Өзбекстанның бюджет жүйесі: даму кезеңдері мен қазіргі реформалар

ӨЗБЕКСТАННЫҢ БЮДЖЕТ ЖҮЙЕСІ: ДАМУ КЕЗЕҢДЕРІ МЕН ҚАЗІРГІ РЕФОРМАЛАР 1991 жылы Өзбекстан өз тәуелсіздігіне қол жеткізген соң, өзінің жеке бюджет жүйесінің моделін жасау және оны енгізу ісін қолға алды. Әлемнің басқа елдерінде сияқты бұл жүйенің басты міндеті – тиісті нормативті-құқықтық базаның негізінде мемлекеттік қаржының оңтайлы әрі тиімді пайдалануын қамтамасыз ету. Мемлекеттің қолындағы өзге экономикалық инструменттермен бірге мемлекеттік бюджет ұлттық экономиканы басқарып реттеуде және әлеуметтік-экономикалық өсуді қамтамасыз етуде маңызды рөл ойнайды. Бұл мақалада Өзбекстанның бюджеттік жүйесінің тарихы және қазіргі кезеңі бағаланады.
Өзбекстанның бюджет жүйесі біртіндеп дамып, бірнеше кезеңдерден өтті. 1992-1999 жылдарды қамтыған бірінші кезеңде бюджет жүйесінің қалыптасу үдерісі әкімшіләміршіл жоспарлы экономикадан нарықтық экономикаға көшу жағдайында жүрді. Ол кезеңде ауыр экономикалық дағдарыс орын алып, Кеңес Одағы ыдырауының салдарынан Өзбекстан қалыптасқан шаруашылық байланыстардан және жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 21%-на дейін жеткен Орталықтан түсіп отырған едәуір қаржылай трансферттерден айырды. ЖІӨ-нің күрт төмендеуі ел бюджетіне түсіп отырған кірістердің азаюына және бюджет тапшылығының артуына алып келді. Егер, бюджеттің кіріс бөлігі салықтардың жоғары мөлшерлемесі есебінен толықтырылып отырған болса, шығыс бөлігі көбіне әлеуметтік мәселелерді шешуге бағытталды, өйткені, шығыстардың 60%нан астамын әлеуметтік төлемдер, жәрдемақылар және дотациялар құрады. Жоғары инфляцияның себебінен ұлттық валютаны енгізу бюджет мәселелерін шешудің оңтайлы жолына айнала алмай, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында ел бюджеті бір жылға емес, бір тоқсанға қабылданып отырды.
Бұл кезеңде макроэкономикалық тұрақтылық пен бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз ету басты міндетке айналды. Бюджет жүйесінің заңнамалық базасын және бюджетаралық қатынастардың негізін құра отырып, Өзбекстан үкіметі мемлекеттік бюджетті орындау және шығындарды қаржыландыру үдерістеріне қатысты бақылау механизмдерін жетілдірді. Мемлекет біртіндеп кәсіпорындарға, ұйымдар мен мекемелерге бюджет бөлінетін қаржының тиімді жұмсалуына бақылауды күшейтті. Бюджет шығындарын қысқарту үшін елдегі билік халықтың мейлінше қорғалған бөлігін атаулы көмекпен қамту үшін әлеуметтік қорғау жүйесін реформалауын жүргізді. Гиперинфляцияны басу және макроэкономикалық тұрақтылыққа қол жеткізу үшін жас мемлекет бірнеше жылын кетіруге мәжбүр болып, бұл жағдай өз кезегінде бюджеттің кіріс және шығыс бөлігін тұрақтандыруға мүмкіндік берді. 1990 жылдардың екінші жартысында Өзбекстанның ЖІӨ дағдарысқа дейінгі көрсеткішке жетіп, 2000 жылдардың басында ЖІӨ-нің өсу қарқыны халық санының өсуінен асып түсті. 2000-2005 жылдары мемлекеттік бюджетті қалыптастыру және үлестіруді одан ары жетілдіру үдерісі жүріп, бюджет қаражатын мақсатты түрде пайдалануды бақылау бұрынғыдан да күшейе түседі. Бұл кезеңді Өзбекстан бюджет жүйесінің екінші даму кезеңі ретінде қарастыруға болады. Осы кезең барысында Өзбекстан Кеңес Одағынан мұра болып қалған мемлекеттік бюджетті банк жүйесі арқылы орындаудан бас тартып, қазынашылық жүйеге көшті. Банк жүйесінде бюджеттің орындалуы Орталық және коммерциялық банктер арқылы жүйеге асырылған болса, қазынашылық жүйеде бюджет алушылардың атынан және олардың тапсырмасы бойынша төлем жасау арқылы