Жаһанданудың болашағы

ЖАҺАНДАНУДЫҢ БОЛАШАҒЫ Жаһандану – экономистер арасында жиі талқыға түсетін мәселелердің бірі болып қала беруде. Бұл үдерістің Дүниежүзілік сауда ұйымы сияқты халықаралық институттар күшті рөлі мен ықпалының, еркін сауданың, ұтқыр капитал мен адамдардың, технологиялар мен идеялардың болуын жақтайтын қолдаушылары да бар. Үдерістің қарсыластары болса, негізінен жаһанданудан туындайтын түрлі қауіп-қатерге, атап айтқанда, ішкі бәсекелестіктің жоғарылауына, жергілікті өндірістің құлдырауына және мемлекет рөлінің төмендеуіне көңіл аударады. Жалпы алғанда, бұл үдеріс қауіпқатермен қатар, түрлі мүмкіндіктерге де жол ашады, сондықтан да, әр елдің жетістігі осы мәселелер жиынтығының шешімін қаншалықты оңтайлы таба алатынына тікелей байланысты. Осы себептен, тарихи перспективалардың талдауына сүйену және қазіргі қауіптерді ескеру арқылы бұл талдау жаһанданудың болашақ перспективаларын ұсына алады.
Жаһандану сауда және инвестиция сияқты негізгі құралдар арқылы әлемге ықпал етті. Жаһандық сауданың көрсеткіштері мен ауқымы айтарлықтай артып, көптеген елдердің экономикасының өсуіне мүмкіндік берді. Дүниежүзілік банктің мәліметтері бойынша, жалпы ішкі өнімдегі (ЖІӨ) әлемдік сауданың үлесі 1970 жылғы 27,3%-дан 2018 жылғы 59,5%-ға дейін едәуір өсті. Жаһандық инвестициялардың ағымы да, қоры да айтарлықтай ұлғайды. Біріккен Ұлттар Ұйымының Сауда және даму жөніндегі конференциясының мәліметтері тікелей шетел инвестицияларының қоры 1980 жылғы 701 млрд. доллардан 2018 жылғы (қазіргі бағамен) 32 трлн. долларға дейін өскендігін көрсетеді. Жаһанданудың үстем етуші күштері осы күнге дейін Қытай мен Үндістан болып келгендігін, ал қазір бұл үдеріске Азия мен Африканың басқа елдері де қосылғандығына назар аударады. Сонымен қатар, жаһандану үдерісінде бір елдер маргинал жағдайына түссе, кірісі жоғары өзге елдер жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің өсімі, сауда және капитал ағындары бойынша артта қалып қойды. Жаһандану, соның ішінде халықаралық сауда АҚШ пен Еуропада наразылық тудырғанын туралы айтады. Оның пікірінше, АҚШ корпорациялары мен банктері жаһанданудың басты бенефициарлары болғандықтан Қытайдың импортымен бәсекелестікке түсу салдарынан АҚШ-та біліктілігі жоқ жұмысшылардың арасында теңсіздік пен жұмыссыздық артып, жұмысшылардың нарықтық күші әлсіреп, олардың және үй шаруашылығының табыстары төмендеді. АҚШ-тың ұстанған аймақшылдығын сынға алған Стиглиц бар мәселе жаһандануда емес, оны басқаруда және шешімін табуда деген қорытындыға келеді. Сауда күйзелістеріне қатысты 1999-2011 жылдардағы Қытай импортының бәсекелестігінен АҚШ-тағы өндіріс саласында жұмыссыздық шығыны 2,0-2,4 млн. құрағандығын көрсетеді. Оның үстіне, импорттық бәсекелестікке байланысты АҚШтағы жұмыс орындарының өсуі бәсеңдеді. Қаржылық жаһандану трансұлттық корпорациялар үшін пайдалы болғандығы туралы тұжырым жасайды. Алайда жаһансыздану әлемдік экономиканың баяулауына және барлық елдерде ұлттық табыстың едәуір қысқаруына алып келді. Оның пікірінше, жаһандану бүкіл әлемде кедейліктің айтарлықтай төмендеуіне ықпал еткенін және жаһанданудың баялауы мен кері дамуы көптеген адамдарға зиян тигізуі мүмкін. Оның АҚШ-қа да кері ықпал етуі мүмкін, өйткені АҚШ-тың қарызына сұраныстың азаюы пайыздық мөлшерлемелер мен инфляцияның өсе түсуіне алып келуі ықтимал. Ол да өз кезегінде, жаһандануды бейімдендіру қажет деген пікірмен келіседі. Қазіргі уақытта әлемдік экономика бесінші тарихи кезеңге кіріп, оны «жаһандық баяулау» (слоубализация) деп атайды. Бұл кезеңде көптеген елдер жаһандануға деген көзқарастарын өзгертіп үлгерді. Мысалы, Қытайдың сауда-саттыққа тәуелділігі