f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Халықаралық студенттік ұтқырлықтың тарихи-зияткерлік инфрақұрылымы
ebulletin

Халықаралық студенттік ұтқырлықтың тарихи-зияткерлік инфрақұрылымы

Авторлар: Суат Бейлур
2020 ж. 13 шілде
Халықаралық студенттік ұтқырлықтың тарихи-зияткерлік инфрақұрылымы

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТІК ҰТҚЫРЛЫҚТЫҢ ТАРИХИ-ЗИЯТКЕРЛІК ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ Білім алу мен оқу мақсатында шетелге шығу – білім беруді интернационалдандырудың, басқа сөзбен айтқанда, халықаралық білім беру қызметінің таралу нәтижесі. Миссионерлік қызмет аясында білім беруді интернационалдандырудың тамыры ежелгі дәуірден бастау алса да, әдіснамалық тұрғыдан бұл үдеріс XVIII ғасырда басталды. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) басшылығымен білім беруді интернационалдандыру және оның құқықтық негізін құру үдерісі үдей түсті. Сол кезден бері БҰҰдың білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымы (ЮНЕСКО) сияқты халықаралық ұйымдары және жекелеген мемлекеттер деңгейінде білім беру саласындағы белсенділіктің өсуі байқалды. Қазіргі уақытта АҚШ пен Еуропа елдері жетекші рөлге ие болған кезде интернационалдандыру үдерісі негізінен жоғары білім беру саласында басым. Ұсынылып отырған зерттеу халықаралық студенттік ұтқырлықтың тарихы мен зияткерлік инфрақұрылымына жалпы шолу жасайды.

Халықаралық студенттік ұтқырлығы жеке саладан бөлек ғылыми-технологиялық даму мен мәдени алмасу тұрғысынан алғанда үлкен маңызға ие. Халықаралық студенттік ұтқырлық арқылы мемлекетаралық және мәдениаралық білім беру үдерісі жүзеге асады. Бұл үдеріс қолданыстағы білімді дамытып, жаңа ақпаратты шығаруға және оны әлемдік айналымға енгізуге мүмкіндік береді.

Ғасырлар бойы халықаралық білім адамдар, қауымдастықтар мен елдер арасындағы қарым-қатынастардың діни, экономикалық, саяси немесе мәдени аспектілеріне үлкен ықпал жасап келді. Адамзат өркениетінің интеллектуалды дамуы және оның көптеген салаларда көрініс табуы білім беру саласында жаппай және институционалды сипатқа ие болды. Ақпарат қайта өндіріп шығарумен айналысқан эпистемологиялық орталықтар да білім беру орталықтарына айналды. Осы тұрғыдан алғанда Месопотамия, Мысыр, Спарта және Афиндер сияқты ежелгі дәуірден эллиндік кезеңге дейінгі білім беру орталықтары алдыңғы қатардан көрінді.

Империялар дәуірінде өзге елдерден әкелінген студенттерді болашақта ғалым немесе әкімшілік қызметкер ретінде жетекші рөлдерге шығатындай етіп оларды дайындықтан өткізіп, тәрбиелеп, өз елдеріне қайтару қалыпты үрдіс еді. Осман империясында шетелдік студенттерді ғалым мен басқарушы ретінде дайындау тәжірибесі өзінің шырқау шегіне жетіп, ол кезде орталық пен провинциялардың қажеттіліктеріне қарай білікті кадрларды даярлау мәселесіне айрықша назар аударылды. VIII-XIII ғасырларда өз медресесі мен ғалымдарына ие болған Түркістан эпистемологиялық орталық ретінде аймақтан тыс жерлерден көптеген студенттер оқуға қабылдап отырды. XIX ғасырдың ортасынан бастап негізінен әскери дайындықтан өту үшін Орталық Азия хандықтарынан көптеген студенттер Ыстамбұлға жіберілді. Әлемдік білім беру көшбасшылығының Еуропа мен АҚШ-қа қарай ауысуы жаңа қазіргі дәуірге тұспа-тұс келді. Әсіресе, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін елдер арасындағы ғылыммен және мәдениетпен алмасу білім беру және оқыту арқылы жүзеге аса бастады. 1960-жылдары дамыған елдер дамушы елдерге «көмек» мақсатында білім беру стипендияларын бөлді. Жалпы алғанда, студенттердің біржақты ұтқырлығы ғұламалардың жылыстауына алып келді. Бұдан кейін әлем «қырғи қабақ соғыс» кезеңіне қадам басты. Ол уақытта ауқымды қақтығыстардың орын алмағанымен де, кезеңнің атауы көрсетіп тұрғандай идеологиялық поляризация мен тайталас жүрді. Бұл кезеңде қарама-қарсы полюстегі мемлекеттер түрлі стипендиялық бағдарламалар арқылы шетелдік студенттерді өз елдеріне тартуға тырысты. Мұндағы негізгі мақсаты – білімін аяқтаған шетелдік студенттер өз елдеріне оралған соң, қарсы полюстегі мемлекеттің идеологиялық насихаты мен әскери саясатына төтеп беруге қатыстыру.

