COVID-19-дың Қырғызстан экономикасына әсері

COVID-19-ДЫҢ ҚЫРҒЫЗСТАН ЭКОНОМИКАСЫНА ӘСЕРІ Коронавирус індеті бүкіл әлемге әсер етіп, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі ең үлкен экономикалық дағдарыстардың біріне алып келді. Әлемнің барлық елдерінің, соның ішінде Қырғызстанның басшылары халық денсаулығын сақтау мен экономиканы қалыпты жағдайда ұстап тұру арасында ең аз шығынмен тепетеңдік табуға тырысуда. Бұл дағдарысты Қырғызстан үшін де тәуелсіздіктен бергі ең ауыр дағдарыстардың бірі деуге болады. Бұған қоса оның ауқымы Кеңес Одағы ыдырағаннан кейінгі дағдарысқа қарағанда анағұрлым ауыр болуы мүмкін деген болжам бар.
Қырғызстанда алғашқы COVID-19 жұқтыру оқиғалары 2020 жылдың 13 наурызында Сауд Арабиясынан оралған үш азаматтың коронавирусқа тапсырған сынамасы оң нәтиже көрсеткен кезде тіркелді. Президент Сооронбай Жээнбековтің жарлығымен 2020 жылдың 25 наурызында төтенше жағдай жарияланды. Сондай-ақ, жеті облыстың алтауында карантиндік шаралар енгізілді. Қырғызстандағы коронавирустық жағдайға қатысты статистикалық мәліметтерді ұсынатын Covid.kg ресми сайтына сәйкес, 2020 жылдың 20 маусымындағы жағдай бойынша елде коронавирусты жұқтыру оқиғаларының саны 3 мыңнан асып, пандемиядан көз жұмғандар саны 37-ге жетті. Қазіргі таңда елге вирус қана емес, сонымен бірге экономикалық құлдырау да кері әсерін тигізуде. Мамандардың болжамдары бойынша, бұл жағдай күннен-күнге нашарлай түсуде. Пандемия басталған кезде көптеген экономистер 2020 жылы жаһандық экономикалық өсу қарқыны керіге кетеді деп болжаған еді. Сонымен қатар, бүкіл әлемде кірістердің айтарлықтай төмендеуі мүмкін деп болжанып отыр және Қырғызстан да бұл жағдайдан тыс қалмайды. Коронавирус індеті тіпті Қырғызстан ауру кезеңін жеңіп шықса да, жыл соңына дейін елде экономикалық тоқырауға және жұмыссыздық пен кедейліктің өсуіне әкелуі мүмкін.
COVID-19 пандемиясына дейін Қырғызстан үкіметі 2020 жылы жалпы ішкі өнім (ЖІӨ) өсімін 5% деңгейінде бағалаған болатын. Алайда, COVID-19 індетінің өршуіне байланысты іс жүзінде барлық елдерде, соның ішінде Қырғызстанда да экономикалық болжамдар күрт нашарлады. Бүгінгі таңда Қырғызстан экономикасы пандемиядан ең көп зардап шегетін елдердің тізіміне енді. Халықаралық валюта қорының (ХВҚ) болжамына сәйкес, Қырғызстанның ЖІӨ-і 4%-ға қысқарады. Егер Қырғызстанға қатысты болжам шындыққа айналса, бұл Орталық Азия елдері арасындағы ең нашар көрсеткіш болады. Бұл мемлекеттік бюджеттің кірісіне айтарлықтай әсер ететіні сөзсіз. Сарапшылардың пайымдауынша, Қырғызстан қазына кірісінің жартысынан көбін, яғни 85 млрд. сомды (шамамен 1,135 млрд. доллар) жоғалтуы мүмкін.
