Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан жаңа көлік дәлізі туралы шолу

ҚЫТАЙ-ҚЫРҒЫЗСТАН-ӨЗБЕКСТАН ЖАҢА КӨЛІК ДӘЛІЗІ ТУРАЛЫ ШОЛУ Коронавирус індеті салдарынан бүкіл әлемде көлік қызметтері үлкен қиындықтарға тап болып жатқан кезде, Қытай Қырғызстан арқылы Өзбекстанға өтетін жаңа көлік дәлізін ашты. 2020 жылы 5 маусымда Ганьсу провинциясының астанасы Ланчжоу қаласынан пойызға тиелген жүк контейнерлері Шыңжаң Ұйғыр автономиялық районының (ШҰАР) Қашқар қаласына жеткізілгеннен кейін жүк көлігіне тиеліп Қытай-Қырғызстан шекарасындағы Иркештам өткелі арқылы Қырғызстанның Ош қаласына, Оштан қайтадан теміржол арқылы Өзбекстан астанасы Ташкент қаласына жеткізілді. Ланчжоудан Ташкентке жалпы құны 2,6 млн. доллар болатын 230 тоннаға жуық жүк әкелініп, ал қайтар жолы Ташкенттен Ланчжоуға 1 млн. долларлық 525 тоннаға жуық мақта жөнелтілді. Осылайша, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан арасында автожол мен теміржол тасымалын қамтитын жаңа мультимодальды халықаралық көлік дәлізі қалыптасты. Ең алдымен, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан жаңа көлік дәлізі үш ел арасындағы, әсіресе Қытай мен Өзбекстан арасындағы сауда-экономикалық қатынастардың одан әрі дамуына айтарлықтай үлес қосады деуге болады. Онсыз да соңғы жылдары үш ел арасындағы саудаэкономикалық қатынастардың өскені белгілі. Мәселен, 2018 жылы Өзбекстан-Қытай сауда көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 31,8%-ға артып, 6,266 млрд. доллар болса, 2019 жылы 21,6%-ға артып 7,621 млрд. долларға жетті. 2018 жылы Қырғызстан-Қытай сауда көлемі 2017 жылмен салыстырғанда 3,3%-ға өсіп, 5,601 млрд. долларды құраса, ал 2019 жылы 13,3%-ға артып 6,346 млрд. долларға жетті. Ал, Өзбекстан мен Қырғызстан арасындағы екіжақты сауда көлемі 2018 жылы өткен бір жылмен салыстырғанда 89,6%-ға артып, 481 млн. долларды құраса, 2019 жылы 72,4%-ға артып, 829,1 млн. долларды құрады. Ланчжоу мен Ташкент арасындағы аталмыш жүк тасымалы аптасына бір рет жоспарланғанын ескере отырып, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан жаңа көлік дәлізінің алдағы кезеңде үш ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар тұрғысынан тіпті де маңызды бола түсетінін айтуға болады.
Екіншіден, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан жаңа көлік дәлізінің қалыптасуы тараптардың Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы жобасын іске асыруға бір қадам жақындағанын көрсетеді. 1997 жылдан бері ұзақ уақыт бойы айтылып келе жатқан бұл жоба Қытайдың Орталық Азиямен көлік-логистикалық ынтымақтастық тұрғысынан үлкен мән беріп отырған жобаларының бірі болып табылады. Қашқар қаласынан басталатын теміржол желісі Қырғызстан арқылы Өзбекстанның Әндіжан қаласына, одан кейін Ташкентке дейін жалғасады деп жоспарлануда. Жобаның жалғасында аталмыш теміржолын Түркіменстан, Иран, Түркия теміржол желісімен және Еуропаның теміржол желісімен қосу көзделіп отыр. Жоба аяқталған жағдайда, әсіресе Қашқар мен тұтас ШҰАРдың және Қырғызстан мен Өзбекстанның теміржол желісін кемелдендіріп, Қытайдан басталып Орталық Азия арқылы Оңтүстік-Батыс Азияға және тіпті Еуропаға өтетін жүк тасымалы бағытының маңызды бөлігіне айналады деген болжам бар.
