Жаһандану үдерісімен қатар қазіргі таңда технологияның дамуы, халық санының көбеюі сияқты көптеген факторлар энергия ресурстарына деген сұранысты жылдам арттыруда. Түркия, соңғы жылдары энергия тұтынуының өсу жылдамдығы бойынша әлемде Қытайдан кейінгі екінші орында келеді. Әлемдегі энергетика сұранысының басым көпшілігі мұнай, табиғи газ және көмір сынды қазба отындар есебінен қамтамасыз етілетіні сияқты Түркияның да энергетика сұранысының басым бөлігі осы ресурстармен қамтамасыз етілуде. Алайда, Түркияның мұнай тұтынымының 89%-ы (ТМАҚ (а), 2020), табиғи газ тұтынымының 99,3%-ы импротқа сүйенеді (ТМАҚ (b), 2020). Түркия Республикасы Энергетика нарығын реттеу агенттігінің (ЭНРА) есебі бойынша, Түркияның мұнай импортында 25,21%-дық үлеспен Ресей Федерациясы алғашқы орында тұр (ЭНРА (а), 2019). Тағы да ЭНРА Табиғи газ нарығы есебіне сай, 2018 жылы Ресей табиғи газ импорт бойынша да 46,95%-дық үлеспен ең ірі серіктес болған (ЭНРА (b), 2019). Сондай-ақ, ресейлік Газпромның 2019 жылдың мамырында жарияланған есебінде Германия мен Италиядан кейін Түркия Ресейдің табиғи газының үшінші ірі тұтынушысы ретінде тіркелген (Газпром, 2019). Осы бағытта Түркия, әлемнің көптеген елдерінде электр энергиясын өндіру үшін қолданылатын атом электр энергиясы мүмкіндіктерін де қарастырып көруге тырысуда. Бұл мақалада Түркияның атом электр энергиясы жөніндегі талпыныстары мен Аккуйу Атом электр стансасының жалпы жағдайы баяндалады.
Соңғы уақытта мемлекеттердің энергетика сұраныстарын қамтамасыз етіп отырған мұнай, табиғи газ, көмір сияқты энергия ресурстарының жалпы қорының қарқынды түрде азаюы мемлекеттердің энергия ресурстарын түрлендіруіне себеп болуда. Түркияда 2016 жылы электр энергиясына деген сұраныс алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 4,7% өсіп, 278,3 млрд. кВт.сағ болса (ТЭЭЖ, 2017), ал 2017 жылы 2016 жылмен салыстырғанда шамамен 5,6%-ға артып, 294,9 млрд. кВт.сағ болған (ТЭЭЖ, 2018). 2018 жылы электр энергиясына деген сұраныс 2017 жылға қарағанда шамамен 1,1%-ға артып, 300,1 млрд. кВт.сағ-қа жеткен (ТЭЭЖ, 2019). Түркияның энергетика нарығында ұдайы өсіп отырған сұраныс пен энергия ресурстарына қол жеткізудегі сыртқа тәуелділік, мемлекеттің балама энергия ресурстарын және бағыттарын іздестіруіне түрткі болуда. Осы бағыттағы жұмыстар Түркияның энергетика стратегиясында да өзінің көрінісін тапқан. Стратегияның негізгі басымдықтары арасында сырттан келетін энергия көздері мұнай мен табиғи газ бойынша ресурс және бағытты түрлендіру; жергілікті жаңартылатын энергия үлесін арттыру; энергия өнімділігін жоғарылату; атомды энергия себетіне қосу деген сияқты мақсаттар оран алған (Т.Р. Сыртқы істер министрлігі, 2020). Осы орайда, 2018 жылы Түркияның энергетика тұтынымының 37,3%-ы көмірден, 29,8%-ы табиғи газдан, 19,8% гидроэнергиядан, 6,6%-ы жел энергиясынан, 2,6%-ы күн энергиясы, 2,5%-ы геотермалдық энергиядан және 1,4%-ы басқа да ресурстардан қамтамасыз етілген (Т.Р. Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі, 2020).