Әлемдік биполярлық жүйенің жойылуынан кейін жаһанданудың салдарынан туындаған өзгерістер жоғары білім берудің интернационалдануына және осы саладағы бәсекелестіктің артуына алып келді. Әлем деңгейіндегі бәсекелестіктің, инновацияларға қатысты сұраныстың, жаңа нарықтардың, өндірістің жаңа мүмкіндіктерінің өсуі ақпаратты, технология мен қызметті өндіретін ақпараттық қоғамның маңыздылығын тағы бір рет айқын көрсеткен болатын.

Қырғи-қабақ соғыстың аяқталуы тек идеологиялық соғыстың аяқталуын білдіріп қана қоймай, биліктің табиғатын да айтарлықтай өзгертті. Алғаш рет Джозеф Най ұсынған «жұмсақ күш» тұжырымдамасы дамыған дипломатиялық инфрақұрылымға, білім берудің сапасы мен жаңа мүмкіндіктеріне, бизнес жүргізудің тартымдылығына, сондай-ақ озық мәдениет пен оның өнімдеріне ие дамыған елдердің өзге елдерге ықпал ету түрін білдіреді. Бүгінгі таңда халықаралық студенттік ұтқырлық мәдени дипломатияның маңызды құралына айналса, соңғысы өз кезегінде сыртқы саясаттағы шешімдерді қабылдау кезінде жұмсақ күштің айрықша маңызды құралының міндетін атқарып отыр. Дамыған елдер әлемнің түкпір-түкпірінен студенттерді тарту арқылы халықаралық жүйедегі өз позицияларын нығайтуға ұмтылған шақта, дамушы елдер жаһандық жүйеге халықаралық студенттер арқылы қатыса алатындықтарын көрсетуге тырысып жатқандықтарын айта кеткен жөн. Осы күнгі өзара тәуелді және едәуір күрделенген қарымқатынастар жүйесін ескеретін болсақ, халықаралық студенттік ұтқырлық барлық мемлекеттерге барынша жаңа саяси, экономикалық және мәдени мүмкіндіктерді бере алады. Қырғи-қабақ соғыстан кейінгі дәуірде, саяси мәселелердің маңыздылығы төмендей түсті болып көрінгенімен, жаһандық жүйеде жаңа қатысушылар пайда болып, экономикалық зардаптары бүкіл әлемге сезіліп жатқан валюталық, сауда және қаржы соғыстары туындап отыр. Халықаралық студенттер АҚШ экономикасына тек 2019 жылы ғана 40 миллиард доллар көлемінде ықпал еткенін ескеретін болсақ, жоғарыда ата өткен салалардан қоса, халықаралық білім беру де айтарлықтай әлемдік деңгейге жетті деуге толық негіз бар. Қырғиқабақ соғыстан кейін орныққан модельдер жүйесінде, халықаралық студенттік ұтқырлықта экономикалық және саяси мәселелер анағұрлым басым жағдайға ие болғандықтан, академиялық, мәдени және әлеуметтік аспектілер артқы қатарға ысырылып отырды. Екінші жағынан, білім, билік пен байлық арасындағы өзара байланысты және күрделі қатынастар жүйесі де бар екендігін назардан шығармаған жөн. Пол Кеннеди өзінің «Ұлы державалардың күшеюі және құлдырауы» атты кітабында XVI ғасырдан бастап халықаралық аренада экономикалық және әскери күштердің қалай өзгергендігін түсіндіріп берген. Адамзат тарихына үңілсек, экономикалық және саяси күшке ие қоғамдар мен өркениеттер бір уақытта ірі эпистемологиялық орталықтар міндетін атқарғандығын көреміз. Бұл орталықтар бір жағынан ғылыммен айналысып, ғылыми білімді реттеп отырған болса, екінші жағынан, экономиканың да, саясаттың да болашақ бағдарын анықтап отырды.

