f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Еуропалық Одақ және Тәжікстан: даму үшін көмек
ebulletin

Еуропалық Одақ және Тәжікстан: даму үшін көмек

Авторлар: Альбина Муратбекова
2021 ж. 28 наурыз
Еуропалық Одақ және Тәжікстан: даму үшін көмек

ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚ ЖӘНЕ ТӘЖІКСТАН: ДАМУ ҮШІН КӨМЕК Тәжікстан Еуропалық одақтың (ЕО) Орталық Азиядағы саясатында ерекше орын алады. Климаттың өзгеруіне және табиғи апаттарға бейім, экономикалық жағдайы төмен Тәжікстан аймақтағы елдер арасында ЕО-дан ең көп көмек алады, бұл көрсеткіш ЕО-ға мүше мемлекеттердің бүкіл әлемдік дамуға көмегінің 40%-дан астамын құрайды. Бұл зерттеу ЕО-ның Орталық Азия аймағында екіжақты және көпжақты байланыстарды сақтаудағы стратегиялық рөлін таныстыра отырып, оның Тәжікстанмен қарым-қатынасына бағытталған. ЕО-ның Тәжікстандағы саясаты 2019 жылы ЕО-ның Орталық Азия стратегиясы аясында құрылды. Аталмыш стратегияның арқасында Орталық Азияның басқа мемлекеттерімен қатар, Тәжікстанның ЕО-ның сыртқы саясатындағы орны арта отырып, екі тараптың қарым-қатынасы дамуға бет бұрды. ЕО мен Тәжікстан арасындағы екіжақты қатынастар 2010 жылдан бастап күшіне енген Серіктестік және ынтымақтастық туралы келісім (PCA) арқылы жүзеге асырылуда. Тәжікстан басқа Орталық Азия елдері сияқты ЕО стратегиясына сәйкес Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келіссөздерін (EPCA) бастау туралы ұсыныс жасағанымен, келіссөздер әлі басталған жоқ. Экономикалық ынтымақтастық тұрғысынан алғанда, Тәжікстан ЕО-мен сыртқы саудасын, әсіресе, ЕО-ға төмен тарифтермен экспорт жасауға мүмкіндік беретін «Жалпыға ортақ преференциялар жүйесі» (GSP) бағдарламасы арқылы жүргізсе, неғұрлым жеңілдетілген тарифтер GSP+ мәртебесін алу үшін келіссөздер жалғасуда. 2021 жылы 19 ақпанда өткен ЕО-Тәжікстан ынтымақтастық кеңесінің соңғы (тоғызыншы) отырысында мақсатты келіссөздермен қатар, екіжақты қатынастардың дамуы ЕО мен Тәжікстан арасындағы қалыптасқан байланыстарды нығайтуға ықпал етеді. Қазіргі ынтымақтастық туралы айтатын болсақ, кедейлікті азайту бойынша айтарлықтай ілгерлеушіліктерге қарамастан, Тәжікстан Орталық Азия мен Еуропадағы ең кедей ел болып саналуда. Сонымен қатар, эпидемия салдарынан бағаның шарықтауы, ақша аударымдарының және жалпы экономикалық өсудің төмендеуі, Тәжікстан экономикасы алдында тұрған негізгі қиншылықтардың бірі болып табылады. Тәжікстанның ақша аударымдарына қатты тәуелді екендігі белгілі және бұл көрсеткіш кейбір жылдары елдің жалпы ішкі өнімінің (ЖІӨ) 40%-дан астамын құрайды. Мұның себептері қатарында елдің экономикалық мүмкіндіктерінің шектеулілігі, кедейлік пен жұмыссыздық сияқты себептерге байланысты өмір күресін жалғастыру оны көрші елдерден жұмыс іздеуге мәжбүр етеді. Мысалы, ЕО баяндамасына сәйкес, 2017 жылы Тәжікстанның ақша аударымдарынынң ЖІӨ-ге қосқан үлесі 30,73%, мемлекеттік кірістер 29,09% және Дамуға ресми көмек (ODA) 5,24%-ды құрады, оның ішінде ЕС мүше-мемлекеттерінің үлесі 0,72% болды. Сондықтан ЕО-ның Тәжікстандағы басты қызығушылығы Тәжікстан экономикасына айтарлықтай әсер ететін Даму жөніндегі ынтымақтастық құралы (DCI) арқылы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына көмек көрсету болып табылады. ЕО институттары 2018-2019 жылдар аралығында 38,85 миллион долларды құрайтын ODA қаражаттарымен Тәжікстанның үшінші ірі доноры болды. Бұл шығыстардың 28%-ы елдің экономикалық инфрақұрылымын жақсартуға, 27%-ы әлеуметтік инфрақұрылымға, 17%-ы денсаулық сақтау саласына, 11%-ы білім беруге және басқа мақсаттарға жұмсалды.