Алайда, жалпы ұзындығы 523 шақырымды құрайтын аталмыш теміржол жобасы бойынша үш ел арасында жоба құрылысының құны, экономикалық және саяси жағдайлар сында түрлі себептерге байланысты келіспеушіліктер болғаны да белгілі. Атап айтқанда, 2005 жылғы наурыз-сәуір айларындағы Қырғызстандағы Қызғалдақ төңкерісі, 2005 жылғы мамырда Өзбекстанда болған Әндіжан оқиғасы, Қырғызстанда 2010 жылғы сәуір халық төңкерісі, 2010 жылғы маусымда Қырғызстанның оңтүстігінде қырғыздар мен өзбектер арасында туындаған этникалық қақтығыстар сияқты төтенше оқиғалар Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы жобасының алға жылжуына кедергі болды. Дегенмен, 2016 жылғы қыркүйекте Өзбекстанда биліктің ауысуынан кейін ресми Ташкенттің Орталық Азия елдерімен, сондайақ Қытаймен саяси және сауда-экономикалық қатынастарын жақсарту жөніндегі құлшыныстары үш ел арасындағы аталған теміржол жобасы бойынша келіссөздерді де жеделдете түсті. Сонымен қатар, 2017 жылы мамырда Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің Қытайға алғашқы ресми сапары аясында қол қойылған «Өзбекстан-Қытай халықаралық автомобиль тасымалы туралы келісімнің» нәтижесінде 2017 жылы қазан айынан бастап Өзбекстан, Қырғызстан және Қытай арасында Ташкент-Ош-Иркештам-Кашгар бағытында халықаралық автомобиль тасымал желісі ашылған болатын. 2017 жылы желтоқсанда Ташкентте өткен теміржол жобасы бойынша үшжақты келіссөздерде тараптар арасында жобаны құру туралы бірлескен хаттамаға қол қойылды. Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан жаңа көлік дәлізі басталғаннан кейін көп өтпей, яғни 2020 жылы 17 маусымда Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбековтың төрағалығымен теміржол жобасы бойынша өткен кездесу аталмыш жобаның алдағы уақытта басталуы мүмкін екенін көрсетті.
Енді бір жағынан, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан жаңа көлік дәлізінің құрылуын Қытайдың соңғы жылдардағы геоэкономикалық және геостратегиялық саясатында үлкен мәнге ие көпжақты көлік тасымалы стратегиясының да бір қадамы ретінде қарастыруға болады. Әсіресе, соңғы жылдары «Белдеу және Жол» бастамасы аясында Шығыс пен Батыс арасындағы тауар, қызмет және капитал ағымын қолында ұстауды мақсат еткен Қытай, Жібек жолы бойындағы Орталық Азия арқылы басқа аймақтарға ұласатын көпжақты сауда және көлік дәліздерін дамытуға барынша күш салуда. Іс жүзінде, ресми Пекин Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан арасындағы аталған жаңа көлік дәлізін Қырғызстан-Қытай теміржолы жобасымен бірлікте қарастырып, Қытайдан Араб түбегіне дейін жалғастыру көзделген Қытай-Орталық Азия-Оңтүстік-Батыс Азия экономикалық дәлізінің маңызды бөлігі ретінде қарайтынын айта кеткен жөн. Сонымен қатар, ҚытайПәкістан экономикалық дәлізінің Қашқардан басталғанын ескерсек, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан жаңа көлік дәлізінің Қашқардан өтуі және Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолының да Қашқардан басталатындығы назар аударарлық жайт. Сондықтан, Қытайдың осы барыста әрі көп жақты көлік дәліздерін бір-бірімен жалғастыруды, әрі Кашгар бастаған тұтас ШҰАР-дың экономикалық дамуын қамтамасыз етуді мақсат ететіндігін түсіну қиын емес.
