Өзбекстандағы банк реформалары және олардың ел экономикасына әсері

ӨЗБЕКСТАНДАҒЫ БАНК РЕФОРМАЛАРЫ ЖӘНЕ ОЛАРДЫҢ ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ӘСЕРІ Өзбекстанның қазіргі банк жүйесі тәуелсіздік алғаннан кейін қалыптасып, бірнеше кезеңнен өтті. Банк секторын реформалау ұлттық экономиканың дамуына үлес қосып, халықтың әлеуметтік және экономикалық әл-ауқатын жақсартуға бағытталды. 1991 жылы қабылданған «Банктер және банк қызметі туралы» Заң елдегі банк секторының реформалары үшін негіз болып, қазіргі екі деңгейлі банк жүйесінің құрылуына әкелді. 1995 жылы ақша айналымын реттеуді және коммерциялық банктер жүйесін дамытуды көздеген Орталық банктің (ОБ) құрылуымен Өзбекстан жаңартылған ақша-несие және валюта саясатын дамыта бастады.
1997 жыл банк секторына жеке меншік капитал келе бастаған жыл болып табылады. Бұл банк қызметтері саласында бәсекелестікті тудырып, мемлекеттік банктерді қайта құру арқылы құрылған жаңа коммерциялық банктердің пайда болуына ықпал етті. Банк жүйесінің тиімділігін арттыру мақсатында ОБ банк қызметтерін реттейтін ішкі заңнаманы қайта қарап, кеңейту арқылы екінші деңгейлі банктерді қадағалау жүйесін одан әрі жетілдіруге бағытталды. Банк секторының дамуының осы сатысында негізгі көмек Дүниежүзілік банк (ДБ) пен АҚШ-тың Халықаралық даму жөніндегі агенттігі тарапынан көрсетілді. 2000-шы жылдары елдің экономикалық саясатында әлеуметтік тұрақтылық пен экономикалық өсуді қамтамасыз етуге бағытталған құрылымдық реформаларға сақтық шаралары қолданылды. Өтпелі экономикасы бар басқа елдермен салыстырғанда Өзбекстан елдің банк секторына шетел капиталының қатысуына қатысты әлеуетті инвесторларға қатаң талаптар қойды. Елдің сыртқы қарыздары көбінесе Азия Даму Банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы және ДБ сияқты қаржы нарығының ауытқуларына ұшырамайтын көздерден келді. Бұл тәсіл, бір жағынан, Өзбекстанның банк жүйесінің жаһандық экономикалық қауіптерге және соққыларға ұшырауын айтарлықтай азайтты; ал екінші жағынан, банк секторының одан әрі дамуы банк қызметтері саласын бақылауда ұстаған үкімет тарапынан күрделі капитал құюды талап етті. Мемлекеттік қатысудың жоғары деңгейі банк жүйесінің тұрақты дамуын қамтамасыз етсе де, банк секторын ырықтандыру дәрежесі төмен болып қалды. Атап айтқанда, валюталық операциялар бойынша шектеулер болды. Сонымен қатар, банктердің несие саясатына қатысты шектеу талаптары шағын және орта бизнесті қаржыландыруға кедергі келтірді, бұл ірі бизнеске бағытталған мақсатты несие жүйесінің пайда болуына алып келді.
Президент Шавкат Мирзиеевтің 2016 жылғы желтоқсанда билік басына келуімен елдің барлық салаларында, соның ішінде банк секторында ауқымды реформалар жүргізіле басталды. Қазіргі уақытта Өзбекстанда 28 екінші деңгейлі коммерциялық банк, оның ішінде 12 акционерлік коммерциялық банк, сегіз жеке банк, шетелдік капиталдың қатысуымен бес банк және үш мемлекеттік банк бар. Президент бастамашы болған 2017-2021 жылдарға арналған Өзбекстан дамуының бес басым бағыттары бойынша іс-қимыл стратегиясы аясында банк жүйесін одан әрі реформалау, оның орнықты дамуын қамтамасыз ету және банктердің қызметін халықаралық стандарттарға сай жетілдіруге ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, ақша-несие жүйесін жетілдіру, шетелдік инвестицияларды тарту, сондай-ақ салық салу мен несие рәсімдерін жеңілдету бойынша жұмысты жалғастыру күтілуде. Коммерциялық банктердің тиімділігін арттырудың басым бағыттарының бірі – белгілі бір шектерде тауарлар мен қызметтерді сатып алуға мүмкіндік беретін несие карталарын қолданысқа енгізу сияқты қолма-қол ақшасыз төлемдер көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды жүзеге асыру.
