f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Ғылым мен саясаттың өзара байланысы: COVID-19 мысалы
ebulletin

Ғылым мен саясаттың өзара байланысы: COVID-19 мысалы

Авторлар: Гүлнар Надирова
2020 ж. 13 сәуір
Ғылым мен саясаттың өзара байланысы: COVID-19 мысалы

ҒЫЛЫМ МЕН САЯСАТТЫҢ ӨЗАРА БАЙЛАНЫСЫ: COVID -19 МЫСАЛЫ Адамдар саясаткерлерден және мемлекет басшыларынан соғыстар мен саяси дағдарыстардың себептері туралы, дәрігерлер мен ғалымдардан – індеттер мен климаттың өзгеру себептері жайлы, ал құдіретті күштерден табиғи апаттардың себептері туралы сұрауға бейім. COVID-19-дың пайда болу себебі туралы бірнеше нұсқасы айтылуда, оның ішінде бұл індеттің жасанды жолмен жасалу ықтималдығы да бар. Алайда, бүгінгі күні бұл жорамалдардың біреуі де ақылға қонымды түрде дәлелденбеді. Қазіргі уақытта барлық дәрігерлер, ғалымдар, саясаткерлер, қысқасы, жер шарының бүкіл тұрғындары бұл вируспен күресудің тиімді әдістерін табуға көп күш салуда.

Бұл дағдарыс саяси және экономикалық жүйелердің, денсаулық сақтау құрылымдарының, құқық қорғау күштерінің, ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың, сондай-ақ, адами қарым-қатынастар мен мінез-құлықтың беріктігін сынайды деп айтуға болады. Толығымен сенуге болатын бір нәрсенің немесе адамның болғаны өте маңызды. Жоғары сапалы ғылыми зерттеулер, сенімді дәлелдер мен мәліметтер дағдарысты жеңуге үміт беріп, тұрақтылықты қамтамасыз етуі қажет. Бұл нәтижеге жету үшін саяси тұрғыдан біржақты, идеологияға негізделген немесе коммерциялық тұрғыдан тиімді тұжырымдарға емес, нақты нәтижелер мен дұрыс болжамдар жасайтын ғалымдардың пікіріне құлақ асу керек. Алайда ғылым, қоғам, үкімет және саясаттың өзара байланысы әлі де ғылымды қалғандарына бағындыру негізінде жүзеге асырылады. Ғалымдар мен денсаулық сақтау саласының мамандары ауыр індеттің болатыны туралы бірнеше жыл бұрын-ақ ескерткен болатын. Бірақ қажетті зерттеулерге қаражат жұмсауға құлықсыздық немесе ғалымдарға деген сенімсіздік немесе басқа басымдықтардың болуы салдарынан барлық елдердің үкіметтері бұл ескертулерді елемеді. Нәтижесінде әлем жаңа жаһандық індетке қажетінше дайын болмады.

