f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›COVID-19 індетінің Өзбекстанның туризм саласына әсері
ebulletin

COVID-19 індетінің Өзбекстанның туризм саласына әсері

Авторлар: Еркінбек Тұрғынов
2020 ж. 6 шілде
COVID-19 індетінің Өзбекстанның туризм саласына әсері

COVID-19 ІНДЕТІНІҢ ӨЗБЕКСТАННЫҢ ТУРИЗМ САЛАСЫНА ӘСЕРІ Коронавирус пандемиясының кесірі әлем бойынша барлық салаға әсер етіп жатқаны байқалып отыр. Жаздың келуімен туризм саласы қайта жанданады деп күтілді. Алайда, пандемияның кері әсерінен өткен жылдардағы турист ағыны бұл жылы мүлдем байқалмайды. Вирустың таралуы жоғары болғандықтан, басқа салалармен қатар, туризм саласы да бірқатар шараларды қолдана отырып, туристердің сенімін арттыруға тырысады. Әлемдегі басқа мемлекет басшылары сияқты Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеев та ел туризмінің өркендеуіне ерекше маңыз беріп отыр. Пандемияның экономикалық кері әсерлерінен туризм өндірісін қорғау мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары жүргізіліп келеді.

Өзбекстанның сан ғасырлық тарихи және мәдени жауһарлары шетелдік саяхаттаушылардың ерекше назарын аударып отырғандықтан, Өзбекстан ең танымал шетелдік туристік бағыттардың бірі болып табылады. Елде коронавирус жұқтырудың алғашқы оқиғалары 2020 жылы 15 наурызда анықталған соң, әлемнің басқа елдері сияқты Өзбекстан үкіметі де қажетті қауіпсіздік шараларын қолға алды. Осы мақсатта карантин режимі жарияланып, әуе, теміржол және көлік қатынасының қозғалысына шектеулер қойылды. Мұндай шаралар жалпы экономикаға, оның ішінде қызмет көрсету және туризм салаларының дамуына кері әсерін тигізді.

Өзбекстан Республикасының Туризмді дамыту комитетінің 2018-2020 жылдардың алғашқы үш айындағы көрсеткіштерін салыстырғанда, ұдайы өсу мен артудың болғанын байқаймыз. Сөзіміздің дәлелі үшін сандарды ортаға қойсақ: 2018 жылдың қаңтар айында Өзбекстанға 266,1 мың турист келсе, 2019 жылдың алғашқы айында бұл көрсеткіш 64,3%-ға артып, 437,2 мың туристке жетті, ал 2020 жылы 23,1%-ға артып, 538,3 мың туристті құрады. Ал, 2018 жылдың ақпан айында 265 мың турист келсе, 2019 жылдың аталған айында көрсеткіш 48,5%-ға ұлғайып, 393,5 мың туристке дейін артты. 2020 жылы болса, 11,9%-ға артып, 440,2 мың туристке жетті. Наурыз айында коронавирус пандемиясының кері әсерін айқын байқауға болады. 2018 жылдың наурыз айында Өзбекстанға 441,1 мың турист келсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 24,6%-ға артып, 549,4 мың туристке дейін жеткенімен, 2020 жылдың наурыз айында 221 мың адамға дейін төмендеген. Нәтижесінде 2020 жылдың алғашқы үш айында Өзбекстанға саяхаттаушылар саны тек 1,12 миллион адамға тең келген. Бұл 2019 жылдың бірінші тоқсанындағы 1,38 миллионмен салыстырғанда айтарлықтай төмен. Саяхат жасаушыларды елдері бойынша саралағанда туристердің 95,6%-ы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдерінен келгені анықталған. ТМД елдері арасында Қазақстаннан 397,6 мың турист саяхат жасаса, Қазақстаннан кейінгі қатарларда Тәжікстаннан 332,7 мың турист және Қырғызстаннан 298,1 мың турист келгені есепке алынған.