Елдің банк жүйесіне Өзбекстанның ұлттық валютасы – сомды еркін айырбастауды енгізу арқылы валюта нарығын ырықтандыру бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Толық айырбасталатын валютаға көшу кезеңінде үкімет банктерге арнайы қаржылық қолдау көрсетіп, 2017 жылдың маусымында коммерциялық банктердің жарғылық капиталдарындағы мемлекеттік үлесті 500 млн. долларға ұлғайтты. Келесі қадам валюталық операцияларды шектеудің біртіндеп алып тасталуын қамтыды. 2018 жылдың 1 сәуірінен бастап Өзбекстан азаматтарына банкоматтарда халықаралық төлем карталарынан валютаны алуға рұқсат етілді. Қазіргі уақытта мемлекет шетел валютасын халықаралық несие картасына аударылған жағдайда ғана сатып алуға рұқсат береді. ОБ-ның мәліметтері бойынша, Өзбекстанның коммерциялық банктері 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында ел халқына 150,6 млн. доллар шетел валютасын сатты, оның 84,7 млн. долларын жеке кәсіпкерлер сатып алды. 2018 жылдың сәуір айынан бастап коммерциялық банктер мобильді қосымшалар арқылы онлайн айырбастауды енгізе бастады. Атап айтқанда, 2018 жылдың сәуір айында сатып алынған 4,1 млн. доллар шетел валютасы мобильді қосымшалар арқылы сатып алынды.
Өзбекстанның Орталық Банкінің деректері бойынша, 2017 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша елдің банк жүйесінің жиынтық активтері 90,1 трлн. сомға, яғни 21,45 млрд. долларға жетті. Бұл 2016 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 29,2%-ға көп. Капиталдың жеткіліктілік коэффициенті халықаралық нормалардан 1,8 есе асты. 2018 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша коммерциялық банктердің жиынтық активтері екі есе артып, 166,6 трлн. сомға (20,89 млрд. доллар) жетті. 2017 жылдың қорытындысы бойынша, банк жүйесіндегі реформалар ОБ-ның ақша-несие саясатының тиімділігін арттыруға және банк жүйесінің қаржылық тұрақтылығын одан әрі нығайтуға мүмкіндік берді. Дүниежүзілік экономикалық форум рейтингісіне сәйкес, Өзбекстан ең жылдам дамып келе жатқан бес елдің қатарына кіреді. Сонымен қатар, Standard and Poor's, Fitch Ratings және Moody's Investors Service сияқты несиелік рейтингтік ұйымдар Өзбекстанның коммерциялық банктеріне оң баға беріп, оларды тұрақты түрде дамып жатқан банктер деп анықтады.
Жалпы алғанда, соңғы экономикалық қиындықтарға және биліктің ауысуына қарамастан, Өзбекстан экономикасы тұрақты және орнықты түрде дамып келеді. 2020 жылға қарай коммерциялық банктер 2015 жылы басталған Банктік қадағалау жөніндегі Базель комитеті (Базель III) шығарған стандарттарға кезеңкезеңмен көшуін аяқтайды деп күтілуде. 2017 жылы Өзбекстанның банк секторын реформалауда оң үрдіс байқалды. Бұл халықаралық қоғамдастықтың назарынан тыс қалмады. Атап айтқанда, Еуропалық қайта құру және даму банкі 2005 жылы өзінің қатысуын тоқтатқаннан кейін елде өз жұмысын қайта бастады. Жүргізілген реформаларға оң баға берілуі әсіресе, бөлшек несиелеуде банк секторы реформаларының жоғары қарқынын сақтап қалу қажеттілігін одан әрі арттырды. Банк секторын әртараптандыру және корпоративтік несиелеуден халыққа банктік қызметтердің толық спектрін ұсынуға көшу, әрине, экономикалық өсудің жалғасуына ықпал етеді. Алайда, жаңа ақша-несие саясатының іске асырылуымен байланысты қауіптерді барынша азайту мақсатында мониторинг және есеп беру жүйесінің тиімділігін арттыру маңызды.
