2019 жылы әлем бойынша халықаралық мигрант деп танылғандардың саны 272 миллионнан асты. Әртүрлі себептермен өз еркімен және мәжбүрлі түрде көшкендерді қамтыған бұл көрсеткіштің соңғы тоғыз жыл ішінде айтарлықтай өсіп, 51 миллион адамға артқаны байқалады. 2018 жылы үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғандардың саны 70,8 миллионға жетті. Соңғы он жылда әртүрлі елдерде орын алған экономикалық және саяси тұрақсыздықтар мен азаматтық соғыс салдарынан мәжбүрлі түрде қоныс аударған адамдардың саны екі есеге дейін өсті (БҰҰ ЭӘМД, 2019). Осы оқиғалар арасында әлемнің және Түркияның күн тәртібінен еш түспеген Сириядағы азаматтық соғыс салдарынан туындаған көші-қон толқынының әсері 2011 жылдан бері Таяу Шығыс, Түркия, Балқан, Солтүстік Африка және Еуропа елдерінің гуманитарлық көмектен бастап бюрократиялық және құқықтық реттеулерге дейін көптеген салаларда әртүрлі жобаларды жүзеге асыруларына себеп болып отыр.
Сириядағы азаматтық соғыс – соңғы жылдары үйлерін тастап қашуға мәжбүр болған адамдар санының көбеюінің басты себептерінің бірі. 2011 жылы азаматтық соғыс басталғаннан бері 13 миллионға жуық сириялық үйлерінен кетуге мәжбүр болды. Олардың 6 миллионға жуығы елдегі қауіпсіз аймақтарға қоныс аударса, Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасында (БҰҰ БЖКБ) тіркелген қалған 5,5 миллионы көрші елдерге бас сауғалады. Сонымен қатар, шамамен 1,1 миллион сириялық Еуропа құрлығына заңсыз жолмен жетті (БҰҰ БЖКБ, 2020). Түркия «ашық есік» саясатын ұстанып, 2011 жылдан бері азаматтық соғыстан қашқан сириялықтарды қабылдап келеді. Қазіргі таңда Түркияда 4 миллион шетел азаматы тұрса, олардың 3,58 миллионын сириялықтар құрайды (Генрих Белль қоры, 2019).
Түркия дағдарыс басталғаннан бері ел шекарасына жеткен сириялық босқындарды әдетте шекара маңында құрылған лагерлерде орналастырды. Алайда, келушілер санының едәуір өсуіне байланысты босқындардың біразына қалаларға көшуге рұқсат берілді. Қазіргі таңда әрбір он сириялықтың тоғызы өз мүмкіндіктерімен қалаларда тұруға әрекет жасауда. Түркия сириялықтардың білім, денсаулық және баспана сияқты қажеттіліктерін қанағаттандыру мақсатында 2011 жылдан осы уақытқа дейін 40 миллиард доллар жұмсағаны белгілі (İletisim.gov.tr, 2019). 2016 жылы Түркия мен Еуропа Одағы (ЕО) арасында қол қойылған Реадмиссия туралы келісім бойынша ЕО екі бөлікпен 6 миллиард еуро көлемінде қолдау көрсетуге уәде берген болатын (Mfa.gov.tr, 2020). Алайда, осы уақытқа дейін Түркиядағы жобалар үшін 2,7 миллиард еуро ғана бөлінді. Еуропалық комиссия 2025 жылға дейін келісімшарттарға байланысты 4,3 миллиард еуро аударылатынын мәлімдеді. Жоғарыдағы сандардан да көруге болатындай, сириялықтарға гуманитарлық көмек көрсетудің ең ауыр жүгін Түркия бір өзі арқалап келеді (Босқындар қауымдастығы, 2020).
