f𝕏▶in◎
Басты бет›Басылымдар›Түркі мемлекеттері ұйымының жаңа к езеңі: Aнкара саммиті және инстит уционалдық нығаю
ebulletin

Түркі мемлекеттері ұйымының жаңа к езеңі: Aнкара саммиті және инстит уционалдық нығаю

Авторлар: Suat Beylur
2026 ж. 2 қараша
Түркі мемлекеттері ұйымының жаңа к езеңі: Aнкара саммиті және инстит уционалдық нығаю

2026 жылы 30 қазанда Анкарада «Түркі ғасыры: тілде, пікірде, істе бірлік» тақырыбымен Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XIII саммиті өтті. Ұйымға төрағалық ету міндеті Әзербайжаннан Түркияға берілген бұл саммит қарсаңында, 29 қазанда Бештепеде түркі әлемінің ортақ тарихи-мәдени мұрасын, дәстүрлі сәулет өнерін және Орхон жазба ескерткіштері тәрізді мәдени нысандарын бір кеңістікте тоғыстырған Түркі мемлекеттерінің өркениет саябағы ашылды. Исмаил Гаспыралының «Тілде, пікірде, істе бірлік» мұратын  арқау еткен саммит тақырыбы түркі әлемінің ортақ тарихи және мәдени мұрасы мен өзара түсіністікті нығайту, саяси және институционалдық іс-қимылды үйлестіру, сондай-ақ ортақ мақсаттарды нақты ынтымақтастық жобаларына айналдыру арқылы болашаққа жеткізуге деген ұмтылыс тұрғысынан айрықша мәнге, маңызға ие. (Түркия, ПӘ, Коммуникациялар басқармасы, 2026a).

ТМҰ 2021 жылғы Ыстанбұл саммитінде қабылданған «Түркі әлемінің келешегі – 2040» стратегиялық құжатына сәйкес өз қызметінің аясын кезең-кезеңімен кеңейтіп келе жатқаны белгілі. Әзербайжанның төрағалығы кезінде өткен 2025 жылғы Габала саммитінде өңірлік бейбітшілік пен қауіпсіздік мәселелеріне басымдық берілумен қатар, көлік, энергетика және үшінші тараптармен ынтымақтастықты көздейтін «ТМҰ+» форматы да күн тәртібіне енгізілген еді. Ал Анкара саммитінде бұрынғы жылдары қалыптасқан институционалдық және салалық әлеуетті іс жүзінде пайдалану, түрлі бағыттардағы жұмысты үйлестіру және нақты нәтижелерге қол жеткізу мүмкіндіктерін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударылды (ТМҰ, 2025; ТМҰ, 2026a).

Анкарада қабылданған 163 тармақтан тұратын декларация саяси және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықтан бастап сауда, инвестиция, көлік және энергетикаға, цифрлық трансформациядан білім беру, мәдениет және халықтар арасындағы байланыстарға дейінгі кең ауқымды мәселелерді қамтыды. Әсіресе қорғаныс өнеркәсібі саласында мамандарды бірлесіп даярлау, биологиялық қауіпсіздік, ғарыш технологиялары, жасанды интеллектіні басқару, отбасы және демографиялық саясат, сондай-ақ спортшылардың халықаралық ұтқырлығын арттыру жөніндегі бастамалар назар аудартты. Сонымен бірге ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын айқындаумен қатар, бұрын қабылданған шешімдердің орындалу деңгейі мен қолданыстағы тетіктердің тиімділігі де маңызды тақырыпқа айналды (ТМҰ, 2026a; Анадолы агенттігі, 2026).