Жазушы: Жандос Ранов, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Мәскеуге ресми сапармен барған Франция Президенті Эммануэль Макрон Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екіжақты ынтымақтастықты жақсарту жолдарын талқылап, жаһандық және аймақтық мәселелер бойынша, соның ішінде Сириядағы соғыс, Украинадағы жағдай және Иранның ядролық келіссөзінің болашағы туралы пікір алмасты. Бакуге ресми сапары барысында Сербия Президенті Александр Вучич Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевпен бірқатар салаларда, соның ішінде саяси және экономикалық салалардағы екіжақты қатынастардың одан әрі дамуын талқылады. Сапардың қорытындысы бойынша тараптар үкіметаралық келісімдер пакетіне, соның ішінде Стратегиялық әріптестік жөніндегі бірлескен ісқимыл жоспарына қол қойды. Мәскеуге ресми сапары барысында Үндістанның Премьер-министрі Нарендра Моди Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы экономикалық қарымқатынасқа ерекше назар аудара отырып, әскери-техникалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Бішкекке ресми сапары барысында ЕҚЫҰ Бас хатшысы Томас Гримингер Қырғызстанның Сыртқы істер министрі Ерлан Әбділдаевпен кездесіп, екіжақты өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін және өзара ынтымақтастықты нығайтудың келешегін талқылады. Анкараға ресми сапары барысында Қырғызстанның Мәдениет, ақпарат және туризм министрі Сұлтан Жұмағұлов Түркияның Мәдениет және туризм министрі Нуман Куртулмушпен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы мәдени байланыстарды одан әрі дамыту және нығайту, сондай-ақ туризм саласындағы тәжірибе алмасу мәселелерін қарастырды. Кездесудің қорытындысы бойынша тараптар туризм саласындағы ынтымақтастық жөніндегі арнайы іс-шаралар жоспарын бекітті.
Орталық Азияға ресми сапары барысында Ресей Қорғаныс министрі Сергей Шойгу Өзбекстан мен Қазақстанда болды. Ташкентке сапары барысында Ресейдің Қорғаныс министрі Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевпен халықаралық және аймақтық қауіпсіздік мәселелерін талқылап, екіжақты әскеритехникалық ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін қарастырды. Астанаға сапары барысында Сергей Шойгу Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен кездесіп, қорғаныс-өнеркәсіп саласындағы мемлекетаралық қатынастарды одан әрі нығайту перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, Шойгу Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының Қорғаныс министрлері кеңесінің отырысына қатысты. Ашхабадқа ресми сапары барысында Еуропа Одағы (ЕО) Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Питер Буриан Түркіменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередовпен кездесті. Кездесу барысында тараптар өзара қызығушылық тудыратын негізгі мәселелерді, соның ішінде ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясын одан әрі іске асыруды қарастырды.
Астана қаласында Сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде өткен Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны әзірлеу жөніндегі арнайы жұмыс тобының 51-ші отырысы барысында тараптар өткізілуі жоспарланған Бесінші Каспий саммитінің күн тәртібін және қорытынды құжаттың жобасын мақұлдады. Кездесуге қатысушылар көлік, саудаэкономикалық ынтымақтастық, сондай-ақ Каспий теңізіндегі оқиғаларды болдырмау туралы келісімдерді қоса алғанда, бірқатар құжаттарға қол қойды.
Экономика, қаржы және энергия Тәжікстан Ұлттық банкінің мәліметіне сәйкес, 2018 жылғы сәуірдің басындағы жағдай бойынша Тәжікстанның қаржы институттары тарапынан берілген несиелердің жалпы сомасы 8,1 млрд. сомониді (905 млн.