Туризмді дамыту комитетінің деректері бойынша, 2018 жылы Өзбекстанға келген туристердің жалпы саны 5,34 миллион адамды құрады. 2019 жылы бұл көрсеткіш 35%-ға артып, 6,74 миллион туристке жеткен. Жыл өткен сайын ұлғайған турист саны өз кезегінде табыстың артуына да өз әсерін берген, туризмнен 2018 жылы 1,04 миллиард доллар пайда түссе, бұл көрсеткіш 2019 жылы 1,34 миллиард долларға дейін жеткен. Осы жылы елдің туристік индустриясының кірісі айтарлықтай төмендейтіні анық. Әлемдегі көптеген мемлекеттерде енгізілген карантиндік шектеулерге байланысты Өзбекстаннан шетелге саяхаттаушылар саны да азайған. 2020 жылдың алғашқы үш айында 1,4 миллион өзбекстандық шетелге саяхат жасаса, бұл 2019 жылдың осы аралығымен салыстырғанда 16,7% аз екен. Бұдан Өзбекстандағы бүгінгі туризмнің бір көрінісін байқауға болады. 2020 жылдың 28 мамырында коронавирус індеті салдарынан жапа шегіп жатқан туризм индустриясын ілгерілету мен жандандыру үшін Президент Мирзиеев арнайы жарлыққа қол қойды. Жарлықта елдегі туризмді қайта өркендетуді үш кезең бойынша жүзеге асырудың жолдары қарастырылған. Алғашқы кезеңде ішкі туризмнің жандануы үшін Өзбекстан азаматтарының ел ішінде жүріп-тұруына қатысты барлық кедергілер алынған.

Екінші кезеңде ТМД елдерінің саяхатшылары, ал үшінші кезеңде басқа елдердің туристері қабылданатын болады. Бұл мақсатта Өзбекстандағы туристік мекемелер «Өзбекстан қауіпсіз туризмге кепіл болады» жобасы аясында қажетті гигиеналық және санитарлық талаптарға сәйкес келетін дайындық шараларын қолға алған. Өзбекстан үкіметі бұл қиын кезеңде туризм саласын экономикалық тұрғыда қолдау мақсатында салықтық жеңілдіктер, квоталық көмек және несие өтеу мерзімін ұзарту сияқты жеңілдіктер қарастырған. Мәселен, 2020 жылдың 1 маусым мен 31 желтоқсан аралығында туроператорлар, турагенттіктер, қонақүйлер және хостелдерге 50%-дық салық жеңілдігі жасалған. Бұған қоса, туроператорларға 982 доллар көлемінде квоталық қолдау, ал жаңа журистік жобалар үшін 14 мың доллар шамасында көмек берілетіні айтылған. Орталық Банк және Мемлекеттік салық комитеті тарапынан туризм саласында алынған несиелерді өтеу мерзімін 24 айға дейін ұзарту ұсынысы мақұлданған. Мұнымен қоса, қонақүй үшін импортталатын қосалқы және дезинфекциялық құралдарды кедендік рәсімдеу үдерісінде қосымша жеңілдіктер жасалады.

Туризм секторымен қатар, көлік және әуе тасымалы саласы да пандемияның әсерінен тұралап қалды. Осыған байланысты бұдан бұрын 2019 жылдың қазан айында күн тәртібінде болған «Ашық аспан» режимі қайтадан жандандырылып, 2020 жылдың 1 тамызынан бастап екі жыл үзіліссіз қызмет ететін болады. Еске сала кетсек, «Ашық Аспан» режимі аясында Ыстамбұлдан тарихи Бұхара қаласына алғашқы чартерлік рейс 2019 жылдың қараша айында ұйымдастырылған болатын. Осы режимнің арқасында шетелдік әуекомпаниялар Өзбекстанның Нүкіс, Термез, Бұхара, Навои, Үргеніш, Әндіжан, Ферғана, Наманган және Самарқанд қалаларындағы әуежайларға халықаралық жолаушы және жүк рейстерін орындай алады. Осылайша, Өзбекстан әрі транзиттік әрі тікелей рейстер бойынша жолаушы және жүк тасымалын жеңілдету арқылы туризм, авиация және көлік салаларындағы қиындықтарды жеңуге тырысады. Сонымен қатар, Өзбекстан түрлі қалаларына қарым-қатынас шығынын азайтып, әуе қатынасы мүмкіндігін арттыруды жоспарлап отыр. Қорыта айтқанда, Өзбекстан үкіметі туризмде экономика және көлік мәселелеріне айрықша маңыз беріп, туристерді санитарлық және гигиеналық талаптардың қатаң сақталатындығына сендіруге тырысуда. Орталық Азиядағы ең танымал туристік орталықтарға ие Өзбекстанның бұл салада бастаған қолдау шараларының ішкі туризм индустриясына оң нәтижесі болашақта айқын көрінетін болады.