бюджетті қазынашылық органдар орындауға кірісті. Бюджет тәртібін сақтауда орын алған көптеген заң бұзушылықтар банк жүйесінің басты кемшіліктерінің біріне айналса, қазынашылық жүйені енгізу арқылы Өзбекстан бюджетті орындаудың сапасы мен тиімділігін айтарлықтай арттыруға ұмтылды. Сонымен қатар, мемлекеттік бюджеттің шығындарын азайту үшін қаржыландырудың нормативті әдістері енгізіліп, мемлекеттік сатып алу жүйесі құрыла бастап, бұл жағдай өз кезегінде тиісті сападағы қажетті тауарларды минималды баға бойынша сатып алуға мүмкіндік жасады. 2006 жылы басталып, соңғы уақытқа дейін жалғасып келген үшінші кезең барысында мемлекеттік қаржы жүйесін одан ары жетілдіру шаралары жүргізіліп, Өзбекстанның қаржы министрлігінің жанынан Қазынашылық және оның территориалдық бөлімдері құрылды. Сонымен қатар, Өзбекстан үкіметі елдің бюджет заңнамасының реформасын жасаған болатын. 2013 жылдың аяғында «Бюджет жүйесі туралы» заңның орнына Өзбекстан Республикасының Бюджет кодексі қабылданып, ол мемлекеттік бюджетті қалыптастыру, құру, қарастыру, қабылдау, бекіту және орындау саласындағы қатынастарды реттейтін басты құжатқа айналды. Бұл кезеңде бюджет шығындарын нәтижеге және олардың тиімділігін арттыруға бағыттау бюджет жүйесінің негізгі ұстанымдарына айналды. Басқа сөзбен айтқанда, үкімет министрліктер, ведомстволар және өзге де қаржы алушылар деңгейінде мақсатты бағдарламалар бойынша қаржыландырудың үдерісін тұрақты бақылау орнату арқылы бюджет қаржысын тиімді пайдалануға басымдық жасады. Бюджет үдерісі қатысушысының жауапкершілік ұстаным басшылыққа алынған негізгі ұстанымдардың біріне айналып, ол бойынша әрбір қатысушы осы үдерістің әрбір кезеңінде өз ісәрекеттеріне өзі жауап береді. Шавкат Мирзиёев билікке келген соң, Өзбекстанның барлық салаларында елдің толыққанды экономикалық гүлденуін қамта-масыз етуге бағытталған ауқымды реформалар жүргізіліп жатыр. Бұл үрдістен жаңа даму кезеңіне аяқ басқан бюджет жүйесі де шет қалған жоқ. Дәлірек айтқанда, 2018 жылы тамызда бюджеттік деректердің ашықтығын арттыру мақсатында президент Мирзиёев «Бюджеттік деректердің ашықтығын және бюджет үдерісіндегі азаматтардың белсенді қатысуын қамтамасыз ету бойынша шаралар туралы» қаулы қабылдады. Бұл құжат бюджет қаржысын қалыптастыру және оларды жұмсауға қатысты парламенттік және қоғамдық бақылау жүргізудің жаңа тәртібін анықтаған болатын. 2019 жылы желтоқсанда Мирзиёев «2020 жылға арналған Өзбекстан Республикасының Мемлекеттік бюджеті туралы» заңға қол қойып, ел тарихында алғаш рет мемлекеттік бюджет президенттік қаулысымен емес, заң түрінде қабылданды. Құжаттың жаңа мәртебесіне орай, президент қол қойғанға дейін бұл заң Олий Мәжілістің (парламенттің) Заң шығарушы паласымен (төменгі палатамен) қабылданып, Сенатпен (жоғары палатамен) мақұлданды. Сонымен бірге, алғаш рет бюджет пен мақсатты қорлардың болжамды кірісі мен шығысы тек бір жылды ғана емес, 2021-2022 жылдарға арналған мақсатты нысаналар да қамтитындығын жеке атап өткен. Аталған заңға сәйкес 2020 жылдан бастап Өзбекстанда парламент пен жергілікті халық депутаттары кеңестерінің өкілеттіліктерін кеңейтуге, кірістерді қалыптастыру мен жергілікті бюджеттердің қаржысын пайдалануда жергілікті жердегі мемлекеттік билік органдарының дербестігін қамтамасыз етуге бағытталған жаңа бюджет жүйесі енгізілуде. Демек, министрліктер мен ведомстволар деңгейіндегі мемлекеттік бюджеттің шығындарын Олий Мәжілістің палаталары, ал жергілікті бюджеттердің шығындарын жергілікті кеңестермен бекітілетін болады. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттердің толық қарауына өтетін кіріс түрлерінің тізбесі де кеңейтілді. Жоғарыда аталған өзгерістермен қатар, министрліктер мен ведомстволарға ортамерзімді кезеңге арналған бағдарламалар мен инвестициялық жобаларды жоспарлауға мүмкіндік беретін бюджеттік күнтізбесі енгізілуде. Сөз соңында, бюджет жүйесінің жаңартылуы Өзбекстанның үкіметінің ұлттық экономиканың жаңғыруын қамтамасыз етуге, елдің инвестициялық тартымдылығын өсіруге және халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған шаралардың бірі ғана екендігін айта кету керек. Бүгінгі таңда, президент Мирзиёевтің бастама көтеруімен жүзеге асырылып отырған реформалардың қарқыны коронавирус пандемиясына байланысты туындаған қаржы-экономикалық дағдарысына байланысты төмендеді. Дегенмен, Өзбекстан президентінің экономикалық бастамалары тиянақты ойластырылған және тұрақты болған жағдайда, олар бұл қиын сынақтан өтуі тиіс.
Жазушы: Жандос Ранов, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан • • • • • • Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Түркі кеңесіне мүше елдердің басшылары бейнеконференция форматында «СОVID19 пандемиясымен күресудегі ниеттестік және ынтымақтастық» тақырыбында төтенше саммит өткізді. Бұл саммитке Түркі кеңесінің қазіргі төрағасы Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиев бастамашы болды. Сондай-ақ, саммитке Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус те қатысты. Тараптар індетке қарсы тұру және оның салдарын жою саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бел буғандықтарын атап өтті (Түркі кеңесі, 10.04.2020).
Қазақстан Сенаты Америка Құрама Штаттарымен (АҚШ) консулдық қызметкерлер мен олардың отбасы мүшелеріне дипломатиялық иммунитеттер мен артықшылықтар беруге қатысты мәселелерді реттейтін үкіметаралық келісімді ратификациялады. Құжат дипломаттарға өзара негізде 1961 жылғы Дипломатиялық қатынастар туралы Вена конвенциясына сәйкес юрисдикциялық иммунитеттер ұсынып, оларды салықтардан, алымдардан және баждардан босатады (ҚазАқпарат, 09.04.2020).
Украина Президенті Владимир Зеленский Запорожье облысына жасаған жұмыс сапары барысында Азов теңізіндегі жедел жағдаймен және Украина әскери-теңіз күштерінің «Восток» теңіз базасын дамыту жоспарымен танысты. Президент 2020-2021 жылдары базаның инфрақұрылымдық нысандары салынатын Бердянск қаласындағы теңіз сауда портының аумағын аралап көрді. Қазіргі уақытта «Восток» әскери-теңіз базасы Николаев қаласында орналастырылған (Укринформ, 11.04.2020).
Грузия шекара полициясы мен НАТО-ның екінші тұрақты әскери-теңіз тобы (SNMG2) кемелері SNMG-2-нің Грузияға порт сапары аясында Қара теңізде бірлескен оқужаттығу өткізді. ДДСҰ мен Грузия Ауруларды бақылау ұлттық орталығының ұсыныстарына сәйкес, оқу-жаттығу экипаждың араласуынсыз өткізіліп, тек кеме маневрлері жасалды. COVID-19 ауруының таралуын болдырмау үшін сапар аясында жоспарланған барлық қоғамдық және мәдени шаралар тоқтатылды (Georgia Today, 11.04.2020).
Ашхабадта БҰҰ және оның бөлімшелерінің өкілдері Түрікменстанның бірқатар мемлекеттік органдарының лауазымды тұлғаларымен кездесу өткізді. Кездесу барысында қатысушылар өзара қызығушылық тудыратын маңызды мәселелерді талқылады. Атап айтқанда, жұқпалы аурулардың таралуына қарсы алдын алу шаралары, соның ішінде түрікмен денсаулық сақтау жүйесінің ресурстық базасын нығайту туралы пікір алмасты (Түрікменстан СІМ, 09.04.2020).
