Жіберуші және қабылдаушы елдер тұрғысынан халықаралық көші-қонның пайдасы мен зияны

ЖІБЕРУШІ ЖӘНЕ ҚАБЫЛДАУШЫ ЕЛДЕР ТҰРҒЫСЫНАН ХАЛЫҚАРАЛЫҚ КӨШІ-ҚОННЫҢ ПАЙДАСЫ МЕН ЗИЯНЫ Халықаралық көші-қон ұйымы көші-қон қозғалысының жаһандық ауқымда экономикалық, әлеуметтік, саяси және технологиялық өзгерістерге әсер ететін өте маңызды құбылыс екенін көрсетеді. 2019 жылғы мәліметтер бойынша, халықаралық мигранттардың саны 272 млн.
адамға жетті. Бұл әлем халқының 3,5%-ын құрайды. Үндістан халықараға мигранттар көп жіберетін елдер арасында көш бастап келеді (17,5 млн.). Одан кейін Мексика (11,8 млн.) және Қытай (10,7 млн.) тұр. Сондай-ақ, Үндістан еңбек мигранттарының үйлеріне жіберетін ақша аударымдары бойынша да алғашқы орында (78,6 млрд. доллар), одан кейінгі орындарды Қытай (67,4 млрд. доллар) және Мексика (35,7 млрд. доллар) иеленеді. Көші-қон үрдісі геосаяси өзгерістер (ішкі тәртіпсіздік, аннексия және т.б.), соғыс, кедейлік, экономикалық тоқырау және нашар экономикалық саясат сияқты түрлі себептерге байланысты туындайды. Көші-қон үдерісінің тікелей әсерін анықтау айтарлықтай қиын, себебі бұл жағдай мигранттардың шыққан елі, білім деңгейі, біліктілігі, тілдік дағдылары және т.б. факторларға байланысты өзгеруі мүмкін. Бұл зерттеуде посткеңестік кеңістіктегі соңғы көші-қон үрдістері ескеріле отырып, халықаралық көші-қонның пайдасы мен зияны қарастырылады. Мерлер 2017 жылғы еңбегінде көші-қонның экономикалық әсерін зерттеді. Автор көшіқонның оң әсері туралы айтып, иммиграцияның артуы жұмыссыздықты төмендететінін және мемлекеттік қаржыға кері әсерін тигізбейтінін айтады. Автордың пайымдауынша, иммигранттардың бірінші ұрпағы қаржылық тұрғыдан үкіметтерге көп шығын келтірсе, олардың екінші ұрпағы, мысалы Америка Құрама Штаттарындағыдай (АҚШ), халықтың ең мықты экономикалық және қаржы салымшыларының қатарына кіреді. Клеменс және т.б. 2018 жылы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмысында халықаралық көші-қонды әрі мүмкіндік ретінде, әрі қиындық ретінде қарастыруға болатындығын тілге тиек етеді. Авторлардың пайымдауынша, мигранттардың жергілікті қызметкерлермен бірдей біліктілікке ие болуы жергілікті тұрғындардың жұмысқа орналасуына кері әсерін тигізуі мүмкін, алайда жоғары біліктілікті иммигранттардың жұмыспен қамту, еңбек күші және нарық тұрғысынан оң әсері бар. Осылайша жергілікті жұмыс күші белгілі бір салалардағы жұмысшылар тапшылығын жабуда үлкен рөл атқарып, өнімділіктің артуына септігін тигізеді. Бұған қоса, авторлар халықаралық көші-қонның арқасында мигранттардың көбірек ақша табуы, отбасыларына ақша аударымдарының артуы және өз елдеріне білім мен технология трансферті сияқты үш жақсы нәтижеге қол жеткізуге болатындығын атап өтеді. Қабылдаушы елдерге тигізетін пайдасы ретінде кірістер мен жұмыспен қамтылу деңгейінің жоғарылауы, таза оң қаржылық әсер және инновациялардың артуы