ТМҰ мемлекеттерінде дезинформациямен күрес: Түркия президент әкімшілігі коммуникация басқармасының дезинформациямен күрес орталығының үлгісінде

ТМҰ МЕМЛЕКЕТТЕРІНДЕ ДЕЗИНФОРМАЦИЯМЕН КҮРЕС: ТҮРКИЯ ПРЕЗИДЕНТ ӘКІМШІЛІГІ КОММУНИКАЦИЯ БАСҚАРМАСЫНЫҢ ДЕЗИНФОРМАЦИЯМЕН КҮРЕС ОРТАЛЫҒЫНЫҢ ҮЛГІСІНДЕ Бүгінде «постшындық» (post-truth) деген атаумен әйгіленген замана шарттарында дезинформация мәселесі – шарпу шеңберіне ұлттық (national) кеңістіктерді де қоса қармаған жаһандық қауіпке айнылып отыр (ТР Коммуникация басқармасы, 2021). Коммуникация саласының қарқынды дамуы, коммуникациядағы алуандылықтың артуы, ақпараттың жылдам әрі бақылаусыз тарауы мен қадағалауға ырық бермеуі – үдерістегі қатерлі тенденцияларға негіз болуда. Тұлға мен қоғамға, ұлттық қауіпсіздік пен халықаралық қатынастарға орасан залал келтіретін дезинформация (Дезинформациямен күрес құралы, 2020) экология, әлеуметтік поляризация, киберқауіпсіздік, заңсыз миграция, аймақтық қақтығыс, экономикалық дағдарыс т.б. секілді түйткіл мәселелерді басып озып, қоғамның алдағы он жылда бетпе-бет келетін ең маңызды қатері ретінде алға шығатыны болжануда (Дүниежүзілік экономикалық форум есебі, 2024). Бұл анализде, Түркия Республикасы Президент әкімшілгі Коммуникация басқармасына қарасты Дезинформациямен күрес орталығының үлгісінде Түркі мемлекеттері ұйымына (ТМҰ) мүше елдердің дезинформациямен күрес мәселесіне қатысты тәжірибелері мен актуалды үдерістерге шалу жасалады.
ТМҰ-на мүше елдердің дезинформациямен күрес саясатында, оның ішінде құқықтық инфрақұрылым қалыптастыруға қатысты ұмтылыстарында ортақ ұстаным мен түсінік қалыптаса бастағаны назар аудартады. Атап айтқанда, соңғы бес жылдың ішінде әлеуметтік желіде дезинформацияның ауқымы қарқынды түрде артқан COVID-19 пандемиясы, Екінші Қарабақ соғысы және Ресей-Украина дағдарысы секілді үдерістердің әсерінен Түркияда Әлеуметтік медиа заңы (2022) қабылданды (Ресми газеті, 2022). 2022 жылғы қаңтар оқиғалары кезінде және одан кейін дезинформация шабуылдарына жиі ұшыраған Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздікті арттыру мақсатында Ақпараттық доктрина (Ақорда, 2023), Онлайн платформалар туралы заң (Ақорда, 2023) және Қоғамдық медиа туралы заң (Ақорда, 2024) күшіне енді. Ұқсас жұмыстар басқа ТМҰ мүше елдерде де жалғасуда.
Қазіргі жағдайда дезинформация ТМҰ елдерінің сот жүйесінде дербес қылмыс болып саналады. Түркия мысалында оған 1 жылдан 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған (Ресми газет, 2022), ал Қазақстанда айыппұл салу немесе қоғамдық жұмыстарды орындау міндеттемесі сияқты жазалар қолданылады. Сонымен қатар, дезинформация критерийлеріне сай келетін жарияланымдарға қолжетімділікті шектеу және дезинформация әрекеті анықталған жағдайда, оның отандық немесе шетелдік болуына қарамастан, баспасөз лицензиясын тоқтату сияқты шаралардың қолданылатыны байқалады.