төмендеп, ол өз күшін «Made in China 2025» стратегиясы арқылы ішке қарай жұмсауда. АҚШ өз кезегінде Дональд Трамптың «America First» саясатына басшылыққа алған протекционизмге арқа сүйеп отыр. Пандемия жаһансыздану үрдісін жеделдетіп, көптеген дамыған елдер, оның ішінде Еуропа одағының мүшелері, Австралия және Жапония өз экономикалық егемендігі туралы ойлана бастады. Дегенмен, бұл үдерістерді жаһанданудың соңы деп санауға болмайды. Жаһанданудың күрделі мәселелер күтіп тұр. Оның болашағына айтарлықтай ықпал ететін алғашқы үдерістің қатарында көптеген сарапшылар мен БАҚ «жаңа қырғи қабақ соғыс» деп атап кеткен АҚШ пен Қытай арасындағы шиеленіс. Бұл қақтығыс технологияларды күштеп беру, зияткерлік меншікті ұрлау, мемлекеттік кәсіпорындар тарапынан кеңінен қолдау және Қытайдағы валюта манипуляциясы сынды экономикалық мәселелерден бастау алды. Кейіннен пандемия бұл қақтығысты одан бетер ушықтырып жіберді. Вашингтон Пекинді COVID-19-ды таратқаны және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымын Қытайдың бастапқы кезеңдегі әрекеттерін жасырғаны үшін айыптайды. Қытай, өз кезегінде, COVID-19-дың шығу тегі туралы тәуелсіз зерттеу жүргізуге қатысты үндеулерге агрессивті түрде жауап қайтаруда. Мысалы, Австралия тарапынан жасалған осындай үндеулерден кейін Қытай австралиялық өнімдерге тарифтерді едәуір көтерді. Бір таңқаларлық жағдай, АҚШ адам құқықтарын бұзғандарға және авторитарлық режимдерге қарсы экономикалық санкцияларды қолданса, Қытай керісінше дамыған демократияға ие елдерді санкциялай бастады. Соның нәтижесінде, тек өнеркәсіптік дамыған елдер ғана емес, сондай-ақ көптеген дамушы елдер де жаһандануға және Қытай бастаған әлемдік тасымал тізбегін түбегейлі қайта қарастыра бастады. Мысалы, COVID-19 індетіне байланысты Қытайға әуе қатынасы тоқтатылған соң, Израильдің өндірушілері географиялық жақындығына, өндірістің оңтайлы әдістеріне, қолайлы бағаға және өзара еркін сауда туралы келісімнің болуына байланысты Түркиядан қажетті балама іздей бастады. Түркия басшылығының пікірінше, мұның нәтижесінде екіжақты сауда-саттық өсіп, бұдан былай өндірушілер ешқашан Қытай сияқты тек бір жеткізушіге ғана тәуелді болмайды.
Трансұлттық корпорациялардың құқықтарын қорғаудың орнына жұмысшылардың құқықтарын қорғап, еңбек нормаларын жақсарту арқылы жаһанданудың басымдықтарын қайта қарастыруға шақырады. Жаһандану ұжымдық еркіндікке емес, кең түрдегі қоғамдық мүддеге негізделуі тиіс. Ол сонымен қатар бизнестің оңтайлығын арттыратын және жаңа өнім жасап шығаруға итермелейтін ынталандырудың рөлін, атап айтқанда табыстың рөлін қайта қарау қажеттігіне назар аударады. Саммерстің пайымдауынша, табыс та жұмысшылар мен тұтынушылардың күшін пайдалануда ынталандыру механизмі бола алады. Осы себептен үкімет пайданы қоғамдағы өзге барлық құндылықтардан жоғары қоятын бизнесті реттеуі керек.
Бұл әділ халықаралық сауда мен бәсекелестік үшін маңызды жайт. Соңғы мәліметтер Қытайда мәжбүрлі еңбек лагерлері бар екендігін, 83 қытайлық және шетелдік трансұлттық компания олардан пайда көріп жатқандығын дәлелдейді. Бұл тәжірибе бүкіл әлемде жұмысшылар мен тұтынушыларды қанап қана қоймайды, сонымен бірге жаһандану идеясы мен сипатына нұқсан келтіреді. Өнеркәсібі дамыған елдердің жаһандануға көзқарасы әлем экономикасының болашағына шешуші маңызға ие екендігін атап өтті. Сондықтан да оларға дұрыс саясатты ұстанып, жаһанданудан туындап отырған күйзелістерге төтеп беру үшін өз халқына көмек көрсету керек. Сонымен қатар Фишер, көптеген сарапшылар жаһандануға қарсы емес, керісінше дұрыс әрі әділ жаһандануға ұмтылатындығын айтады. Бұл ой-пікірлер өз өзектілігін әлі де жоғалтқан жоқ.