көрсетілген. Зерттеушілер Түркиядағы сириялық босқындарға қатысты іскерлік белсенділіктің тиімді реттелу мысалына сүйене отырып, иммигранттардың экономикаға кәсіпкер, инвестор және жаңашыл тұлға ретінде өз үлестерін қосатындығын алға тартады. Жалпы, көші-қонның ең үлкен шығындарының бірі біліктілердің жылыстауы екені сөзсіз. Осыған байланысты Клеменс пен Гоф 2018 жылы жүргізген ғылыми-зерттеу жұмыстарында екіжақты келісім түріндегі Дағдылар бойынша жаһандық серіктестік (Global Skill Partnership) идеясын ұсынды. Бұл серіктестік аясында қабылдаушы ел мигранттардың шыққан елдеріне техникалық және қаржылық көмек көрсетіп, миграция басталғанға дейін олардың қажетті біліктілікке ие болуына мүмкіндік жасайды. Осылайша қабылдаушы елдер өздеріне қажетті біліктілігі бар мигранттарды жұмыспен қамту, ал жіберуші елдер ұсынылған көмектің арқасында адами капиталын арттыру мүмкіндігіне ие болады. Клеменс және т.б. зерттеушілер Германияның осы саладағы жетекші елдердің бірі екенін, сондай-ақ, Вьетнам және Шри-Ланка сияқты мигранттар жіберетін елдермен бірқатар серіктестіктер орнатқанын айтады. Вьетнам және Шри-Ланкадан келген мигранттардың арасында тәжірибелі, әрі білікті медбикелердің бар екені айтылады. Жаһандық маңызы бар тағы бір инновациялық мысал – 2007 жылы Австралия үкіметінің «Австралиялық көмек» атты шетелдік көмек агенттігі тарапынан құрылған Австралия Тынық мұхиты аймақтық оқыту коалициясы. Бес техникалық оқу орталығынан құралған коалиция осы уақытқа дейін қонақүй, құрылыс және автомобильдерге техникалық қызмет көрсету сияқты мамандықтар бойынша 12 мыңға жуық адамды оқытты. Көші-қонның халықаралық саудаға да әсер еткені белгілі. Генч 2014 жылғы еңбегінде көші-қонның сауда-саттықты арттыратынын айтады. Оның әсер ету ауқымы мигрант жіберуші елдерге, тауар түріне, мигранттардың профилі мен санына байланысты. Мысалы, білікті немесе жоғары білімді мигранттар, әсіресе, тікелей бизнес желісінің жұмысында қамтылған жағдайда саудаға үлкен ықпал етеді. Бұл үдеріс жіберуші және қабылдаушы елдер үшін тиімді.
Әртүрлі экономикалық және саяси факторлардың әсерінен бұрынғы Кеңес Одағы елдері шетелге көптеген мигранттарды жіберді. Сағынбекова 2017 жылы жасаған ғылыми-зерттеу жұмысында шетелде 1 миллионға жуық қырғыз азаматы жұмыс істейтінін және олардың көпшілігі Ресейде тұратынын айтады. Еуразиялық даму банкінің 2013 жылғы есебінде Қырғызстаннан миграция үрдісі білікті мамандардың жылыстауына және жұмыс күшінің әлсіреуіне себеп болғандығы айтылады. Соның салдарынан елдің инновациялық және өндірістік әлеуеті төмендеп, дағдарыстық жағдай туындауы мүмкін екендігін ескертеді. Сонымен қатар, көші-қон әлеуметтік-экономикалық мәселелерге, соның ішінде кедейлікке және білім беруге жұмсалатын шығындардың азаюына себеп болуы мүмкін. Бұл жағдай Қытайдан көші-қон ағынының артуына және қылмыстық әрекеттің жандануына әкелуі мүмкін. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, өз елдеріне оралған еңбек мигранттарының пайыздық мөлшерінің экономикаға әсері белгісіз болып қала беруде. 2000-2018 жылдар аралығында Қазақстаннан көшіп кеткендердің және елге көшіп келгендердің саны сәйкесінше 1,05 млн. және 0,78 млн. адамды құрады. 2000 жылдардың басында эмиграция көрсеткішінің жоғары болуын Кеңес Одағының ыдырауының үздіксіз әсері ретінде қарастыруға болады. Қазақстаннан көшкен мигранттардың негізгі бағыттары Ресей мен Германия елдері болды, олардың үлесі тиісінше 76% және 17%-ды құрады. Беларусь еліне көшіп кеткен мигранттардың үлесі 2% болса, Украина мен Өзбекстанның әрқайсысының үлесі 1%-ға тең. Германиядан басқа жоғары дамыған елдерге қоныс аударған адамдардың үлесі шамалы болды. Алайда, бұл елдерге мигранттар ағыны Қазақстан экономикасы бәсеңдегеннен кейін басталды. Қазақстанға көшіп келгендерді қарастыратын болсақ, олардың көбі посткеңестік мемлекеттерден, Қытай және Моңғолиядан келген. Ең көп үлес Өзбекстаннан келген иммигранттардың еншісінде, 2000-2018 жылдары олардың үлесі 46%-ды құрады. Ресейдің үлесі 27%-ға тең. Ал Қытай мен Моңғолияның үлестері тиісінше 7% және 4%-ды құрады. Табысы жоғары елдерден иммиграция көрсеткіші айтарлықтай төмен деуге болады.
Соңғы жылдары жұмыс іздеу мақсатында Қазақстаннан дамыған елдерге кеткендер санының өскені байқалады. Бұлардың арасында ең танымал бағыттардың бірі – Оңтүстік Корея. 2018 жылы Орталық Азия елдері тұрғысынан еңбек мигранттарының өз елдеріне жасаған ақша аударымдарының ЖІӨ-дегі үлесін қарастыратын болсақ, бұл көрсеткіштің Қазақстанда 0,3%, басқа аймақ елдерінде одан жоғары екендігі байқалады. Сондықтан Орталық Азияның басқа елдері еңбек мигранттарының ақша аударымдарына көбірек тәуелді және бұл ел экономикасы үшін өте маңызды деуге болады. 2018 жылғы мәліметтер бойынша, Қырғызстанда мигранттардың ақша аударымдарының ЖІӨ-дегі үлесі 33,2%-ды құрады. Бұл көрсеткіш Тәжікстанда 29%, ал Өзбекстанда 15% шамасында. Гибсон мен МакКензидің 2011 жылы жүргізген зерттеулеріне сәйкес, білікті және тәжірибесіз жұмысшылардың табысы көші-қонға байланысты жоғарылаған және білікті жұмысшылардың үйлеріне ақша аударымдары олардың елде болмауының қаржылық шығындарының орнын толтыратындай деңгейде болған. Зерттеушілердің пікірінше, мигрант жіберетін елдердің жоғары білікті еңбек көші-қонынан ие болатын артықшылықтарға мигранттардан түсетін кіріс, инвестиция және білім мен тәжірибе алмасу жатады. Мысалы, Үндістан үкіметі өзінің жоғары білікті көші-қонынан және соның нәтижесінде дүниежүзілік үнділік диаспорадан пайда көретіндерін мәлімдеді. Алайда, халық саны аз және саяси тұрғыдан тұрақсыз елдерде мансаптық мүмкіндіктерінің аздығынан білікті мамандардың жылыстауын басынан өткеретін Орталық Азия елдерінің экономикасы қарқынды дамып келе жатқан Үндістан мысалынан алар сабағы көп емес.