ТМҰ-ға мүше елдердің дағдарыс жағдайында жүзеге асырған дезинформациямен күрес тәжірибелеріне назар аударар болсақ: Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстанның тиісті министрліктер мен арнайы мекемелер арқылы өзіндік стратегия мен концептуалды саясат жүргізетінін, ал Түркияның Президент әкімшілігінің жанынан құрылған Коммуникация басқармасы арқылы (Дезинформациямен күрес орталығы) дезинформацияның географиясы мен мазмұнына сәйкес ұлттық, аймақтық және жаһандық фреканста проактив саясат ұстанатынын айта аламыз. Басқаша айтар болсақ, ТМҰ елдерінде дезинформациямен күрес - Түркия үлгісінде, Коммуникация басқарамасы құрамында құралған дербес орталық (Дезинформациямен күрес орталығы - ДКО) тарапынан, ТМҰ-ның өзге елдерінде салалық министрліктер мен мемлекеттік мекемелердің ішінен құрылған бөлімшелер арқылы жүргізіледі (Aктaс, 2023).
ТМҰ-на мүше елдердегі дезинформациямен күрес жүргізу мәселесіне қатысты анағұрлым нақты панорама беру үшін мынадай мысалдарды алға тартуды жөн санаймыз: Екінші Қарабақ соғысы мен «Қарабақ» антитерор операциясы үдерісінде Әзербайжанға жасалған дезинформациялық шабуылдардың көбіне шетелдік медиа орталықтар тарапынан ұйымдастырылғаны және аталған шабуылдардың тек Әзербайжанның ғана емес, сонымен қатар Түркияның да мемлекеттік тұлғаларын, қарулы күштерін, сот жүйесі және медиа салаларындағы мемлекеттік және халықаралық ұйымдарының беделі мен сенімділігіне балта шабу, дискредитацтиялау мақсатында жүргізілгені, бұл мақсатта қоғамдық пікір қалыптастыру компаниялары, қара пропаганда, манипуляциялық контенттердің т.б. кеңінен қолданылғаны бүгінде әмбеге аян ақпарат. Сондай-ақ Екінші Қарабақ соғысы үдерісінде кей орталықтардың Ереванның мүддесі тұрғысынан ақпараттық қызмет атқарып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің 1993-ші жылғы №822, №853, №874 және №884 шешімдерін басшылыққа алмастан, Арменияның аккупанттық қылмыстарын тұмшалап, ресми Баку мен Анкараны «соғысты жақтаушы» ретінде қоғамдық пікір қалыптастыру бойынша әрекеттенгені анықталған. (Алтыналан, 2023).
Аталған дезинформациялық шабуылдарға қарсы тойтарыс беру және алдын алу мақсатында Әзербайжан Республикасы Президент әкімшілігінің қорғаныс, сыртқы істер және өзге де министрліктер және мемлекеттік ұйымдармен үйлесімді түрде дәстүрлі және әлеуметтік медиада іске асырған про-актив шаралары нақты әрі елеулі нәтиже берген. Бұл тұрғыда, ТМҰ, Түркі академиясы, Түрксой, ТүрікПА, Түркі мәдениеті мен мұрасы қорымен (Жүсіпбай, 2021) қатар, Түркия Республикасы Коммуникация басқармасынының, TRT Телерадиокорпарациясының және Анадолы агенттігінің (АА) ынтымақтастық шеңберінде жүргізген ауқымды шаралары халықаралық қауымдастықты бұрмаланбаған, шын ақпаратпен қамтамасыз етуде, дезинформациялық шабуылдардың ықпалын жою мен дезинофрмацияны залалсыздандыруда маңызды рөл атқарды.