Әлбетте, COVID-19 індеті қанша уақытқа созылатындығы және оның салдары қандай болатыны әлі белгісіз. Қырғызстанда шамамен 12 мың шағын және орта кәсіпорын бар. Олардың жартысынан көбі Бішкекте орналасқан. Елде жалпы ұлттық төтенше жағдай енгізілгендіктен, көптеген кәсіпорындар табысынан айрылып, жұмысшылары жұмыссыз қалды. Оларға қонақ үйлер, туристік компаниялар, қоғамдық тамақтану кәсіпорындары, сауда орталықтары, сұлулық салондары, көлік жуу, такси қызметтері және басқалар жатады. Қырғызстанда қызмет көрсету саласы ел экономикасының шамамен 50%-ын құрайды. Елдің 2 млн. 600 мың еңбекке қабілетті азаматының жартысы аталмыш салада жұмыс істейді. Сарапшылардың болжамына сәйкес, 2020 жылы қызмет көрсету саласы 70%-ға азаяды. Басқаша айтқанда, 500700 мың Қырғызстан азаматының жұмыссыз қалу қаупі бар. Инфляцияны да ескерсек, 2020 жылы бюджеттің орындалуы тек 45-50%-ды құрайды. Яғни, Қырғызстанның 2,2 млрд. долларды құрайтын бюджеті 1 млрд. долларға азаяды деп күтілуде. Елдің 2020 жылға арналған бюджеті 163 млрд. 710 млн. сом (шамамен 2,185 млрд. доллар) деңгейінде бекітілді. Үкімет 93 млрд. сомды (шамамен 1,241 млрд. доллар) салық ретінде және 35 млрд. сомды (шамамен 467 млн. доллар) кедендік түсімдер ретінде алуды жоспарлаған еді. Алайда, биыл салық және кедендік түсімдерден алынатын бюджет сомасына жетпеу қаупі жоғары болып отыр.
Соңғы мәліметтерге сәйкес, ХВҚ директорлар кеңесі Жедел қаржыландыру құралы (RFI) аясында Қырғызстанға 80,7 млн. доллар және Жедел несие жүйесі (RCF) аясында 40,4 млн. доллар көлемінде көмек көрсетуді мақұлдады. Бұл ХВҚ-ның пандемия басталғалы бері Қырғызстанға жасаған екінші шұғыл көмегі. Осылайша, 2020 жылғы 26 наурызда ХВҚ Директорлар кеңесі 120,9 млн. доллар бөлуді мақұлдады, ал 2020 жылдың 6 сәуірінде RCF аясында ұсынылған төтенше қаржыландырудың жылдық көлемін 100%-ға дейін ұлғайту туралы шешім қабылданды. Қосымша қаражат бөлудің арқасында Қырғызстанға COVID-19 індетімен күресу үшін берілген несиелердің жалпы сомасы 242 млн. долларға жетті.
Нәтижесінде ел экономикасын қалпына келтіру жедел шаралар мен ұзақ мерзімді инвестицияларды қажет етеді. Бұған дейін әлемде бірде-бір вирус індеті мұндай ауыр экономикалық салдарға әкелмеген еді. Экономикасы дамыған елдердің өзінде де экономикалық қызмет тоқтап қалды. Ұзаққа созылған карантиндік шаралар мен ұлттық валюта девальвациясының экономикалық салдары Қырғызстан экономикасына ұзақ мерзімді әсер етуі мүмкін. Мыңдаған шағын және орта кәсіпорындар жұмысын тоқтатуы мүмкін. Көрші елдерде жұмысынан айрылған еңбек мигранттарының оралуы нәтижесінде жұмыссыздық деңгейінің күрт артуы да тағы бір ескеретін жайт. Пандемиядан бұрын Қырғызстан ЖІӨ-нің пайыздық қатынасында (33%) еңбек мигранттарының ақша аударымдарына аса тәуелді елдердің бірі болғанын атап өткен жөн. Сарапшылардың болжауынша, ағымдағы жылы ақша аударымдарының 15%-ға төмендеуі Қырғызстан үшін ЖІӨ-нің 5%-ын құрайтын деңгейде шамамен 361 млн. долларлық шығынға әкеледі. Дағдарысқа қарсы қабылданатын шаралар тұрғысынан халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына көмек көрсету қырғыз үкіметі үшін бірінші басымдық болуы керек. Сонымен бірге, әкімшілік реформалар экономикалық өсу мен тұрақтылықтың орнауына мүмкіндік туғызуы мүмкін. Бұған қоса, ел экономикасын реттеудің ең жақсы әдістерінің бірі – ұзақ мерзімді ауқымды инвестициялар тарту. Су және күн энергиясына салынатын жаңа ірі инвестициялар, сондай-ақ ауыз суды тазарту бойынша жаңа жобалар жаңа жұмыс орындарын құрып қана қоймай, сонымен бірге Қырғызстанда өмір сапасын жақсартады.