Түркияның босқындар саясаты туралы сөз еткенде баспасөзде және осы саладағы кейбір ғылыми-зерттеу жұмыстарында ескерілмеген мәселелердің бірі Түркия тарапынан белгіленген босқын мәртебесі туралы ақпараттың дұрыс берілуі болмақ. 1951 жылғы Босқындардың құқықтық мәртебесі туралы Женева конвенциясы және 1967 жылғы Босқындардың құқықтық мәртебесі туралы хаттама әлемдегі босқын мәртебесін анықтайтын екі негізгі құжат болып табылады. Түркия Женева конвенцияcына географиялық шектеу қойып, тек Еуропадан келгендер мен Түркі тектес халықтарды ғана босқын ретінде қабылдайды (Ермумжу, 2013). Осы жағдайға байланысты сириялықтар босқын ретінде қарастырылмағандықтан, оларға уақытша қорғау мәртебесі берілді. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес сириялықтардың мәртебесін анықтау мүмкін болмағандықтан, 2013 жылы жүргізілген жұмыстар нәтижесінде №6458 Шетелдіктер және халықаралық қорғау туралы заң қабылданды. Осы заңның 91-ші бабының 1-ші тармағына сәйкес, уақытша қорғау мәртебесі келесідей анықталады: «өз елінен кетуге мәжбүр болған, туған еліне қайта орала алмайтын, шұғыл және уақытша қорғау табу мақсатында шекарамызға жаппай келген немесе шекарамызды кесіп өткен шетелдіктерге уақытша қорғау мәртебесін беруге болады» (Mevzuat.gov.tr, 2013). Алайда уақытша қорғау мәртебесі бар адамдар өз еліне ерікті түрде оралады деп күтілуде (Ичдуйгу, 2014).
Осы мәселеге қатысты әртүрлі кезеңде жүргізілген кейбір сауалнамалардың нәтижелері көрсеткендей, Түркиядағы сириялықтардың көпшілігі әзірге еліне қайта оралғылары келмейді. БҰҰ БЖКБ-ның 2018 жылы жариялаған сауалнамасына сәйкес, респонденттердің тек 5%-ы ғана Сирияға жақын болашақта оралулары мүмкін екендіктерін мәлімдесе, 76%-ы мүмкін бір күні оралатындарын, ал 19%-ы оралуға ниетті емес екендіктерін жеткізді (БҰҰ БЖКБ, 2018). Сондай-ақ, Коч университетінің Көші-қон мәселелерін зерттеу орталығы жүргізген зерттеуде 18-30 жас аралығындағы топқа «Егер алдағы бес жылда Сириядағы жағдай жақсарса, өзіңізді қайда елестетесіз?» деген сұраққа респонденттердің 44%-ы «Сирияға ораламын», 30%-ы – «Түркияда қаламын», ал 13%-ы – «үшінші елге барамын» деп жауап берді (Ичдуйгу және Аяшлы, 2019). Зерттеулер арасындағы ықтимал айырмашылықтарды ескеру қажет болғанымен, егер жағдай жасалса, өз еліне оралуды қарастыратын адамдар санының өсуі байқалады. Қазіргі таңда Сирияның әртүрлі аймақтарында қақтығыстар әлі де жалғасып жатқанына және инфрақұрылымдардың қирағанына қарамастан, осы күнге дейін шамамен 370 мың сириялық өз еріктерімен елге оралғаны белгілі (Босқындар қауымдастығы, 2020).
Өз еркімен елге оралуға ниетті адамдар санының артуына Түркияның далалық, әрі кеңселік зерттеулері себеп болды деуге болады. Астана үдерісі арқылы ең алдымен қақтығыстарды азайту, одан кейін «Бейбітшілік қайнары» операциясы арқылы Сирияның солтүстігінде лаңкестіктен азат қауіпсіз өмір сүру кеңістігін қалыптастыру әрекеттері және қажет болған жағдайда аймақта бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асырылған «Евфрат қалқаны» және «Идлиб» операциялары жаңа көші-қон толқындарының пайда болуына жол бермей, елге қайта оралғысы келетіндерге үміт беруде. Осы тұрғыдан алып қарағанда Түркияның босқындарға қатысты саясаты көпжақты, әрі әртүрлі салаларда жүзеге асырылатындығын көруге болады. Бір жағынан, мәселені дипломатиялық, саяси және қажет болған жағдайларда әскери жолмен шешуге әрекет жасалса, екінші жағынан, осы уақытқа дейін елге енген және әлі де келіп жатқан адамдарға байланысты туындаған бюрократиялық, экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерді шешу бойынша жұмыстар атқарылуда.
