f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Гендер және қарусыздану: әйелдердің қатысуын арттыру
ebulletin

Гендер және қарусыздану: әйелдердің қатысуын арттыру

Авторлар: Әбен Дәурен Әбенұлы
2020 ж. 11 мамыр
Гендер және қарусыздану: әйелдердің қатысуын арттыру

ГЕНДЕР ЖӘНЕ ҚАРУСЫЗДАНУ: ӘЙЕЛДЕРДІҢ ҚАТЫСУЫН АРТТЫРУ 2000 жылдың 31 қазанында Біріккен ұлттар ұйымының Қауіпсіздік кеңесі «Әйелдер, бейбітшілік пен қауіпсіздік» күн тәртібі шеңберінде маңызды шешім қабылдады.

1325 (2000) қарар жанжалдардың алдын алу мен шешудегі және бейбітшілік орнатудағы әйелдердің маңызды рөлін қуаттап, бейбітшілік пен қауіпсіздікті қорғау және ілгерілету жөніндегі жұмыстарға әйелдердің тең дәрежеде және толық қатысуының маңыздылығын атап өтті. Осыған байланысты, аталмыш қарар БҰҰ-ға мүше мемлекеттерді тиісті ұлттық, аймақтық және халықаралық институттар мен тетіктерде шешім қабылдаудың барлық деңгейлерінде әйелдердің үлесін арттыруды қамтамасыз етуге шақырады. Арада он жыл өткен соң, 2010 жылғы 8 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы әйелдердің қарусыздану шараларына қосқан маңызды үлесін мойындайтын және қаруды бақылау, таратпау және қарусыздануға қатысты мәселелер бойынша шешім қабылдау үдерісіне әйелдердің әділетті және тиімді қатысуын ынталандыратын 65/69 қарар қабылдады. Нәтижесінде әйелдер гуманитарлық, бітімгершілік және жанжалдан кейінгі миссияларға ғана емес, сонымен қатар бейбіт келіссөздер мен қауіпсіздік жөніндегі көпжақты форумдарға да қатысуда. Дегенмен, нақты ілгерілеушіліктерге қарамастан, әйелдер бұл салада әлі де болса мәселелер мен кедергілерге тап болуда. Әйелдердің қару-жарақты бақылау, таратпау және қарусыздану салаларына қатысуы неліктен маңызды? Біріншіден, әйелдер әлем халқының тең жартысын құрайды және бұл қарапайым факт оларға өмірі мен әл-ауқатына әсер ететін мәселелер бойынша шешім қабылдауға қатысу құқығын береді. Осылайша, әйелдердің көпжақты қарусыздану дипломатиясына қатысуы демократия мен гендерлік теңдік мақсаттарына қызмет етеді. Әйелдер мен балалар соғыс пен қақтығыстар кезіндегі ең осал топтардың бірі екендігі қатыгез шындық болып табылады. Қарулы зорлық-зомбылық құрбандарының көпшілігі ер адамдар болғанымен, әйелдер ер серіктестерінің қолдауынсыз қақтығыстардың ауыртпалығын көтереді және соғыс аймақтарында, соның ішінде гендерлік зорлық-зомбылықта ерекше қауіп-қатерлерге тап болады. Сондай-ақ, ерлердің көпшілігі қаруды күш, қауіпсіздік және беделді қамтамасыз ететін құрал ретінде қабылдайтындығын, ал әйелдердің көпшілігі болса қаруды қырып-жою мен өлтіру құралы ретінде қарастыратындығын атап өткен жөн. Сондықтан гендерлік перспективаны бейбітшілік пен қауіпсіздік шараларына ерлер мен әйелдердің тәжірибелері, қабылдау және қажеттіліктеріндегі айырмашылықтарды ескере отырып енгізу қажет.

Соңғы жылдары үкіметтік емес үгіт-насихат саласында да, үкіметаралық деңгейде де халықаралық қауіпсіздік саясатын қалыптастыруда әйелдердің ықпалы күшейе түсті. Көбінесе гендерлік мәселелердің ілгерілеуі дәстүрлі қарусыздану саласында байқалады. Әдеттегі қару-жарақтың халықаралық саудасын реттейтін (2014 жылғы жел-тоқсанда күшіне енген) Қару-жарақ саудасы туралы халықаралық келісім (ATT) қару-жарақ жеткізілімі мен гендерлік зорлық-зомбылық арасындағы байланысты нақты мойындайтын алғашқы келісім болды. Сонымен қатар, БҰҰ Бас Ассамблеясы АТТ-ға қатысты қарарларында қатысушы мемлекеттер мен келісімге қол қойған мемлекеттерді келісімнің мәні мен мақсатын орындауда әйелдер мен ерлердің тең дәрежеде толық қатысуын қамтамасыз етуге шақырады. 2019 жылғы тамызда өткізілген ATT-ға қатысушы мемлекеттердің бесінші конференциясы гендерлік және гендерлік зорлық-зомбылыққа қатысты тақырыптық пікірталас ұйымдастырды, онда әйелдердің тең үлесі және мағыналы қатысу мәселесі қаралды.