Жалпы алғанда, ЕО-ның Тәжікстанға көрсететін көмегі 251 миллион еуро шамасында денсаулық сақтау, білім беру және ауылдық аумақтарды дамыту сияқты үш негізгі салаға бағытталған болып, 2014-2020 жылдарға арналған Көпжылдық индикативті бағдарламада (MIP) анық көрсетілген. MIP әлеуметтік маңызды секторлардағы инфрақұрылымды дамытуға қолдау көрсетумен қатар, саясат циклын институттандыру және үкіметтің ынтасын күшейту арқылы Тәжікстанның кедейлік деңгейін төмендетуге және оның әлеуметтік-экономикалық жағдайларының сапасын жақсартуға бағытталған.

Атап айтқанда, денсаулық сақтау саласы 62,2 миллион еуролық қолдаумен негізгі сектор болып, MIP бюджетінің жалпы көлемінің 24,5%-ын құрайды. Халық санының өсу қарқыны мен денсаулық сақтау инфрақұрылымының толық болмауына байланысты Тәжікстан басқа Орталық Азия елдерімен салыстырғанда тиісті медициналық көмек көрсету бойынша артта қалып отыр, ал халықтың денсаулығына жұмсалатын қаражат аймақтағы ең төменгі деңгейде. ЕО DCI арқылы кедейліктің төмендеуіне және денсаулық сақтау инфрақұрылымының жақсаруына ықпал ететін денсаулық сақтау саласындағы менеджмент пен көшбасшылықты күшейту бойынша жұмыс істейді. Жалпы алғанда, ЕО институттары Тәжікстандағы барлық негізгі медициналық-санитарлық көмек мекемелерінің шамамен 63% жақсартуға қолдау көрсетті.

Білім беру мен кәсіптік білім беруді (КББ) қолдау үшін ЕО институттары MIP-ді іске асыру кезеңінде 75 миллион еуро бөлді. Қаржыландыру арқылы ЕО білім беру және КББ сапасын жақсартуды, Білім және ғылым министрлігінің, халықтың Еңбек, иммиграция және байланыс министрліктерімен қарым-қатынасын жақсарту арқылы білім беру мен кәсіптік білім берудің жалпы сапасын реформалар арқылы өзгертуді мақсат етеді. Бұл сондай-ақ еңбек нарығындағы жастардың әлеуетін жақсартуға ықпал етеді, өйткені Тәжікстан халқының 50%дан астамы 24 жастан төмен, ал жұмыс орындарын құру қарқыны халық санының өсуіне сәйкес келмейді.

Халықтың 73%-дан астамы ауылда тұратын ауылшаруашылық елі болғандықтан, ауылды дамыту Тәжікстанның әлеуметтік әл-ауқаты үшін өте маңызды. Алайда, ауылдың дамуы алдында нашар дамыған инфрақұрылым, аз инвестиция, қаржыландыру мен жеткізілім желісіне қол жетімділіктің шектеулілігі және басқа да көптеген мәселелер бар. Сондықтан ауылдық жерлердегі кедейлік деңгейі әлі де маңызды әлеуметтік мәселе болып қала береді. Ауылдық жерлерде кедейлікті жою үшін ЕО-ның DCI құралдары, атап айтқанда суды басқару, ауылшаруашылық өнімділігі және нарықтың тиімділігі, ауылшаруашылық қызметтерін дамыту, жабдықтау тізбегі, сонымен қатар ауылдық жерлерді жан-жақты дамытуға үлес қосуды көздейтін әр түрлі деңгейдегі әлеуетті арттыру және институционалды дамыту сияқты көлденең қызметті көздейді. Тәжікстан аймақтағы климаттың өзгеруіне, оның ішінде табиғи апаттарға ең осал ел болғандықтан, ЕО экологиялық проблемалардың себептерін және климаттың өзгеру салдарын жоюға көмектеседі. Осы мақсатта ЕО 110 миллион еуро бөлді, бұл барлық MIP бюджетінің 43,8%-ын құрайды.

