2017 жылы 12 сәуірде Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласынан кейін, еліміздің қоғамдық ғылымдар саласында үлкен серпіліс болды. Бұл «Рухани жаңғыру» мемлекеттік бағдарламасының қабылдануына негіз болды. Осы бағдарлама аясында бірнеше бағытта ғылыми зерттеу жұмыстары қолға алынды. Оның ішінде «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясын» дайындау аса маңызды міндеттердің бірі болды [Akorda.kz, 2017]. Бұл жобаның мақсаты Қазақстан территориясындағы барлық киелі жерлердің тізімін жасап, оған арнаулы зерттеулер жүргізу болды. 2017 жылдың екінші тоқсанында басталған бұл жобаларды Қазақстанның көптеген ғылыми зерттеу институттары, жергілікті музейлер, ғылыми орталықтар және т.б. қолға алды. Соның ішінде Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтының орны ерекше. Сонымен қатар, Қазақстанның барлық территориясын қамтыған бұл жобаның үйлестірушісі ретінде «Қасиетті Қазақстан» атты арнайы ғылыми-зерттеу институты құрылғанын да айта кеткен жөн.
Аталмыш жобаны іске асырудың алғашқы кезеңінде кейбір қиындықтар да орын алды. Нақтап айтқанда зерттеу экспедицияларының бірқатары қыс айларына келгендіктен зерттеушілер климаттық қолайсыздықтарға тап болып, белгіленген зерттеу объектілеріне бара алмады. Соған байланысты көпшілігінде киелі орындарды зерттеу жұмысы тек фотоға түсіріп, өлшемін алумен ғана шектелді. Бұл жағдай, жобаға көптеген кәсіби этноархеолог мамандардың қажеттігін көрсетті. Осының негізінде қолға алынған жобаның жұмыстарына көп деген мамандар өз үлестерін қосты осылай киелі орындардың тізімін жасап, оның классификациясын дайындау жұмыстары жүргізілді. Дегенмен, 2017 жылдың соңында жобаның нәтижесі ретінде Алматы қаласы, Алматы облысы, Нұр-Сұлтан (Астана) қаласы мен Ақмола облысына арналған алғашқы том жарық көрді. Бұл томның дайындалуына бірнеше маман тартылып, бірқатар зерттеулер жүргізілді [Қасиетті Қазақстан, 2017].
Жалпы алғанда Қазақстанның киелі географиясын жан-жақты қарастыруға болады. Оның бір бөлігі Арал-Каспий аймағы болса, тағы бір бөлігі Сырдария өзенінің жағалауын қамтиды. Әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Мысалы, Арал-Каспий аймағы, Аралдың солтүстігі, Доңызтау, Үстірт, Маңғыстау ескерткіштерінің әлі де болса толық ашылмағанын байқауға болады. Ал, Сырдың бойындағы ескерткіштер мен мемориалды кешендер біршама зерттелді. Алайда, еліміздегі бұл сакралды орындар бір жақты археологиялық тұрғыдан зерттелгенімен, ескерткіштану, этноархеологиялық және этнографиялық жағынан толық зерттелмеген. Ол жөнінде белгілі ғалым С.Е. Әжіғали өзінің «Тұран мұрасы» туралы пікірінде Қожа Ахмет Ясауи және қазақ мәдениеті мәселесін басшылыққа алады [История и культура Арало-Каспия, 2001.]. Ол қазақ ескерткіштерін мынадай үш топқа бөліп қарастыруды ұсынады: бірінші, мемориалды-ғұрыптық архитектура. Оған, Алтын Орда, Ақорда, Көкорда, Қазақ хандығы, Ноғай ордасы кезеңіне жататын кесенелер, мешіттер, қабір тастар, құлпытастар жатады. Екінші топқа, қазақтың қоныстану жүйесіндегі тұрақтары жатады. Оған қазақтың қыстаулары, дәстүрлі тұрғын үйлері, ғұрыптық кешендер, ескі құдықтар және т.б. кіреді. Сондай-ақ, үшінші топқа, араб эпиграфикасындағы түркі ескерткіштері жатады. Оған XII–XIII ғасырларға жататын және XX ғасырдың басына дейін жалғасқан тастан қашалған эпитафиялы мемориалды ескерткіштер жатады [Ажигали, 2011.].