Бұл кезеңде ұзақ мерзімді несие беру және стратегиялық инвесторлармен ынтымақтастық маңызды рөл атқарады. Сонымен қатар, жаңа реформалар жасау, бизнесті дамыту және салық базасының өсуі жағдайында елдің мемлекеттік қарызын шектеулі мөлшерде арттыруға болады. Сонымен бірге, бұл несиелердің қалай жұмсалғандығы тұрғысынан толық ашықтық болуы тиіс. Инвестициялар тек энергетика саласына ғана емес, сонымен қатар әлеуметтік инфрақұрылымға да тартылуы керек. Бұл шаралардың барлығы дереу болмаса да, ұзақ мерзімді перспективада ел экономикасының біртіндеп қалпына келуіне жағдай жасай алады.
Жазушы: Жандос Ранов, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) және Ресейдің Ішкі істер министрлігі бірлесіп ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің 2025 жылға дейінгі кезеңге арналған есірткіге қарсы жаңа стратегиясын дайындады. ҰҚШҰ 2003 жылдан бері заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес аясында «Арна» кешенді операциясын жүргізіп келеді. Нәтижесінде, 2017-2019 жылдары құқық қорғау органдары 67,6 тоннадан астам есірткі заттарын тәркіледі (РИА Новости, 23.06.2020).
Ресейде Екінші дүниежүзілік соғыстағы жеңістің 75 жылдығын атап өтуге арналған әскери парад ұйымдастырылды. Бастапқыда 9 мамырда өтуі тиіс болған парад коронавирустық пандемияға байланысты кейінге қалдырылды. Іс-шараға қатысу үшін Беларусь, Молдова, Сербия және Түрікменстаннан басқа барлық Орталық Азия мемлекеттерінің президенттері Мәскеуге барды. Бірақ Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков делегациясындағы екі адамның COVID-19 вирусын жұқтырғаны белгілі болғаннан кейін Бішкекке оралды (Рейтер, 24.06.2020). Түрікменстан мен Өзбекстанның ресми өкілдері сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде саяси және экономикалық мәселелер бойынша онлайн-консультациялар өткізді. Тараптар екі ел арасындағы саяси-дипломатиялық диалогты дамыту мәселелерін талқылап, халықаралық және аймақтық құрылымдар шеңберіндегі ынтымақтастықты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді. Сондай-ақ, экономикалық ынтымақтастық мәселелері, соның ішінде сауда, көлік, транзит, энергетика және су ресурстарын басқару салаларындағы мәселелер де қарастырылды (Түрікменстан СІМ, 23.06.2020). Киевте өткен Украина-Венгрия экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссиясының отырысынан кейін Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийярто өз елінің Украина-НАТО комиссиясының келіссөздеріне неліктен кедергі болғанын түсіндірді. Сийяртоның айтуынша, Будапешт Украинаның Закарпатия аймағындағы венгрлік азшылықтың құқықтарына байланысты мәселелерді мүмкіндігінше тезірек шешуге әрекет жасауда. Атап айтқанда, Венгрия Украинадан этникалық венгрлердің ана тілінде білім алу мүмкіндігін қалпына келтіруін талап етеді (УНИАН, 25.06.2020). Грузия Премьер-министрі Георгий Гахария Парламент алдында жыл сайынғы есебінде Ресей Грузия қауіпсіздігі үшін басты мәселе болып табылатынын және Грузияның басып алынған аймақтары Абхазия мен Цхинвалидегі барлық адам құқықтарының бұзылуына жауапты екенін мәлімдеді. Гахария мәлімдемесінде сондай-ақ, Грузияның еуроатлантикалық интеграция үдерісі жалғасып жатқанын, елдің түпкі мақсаты НАТО-ға қосылу екенін және бұл НАТО күштерімен үйлесімді «тиімді қарулы күштер» құруды қамтитынын атап өтті (Agenda.ge, 26.06.2020). Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Нұр-Сұлтан қаласында ақшаны жылыстатуға және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы екі күндік онлайн-тренинг ұйымдастырды. Іс-шараға ішкі істер органдары мен қаржы секторының 50-ге жуық лауазымды тұлғасы қатысты. Грузия мен Италиядан келген сарапшылар заңсыз кірістерді жылыстату схемалары және Қаржылық іс-қимыл бойынша жұмыс тобының мұндай схемаларды алдын алу жөніндегі ұсыныстары туралы баяндамалар жасады. Сонымен қатар, қатысушылар тиімді меншік ұғымы және заңды тұлғаларға қатысты ақшаны жылыстату қауіптері туралы ақпарат алды (ЕҚЫҰ, 23.06.2020).
