f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
ebulletin

Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация

2026 ж. 3 қыркүйек
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация

Қазақстан 1990 жылдардан бері саяси және экономикалық тұрақтылығын сақтай отырып, нарықтық экономикаға көшу, экономикалық құрылымды қайта қалыптастыру, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдету және халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында кезең-кезеңмен реформа жүргізу арқылы Орталық Азия аймағындағы жетекші мемлекеттердің біріне айналды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Президентік кезеңіндегі реформалық бағыт экономикалық және әлеуметтік трансформация шеңберінен асып, саяси және институционалдық құрылымды қайта ұйымдастыруды да қамтитын неғұрлым кешенді сипатқа ие болды. Әсіресе 2022 жылдан кейін «Жаңа Қазақстан», одан кейін «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамалары аясында қалыптасқан реформалар күн тәртібі мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға, саяси өкілдіктетіктерін қайта құрылымдауға және мемлекет пен қоғам арасындағы өзара іс-қимылды нығайтуға бағытталған ауқымды институционалдық өзгерістерді қамтыды (Ақорда, 2022).

Бұл үдерістің аса маңызды кезеңдерінің бірі – 2026 жылғы 15 наурызда өткен референдумда жаңа Конституцияның 87,15 пайыз дауыспен қабылданып, 1 шілдеде күшіне енуі болды (ҚР Орталық сайлау комиссиясы, 2026a). Бұдан кейін 23 тамызда жаңа заң шығарушы орган - Құрылтайды қалыптастыру мақсатында өткізілген сайлау конституциялық трансформацияның институционалдық іске асырылу кезеңіне өтуін қамтамасыз етті. Жаңа Конституция 1995 жылдан бері қолданыста болған конституциялық құрылымның аяқталуын белгілей отырып, қос палаталы Парламенттің орнына 145 мүшеден тұратын бір палаталы Құрылтайды мемлекеттік билік жүйесінің орталық буыны ретінде бекітті (Ақорда, 2026a). Сайлаушылардың 74 пайыздан астамының дауыс беруі және бес саяси партияның өкілдік ету құқығына ие болуы жаңа институционалдық құрылымның жоғары деңгейдегі саяси қатысу жағдайында жұмысын бастағанын көрсетеді. Ал «Әділет» партиясының 110 орынға ие болып, конституциялық көпшілікке қол жеткізуі реформалардың заң шығарушылық бағыты бойынша елеулі саяси мүмкіндіктер қалыптастырғанымен, көпшілік партиясына заң шығару сапасы мен саяси жауапкершілік тұрғысынан анағұрлым жоғары міндет жүктейді (ҚР Орталық сайлау комиссиясы, 2026b).

Құрылтайдың құрылуы тек Парламент құрылымының өзгеруі ғана емес, заң шығарушы органның мемлекеттік билік жүйесіндегі орны мен рөлінің қайта айқындалуын білдіреді. Президент Қ. Тоқаевтың 28 тамызда Құрылтайдың алғашқы отырысында сөйлеген сөзі де реформаның негізінде жатқан осы ұстанымды айқын көрсетті. Жаңа конституциялық құрылымда Құрылтайдың Конституциялық Сот, Орталық сайлау комиссиясы және Жоғары аудиторлық палата секілді негізгі мемлекеттік институттарды қалыптастырудағы рөлі күшейтіліп, Үкіметтің қызметі мен мемлекеттік бюджетке парламенттік бақылау жасау тетіктері кеңейтілді. Қ.Тоқаевтың өзгерістерді билік тармақтары арасындағы «Тепе- теңдік пен тежемелік» жүйесін нығайту ретінде сипаттауы реформаның тек басқару құрылымын оңтайландыруды көздемейтінін, сонымен бірге мемлекеттік институттардың өкілеттіктері мен міндеттерін қайта айқындауға бағытталғанын көрсетеді (Ақорда, 2026b).

Жаңа конституциялық құрылымның маңызды құрамдас бөліктерінің бірі – вице-президент лауазымы. Президент пен Құрылтай, Үкімет және өзге де мемлекеттік органдар арасындағы үйлестіруді күшейтуге, сондай-ақ мемлекеттік басқарудағы сабақтастықты неғұрлым айқын конституциялық тетік арқылы қамтамасыз етуге бағытталған лауазымға 31 тамызда бұған дейін Мемлекеттік кеңесші қызметін атқарған Ерлан Қарин тағайындалды. Ал Олжас Бектенов Премьер- Министр қызметіне қайта тағайындалды (Ақорда, 2026c). Алғашқы кадрлық тағайындаулар түбегейлі кадрлық өзгерістерден гөрі жинақталған тәжірибе мен институционалдық сабақтастықты жаңа мемлекеттік құрылымға бейімдеуге негізделген басқарылатын жаңаруды көрсетеді.