Тәжікстан шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың елдің өткізу пункттері арқылы кіруіне және шығуына уақытша шектеулер енгізді. Шекараны жабу туралы шешім Тәжікстан аумағында коронавирустың таралуын болдырмау үшін қабылданды. Бұл шектеулер шетелдік дипломаттарға және Тәжікстанда тіркелген халықаралық ұйымдар мен қаржы институттарының өкілдеріне қолданылмайды. Алайда, шекарадан өткеннен кейін олар міндетті түрде 14 күндік карантиннен өтуі тиіс (Sputnik, 10.04.2020).
Қоғам және мәдениет Экономика, қаржы және энергия • • • • • • Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) мүше мемлекеттердің және Молдованың премьер-министрлері Еуразиялық үкіметаралық кеңестің бейнеконференция отырысына қатысты. Тараптар COVID-19 індетінің таралуына қарсы тұру, экономиканы тұрақтандыру және халық пен бизнесті қолдау бойынша қабылданған шараларды талқылады. Отырысқа қатысқандар 2025 жылға дейін Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамытудың стратегиялық бағыттарының жобасын, арнайы қорғау, демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану тетіктерін жетілдіруді, электрондық сауданы дамытуды және басқа да мәселелерді қарастырды (Primeminister.kz, 10.04.2020).
Азия даму банкі жақында жариялаған Орталық Азиядағы бес мемлекеттің екі жылдық экономикалық перспективалары туралы есебінде коронавирустық пандемияға байланысты бұл мемлекеттердің экономикалары күрт бәсеңдейтінін болжады. Есепке сәйкес, мұнай бағасының құлдырауы, өндірістің нашарлауы, туризм секторының тоқырауы және негізгі инфляцияның үдемелі өсуі аймаққа әсер ететін болады. Атап айтқанда, сарапшылар 2020 жылы COVID19 және мұнай экспортынан түсетін табыстың төмендеуіне байланысты Қазақстандағы экономикалық өсім төмендейді деп болжайды (Kazakh TV, 10.04.2020).
Дүниежүзілік банктің болжамынша, Түркия экономикасы 2020 жылы бәсеңдейді. ЖІӨ өсімі 0,5% деңгейінде болады деп күтілуде, бұл ағымдағы дағдарысқа дейінгі болжамнан 3%-ға төмен. Энергия бағасының төмендеуі, валюта бағамына қысым жасау және сандық жұмсарту инфляция деңгейіне де әсер етпек. Бұл көрсеткіш 11% деңгейінде болады деп болжанып отыр. Алайда, 2021 жылы экономиканың қалпына келуі арқылы ЖІӨ 4%-ға өсіп, инфляция 9%-ға дейін төмендейді деп күтілуде (Daily Sabah, 09.04.2020).
Дүниежүзілік банктің қайта қаралған экономикалық болжамына сәйкес, Әзірбайжан экономикасы 2020 жылы 0,2%-ға төмендегеннен кейін 2021-2022 жылдары тұрақты дамитын болады.
2021 жылы ЖІӨ-нің нақты өсуі 2,2% деңгейінде болып, 2022 жылы 2,4%-ға дейін өспек. 2020 жылы елдің агроөнеркәсіптік саласының тұрақтылығы саөталып, 5,5%-ға өссе, 2021 және 2022 жылдары 5,4%-ға өседі деп күтілуде. Ал, өнеркәсіптік өндіріс 2020 жылы 1%-ға төмендегеннен кейін, келесі екі жылда сәйкесінше 0,7% және 0,1%-ға өсетін болады (Дүниежүзілік банк, 08.04.2020).
Украина 2019-2020 жылдар аралығында рекордтық мөлшерде 47 млн. тонна астық экспорттады, бұл өткен мезгілге қарағанда 21%-ға жоғары.
Есептелген экспорт көлемі 18,1 млн. тонна бидай, 24 млн. тонна жүгері және 4,4 млн. тонна арпаны қамтиды.