Идеялар мен білімнің еркін ағымы жаһанданудың қорғауды қажет ететін бөлігі. Ғылыми идеялармен алмасу, халықаралық конференциялар, адами және іскерлік өзара іс-қимыл, ғылыми басылымдар арқылы бұл ағымдар барлық елдердегі экономикалық өсуді жеделдету үрдісіне ие. Сондай-ақ, олар халықаралық білімді тарату үдерісі әлі толық аяқталмағандығын, бүкіл әлем бойынша білім қорын ұлғайту үшін әлемдік экономиканы одан әрі интеграциялауға ықпал ете алатындығын жеке атап өтті. Қорыта айтқанда, жаһанданудың болашағы белгісіз және күрделі күйінде қала беруде. Сарапшылардың көпшілігі жаһандану үдерісін аяқтау мүмкін емес, бірақ оны түзету керек деген пікірде. Үдерісті осылайша қайта қарастыру Дүниежүзілік сауда ұйымы және Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сынды халықаралық институттардың тарапынан үлкен өзгерістерді талап етеді. Олардың болашақта қайта құрылуы жалпы құндылықтар мен нормаларға негізделуі маңызды және ешбір мықты мемлекет оның қызметіне манипуляция жасай алмауы тиіс. Сондай-ақ, жаһандануды қақтығыс негізінде құрылмауы қажет екендігін атап өткен жөн. Керісінше, жалпы адамзаттық құндылықтарға, соның ішінде адамдарға, қоршаған ортаға және бизнеске бірдей қарауға негізделген жаһандану тек трансұлттық корпорациялардың пайдасына негізделген жаһанданудан гөрі анағұрлым тұрақты. Бұған қол жеткізу оңай емес, дегенмен жекелеген елдер жаһандық салдарға ие болатын бұл өзгерістерді жүзеге асыруда табысқа жете алатыны сөзсіз.
Жазушы: Азимжан Хитахунов, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік • • • • • • Ресейлік бас дипломат Сергей Лавровтың төрағалық етуімен бейнеконференция режимінде Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Министрлер өзекті халықаралық және аймақтық мәселелер мен олардың ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігіне әсері, соның ішінде коронавирустық пандемиямен байланысты ықтимал қауіптер туралы пікір алмасты. Сондай-ақ, ҰҚШҰ-ның Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) және Шанхай ынтымақтастық ұйымымен ынтымақтастығын кеңейту жолдары талқыланды (ҰҚШҰ, 26.05.2020). ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зас Ресей немесе Қазақстанның оқу-жаттығу орталықтарында БҰҰ стандарттарына сәйкес бітімгершілік күштерін даярлаудың бірыңғай базасы құрылатындығын мәлімдеді. Застың айтуынша, түпкілікті шешім әскери сарапшылармен кеңескеннен кейін 2020 жылдың соңына дейін қабылданады. ҰҚШҰ сонымен қатар биылғы жылы өзінің бітімгершілік күштерінің БҰҰ миссияларына қатысуына мүмкіндік беретін қажетті нормативтік-құқықтық актілерді қабылдауды жоспарлап отыр (ТАСС, 27.05.2020).
Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросы Тәжікстандағы 2020 жылғы парламенттік сайлау туралы қорытынды есепті жариялады. Есеп мәліметтері бойынша, сайлау плюралистік саяси пікірталасқа орын қалдырмайтын қатаң бақыланатын ортада өтті. Сондай-ақ, құжатта елдің сайлау процесін Тәжікстанның міндеттемелеріне және ЕҚЫҰ-ның демократиялық сайлау стандарттарына сәйкестендіру үшін айтарлықтай күш салу қажет екендігі айтылған (ЕҚЫҰ, 27.05.2020).
Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстан сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары мен Еуропалық сыртқы іс-қимыл қызметінің бас хатшысы Хельга Мария Шмидтің Бейнеконференция кездесуі өтті. Тараптар Орталық Азия мен Еуропа одағы арасындағы, соның ішінде COVID19 таралуына қарсы күрестегі ынтымақтастықты дамыту перспективалары туралы пікір алмасты, сондай-ақ Ташкентте өтуі жоспарланған саясат пен қауіпсіздік бойынша жоғары деңгейдегі екіжақты диалогтың келесі сессиясына дайындық мәселелерін талқылады (UzDaily, 28.05.2020).