Е.Қариннің вице-президент қызметіне тағайындалуы болашаққа бағдарланған мемлекеттік саясат пен институционалдық қайта құрылымдау тұрғысынан да айрықша назар аудартады. Тарих және география салаларында білім алған, кейін саясаттану бойынша академиялық зерттеулерін жалғастырған Е.Қариннің стратегиялық зерттеулер, ішкі саясат және Президент Әкімшілігі жүйесіндегі көпжылдық тәжірибесі оны Қ. Тоқаев кезеңіндегі реформалар үдерісін терең білетін әрі осы үдерістерге белсенді қатысқан тұлғалардың біріне айналдырды. Сонымен қатар оның жеті томдық «Қазақстан тарихы» жобасын әзірлеудегі рөлі Е. Қариннің ұлттық тарих, ұлттық бірегейлік және мемлекеттілік дәстүрі мәселелерімен де тығыз байланысты кәсіби әрі ғылыми бейінге ие екенін көрсетеді (E-history.kz, 2025). Осы тұрғыда, жаңа тағайындау саяси және институционалдық реформаларды үйлестіруде тәжірибелі тұлғаның таңдалуымен қатар, тарих пен мемлекеттілік дәстүріне қатысты жинақталған зияткерлік тәжірибені жоғары деңгейдегі мемлекеттік басқару үдерістеріне сабақтастық негізінде енгізу тұрғысынан да маңызды.

Сонымен бірге 2026 жылы жүзеге асырылған институционалдық өзгерістерді кең ауқымды жаңғырту күн тәртібінен бөлек қарастыруға болмайды. Қ.Тоқаевтың Құрылтайдағы сөзінде реформалардың жаңа Конституция мен жаңа институттарды қалыптастырумен аяқталмайтынын, керісінше, одан әрі жеделдейтінін атап өтуі осы ұстанымды айқын көрсетеді. Президенттің «кері шегіну жоқ» деген ұстанымы 2026 жылғы өзгерістерді түпкілікті нәтиже ретінде емес, ұзақ мерзімді трансформацияның институционалдық негізі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді. Бағдарламаның экономикалық бағыты өнеркәсіптік дамуды жеделдетуді, өндірістік қуаттарды арттыруды, көлік, энергетика, су ресурстары және мемлекеттік қызмет көрсету инфрақұрылымын жаңғыртуды, сондай-ақ инвестицияларды ұзақ мерзімді даму мақсаттарына бағыттауды қамтиды. Білім беру, ғылым және адами капиталды дамытуға ерекше мән берілуі жаңғырту үдерісінің тек материалдық және физикалық инвестицияларға ғана негізделмейтінін көрсетеді (Ақорда, 2026b; ҚР Үкіметі, 2026).

Соңғы кезеңдегі мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарына назар аударатын болсақ, цифрлық трансформацияны осы тәсілдің маңызды құрамдас бөліктерінің бірі ретінде қарастыруға болады. 2029 жылға дейінгі кезеңді қамтитын «Цифрлық Қазақстан» стратегиясында деректер мен жасанды интеллект мемлекеттік басқару, экономикалық өндіріс және қызметтер көрсету салаларындағы негізгі құралдардың бірі ретінде айқындалуы цифрландырудың жекелеген секторлармен шектелетін технологиялық саясат деңгейінен шығып, тұтас әрі кешенді даму пайымына айналғанын көрсетеді (ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, 2026). Қ. Тоқаевтың жасанды интеллектіні заң шығару және құқықтық талдау үдерістерінде пайдалануды ұсынуы, сондай-ақ электрондық Парламент жүйесін одан әрі дамытуды тапсыруы технологиялық трансформацияны жаңа мемлекеттік құрылымға тікелей ықпалдастыру көзделіп отырғанын көрсетеді (Ақорда, 2026b).