Экономика, қаржы және энергия Қазақстан үкіметі кәсіпкерлер мен бизнес қауымдастықтарына орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың шешімдерін шағым беру арқылы болдырмауға немесе тоқтата тұруға мүмкіндік беретін «реттеуші апелляция институты» атты жаңа тетікті енгізу үшін 2025 жылға арналған Стратегиялық даму жоспарын жаңартады. Сонымен қатар, мемлекет бақылау мен қадағалауды қысқартады, мемлекеттік қолдаудың қаржылық шараларын жетілдіруді жалғастырады және жаңа кәсіпорындардың нарыққа шығуын жеңілдету үшін лицензиялар мен рұқсаттарға талаптарды азайтады (The Astana Times, 24.06.2020).
Азия даму банкі (АДБ) Қазақстанға COVID-19 індетінің жағымсыз салдарын азайтуға жәрдемдесу мақсатында 1 млрд. долларлық көмек пакетін және сол сияқты Өзбекстанға 500 млн. долларлық несиені мақұлдады. АДБ хабарлауынша, банк көмегі денсаулық сақтау саясатын жақсартуға, әлеуметтік қорғау мен жұмыспен қамту деңгейін сақтауға бағытталған шараларды, сондай-ақ екі елдің үкіметтері енгізген экономикалық ынталандыру жоспарларын қолдайды (Рейтер, 25.06.2020). Түрікменстан-Еуропа одағы бірлескен комитетінің онлайн режимде өткен 19-шы отырысында екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Тараптар агроөнеркәсіптік кешен, энергетика, көлік, байланыс, цифрландыру, қоршаған ортаны қорғау және гуманитарлық салалардағы серіктестік мүмкіндіктерін қарастырды. Сондай-ақ, тараптар COVID-19 пандемиясымен тиімді күресуде және оның жағымсыз әлеуметтік-экономикалық салдарын еңсеруде күш біріктіруге ерекше назар аударды (Turkmenistan Today, 25.06.2020). Коронавирустық пандемия салдарынан ресейлік шағын және орта кәсіпорындардың (ШОК) 60%-ының табысы 30%-ға төмендеді. Қазіргі уақытта мұндай кәсіпорындардың тек 10%-ы ғана пайда табуда. Осы нәтижеге байланысты Ресей үкіметі оларды қолдау үшін ұлттық жобада қажетті шаралар қабылдауда. Қазіргі таңда жобаның негізгі міндеттері – 2024 жылға қарай ШОК субъектілерінің елдің ЖІӨдегі үлесін 32,5%-ға дейін және осы салада жұмыспен қамтылғандардың санын 25 млн. адамға дейін арттыру (ТАСС, 25.06.2020).
