Технологияға қарсы геосаясат: huawei мысалы

ТЕХНОЛОГИЯҒА ҚАРСЫ ГЕОСАЯСАТ: HUAWEİ МЫСАЛЫ 2020 жылдың ақпанында дәстүрлі Мюнхен қауіпсіздік конференциясы кезінде АҚШ делегациясы Қытайдың телекоммуникациялық компаниясы Huawei-дің 5G технологиясынан туындайтын қауіпсіздік қатері туралы көпшілікке жариялады. Сонымен қатар, АҚШ-тың соңғы үш жыл бойы Huawei-ге бойкот жариялау үшін жүргізген жаһандық науқаны АҚШ Президенті Дональд Трамптың барлық маңызды кездесулерінде кеңінен талқыланғаны белгілі. Осыған байланысты 2020 жыл әлемдегі ең ірі телекоммуникациялық жабдық және екінші ірі смартфон өндірушісі үшін аса қиын болды.
Huawei құрылғыларындағы қауіпсіздік жүйесінің осалдығына қатысты АҚШ-тың айыптаулары әлемде әртүрлі реакция тудырды. Тіпті Батыс елдерінің де бұл мәселеге деген көзқарасы әртүрлі болды. Huawei жүйелерінің қауіпсіздік қатері бірінші кезекте Қытай-АҚШ қатынастарының одан әрі нашарлауы жағдайында АҚШ үшін кейбір салдарларға әкелуі мүмкін. АҚШ пен Қытай арасындағы тұрақты сауда келіспеушіліктерін ескере отырып, бұның шарасыз нәтиже екенін көруге болады. Тиісінше, егер Huawei жабдықтары Қытайдың 2017 жылы қабылданған Ұлттық барлау туралы заңына сәйкес тыңшылық мақсатында пайдаланылуы мүмкін деген мәлімдеме шындыққа жанасса, бұл Вашингтон мен оның одақтастары үшін үлкен қауіп-қатер болары анық. Австралия, Жаңа Зеландия және Жапония сияқты елдер сенім мәселелеріне және Қытаймен қатынастардағы геосаяси шиеленіске байланысты Huawei өнімдеріне тыйым салды. Сонымен қатар, Huawei-дің әлемдік телекоммуникация нарығында үстемдігінің артуы 5G сияқты технологиялар бойынша АҚШ-тың көшбасшылығына қауіп төндіретінін атап өткен жөн. Бұл перспектива нарықтық бәсекелестіктен туындағаны сөзсіз. Осылайша, Huawei-дің саяси астарына байланысты қауіпсіздік қатерлерін ескере отырып, АҚШ-тың саяси-экономикалық негіздерінің Вашингтонның Huawei-ге қатысты стратегиясына едәуір дәрежеде әсер еткенін тұжырымдауға болады. АҚШ билігі ресми түрде Huawei-ге деген сенімсіздігін келесі мәселелермен түсіндірді: 1) Жоғарыда аталған Ұлттық барлау туралы заңға сәйкес, қытайлық ұйымдар «ұлттық барлау жұмысын қолдап, олармен ынтымақтастықта болуы керек». Сондықтан да Пекин Huawei-ді Қытай үкіметіне өз пайдаланушылары туралы барлау деректерін беруге мәжбүр етуі мүмкін. Сонымен қатар, Қытай үкіметі Huawei-ді шиеленіс кезінде бағдарламалық жасақтамасын пайдалануға және тіпті басқаруға рұқсат беруге мәжбүр етуі мүмкін; 2) 2020 жылдың ақпанында АҚШ билігі Huawei-дің ғаламдық деңгейде желілік бағдарламалық жасақтамасына жасырын қол жеткізу ықтималдығы туралы хабарлады; 3) Ашықтық мәселесі күмән тудырады, өйткені басқа трансұлттық корпорациялардан айырмашылығы Huawei есептері тек компанияның топ-менеджментіне ғана қол жетімді.