Эпистемологиялық орталықтар өткенде де, бүгінгі таңда да прецеденттерді қалыптастырып, сыртқы әлемге тікелей әдістемелік білімді ұсынатын орталықтар ретінде ерекшеленеді. Бұл орталықтардың тартылыс күші қоршаған ортадағы жаңа прецеденттерді немесе парадигмаларды жинастырып, әр уақытта да жаңа ақпаратты өндіріп шығарады, бұл жағдай олардың сапа мен сан жағынан алғандағы позицияларын одан ары нығайта түсіреді. Демек, орталық пен шеткері аймақтар арасындағы қашықтық бұрынғыдан да алшақтай береді. Бұл өзара тәуелді әрі күрделі қарым-қатынастар, ең алдымен эпистемологиялық орталықтар болып табылатын мемлекеттер үшін үлкен мүмкіндіктер тудырады. Білім беру мен білім қорын сабақтастыра отырып келер ұрпаққа жеткізуде маңызды рөл атқаратын білімнің интернационалдануы – жаңа мүмкіндіктерді ұсынатын негізгі факторлардың бірі. Қазіргі жаһандану жағдайында студенттердің шет елдерде білім алу мүмкіндіктері арты келеді. Екінші жағынан, халықаралық стипендиялық бағдарламаларға қабылдау кезінде бәсекелестіктің едәуір күшейе түскендігін де атап өткен жөн. Шетелде кейбір дамушы елдердегі мамандардың біліктілігін арттыруға арналған оқыту бағдарламалары санының артуы шетелдік студенттер санының тұрақты түрде өсуіне алып келеді. 2019 жылғы мәліметтер бойынша, әлемдегі халықаралық студенттердің саны 6 миллионнан асып, олардың 3,7 миллионы Экономикалық даму және ынтымақтастық ұйымы аймағының үлесіне тиеді. Егер студенттердің ұтқырлығын студенттерді қабылдайтын және жіберетін елдер тұрғысынан қарастырсақ, онда АҚШ, Ұлыбритания және Австралия ең жоғары сұранысқа ие елдер екендігін, ал Қытай, Үндістан және Оңтүстік Корея шетелге ең көп студент жіберетін елдердің алғашқы үштігіне кіретіндігін көруге болады. Қорытындылай келе, халықаралық студенттік ұтқырлықтың шамамен 42%-ы ЭЫДҰ аймағына, яғни біздің анықтамамыз бойынша ХХІ ғасырдың орталық елдеріне тиесілі екендігі таңқаларлық жайт емес. Шетелге ең көп студент жіберетін елдер арасында алдыңғы үштікке кіретін Қытай, Үндістан және Оңтүстік Кореяға келер болсақ, осы үш елдің экономикалық, технологиялық және ғылыми дамуының қазіргі деңгейін ескерген жағдайда халықаралық студенттік ұтқырлық оларға болашақта оң нәтиже алып келетіні сөзсіз. Дегенмен, халықаралық студенттік ұтқырлық ғұламалардың жылыстауы және орталық пен шеткері аймақтар арасындағы алшақтықтың ұлғаюы сияқты қауіп-қатерлерді тудыратындығын назардан тыс қалдырмаған шарт. Бұл жағдай ең алдымен азаматтарын қажетті әлеуметтік-экономикалық жағдаймен, соның ішінде шетелде жоғары білім алған білікті мамандарды жұмысқа орналастыру мүмкіндігімен қамтамасыз ете алмайтын елдердің алаңдаушылығын тудыруы тиіс.