Кейбір есептеулерге сәйкес Сирияның соғысқа дейінгі жағдайға оралуы үшін елге шамамен 400 миллиард доллар инвестиция жасалу қажет. Бұл елде қақтығыс аяқталып, қауіпсіздік орнағаннан кейін, 2010 жылға дейінгі жағдайға ұзақ жылдар бойы орала алмайтындығын нақты көрсетеді (Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңес, 2019). Тек осы тұрғыдан алып қарастырғанның өзінде де, Түркиядағы көптеген сириялықтардың өз еліне қайтып оралуы ұзақ уақытқа созылатыны және 90%-ға жуығының қалаларда өз мүмкіндігімен өмір сүре беруі керек екенін көрсетеді. Отбасы мүшелерінің өмір тіршілігін қамтамасыз ету үшін жұмыс істеуге мәжбүр болған сириялықтардың тап болған мәселелерінің бірі уақытша қорғау мәртебесінің ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік бермеуі еді. Осыған байланысты заңсыз жұмыс істейтін адамдар саны шамамен 400 мыңнан асты деп болжанады (Кадкой және Каймаз, 2017). Бұл жолсыздыққа шешім табу үшін 2016 жылы қаңтарда Түркия үкіметі №6458 Уақытша қорғау мәртебесі берілген шетелдіктердің жұмыс істеуіне рұқсат беру туралы нормативтік актіні қабылдап, мұндай мәртебесі бар шетелдіктерге ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Осы нормативтік акт ережелеріне сәйкес, уақытша қорғау мәртебесі бар адамға жұмыс істеуге рұқсат беру үшін жұмыс берушілер Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне интернет арқылы өтініш білдіруі керек. Өтініш білдіруге қойылатын талаптар: жұмыс істеуге рұқсат сұраған адамға уақытша қорғау мәртебесі кемінде 6 ай бұрын берілуі қажет және жұмысқа алынатын адамдар саны сол жұмыс орнындағы қызметкерлердің жалпы санының 10%-ынан аспау қажет. Сонымен қатар, жұмыс істеуге рұқсат алғандар тіркелген қалада және рұқсат алынған компаниядан басқа жерде жұмыс істей алмайды (Еңбек және әлеуметтік қызметтер министрлігі, 2020; Заңнама, 2020). Осы шарттарға сәйкес жұмыс істеуге рұқсат алған сириялықтардың саны 2019 жылдың наурыз айында 31,185 адамды құрады. Бұл көрсеткіш еңбекке қабілетті жастағы (18-64 жас) 2,09 миллион сириялықтың 1,48%-ына және заңсыз жұмысшылар тобының 7,4%-ына тең. Сонымен қатар, жұмыс беруші ретіндегі сириялықтардың жағдайын қарастыратын болсақ, кемінде бір серіктесі сириялық болып табылатын компаниялардың саны 2011 жылы 98 болса, 2019 жылдың ақпан айында 15,159-ға дейін өсті (Босқындар қауымдастығы, 2020; Түркия Статистика институты, 2019).
Сириялықтарға заңды түрде жұмыс істеуге мүмкіндік берілгенімен, жұмыс істеуге рұқсат алған адамдар санының осыншалықты аз болуының бірнеше себебі бар. Біріншіден, осы мәртебе бойынша жұмысқа алынатын адамдарға жалақының ең төменгі мөлшерін төлеу міндеттемесі, екіншіден, жұмысқа қабылдау кезіндегі бюрократиялық рәсімдердің көп болуы. Сонымен қатар, 10%-дық шектеу бүкіл ел аумағы бойынша шамамен 3 миллион адамға дейін ресми түрде жұмыс істеуге мүмкіндік берсе де, үлкен қалалардан тыс жерлерде белгілі бір техникалық мәселелер туындайтыны байқалады (Түркия Статистика институты, 2019). Мұның ең бір айқын мысалы – Килис қаласы. Бұл қалада тұратын сириялықтардың саны қаланың жалпы халық санының (115,219 адам) 80%-ын құрайды. Мұнда тұратын сириялықтардың тіркелген қалада жұмыс істеу шарты ескерілгенімен, олардың көпшілігінде техникалық тұрғыдан жұмыс істеуге рұқсат алу мүмкіндігі жоқ (Босқындар қауымдастығы, 2020). Жеңілдіктерге келетін болсақ, маусымдық ауыл шаруашылығында немесе мал шаруашылығында жұмыс істейтін уақытша қорғау мәртебесі бар адамдар жұмысқа рұқсат алудан босату туралы өтініш жасау арқылы ресми түрде жұмыс істей алады (Mevzuat.gov.tr, 2016).