Декларацияда мемлекеттердің егемендігі мен аумақтық тұтастығын құрметтеу қағидаттары тағы да қуатталды. Сондай-ақ ТМҰ-ның 2027–2031 жылдарға арналған стратегиясын әзірлеуді аяқтау және стратегиялық серіктестік, мәңгілік достық пен бауырластық туралы шарт жобасын ілгерілету қажеттігі де атап өтілді. Түркияда ТМҰ-ның Қорғаныс өнеркәсібі колледжін құру мүмкіндігін зерделеу, Киберқауіпсіздік кеңесі мен Қылмысқа қарсы күрес кеңесін қалыптастыру жөніндегі бастамаларды дамыту мәселелері қарастырылды. Газа секторы, Сирия, Ауғанстан және Кипр мәселелері бойынша ортақ дипломатиялық ұстанымдар бекітіліп, халықаралық ұйымдармен байланыстарды нығайту және «ТМҰ+» тетігін неғұрлым тиімді пайдалану қолдау тапты. Бұл бағыттар мүше мемлекеттердің сыртқы саясаттағы басымдықтарының әртүрлілігін ескеретін икемді әрі көпжақты ынтымақтастық тәсілін қалыптастыру қажеттігін де көрсетеді (ТМҰ, 2026a).

Экономикалық және салалық ынтымақтастық аясында Транскаспий халықаралық көлік дәлізін, яғни Орта дәлізді, сондай-ақ Баку–Тбилиси–Карс, Зангезур және Қытай–Қырғызстан–Өзбекстан теміржол бағыттарын дамыту басым міндеттердің қатарынан орын алды. Көлік инфрақұрылымын нығайтумен бірге шекаралық және кедендік рәсімдерді жеңілдету, электрондық құжаттарды өзара тану және логистикалық үдерістерді біріздендіру арқылы сауда айналымын оңтайландыру көзделді. Осы тұрғыдан алғанда, Каспий теңізі арқылы өтетін талшықты-оптикалық байланыс желісі мен құрастырылуы аяқталған TDT-SAT шағын жерсерігі цифрлық байланыс пен озық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың нақты нәтижелерін көрсетеді. Энергетика саласында жасыл энергетика дәліздерін дамыту және стратегиялық маңызы бар минералдық ресурстарды игеруге бағытталған бірлескен бастамаларға бас назар аударылды. Аталған бағыттардың барлығында Түркі инвестициялық қорының мүмкіндіктерін неғұрлым тиімді пайдалану көлік, энергетика және технология салаларындағы ынтымақтастықты бірлескен инвестициялар арқылы қолдау және экономикалық ықпалдастықты тереңдету тұрғысынан маңызды мәнге ие (ТМҰ, 2026a).

Мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық тұрғысынан алып қарағанда, Бірінші түркология құрылтайының жүз жылдығымен тұспа-тұс келген Анкара саммитінде ортақ түркі әліпбиін кеңінен қолданысқа енгізу және түркі халықтарының тілдік жақындасуын нығайту мәселелері айрықша маңызға ие болды. Осы бағытта ортақ әліпбидің ғылыми және әдеби басылымдарда қолданылу аясын кеңейту, түркі тілдерін зерттеуді цифрлық технологиялармен ұштастыру, білім беру және академиялық ұтқырлықты дамыту қажеттігі атап өтілді. Мәдени байланыстарды қоғамның неғұрлым кең топтарына тарату мақсатында ортақ музей картасын енгізу, туризм, жастар саясаты және спорт салаларындағы ынтымақтастықты дамыту қолдау тапты. Бұған қоса, ТМҰ-ға мүше мемлекеттердің азаматтары үшін халықаралық әуежайларда жолаушыларды өткізудің арнайы жолақтарын ұйымдастыру мүмкіндігін қарастыру халықтар арасындағы қатынасты жеңілдетуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі болды. Осылайша, ортақ тіл мен мәдениетке негізделген жақындасуды білім беру, туризм және сапарлау рәсімдерін жеңілдету сияқты нақты шаралармен бекемдеуге бағытталған ұстаным айқындалды (ТМҰ, 2026a).