Аймақтық әсері тұрғысынан алап қарағанда, Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан жаңа көлік дәлізінің қазіргі әлеуетімен қатар жоспарланған Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы жобасы іске асырылса, Қытайдан басталып Қазақстан арқылы Орталық Азия елдеріне және тіпті Еуропа елдеріне дейінгі көлік дәлізіне балама болуы мүмкін. Өйткені жаңа көлік дәлізі Қытайдан басталып, Қазақстан арқылы Өзбекстанға өтетін көлік дәлізіне қарағанда 5 күн қысқа болса, ал Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржолы салынса, Қытай мен Еуропа арасындағы қашықтық Қазақстан арқылы өтетін көлік дәлізінен 7-8 күнге қысқа болуы мүмкін деген болжам бар. Сондықтан, тасымалдау құны мен ұзақтығы жағынан анағұрлым тартымды болып көрінетін Қытай-ҚырғызстанӨзбекстан жаңа көлік дәлізі Қазақстанның транзиттік әлеуетіне ең үлкен бәсекелес болуы ықтимал. Мұндай жағдайда Қазақстанның Қытай мен Еуропа арасындағы жүктерді тасымалдаудан түсетін транзиттік кірісі төмендеуі мүмкін. Қазіргі таңда Қытай-Орталық АзияЕуропа арасындағы көпжақты жүк тасымалында Қазақстан маңызды рөл атқарады. Мысалы, 2019 жылы Қазақстанның теміржол арқылы тасымалдаған транзиттік жүк көлемі 17,5 млн. тоннаны құраса, ал оның 75,6%-ы Орталық Азия елдеріне (Өзбекстан 7,1 млн. тонна және Қырғызстан 2,26 млн. тонна), 13,8%-ы Қытайға, 7,1%-ы Еуропалық Одаққа (ЕО) және 2,8%-ы Ресейге тиесілі болды. Сонымен қатар, Қазақстанның автожолы арқылы тасымалдаған транзиттік жүк көлемі 1,93 млн. тоннаны құраса, оның ішінде Қытайдан ЕО елдеріне 14 мың тонна және Орталық Азия елдеріне 779 мың тонна, ал Орталық Азия елдерінен Қытайға 5,4 мың тонна және ЕО елдерінен 106,5 мың тонна жүк тасымалданды.
Қорытындылай келе, Қытай, Қырғызстан және Өзбекстан арасында автожол мен теміржол тасымалын қамтитын жаңа мультимодальды халықаралық көлік дәлізінің құрылуын үш ел арасындағы сауда-экономикалық байланыстар, Қытайдың көпжақты көлік саясаты және аймақтық ықпалы тұрғысынан маңызды оқиға ретінде қарастыруға болады. Осы арада тағы бір айта кететін мәселе, жаңа көлік дәлізі Қытайдың геоэкономикалық және геостратегиялық мүдделері үшін немесе Қытай тауарларын жаңа нарықтарға шығару үшін ғана қызмет етпеуі шарт. Бұл тұрғыда Өзбекстан мен Қырғызстан жаңа көлік дәлізінің әлеуетін тиімді пайдалана отырып, Қытайға экспортын арттыруға тырысуы керек. Сонымен қатар, Қырғызстан транзиттік ел ретінде жаңа көлік дәлізінен түсетін тасымал кірістері мен жұмысқа орналасу мүмкіндіктерін пайдалана білуі керек. Бұл жағынан, әрине, Қырғызстан көлік инфрақұрылымы мен көлік қызметін жетілдірумен қатар аймақтық интеграцияға да мән беруі тиіс.