Ядролық қаруды таратпау және қарусыздану саласында 2013-2014 жылдар аралығында өткен ядролық қаруды қолданудың апатты гуманитарлық салдарын зерделеуге арналған бірқатар конференциялар барысында гендерлік теңдік үрдісі айқын болды. Атап айтқанда, әйелдердің рөлін арттыру туралы уәж ұзақ мерзімді перспективада әйелдердің иондаушы сәулеленудің денсаулыққа зиянды әсеріне биологиялық тұрғыдан ерлерден гөрі әлсіз екенін және қатерлі ісік даму қаупі жоғарырақ екенін көрсеткен ғылыми дәлелдермен расталды. Сонымен қатар, ядролық қару жарылыстарының ерлер мен әйелдерге әлеуметтік, экономикалық және психологиялық әсер етуінде де айырмашылықтар бар. Гендерге байланысты гуманитарлық зардаптар мен әйелдердің ядролық қарусыздану жөніндегі келіссөз форумдарына қатысу мәселелері Ядролық қаруды таратпау туралы шартты қарау кезінде алғаш рет күн тәртібіне енгізілген болатын. Қарусыздану жөніндегі басқа форумдар да осы саладағы ілгерілеушілікті көрсетеді. Атап айтқанда, Биологиялық қару туралы конвенцияны (BWC) іске асыруды күшейту үшін гендердің маңыздылығы туралы бірінші іс-шара 2019 жылғы шілде-тамыз айларында Женевада өткен BWC сараптамалық кездесулерінде жасалды.

Ядролық қаруға жалпыға бірдей және жанжақты тыйым салған (2017 жылдың шілдесінде қабылданған, бірақ әлі де күшіне енбеген) алғашқы заңды күші бар халықаралық құжат болып табылатын Ядролық қаруға тыйым салу туралы шарттың (TPNW) да гендерлік тақырыпты қарастыратыны назар аударарлық жайт. Шарт кіріспесінде «әйелдер мен ерлердің тең дәрежеде толық және тиімді қатысуы тұрақты бейбітшілік пен қауіпсіздікті дамытудың және оған қол жеткізудің маңызды факторы болып табылатынын» мойындап, «әйелдердің ядролық қарусыздануға тиімді қатысуын қолдауға және нығайтуға» міндеттенеді. TPNW сонымен қатар ядролық қарудың «әйелдер мен қыздарға, оның ішінде иондаушы сәулелену нәтижесінде әртүрлі деңгейде әсер ететінін» мойындайды және ядролық қаруды қолдану немесе сынау салдарынан зардап шеккен адамдарға гендерлік факторды ескере отырып көмек көрсету қажеттілігін айтады.

Сонымен бірге, қаруды бақылау, таратпау және қарусыздану іс-шараларына қатысатын әйелдердің саны тұрақты түрде өсіп келе жатқан сияқты, бірақ зерттеулер ядролық қаруды қоса алғанда, қауіпсіздік мәселелерімен айналысатын көпжақты форумдарда әйелдердің жеткіліксіз екендігін көрсетеді. Сонымен қатар, басшылық лауазымдарда гендерлік теңгерімсіздік байқалады, яғни лауазымның маңыздылығы артқан сайын әйелдердің үлесі төмендейді. Мәселен, 2018 жылы осы форумдарға қатысқан делегация басшыларының 76%-ы ер адамдар болса, ерлер өкілдерінің жалпы үлесі 66%ды құрады. Бұған себеп ретінде халықаралық қатынастардың терең гендерлік таптаурындардан арылмауын және көбінесе техникалық тұрғыдан күрделі және саяси тұрғыдан алғанда сезімтал қауіпсіздік мәселелері әдетте ерлердің саласы ретінде қарастырылуын атап өтуге болады. Қару-жарақты бақылау, таратпау және қарусыздану саласындағы гендерлік теңдікті алға жылжытудағы басқа да кедергілерге статусквоны өзгертуге құлықсыздық, жұмыс пен жеке өмір тепе-теңдігін сақтау мәселелері және осы салада, әсіресе, жоғары деңгейлерде әйелдер үлгі алатындай тұлғалардың болмауы жатады. Осыған байланысты, БҰҰ-ның жаңадан тағайындалған Бас хатшысы Антонио Гутерриштің 2017 жылы берген уәдесіне сәйкес, ерлер мен әйелдердің тең өкілдік етуімен БҰҰ Хатшылығының басшылығында гендерлік теңдікке қол жеткізу аса маңызды.

