f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты сауданы талдау
ebulletin

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты сауданы талдау

Авторлар: Азимжан Хитахунов
2020 ж. 22 қазан
Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты сауданы талдау

ҚАЗАҚСТАН МЕН ӨЗБЕКСТАН АРАСЫНДАҒЫ ЕКІЖАҚТЫ САУДАНЫ ТАЛДАУ Халықаралық сауда – бұл экономикалық өсуге ықпал етіп, экономиканы әртараптандыратын, кедейлік деңгейін төмендететін және дамуды ынталандыратын маңызды факторлардың бірі. Кейбір елдер экспортты ілгерілетуге басымдық берсе, басқалары импортты алмастыру саясатын жүзеге асырады. Мемлекеттің ашықтығы оның бәсекеге қабілеттілігін анықтайтын негізгі көрсеткіш болып табылады. Халық саны жағынан Орталық Азиядағы ең ірі мемлекет болып саналатын Өзбекстан өзінің ашықтық саясатын Шавкат Мирзиеев билікке келген кезде бастады. Мемлекет сауда саясатына деген көзқарасын қайта қарап, Дүниежүзілік сауда ұйымына кіруге әрекет жасап жатыр. Сондай-ақ, Өзбекстан Орталық Азиядағы серіктестері – Қазақстан мен Қырғызстан мүше болып табылатын Еуразиялық экономикалық одақта бақылаушы мәртебесін алғаны мәлім. Осыған байланысты Өзбекстан саясатындағы өзгерістер Орталық Азиядағы саудаға елеулі түрде әсер етеді. Бұл еңбек Халықаралық сауда орталығының деректері негізінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты сауданы талдауға бағытталған. Сонымен қатар, аталмыш мақала сауда құралдарын қолдана отырып, екіжақты ынтымақтастықты нығайту бойынша ұсыныстар әзірлейді.

Соңғы жиырма жыл ішінде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы екіжақты сауда едәуір өсті. 2001 жылы 231 миллион долларға тең болған екіжақты сауда көлемі 2019 жылы 2,75 миллиард долларды құрады, оның 1,98 миллиард доллары және 0,77 миллиард доллары Қазақстанның экспорты мен импорты болды. Қазақстанның Өзбекстанға экспорттайтын негізгі тауарларына минералды отын, ауылшаруашылық өнімдері, атап айтқанда бидай мен ұн және металдар жатады. 2001 жылы минералды отынның үлесі шамалы болып, 0,3%-ды құрады. Содан кейін бұл көрсеткіш өсе бастап, 2009 жылы 48,7%-ға жетті. 2019 жылы бұл үлес 10,9%-ға дейін төмендеді.

Қазақстанның Өзбекстанға ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты айтарлықтай өзгерістерге байланысты маңызды үрдістердің бірін көрсетеді. Жалпы алғанда, ауылшаруашылық өнімдері экспортының жалпы экспорт көлеміндегі үлесі жоғары және 2019 жылы 38,4%-ды құрады. Өзбекстан Қазақстанның бидайы мен ұнының негізгі тұтынушыларының бірі болды. 2001 жылы дәнді дақылдар мен ұн тарту өнеркәсібі өнімдерінің ауылшаруашылық өнімдерінің экспортындағы үлесі сәйкесінше 83,5% және 15,2%-ды құрады. 2003 жылы бұл үрдіс айтарлықтай өзгерді. Дәнді дақылдардың үлесі 3,4%-ға дейін төмендесе, ұн тарту өнеркәсібі өнімдерінің үлесі 87,3%-ға дейін өсті. Бұл Өзбекстанның өзінің ұн тарту өнеркәсібін дамытудың орнына Қазақстанның ұн жеткізіліміне сенім артқанын білдіреді. Алайда, Өзбекстан 2011 жылы саясатын қайта қарастырып, өз ұнын шығару мақсатында дәнді дақылдар импортын көбейте бастады. Нәтижесінде Қазақстанның бидай ұны экспорты 2011 жылғы 311 миллион доллардан 2019 жылы 77 миллион долларға дейін қысқарды. Сол кезеңде бидай экспорты 80 миллион доллардан 373 миллион долларға дейін өсті. Алайда, Өзбекстан өзінің ішкі қажеттіліктерін қанағаттандырып қана қоймай, сонымен қатар Ауғанстан нарығында Қазақстан ұн өндірушілерінің бәсекелестерінің біріне айналды. Жоғары бәсекелестік Қазақстан өндірушілерін үлкен шығынға ұшыратып, елдегі диірмен зауыттарының санын айтарлықтай азайтты. Мысалы, 2019 жылы Оңтүстік Қазақстанда ұн өндіретін зауыттардың шамамен 70%-ы жұмыс істемей қалды. Алайда сарапшылар бұл мәселе ұн өндірушілерден емес, Қазақстанның сауда саясатындағы кемшіліктерден туындағанын атап өтті. Нәтижесінде, Түркістан облысынан бірнеше ірі ұн тартатын компания мен Қарағанды облысынан екі компания Өзбекстанда ұн өндіретін зауыттар салып, сол елдегі іскерлік ахуалдың жақсаруына және мемлекеттік қолдаудың жоғары деңгейіне байланысты өндіріс орындарын ауыстырды.