доллар) құрайды. Сондай-ақ, есепті кезеңде несие ұйымдары депозиттерінің жалпы көлемі 9 млрд. сомониден (1 млрд. доллар) астам болды. Қазатомөнеркәсіп ұлттық атом компаниясының ақпараты бойынша, қазақстандық уранның бірінші партиясы Бразилияға жеткізілді. 2018 жылдың мамыр айында компания бразилиялық Indústrias Nucleares do Brazil компаниясына табиғи уран концентраттарын жеткізу бойынша халықаралық тендерді жеңіп алды. Қырғызстан Ауыл шаруашылығы, азық-түлік қауіпсіздігі және мелиорация министрі Нұрбек Мурашевтің айтуынша, ел 2017 жылы ЕЭО елдеріне 157 млн. доллар көлемінде жеміс-жидек дақылдарын экспорттады. 74 млн. долларлық жеміс-жидек дақылдары Қазақстанға, ал қалғандары Ресейге экспортталды.
Тәжікстан статистикалық агенттігінің хабарлауынша, елдің сыртқы борышы 2018 жылдың бірінші тоқсанында шамамен 20 млн. долларға азайып, 2,8 млрд. долларға дейін төмендеді. Тәжікстанның ең көп қары- зы бар институттар арасында Қытай Эксимбанкі келеді және қарыз сомасы 1,2 млрд. доллардан асады. Әзірбайжанның Экономика министрі Шахин Мустафаевтың айтуынша, 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында елдің шикізаттық емес саласы 10%-ға өсті. 2017 жылы бұл көрсеткіш 3,7%-ды құрады. Аталмыш кезеңде шикізаттық емес экспорт 35%-ға өсті. Иран Ұлттық мұнай компаниясының басқарушы директоры Али Кардордың айтуынша, Иранның жалпы шикі мұнай экспорты тәулігіне орта есеппен 2,5 млн. баррельді құрады.
Сондай-ақ, егер Иранның ядролық келісімі ЕО-да сақталса, елдің мұнай экспорты өзгеріссіз қалады.
Қоғам және мәдениет Дайындағандар:
Лидия Пархомчик, Даурен Абен, Данияр Нурбаев Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев 1918 жылы құрылған алғашқы республиканың жүз жылдығына орай 634 сотталған адамды кешіру туралы қаулыға қол қойды. Кешірілгендер арасында 39 шетел азаматы, оның ішінде Грузияның 11 азаматы, Қытайдың бес азаматы, Ресей мен Иранның төрт азаматы, Түркия мен Бангладештің әрқайсысынан үш азамат, Түрікменстан мен Қазақстанның әрқайсысынан екі азамат, Өзбекстан, Камерун, Үндістан, Ауғанстан және Украина азаматтары, сондай-ақ үш азаматтығы жоқ адам бар.
Өзбекстанның Министрлер Кабинетінің қаулысына сәйкес, 2018-2019 жылдары елде қазіргі заманғы кинотеатрлар желісін құру жоспарланып отыр. Елде барлығы 49 кинотеатр салынады. Қарақалпақстан, Жизак облысы және Ташкенттің әрқайсысында екі кинотеатр, Әндіжан облысында алты кинотеатр, Бұқара және Хорезм облыстарының әрқайсысында бес кинотеатр, Қашқадария, Ферғана және Наманған облыстарының әрқайсысында төрт кинотеатр, Науаи, Самарқанд, Сырдария, Сурхандария және Ташкент облыстарының әрқайсысында үш кинотеатр ашылады.
Мемлекеттік Ресейлік ғарыш жүйелері компаниясына сәйкес, елде 2025 жылға қарай 870 км орбитада 288 спутникті қажет ететін жаһандық спутниктік байланыс желісін құруға бағытталған жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Жоба аясында аэроғарыштық инфокоммуникация желісін құру және егер табысты болса, орбиталық Интернет жасау көзделген.
Қазақстанда туған ресейлік режиссер Сергей Дворцевойдың «Айка» атты әлеуметтік драмасында басты рөлді ойнаған қазақстандық актриса Самал Еслямова 71-нші Канн кинофестивалінде үздік актриса атанды.