Қорытындылай келе, халықаралық көші-қонның артықшылықтарымен қатар, кемшіліктері де бар. Дамушы елдер кірістерін мүмкіндігінше тиімді пайдаланып, шығындарды азайту үшін адами капиталға инвестиция жасаулары және бизнеске қолайлы орта қалыптастырулары керек. Мигранттарды жіберетін елдер алынған ақша аударымдарын, білім мен технологиялар трансфертін өз экономикалары мен институттарын дамыту үшін пайдалануы тиіс. Сонымен қатар, мигрант жіберуші елдер шетелдегі азаматтарын өздерінің экономикаларын әртараптандыру құралы ретінде қарастырулары қажет, әсіресе, экспорт тұрғысынан оларды коммерциялық байланыстар ретінде қарастырған жөн. Әйтпесе, көші-қон үдерісі білікті мамандардың жылыстауымен қатар, біржақты экономикалық шығындарға да себеп болуы мүмкін.
Жазушы: Азимжан Хитахунов, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік • • • • • • Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ауғанстан бойынша арнайы өкілі Талғат Қалиевпен кездесіп, АҚШТалибан келісімінен кейін осы елдің төңірегіндегі геосаяси жағдайды талқылады. Президент Тоқаевтың пікірінше, Ауғанстанда тұрақты бейбітшілік орнату мәселесі Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне сай келеді. Сондай-ақ, Президент арнайы өкілге Ауған мәселесі бойынша екіжақты форматта және көпжақты келіссөз тетіктері аясында шетелдік серіктестермен іс-қимылды үйлестіруді күшейтуді тапсырды (Ақорда, 10.03.2020). Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Келіссөздер барысында көшбасшылар Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы серіктестік мәселелерін талқылады. Елбасы Ресей барлық салаларда Қазақстанның сенімді серіктесі болып қала беретінін атап өтті. Сондай-ақ, тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді қарастырып, әлемдік көмірсутегі нарығындағы жағдай туралы пікір алмасты (Elbasy.kz, 10.03.2020).
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жаңа COVID-19 коронавирусын пандемия деп жариялауына байланысты Президент Тоқаев ел тұрғындарының өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында Қазақстанның бүкіл аумағында төтенше жағдай енгізді. Төтенше жағдай режимі 2020 жылдың 16 наурызынан 2020 жылдың 15 сәуіріне дейін сақталады (Қазақстан СІМ, 15.03.2020).
Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Әзірбайжанға ресми сапары барысында әзірбайжандық әріптесі Ильхам Әлиевпен келіссөздер өткізді. Тараптар халықаралық және аймақтық ұйымдар шеңберіндегі, сондайақ, сауда-экономикалық, көлік-коммуникациялық, мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейтуге дайын екендіктерін білдірді. Сонымен қатар, президенттер Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияны жүзеге асыру үшін ортақ ісшаралар қабылдауға келісті (Түрікменстан СІМ, 11.03.2020). Өзбекстанның Самарқанд қаласында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерінің шекара күзеті органдары басшыларының бесінші аймақтық кездесуі өтті. Ресей мен Орталық Азия мемлекеттерінің (Түрікменстаннан басқа) делегациялары ТМД-ның сыртқы шекараларында, әсіресе, Ауғанстанмен шекаралық қауіпсіздік жүйесін нығайту мәселелерін қарады. Тараптар ТМД аумағына террористік және экстремистік әрекетке қатысқан адамдардың енуіне қарсы іс-шаралар туралы келісті (ТМД шекара әскерлері қолбасшыларының кеңесі, 11.03.2020). Өзбекстан Қорғаныс министрі Баходир Курбанов Тәжікстанға бір күндік жұмыс сапары барысында бірлескен тәжік-өзбек антитеррорлық жаттығуы өткізілген Фахрабад әскери полигонында болды. Жаттығу бағдарламасы бойынша Тәжікстан мен Өзбекстанның қорғаныс министрліктерінің арнайы мақсаттағы бөлімшелері екі елдің іргелес аумақтарына жағдайды тұрақсыздандыру үшін енген террористерді жою бойынша үйлестірілген әрекеттерді жүзеге асырды (Азия-Плюс, 13.03.2020).
