f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Түркияның сыртқы саясатында «бауырластар» және «туыс қауымдастықтар» туралы тұжырымдамалық пікірталас
ebulletin

Түркияның сыртқы саясатында «бауырластар» және «туыс қауымдастықтар» туралы тұжырымдамалық пікірталас

Авторлар: Суат Бейлур
2020 ж. 24 ақпан
Түркияның сыртқы саясатында «бауырластар» және «туыс қауымдастықтар» туралы тұжырымдамалық пікірталас

ТҮРКИЯНЫҢ СЫРТҚЫ САЯСАТЫНДА «БАУЫРЛАСТАР» ЖӘНЕ «ТУЫС ҚАУЫМДАСТЫҚТАР» ТУРАЛЫ ТҰЖЫРЫМДАМАЛЫҚ ПІКІРТАЛАС Түркия, тарихи тамырлары Азияның кең байтақ даласынан бастау алып, кезінде Балқан, Таяу Шығыс және Африка аймақтарына жайылған Осман империясының мұрагері болып табылады. Сондықтан да, Түркия Осман империясының құрамына кірген немесе онымен байланыста болған барлық халықтар мен қауымдастықтармен мәдениәлеуметтік және азаматтық қатынастарын бүгін де жалғастырып келеді. Бұл қарымқатынас Қырғи қабақ соғыс кезіндегідей кейде үзіліп отырса да, ешқашан жойылмады. Қырғи қабақ соғыс аяқталғаннан кейін Түркия Орталық Азия, Кавказ және Балқан түбегіндегі «бауырластарымен және туыстарымен» қайта қауышуға мүмкіндік алды. Бұл зерттеуде тарихи кезеңдерде қалыптасқан және Түркияның сыртқы саясатында, әсіресе дискурс деңгейінде жиі қолданылатын «бауырластар» және «туыс қауымдастықтар» ұғымдары теориялық және практикалық қолдану аясында қарастырылады. «Бауырлас» және «туыс» сөздерінің ілім мен практикада танып-білінуі мен олардың мағыналары бір-бірінен айтарлықтай ерекшеленеді. «Бауырлас» сөзі «ата тегі бір тұлғалар» ретінде анықталса, «туыс» дегеніміз – «қаны бір немесе қыны бір екеніне санетін тұлғалар және белгілі бір тәжірибелер мен құндылыұтар арқылы қан бірлестігін сақтаған адамдар». Әлеуметтану және антропология тұрғысынан қарағанда «бауырлас» және «туыс» сөздері нәсіл, этникалық тиістілік және мәдениет ұғымдарымен тікелей байланысты екенін көруге болады. Бұл ұғымдардың ішінде нәсіл физикалық және биологиялық айырмашылықтарды білдірсе, этникалық тиістілік негізінен мәдениет пен бірегейлікті білдіреді. Осыған байланысты шығу тегі әлеуметтік және мәдени тұрғыдан дамыған этникалық құбылыс деп айтуға болады. Нақтырақ айтсақ, этникалық тиістіліктің тұрақты бірегейлік және тәуелділік түрінде пайда болатын әсері туыстық байланыстарды білдіреді. Алайда, бұл анықтаманы да даулы деуге болады. Яғни этникалық тиістілік пен туысқандықтың бір-біріне дәл сәйкестігі туралы айту немесе «нәсіл», «этникалық тиістілік» және «ата тегі» арасында тікелей байланыс орнату әрқашан мүмкін бола бермейді. Сол сияқты этникалық топ пен тіл бір-бірімен тікелей байланысты бола бермейді, өйткені тіл мәдениеттерінің де жаһандық деңгейде өз кеңістігі бар екенін ескермеуге болмайды. Бұған мысал ретінде француз тілінде сөйлейтін елдер мен қауымдастықтар (франкофония), Ұлттар достастығы немесе испан тілінде сөйлейтін елдер мен қауымдастықтарды келтіруге болады. Кең географиялық аймаққа таралған түркітілдес елдер мен қауымдастықтар да осы тіл мәдениеті өрістерінің бірі болып табылады. Жоғарыда аталған одақтар мен қауымдастықтардан айырмашылығы, түркітілдес елдер мен қауымдастықтардың ортақ тарихы мен мәдениетінен бөлек, нәсілдік және этникалық ұқсастықтары бар. Басқаша айтқанда, түркітілдес елдер мен қауымдастықтар – түркі тектес этникалық топтар.