АҚШ-тың Huawei-ге қарсы алғашқы айыптаулары 2011-2012 жылдары АҚШ үкіметі компанияның қауіпсіздік жүйелерін тергеуді сұраған кезден басталғаны назар аудартады. АҚШ-тың Өкілдер палатасының барлау комиссиясы 2012 жылы дайындаған Huawei және ZTE туралы есепте ешқандай ауытқу табылмағанын, алайда «тергеу барысында толық ынтымақтастық жасамады» деген айыппен бұл екі компанияға шағымданды. Huawei-ге қатысты соңғы шаралар 2019 жылдың мамыр айында қабылданды. Трамп әкімшілігі үкімет қаулысында АҚШ технологиясына қатысты қауіп-қатерлерге байланысты ұлттық төтенше жағдай жариялап, елдің ұлттық қауіпсіздігіне қауіп төндіретін ақпараттық немесе коммуникациялық технологиялармен қатысты барлық операцияларға тыйым салды. АҚШ үкіметі сонымен қатар, технологияларды ұрлағаны үшін Huaweiге қатысты қылмыстық іс қозғап, АҚШ-тың ішкі нарығында компания өнімдерінің сатылуы мен қолданылуын бұғаттады. Huawei және оның 70 филиалы өнімдерді жеткізуден бұрын лицензия алу шартымен АҚШ Сауда министрлігінің рұқсатын қажет ететін «субъектілер тізіміне» енгізілді. Нәтижесінде, басқа АҚШ компаниялары Huawei-мен ынтымақтастықтарын қысқарта бастады. Мысалы, Google сынды әлемдік технологиялық алпауыттар Huawei құрылғыларында Gmail сияқты қызметтерді тоқтатты, ал Intel, Qualcomm және басқа да алпауыттар Huawei-ге қажетті бөлшектерді жеткізуден бас тартты. Кейіннен АҚШ билігі Huawei-ге АҚШ компанияларымен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін лицензияларды 2020 жылдың 15 мамырына дейін ұзартты. Бұған дейін, 2018 жылы Канада билігі Huaweі компаниясының негізін қалаушы Рен Чжэнфейдің қызы және қаржы директоры Мэн Ваньчжоуды АҚШ-тың Иранға қарсы санкцияларын бұзды деген айыппен АҚШ-тың Әділет министрлігінің өтініші бойынша қолға түсірген болатын.
Өз кезегінде, Huawei басшылығы АҚШ-тың Қытай алыбын нарықтан ығыстырудың саяси себептері бар деп, айыптауларды жоққа шығарды. Рен Чжэнфэй Huawei-дің Пекин атынан ешқашан тыңшылықпен айналыспағанын айтып, Қытайдың Сыртқы істер министрлігі міндетті жасырын қол жеткізу механизмдерін орнату туралы заңның жоқтығын ресми түрде растады деп мәлімдеді. Сонымен қатар, 2019 жылдың маусым айында Huawei Басқарма төрағасы Лян Хуа АҚШ үкіметімен жабдықтары «тыңшылық» мақсатында пайдаланылмайтыны туралы келісімге қол қоюды ұсынды. АҚШ пен Қытай арасында жалғасып келе жатқан сауда соғысы мен Трамптың протекционистік саясатын ескере отырып, Huawei-ге қатысты алаңдаушылықтың саяси негізі бар сияқты көрінеді. Оның үстіне, Вашингтон Huawei компаниясы өзінің озық және арзан технологияларымен АҚШ нарығында үстемдік етеді деп алаңдайды. Дегенмен, Пекиннің қытайлық компанияларды бақылап отыруын ескергенде, Huawei-дің тұтынушы деректерінің қауіпсіздігіне қатысты сенімділігі қандай да бір күмән тудырады. Қалай болғанда да, Huawei жабдықтарына тәуелді болу қаупі және соғыс уақытында қытайлық барлау қызметтері немесе басқа ұйымдардың ықтимал бақылауы Huawei ұсынатын өнімдер мен қызметтерді қорғаныссыз қалдыруы мүмкін.