MIP-тен басқа, еуропалық серіктестер негізгі секторлардағы іс-шараларды синхрондау және олардың позицияларын Ұлттық даму стратегиясы (ҰДС) мен 2021 жылдан бастап оның орта мерзімді есептері бойынша сәйкестендіру мақсатында бірлескен талдау жүргізді. Тәжікстан, үкіметтік емес ұйымдардың (ҮЕҰ) рөлін жақсартуға үлес қосу, қалалық және ауылдық ҮЕҰ арасындағы алшақтықты азайту және адам құқықтары саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге назар аудара отырып, ЕО-ның азаматтық қоғаммен байланысы жөніндегі 2018-2020 жылдарға арналған жол карталары аясында жұмыс істейді. Сонымен бірге, ЕО Тәжікстанға Орталық Азиядағы шекараларды басқару бағдарламасы (BOMCA), Орталық Азиядағы есірткіге қарсы іс-қимыл бағдарламасы, Орталық Азиядағы су (CAWa) бағдарламасы, Эрасмус+ мүмкіндіктері және басқа да бірқатар аймақтық бағдарламалар арқылы өз үлесін қосады. Оның Ауғанстанмен шекарасы Тәжікстанға қосымша қауіпсіздік шараларын қабылдауға және орындауға міндеттейді. ЕО-ның Орталық Азия стратегиясына сәйкес, Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы мықты ынтымақтастық аймақтағы бейбітшілікті ілгерілетудің жаңа параметрі ретінде анықталды. Осы себепті Ауғанстан Орталық Азияға бағытталған бағдарламалар мен жобаларға қосылды. Бірлескен жобаларды үйлестіруден басқа, ЕО Орталық Азия мен Ауғанстан арасындағы диалогты тереңдету арқылы Ауғанстанда және оның шекараларында бейбітшілікті сақтауға үлес қосуды мақсат етеді. Тәжікстанның бұл үдерістегі рөлі өте маңызды.

Жалпы алғанда, ЕО-ның Тәжікстандағы саясаты Орта Азияның басқа мемлекеттерімен салыстырғанда қарапайым болып саналғанымен, ЕО-ың Тәжікстанға көрсеткен көмегі өте зор. ЕО Тәжікстандағы реформалар үдерісін қолдай отырып, Тәжікстанның сауда-инвестициялық мүмкіндіктерінің барлық әлеуетін ашуға, сондай-ақ, халықтың әлеуметтік-экономикалық жағдайларын жақсартуға үлес қосуға тырысады.

Жазушы: Альбина Мұратбекова, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік       Тәжікстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Кусрав Нозири мен Жапония Сыртқы істер министрлігінің Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Шуйчи Токуда онлайн кездесу өткізіп, саяси және экономикалық ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Өкіл Жапония халықаралық ынтымақтастық агенттігінің Тәжікстандағы жобаларын жүзеге асыруды ұсынды. Тараптар «Орталық Азия + Жапония» аясындағы аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді (Азия-Плюс, 12.03.2021).

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапары аясында Нұр-Сұлтанда болған Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Бас хатшысы Станислав Засты қабылдады. Отырыста Станислав Зас ҰҚШҰ-ға қол қойылғанының 30 жылдығы және ҰҚШҰның 20 жылдығына арналған іс-шаралар жоспарының жобасын дайындау туралы ақпарат берді. Тараптар Орталық Азиядағы әскери-саяси ахуал туралы пікір алмасқаннан кейін болуы мүмкін қауіп-қатерлерді де бағалай отырып, олардың алдын алу шараларын талқылады (Odkbcsto.org, 10.03.2021). Жақында Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Өзбекстанға келіп, өзбек әріптесі Шевкет Мирзиёевпен кездесті. Тараптар сауда кедергілері, су-энергетикалық ынтымақтастық, шекара мәселелері, білім беру және денсаулық сақтау қызметтері сияқты көптеген мәселелер бойынша пікір алмасты. Олар бірлескен кәсіпорындар санын 50-ге дейін ұлғайтуға, бірлескен қор құруға және екіжақты сауданы 2 миллиард долларға дейін жеткізуге келісті. Президент Жапаров өзінің әріптесі Мирзиёевті Қырғызстанға шақырды (24.kg, 11.03.2021).

Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоглу Қырғызстанға сапарында Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров және Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаевпен кездесті. Тараптар түрлі салалардағы маңызды екіжақты жобаларды іске асыру қажеттілігін көрсететін ортақ мәселелердің кең спектрін талқылады. Тараптар сонымен бірге сауда көлемін 1 миллиард долларға дейін ұлғайтуға күш салуға келісті (Kabar.kg, 10.03.2021). Моңғолия Еуропалық Одақпен жанжақты серіктестікті тереңдету үшін алғашқы саяси диалогын өткізді. Екі жақтың жоғары басшыларының қатысуымен онлайн-кездесу өтті. Моңғолия демократиялық принциптерге, көпжақтылыққа және ережелерге негізделген халықаралық тәртіпке өзінің адалдығын білдірді. Тараптар Еуропа мен Азия арасындағы байланыс, энергетика саласында ынтымақтастық, көлік саласындағы және тұрақты экономикалық өсуге қол жеткізудің маңыздылығын талқылады (Central Asia.media, 12.03.2021).

Әзірбайжан Сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов венгрлік әріптесі Петр Сийартомен кездесті. Тараптар түрлі салалардағы ынтымақтастық туралы пікір алмасып, халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Кездесуден кейін тараптар ақпарат және құжаттама саласындағы ынтымақтастық туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды (Azertag.az, 10.08.2021).

Экономика, қаржы және энергия       Қазақстан үкіметі электр энергиясының тарифтерін көтеру туралы шешім қабылдағанын жариялады. Бұл шешімге жанармай мен жабдықтардың қымбаттауы себеп болды. Сонымен қатар, эпидемияға байланысты электр энергиясын пайдаланудың төмендеуіне байланысты компаниялардың кірістерінде 7% мөлшерінде төмендеу байқалды. Сондықтан жаңа электр станцияларын салу және ескілерін жаңарту арқылы табысты қалпына келтіру және секторды одан әрі дамыту үшін жоғары тарифтер қажет. 2023 жылдан бастап Қазақстанда электр қуатының үзілуі күтілуде және экономиканың өсіп келе жатқан қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қуаттылықты арттыру керектігі хабарланды (Qazaq TV, 09.03.2021). Түркияның Aksa Enerji компаниясы Өзбекстанда тағы екі табиғи газ электр станциясын құруды жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Фирма екі жобаға да 450 миллион доллар инвестиция салады. Жалпы алғанда, компанияның жоспарына Ташкент облысында 240 МВт және 230 МВт аралас циклды және газ поршенді электр станцияларын және Бухара облысында 270 МВт газ поршенді электр станцияларын салу кіреді. Бухара объектісінен энергия сату кепілдендірілген қуаттылық төлем жоспарына негізделеді (UzReport, 10.03.2021).

Өзбекстанның Экономикалық және қаржылық саясат комитетінің мәлімдемесінде Өзбекстан Қырғызстанға Қырғызөзбек даму қорын құру арқылы қаржылық көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Бұл мақсат аясында Өзбекстан 50 миллион доллар бөледі. Қор Қырғызстандағы түрлі экономикалық жобаларды қаржыландыратын болады. Қорды Өзбекстаннан үш және Қырғызстаннан екі өкілден тұратын Директорлар кеңесі басқарады (24.kg, 09.03.2021).

Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған, елдегі алғашқы атом электр станциясы Аккуюдың төртінші энергоблогының құрылысы 2022 жылы жүзеге асырылатынын хабарлады. Әрқайсысының қуаты 1200 МВт болатын төрт энергоблоктан тұратын жоба толығымен аяқталғаннан кейін жыл сайын шамамен 35 миллиард кВт электр энергиясын өндіретін болады. Аккую, Түркияны электрмен жабдықтаудың 10%-ын қамтамасыз ете отырып, кем дегенде 4000 адамға жұмыс орнын ашады (ТАСС, 03.11.2021).