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған саммит тақырыбын өзара түсіністікті арттыру, ортақ стратегия қалыптастыру және қабылданған шешімдерді іске асыру тұрғысынан қарастыра отырып, ортақ түркі тілі моделін дамыту, цифрлық сауда, киберқауіпсіздік және сапарлау рәсімдерін жеңілдету мәселелерін басым бағыттар ретінде атады. Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықтың көптеген салаларында міндеттердің қайталануын азайту, қол жеткізілген келісімдерді орындау және Тұрақты өкілдер кеңесін құру қажеттігіне назар аударды. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев «Түркі әлемі – 100» инвестициялық бағдарламасын жүзеге асыруды, ортақ логистикалық орталықтар құруды және үшінші елдермен «ТМҰ+» форматы аясында салалық ынтымақтастықты дамытуды ұсынды. Ал Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров энергетика және көлік жобаларын ілгерілетудің маңызын атап өтті (Түркия, ПӘ, Коммуникациялар басқармасы, 2026a; Ақорда, 2026; Өзбекстан, ПӘ, 2026).

Түркияның төрағалығы кезеңіндегі негізгі міндеттердің бірі – ТМҰ қызметінің барған сайын кеңейіп келе жатқан бағыттарын іске асыруға болатын, нәтижелі және ұзақ мерзімді тұрақты бағдарламалар негізінде қайта жүйелеу болмақ. Осы орайда Ұйым Хатшылығының білікті кадрлық және техникалық әлеуетін нығайту, сондай-ақ ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы және Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры сияқты құрылымдардың міндеттерін, өкілеттіктері мен жауапкершілік аясын нақты айқындау маңызды. Бұл институционалдық деңгейде қайталанатын функцияларды қысқартуға, ресурстарды ұтымды пайдалануға және ұйымдар арасындағы іс-қимылды үйлестіруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сенімді әрі өзара салыстыруға болатын бірыңғай статистикалық деректер жүйесін қалыптастыру, жүзеге асырылып жатқан іс-шаралар мен қабылданған шешімдердің орындалу барысын тұрақты қадағалайтын есеп беру және бағалау тетіктерін жетілдіру ТМҰ-ның институционалдық тиімділігі мен саясат әзірлеу әлеуетін арттырады. Әсіресе инвестиция, көлік, энергетика және цифрландыру салаларындағы бірлескен жобалардың қаржыландыру көздерін, іске асыру мерзімдерін және жауапты мекемелерін нақты белгілеу тек Түркияның төрағалық кезеңіндегі жұмысының ғана емес, жалпы ТМҰ қызметінің тиімділігі мен ұзақ мерзімді мақсаттарға қол жеткізу қабілетінің де негізгі көрсеткіштерінің бірі болмақ.

Екінші жағынан, ТМҰ-ның институционалдық деңгейде қол жеткізген жетістіктерінің қоғамдық өмірде орнықты нәтижеге айналуы тек ортақ тарих пен мәдениеттің біріктіруші мұрасына ғана емес, түркі халықтарының бірін-бірі тереңірек түсініп, тікелей қарым-қатынас жасай алатын ортасын қалыптастыруға да байланысты. Сондықтан ортақ әліпби жөніндегі жұмыстарды түркі тілдерін өзара оқыту, академиялық алмасу, баспа ісі, бұқаралық ақпарат құралдарының ынтымақтастығы және цифрлық аударма технологиялары арқылы қолдау маңызды. Мемлекеттік мекемелер, университеттер, азаматтық қоғам ұйымдары мен бұқаралық ақпарат құралдары арасында тұрақты байланыс арналарының қалыптасуы ортақ қоғамдық сана мен түсіністіктің орнығуына, сондай-ақ институционалдық ынтымақтастықтың кең қоғамдық негізге ие болуына ықпал етеді. Саммит қарсаңында түркі мемлекеттерінің астаналарында, ал саммит барысында Анкарада ұйымдастырылған «Түркі әлемі диалогтері» іс-шарасы осы бағыттағы құлшыныстардың өзекті әрі маңызды үлгілерінің бірі болды (Түркия, ПӘ, Коммуникациялар басқармасы, 2026b).