Қорытындылай келе, Түркия 2011 жылдан бері соңғы кездегі ең ірі көші-қон толқындарының бірімен күресіп келеді. Түркия Сириядағы азаматтық соғыстан қашқандардың бастан кешірген ауыр жағдайына басқа елдер сияқты немқұрайлы қарамай, өз мүмкіндіктерін жұмылдыру арқылы бүкіл әлемге үлгі болатындай адамгершілік танытуда. Алайда, осы саясаттың нәтижесінде экономикалық, саяси және әлеуметтік мәселелерге тап болуда. Бұған қарамастан, қажетті қадамдар жасау арқылы өз еліндегі мәселелерді де, көші-қон толқындарына себеп болған Сириядағы азаматтық соғысты да бейбіт жолмен шешуге барынша күш салуда.
Дереккөз:
Біріккен Ұлттар Ұйымының Экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі департаменті (2019). БҰҰ-ның мәлімдеуінше, халықаралық мигранттардың саны 272 миллионға жетті және әлемнің барлық аймақтарында өсу үрдісі жалғасуда. Сілтеме: https://www.un.org/development/desa/en/news/population/international-migrant-stock-2019.html. Қаралған уақыты: 16.03.2020.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы (2018). Сириялық босқындардың Сирияға қайта оралу туралы көзқарастары мен ниеттері туралы төртінші аймақтық зерттеу. Сілтеме: https://data2.unhcr.org/fr/documents/download/66198. Қаралған уақыты: 17.03.2020.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы (2020). Әлемдік мәжбүрлеп көшіру оқиғасы 70 миллионнан асты. Сілтеме: https://www.unhcr.org/news/stories/2019/6/5d08b6614/global-forced-displacement-tops-70-million.html. Қаралған уақыты: 16.03.2020.
Біріккен Ұлттар Ұйымының Босқындар істері жөніндегі жоғарғы комиссарының басқармасы (2020). Сириядағы жағдай, аймақтық босқындарға қатысты шаралар. Сілтеме: https://data2.unhcr.org/en/situations/syria. Қаралған уақыты: 15.03.2020.
Босқындар қауымдастығы (2020). Еуропалық Одақтың сириялықтар үшін Түркияға берген қаражаты. Сілтеме: https://multeciler.org.tr/avrupa-birliginin-suriyeliler-icin-turkiyeye-odedigi-para/. Қаралған уақыты: 16.03.2020.
Босқындар қауымдастығы (2020). Сириялықтарға қатысты дақпырттар. Сілтеме: https://multeciler.org.tr/wp-content/uploads/2020/01/dogru-bilinen-yanlislar-2020-2.pdf. Қаралған уақыты: 17.03.2020.
Босқындар қауымдастығы (2020). Түркиядағы сириялықтардың саны, 2020 жыл ақпан. Сілтеме: https://multeciler.org.tr/turkiyedeki-suriyeli-sayisi/. Қаралған уақыты: 17.03.2020.
Генрих Белль қоры (2019). Түркиядағы босқындар заңнамасы және саясаты жөніндегі есеп. Сілтеме: https://tr.boell.org/sites/default/files/2019-12/ASYLUM%20TR-S.pdf. Қаралған уақыты: 16.03.2020.
Ермумжу Сенем (2013). Босқындардың әлеуметтік қамсыздандыру құқығы. Сілтеме: https://arastirmax.com/tr/system/files/dergiler/34148/makaleler/4/2/arastirmax-siginmacilarin-multecilerin-sosyal-guvenlik-hakki.pdf. Қаралған уақыты: 16.03.2020.