Маңызды энергия көзі ретінде саналатын атом энергетикасы әлемде 1950-жылдардан бастап қолданыла бастады. Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік тарапынан 2019 жылы жарияланған мәлімет бойынша, әлемде 443 ядролық реактор жұмыс істеп тұрса, 52 ядролық реактордың құрылыс жұмыстары жүріп жатыр (IAEA/PRIS, 2019). 2018 жылы АҚШ-та 98 ядролық реактор, Францияда 58, Қытайда 46, Жапонияда 39, Оңтүстік Кореяда 24, Үндістанда 22, Канадада 19, Англияда 15 және Украинада 15 ядролық реактор жұмыс атқаруда (IEAE, 2019). Атом электр стансаларында өндірілетін энергетика әлемнің жалпы энергия сұранысының 10%-ын қанағаттандыруда. Елдер бойынша алып қарайтын болсақ, Франция энергетика сұранысының 72%-ын, Украина 53%-ын, Швеция 40%-ын, Бельгия 39%-ын, Оңтүстік Корея 24%-ын және АҚШ 19%-ын атом энергиясымен қамтамасыз етуде. Еуропа Одағы да электр энергиясы тұтынымының орташа есеппен 28%-ын атом электр энергиясы есебінен қамтамасыз етуде (Т.Р.Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі, 2020).
Түркияның өз территориясында атом электр стансасын құру ниеті 1960 жылдары басталған болатын. 1965 жылы атом электр стансасын құруға қатысты алғашқы зерттеу жұмыстары бастау алды. 1974 жылы Мерсин провинциясына қарасты Гүлнар ауданында Аккуйу аумағын алғашқы атом электр стансасының құрылысы үшін қолайлы аумақ деп қабылдады. 1995 жылы Түркия Атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану туралы келісімге қол қойған алғашқы мемлекеттердің бірі болды. Осыдан кейін Түркияда ғылыми және технологиялық оқыту және маман жетілдіру мақсатында Түркия Атом энергиясы комиссиясы құрылады. (Аккуйу жобасының ресми сайты, 2020).
1994 жылы Аккуйуда атом электр стансасын салу үшін қазыналық кепілдіктер мен салық жеңілдіктері көбейтіліп, құрылыс-пайдалану-беру (Build-Operate-Transfer (BOT) моделімен ынталандыруға тырысты. 1995 жылы Оңтүстік Кореяның КАЕРИ компаниясымен бірлесе Аккуйу атом электр стансасына қатысты шарт әзірленген болатын. 1997 жылы Франция-Германия, Америка-Жапония және Канада-Жапония компанияларынан құралған консорциумнан 700-1500 МВт арасында реакторларға ұсыныс түседі. Сол жылы шарттарды тиімдірек ету үшін Құрылыс-пайдалану-иелену (Build-Operate-Own (BOO) моделін ұстанған Түркия, BOT моделінің орнына BOO моделін бірінші кезекке қойып келісім орнатуға талпынды. Алайда, кейінгі кезеңдерде үкіметтің реактор құрылысына қатысты мемлекеттік қазынадан кепілдік беруден бас тартуы және 2000 жылғы қаржылай қиындықтардың әсерінен бұл келіссөздер нәтижесіз қалды. Ядролық энергия саясатына қатысты кешенді бір саясатты қалыптастыра алмаған Түркия, 2000 жылға дейін төрт рет атом электр стансасын құру жолында қадамдар жасағанына қарамастан, қандай да бір нәтижеге қол жеткізе алмады (Кайа&Гөрал, 2016).