Соңғы жылдары Қазақстан Өзбекстанға тірі мал экспортын едәуір ұлғайтты. 2017 жылы 619 мың долларға тең болған бұл көрсеткіш 2018 және 2019 жылдары сәйкесінше 23 миллион долларға және 93 миллион долларға дейін өсті. Осы жағдайға байланысты Қазақстан үкіметі өз шешімдерін ішкі нарықтағы сұранысты қанағаттандыру үшін мал шаруашылығын әртараптандыру қажеттілігімен түсіндіріп, тірі малды экспорттауға тыйым салды. Металдардың, атап айтқанда, темір мен болаттың экспорты да айтарлықтай өсім көрсетті. 2016 жылы темір мен болат экспорты 142 миллион долларға тең болса, 2018 және 2019 жылдары сәйкесінше 384 миллион долларға және 356 миллион долларға дейін өсті.

Өзбекстан – Қазақстанның маңызды импорттық серіктесі. Өзбек өндірушілері негізінен жемістер мен көкөністер, газ (мұнай газын), киім-кешек және басқа да дайын өнімдерді жеткізеді. Өзбекстаннан жасалатын импорттың жалпы көлеміндегі ауылшаруашылық өнімдері импортының үлесі айтарлықтай өзгеріп, 2001 жылы 5,1%-дан 2019 жылы шамамен 38%-ға дейін өсті. Бұл көрсеткіш 2016 жылы ең жоғары деңгейге жетіп, 54,3%-ды құрағанын атап өткен жөн. Ауылшаруашылық өнімдерінің импорты негізінен көкөністер мен жемістерден тұрады, олардың құны 2019 жылы сәйкесінше 88 миллион доллар және 176 миллион долларды құрады. Сондықтан, Өзбекстан Қазақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне маңызды үлес қосатын ел деуге болады. Бастапқыда Өзбекстанның Қазақстанға экспорты негізінен газдан тұрды, оның үлесі 2001 жылы 69%-ды құрады. Содан бері екі ел арасындағы екіжақты тауар айналымы көлемі жағынан да, тауарлар тізбесі жағынан да кеңейді. Сол себепті 2019 жылы Қазақстанның жалпы импортындағы газдың үлесі 15%-ға дейін төмендеді. Сонымен қатар, Өзбекстан киім-кешек экспортын айтарлықтай ұлғайтты. Мысалы, 2010 жылы Өзбекстанның экспорты 220 мың долларды құрап, өте төмен деңгейде болса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 82 есе өсіп, 18 миллион долларға дейін ұлғайды. Өзбекстан сонымен қатар, Қазақстанға пластмасса жеткізуші болып табылады.

Аталмыш өнімнің импорты да өсу үрдісін көрсетеді. Мысалы, 2010 жылы Қазақстан 15 миллион доллар көлемінде пластмасса импорттады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 85 миллион долларға дейін артты. Өзбекстанның Қазақстанға экспорты сонымен қатар темір мен болаттан, электр машиналарынан және басқа да жабдықтардан тұрады.