Жазушы: Еркінбек Тұрғынов, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік       Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Бас хатшысы Владимир Норов «COVID-19 індетінен кейінгі әлем: көпжақты ынтымақтастықтың тұжырымдамалары, негіздері мен артықшылықтары» атты вебинары аясында БҰҰ ұйымдастырған Виртуалды терроризмге қарсы апталығының ашылуына қатысты. Норов өз сөзінде қазіргі әлеуметтік-экономикалық дағдарыс жағдайында түйіспесіз коммуникациялық технологиялар жастар арасында деструктивті идеялардың таралуына қолайлы жағдай тудыратынын айтты. Сонымен қатар, ол «ұйықтап жатқан» террористік ұйымдар пандемияның салдарынан туындаған саяси-экономикалық берекесіздікті пайдалана алатынын атап өтті (ШЫҰ, 07.07.2020).

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына (ТМД) мүше мемлекеттердің Қаржы барлау бөлімшелері басшылары кеңесінің 15ші мәжілісі бейнеконференция түрінде өтті. Тараптар Кеңестің ақша ізін жасыруды және терроризмді қаржыландыруды, соның ішінде «Тосқауыл» халықаралық операциясын іске асыру арқылы болдырмау бағытында қауіп-қатерлерді бағалау бойынша атқарған жұмысын талқылады.

Сондай-ақ, олар өз агенттіктері арасында ақпарат алмасу жүйесін құруға және криптовалюта нарығындағы криминогендік жағдайдың мониторингін жүргізуге қатысты мәселелерді қарастырды (ТМД Атқару комитеті, 08.07.2020). Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) жобаларының Өзбекстандағы координаторы Джон МакГрегор заң үстемдігі мен сыртқы саясат мәселелеріне арналған екі онлайн дөңгелек үстел өткізді. Бұл қос сала Өзбекстанның 2020 жылға арналған мемлекеттік бағдарламасының негізгі басым бағыттарының бірі ретінде елдің 2017-2021 жылдарға арналған елдің ұлттық іс-қимыл стратегиясының бөлігі болып табылады. Алғашқы ісшараға қатысушылар сот жүйесі мен одан әрі жетілдіруді қажет ететін салалардағы саяси реформаларды талқылады. Екінші іс-шара Өзбекстанның теңгерімді, өзара тиімді және сындарлы сыртқы саясатын жүзеге асыруға арналды (ЕҚЫҰ, 10.07.2020).

Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі мен Ішкі істер министрлігі террористік және экстремистік ұйымдарға қатысы бар деген айыппен 38 жас азаматты тұтқындады. Сұрхандария облысының Байсун ауданында «Жихадшылар» экстремистік қозғалысының астыртын тобының 15 мүшесі ұсталды. Жизақ қаласы мен Жизақ облысының Шароф Рашидов ауданында билік органдары өзге радикалды топтың 23 мүшесін қамауға алды (Өзбекстан 24, 08.07.2020).

Ресей Федералды қауіпсіздік қызметі (ФСБ) Калининград қаласында «Катиба әл-Таухид уәл-Жихад» халықаралық террористік ұйымының жасақтаушыларын қолға түсірді. ФСБ мәліметтері бойынша, аты аталмаған Орталық Азия елдерінің төрт азаматы кейіннен әскери аймақтарға аттандыру үшін Орталық Азиядан еңбек мигранттарын жасақтаған. Тінту кезінде ФСБ экстремистік әдебиеті, террористік ұйымның жалаулары мен атрибутикасын тапты (ТАСС, 08.07.2020).

Әзірбайжан Қорғаныс министрлігінің хабарлауынша, Армения қарулы күштерінің бөлімдері Әзірбайжан-Армения мемлекеттік шегарасының Товуз ауданында арандатушылық жасады. Хабарламаларға сәйкес, Армения тарапы атысты тоқтату ережелерін өрескел бұзып, артиллериялық қондырғылардан Әзірбайжан армиясының позицияларына оқ жаудырды. Министрлік ұрыс нәтижесінде екі жақта да сарбаздар қаза тапқаны және армян бөлімдері жеңіліс тауып, кері шегінуге мәжбүр болғаны мәлімдеді (Әзірбайжан Қорғаныс министрлігі, 12.07.2020).