Қазіргі таңда Аккуйу Атом электр стансасы (АЭС) жобасы, құрылысы жалғасып жатқан Түркияның алғашқы атом электр стансасы ретінде тарихтан орын алды. Жоба құрылысы бойынша келісім-шартқа Түркия Республикасы үкіметі мен Ресей Федерациясы үкіметі арасында 2010 жылдың 12 мамырында қол қойылды. Үкіметаралық келісім-шарт, Түркияның оңтүстігіндегі Мерсин провинциясында ВВЭР-1200 реакторлы 4 қуат блогы бар (ВВЭР-1200 реакторы орысшасы Водно-водяной энергетический реактор, қазақша аудармасы – Су-су энергетика реакторы; 1960 ж. Кеңес Одағы, кейіннен Ресей тарапынан жасалатын су суыту және басқарылатын су реакторлар сериясының соңғы үлгісі), барлығы 4800 МВт қуатқа ие Аккуйу АЭС құрылысы мен өндірісіне қатысты ынтымақтастықты негізге алады. Әлемде ядролық технологиялар нарығында алдыңғы орынды иемденетін компаниялардың бірі саналатын Росатом мемлекеттік компаниясының жобадағы үлесі 99,2%-ды құрайды және жалпы құны 20 млрд. доллар деп бағаланған. Аккуйу АЭС жобасы, әлемдік атом индустриясында Құрылыс-пайдалану-иелену моделі бойынша салынып жатқан алғашқы АЭС жобасы. Келісім-шартқа сай компания, электр стансасының жобасы, құрылысы, күтімі, өндіріске алынуы мен өндірістен шығарылуы сияқты міндеттемелерді өзіне алады (Аккуйу жобасының ресми сайты, 2020).
Росатом, Ресейдің энергия сұранысының 19%-дан көбін қамтамасыз етіп отырған ең ірі энергия өндірушісі. Компания шетелдегі АЭС құрылысы бойынша әлемде бірінші орында. 12 мемлекетте (Армения, Бангладеш, Беларусь, Мажарстан, Мысыр, Үндістан, Иран, Қытай, Нигерия, Түркия, Өзбекстан және Финляндия) 36 түрлі қуат блогынан тұратын жобалар бойынша жұмыстарын жүргізуде (Росатом, 2020).
Көрініп тұрғанындай, Түркияның Ресейге деген энергетикалық тәуелділігі тек табиғи газ тұрғысынан емес, атом энергетикасын да қамтуда. Түркияның Ресеймен энергетика саласы бойынша ынтымақтастығы аясында «Түрік ағыны» табиғи газ құбыры жобасының сәтті жүзеге асырылғаны, Аккуйу АЭС жобасына да қатысты Түркия мен Ресейдің үмітін арттырды. Энергия көздерін сатып алушы ел болып саналатын Түркия, өзінің ресурстары жеткіліксіз болғандықтан сыртқа тәуелді бір мемлекет. Ядролық энергияны бір балама энергия көзі ретінде қабылдап отырған Түркия, осы сыртқа деген тәуелділікті азайтуды көздеуде. Алайда, Түркия мен Ресей арасында қол қойылған келісім-шарт хаттамасында «Жоба компаниясы электрмен қоса, АЭС-тің меншік иесі болып саналады» (Ресми газет, 2010) деген сөздің орын алуы Ресейдің Түркия территориясында өндірген электр энергиясын өзі қалаған мекемеге немесе мемлекетке сату бойынша шешім қабылдаушы жалғыз мемлекет екенін көрсетуде. Осы орайда, «Жоба компаниясы» жоғарыда да аталып өткендей, Аккуйу АЭС жобасының 99,2%-дық үлесіне ие Ресейдің Росатом мемлекеттік компаниясы екенін еске сала кеткен жөн. Бұл жағдай Түркияның сыртқа және Ресейге энергетикалық тәуелділігі әлі де жалғасын табады деген болжам жасауға мүмкіндік береді.
Дереккөз:
Аккуйу жобасының ресми сайты (2020). Жоба тарихы. Сілтеме: http://www.akkunpp.com/ projenin-tarihcesi. Қаралған уақыты: 02.02.2020.