Huawei сонымен қатар, жоғары интернет жылдамдығын қамтамасыз етуге және сымсыз жүйелердің барлық әлеуетін іске асыруға уәде беретін әлемнің жетекші 5G технологиясының өндірушісі болып табылады. Huawei телефон діңгектерінің жұмысын қамтамасыз ететін ең жетілдірілген желілік жабдықтармен, телефон желілерін қосатын желілік ажыратқыштармен және оларды басқаруға арналған бағдарламалық жасақтамамен қамтамасыз етеді. 2015 жылдан бері Huawei өзінің басты қарсыластары – Ericsson мен Nokia-дан едәуір озып, Қытайдың тағы бір телекоммуникациялық алыбы ZTE-мен салыстырғанда әлдеқайда дами түсті. Осылайша, қазіргі уақытта Huawei әлемдегі ең ірі телекоммуникациялық жабдық өндірушісі және бүкіл әлем бойынша 5G нарығында үс-темдік етуге бағытталған «бесінші буын» технологиясының негізгі жеткізушісі болып табылады. Бұған қоса, ол Apple компаниясынан озып, Samsung-тан кейінгі екінші ірі смартфон сатушысына айналды.
Сонымен қатар, Huawei телекоммуникация жүйелері Еуропаның 4G инфрақұрылымына едәуір дәрежеде интеграцияланғанын да атап өткен жөн. Мысалы, Ұлыбритания өзінің телекоммуникациясында Huawei жабдықтарын 2005 жылдан бері қолданып келеді. Huawei жүйелері Ұлыбританияның орталық желісі болмаса да, Vodafone өкілдері қолданыстағы 4G инфрақұрылымын өзгерту үшін Huawei-ге қарсы АҚШ пен Еуропаның шектеулерін жүзеге асыру үшін шамамен бес жыл қажет болады деп болжады. 5G енгізу тұрғысынан Huawei 65 5G келісімшарттарының жартысынан көбін Еуропа елдерімен жасасты. 2020 жылдың басында Еуропа одағы Huawei-дің негізгі желісіне кіруді шектеу туралы ескерткеніне қарамастан, компанияның 5G-іне рұқсат берді. Франция өзінің 5G желісін Huawei-мен іске асыруды жоспарлап отыр, Ұлыбритания да кейбір шектеулермен негізгі емес 5G желілерінің құрылысын мақұлдады. Бұған қоса, Норвегияның Telenor компаниясы Huawei елде 5G технологиясын іске қосуда әлі де маңызды рөл атқаратынын, ал Венгрия өзінің 5G инфрақұрылымын Huawei-мен бірге жасайтынын хабарлады. Дамушы елдер арасында Ресей 5G-ді Huawei-мен дамытуға келісті, Малайзия билігі 5G-дің Huawei тарапынан іске қосылуы туралы келісімге келді, Үндістан үкіметі Huawei-ге 5G сынақ кезеңіне қатысуға рұқсат берді, ал Таиланд Huawei-мен бірге 5G сынағын бастады. Таяу Шығыста болса Huawei-дің расталған 10 дана 5G келісім-шарты бар.
Екінші жағынан, Huawei өнімдерін пайдалану мен сатуды шектейтін АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия, Жапония, Германия және Чехия сияқты елдер бар. Сонымен бірге, 2018 жылы Мен Ванчжоу ұсталғанына қарамастан, Канада Премьер-министрі Жастин Трюдо Huawei-мен бірге 5G туралы шешім саяси сипатта болмайды деп сендірді. Испанияның Telefonica компаниясы Huawei құрылғыларының жеткізілімін қысқартуға шешім қабылдады, ал Эстония өз қызметін ашық ету үшін Huawei-мен жаңа қауіпсіздік туралы заң жобасын ұсынды. Қорытындылай келе, Huawei өнімдерінің жалпы сапасы мен қол жетімді бағаларын ескере отырып, қауіпсіздік мәселесі көптеген елдердегі шешім қабылдаушылар үшін бұл өнімдерге тыйым салудың дәлелді себебі бола алмайтына көз жеткізуге болады. Сонымен қатар, компаниясы жеке адамдардың әрі елдердің қауіпсіздігін қорғауға күмән келтіретін Facebook-тің бас директоры Марк Цукербергтің АҚШ Сенатында жасаған мәлімдемелерін қарастырғанда, киберкеңістікте қауіпсіздіктің болуы екіұшты болып көрінеді. Осыған байланысты, Huawei-ге қатысты қатаң шаралар қолданатын АҚШ сияқты елдер жоғары технологияларды енгізу кезінде сапа мен бағаның теңгерімді арақатынасын іздейтін елдердің қарсылығына тап болып отыр. Сонымен қатар, Вашингтонның мәселесі қазіргі уақытта Huaweiдің 5G технологиясына сенімді балама ұсына алмауымен байланысты. Сондықтан ол әртүрлі жаһандық платформаларда қауіпсіздік мәселелерін қозғау арқылы қытайлық компанияның тиісті нарықтарға енуін шектеуге тырысады. АҚШ-тың қауіпсіздік себептері Huawei-дің телекоммуникациялық технологиялар саласындағы көшбасшылығын жалғастыруына кедергі бола ма, жоқ па, әзірге белгісіз.