Жоғарыда көрсетілгендей, екі ел де ауылшаруашылық өнімдерінің маңызды жеткізушілері болып табылады. Қазақстан бидай мен бидай ұнын экспорттап, көкөністер мен жемістерді импорттайды. Сондықтан бұл елдер үшінші елдердің нарықтарында бәсекелестерге айналды. Өзбекстандағы қазіргі индустрияландыру саясаты болашақта бұл бәсекелестікті одан әрі күшейте түспек. Ел бірқатар дамыған елдерден, соның ішінде Оңтүстік Кореядан, АҚШ-тан, Сингапурдан және Франциядан инвестиция тартады. Өзбекстан технологиялық жағынан ілгері Үндістан, Беларусь сияқты дамушы елдермен ынтымақтастық жасауда. Сонымен қатар, ел индустрияландыру мақсатында әлемдік қаржы институттарының несиелерін пайдаланады. Ынтымақтастық бағыттары ауыл шаруашылығынан фармацевтика мен химия салаларына дейін кең спектрден тұрады. Бұл саясат екіжақты сауда құрылымына әсер етері сөзсіз. Сонымен, Қазақстан бұл өзгерістерден қалай пайда көре алады? Біріншісі, әрі ең бастысы, елге сауда соғыстарынан аулақ болу қажет. Себебі сауда құрылымын ескергенде бұл екі елдің де әл-ауқатына әсер етуі мүмкін. Оның үстіне импортқа немесе экспортқа тыйым салу саясаты мұқият талдануы керек. Мысалы, егер жеке сектор бір нарықты дамытып, үкімет экспортқа шектеулер енгізіп, оған тыйым салса, онда өндірушілер мен экспорттаушылар айтарлықтай шығындарға ұшырауы мүмкін. Өзбекстанның жоғары бәсекелестігі бағаны төмендетіп, ішкі өндірушілердің сапасын жақсартады. Нәтижесінде өндірушілерге инвестициялар мен инновациялардың жоғары деңгейлерін ұсынуға тура келеді. Екіншіден, Еуразиялық экономикалық одаққа байланысты елдер арасындағы еркін сауда туралы келісімнің мүмкін еместігін ескере отырып, Нұр-Сұлтан мен Ташкент екіжақты деңгейде транзиттік және тарифтік емес кедергілер сияқты шетін мәселелерді шешу арқылы ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі болуы керек. Осының нәтижесінде шыққан келіссөздер мен ықтимал келісімдер аймақтық және сыртқы нарықтарда әділ бәсекелестік үшін жағдай жасай алады. Үшіншіден, Қазақстан Өзбекстаннан инвестиция тартып, Өзбекстанда өз инвестицияларын ынталандыруы қажет. Бұл экономикалық мүдделердің, жабдықтау тізбегі мен қызметтер саудасының жақындасуына мүмкіндік беріп, болашақта саясаттың белгісіздігін төмендетуі мүмкін. Төртіншіден, Өзбекстанның өндірістік және өнеркәсіптік дамуының өсуі Қазақстанға экономикалық әрі саяси қауіптерді азайтуға мүмкіндік беретін импорт көздерін әртараптандыруға көмектеседі. Орталық Азия елдері аймақтық сауданың неғұрлым жоғары деңгейінен пайда көре алады. Түптеп келгенде, Өзбекстанмен ынтымақтастық үлкен маңызға ие болғандықтан, Қазақстан өзінің бәсекеге қабілеттілігін жергілікті және аймақтық деңгейде нығайту үшін нақты қадамдар жасауы тиіс.

Жазушы: Азимжан Хитахунов, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік       Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Тәжікстан мен Ресей арасындағы аймақтық әуе қорғанысының бірыңғай жүйесін құру жөнінде келісім жобасын әзірлеу туралы жарлыққа қол қойды. Тәжікстан Қорғаныс министрі алдығы келіссөздер мен келісімге жасалатын толықтыруларға жауапты болып тағайындалды. Ресеймен ортақ шекарасы болмағандықтан Тәжікстан өз аумағында және әуе кеңістігінде ұжымдық қауіпсіздіктің жеке аймағын бөледі (Sputnik, 22.09.2020). Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесіне (АӨСШК) мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлерінің онлайн-кездесуінде ұйымы төрағалығы Тәжікстаннан Қазақстанға өтті. Қазақстан 2020-2022 жылдардағы АӨСШК төрағасы ретінде ұйымды одан әрі институттандыруға көңіл бөлетінін мәлімдеді. Бұл мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге және АӨСШК-нің халықаралық аренадағы мәртебесін көтеруге мүмкіндік береді (ҚР СІМ, 24.09.2020). Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның Түркістан облысы Сарыағаш қаласында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар, әсіресе, коронавирустан кейінгі кезеңде Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы стратегиялық серіктестіктің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары туралы пікір алмасты. Сонымен қатар, олар Орталық Азиядағы және Түркі кеңесі аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады (President.uz; Elbasy.kz, 25.09.2020). Түрікменстан мен Өзбекстанның сыртқы істер министрліктері бейнеконференция форматында екіжақты саяси консультациялар өткізді. Тараптар Түрікменстан мен Өзбекстан арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттары туралы пікір алмасып, оны одан әрі дамыту үшін бірқатар ұсыныстар жасады. Арал мәселесі, Орталық Азиядағы суды басқару, Ауғанстанға көмек көрсету, сондай-ақ ірі энергетикалық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру сияқты аймақтық мәселелерді талқылауға ерекше назар аударылды (Түрікменстан СІМ, 21.09.2020). Әзірбайжанның жаңадан тағайындалған Сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов Тбилисиге алғашқы ресми сапары барысында Грузия Президенті Саломе Зурабишвилимен және Грузияның басқа да жоғары лауазымды адамдарымен келіссөздер жүргізді. Тараптар екі ел арасындағы саяси, экономикалық және қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты жандандыру жолдарын талқылады. Атап айтқанда, Президент Зурабишвили Грузия мен Әзірбайжан арасындағы шекараны делимитациялау үдерісінің аяқталуы олардың «өзара стратегиялық мүдделеріне» сәйкес келетіндігін мәлімдеді (TheFinancial, 25.09.2020).