Жалпы, әйелдердің көбірек қатысуы арқылы халықаралық қауіпсіздік дискурсына гендерлік перспективаны енгізу қару-жарақты бақылау, таратпау және қарусыздану мақсаттарын алға жылжытуға көмектеседі.

Антонио Гутерриш қарусыздану жөніндегі күн тәртібінде «әйелдерді көбірек тарту қарусыздану туралы пікірталастарды жандандыруға көмектесетінін және қауіпсіз болашақ қалыптастыру үшін бірлескен күш-жігерімізді арттыратынын» атап өтті (БҰҰ, 2018). Шынында да, ерлер үстемдік еткен халықаралық қауымдастық ядролық қарусыздану саласында айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізе алмады және әйелдер үлесінің төмендігі бұл салада маңызды прогреске кедергі келтіретін факторлардың бірі болуы мүмкін. Гендерлік әртүрлілік, керісінше, әр түрлі перспективалар, жаңа идеялар мен инновациялық шешімдерді ескеруге мүмкіндік береді. Алайда, мүдделі тараптардың тең сандық өкілдігін қамтамасыз ету өз алдына мақсат болмауы керек. Өйткені бұл көпжақты форумдарды гендерлік аспектіні ескеретін неғұрлым инклюзивті форумға айналдырмайды. Әсіресе, киберқауіпсіздік, өлімге әкелетін қару-жарақтың автономды жүйелері және ғарыш кеңістігімен байланысты жаңа қауіпсіздік мәселелерінің туындауымен шынайы гендерлік теңдікке қол жеткізу үшін әйелдердің барлық деңгейлерде сапалық қатысуын қамтамасыз ету маңыздырақ. Ерлер мен әйелдердің толық және тиімді қатысуынсыз тұрақты бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес.

Жазушы: Дәурен Әбен, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік • • • • • • Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссияның қорытынды отырысы өтті. Жиынға облыс әкімдері мен мемлекеттік органдардың басшылары бейне байланыс режимі арқылы қатысты. Президент елдегі төтенше жағдай режимі аяқталғанын, бірақ коронавирус дерті әлі де қауіп төндіргендіктен карантиндік шектеулер әр өңірдегі жағдайдың жақсаруына қарай біртіндеп алынатынын айтты. Сондай-ақ, мемлекет басшысы экономиканы қолдауға және дағдарыстан кейінгі дамуды қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар қосымша шараларды ұсынды (Ақорда, 11.05.2020). Өзбекстанның төрағалық етуімен бейнеконференция форматында Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) Сыртқы істер министрлерінің кеңесінің отырысы өтті.

Тараптар халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер мен достастық аясындағы өзара іс-қимыл туралы пікір алмасты. Сондай-ақ, олар ТМД қызметінің негізгі бағыттары бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамыту мен тереңдетуге қатысты кең ауқымды мәселелерді қарастырды. Отырыста коронавирустық пандемияның экономикаға және әлеуметтік әлауқатқа жағымсыз салдарын еңсерудегі бірлескен күш-жігерге ерекше назар аударылды (ТМД Интернет-порталы, 12.05.2020).

Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің сыртқы істер министрлері Ресей тарапының төрағалығымен бейнеконференция форматында кездесу өткізді. Министрлер жаңа коронавирустың таралуы жағдайында ШЫҰ қызметін дамытуға бағытталған басым міндеттерге тоқталды. Олар COVID-19дан кейінгі әлеуметтік, сауда-экономикалық дүмпуді еңсеру және оның аймақтық және жаһандық қауіпсіздік пен тұрақтылыққа әсерін болдырмау үшін халықаралық ынтымақтастықты ілгерілетудің маңыздылығын атап өтті (ШЫҰ, 13.05.2020).