Жазушы: Альбина Мұратбекова, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Мәскеуде Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің Сыртқы істер министрлері кеңесінің кезекті отырысы өтті. Министрлер COVID19 пандемиясы аясында ШЫҰ-ның ағымдағы және болашақтағы іс-шараларын қарастырды. Сондай-ақ, министрлер саяси декларацияға және ШЫҰ Даму стратегиясын іске асыру жөніндегі 2021-2025 іс-қимыл жоспарына ерекше назар аудара отырып, алдағы уақытта өтетін ШЫҰ саммитінің күн тәртібі мен құжаттарының жобаларын қарады (ШЫҰ, 10.09.20). Ресей-Үндістан-Қытай (РҮҚ) тобының сыртқы істер министрлері Сергей Лавров, Субраманьям Джайшанкар және Ван И Мәскеуде өткен келіссөздер барысында үшжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайту, сондай-ақ, халықаралық және аймақтық маңызы бар өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты. Министрлер ғылыми және өндірістік мүмкіндіктері зор үш мемлекет коронавирус індетінің әсерін азайтуға айтарлықтай үлес қоса алады деген пікірге келді (Ресей СІМ, 10.09.20).
Қытай Сыртқы істер министрі Ван И Қазақстанға сапары барысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен келіссөздер жүргізді. Тараптар екіжақты қатынастар, халықаралық ұйымдар шеңберіндегі өзара іс-қимыл және COVID-19-дың таралуын болдырмау жөніндегі бірлескен іс-қимыл мәселелерін талқылады. Ван И сонымен бірге Қазақстанның «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы мен Қытайдың «Белдеу және жол» бастамасын үйлестіру шеңберіндегі ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылау үшін Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердімен кездесті (Ақорда; ҚР СІМ, 12.09.2020).
Тәжікстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Саймумин Ятимов Ауғанстанның жоғары лауазымды тұлғаларымен келіссөздер жүргізу үшін Кабулға барды. Тараптар өз елдеріндегі және жалпы аймақтағы қауіпсіздік жағдайына, шекараны қорғауға, терроризм мен экстремизмге қарсы күрес және есірткі заттары мен қару-жарақтың контрабандасына қатысты мәселелерді талқылады. Олар сондай-ақ байланыс және энергетикалық жобалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударды (Авеста, 12.09.2020).
Грузияның «Біріккен ұлттық қозғалыс»
партиясы және «Күш – бірлікте» саяси қозғалысының мүшелері болып табылатын тоғыз оппозициялық партия бірауыздан елдің экс-президенті Михаил Саакашвилиді премьер-министр лауазымына үміткер ретінде ұсынуға шешім қабылдады. «Біріккен ұлттық қозғалыс» төрағасы Григол Вашадзенің айтуынша, Грузияға қазіргі қиындықтарды жеңуге мүмкіндік берген барлық нәрсе Саакашвили билігі кезінде жасалды (Agenda.ge, 07.09.20).