Алайда, испан тілінде сөйлейтін мексикалықтар испандар еместігі тәрізді, француз тілінде сөйлейтін алжирліктер де француздар болып табылмайды. Айтарлықтай дерексіз және салыстырмалы мағынаға ие бауырлас және туыс ұғымдары үшін бір анықтама беру мүмкін емес сияқты. Заңнама тұрғысынан қарайтын болсақ, Түркия құқығында да бауырлаас және туыс қауымдастық ұғымдарына қатысты анықтама мен айқындық жоқ. Алайда, алдыңғы кезеңнің құқықтық құжаттарында қолданылған «түркі тектес» термині кейінірек, әсіресе, 2000-шы жылдардан кейін «бауырлас және туыс» деген бір ұғыммен қолданыла бастады. Дегенмен «түркі тектес» термині көбінесе Түркияда тұратын бауырлас және туыс халықтарға қатысты қолданылғаны мәлім. Осы жерде айта кететін тағы бір жайт, «бауырлас-туыс» халық ретінде сипатталған елдер мемлекет деңгейінде «бауырлас-туыс» ел емес, «туысқан» ел ретінде анықталады. Тұжырымдамалық тұрғыдан бұл сөздердің ілім мен практикада әртүрлі қолданылғанын байқауға болады. Халықтанушы ғалым Яшар Калафаттың айтуынша, Кавказ тұрғысында Түркиямен тығыз байланысты екі негізгі қауымдастық бар: бауырлас халықтар мен туыс қауымдастықтар. Бауырлас халықтар құмық, ноғай, қарашай, қарапапақ сияқты түркі тектес қауымдастықтарға қатысты болса, туыс қауымдастықтар осетин, черкес, шешен және абаза халықтарын қамтиды. Екінші топта аталған қауымдастықтар этникалық тұрғыдан түркі тектес болмаса да Анадолы немесе Кавказда тұратындығына қарамастан түрік мәдениетін бойына сіңіріп, бұл ортақ мәдениетті түріктермен бірге қалыптастырды. Сол себепті осы ортақ өркениет кеңістігінде шешен мен қарапапақтың арасында ешқандай айырмашылық жоқ. «Бауырлас халықтар мен туыс қауымдастықтар» істері бойынша қызмет ететін Халықаралық түрік ынтымақтастық және даму агенттігі (TIKA) мен Шетелдегі түріктер және туыс қауымдастықтар басқармасы (YTB) заңдарында да бұл ұғымдарға анықтама жасалмаған. Осыған қарамастан TIKA заңында бауырлас халықтар мен туыс қауымдастықтар ұғымдары үшін «тарихи, географиялық, әлеуметтік және мәдени байланыстары бар елдер» тіркесі кеңінен қолданылды. Ал YTB құру туралы заңда аталмыш қауым үшін «бауырлас халықтар мен туыс қауымдастықтар» тіркесі қолданылғанына қарамастан, дискурста «туысқан қауымдастықтар» ұғымы қолданыла бастағанын көруге болады. Түркияның сыртқы саясатының жалпы шеңберін белгілейтін Сыртқы істер министрлігі аталған тұжырымдамалардың орнына екі мағынаны да қамтитын «ортақ тіл, тарих және мәдени байланысы бар елдер мен қауымдастықтар» ұғымын қолдануды жөн көреді.

Заңнамалық тұрғыдан институционалдық сәйкессіздіктер саяси дискурстарда да көрініс табады деп айта аламыз. Соңғы екі ғасырда Түркия аумағында көші-қон мен жер аударудың әсерінен пайда болған этникалық әртүрлілік бұл дифференциацияның басты себептерінің бірі болып табылады. Бүгінгі таңда Түркия азаматтары болып табылатын босниялықтардың саны Босния мен Герцеговинада тұратын босниялықтардан көп. Сол сияқты, Түркиядағы кавказ тектес түрік азаматтарының саны да Кавказда тұратын тиісті қауымдастықтан көп. Түркияның әлеуметтік құрылымы Түркиядан тыс қауымдастықтарға нақты анықтама беруге кедергі жасайды. Мысал келтіретін болсақ, 1990-шы жылдары Түркияға қоныс аударған Балқан халқының көпшілігі қазіргі түрік азаматтары және олардың Балқандағы туыстары да Түркияның туыс қауымдастығы ретінде қарастырылады.