Реформалар мен жаңғыруға ұмтылыстың астарында қазіргі жаһандық жүйеде күшейіп отырған белгісіздіктер мен дағдарыстар жағдайында неғұрлым орнықты әрі сыртқы сын-қатерлерге төзімді мемлекеттік құрылым қалыптастыру қажеттілігі де жатыр деп пайымдауға болады. Атап айтқанда, Қ. Тоқаев Құрылтайдың алғашқы отырысында сөйлеген сөзінде Қазақстан тарихының шешуші кезеңдерінде шақырылған құрылтайлардың тарихи қызметіне сілтеме жасай отырып, ұлы державалар арасындағы өзара сенім деңгейінің төмендегеніне, жаһандық институттардың тиімділігіне қатысты пікірталастардың күшейгеніне және өңірлік ұйымдардың маңызы артып келе жатқанына назар аударды. Сол сөзінде «орта державалардың» халықаралық жүйедегі рөлінің барған сайын айқындала түскенін атап, Қазақстанды да осы санатқа жатқызуы ел ішіндегі институционалдық жаңғыру мен сыртқы саясаттағы неғұрлым белсенді әрі орнықты мемлекет қалыптастыру ұмтылысы арасындағы өзара байланысты көрсетеді (Ақорда, 2026b). Осынау қадам Қазақстанның тұрақты көпвекторлы сыртқы саясатынан бас емес, керісінше сыртқы саясаттағы сәтті жолын мың құбылып отырған геосаяси ойындарға бейімдей өзіндік бағдарын айқындау әрекеті ретінде бағалауға болады. Шын мәнінде, 2020–2030 жылдарға арналған Сыртқы саясат тұжырымдамасында бекітілген көпвекторлылық, прагматизм, проактивтілік және көпжақтылық қағидаттары сақталғанымен, мемлекеттің стратегиялық маневр жасау мүмкіндіктерін кеңейту және сыртқы саяси дербестігін нығайту мақсаты барған сайын айқындала түседі (ҚР Сыртқы істер министрлігі, 2020).

Осыған байланысты ішкі реформалар мен сыртқы саясаттағы ұстаным арасында тығыз өзара байланыс бар. Стратегиялық маневр жасау мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейтін орта держава өзінің дипломатиялық икемділігін орнықты мемлекеттік институттармен, әртараптандырылған экономикамен, дамыған инфрақұрылыммен, технологиялық әлеуетпен және білікті адами капиталмен қамтамасыз етуі қажет. Қ. Тоқаевтың егемендікті экономика, ғылым, дипломатия және адами әлеуетті дамытуға бағытталған нақты шаралар арқылы нығайту қажеттігі туралы пікірі де осы өзара байланысты айқын көрсетеді (Ақорда, 2026b). Демек, институционалдық қайта құрылымдау, экономиканы әртараптандыру және технологиялық трансформация тек ішкі дамудың факторлары ғана емес, сонымен қатар Қазақстанның өзгеріп отырған Еуразиялық геосаясат жағдайында неғұрлым орнықты әрі ықпалды акторға айналу мақсатының қажетті алғышарттары болып табылады.

Бұл бағыт Орталық Азия мен түркі әлемі тұрғысынан да маңызды мәнге ие. Қазақстанның өңірлік ынтымақтастықты нығайту, көлік дәліздерін әртараптандыру және Орта дәліздің өткізу қабілетін арттыру жөніндегі саясаты елдің өңірлік рөлін күшейтуге ықпал етуде. Түркі мемлекеттері ұйымы аясында көлік, сауда, инвестициялар, ғылым, цифрландыру және жасанды интеллект салаларында дамып келе жатқан ынтымақтастық та Қазақстанның экономикалық және технологиялық жаңғыру мақсаттарымен өзара үндеседі. Осы тұрғыдан алғанда, ішкі реформалар нәтижесінде қалыптастырылатын институционалдық және экономикалық әлеуеттің Орталық Азиядағы өңірлік ынтымақтастықты дамытуға және түркі әлемімен ықпалдастықты тереңдетуге де үлес қосуы күтіледі.