Дүниежүзілік банк Тәжікстанға қаржылық көмек көрсетуді жалғастыруда. Ел парламенті Дүниежүзілік банктің Нұрек су электр станциясының екінші кезеңін қалпына келтіруге қосымша 36,5 миллион доллар бөлгені туралы келісімді бірауыздан мақұлдады. Нысан елдің жалпы энергия қажеттілігінің 50%-ын қамтамасыз етеді. Нысанның бірінші кезеңін қалпына келтіру үшін халықаралық даму институттарынан Тәжікстанға 325 миллион доллардан астам қаражат аударылды (АзияПлюс, 11.03.2021). Украина түрлі жобаларды жүзеге асыру үшін халықаралық қаржы институттарынан несиелер мен инвестицияларды белсенді түрде тартуда. Елдің Қаржы министрлігінің бағалауына сәйкес, 2021 жылдың 1 наурызы бойынша бірлескен жобалардың жалпы саны 40-қа жетті. Осы бірлескен бағдарламалар үшін Украина 5,66 миллиард еуро және 3,09 миллиард доллар несие ала алды. Ел қазірдің өзінде 1,73 миллиард доллар және 1,69 миллиард еуро тартты. Украина 18 қосымша инвестициялық жобаны жүзеге асыруды және сол көздерден 590 миллион доллар мен 2,15 миллиард еуро тартуды жоспарлап отыр (Укринформ, 11.03.2021).

Дайындағандар:

Сауле Ахметкалиева, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет       Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығы кеңесінің (Түрік кеңесі) Бас хатшысы Бағдат Әмреев Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесті. Кездесу барысында Бас хатшы Бағдат Әмреев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа Түркі кеңесінің қызметі туралы ақпарат берді. Кездесу барысында Президент Тоқаев Түркі кеңесіне мүше мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері арасында Түркі инвестициялық қорын құрудың маңыздылығына назар аударды. Бұл жобаның Түрік кеңесіне мүше елдердегі шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететіндігін мәлімдеді (Inform.kz, 11.03.2021). Түркия мен Өзбекстан үкіметі Өзбекстанда Бахчешехир университетінің филиалын ашуға келісті. Келісім Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоглуның өзбек әріптесі Абдулазиз Камиловпен кездесу барысында жасалды. Сонымен қатар, министрлер екі мемлекет үшін өзара тиімді болуы мүмкін түрлі мәселелердің көптеген аспектілерін, соның ішінде 2021 жылға жоспарланған бірлескен іс-шараларды талқылады (Centralasia.news, 10.03.2021).

Біріккен ұлттар ұйымы Білім, ғылым және мәдениет жөніндегі ұйымы Өзбекстандағы мұғалімдердің біліктілігін арттыру үшін 435,000 доллар бөледі. Бұл көмек Ғылыми жобаларды басқару комитетінің «Өзбекстандағы мұғалімдердің кәсіби даму тәсілдерін бейімдеу және масштабтау» бейнеконференция отырысында хабарланды. Жоба аясында 2020-2022 жылдар аралығында Өзбекстанның әртүрлі аймақтарындағы 150 мектептен 600-ден астам мұғалім қосымша білім беру бағдарламасына қатысады (Kabar.kg, 13.03.2021).

Өзбекстан Туризмді дамыту бойынша мемлекеттік комитеті және Беларусь Спорт және туризм министрлігі туризм саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. Тараптар туристік өнімді ілгерілету, ақпарат алмасу және туризм саласында тәжірибе алмасу бойынша ынтымақтастық туралы уағдаласты. Бөлімаралық келісім Беларусь пен Өзбекстан арасындағы екіжақты қатынастарға жаңа серпін беріп, туризм саласындағы заңнамалық базаны нығайтуы күтілуде (Uzdaily.uz, 10.03.2021).

Қырғызстан Мәдениет және спорт министрі Қайрат Иманалиев Бішкекте қазақстандық әріптесі Ақтоты Райымқұловамен кездесуінде қырғыз-қазақ мәдениеті мен спорт саласындағы ынтымақтастық мәселесін талқылады. Кездесуге екі елдің жоғары лауазымды тұлғалары қатысты.

Делегаттар маңызды жобаларды талқылай отырып, екі ел арасындағы мәдениет пен спорт саласындағы ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді (E-cis.info, 12.03.2021).

Халықаралық түрік мәдениеті мен мұрасы қоры «Әзірбайжан Жібек жолында» кітабын ағылшын және орыс тілдерінде жарыққы шығарды. Кітап - Әзірбайжан тарихын Ұлы Жібек Жолы аясында зерттеу бойынша ғылыми зерттеулерге негізделген алғашқы жан-жақты академиялық басылым. Кітап «Ұлы Жібек жолындағы түркі тілдес мемлекеттер» атты халықаралық жоба аясында жарық көрді (Azernews.az, 12.03.2021).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.