Қоғам және мәдениет Экономика, қаржы және энергия • • • • • • Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев үкімет басшыларымен Әзірбайжан және Ресеймен инвестициялық, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың басым бағыттарын анықтау мақсатында кездесу өткізді. Мирзиеевтің айтуынша, 2019 жылы Өзбекстанның Әзірбайжанмен және Ресеймен екіжақты сауда көлемі 2018 жылмен салыстырғанда сәйкесінше 55,7% және 17%-ға өсті. Өзбекстанда әзірбайжандық капиталмен 178 компания жұмыс істесе, өзбек-ресей бірлескен серіктестерінің саны 1,828-ге жетті (Өзбекстан Президенті, 09.03.2020).
Түрікменстан Қытайдың газ импортының төмендеуі мен әлемдік энергия бағаларының құлдырауынан кейін валюталық бақылауды күшейтті. Түрікменстан газының негізгі сатып алушысы PetroChina маусымдық сұраныстың төмендеуі және коронавирустың өршуіне байланысты кейбір сатып алуларды тоқтатты. Түрікменстанның Орталық банкі азаматтарға сатып алуға рұқсат етілген шетел валютасын 500 доллардан 300 долларға дейін қысқартты және банк аударымдарының ай сайынғы лимитін 300 доллардан 200 долларға дейін азайтты (Рейтер, 13.03.2020). Бірлескен бейнеконференция отырысында Беларусь және Ресей Ауыл шаруашылығы министрліктерінің Басқару кеңесінің мүшелері агроөнеркәсіптік кешендегі ынтымақтастықты дамытудың маңызды мәселелерін талқылады. 2019 жылы Ресей Беларусь еліне 1,5 млрд. доллар көлемінде ауылшаруашылық өнімдерін экспорттады. Дәл осы кезеңде Беларусь елінің Ресейге экспорты 4,3 млрд. долларды құрады. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға көп. Бұл өсу үрдісінің негізгі себептерінің қатарына сату бағасының өсуі мен жекелеген өнім түрлерін жеткізудің артуы жатады (БелТА, 13.02.2020).
Австрия Advantage Austria сауда агенттігінің мәліметтері бойынша, Түркияның Жерорта теңізіндегі жағажайлары, көлдері, таулары және басқа да табиғи сұлулықтары туризм әлеуетін арттыру тұрғысынан өте қолайлы мүмкіндіктер ұсынады. Түркия осыған байланысты халқы 8 млн. ғана болса да, жылына 50 млн. турист қабылдайтын Австрияның тәжірибесін қолдана алады. Түркияның тау курорттарын дамыту үшін Advantage Austria Улудаг қаласында Қысқы және тау туризмінің инфрақұрылымдық секторы саммитін өткізді (Анадолы агенттігі, 15.03.2020).
2020 жылдың қаңтар-ақпан айларында Түркияның Ресейге экспорты өткен жылмен салыстырғанда 26%-ға артып, 700 млн. долларға жетті. Саны жағынан алғанда, өткен жылдың сәйкес кезеңінде 388 мың тонна тауар сатылған болса, биыл Ресейге 27 сектордан 500 мың тоннадан астам өнім экспортталды. Өнімдер тізімінде жаңа піскен жемістер мен көкөністер көш бастап тұрса, одан кейін автомобиль өнеркәсібінің өнімдері тұр (Daily Sabah, 15.03.2020).
Ресейлік мұнай басқарушылары елдің мұнай компанияларына қазіргі мұнай бағалары немесе одан да төмен бағалары әсер етпейтінін атап өтіп, ОПЕК+ келісімі бұзылғаннан кейін мұнай өндіруді ұлғайтуды жоспарлап отырғандарын мәлімдеді. Ресей Энергетика министрі Александр Новактың айтуынша, Ресейдің мұнай өндіруді тәулігіне 500 мың баррельге арттыру мүмкіндігі бар (OilPrice.com, 13.03.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов • • • • • • Қазақстан Сенаты Өзбекстанмен 2019 жылдың сәуірінде қол қойылған Заңсыз көші-қонмен күрес саласындағы ынтымақтастық туралы үкіметаралық келісімді ратификациялады. Құжат екі ел арасында көші-қонды реттеуге, азаматтық мәселелерді шешуге, қылмыстың алдын алу бойынша бірлескен іс-шараларды ұйымдастыруға және көші-қон саласында ақпарат алмасуға бағытталған. Қазақстан Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, 2019 жылы ел шекарасынан 2,5 млн. өзбек азаматы өтті, олардың 500 мыңнан астамы – маусымдық жұмысшылар (ҚазАқпарат, 12.03.2020).