ТМҰ-на мүше елдердің дезинформациямен күрес жүргізудегі бастамалар мен стратегияларында да ортақ түсінік қалыптаса бастағаны байқалады. Мәселен, Қазақстанда 2020 жылы Мәдениет және ақпарат министрлігі тарапынан stopfake.kz платформасы іске қосылса, Түркияда 2022 жылы Президент әкімшілігіне қарасты Коммуникация басқармасы құрамынан Дезинформациямен күрес орталығы (ДКО) құрылған, сондай-ақ, жоғарыда тоқталып өткеніміздей екі елдің де құқықтық инфрақұрылым қалыптастыруда ұқсас стратегияларды басшылыққа алғаны аңғарылады. Ресми мәліметтерге сәйкес, өнімділік тұрғысынан stopofake.kz платформасы 2020-2021 жылдар аралығында жалпы саны 1.900 (Egemen Qazaqstan, 2021), ал 2023 жылы 700-ден аса дезинформация анықтап, 2020-2023 жылдар аралығында 700-ден астам, жалпы алғанда 3000-нан астам дезинформация жағдайы анықталып, осыған қатысты растау жұмыстары жүргізілді (Қазақстан Мәдениет және ақпарат министрлігі, 2023). Сонымен бірге, 2023 жылдың соңына қарай Дезинформацияға қарсы мониторинг орталығы (ДММ) ұлттық және өңірлік күн тәртібіне қатысты 1700-ден астам дезинформация оқиғасын қамтитын барлығы 107 Дезинформация бюллетенін жариялады. Жұмыс концепті бойынша stopfake.kz платформасы қазақ және орыс тілдерінде, ДКО аудитория мен елдің күн тәртібі бойынша түрік, ағылшын, араб, парсы және грек тілдерінде қызмет көрсетуде.
Сондай-ақ, Қазақстанда дезинформациямен дәстүрлі медиа арқылы күрес жүргізу мақсатында Мәдениет және ақпарат министрілігі тарапынан 24KZ телеарнасында «Fact Check» бағдарламасының тұрақты түрде қызмет атқарады. Ал Түркияның бұл бағыттағы ұстанған стра-Нұрғали Жүсіпбай тегиясына сай Дезинформациямен күрес орталығы барлық БАҚ ресурстарының жұмылдырғанын байқаймыз. Атап айтқанда, ДКОның дезинформацияға қатысты күн тәртібі бойынша әзірленген есептері орталықтың ресми интернет ресурстарымен қатар, БАҚ-та жариялануда (Дезинформациямен күрес орталығы, 2024). Бұдан бөлек, Анадолы агенттігінің дезинформациямен күрес шеңберінде қызмет атқаратын «АА нақтылық арнасы» (AA Teyit Hattı) қызметінің де аталған бағытта республикалық (Түркия) және халықаралық деңгейде маңызды миссия атқаратындығын айта кетуіміз керек.
ДКО-ның назар аударарлық қызметтік концепциясының бірі – «дезинофрмациямен күрес» ұғымын қоғамның барлық тармақтарында насихаттай отырып, үдеріске азаматтардың атсалысуын қамтамасыз ету. Орталық аталған бағытта 2023 жылдың ақпан айында Дезинформациялық хабарлау жүйесін (ДМЖ) іске қосқан. Аталған жүйе, азаматтардың ықтималды дезинформацияны орталыққа (ДКО) хабарлау мақсатында құрылған. 2023 жылдың қорытындысы бойынша, азаматтардың аталған жүйе арқылы шамамен 15 мың хабарлама жасағаны тіркелген. ДКО-ның э-бюллетень жарияланымдарын да осы концепция шеңберінде бағалауға негіз бар. ДКО-ның э-бюллетендері тұрақты түрде Коммуникация басқармасының ресми сайты мен ДКО-ның әлеуметтік желі парақшаларында жарияланады. Бюллетень мазмұнында дезинформация мен тексерілген ақпарат қатар беріліп, нақты, түсінікті кескін, фото және ресми ақпаратпен сүйемелденеді.
ДКО аталған бағытта 2023 жылдың 6-шы ақпанында Кахраманмарашта орын алған зілзалар, 14-28 мамыр күндерінде өткен сайлау және 7-ші қазаннан кейінгі Газа секторындағы үдерістерге қатысты «Зілзала дезинформация бюллелетенін», «Сайлау Дезинформация бюллетенін» және «Палестина арнайы дезинформация бюллетенін» жариялаған. ДКО дезинформациямен күрес үдерісінің маңызды компоненттерінің бірі – азаматтардың медиа сауаттылығын арттыру, дезинформацияға қарсы иммунитет қалыптастыру және «дезинформациямен күрес» ұғымын қоғамның барлық тармақтарына жаю мақсатында тыңдаушының білім деңгейі мен жас ерекшеліктері сай жасақталған топтарға арнайы семинар өткізіп тұрады. Семинардың көрнекті құралдары мен материалдарына орталықтың www.dmm.gov.tr ресми интернет сайтынан қол жеткізуге болады. Орталық мемлекеттік ұйымдармен ынтымақтастық протоколдарын түзіп, «Дезинофрмациямен күрес нұсқаулығы», «Twitter Досьесі», «Кибертиранияға қарсы Дезинформациямен күрес заңы», «Дезинформациямен күрес заңы балаларды қалай қорғауда?» секілді бірнеше еңбектерді қоғамның назарына ұсынған. Бұл тұрғыда, ТМҰ-ның өзге де елдерінде дезинформациямен күрес мәслесіне қатысты қоғамдық және индивидуалды түсінік қалыптастыру мен медиасауаттылықты арттыру мақсаттарында сарындас шаралар атқарылуда.