Армения басып алған Таулы Қарабақ аймағында Әзірбайжан мен Армения қарулы күштері арасында кескілескен шайқас басталды. Екі ел нысандардың қатты зардап шеккенін және бейбіт тұрғындар мен сарбаздар арасында шығындар болғанын хабарлап, қақтығыстың туындауына бір-бірін айыптады. Бұл 2016 жылдан бергі аймақтағы ең ауыр қақтығыс болды. Баку мен Ереван әскери жағдай жариялады, ал БҰҰ, Еуропа елдері, Ресей және АҚШ екі тарапты да әскери әрекеттерді тоқтатуға шақырды (Азаттық, 27.09.2020).

Экономика, қаржы және энергия       «Қазақстан темір жолы» мен «Қытай темір жолы» басшылары екі ел арасындағы жүк транзитін арттыру және әкімшілік кедергілерді азайту бойынша онлайн режимде келіссөздер жүргізді. COVID-19 пандемиясына қарамастан, 2020 жылдың қаңтар-тамызында транзиттік жүк тасымалдау 14,2 млн. тоннаны құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 30%-ға артық. Тараптар 2020 жылдың аяғында бұл көлем 21 млн. тоннаға жетеді деп күтеді. Қазақстандық тарап қытайлық әріптестерін Достық теміржол станциясының инфрақұрылымын жаңарту жобасының жай-күйі туралы ақпараттандырды (TheAstanaTimes, 24.09.2020). Өзбекстанның Орталық банкінің мәліметтері бойынша, елдің жалпы сыртқы қарызы 2020 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша 27,6 млрд. долларды құрады.

Жыл басымен салыстырғанда қарыз көлемі 12,7%-ға яғни 3,1 млрд. долларға өсті. Осы кезеңде мемлекеттік сыртқы қарыз 1,7 млрдд. олларға өсіп, 17,4 млрд. долларға жетті, ал жеке сектордың қарызы 1,4 млрд долларға артып, 10,1 млрд. долларды құрады. Өзбекстанның банк секторы ірі жеке қарыз алушы болып табылады (UzDaily, 23.09.2020). Ауғанстан жаңартылатын энергия көздері туралы 160 млн. долларлық халықаралық келісімге қол қойды. Бұл келісім негізінде алдағы 16 айда елдің электр желісіне 110 мегаватт қосылады деп күтілуде. Жергілікті компания АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігімен (USAID) және Үндістан мен Түркия фирмаларымен серіктестікте Кабулда және Балх пен Герат провинцияларында күн мен желден қуат алу жобаларын дамытады. Қазіргі уақытта Ауғанстан бөгеттерінен 400 мегаватт қана өндіре алады және Иран, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстаннан 1,200 мегаватт энергия импорттайды (ArabNews, 24.09.2020).

Әзірбайжанның Аграрлық несие және даму агенттігі 1,895 фермерге шағын несие түрінде қолдау көрсетті. Қаржылық көмек 10,5 млн. долларды құрады, оның 8,8 млн. доллары мал шаруашылығымен айналысатын фермерлерге бөлінді. Сондай-ақ, агенттік ауылшаруашылық қнімдерін өндірушілеріне құрал-жабдықтар сатып алу мен мал өсіру сияқты мақсаттарға 30 млн. долларлық несиелер және 37,6 млн. доллардан астам жеңілдетілген субсидиялар берді. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі шағын несиелер үшін 12% және несиелер бойынша 7% құрайды (Trend, 24.09.2020).

Қытай-Беларусь индустриалды технологиялар инновациялық орталығы екі ел тарапынан құрылған GreatStone (Ұлы тас) индустриалды паркінің 65-ші резиденті болды. Бұл орталық – Беларусь Ұлттық ғылым академиясы, Қытайдың Гуандун провинциясы Ғылым академиясы және Фошань өнеркәсіптік технологиялар институтының бірлескен жобасы. Аталмыш орталық индустриалды паркте ҒЗТКЖныкоммерциаландыруға және жаңа материалдар, заманауи индустриялық технологиялар, цифрландыру, био және экотехнология бойынша зерттеулер жүргізуге арналған платформа ретінде қызмет етеді (БелТА, 25.09.2020).

