Ахмет Ясауи Университеті

Университет тарихы

Бүгінгі таңда Қазақстан мен Түркия арасындағы үкіметаралық келісім негізінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың 1991 жылы Жарлығымен ашылған Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті (Ахмет Ясауи университеті) — Қазақстандағы ең алғаш ашылған халықаралық жоғары оқу орны, түркі тілдес мемлекеттер арасында халықаралық мәртебеге ие болған, түркі әлемі жастарының басын біріктірген бірінші білім және ғылым ордасы.

Ал, 1992 жылы 1 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев пен Түркия Республикасының Премьер-Министрі Сүлеймен Демирелдің келісімі нәтижесінде «Халықаралық университет» мәртебесі берілді.
1992 жылғы 31 қазанда Анкарада Қазақстан Республикасы мен Түркия Республикасы Үкіметтері арасында осы оқу орнын «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті етіп қайта құру туралы» келісімге қол қойылды.

2012 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Түрік Республикасының Үкіметі арасындағы «Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қызмет шарттары хаттамасы» ратификацияланды және Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жарғысымен бекітілді.

Университет миссиясы — Түркі тілдес мемлекеттер мен қауымдастық жастарына бір шаңырақ астында сапалы білім беру және инновациялық оқыту мен ғылыми зерттеулерде көшбасшы болу.

Ахмет Ясауи университетінің Жарғысы Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Түркия Республикасы Үкіметімен бекітілді. Осы Жарғыға сәйкес, 10 адамнан жасақталған Үкіметаралық Өкілетті Кеңес құрылды (Анкара). Оның ішінде 5 мүшесін, Президентті (ректор) қосқанда, Қазақстан Республикасы Үкіметі, қалған 5 мүшесін Түркия Республикасы Үкіметі тағайындады. Өкілетті Кеңес университет басқаруда екі жақты тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Қаржыландыру республикалық бюджеттен және Түркия Республикасы бюджетінен жүргізіледі.

Ахмет Ясауи университеті — түркі әлеміндегі бірегей университет, ЖОО-да әлемнің 17 елінің жастары мен 30 ұлт пен ұлыс өкілдері арасында мәдениетаралық диалогы мен ұлтаралық толерантты тәрбие жүріп жатыр. Қазіргі жаһандану жағдайында Түркі тілдес әлемді рухани біріктіруші білім беру орталығы ретінде Ахмет Ясауи университетінің идеологиялық маңызы зор.

Білім беру қызметі бакалавриаттың 54, магистратураның 30, PhD докторантураның 11, резидентураның 3, интернатураның 7 мамандықтары бойынша жаратылыстану, гуманитарлық, экономикалық, заң, әлеуметтік, медициналық, техникалық ғылымдар, білім беру, бизнес, қызмет көрсету және өнер бағыттары бойынша жүзеге асырылады.