ТМҰ-на мүше елдердегі дезинформациямен күрес шараларына қатысты панораманы толықтай қамту мақсатында Халықаралық нақтылықты бақылау торы (IFCN) Түркияда teyit.org, Қазақстанда factcheck.kz, Әзербайжанда az.teyit.org, Қырғызстанда factcheck.kg және Өзбекстанда factchecknet.uz платформалары арқылы қызмет атқаратынын атап өтуіміз керек.
Десек те, жоғарыда біз шолып өткен шаралар мен құқықтық нормативтерге қарамастан төтенше жағдай үдерістерінде көбіне сырттан келетін дезинформациялық қатерлерге төтеп беруде және оларды алдын алуда кемшін тұстардың байқалатыны жасырын емес. Осы тұрғыдан ТМҰ-ның соңғы жылдары медиа саласындағы ынтымақтастық шеңберінде жүзеге асыра бастаған бастамалардың медиа саласындағы ақпараттық қауіпсіздікті нығайтуда стратегиялық маңызға ие. Өз кезегінде ТМҰ-на мүше ел президенттерінің 10-шы Астана саммитінде «дезинформациямен күрес жүргізуде өзара ынтымақтастықты одан әрі жалғастыру, күшейту және халықаралық форумдарда өзара ынтымақтастықты ақылдаса отырып жалғастыру және үйлестіру» (ТМҰ Х-шы саммитінің декларациясы, 2023) мәселесіне басымдық танытуы - ТМҰ елдерінің дезинформациямен күрес мәселесіндегі ортақ ұстанымдарын қуаттай түседі.
Біздіңше, ТМҰ-ның құрылымдық бастамаларының бірі болып саналатын Түркі ақпарат агенттіктері ассоциациясының (ATNA) құрылуы – ұйым мүшелерінің халықаралық өлшемде дезинформациямен күресті қай платформада жүзеге асыратындығын аңғартады. Қорыта айтқанда, ТМҰ-ның алдағы үдерістерде ЕU, NATO және ASEAN ұйымдары секілді дезинформациямен күрес жүргізу масқсатында өзіндік концепция қалыптастырады деп күтілуде, ал мұны іске асыруда ТР Президент әкімшілігіне қарасты Коммуникация басқармасының (Дезинформациямен күрес орталығы) тәжірибесі мен моделінің тиімді болары хақ.
Дереккөз:
Ақорда (2023). Қазақстан Президенті Қасым Қомарт Тоқаевтың Халықаралық Астана форумының ашылу салтанатында сөйлеген сөзі. Сілтеме: https://akorda.kz/ru/vystuplenie-prezidenta-respublikikazahstan-ktokaeva-na-plenarnoy-sessii-mezhdunarodnogo-forumaastana-851830. Қаралған уақыты: 12.03.2024. Ақорда (2023). Қазақстан Республикасының ақпараттық доктринасын бекіту. Сілтеме: https://www.akorda.kz/ru/ob-utverzhdeniiinformacionnoy-doktriny-respubliki-kazahstan-2025248. Қаралған уақыты: 12.03.2024.