Түркияның Молдовадағы өкілетті елшісі Гүрол Сөкменсүердің мәлімдемесі бойынша, Түркия Молдоваға және оның автономиялық аймағы – Гагаузияға көмектесуді жалғастырады. Атап айтқанда, Түркия COVID-19-ға қарсы күресте Молдоваға қолдау көрсету аясында медициналық жәрдем мен рентген аппаратурасы сияқты көмек көрсетуді жалғастырады.
Түркия Сыртқы істер министрі Мевлүт Чавушоғлу екіжақты қатынастарды одан әрі нығайту мақсатында жақында Молдоваға сапары кезінде Гагаузияның астанасы Комратта бас консулдық ашты (Анадолу Агенттігі, 07.09.2020).
Экономика, қаржы және энергия Қазақстан Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов үкіметтің отырысында сөйлеген сөзінде экономиканың нақты секторы 2020 жылдың қаңтар-шілдесінде жақсы көрсеткіштер көрсеткенін атап өтті. Атап айтқанда, автомобиль өндірісі 51,8%, фармацевтика 34,1%, қағаз өндірісі 15,3%, тұрғын үй құрылысы – 6,4%-ға өсті, ал автомобиль экспорты болса жеті есе өсті. Дәленовтың мәліметі бойынша, карантиннен кейінгі кезеңде Қазақстан экономикасын жандандыруға көмектесетін маңызды шаралардың бірі бизнесті жан-жақты қолдау болмақ (ҚазАқпарат, 09.09.2020).
2020 жылдың қарашасында Өзбекстанның Жизақ қаласындағы жаңа автомобиль зауыты KIA K5 және Seltos соңғы үлгілерін шығаруды бастайды. ADM-Jizzakh зауытының жылдық өндірістік қуаты бірінші кезеңде 25 мың автокөлік құрайтын болады және 2022 жылдың аяғында 100 мың автокөлікке дейін жеткізілетін болады. «Жизақ» еркін экономикалық аймағында орналасқан зауыт көп брендті кәсіпорын ретінде орналасқан болашақта басқа танымал әлемдік брендтердің автомобильдерін шығаратын болады (UzDaily, 10.09.2020).
Қырғызстанның Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметтері бойынша, 2020 жылдың қаңтар-тамыз айларында елде ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдейтін 40 жаңа кәсіпорын пайдалануға берілді. Бұл кәсіпорындар 1,208 адамды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Министрлік бұл салада жаңа кәсіпорындар құру және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды дамыту олардың аймақтық мамандануын ескере отырып жүзеге асырылатынын атап өтті. Ауылшаруашылық шикізатын терең интеграцияланған энергия мен ресурстарды үнемдеуге мүмкіндік беретін жаңа технологияларды енгізуге баса назар аударылады (Кабар, 08.09.2020).
Тәжікстан Ауғанстанға электр энергиясының экспортын қайта бастады. Экспорт елдің гидроэлектр станциялары (ГЭС) су қоймаларындағы су деңгейінің төмендеуіне байланысты үзілген болатын. Нұрек ГЭС-індегі су деңгейі максималды деңгейге жеткеннен кейін Тәжікстан үкіметі көрші елге электр энергиясын жеткізуді қайта бастау туралы шешім қабылдады. Бұрын 8 млн. кВт/сағ дейін жеткен электр энергиясының тәуліктік экспорты қазіргі уақытта шамамен 1,3 млн кВт/сағ құрайды (Авеста, 07.09.2020).
Ауғанстан, Әзірбайжан және Түрікменстан көлік секторының ресми тұлғалары Ауғанстан-Түрікменстан-ӘзірбайжанГрузия-Түркия (Лапис Лазули) халықаралық транзиттік-көлік дәлізін іске асыру мәселелерін талқылау үшін бейнеконференция өткізді. Отырыстың күн тәртібіне көлік-логистикалық процесті оңтайландыру, барлық қатысушылар үшін тең экономикалық және қаржылық шарттар құру, жүк тасымалы үшін бірыңғай баға саясатын әзірлеу және екі жақтан бір операторды тағайындау кірді (Turkmenistan Golden Age, 07.09.2020).
