 14 млрд теңге көлемінде қаржы бөлінген [Tengrinews.kz, 2020]. Аталмыш қаржының басым бөлігі баспанасыз қалған тұрғындарға баспана салуға, су астында қалған елді мекендерді қайта қалпына келтіру жұмыстарына және зардап шеккен азаматтардың азық-түлік пен киім-кешекпен қамтамасыз етуге бағытталды. Сондай-ақ, бұзылған инфрақұрылымды қалпына келтіру жұмыстарына бағытталатын болады. Оның сыртында қазақстандық кәсіпкерлер тарапынан 5 млрд теңге қосымша қаржы жиналды.
Сардоба су қоймасының жарылуына негізгі фактор ретінде қарастырылған табиғи себептер Өзбекстан үкіметі үшін де өз әсерін тигізбей қоймады. Өзбекстанның Сырдария облысында зардап шеккен елді-мекендермен қатар, Түркістан облысы территориясындағы зардап шеккен аймақтарға да өз көмектерін көрсетті. Бұл тұрғы да Өзбекстан үкіметі мен ірі кәсіпкерлері қаржы бөліп, су тарту, ауылдарды қалпына келтіру жұмыстарына барынша атсалысып отыр [Maktaaral.gov.kz, 2020].
Қорытындылай келе, Түркістан облысының 2020 жылға арналған даму жоспарында Мақтаарал ауданының ауыл шаруашылық өнімдерін өндіруде алғашқы орында болатындығы көрсетілген. Алайда, 2020 жылдың көктемінен бастап Түркістан облысының агро секторы бірқатар қиындықтарды өткізуде. Оның алғашқысы әлемдегі коронавирус пандемиясына сәйкес елдегі төтенше жағдайдың орын алуы оңтүстіктегі шаруалардың өнімдерін дер кезінде тиісті нарыққа шығара алмауымен сипатталады. Сондай-ақ, 2017 жылы ғана пайдалануға берілген Сардоба су қоймасының сыр беруі қазіргі таңда Өзбекстан мен Қазақстанның арасындағы трансшекаралық өзендер мәселесін қайта қарау қажеттігін көрсетіп отыр [Fergana.news, 2020]. Бұл су тасқыны салдарынан туындаған мәселелердің екі елдің ортақ мәселесі деңгейінде түсінуді қажет етеді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Өзбекстан ауылшаруашылық және табиғат қорғау салалары бойынша арнайы келісімдер жасасу қажеттігі туындап отыр. Бұл екі елдің төтенше жағдай кезеңінде біріге қимыл әрекет етуіне оң ықпалын тигізетін болады. Жалпы, облыс аумағында орын алған су тасқынының әлеуметтік салдары әлі де болса жалғасып отыр. Оның сыртында Түркістан облысы Төлеби ауданында да жойқын селдің жүруінен жергілікті жерлерде су тасып, біраз шығындар болды. Бұл Түркістан облысындағы табиғи экологиялық, су қорғау және иррегациялық жүйелерді қайта қарастыру қажеттігін түсіндіреді.
Дереккөз:
1 kz (2020) Мақтаарал ауданындағы төтенше жағдай: су астындағы ақ алтын алқабы. Оқиғаның толық хроникасы. Сілтеме: https://informburo.kz/kaz/mataaral-audanynday-tehnogend-ttenshe-zhaday-su-astynday-a-altyn-alaby-oiany-toly-hronikasy.html. Қаралған уақыты: 18.06.2020.
2 Maktaaral.gov.kz (2020). Мақтаарал: зақымдаған егістіктің 50 пайыздан астамы қалпына келтірілді. Сілтеме: https://maktaaral.gov.kz/2020/06/09/maktaaral-zakymdagan-egistiktin-50-paiyzdan-astamy-kalpyna-keltirildi/. Қаралған уақыты: 17.06.2020.
3 Tengrinews.kz (2020). Байбек рассказал о помощи жителям Мактааральского района https://tengrinews.kz/kazakhstan_news/baybek-rasskazal-o-pomoschi-jitelyam-maktaaralskogo-rayona-402181/ . Қаралған уақыты: 17.06.2020.
4 Maktaaral.gov.kz (2020). Қазақстан және Өзбекстан кәсіподақтар федерациясы мақтааралдықтарға 66 миллион теңгеге қайырымдылық көмек көрсетті. Сілтеме: https://maktaaral.gov.kz/2020/06/18/kazakstan-zhane-ozbekstan-kasipodaktar-federaciyasy-maktaaraldyktarga-66-million-tengege-kaiyrymdylyk-komek-korsetti/. Қаралған уақыты: 18.06.2020.
5 Fergana.news (2020). Кто ответит за Сардобу? Ссылка: https://fergana.news/articles/117832/. Дата обращения: 19.06.2020.
Қазіргі таңда Жайлыбаев Дәулет Еуразия ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып қызмет атқарады. Ол 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) тарих мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2013 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ этнология кафедрасында магистратураны аяқтап, «Қазақстандағы әзербайжандар: этномәдени үрдістер» атты тақырыпта диссертация қорғады.