Қазақстан Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраевпен кездесті. Шымкентте өткен келіссөздер барысында өзбек тарапы қазақстандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен Сардоба су қоймасына техникалық аудит жасауға келісті. Сондай-ақ, тараптар трансшекаралық су нысандарын бірлесіп басқару, пайдалану және қорғау туралы үкіметаралық келісімді әзірлеуге және қол қоюға келісті (Tengrinews, 14.05.2020).

Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шарт ұйымының (ЯСЖТШҰ) Дайындық комиссиясының жауапты хатшысы Лассина Зербомен онлайн-кездесу өткізді. Тараптар Түрікменстан мен ұйым арасындағы ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын, оның ішінде техникалық көмек және түрікмен ұлттық сарапшыларының ЯСЖТШҰ семинарлары мен тренингтеріне қатысуын талқылады (Түрікменстан СІМ, 13.05.2020). Ауғанстан Президенті Ашраф Ғани және оның өткен жылғы президенттік сайлаудағы басты қарсыласы, бұрынғы Премьерминистр Абдулла Абдулла бір айға созылған дауды аяқтап, билікті бөлу туралы келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес, Ғани президент болып қала береді, ал Абдулла Талибанмен бейбіт келіссөздер жүргізу үшін Ұлттық келісім жөніндегі Жоғарғы кеңесті басқарады. Сонымен қатар, Абдулла командасы кабинет мүшелері мен провинция губернаторларының тең жартысын тағайындай алады (Әл-Жазира, 17.05.2020).

Экономика, қаржы және энергия • • • • • • Қазақстан Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша, елдің сыртқы саудасы 2020 жылдың бірінші тоқсанында 2,7%-ға артып, 21 млрд. долларға жетті. Алайда, сол кезеңде ішкі саудада айтарлықтай бәсеңдеу үрдісі байқалды. Өңірлер арасындағы сауданың нақты көлем индексі карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты қаңтарсәуір айларында 8,9%-ға, сәуір айында 34,8%-ға төмендеді. Министр көтерме сауда орталықтарын салу және электрондық сауданы дамыту мәселелерін сауданы кеңейтудің басымдықтары ретінде атап өтті (The Astana Times, 13.05.2020).

Түрікменстан Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) бас директорына ДСҰ-ға бақылаушы ретінде кіру туралы өтініш хат жолдады. ДСҰ рәсімдеріне сәйкес, Түрікменстанның өтінімі ДСҰ Бас кеңесінің кезекті отырысында қаралады. Түрікменстанның ДСҰ-ға мүшелігі туралы мәселе алғаш рет 2011 жылдың қаңтарында Еуропалық комиссияның бұрынғы төрағасы Жозе-Мануэль Баррозудың Ашхабадқа сапары кезінде көтерілген болатын (Түрікменстан СІМ, 13.05.2020; Ферғана, 16.05.2020).

Украина мен Катардың ресми өкілдері сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелерін талқылау үшін телефон арқылы сөйлесті. Тараптар Украинада ауыл шаруашылығы, көлік және медициналық инфрақұрылым салаларындағы перспективалық инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударды. 2019 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 90 млн. долларды құрады, бұл екіжақты дипломатиялық қатынастар орнағаннан бергі ең жоғары көрсеткіш болып табылады (Укринформ, 15.05.2020).

Ресей Көлік министрі Евгений Дитрихтің айтуынша, оптимистік сценарий бойынша Ресейде әуе рейстері шілде айында қайта басталған жағдайда, 2020 жылы жолаушылардың саны кем дегенде жартысына азайып, 60 миллионға дейін төмендеуі мүмкін. Алайда, егер рейстер күзде басталатын болса, жолаушылар саны 30 миллион шамасында болады деп күтілуде. 2019 жылы рекордты 128,1 млн. жолаушыны тасымалдаған ресейлік авиакомпаниялар тек 2021 жылдың қыркүйегіне қарай қалпына келеді деп күтілуде (ТАСС, 17.05.2020).

АҚШ мемлекеттік хатшысы Майкл Помпео АҚШ мұнайының алғашқы жөнелтілімі жақын арада Беларусқа жіберілетінін мәлімдеді. АҚШ-тың United Energy Trading компаниясы мұнайды АҚШ-тың Getka фирмасы мен оның поляк серіктесі UNIMOT-тың көмегімен жеткізеді. Помпео атап өткендей, АҚШ Беларусь сияқты елдердің энергетикалық ресурстарға деген импорттық қажеттіліктерін қанағаттандыруға дайын. Ол сонымен бірге Беларусты АҚШ бизнесінің ел нарығына қол жетімділігін арттыруға және ДСҰ-ға кіру процесін ілгерілету үшін қажетті нарықтық реформаларды жүргізуге шақырды (ТАСС, 16.05.2020).