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев COVID-19 салдарын азайту және дағдарыстан кейін қалпына келтіру жөніндегі халықаралық күш-жігерді біріктіруге арналған виртуалды форумға қатысты. Ісшара БҰҰ Бас хатшысы Антонио Гутеррештің және Канада мен Ямайка премьерминистрлерінің бастамасымен өтті. Теңізге шыға алмайтын дамушы елдер тобының төрағасы ретінде сөз сөйлеген Президент Тоқаев бұл елдер сыртқы қаржыландырудың, сауда мен инвестициялардың қысқаруынан ең көп зардап шеккен елдердің бірі екенін атап өтті (Ақорда, 28.05.2020).
Қырғызстанның Чечме ауылының тұрғындары мен Қырғызстан мен Өзбекстанға қарасты Сох анклавының шекарасындағы Чашма ауылының тұрғындары арасында жергілікті бұлақты жыл сайынғы бірлесіп тазарту кезінде жанжал туындады. Ауыл тұрғындары бір-біріне тас лақтырып, бірнеше үйді өртеу нәтижесінде екі жақтан ондаған адам жарақат алды. Екі елдің ресми тұлғалары келіссөздер жүргізіп, заңсыз әрекеттерді болдырмауға шаралар қабылдауға келісті (Азаттық, 31.05.2020).
Экономика, қаржы және энергия • • • • • • Өзбекстанның төрағалығымен бейнеконференция форматында ТМД Үкімет басшылары кеңесінің отырысы өтті. Тараптар экономикалық ынтымақтастықтың, әсіресе көлік, құрылыс және энергетика салаларындағы өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, COVID-19 таралуына қарсы бірлескен күш-жігерді қарастырды. ТМД үкімет басшылары сонымен бірге ТМДның 2030 жылға дейінгі кезеңдегі экономикалық даму стратегиясын бекітті (ТМД Интернет-порталы, 29.05.2020).
Жалпыұлттық төтенше жағдай режимі мен коронавирусқа қатысты карантиндік шаралардың салдарынан Қазақстанның ең үлкен қаласы Алматы қаласының экономикасы 9,2%-ға төмендеді. Көлік және сауда ең көп зардап шеккен салалар болды. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, қала экономикасының 40%-ы саудаға тиесілі және бұл жағдайды өзгерту қажет. Әкімнің экономиканы қалпына келтіру жоспары өнеркәсіптік секторды қолдауды және жаңа жұмыс орындарын құруды қарастырады (Kazakh TV, 28.05.2020). Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев коронавирустық пандемияның жағымсыз әсерін азайту мақсатында туризм саласын қолдаудың шұғыл шаралары туралы жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2020 жылдың 1 маусымынан бастап ішкі туризммен байланысты ұйымдар (туроператорлар, турагенттіктер, орналастыру орындары, мәдени орындар және басқалар) санитарлық-гигиеналық нормаларды қатаң сақтай отырып, өз қызметін қайта бастайды. Сондай-ақ, оларға 2021 жылдың 1 қаңтарына дейін табыс салығы 50% төмендетіліп, туристік салық тоқтатыла тұрады (UzA, 29.05.2020).
Қырғызстан Ұлттық энергетикалық холдингінің хабарлауынша, қазіргі таңда Қырғызстан электр энергиясын импорттау туралы Қазақстан, Тәжікстан және Түрікменстанмен келіссөздер жүргізуде. Қырғызстан келесі күзгі-қысқы кезең үшін 2021 жылдың сәуіріне дейін 1 млрд. кВт сатып алуды жоспарлап отыр. Импортталатын электр энергиясының бағасы халық үшін қолданыстағы тарифке қарағанда әлдеқайда қымбат болады, бірақ холдинг тарифті көтеруді жоспарламайды және айырмашылықты басқа тұтынушылардың есебінен жабады (Кабар, 27.05.2020).
Тәжікстан Қаржы министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың қаңтар-сәуір айларында елдің мемлекеттік бюджеті 6 млрд. 823 млн. сомониді немесе жоспардың 91,9%-ын құрады. Осы кезеңде бюджетке жоспарланған 600 млн. сомони (58 млн. доллардан астам) кірістер түскен жоқ. Бюджеттің тапшылығы, ең алдымен, бюджет кірістерінің 75%-дан астамын құрайтын жиналған салықтар көлемінің азаюымен байланысты (Авеста, 26.05.2020).
Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев Каспий теңізі жағалауындағы Алат елді мекенінде дамып жатқан сауда-логистикалық хабтың бөлігі болатын жаңа еркін сауда аймағын құру туралы жарлыққа қол қойды. «Алат» еркін экономикалық аймағы елді мекен айналасындағы іскерлік және инвестициялық қызметті дамыту үшін құрылған. Аймақта жұмыс істейтін компаниялар арнайы салықтық және кедендік режимге ие болады. Сондай-ақ, мемлекет жеке меншікке қатысты жекешелендіру, тәркілеу немесе өзге де шектеу шараларын қолданбауға кепілдік береді (Caspian News, 26.05.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет • • • • • • 2010 жылдың 25 мамырында құрылған Халықаралық Түркі академиясы (TWESCO) өзінің 10 жылдығын атап өтті. Түркі әлемін зерттеудің халықаралық ғылыми орталығын құру туралы ұсынысты 2009 жылдың қазан айында Әзербайжанда өткен түркітілдес елдердің тоғызыншы саммитінде Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев айтқан болатын. Осы уақыт аралығында Түркі академиясы 120-дан астам ғылыми іс-шара ұйымдастырып, әлемнің көптеген тілдерінде 170-тен астам ғылыми еңбек шығарды (TWESCO, 25.05.2020). Түркітілдес елдердің парламенттік ассамблеясы (ТүркПА) мүше мемлекеттердің парламенттерінің ғылыми-зерттеу бөлімшелері мен халықаралық қатынастар бөлімдері басшылары мен қызметкерлерінің бейнеконференциялық кездесуін өткізді. «Парламенттік зерттеу қызметтерін кеңейту» тақырыбындағы кездесу барысында қатысушылар парламенттер үшін зерттеулердің маңыздылығын талқылады, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің ғылымизерттеу орталығының тәжірибесімен танысты және болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін қарастырды (ТүркПА, 29.05.2020).
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев қоғамдағы мәдениет пен өнердің рөлі мен маңызын одан әрі арттыру жөніндегі шаралар туралы жарлыққа қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап концерттік және ойын-сауық қызметін лицензиялау бірыңғай онлайн-портал арқылы жүзеге асырылатын болады. Концерт немесе ойын-сауық шараларын өткізуге бір реттік рұқсат бергені үшін алынатын алымдар алынып тасталады.
Мемлекеттік органдарға әртістер мен орындаушыларды ресми іс-шараларға ақысыз негізде тартуға тыйым салынады. Сонымен қатар, 2020 жылдың қыркүйегінен бастап әр айдың бірінші жексенбісі мемлекеттік мұражайларда «Ашық есік күні»
болып жарияланады (UzA, 28.05.2020).
Түркия мен Өзбекстан Тәжікстанға коронавирустың таралуына қарсы күрес аясында гуманитарлық көмек көрсетті. Түркияның Қызыл Жарты Ай қоғамы Turkish Airlines чартерлік рейсімен 50 мың қорғаныс бетпердесін жіберіп, Түркияда қалған 194 тәжік азаматын жеткізді. Өзбекстан Samarkand England Eco-Medical өзбекбритандық бірлескен кәсіпорнында өндірілген дәрі-дәрмектерден, негізінен антибиотиктерден тұратын 24 тонна жүк жіберді (Авеста, 26.05.2020; Азия-Плюс, 26.05.2020).
«Қазақфильм» киностудиясының хабарлауынша, Орталық Азиядағы жылқы мәдениетін көрсететін «Кедергілерді жеңу» атты қазақстандық деректі фильм Түркия, Грекия және АҚШ-тағы үш бірдей беделді халықаралық кинофестивальге қатысады. Тұсаукесері 2020 жылдың ақпан айында өткен фильм Кеңес заманындағы жылқы спортының аңызы болған Абсент ақалтекесі туралы баяндайды. Фильм жылқылардың қазақ тарихындағы және көшпенділер мәдениетіндегі маңызды рөлін зерттейді (The Astana Times, 28.05.2020). Жаңғақ, пісте, балқарағай, қарағай және Тянь-Шань шыршасының 200 мыңнан астам көшеттері Қырғызстанның орман қорын толықтырды. Деградацияға ұшыраған ормандарды қалпына келтіру Батыс ТяньШаньның биологиялық әртүрлілігін қорғау жөніндегі бесжылдық жоба аясында жүзеге асырылады. Аталмыш жобаны Ғаламдық экологиялық қор қаржыландырып, БҰҰДБ мен Қырғызстанның қоршаған ортаны қорғау және орман шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік агенттігі жүзеге асырады (Кабар, 26.05.2020).