Украина қоғамдық ғимараттарда энергия тиімділігі жобасын жүзеге асыру үшін Еуропалық инвестиция банкінен 300 млн. еуро көлемінде ұзақ мерзімді төмен пайыздық несие тартуды жоспарлап отыр. Жоба бойынша энергия үнемдеу шаралары шағын қалалардың балабақшаларында, мектептерінде, ауруханаларында, әкімшілік, әлеуметтік және мәдени ғимараттарында жүзеге асырылатын болады. Бұл шаралар энергия шығындарын үнемдеу арқылы мемлекеттік және жергілікті бюджеттерге түсетін салмақты айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді (Укринформ, 24.09.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет       «Отандастар» қоры Дүниежүзі қазақтары қауымдастығымен бірге онлайн форматта Ресейдің Омбы қаласында «Абай» мәдени-іскерлік үйінің салтанатты ашылуын өткізді. Орталықтың мақсаты – қазақтардың мәдени мұрасын насихаттау, сондайақ шетелдегі отандастармен іскерлік және гуманитарлық байланыстарды нығайту.

2020 жылдың аяғына дейін қор Қырғызстанда, Өзбекстанда, Германияда және Түркияда тағы төрт «Абай үйін» ашуды жоспарлап отыр (ҚазАқпарат, 22.09.2020). Халықаралық Түркі академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы «Бекем бауырластық байланыстар: Манастан Абайға дейін» атты кездесу ұйымдастырды. Басқосуға ресми тұлғалар, депутаттар, дипломаттар, қоғам қайраткерлері, ғалымдар және этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Шара барысында академия дайындаған «Манас» эпосының қазақ тіліндегі нұсқасы және Абай Құнанбайұлы шығармаларының қырғыз тіліндегі академиялық басылымының тұсаукесері өтті (TWESCO, 23.09.2020).

Түркия Ғылым академиясы, Моңғолия Елшілігі және Алания Алааддин Кейкубат университетінің ынтымақтастығымен Аланияда «Шыңғысхан және оның мұрасы» атты симпозиум ұйымдастырылды. 12 университет пен музейдің ғалымдары мен сарапшылары Түркиядағы және түркі әлеміндегі Шыңғыс хан мен моңғол мұрасы туралы тарихи түсініктер, Түркия музейлері мен мұрағаттарында Шыңғыс хан мен оның мұрагерлерінің іздері сияқты бірқатар тақырыптарды талқылады (Монцамэ, 21.09.2020). Еуропа одағы Орталық Азияда жеке-жеке 2,68 млн. еуро мен 1,28 млн. еуроны құрайтын «Қоғамдық туризм секторында энергия тиімділігі мен жаңартылатын энергияны ілгерілету» және «Жібек жолында қоғамдық туризм бастамасы» атты екі жаңа жобаны іске қосты. Жобалар Қырғызстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы шағын ауыл кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және осы елдердің туризм секторларындағы көміртегі ізін азайтуға бағытталған (Авеста, 21.09.2020).

Ауғанстан мен Тәжікстан қоршаған ортаны қорғау бойынша алғашқы екіжақты өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Бес жылдық құжат Пяндж-Әмудария өзені бассейнінің таулы экожүйесін қорғауға бағытталған. Меморандум бес негізгі бағытты қамтиды: климаттың өзгеруіне бейімделу; биоалуантүрлілікті сақтау; судың сапасын бақылау; экологиялық бағалау; экожүйені басқару бойынша білім мен тәжірибемен бөлісу. Екі ел сонымен бірге бірлескен жобалардың қоршаған ортаға әсерін бағалау міндетін алды (БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасы, 24.09.2020). USAID Тәжікстанның Хатлон облысында ана мен бала өлімін, аурушаңдығын және жеткіліксіз тамақтануын азайтуға бағытталған «Дені сау ана, дені сау бала» атты жаңа бесжылдық бағдарламасын жариялады. 17,3 млн. долларлық бағдарлама Тәжікстанның денсаулық сақтау және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен және аймақтық денсаулық сақтау органдарымен тығыз ынтымақтастықта жүзеге асырылады. Бағдарламаның түпкілікті нәтижесі Хатлон облысының 12 ауданында автономды денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру болмақ (АҚШ-тың Тәжікстандағы елшілігі, 23.09.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.