Иранның Сауданы дамыту ұйымы елдің жеке секторының өкілдерімен кездесу барысында мәлімдегендей, Иранның Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) нарығына преференциялық тауарлар санатындағы экспорты 2019 жылдың қараша айынан бастап 2020 жылдың наурыз айының соңына дейін 69%-ға өсті. Тараптар арасында жасалған аралық сауда келісіміне байланысты Иран мен ЕЭО арасындағы қатынастар нығайтылды (IRNA, 11.05.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет • • • • • • Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдат Әміреевтің мәлімдемесіне сәйкес, 2020 жылы Түркияда өтеді деп күтілген Төртінші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары COVID-19 пандемиясына байланысты кейінге қалдырылды. Бағдат Әміреев «мүше мемлекеттердің бірлескен күш-жігерінің арқасында біртіндеп әлемдік брендке айналып жатқан ойындар 2021 жылы Түркияда түркітілдес мемлекеттер мен халықтардың ортақ мұрасына лайықты түрде өткізілетініне» сенім білдірді (Түркі кеңесі, 14.05.2020).

Қазақстан Ұлттық академиялық кітапханасы Мәдениет және спорт министрлігі мен Мемлекет тарихи институтының қолдауымен «Ұлық Ұлыс – Ұлы дала тарихы» атты халықаралық онлайн-конференция ұйымдастырды. Алтын Орданың 750 жылдығына арналған шараға бірқатар көрнекті қазақ ғалымдары қатысты. Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі өзінің құттықтау сөзінде Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өтуге байланысты академияның атқарып жатқан жұмыстары туралы баяндады (TWESCO, 14.05.2020).

Қырғызстан үкіметі Сардоба су қоймасында бөгеттің жарылуынан зардап шеккен Өзбекстан халқына гуманитарлық көмек көрсетті. Қырғызстан Премьер-министрі Мухаммедкалый Абылгазиев қол қойған шешімге сәйкес, қырғыз тарапы көрші елге 1,000 тонна цемент, 100 тонна күріш және 10 тонна өсімдік майын жіберді. Бұған дейін Өзбекстан Қырғызстанға COVID-19 індетімен күрес аясында көмек жіберген болатын (Кабар, 11.05.2020).

Түрікменстан Сыртқы істер министрлігінде Халықаралық көші-қон ұйымының (ХКҰ) «COVID-19 пандемиясы кезіндегі ынтымақтастықтың жаңа көкжиектері»

атты аймақтық бастамасының онлайн-тұсаукесері өтті. Іс-шараға түрікменстандық ресми тұлғалар, ХКҰ сарапшылары және ХКҰ-ға мүше мемлекеттер мен донорлық ұйымдардың өкілдері қатысты. Қатысушылар мигранттар тап болатын мәселелерге ерекше назар аудара отырып, пандемия зардаптарын еңсеру үшін ынтымақтастықты үйлестіру жөніндегі ХКҰ аймақтық бастамасының жобасын талқылады (Түрікменстан СІМ, 14.05.2020). Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке жолдаған хатында ел үкіметін COVID-19-бен күресуде алдын алу шараларын қабылдағаны үшін жоғары бағалады. Ол сондай-ақ, Түркі кеңесінің кезектен тыс саммиті және Қосылмау қозғалысының саммиті сияқты онлайн режимде өткен пандемияға қарсы ұлттық, аймақтық және жаһандық шараларды үйлестіруге бағытталған көпжақты дипломатия бастамалары үшін Әзербайжан басшысына ризашылығын білдірді (Trend, 12.05.2020).

Ресейдің жастар үкіметтері қауымдастығы ЕЭО мүше мемлекеттерінің (Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан және Ресей) жастар ұйымдарының өкілдеріне жобаларды бірлесіп жүзеге асыру мүмкіндіктерін талқылау үшін бейнеконференция ұйымдастырды. Конференция барысында тараптар ЕЭО жастардың өзінөзі басқару органдарының қауымдастығын құруды ұсынды. 2009 жылы құрылған Ресейдің жастар үкіметтері қауымдастығының 72 аймақта 4,000 мүшесі бар (ҚазАқпарат, 12.05.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.