Ресейдің энергетика министрі Александр Новак сұраныс қалпына келгеннен кейін әлемдік мұнай нарығында Ресейдің үлесі артуы мүмкін екенін мәлімдеді. Бұл аталмыш салаға жасалатын инвестициялардың азаюы нәтижесінде өндірушілер арасындағы бәсекелестіктің төмендеуіне байланысты болуы мүмкін. 2020 жылы мұнай мен газ өндірісіне инвестициялар өткен жылмен салыстырғанда 170 млрд. долларға аз болып, 2021 жылы төмен деңгейде қала бермек. Бұл әлемдік өндірістің күніне 5 млн. баррель жоғалтуына әкелуі мүмкін (ТАСС, 08.09.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет «Қазақфильм»
киностудиясы мен Sataifilm кинокомпаниясы бірлесіп түсірген «Томирис» көркем фильмі әлемдік прокатқа шықты. Ақан Сатаев режиссерлік еткен туындыда б.з.д. VI ғасырда Массагет патшалығында болған оқиғалар баяндалады. Жауынгерлік сахналар, ат жарыстары және қылыштасу көріністеріне толы «Томирис» – қазақ киносы тарихындағы ең ірі тарихи жобалардың бірі (Trend, 07.09.2020).
Қазақстанның Румыниядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Бухаресттің орталығында Абай бюстінің ашылу салтанаты өтті. Іс-шараға румын саясаткерлері мен ресми тұлғалары, шетелдік дипломаттар, ғалымдар, азаматтық қоғам және БАҚ өкілдері қатысты. Қазақстан елшісі Нұрбах Рүстемов еуропалық мәдениетке тартылу Абайдың ұмтылыстарының бірі болғанын баса айтты. Бюст ұлы ақынның 175 жылдығын тойлау аясында орнатылды (Қазақстанның Румыниядағы Елшілігі, 10.09.2020).
ЮНЕСКО мен Түркияның ЮНЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы Білге Тоныкөк ескерткішінің 1300 жылдығына орай онлайн-консультациялық кездесу ұйымдастырды. Іс-шараға Халықаралық Түркі академиясы, ТүркПА, Түркі мәдениеті және мұрасы қоры, ТҮРКСОЙ қолдау көрсетті. Қатысушылар Тоныкөк мемориалды кешенінің қазіргі жағдайын бағалап, баға жетпес құнды мәдени құндылық ретінде оны қорғауға және ЮНЕСКОның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізуге қатысты мәселелерді талқылады (TWESCO, 10.09.2020).
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы екіжақты ынтымақтастық жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Меморандум екі ұйым арасындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Атап айтқанда, тараптар басшылық пен сарапшылар деңгейінде консультациялар өткізуді, халықтың денсаулығы мен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы туралы ақпарат пен құжаттармен алмасуды, сондай-ақ бірлескен іс-шаралар өткізуді және ынтымақтастық бағдарламалары мен ортақ жобаларды жүзеге асыруды жоспарлап отыр (Түркі кеңесі, 11.09.2020). ЮНИСЕФ Атқарушы кеңесі 2021-2025 жылдарға арналған Түрікменстанның алтыншы ел бағдарламасын мақұлдады. Құжат Түрікменстан үкіметінің балалардың құқықтарын құрметтеу, қорғау және орындау жөніндегі міндеттемелерін қолдауға бағытталған. Бес жылдық индикативті бюджеті 7,5 млн. долларды құрайтын бағдарлама төрт бағытты қамтиды, атап айтқанда балаларға арналған басқару; балалардың денсаулығы, тамақтануы және ерте дамуы; әлеуметтік қорғау; және сапалы инклюзивті білім беру (ЮНИСЕФ, 11.09.2020).
Түркияның жетекші туристік ұйымдарының қолдауымен Әзірбайжан туристік қауымдастығы Түркітілдес мемлекеттердің туристік ұйымын құру туралы бастама көтерді. Қазіргі уақытта ұйым құру туралы түркітілдес елдердің тиісті құрылымдарымен жоғары деңгейдегі келіссөздер жүргізілуде. Жаңа құрылымның басты мақсаты түркі әлемінің туристік әлеуетін бірлесе ілгерілету болмақ (Trend, 11.09.2020).