Қорытындылай келе, 2026 жылы қабылданған жаңа Конституция, Құрылтайдың қалыптасуы, жаңа үйлестіру тетіктерінің құрылуы және басқарушы кадрлар құрамының жаңа мемлекеттік жүйеге сәйкес қайта айқындалуы Қ. Тоқаев кезеңінде жалғасып келе жатқан жаңғырту үдерісінің жаңа кезеңін қалыптастырады. Бұл кезеңнің басты ерекшелігі — институционалдық тиімділікті, экономикалық дамуды, технологиялық әлеуетті, тарихи сабақтастықты және сыртқы саяси дербестікті мемлекетті дамытудың біртұтас тұжырымдамасы аясында ұштастыруға ұмтылыс. Қ. Тоқаевтың реформалар үдерісінде «кері шегіну болмайтыны» туралы ұстанымы да бұл трансформацияның ұзақ мерзімді мемлекеттік стратегия ретінде қарастырылып отырғанын көрсетеді. Жаңа жүйенің табысты болуы оның іс жүзіндегі іске асырылу тиімділігіне байланысты болғанымен, 2026 жылғы оқиғалар «Жаңа Қазақстан» тұжырымдамасының барған сайын айқын саяси, институционалдық және стратегиялық архитектураға айналып келе жатқанын аңғартады.


Дереккөз:

Ақорда (2022). Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына жолдауы: Жаңа Қазақстан: Жаңару және жаңғыру жолы. Сілтеме: https://mirror.akorda.kz/kz/ memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-kazakstan-halkyna-zholdauy-1622340 . Қаралған күні:29.08.2026.

Ақорда (2026a). Қазақстан Республикасының Консти­туциясы. Сілтеме: https://mirror.akorda.kz/kz/kazakstan-respublikasynyn-konstituciyasy-3053334 . Қаралған күні:26.08.2026.

Ақорда (2026b). Президент Қасым Джомерт Тоқаевтың Құрылтай отырысының бірінші сессиясының ашы­луында сөйлеген сөзі. Сілтеме: https://akorda.kz/kz/ memleket-basshysy-kasym-zhomart-tokaevtyn-birinshi-shakyrylymdagy-kuryltaydyn-birinshi-sessiyasynyn-ashyluynda-soylegen-sozi-287352 . Қаралған күні:31.08.2026.

Ақорда (2026c). Мемлекет басшысы Құрылтай отыры­сында вице-президент пен Премьер-министр лауазымы­на кандидаттарды ұсынды. Сілтеме: https://akorda.kz/kz/ memleket-basshysy-kuryltay-otyrysynda-vice-prezident-zhane-premer-ministr-lauazymdaryna-kandidaturalardy-usyndy-3171126 . Қаралған күні:31.08.2026.

E-history.kz (2025). Жеті томдық еңбек: «Алтын Орда» деп аталатын үшінші томның мазмұны талқыланды. Сілтеме: https://e-history.kz/kz/amp/news/show/50000633 . Қаралған күні:26.08.2026.

Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі (2020). Қазақстан Республикасының 2020-2030 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы. Сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/mfa/documents/ details/75728?lang=ru . Қаралған күні: 26.08.2026.

Қазақстан Республикасының Үкіметі (2026). Жоғары қосылған құн өндірісіне инвестициялар: Қазақстандағы өңдеу өнеркәсібінің үлесі 46,7%-ға жетті. Сілтеме: https://primeminister.kz/ru/news/reviews/investicii-v-vysokie-peredely-realizaciya-poslaniya-prezidenta-vyvela-dolyu-obrabotki-kazahstana-do-467-31832 . Қаралған күні:29.08.2026.

Қазақстан Орталық сайлау комиссиясы (2026a). 2026 жылғы 15 наурызда өткен республикалық референдумдағы дауыс беру нәтижелері туралы. Сілтеме: https://www.election.gov.kz/eng/news/acts/index. php?ID=10122 . Қаралған күні:27.08.2026.

Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы (2026b). Қазақстан Республикасы Құрылтайы депутатта­рын сайлау нәтижелерін анықтау және мандаттарды бөлу туралы. Сілтеме: https://www.election.gov.kz/rus/news/ acts/index.php?ID=10584 . Қаралған күні:27.08.2026.

Қазақстанның Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі (2026). Қазақстанда 2029 жылға дейін «Цифрлық Қазақстан» ұлттық стратегиясы қабылданды. Сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/entities/maidd/ press/news/details/1238140?lang=en . Қаралған күні:28.08.2026.

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.
15 желтоқсан – желтоқсан дүниежүзі түркі тілдері күні: жад және жарқын болашақ
15 желтоқсан – желтоқсан дүниежүзі түркі тілдері күні: жад және жарқын болашақ
2025 ж. 15 жел.