Ичдуйгу Ахмет, Аяшлы Енес (2019). Коч университеті Көші-қон мәселелерін зерттеу орталығының ғылыми-зертеу жұмыстары, Қайта оралу саясаты: сириялық босқындардың оралу көші-қонының ықтималдығы және болашақ сценарийлері. Сілтеме: https://mirekoc.ku.edu.tr/wp-content/uploads/2019/05/Mirekoc_Rapor_GeriDonusSiyaseti.pdf. Қаралған уақыты: 16.03.2020.
İletişim.gov.tr (2019). Президент Ердоған: «Басқалары әрекет етпей жатқанда Түркия қадам жасауда». Сілтеме: https://www.iletisim.gov.tr/haberler/haberler/detay/cumhurbaskani-erdogan-baskalari-harekete-gecmezken-turkiye-adim-atiyor. Қаралған уақыты: 16.03.2020.
Кадкой Омар, Каймаз Тимур (2017). Түркиядағы сириялықтар – интеграция экономикасы. Сілтеме: http://www.tepav.org.tr/upload/files/14733262577.Syrians_in_Turkey_____The_Economics_of_Integration.pdf. Қаралған уақыты: 17.03.2020.
Mevzuat.gov.tr (2016). Уақытша қорғау мәртебесі берілген шетелдіктердің жұмыс істеуіне рұқсат беру туралы нормативтік акт. Сілтеме: https://www.mevzuat.gov.tr/MevzuatMetin/3.5.20168375.pdf. Қаралған уақыты: 17.03.2020.
Mevzuat.gov.tr (2013). Шетелдіктер және халықаралық қорғау туралы заң. Сілтеме: https://www.mevzuat.gov.tr/MevzuatMetin/1.5.6458.pdf. Қаралған уақыты: 17.03.2020.
Mirekoc.ku.edu.tr (2014). Түркияның халықаралық көші-қон саясаты, 1923-2023: Ұлт-мемлекет болып қалыптасудан трансұлттық өзгерістерге дейін. Сілтеме: https://mirekoc.ku.edu.tr/wp-content/uploads/2017/01/Tu%CC%88rkiyenin-Uluslararas%C4%B1-Go%CC%88c%CC%A7-Politikalar%C4%B1-1923-2023_-.pdf. Қаралған уақыты: 17.03.2020.
Халықаралық қатынастар жөніндегі Еуропалық кеңес (2019). Қайта құру геосаясаты: Сирияны кім қалпына келтіреді?. Сілтеме: https://www.ecfr.eu/article/commentary_the_geopolitics_of_reconstruction_who_will_rebuild_syria. Қаралған уақыты: 17.03.2020. Түркия Республикасы Еңбек және әлеуметтік қызметтер министрлігі (2020). Жиі қойылатын сұрақтар. Сілтеме: https://www.ailevecalisma.gov.tr/uigm/sikca-sorulan-sorular/. Қаралған уақыты: 17.03.2020.
Түркия Республикасы Сыртқы істер министрлігі (2020). Түркия-ЕО арасында 18 наурызда қол қойылған меморандумға қатысты сұрақтар мен жауаптар. Сілтеме: http://www.mfa.gov.tr/turkiye-ab-arasinda-18-mart_ta-varilan-mutabakata-iliskin-soru-cevaplar.tr.mfa. Қаралған уақыты:15.03.2020.
Түркия Статистика институты (2019). Жұмыс күші туралы статистика. Сілтеме: http://www.tuik.gov.tr/PreTablo.do?alt_id=1007. Қаралған уақыты: 17.07.2019.
Қазіргі таңда Женгизхан Жаналтай Еуразиялық ғылыми-зерттеу институтының директордың орынбасары болып жұмыс атқарады. Ол 2010 жылы КИМЭП университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша бакалавр дәрежесiн тамамдаған. Магистратурасын 2014 жылы КИМЭП университетінің халықаралық қатынастар бөлімінде «Оралмандарың Қазақстан қоғамына интеграциясы: Түркия қазақтары» атты диссертациясыны қорғап тамамдайды.