Ақорда (2023). Президент «Онлайн платформалар және онлайн жарнама туралы» Қазақстан Республикасының заңын бекітті. Сілтеме: https://www.akorda.kz/kz/memleket-basshysy-onlayn-platformalarzhane-onlayn-zharnama-turaly-kazakstan-respublikasynyn-zanyna-kolkoydy-1065212. Қаралған уақыты: 12.03.2024. Ақорда (2024). Мемлекет басшысы Қазақстан Республикасының «Қоғамдық БАҚ туралы» заңын бекітті. Сілтеме: https://www. akorda.kz/kz/memleket-basshysy-mass-media-turaly-kazakstanrespublikasynyn-zanyna-kol-koydy-1953211. Қаралған уақыты:
03.11.2024.
Алтыналан (2023). Қарабақ операциясы және жалған ақпарат. Сілтеме: https://www.aa.com.tr/tr/teyithatti/blog/karabag-operasyonve-dezenbilgi-/1816629. Қаралған уақыты: 12.03.2024. Анадолы агенттігі (2023). AA мүшесі Түрік ақпарат агенттіктері қауымдастығы құрылды.
Сілтеме:
https://www.aa.com.tr/tr/ kurumsal-haberler/aanin-uyesi-oldugu-turk-haber-ajanslari-birligikuruldu/3045231. Қаралған уақыты: 12.03.2024. Дүниежүзілік экономикалық форум (2024). Жаһандық тәуекел туралы есеп 2024. Сілтеме: https://www.weforum.org/videos/globalrisk-report-2024-transitions-in-the-age-of-information/. Қаралған уақыты: 12.03.2024.
Дезинформациямен күрес орталығы (2024). Дезинформацияға қарсы орталық (ДММ) не істейді? Сілтеме: https://www.dmm.gov. tr/. Қаралған уақыты: 12.03.2024.
Egemen Qazaqstan (2021). Stopfake.kz 1900-ден астам фейк жаңалықтарды жоққа шығарды. Сілтеме: https://egemen.kz/ article/298332-stopfakekz-1900-den-astam-feykti-ashkereledi. Қаралған уақыты: 03.11.2024.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі (2023). Stopfake.kz соңғы 3 жылда 3000-нан астам жалған ақпаратты жоққа шығарды. Сілтеме: https://www.gov.kz/memleket/ entities/mam/press/news/details/647943?lang=ru. Қаралған уақыты: 03.11.2024.
Нұрғали, Жүсіпбай (2021). Екінші Қарабақ соғысы үдерісі: Тәуелсіздікті тәу еткен халықаралық түркі ұйымдарының тарихи миссиясы. Сілтеме: https://adyrna.kz/index.php/post/59468. Қаралған уақыты: 12.03.2024.
Ресми газеті (2022). Баспасөз туралы заңға және кейбір заңдарға өзгерістер енгізу туралы заң. Сілтеме: https://www.resmigazete.gov. tr/eskiler/2022/10/20221018-1.htm. Қаралған уақыты: 12.03.2024. Түркия Республикасы Президент әкімшілгінің Коммуникация басқармасы (2023). Фахреттин Алтун: ATNA-ның құрылуы Түрік әлемінің шындықтарын халықаралық қауымдастықтың назарына жеткізудегі маңызды қадам. Сілтеме: https://www.iletisim.gov.tr/ turkce/dis_basinda_turkiye/detay/fahrettin-altun-atnanin-kurulmasiturk-dunyasi-gerceklerini-uluslararasi-toplumun-dikkatine-sunulmasiacisindan-onemli-bir-adimdir. Қаралған уақыты: 12.03.2024. Түркия Республикасы Президент әкімшілгінің Коммуникация басқармасы (2021). Президент Ердоған StarCom саммитіне бейне хабарлама жолдады. Сілтеме: https://www.iletisim.gov.tr/turkce/ haberler/detay/cumhurbaskani-erdogan-stratcom-zirvesine-videomesaj-gonderdi. Қаралған уақыты: 12.03.2024. Туфан, Актас (2023). TDT Бас хатшысы Өмірәлиев: Жалған ақпарат пен фейк жаңалықтарға қарсы бірлескен күрес жүргізілетін болады. Сілтеме: https://www.aa.com.tr/tr/gundem/tdt-genel-sekreteriomuraliyev-dezenbilgi-ve-yalan-haberlere-karsi-ortak-mucadeleedecek/3045176. Қаралған уақыты: 12.03.2024.