Ал, «Қазақстанның сакралды географиясы» жобасы аясында жүргізілген зерттеулер бойынша киелі жерлердің бес классификацияға бөліп қарастырады. Соның ішінде Түркістан облысы ескерткіштерінің орны ерекше, себебі, көрсетілген бес топқа сәйкес киелі орындардың табылуы өңірдің ежелгі тарих пен қазіргі заманның ұштасқан жері екенін көрсетеді. Енді, берілген топтарды қарастыратын болсақ: 1) Табиғи мұра кешендері. Оған Қазығұрт тау кешені (Қазығұрт ауданы) және Жылаған ата бұлағы мен үңгірі (Түркістан қаласы) жатады; 2) Археологиялық ескерткіштер және ортағасырлық қалалық орталықтар. Бұл бөлімге Отырар қалашығы (Отырар ауданы), Яссы (Күлтөбе, Түркістан) қалашығы (Түркістан қаласы), Сайрам қалашығы (Сайрам ауданы), Сауран қалашығы (Түркістан қаласы), Созақ қалашығы (Созақ ауданы) және т.б.; 3) Діни және ғибадат орындары болып табылатын орындарға Үкаш ата (Түркістан қаласы), Баба түкті шашты Әзіз кесенесі (Созақ ауданы), Ибраһим ата, Қарашаш ана, Гауһар ана кесенелері (Сайрам ауданы, Түркістан қаласы), Бәйдібек би, Домалақ ана кесенелері (Бәйдібек ауданы), Исмаил ата сәулет кешені (Қазығұрт ауданы). Сонымен қатар, «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени кешені (оған: Қ.А. Яссауи кесенесі, Салқам Жәңгір, Тәуке хан, Шақшақ Жәнібек, Қаз дауысты Қазыбек би, Қанжығалы Бөгенбай, Жауғаш және т.б.) кіреді (Түркістан қаласы). Сондай-ақ, Арыстан баб кесенесі (Отырар ауданы) және Қарабура әулие кесенесі (Созақ ауданы) жатады; 4) Тарихи тұлғаларға қатысты қасиетті орындар. Бірінші, Есім хан кесенесі (Түркістан қаласы), екіншіден, Хақназар хан кесенесі (Созақ ауданы); 5) Саяси, тарихи оқиғаларға байланысты қасиетті орындар: Таңбалы тас ескерткіші (Созақ ауданы), Бірлік Ордабасы мемориалды кешені жатады [Old.bak.kz, 2017]. Көрсетілген киелі орындардың сыртында тізімге кірмеген, немесе әлі де толық зерттеуді қажет ететін ескерткіштерде баршылық. Себебі, бұл киелі географиялық картаны дайындау барысында тізімнің бірнеше өзгергендігі байқалады. Соған сәйкес, Түркістан облысындағы киелі орындардың тізімі бұл көрсеткішпен шектелмейді.
Қорытындылай келе, қазіргі кезде Қазақстанның киелі жерлерін зерттеу жұмыстарымен көптеген салының мамандары айналысып, әртүрлі жобалар арқылы киелі жерлер бойынша көптеген мәліметтер мен зерттеу нәтижелерін жариялап келеді. Ал Түркістан облысындағы киелі жерлер географиясы жан-жақты зерттеулер жүргізіп, оны әр түрлі салада тиімді пайдаланудың жолын қарастыруды қажет етеді. Соның бір бағыты жергілікті мәдени туризмді дамыту болып табылады. Сондай-ақ, халықтың дәстүрлі құндылықтары, әдет-ғұрыптары, наным-сенімі мен халық медицинасын зерттеуде осы өңірдегі киелі орындардың орны ерекше екендігін атап өткен жөн. Осы аумақтағы киелі орындардың жан-жақты зерттелуі келешекте «қазақтың ескерткіштануы» сынды ғылыми бағыттардың дамуына жағдай жасайды.
Дереккөз:
Akorda.kz (2017). Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы. Сілтеме: http://www.akorda.kz/kz/events/akorda_news/press_conferences/memleket-basshysynyn-bolashakka-bagdar-ruhani-zhangyru-atty-makalasy. Қараған уақыты: 22.03.2020.
Ажигали Серик Ескендирулы. «Казахское памятниковедение» как важнейшее научно-практическое направление в сфере культуры // «Арало-Каспийский регион в истории и культуре Евразии» Материалы II Международной научной конференции, посвященной 20-летию независимости Республики Казахстан (г. Актобе, 14–18 сентября 2011). – Алматы-Актобе, 2011. – С. 337–338.
История и культура Арало-Каспия. Сборник статей. Вып. 1. / Под общ. ред. С. Әжіғали. – Алматы: Құс жолы, 2001. – С. 5.
Қасиетті Қазақстан. I том. – Алматы: «Арыс», 2017. – 480 бет.
Old.bak.kz (2017). «Қасиетті Қазақстан» картасына енген орындар мен нысандардың толық тізімі. Сілтеме: http://old.baq.kz/kk/news/ruhani_zhangiru/kasietti_kazakstan_kartasina_engen_orindar_men_nisandardin_tolik_tizimi20171110_210700. Қараған уақыты: 25.03.2020.
Қазіргі таңда Жайлыбаев Дәулет Еуразия ғылыми-зерттеу институтында ізденуші болып қызмет атқарады. Ол 2009 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде (ҚазҰУ) тарих мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алды. 2013 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ этнология кафедрасында магистратураны аяқтап, «Қазақстандағы әзербайжандар: этномәдени үрдістер» атты тақырыпта диссертация қорғады.