Осы тұрғыдан алып қарағанда, босниялықтар мен албандар Түркияның Балқандағы ең маңызды екі туыс қауымдастығы деуге болады. Осы тұжырымдамалық пікірталас аясында Түркияның, әсіресе, Орталық Азия, Балқан және Таяу Шығыс аймағындағы ортақ тіл, тарих және мәдени байланыстары бар елдер мен қауымдастықтар үшін берген анықтамалары 2000 жылдан кейінгі кезеңде неғұрлым инклюзивті болды. Бұған дейін жиі қолданылған «бауырлас», «түркі тектес» және «туыс» қауымдастықтар деген ұғымдардың орнына «ортақ тіл, тарих және мәдени байланыстары бар елдер мен қауымдастықтар» және «бауырлас» елдер мен қауымдастықтар тәрізді анықтамалар берілгенін көруге болады. Түркия сияқты империялық тарихы бар мемлекеттер, әсіресе, дипломатия саясатында нәсілдік немесе этникалық тектен гөрі «тіл» және «мәдени жақындық» сияқты мәселелерге сүйенеді. Қорытындылай келе, империялық тарихы бар көптеген мемлекеттер қазіргі таңда әртүрлі құралдар арқылы тарихи және мәдени жақындықтары бар елдер мен қауымдастықтар үшін іс-әрекеттерді жүзеге асыруда. Осы саясат аясында мақсатты топты анықтау және оның нақты құрылымы мен шеңберін белгілеу ұлттық және халықаралық құқық тұрғысынан мүмкін емес болып көрінеді. Алайда, Түркияның сыртқы саясатында қолданылатын «бауырластар» және «туыс қауымдастықтар» сияқты ұғымдар Бенедикт Андерсонның танымал «қиялдағы қауымдастықтар» тұжырымдамасында болғандай тараптардың бір-бірін қалай қабылдап, анықтағандарына және бір-біріне қатысты қандай көзқарас танытқандарына байланысты. Нақтырақ айтқанда, бұл ұғымдар ортақ тарихтың болашақта қандай негізге және сілтемеге негізделетініне қатысты. 2000 жылға дейінгі кезеңде әлдеқайда шектеулі негіздер мен сілтемелерге сүйене отырып анықталған бауырластық және туыстық деген ұғымдар, әсіресе, дискурс деңгейінде әлі де кеңінен қолданылып жүр. Алайда, 2000 жылдан кейінгі кезеңде олардың орнына «ортақ тарихы бар халықтар», «бауырлас», «ортақ тарихи және мәдени байланыстар» деген неғұрлым кең және инклюзивті тіркестер мен ұғымдар қолданылғанын көруге болады.

Жазушы: Суат Бейлур, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік       Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған Әзербайжанға ресми сапары барысында Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады. Екі ел басшылары ӘзербайжанТүркия Жоғары деңгейлі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің сегізінші отырысына төрағалық етті. Тараптар энергетика және тау-кен өндіру саласындағы ынтымақтастық және өзара визадан босату қатарлы бірқатар келісімдерге қол қойды (Trend, 25.02.2020). Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді бастаған қазақстандық делегация Адам құқықтары жөніндегі БҰҰ Кеңесінің жоғары деңгейдегі сегментінің отырыстарына және Қарусыздану жөніндегі конференцияға қатысты. Министр елдегі адам құқықтарының ахуалы туралы ақпарат беріп, «естуші мемлекет» тұжырымдамасы және Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің құрылуы туралы айтты. Қарусыздану жөніндегі конференцияда Тілеуберді Қазақстанның ядролық қарусыз әлемге қол жеткізуге деген берік ниетін растады (ҚР СІМ, 24.02.2020). Исламабадта Қазақстан-Пәкістан саяси консультацияларының бірінші отырысы өтті. Отырыс барысында екі елдің дипломаттары өзара ынтымақтастықтың өзекті мәселелері, сондай-ақ, жаһандық және аймақтық қауіпсіздік мәселелері, оның ішінде Ауғанстандағы жағдай туралы пікір алмасты. Атап айтқанда, тараптар екіжақты қатынастардың құқықтық негіздерін, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты тереңдетудің жолдарын және әртүрлі халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара әрекеттесуді талқылады (Қазақстан СІМ, 28.02.2020).

Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Мәскеуге жұмыс сапарымен барып, Ресей Президенті Владимир Путинмен және жоғары лауазымды тұлғалармен келіссөздер өткізді. Тараптар екіжақты қатынастардың қазіргі жағдайы мен перспективаларын, сондай-ақ, аймақтық қауіпсіздік, экстремизм мен терроризмге қарсы күрес мәселелерін талқылады. Жээнбеков пен Путин сонымен бірге Қырғызстанның Ресейдегі және Ресейдің Қырғызстандағы жылының ашылу салтанатына қатысты (President.kg, 28.02.2020). Түрікменстан басшылығы тұңғыш рет әлемдегі коронавирус індетін ресми түрде мойындап, қауіпті ауру елде тіркелмегенін мәлімдеді. Сонымен бірге, ел билігі коронавирустың таралуын болдырмау шараларын күшейтіп, Ауғанстан және Иранмен шекараны жауып тастады. Өзбекстанмен шекара үш аптадан астам уақыт бұрын жабылды («Азаттық»

радиосы, 26.02.2020).

Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Станислав Зас Арменияда болып, елдің әскери-саяси басшылығымен кездесті. Келіссөздер барысында тараптар ҰҚШҰ дағдарысқа қарсы әрекет ету жүйесін дамыту, Ұжымдық жедел әрекет ету күштері мен ҰҚШҰ бітімгершілік күштерінің әлеуетін арттыру, сондай-ақ бірлескен жауынгерлік дайындық шараларын талқылады (ҰҚШҰ, 27.02.2020).

Экономика, қаржы және энергия       Өзбекстанның Мемлекеттік активтерді басқару жөніндегі агенттігі мемлекеттік банктер, базарлар, энергетикалық кәсіпорындар, өсімдік майы мен алкоголь өндірушілерін қосқанда 1,117 компанияны 100% сатуды көздейтін кең ауқымды жекешелендіру стратегиясын дайындады. Ішінара жекешелендіру тізіміне Навои және Алмалық тау-кен металлургиялық комбинаттары, «Өзбектелеком», «Uzbekistan Airways» және «Өзбекнефтегаз» ұлттық мұнай-газ компаниясы сияқты елдің ең ірі компаниялары кіреді (IntelliNews, 29.02.2020).

Қазақстан мен Өзбекстанның Экономика министрліктері Ташкентте өткен екіжақты аймақаралық ынтымақтастық форумы аясында өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат аясында тараптар ашық экономикалық, құқықтық және басқа ақпараттармен бөлісуге келісті. Форум екі елдің іскер топтары мен өңірлері арасындағы өзара трансшекаралық сауданы және инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға серпін береді деп күтілуде (ҚазАқпарат, 26.02.2020).

Қазақстан Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, елдің шикізаттық емес тауарлар мен қызметтер экспорты көлемін 41 млрд.

долларға дейін арттыру көзделіп отыр. Бұл 2025 жылға қарай қол жеткізілетін жеті макро-көрсеткіштердің бірі болып табылады. Сауданы дамытудың жаңа бағдарламасын іске асыру арқылы жалпы қосылған құндағы көлеңкелі сауда үлесін 31%-ға дейін төмендету және ұлттық стандарттарды қолдану деңгейін 75%-ға жеткізу жоспарлануда (ҚазАқпарат, 02.03.2020).

Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО)

Арменияға 2015 жылы одаққа қосылған кезде ұсынылған бес жылдық жеңілдік кезеңін бір жылға ұзартты, бұл Ереванға 2020 жылдың соңына дейін ЕЭОдан тыс елдерден әкелінетін тауарларға баж салығын төмен мөлшерде ұстап тұруға мүмкіндік береді. Жеңілдік 647 түрлі тауарға, оның ішінде май, ет, қымбат металдар, тастар, дәрі-дәрмектер және басқа тауарларға қолданылады. Жеңілдік кезеңін ұзарту Армения азаматтарына шамамен 30 млн. доллар үнемдеуге мүмкіндік береді (ArmInfo, 27.02.2020).

Еуропа қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Қырғызстанда құрылған алғашқы тәуелсіз жеке инвестициялар қоры – Highland Private Equity and Mezzanine Fund-қа 8 млн. доллар мөлшерінде үлестік инвестиция жасады. Қор қазіргі уақытта банк несиелеріне тәуелді жеке шағын кәсіпкерлікті қолдау мақсатында оларға өсу мен дамудың балама мүмкіндіктерін ұсынуды жоспарлап отыр. Осы уақытқа дейін ЕҚДБ Қырғызстан экономикасын дамыту үшін 191 жобаға шамамен 790 млн. еуро инвестициялады (Кабар, 28.02.2020).