Экономика, қаржы және энергия       Еуразиялық экономикалық комиссияның (ЕЭК) кеңесі Еуразия экономикалық одағының (ЕЭО) өзекті мәселелерін талқылау үшін бейнеконференция байланысы арқылы мәжіліс өткізді. Атап айтқанда, Кеңес ЕЭО-да тауарларды тасымалдауға байланысты дауларды шешу жөніндегі комитет құруды тапсырды. Сондай-ақ, тауарлар транзитінің қазіргі жүйесін жеңілдету туралы келісім жобасын мүше мемлекеттердің қарауына жіберуді тапсырды. Сонымен қоса, ЕЭО-ның сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі мен фитосанитарлық бақылау рәсімдері туралы ережелеріне түзетулер енгізілді (ЕЭК, 10.07.2020).

Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметі бойынша, 2019 жылы елдің агроөнеркәсіптік секторына 1,1 млрд. доллар инвестиция тартылды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 41%-ға көп. Қазақстанда жұмыс күшінің 20%-ға жуығы ауыл шаруашылық саласында жұмыс істеп, жер қорының 80%-ы ауылшаруашылық мақсаттар үшін жарамды. COVID-19 пандемиясы азық-түлік қауіпсіздігінің маңыздылығын көрсеткендіктен, отандық ауылшаруашылық өнімдеріне сыртқы сұраныстың артуын есепке алып, егістік алқабының ауқымы 22,5 млн. гектарға дейін ұлғайтылды (The Astana Times, 10.07.2020).

Дүниежүзілік банк Өзбекстанға агроөнеркәсіптік модернизациялау жобасын жүзеге асыруға 500 млн. доллар көлемінде несие беретін болады. Ауыл шаруашылығы Өзбекстан экономикасының маңызды саласы болғандықтан, бұл секторда еңбекке қабілет бар халықтың 27%-ы (3,6 млн. адам) жұмыс істейді. Сондай-ақ, бұл сала ЖІӨ-нің 28%-ын, ел экспортының 10%-ын құрайды. Жоба өзбек фермерлерінің заманауи технологияларға, техникалық кеңес алуға, өндірістің, агрологияның, фитосанитарияның және сатудың әртүрлі сатыларындағы сервистік қызметтерге қол жетімділігін жақсартуға мүмкіндік береді деп күтілуде (UzDaily, 12.07.2020).

Түрікменстан мен Түркияның мемлекеттік көлік агенттіктерінің басшылары көлік саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, атап айтқанда көлік дәліздері мен әуе маршруттарын тиімді пайдалану жолдарын талқылау үшін бейнеконференция арқылы келіссөз жүргізді. Сонымен қоса, қос тарап жүк тасымалын дамытуда және Lapis Lazuli халықаралық транзиттік маршрутын жүзеге асыру ісінде логистикалық компаниялардың рөліне назар аударды (Түрікменстан СІМ, 08.07.2020). Тәжікстанның Энергетика және су ресурстары министрлігінің мәліметтері бойынша, 2019 жылдың наурызынан бастап Нүрек су электр станциясын жаңарту жұмыстарының бірінші кезеңі жүзеге асыру аясында станция энергоблоктарының бірін жаңарту жұмыстары 2020 жылдың желтоқсанына қарай аяқталатын болады. Жобаны Австриядағы Andritz халықаралық технологиялық тобы жүзеге асыруда. Жаңартудан кейін су электр станциясының қуаттылығы 10%-ға артып, 3,3 мың МВт-қа жетеді деп күтілуде (Авеста, 10.07.2020).