Жазушы: Өмірбек Қанай, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік • • • • • • Ливия мәселесін бойынша ақыл-кеңестермен алмасқан Ресей мен Түркия 2020 жылы қаңтарда Ливия мәселесі бойынша Берлинде өткен конференцияда қабылданған қарарларға сәйкес БҰҰ-мен бірлесе отырып, ішкі ливиялық саяси диалогын оданы ары ілгері дамытуға қолғабыс көрсетуге келісті. Екі жақ та ливиялық мүдделі тараптарды қақтығысқа тарта отырып, тұрақты әрі толассыз атысты тоқтатуға тиісті жағдай жасауға бірлесе отырып, күш салуды жалғастыруға міндеттелді. Мәскеу мен Анкара сонымен қатар Ливия мәселесі бойынша бірлескен жұмыс тобын құру мүмкіндігін қарастырды (Анадолы агенттігі, 22.07.2020).
Украина Президенті Владимир Зеленский мен оның ресейлік әріптесі Владимир Путин Украинаның шығысындағы қақтығысты талқылау үшін телефон арқылы келіссөз жүргізді. Донбасстағы атысты толық тоқтату туралы жақында ғана қол жеткізілген келісімді құптаған қос тарап, шұғыл түрде атысты тоқтатуға бағытталған қосымша шараларды қабылдау қажет деп келісті. Сонымен қоса, екі тарап 2019 жылдың желтоқсанында Парижде қол жеткізілген Нормандия төрттігі саммитінің келісімдерін жүзеге асыру мәселелерін талқылады (Украина Президенті, 26.07.2020).
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қауіпсіздік кеңесінің мәжілісін өткізіп, онда Тәжікстан-Ауғанстан шегарасындағы, ең алдымен Таулы Бадахшан автономиялық облысындағы жағдайдың шиеленісуін талқылады. Президент әскери және құқық қорғау органдарының басшыларына ел шегарасының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді және трансұлттық қылмысты, соның ішінде терроризмді, экстремизмді және есірткінің заңсыз айналымын тоқтатуға бағытталған шараларды қолдануды тапсырды (Sputnik, 21.07.2020). Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Минск тобының тең төрағалары Әзірбайжан-Армения шегарасында орныққан салыстырмалы тұрақтылықты құптайтындығы туралы мәлімдеме жасады. Тең төрағалар қос тарапты Таулы Қарабақтағы әскери қимылдардың азаюын тиімді пайдалана отырып, Таулық Қарабақ қақтығысының жан-жақты шешімін табу үшін нақты келіссөздерге дайындық жүргізуге шақырды. Олар арандатушылық мәлімдемелер мен ісәрекеттерден, соның ішінде бейбіт тұрғындарға немесе маңызды инфрақұрылымдық нысандарға қауіп төндіруден аулақ болудың маңыздылығын атап өтті (ЕҚЫҰ, 24.07.2020).
Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД)
Қорғаныс министрлері кеңесінің жұмыс органдарында көпжақты әскери ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша ТМД-ға мүше мемлекеттердің қарулы күштерінің өкілдерімен кездесу өтті. Қатысушылар күрделі эпидемиологиялық жағдайға байланысты кейінге қалдырылған бірлескен әскери іс-қимылдардың жаңа кестесін талқылады. Сондай-ақ, әуе қорғанысы, әскери білім және даярлық, авиациялық қауіпсіздік және әскери-гуманитарлық ынтымақтастық салаларындағы өзара әрекет етуді дамыту бойынша нақты қадамдар қарастырылды (ТМД Атқару комитеті, 26.07.2020).
Бейнеконференция байланысы арқылы Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлерінің COVID-19 індетіне қарсы күресу шараларына арналған үшінші мәжілісі өтті. Министрлер өз елдеріндегі эпидемиологиялық жағдайды талқылап, вирустың таралуын болдырмаудың озық тәжірибелерін қарастырды. Санкт-Петербургте өтетін ШЫҰ-ның алдағы саммитінде ШЫҰ кеңістігіндегі індет қатерлеріне қарсы кешенді іс-қимыл жоспары қабылданады деп күтілуде (ШЫҰ, 25.07.2020).