Жазушы: Суат Бейлур, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік       Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өкімімен 2020 жылғы 13 шілде коронавирус індетінен қайтыс болған азаматтарды еске алу үшін Қазақстанда Ұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Елде тулар төмен түсіріліп, Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен сағат 12:00-де бір минуттық үнсіздік жарияланды. Президент Тоқаев Ақорда резиденциясының алдында індеттен қаза болған азаматтарды құрметпен еске алды (Ақорда, 13.07.2020).

Түркияның Ұлттық қорғаныс министрі Хулуси Акар Украинаға жасаған сапары барысында украиналық әріптесі Андрей Таранмен келіссөздер өткізді. Кездесу барысында тараптар Азов-Қара теңіз аймағындағы қауіпсіздік жағдайын бағалауға, туындаған қауіп-қатерлерге қарсы іс-қимыл тәсілдеріне назар аударды. Сондайақ, екіжақты әскери-техникалық және әскери қаржылық ынтымақтастықтың болашағын, Украинаның еуроатлантикалық интеграциясы, соның ішінде, оны НАТОның кеңейтілген мүмкіндіктері бойынша серіктесі ретінде тану мәселелері талқыға салды (Укринформ, 13.07.2020).

Армения мен Әзірбайжанның қарулы күштері ауыр артиллерия мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолданып, шекарадағы қақтығыстарды жалғастыруда. Үш күнге созылған қақтығыстар кезінде 11 армян әскери қызметкері, оның ішінде бір армия генералы және төрт армян әскері қаза болды. Бакуде жүздеген адам Әзірбайжан әскері мен Президент Ильхам Әлиевті қолдау мақсатында шеруге шықты.

Еуропа одағы, АҚШ және Ресей оңтүстік Кавказдағы екі көрші арасындағы шиеленісті басуға шақыратын мәлімдеме жасады (Азаттық, 14.07.2020). Сыртқы істер министрлердің қатысуымен «Орталық Азия – Қытай» жоғары деңгейдегі бірінші мәжілісі онлайн режимде өтті. Тараптар халықаралық және аймақтық өзекті мәселелерді, соның ішінде COVID19 індетіне қарсы күресу және оның салдарын азайту бойынша ынтымақтастық мәселелерін қарастырды. Экономиканы сауықтыру шаралары аясында тараптар аймақтық экономикалық интеграцияны, сауда мен инвестицияларды одан ары дамытуға уәде берді. Қытай тарапы Орталық Азия экономикаларына трансшекаралық жүктердің тұрақты тасымалын қамтамасыз ету үшін «жасыл» дәліздерді ұсынуға дайын екендігін білдірді (ҚазАқпарат, 16.07.2020).

Өзбекстан Қарулы күштерінің Біріккен штабының бұрынғы басшысы Акбар Ярбабаев мемлекетке опасыздық жасады деп айыпталып, 11 жыл алты айға бас бостандығынан айырылды. Осы бап бойынша сотталған оның жұбайы Елена Ярбабаева алты жылға шартты түрде сотталды. Ярбабаевтар бір жыл бұрын Ресейге тыңшылық жасады деген айыппен ұсталған болатын. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Қорғаныс министрлігінің тағы он шақты қызметкері осы қылмыстық іс бойынша сотқа тартылғаны туралы хабарланады (Фергана, 17.07.2020).

Ауғанстан қауіпсіздік органдарының мәліметінше, талибтер АҚШ-пен жасалған бейбітшілік келісім орнатқанына қарамастан, шабуылдардың санын азайтпады. Керісінше, қозғалыс тарапынан зорлық-зомбылықтың артқаны байқалады. Мәселен, 2020 жылғы қаңтар-маусым аралығында 5,943 шабуыл жасалса, ауған үкіметінің күштері шетелдік әскерлердің қолдауымен Талибанға қарсы 1,569 операция өткізді. Демек, зорлық-зомбылықты азайту тұрғысынан келісім орындалмай отыр (TOLOnews, 13.07.2020).