Алайда, жуырда үкімет ішкі нарықта коронавирустық пандемияның салдарынан туындаған нан бағасы мен тиісті жеткізілімдерге қатысты алаңдаушылыққа байланысты бидай экспортына шектеулер енгізді (Рейтер, 08.04.2020). Беларустың Ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрлігі мен Қытайдың Шағын және орта бизнес қауымдастығының жұмыс комитеті бес жылға арналған стратегиялық ынтымақтастық орнату ниеті туралы меморандумға қол қойды. Құжат Қытайға ауылшаруашылық және азық-түлік өнімдері мен дәстүрлі қытай медицинасына арналған шикізат экспортын қарастырады. Қытай тарапы Беларусь өнімдерін Қытайға жеткізу алаңын құруға және қытайлық бизнес серіктестерін іздеуге көмектеседі (БелТА, 08.04.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов • • • • • • Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің хабарлауынша, Әзірбайжан мен Түркия балабанды (цилиндр тәрізді, қос түтікті үрмелі аспап)
ЮНЕСКО-ның Мәдени мұра нысандары тізіміне енгізу туралы бірлескен өтініш берді. Сонымен қатар, Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және Түрікменстан бірлесіп Қожанасыр туралы әзіл әңгімелерін тізімге қосу туралы өтініш берді (Trend, 06.04.2020).
Ташкент мемлекеттік педагогикалық университетінде Әмір Темірдің әлемдік тарихтағы рөлі туралы бейнеконференция өтті. Іс-шараға Өзбекстанның 20 жоғары оқу орнының 130-дан астам профессоры мен студенті қатысып, Әмір Темірдің өмірі мен мұрасы туралы ағымдағы және болашақ зерттеулерді талқылады. Қатысушылар Тимуридтер дәуірінің қоғамдық-саяси және экономикалық өмірін зерттеу кезінде қолданылатын әдістер туралы ұсыныстармен алмасты (UzA, 11.04.2020). Өзбекстан Тәжікстанға COVID-19 таралуын болдырмауға көмектесу мақсатында гуманитарлық көмек жіберді. Қорғаныш киім, көзілдірік, сұйық натрий гипохлориті, респираторлар, қолғаптар, пирометрлер және ұн өнімдері тиелген пойыз Өзбекстанның Сурхандария облысынан Душанбеге бет алды. Коронавирустық пандемия кезінде Өзбекстан Ауғанстанға, Қытайға, Иранға және Қырғызстанға гуманитарлық көмек көрсетті (UzA, 09.04.2020). Қытай Қазақстанға коронавируспен күресуге көмектесу үшін Нұр-Сұлтанға 10 қытайлық дәрігер жіберді, сонымен бірге Қытайдан 5,5 тоннаға жуық гуманитарлық көмек жеткізді. Қытайлық мамандар Қазақстан Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық денсаулық сақтау орталығында болып, елдегі қазіргі эпидемиологиялық жағдаймен және COVID-19 таралуын болдырмау бойынша қабылданған шаралармен танысты. Дәрігерлер Қазақстанда 15 күн болып, жергілікті медицина қызметкерлерімен тәжірибе алмасу үшін бірнеше облыстарға барады (Tengrinews; ҚазАқпарат, 10.04.2020). АҚШ COVID-19 пандемиясымен күресу үшін шаралар қабылдай бастаған Түрікменстан үкіметіне медициналық көмек ретінде 920 мың доллардан астам қаражат бөлді. Қаражат зертханалық жүйені дайындауға, эпидемиологиялық қадағалауды күшейтуге, ауру жағдайларын іздеуді және ерте анықтауды жандандыруға, сондай-ақ техникалық сарапшылардың дайындығын қолдауға жұмсалады. Бұған қоса, АҚШ елшілігі мен Түрікменстан билігі АҚШ азаматтарының Түрікменстаннан АҚШ-қа чартерлік рейспен қайта оралуы бойынша ынтымақтасты (АҚШ-тың Түрікменстандағы елшілігі, 06.04.2020). Грузия COVID-19 салдарынан болатын ауру мен өлім-жітім деңгейі бойынша әлемде 109-шы және Еуропада 50-ші орынды иеленіп, вирустың таралуын болдырмауда ең жақсы нәтижелердің бірін көрсетті. Еуропада тек Лихтенштейн, Монако және Ватиканда ғана Грузияға қарағанда инфекция және өлім жағдайлары аз. 2020 жылдың ақпан айынан бері Грузияда коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 195 адамды құрады, олардың 39-ы қалпына келіп, екеуі қайтыс болды (Agenda.ge, 07.04.2020).