Халықаралық түркі мәдениеті ұйымының (ТҮРКСОЙ) штаб-пәтерінде өткен салтанатты іс-шарада Түркия радио және теледидар корпорациясының (TRT) Бас директоры Ибрахим Ерен «Шыңғыс Айтматов Алтын медалімен»
марапатталды. Сыйлық Ерен мырзаға түркі мәдениеті мен өнерін ілгерілетуге, сондай-ақ, ТҮРКСОЙ-дың қызметіне қосқан үлесі үшін берілді. ТҮРКСОЙ Бас хатшысы Дүйсен Қасейіновтің айтуынша, TRT ширек ғасырдан астам уақыт бойы ТҮРКСОЙ-ға үлкен қолдау көрсетіп келеді (ТҮРКСОЙ, 09.03.2020).
Анкарада Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі мен ЭкоЕуразия қауымдастығы белгілі қазақ ақыны және Алаш қозғалысының қайраткері Мағжан Жұмабаевтың құрметіне орай «Түркістаннан Анадолыға дейін – Мағжан Жұмабаев» атты іс-шара өткізді. Аталмыш ісшараға Түркияның лауазымды тұлғалары, зиялы қауым өкілдері, журналистер, кәсіпкерлер және Түркияда оқып жатқан қазақстандық студенттер қатысты. Қатысушылар Жұмабаевтың өмірі мен мұрасы, сондай-ақ, оның поэзиясы туралы баяндамаларды тыңдады (ҚазАқпарат, 13.03.2020).
Жапон үкіметі Қырғызстан үкіметі тарапынан Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму Бағдарламасы (БҰҰ ДБ) және Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қорымен (ЮНИСЕФ) бірлесіп жүзеге асырылатын шамамен 8 млн. долларлық екі жобаны қаржыландырады. Бірінші жоба Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясына сайлау үдерістерінің инклюзивтілігі мен ашықтығын дамытуға қолдау көрсетеді. «Балалардың табиғи апаттар мен климаттың өзгеру жағдайларына тұрақтылығын арттыру» деп аталатын екінші жоба мектептерде симуляциялық жаттығулар арқылы қырғыз балаларының қауіпсіздігін нығайтуға ықпал етеді (Кабар, 11.03.2020).
Түркияның Kanimed Saglik Cozumleri компаниясының менеджерлері Өзбекстанның Наманган қаласына барып, жергілікті лауазымды тұлғалармен келіссөздер өткізді. Тараптар Учкурган ауданында диагностикалық орталық салу жөніндегі жоба аясында атқарылған шараларды талқылады. 7,3 млн. доллар тұратын орталық Орталық Азиядағы ең дамыған медициналық мекемелердің біріне айналады деп күтілуде (UzA, 10.03.2020). Қазақстанның астанасы Нұр-Сұлтан қаласы Мәскеуде өткен ТМД астаналары мен ірі қалаларының халықаралық ассамблеясының (ҚХА) 27-ші сессиясында бірауыздан ҚХА төрағасы болып сайланды. Нұр-Сұлтан алдағы төрт жыл бойы ұйымға төрағалық ететін болады. ҚХА жалпы халқы 56 миллионнан асатын ТМД-ның 53 қаласын біріктіріп, қаланы дамыту тәжірибесімен алмасу алаңы болып табылады (ҚазАқпарат, 12.03.2020).