Экономика, қаржы және энергия       Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің премьер-министрлері COVID-19 індетінің басталуынан бері алғаш рет бетпе-бет кездесіп, Минскте өткен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті мәжілісіне қатысты. Оның барысында ішкі нарықтардағы сауда кедергілерін жою мәселелері, тауарларды таңбалаудың жүйелі тәсілдерін әзірлеу, сондай-ақ COVID-19 және басқа да инфекциялармен күресудің кешенді жоспарын қабылдау мәселелері талқыланды. Сонымен қатар, жерді қашықтықтан зондтаудың бірлескен жүйесін құру жөніндегі мемлекетаралық бағдарлама мақұлданды (Еуразиялық экономикалық комиссия, 17.07.2020).

2020 жылдың бірінші жарты жылында Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласындағы өндіріс көлемі 8%-ға өсті. Атап айтқанда, тоқыма, былғары бұйымдары мен киім өндірісінде оң динамика байқалады. Қазақстанның жеңіл өнеркәсіп саласында 1,130 кәсіпорын жұмыс істейді, оның 97%-ы шағын кәсіпорындар, салада жұмыс істейтіндердің саны 17,9 мың адамға тең. Бірақ ЖІӨ-дегі жеңіл өнеркәсіптің үлесі небәрі 0,1%-ды ғана құрайды. Үкімет мақта-тоқыма кластерін құру жөніндегі жол картасын іске асыру арқылы бұл салаға қолдау көрсетуде (ҚазАқпарат, 15.07.2020).

Қырғызстан мен Өзбекстанның көлік органдарының басшылары Қытайдың Реформалар және даму жөніндегі мемлекеттік комитетінің шетелдік инвестицияларға жауапты лауазымды тұлғаларымен бейнеконференция өткізді. Тараптар «Өзбекстан-Қырғызстан-Қытай» теміржол желісінің құрылысы жобасын іске асырудың тәжірибелік іс-шараларын талқылады. Келіссөздерде басты назар ұсынылған үш нұсқадан теміржол бағытын таңдауға аударылды. Ең қолайлы маршрутты таңдауға қатысты пікірлердің әртүрлі болуына байланысты тараптар пікірталасты одан ары жалғастыруға келісті (UzDaily, 16.07.2020).

Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігінің хабарлауынша, Орталық Азия-Оңтүстік Азия электр жеткізу және сауда (CASA-1000) жобасының Тәжікстанға тиесілі бөлігінің құрылысы жоспарға сәйкес 2021 жылдың соңына қарай аяқталатын болады. Бұл бөлімді Үндістанның Kalpataru Power Transmission Limited компаниясы салады және коронавирустық пандемия құрылыс үдерісіне кері әсер етпейді. Осы уақытқа дейін Тәжікстанға қажетті құрылыс техникасының 30%-дан астамы жеткізілді (Азия-Плюс, 15.07.2020).

Қырғызстанның Ұлттық статистика комитетінің мәліметі бойынша, 2020 жылдың қаңтар-маусым аралығында елдің ЖІӨ-і өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,3%-ға төмендеп, 228,3 млрд. сомды (2,97 млрд. доллар) құрады. ЖІӨнің азаюы, негізінен, құрылыс және қызмет көрсету секторларының тиісінше 9,1%-ға және 8,2%-ға төмендеуіне байланысты. Бұл ретте тауар өндірісі 2019 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда тек 1,3%-ға ғана төмендеген (Кабар, 14.07.2020).