Экономика, қаржы және энергия • • • • • • Бейнеконференция байланысы арқылы Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) және «Белдеу және жол» бастамасының (БЖБ)
даму жоспарларын интеграциялау бойынша Ресей-Қытай жұмыс тобы тең төрағаларының кездесуі өтті. Тараптар COVID-19 індетінің салдарын еңсеру және еуразиялық кеңістіктегі көпжақты экономикалық ынтымақтастықты қалпына келтіру үшін ЕЭО және БЖБ қызметін үйлестірудің маңыздылығы туралы келісті (Ресей СІМ, 22.07.2020).
Қазақстан мен Ресей ресейлік EuroChem компаниясына Жамбыл облысында минералды тыңайтқыштарды өндіретін жаңа зауыт салуға және оны басқаруға мүмкіндік беретін үкіметаралық келісімге қол қойды. 1,2 млрд. долларлық жоба аясында Қаратау фосфорит бассейнінің кен орындарын игеруді де көзделіп отыр. Кәсіпорын кем дегенде 1,200 жаңа жұмыс орнын ашып, қолжетімді бағамен жоғары сапалы тыңайтқыштар мен жемшөп қоспаларына ішкі нарықтың қажеттілігін өтейді деп күтілуде (ҚазАқпарат, 23.07.2020).
Экономиканы әртараптандыруды және инвестицияларды тарту міндеті жүктелген «Бәйтерек» холдингі өзінің еншілес компаниялары – KazakhExport экспорттық сақтандыру компаниясы мен Қазақстанның даму банкі арқылы отандық экспорттаушыларға қолдау көрсетуді жалғастырып жатыр. 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында KazakhExport 49 экспорттаушыға 26,4 млрд. теңге (63 млн. доллар) мөлшерінде сақтандыру қолдауын көрсеткен болатын. 2020 жылы холдингтің экспорттаушыларға жоспарлаған қолдау пакеті 125 млрд. теңгені (298 млн. доллар) құрайды (ҚазАқпарат, 24.07.2020).
Өзбекстанның Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында елдің тоқыма бұйымдарының экспорты 833 млн. долларды құрап, бұл 2019 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 8,1% жоғары. Ресей (311,4 млн. доллар, 37,4%), Қытай (164,9 млн. доллар, 19,8%) және Қырғызстан (112,4 млн. доллар, 13,5%) өзбек тоқыма бұйымдарының экспорттық нарығының алғашқы үштігіне кірді. Тоқыма өнеркәсібі Өзбекстанның бүкіл экспортының 13,3%-ны тең келіп, бұл саладағы экспорт көлемінің артуы дайын өнімді өндіруге бағытталған реформалардың нәтижесі болып отыр (UzDaily, 25.07.2020). Украина Мемлекеттік статистика қызметінің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылдың қаңтармаусымында Украина 10,4 млрд. доллар көлемінде ауылшаруашылық өнімдерін экспортқа шығарды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда бар болғаны 0,1 млрд. долларға ғана көп. Қытай (1,41 млрд. доллар), Мысыр (789 млн. доллар) және Үндістан (743 млн. доллар) украиналық ауыл шаруашылық экспортының басты бағыттарына айналды. Украина үшін ауылшаруашылық өнімдерінің саудасы маңызды болып отыр, өйткені бұл саланың экспорттың жалпы көлеміндегі үлесі 45%-дан асады (Укринформ, 22.07.2020).