Газпром (2019). Тоқсандық есеп. Сілтеме: http://www.gazprom.ru/f/posts/77/885487/ gazprom-emitent-report-1q-2019.pdf. Қаралған уақыты: 15.01.2020.
Кайя Ферат, Гөрал Емирхан (2016). Түркияның энергетика саясаты. Akademik Bakış журналы. № 57, Қыркүйек-қазан 2016. Әлеуметтік ғылымдар бойынша халықаралық Сілтеме: https://www.researchgate.net/publication/328704037_Turkiye’nin_Nukleer_Enerji_Politikasi. Қаралған уақыты: 14.02.2020.
Ресми газет (2010). “Түркия Республикасы үкіметі мен Ресей Федерациясы үкіметі арасында Түркия Республикасында Аккуйу аумағында атом электр стансасын салу және оның өндірісіне қатысты ынтымақтастық келісімі”, 6 қазан 2010. Сілтеме: https://www.resmigazete.gov.tr/eskiler/2010/10/20101006-6.htm. Қаралған уақыты: 04.02.2020.
Росатом (2020). Жоба туралы. Сілтеме: https://www.rosatom.ru/about-nuclear-industry /atomnaya-otrasl-rossii/. Қаралған уақыты: 03.02.2020.
Т. Р. Сыртқы істер министрлігі (2020). Түркияның энергетикалық бейнесі және стратегиясы. Сілтеме: http://www.mfa.gov.tr/turkiye_nin-enerji-stratejisi.tr.mfa. Қаралған уақыты: 02.04.2020.
Т.Р. Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі (2020). Электр энергиясы. Сілтеме: https://www.enerji.gov.tr/tr-TR/Sayfalar/Elektrik. Қаралған уақыты: 02.04.2020.
Т.Р. Энергетика және табиғи ресурстар министрлігі (2020). Атом энергетикасы. Сілтеме: https://www.enerji.gov.tr/tr-TR/Sayfalar/Nukleer-Enerji. Қаралған уақыты: 31.01.2020.
ТМАҚ (a) (2020). Түркия Мұнайлары Акционерлік Қоғамы. Мемлекеттер бойынша мұнай импорты. Сілтеме: http://www.tpao.gov.tr/?mod=sektore-dair&contID=43. Қаралған уақыты: 02.04.2020.
ТМАҚ (b) (2020). Түркия Мұнайлары Акционерлік Қоғамы. Мемлекеттер бойынша табиғи газ импорты. Сілтеме: http://www.tpao.gov.tr/?mod=sektore-dair&contID=39. Қаралған уақыты: 02.04.2020.
TЭЭЖ (2017, 2018, 2019). Түркия Электр энергиясын жеткізу компаниясы. Салалар бойынша есеп. Сілтеме: https://www.teias.gov.tr/tr-TR/sektor-raporlari. Қаралған уақыты: 07.04.2020.
ЭНРА (a) (2019). Энергетика нарығын реттеу агенттігі. Мұнай нарығы 2018 жыл есебі. Сілтеме: https://www.epdk.org.tr/Detay/Icerik/3-0-107/yillik-sektor-raporu. Қаралған уақыты: 01.04.2020.
ЭНРА (b) (2019). Энергетика нарығын реттеу агенттігі. Табиғи газ нарығы 2018 жыл есебі. Сілтеме: https://www.epdk.org.tr/Detay/Icerik/3-0-94/yillik-sektor-raporu. Қаралған уақыты: 15.01.2020.
International Atomic Energy Agency / Power Reactor Information System (2020). Power Reactor Information System. Сілтеме: https://pris.iaea.org/pris/. Қаралған уақыты: 04.02.2020.
1983 ж. ОҚО, Түркістан қаласында туылған. Бастауыш және орта мектепті Абай атындағы №31 орта мектепті 2000 жылы тәмамдап, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Экономика факультеті «Халықаралық қатынастар» мамандығына оқуға қабылданды. 2004 жылы аталмыш бөлімді аяқтап, «Халықаралық қатынастар саласы маманы» деген біліктілік алды.