Молдова Президенті Игорь Додон Ресей 1 шілдеден бастап Молдовамен жеңілдетілген сауда режимін ұзартатынын мәлімдеді. Бұл режим аясында Молдованың Ресейге жеміс-жидек, көкөніс, консервіленген тамақ өнімдері мен шарап өнімдерінің экспорты кедендік баж салығынан босатылады. Додонның айтуынша, бұл артықшылықтар молдовалық өндірушілерге жылына кемінде 20-25 млн. еуро үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Ресей Молдованың көлік компаниялары үшін қосымша артықшылықтар беруге келісті (ТАСС, 25.06.2020). Украинаның ұлттық мұнай-газ компаниясы Нафтогаздың баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылдың маусымында халыққа, жылу өндірушілерге және басқа да қорғалған тұтынушыларға табиғи газдың көтерме бағасы 2020 жылдың мамыр айымен салыстырғанда 6%-ға азайып, текше метр үшін 2,14 гривенге дейін төмендеді. 2020 жылдың қаңтарынан бастап халық үшін газ бағасы 54%-ға азайса, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 61%-ға төмендеді (Укринформ, 23.06.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет Қазақстан Премьер-министрі Асқар Мамин Ресейдің «Роскосмос» мемлекеттік корпорациясының бас директоры Дмитрий Рогозинды қабылдады. Кездесу аясында тараптар «Байқоңыр» ғарыш айлағында «Союз-5» ұшыру кешенін құруды қарастыратын «Бәйтерек» бірлескен жобасын іске қосуға байланысты негізгі мәселелерді шешті. Алдын ала келісімге сәйкес, Ресей зымыранның құрылысына жауап береді, ал Қазақстан инфрақұрылым шығындарын көтереді (Роскосмос, 26.06.2020).
Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Ауғанстанға гуманитарлық көмек жөнелтілді. 46 теміржол вагонымен жеткізілген жүк құрамында 1,900 тонна ұн, 500 тонна макарон, 4,000 литр күнбағыс майы және 200,000 банка қоюландырылған сүт болды. Ауғанстан үкіметі азық-түлік тауарларын елдің мұқтаж аймақтарына таратады (Tengrinews, 22.06.2020).
Түркия ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) Өзбекстанның Сырдария облысының Сардоба ауданында бөгеттің бұзылуынан зардап шеккен адамдарға гуманитарлық көмек көрсетті. Жеті жүк көлігімен жеткізілген 4,000 төсек, көрпе, жастық және төсек-орын жабдықтары мұқтаж жандарға тарату үшін облыс әкімшілігіне берілді. TIKA өкілі агенттіктің қиыншылық кезде де, молшылық кезде де Өзбекстан халқымен ынтымақтастықта болуды жалғастыратынын атап өтті (Kun.uz, 27.06.2020).
Юнус Эмре институтының Мәскеудегі филиалы, Түркияның Ресейдегі елшілігі және Түрік тілі қоғамы «Ресейде түрік тілін оқыту және Түркия мен түркология туралы ғылыми зерттеулер» атты халықаралық онлайн-конференция өткізді. Түркия және Ресей елдерінің түркологтары Ресейде түрік және басқа түркі тілдерін зерттеу тарихын, түрік авторларының кітаптарын аудару және пандемия кезінде түрік тілі мен әдебиетін оқыту мәселелерін талқылады (Санкт-Петербург университеті, 25.06.2020).
Қырғызстан мен Өзбекстан ресми өкілдері мен бас мүфтилері Қырғызстанның Баткен облысында бас қосып, қоғамдағы тұрақтылықты сақтау, ұлтаралық келісім мен конфессияаралық толеранттылықты нығайту сияқты діни саладағы өзекті мәселелерді талқылады. Тараптар мемлекетаралық үнқатысу алаңын құру барысында діни көшбасшылар мен азаматтық қоғамның сауаттылығын арттыру жолдарын да қарастырды. Кейіннен Өзбекстанның Ферғана облысында өзара кездесу өтті (Кабар, 25.06.2020).
Түркі кеңесі бейнеконференция арқылы мүше және бақылаушы мемлекеттердің туризм жөніндегі министрлерінің бесінші отырысын өткізді. Тараптар ақпарат пен озық тәжірибе алмасу арқылы туристік салада COVID-19-бен күресудегі күш-жігерді үйлестіруге келісті. Сондай-ақ, түркі елдерінің туристік бағыттарының бірыңғай картасын құру, виртуалды турларды ұйымдастыру және туристік телеарнаны ашу сияқты туризм индустриясында технологиялар мен цифрландыруды жүзеге асырудың маңыздылығына назар аударылды (Түркі кеңесі, 23.06.2020).