Дүниежүзілік сауда ұйымы (ДСҰ) Бас кеңесі Женевада өткен өзінің кезекті мәжілісінде Түрікменстанның ДСҰ-ға бақылаушы ретінде кіру өтінішін қарады. Түрікмен тарапы Кеңеске Түрікменстанның сыртқы экономикалық қызметі және инвестицияларды тарту мен және халықаралық сауда байланыстарын жақсартуға бағытталған стратегиясы туралы мәлімет берді. Талқылаудан кейін ДСҰ Бас кеңесіне мүше мемлекеттер Түрікменстанның өтінішін бірауыздан мақұлдаған болатын. Осылайша, Түрікменстан ДСҰ-да 25-ші бақылаушы ел болып кірді (Түрікменстан СІМ, 22.07.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет • • • • • • Еуропа одағы Қазақстан, Қырғызстан және Түрікменстанның қажеттіліктерін ескере отырып, 3 млн. еуро көлеміндегі «Орталық Азия елдеріндегі COVID-19: дағдарысқа қарсы шаралар» атты кешенді ынтымақтастық пакетін іске қосты. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жүзеге асыратын жоба аталмыш мемлекеттерге індет кең таралуын азайтуға қолдау көрсетеді. Сонымен бірге, бұл екі жылдық бағдарлама аймақтағы ұлттық денсаулық сақтау жүйелерінің ұқсас эпидемиологиялық қатерлерге қарсы тұру қабілетін күшейтуге көмек береді (Түрікменстандағы ЕО өкілдігі, 21.07.2020). Тәжікстанның Еңбек, көші-қон және халықты жұмыспен қамту министрлігінің мәліметтері бойынша 2020 жылдың бірінші жартыжылдығында Тәжікстанның 129,8 мыңға жуық азаматы жұмысшы ретінде шетел асып кеткен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 170,4 мың адамға немесе 57%-ға аз. Аталмыш кезеңде 90,333 тәжік еңбек мигранты елге оралды, бұл 2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда 52%-ға аз. Тәжікстаннан еңбек көші-қонының қысқаруының негізгі себебі – COVID19 індетінің салдарынан Ресей шекараларының жабылуы (Авеста, 23.07.2020). Өзбекстанда Наманган мемлекеттік университетінің профессоры Қодиржон Носировтың «Абайдың даналық сөзі» атты кітабы жарық көрді. Басылым Өзбекстан Жазушылар одағымен «Әдебиеттер достығы – мәңгілік достық» айдарымен бауырлас халықтардың әдебиетін насихаттау мақсатында шығарылды. Кітапта Абайдың қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі рөлі, сондай-ақ ақын мұрасының идеологиялық және эстетикалық құндылықтарына автордың көзқарасы көрініс тапқан (UzA, 22.07.2020). Моңғолия археологиялық зерттеу тобының мәлімдеуінше, 10 жылға созылған іздеу жұмыстарынан кейін Моңғолияның орталық өңірінде ежелгі Лунчэн немесе «Айдаһарлар қаласы» табылды. Моңғолияның Архангай аймағындағы Улзийт елді мекенінің маңында орналасқан қала көшпелі ғұн империяның астанасы болған. Қаладағы ғимараттың шатырының қасбетінде ежелгі қытай иероглифтерімен «Тәңір ұлы Шаньюй» (Ғұн билеушілерінің титулы) деген жазу табылды (TWESCO, 22.07.2020).
COVID-19 індетіне байланысты Gata Havayollari ve Tasimacilik түрік әуекомпаниясы және Қырғызстанның «Манас» халықаралық әуежайы ақысыз медициналық жабдықтар мен дәрі-дәрмектер жеткізу туралы келісімге қол қойды. Оның аясында жеткізілген медициналық жабдықтардың алғашқы партиясының құрамында 10 ауа рециркуляторы, 10 пульсоксиметр және 10 оттегі концентраторы бар. Бұл медициналық құралдар әуежай қызметкерлері үшін ашылуы жоспарланып отырған ауруханада пайдалануға арналған (Кабар, 21.07.2020). Тәжікстан үкіметінің жанындағы Дін істері, салт-дәстүрлер, мерекелер мен рәсімдерді реттеу комитеті үйлену тойларын өткізудің жаңа ережелерін жариялады. Коронавирустың таралуын алдын алу үшін үйлену тойлары тар шеңберде өткізіліп, қонақтар саны 30-40 адамнан аспауы керек. Тәжікстанда үйлену тойлары пандемияға байланысты 2020 жылдың сәуірінде уақытша тоқтатылған болатын. Алайда маусым айында билік органдары қатысушылар саны 100-ден аспайтын үйлену тойларын өткізуге рұқсат берді (Авеста, 25.07.2020).