Саммит барысында Өзбекстан ұсынған кандидат Мирвахид Азимовтың ТМҰ Бас хатшысы болып тағайындалуы Ұйымның институционалдық дамуы жолындағы маңызды қадам болды. Азимовтың бұған дейін ТМҰ Бас хатшысының орынбасары және Өзбекстан Сыртқы істер министрінің орынбасары қызметтерін атқаруы Ұйым қызметінің барған сайын кеңейіп келе жатқан бағыттарын үйлестіруде пайдалы тәжірибелік негіз бола алады. Сонымен қатар бұрынғы саммиттерден өзгеше, бұл жолы Түрікменстанның Президент Сердар Бердімұхамедов деңгейінде өкілдік етуі және Солтүстік Кипр Түрік Республикасының президент деңгейіндегі қатысуын жалғастыруы назар аударарлық жайт болды. Ал Ұйымның тағы бір бақылаушы мүшесі – Мажарстан жаңа үкіметінің сыртқы саяси басымдықтары қайта айқындалып жатқандықтан саммитке қатыспады. Ұйымның құрылған күнінен бергі дамуына елеулі үлес қосқан және кезекті төрағалықты Түркияға тапсырған Әзербайжанның жарияланған жұмыс бағдарламасы мен іс-шаралар кестесіне байланысты саммитке мемлекет басшысы деңгейінде қатыспауын түсіністікпен қабылдауға болады. Дегенмен төрағалықтың ауысуы тәрізді символдық мәні зор жиында ең жоғары деңгейдегі өкілдіктің болуы түркі әлемінің бірлік пен ынтымақтастыққа деген ортақ ұмтылысына айрықша мән беріп, оны одан әрі нығайта түсері сөзсіз. Түркі әлемін біріктіріп отырған ғасырлар бойғы бауырластық байланыстар мен өзара сенімге негізделген қарым-қатынастарды ескерсек, алдағы кезеңде жоғары деңгейдегі кездесулер мен бірлескен бастамалар арқылы бұл ынтымақтастықтың одан әрі нығая түсетініне күмән жоқ.

Пайдаланылған әдебиеттер:

Ақорда (2026, 30 қазан). Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйледі. https://akorda.kz/en/kassym-jomart-tokayev-addresses-the-13th-summit-of-the-organization-of-turkic-states-319348. Қаралған күні: 31.10.2026.

Анадолы агенттігі (AA) (2026, 30 қазан). Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінің Анкара декларациясы жарияланды. https://www.aa.com.tr/tr/gundem/turk-devletleri-teskilati-13-zirvesi-ankara-bildirisi-yayimlandi/4106522. Қаралған күні: 31.10.2026.

Түркия Президенті әкімшілігі Коммуникациялар басқармасы (2026a, 30 қазан). Президент Ердоған Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің XIII саммитінде сөз сөйледі. https://www.iletisim.gov.tr/turkce/haberler/detay/cumhurbaskani-erdogan-turk-devletleri-teskilati-devlet-baskanlari-konseyi-13-zirvesinde-konustu. Қаралған күні: 31.10.2026.

Түркия Президенті әкімшілігі Коммуникациялар басқармасы (2026b, 30 қазан). Түркі әлемі диалог форумының алғашқы күні аяқталды. https://www.iletisim.gov.tr/turkce/haberler/detay/turk-dunyasi-diyalog-forumunun-ilk-gunu-tamamlandi-30-10-26. Қаралған күні: 31.10.2026.

Өзбекстан Президенті әкімшілігі (2026, 30 қазан). Өзбекстан Республикасының Президенті Шавкат Мирзиёевтің Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде сөйлеген сөзі. https://www.president.uz/en/lists/view/9800. Қаралған күні: 31.10.2026.

ТМҰ (2025, 7 қазан). Түркі мемлекеттері ұйымының XII саммитінің Габала декларациясы. https://turkicstates.org/u/gebele-bildirisi.pdf. Қаралған күні: 31.10.2026.

ТМҰ (2026a, 30 қазан). Түркі мемлекеттері ұйымының XIII саммитінің Анкара декларациясы. https://turkicstates.org/en/news/ankara-declaration-of-the-13th-summit-of-the-organization-of-turkic-states. Қаралған күні: 31.10.2026.

ТМҰ (2026b, 30 қазан). Анкарада өткен XIII саммитте Түркі мемлекеттері ұйымының жаңа Бас хатшысы тағайындалды. https://turkicstates.org/en/news/new-secretary-general-of-the-organization-of-turkic-states-appointed-at-the-13th-summit-in-ankara. Қаралған күні: 31.10.2026.

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.