Ресейдегі шағын және орта кәсіпорындар пандемияның салдарынан туындаған дағдарыстан біртіндеп шыға бастаған көрінеді, өйткені 2020 жылғы маусымда осы саладағы бос жұмыс орындардың саны өткен жылмен салыстырғанда 20%-ға артты. Өзін-өзі оқшаулау режимі аяқталған соң, шағын кәсіпорындар 146,5 мың бос жұмыс орнын жариялады, бұл 2020 жылдың мамыр және наурыз айларымен салыстырғанда сәйкесінше 47% және 9%-ға жоғары. Ал орта кәсіпорындар болса 33,3 мыңнан астам жұмыс орнын ұсынды, бұл 2020 жылдың мамыр және наурыз айларымен салыстырғанда сәйкесінше 46% және 1%-ға жоғары (ТАСС, 15.07.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет       Оксфорд университетінде әйгілі ислам философы және ғалым Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойына арналған «Әл-Фараби: оның өмірі мен мұрасы» атты халықаралық ғылыми симпозиум өтті. Қазақстанның Ұлыбританиядағы Елшілігі тарапынан Оксфорд университеті ислам зерттеу орталығының қолдауымен ұйымдастырылған онлайн шараға Германияның, Қазақстанның, Ұлыбританияның және АҚШ-тың жетекші фарабитанушылары қатысты (Zakon.kz, 19.07 .2020).

Бейнеконференция байланысы арқылы Арал маңындағы адам қауіпсіздігі жөніндегі көпжақты сенім қоры Басқару комитетінің төртінші мәжілісі өтті. Өзбекстан тарапы қыс-көктем кезеңінде Арал теңізінің құрғаған түбіне қосымша 1,2 миллион гектар орман отырғызылғанын, бұл жұмыстарға 100 миллиард сум (9,8 миллион доллар) бөлінгенін хабарлады. Комитет аталмыш қордың 12,4 миллион доллар көлеміндегі жаңа жобаларын, оның ішінде Қарақалпақстанның Мойнақ ауданында көп мақсатты аурухана құрылысын мақұлдады (UzReport, 15.07.2020). ТМД Атқару комитеті ТМД-ға мүше мемлекеттердің Мәдени мұрасының виртуалды музейі туралы жарғы жобасын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобының онлайн мәжілісін өткізді. Топ мүшелері жобаны аяқтап, оны ТМД-ның Мәдени ынтымақтастық жөніндегі кеңесіне қарауға жіберді. Музей құру бастамасы Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевке тиесілі.

Жоба интернеттегі бірыңғай виртуалды музей аясында ТМД-ға мүше мемлекеттердің материалдық мәдени мұрасын біріктіруге бағытталған (ТМД Атқару комитеті, 15.07.2020). 2021 жылғы қараша мен желтоқсанда ЮНЕСКО Қырым татарларының дәстүрлі ою-өрнегі – Өрнекті Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу мүмкіндігін зерделейтін болады. Қырым татарлары Өрнек таңбаларының тілін түсінеді және ою-өрнектері бар заттарды рәсімдік және бейрәсімдік іс-шараларда қолданады. Қазіргі уақытта Өрнек қолөнершілерінің басым көпшілігі Қырымда тұрады (Укринформ, 16.07.2020). Каирде Мысырдың Уақыптар министрлігінің Уағыз зерттеу департаментінің директоры, белгілі теолог Халед Ас-Саид Ғанемнің «Абайдың Қазақстан халқына өсиеттері» атты кітабы жарық көрді. Мысыр ғалымы араб тілінде жазылған өз еңбегінде Абайдың «Қара сөздерінің» маңызы мен философиялық мәнін, ұлттық білім беру, дүниетаным, мораль және құқық мәселелеріне қатысты көзқарастарын талдайды (Қазақстан СІМ, 16.07.2020).

Түркия Қазақстанға ұшақпен 11 тонна гуманитарлық көмек жеткізді. Жіберілген жәрдемде медициналық бетперделер, қорғаныс киімдері, түрлі дәрі-дәрмектер, термометрлер, тыныс алу аппараттары, ПЦР сынақтары, оттегі концентраторлары, сондай-ақ коронавирусты жұқтырған науқастарды емдеуге қажетті басқа да медициналық өнімдер мен дәрі-дәрмектер бар. Көмекті Түркия үкіметі, «Айдың нұры» қазақстандық қоры, Анкара қаласы муниципалитеті, Ахмет Ясауи университетінің Түлектер қауымдастығы және Түркиядағы қазақ диаспорасы ұйымдастырды (ҚР СІМ, 14.07.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.