Беларусь жоғары технологиялық паркінің бақылау кеңесі жаңа резиденттер ретінде 71 компанияны тіркеуге алды. Денсаулық сақтау, логистика, қаржы технологиялары, цифрлық сауда, консалтинг, ойын және агробизнеске арналған бағдарламалық қамтамасыздандыру бағытында мамандандырылған бұл компаниялар Беларусьтен өзге, Германия, Израиль, Швейцария, Ұлыбритания және АҚШ елдерінен келген. Қазіргі уақытта паркте шамамен 63 мың адам жұмыс істейтін 886 компания орналасқан (БелТА, 10.07.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет       Түркі кеңесінің Денсаулық сақтау жөніндегі ғылыми тобы кеңестің Денсаулық сақтауды үйлестіру комитетінің шешімдерін орындау үшін алғашқы бейнеконференция отырысын өткізді. Түркі кеңесіне мүше және бақылаушы мемлекеттердің жоғары лауазымды денсаулық сақтау қызметкерлері мен тәжірибешілері COVID19-дың алдын алудың, диагностикалаудың және емдеудің жаңа әдістерін жасап шығару үшін ынтымақтасудың мүмкіндіктерін талқылады. Түркияның Денсаулық сақтау министрлігі Кеңеске мүше мемлекеттердің медицина қызметкерлеріне эпидемиология саласы бойынша оқытуға өз келісімін берді (Түркі кеңесі, 08.07.2020).

Ататүріктің бастамасымен 1932 жылдың 12 шілдесінде құрылып, бұрын Түрік тілі қоғамы ретінде белгілі болған Түркі тілі ассоциациясының 88 жылдығына арналған онлайн жиын өтті. Іс-шараға Түркияның мемлекеттік лауазымды иелері, ғалымдары, Юнус Эмре институты, TURKSOY және TWESCO өкілдері, сондай-ақ түркітілдес елдердің көрнекті түркітанушылары қатысты. Жиынға қатысушылар Түрік тілі қоғамының соңғы уақытта атқарған жұмыстарымен және алдағы уақыттағы жоспарымен таныстырылды (TWESCO, 12.07.2020). Литва Мұсылман діни қауымдастықтарының кеңесі Литваның Тракай қаласында «Алтын Орданың садағы мен жебесі»

атты іс-шара өткізді. Бұл іс-шара Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігінің (TIKA) қолдауымен Литвада ғасырлар бойы тұрып жатқан этникалық қырым татарларының мәдени іс-шараларына қолдау көрсету жобасы аясында ұйымдастырылды. Сондай-ақ, биыл TIKA литвалық қырым татарлары үшін 7-ші жазғы мектеп ұйымдастыратын болады (Haberler.com, 10.07.2020).

Өзбекстанның Жоғары және орта арнаулы білім министрлігі, Еуропа одағының (ЕО) Өзбекстандағы өкілдігі және Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасы (БҰҰДБ) жас ауған әйелдерінің экономикалық құқықтарын қолдауға бағытталған трансшегаралық бастаманы іске қосты. Жобаға сәйкес оларға Өзбекстан мен Қазақстанда білім алу үшін білім гранттарын берілуі қарастырылған. 2025 жылға дейін БҰҰДБ-мен жүзеге асырылатын бұл бастамаға ЕО 2 млн. еуро көлемінде грант бөліп берді (БҰҰДБ, 10.07.2020). Тәжікстанның Еңбек министрлігі Ресейдің Ішкі істер министрлігімен Ресейдегі тәжік еңбек мигранттарының қазіргі жағдайын талқылау үшін онлайн режимде кездесу өткізді. Тәжік тарапы Ресей билігін COVID-19 індетіне байланысты бастан кешіп жатқан осы қиын-қыстау кезеңде тәжік азаматтарына қолдау көрсетуге шақырды. Ресей тарапының айтуы бойынша, қазіргі эпидемиологиялық жағдайда Ресей ел ішінде жүрген шетел азаматтарына бірқатар жеңілдіктерді ұсынған. Атап айтқанда, тәжік азаматтарының тұруға және жұмыс істеуге рұқсаты 2020 жылдың 15 қыркүйегіне дейін ұзартылған (Sputnik, 08.07.2020).

БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасы мен Тәжікстанның қоршаған ортаны қорғау комитеті Жасыл климат қоры қаржыландыратын климаттың өзгеруіне бейімделу жобасын іске қосу туралы келісімге қол қойды. Келесі төрт жыл бойы тәжік ауылдарының 115 мыңға жуық осал тұрғыны климат туралы ақпарат пен ауа-райы туралы ескертулер алып, жер және табиғи ресурстарды орнықты пайдалану арқылы азық-түлік қауіпсіздігін қалай жақсартуға болатындығын үйренеді (Азия-Плюс, 08.07.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.