ЕҚДБ Директорлар кеңесі Тәжікстан үшін 2020-2025 жылдарға арналған жаңа ел стратегиясын мақұлдады. Банктің елдегі операциялық және стратегиялық басымдықтары бизнестің бәсекеге қабілеттілігін нығайтуға және бизнес ортаны жақсартуға; аймақтық интеграцияны, энергетикалық реформа мен инфрақұрылым байланысын нығайтуға; сондай-ақ, әйелдердің, жастардың және дамымаған аймақтардың жетілдірілген инфрақұрылым мен іскери қызметтерге қол жетімділігін кеңейтуге бағытталған (AKIpress, 28.02.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет       Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігі, Джордж Вашингтон университетінің Орталық Азия бағдарламасы мен Ресей және Еуразия зерттеулер институты Вашингтонда Абай орталығының ашылатындығын жариялады. Орталық Абайтану мен жалпы қазақ мәдениеті туралы соңғы зерттеулер туралы ақпарат берумен қатар, Абай оқулары, мәдени көрмелер және кинофильмдер көрсетілімін өткізетін болады. Бұған қоса орталықта әдебиет, өнер, кино, музыка, тарих, археология, антропология салалары бойынша презентациялар мен пікірталастар өткізіледі.

(ҚазАқпарат, 27.02.2020).

Қырғызстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, ел билігі Сириядағы қақтығыстар аймағында, соның ішінде түрмелер мен лагерлерде орналасқан қырғыз азаматтары мен олардың балаларының жағдайын үнемі қадағалап отырады. Тиісті мемлекеттік органдардың өкілдерінен тұратын ведомствоаралық жұмыс тобы осындай адамдар туралы мәліметтерді жинап, талдайды және оларды Сириядан қайтарудың жолдарын іздейді (Кабар, 27.02.2020). Өзбекстандағы Адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық Ташкентте адам құқықтары жөніндегі ұлттық стратегия жобасы бойынша талқылау өткізді. Ісшараға қатысқан Өзбекстан депутаттары, ресми тұлғалары мен азаматтық қоғам белсенділері, сондай-ақ БҰҰ және ЕҚЫҰ өкілдері адам құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз етудегі мемлекеттік саясаттың негізгі мақсаттары мен бағыттарын анықтауға арналған құжатты қарастырды (UzA, 29.02.2020).

Түрікменстан Сыртқы істер министрлігі Берлинде өткен «Жасыл Орталық Азия» жоғары деңгейлі конференциясы және қоршаған орта мен климаттың өзгеруі бойынша Еуропалық Одақ-Орталық Азия жұмыс тобының 9-шы отырысының нәтижелері бойынша семинар өткізді. Түрікменстанның тиісті мемлекеттік органдары мен академиялық топтарының өкілдері және ЕО мен Германия елшілері Түрікменстанның экологиялық бастамаларын, оның ішінде климаттың өзгеруіне бейімделудің аймақтық стратегиясын жасау мәселелерін талқылады (Түрікменстан СІМ, 28.02.2020).

Түрікменстанның Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобының ақшаны жылыстау және терроризмді қаржыландыруға қарсы күрес саласындағы стандарттарға сәйкестігі, оның ішінде тиімділіктің 11 индикаторы мен 40 техникалық ұсыныс Ашхабадта өткен семинардың негізгі тақырыбы болды. ЕҚЫҰ ұйымдастырған семинарға Түрікменстанның құқық қорғау органдары, бақылау органдары және басқа да тиісті мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты (ЕҚЫҰ, 28.02.2020). БҰҰ Даму бағдарламасы Тәжікстанда тууды тіркеу процесін жеңілдетуді көздеп отыр. Тәжікстанда жыл сайын шамамен 50 мың жаңа туылған нәрестеге өмірінің бірінші жылында туу туралы куәлік берілмейді, ал екі жасқа дейінгі ер балалардың 16%-ы және қыздардың 18%-ы әлі тіркелмеген. Бұл мәселе әсіресе елдің шалғай аудандарында қызметтерге қол жетімділіктің нашарлығы, кедейлік, шектеулі ұтқырлық және тууды уақтылы тіркеудің маңыздылығы туралы жеткілікті ақпараттың болмауы сияқты әртүрлі себептерге байланысты шешімін таппай отыр (Авеста, 27.02.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.