Болжамдар ғылыми-практикалық қызметтің ең қиын тұсы болмауы мүмкін. Үкіметтерді сендіру үшін дағдарыс кезінде халықаралық ынтымақтастық орнатудың тиімді жолдары мен ұжымдық сараптамалық кеңестер, технологиялық шешімдер, сондайақ, ғылым, қоғам және саясат арасындағы тұрақты байланыс арналары сияқты төтенше жағдайлар кезінде қолдануға арналған құралдар болу қажет. Вирустың халық арасында нақты таралу ауқымы, адамдардың иммунитетінің бейімделу дәрежесі және аурудың маусымдық сипаты туралы сенімді мәліметтердің болмауы ғалымдар үшін қазірдің өзінде қалыптасқан күрделі жағдайды одан әрі қиындатуда. Сонымен қатар, вирустың асимптоматикалық жағдайлары жеткілікті деңгейде зерттелмеген, бірақ бұл дерттің емін бірнеше ел қатар іздеу үстінде. Өткен жылдары ғылым SARS (ауыр жедел респираторлық синдром), BSE (сиырдың құтырық ауыруы), FMD (аяқ және ауыз қуысы ауруы), H1N1 (шошқа тұмауы), EVD (Эбола вирусы) және т.б. ауруларды анықтап, емдеу әлеуетін көрсетті. Бүгінгі таңда біз бүкіл әлемде коронавируспен күресудің бұрын-соңды болмаған қиындығына куә болып отырмыз. Мамандандырылған зертханаларда ондаған жоба жүзеге асырылуда. Мысалы, Саскачеван Канада университетіндегі VIDO-InterVac, Копенгаген университетінің иммунология және микробиология бөлімі, Квинсленд және Оксфорд университеттерінің командалары жаңа дәрі-дәрмектерді жедел қарқынмен сынақтан өткізуде. Ресейдің «Фармзащита» ғылыми-өндірістік орталығында да ұқсас зерттеулер жүргізіліп жатыр. АҚШ-тың ғылыми орталықтары бүтін күш-жігер мен қаражатты COVID-19-ға бағыттау үшін барлық басқа жобаларды тоқтата тұрды. Еуропа елдеріндегі беделді академиялық баспалар да коронавирус туралы он мыңдаған мақалалар мен баяндамаларға ақысыз қол жеткізу мүмкіндігін ұсынып отыр.

Алайда, ғылыми сараптама толығымен қарастырылып, мемлекеттік органдар тарапынан қабылданатын шешімдерді негіздеу мақсатында пайдаланылатынына сенімді бола алмаймыз. Ғылыми қауымдастықтың пікірлерін ескермеу мысалы ретінде індеттің алғашқы кезеңдерінде Ұлыбритания үкіметі қабылдаған «ұжымдық иммунитет» саясатын келтіруге болады. Бұл саясаттың мәні қандай да бір шұғыл шаралар қабылдаудың орнына иммунитетке ие болу үшін мүмкіндігінше көп адамның ауырып қалуына жол беру болды. Коронавирустың таралу ауқымы мен жылдамдығына байланысты елдер мен халықтардың көңіліне қорқыныш орнаған бүгінгі күнде ғалымдардың пікірі бойынша, тәжірибешілер, ғалымдар, саясаткерлер, экономистер, БАҚ өкілдері, басқарушылар және сарапшылардан құралған үлкен қауымдастықты жұмылдырылып, ортақ қатысуын қажет ететін ерекше жағдай туындады. Бұл адамдар бірлесе отырып ғылыми деректерді қолданудың теориялық және практикалық тәсілдерін жасауы қажет, сондай-ақ, үкіметтің барлық деңгейлеріндегі саясатты негіздеп, дағдарысты жоспарлау мен басқарудың тәжірибесімен алмасуы қажет. Бұл үдерісті басқарып, үйлестіруді 40-тан астам елдің жетекші ғалымдарының белгілі салалардағы пікірталастарының нәтижесінде 2014 жылы Жаңа Зеландияның Оклэнд қаласында Халықаралық ғылыми кеңестің бастамасымен құрылған Мемлекеттік ғылыми кеңестің халықаралық желісі (INGSA) жүзеге асыруы мүмкін. INGSAның айрықша ерекшеліктері – зерттеу нәтижелері мен саясаттың өзара әрекеттесуін дамыту; әсіресе, дамушы елдерде ғылыми кеңестер; дағдарыс және төтенше жағдайды талдау; әртүрлі елдердегі әртүрлі ғылыми және саяси қоғамдастықтармен және бүкіл әлемдегі юрисдикциялар арасында берік байланыс орнату. Жақында INGSA саясат пен тәжірибеде дәлелдердің тиімді қолданылуын қамтамасыз ететін тетіктерді, яғни ненің жақсы, ненің жаман жасалғанын, қандай нәтижелер мен сабақтар алынғанын анықтайтын веб-сайт ашты. Осындай ғылыми қауымдастықтар әлемнің басқа аймақтарында да бар. Бұған мысал ретінде ASEAN Халық денсаулығын сақтау саласындағы төтенше жағдайлар жөніндегі қоғамдық орталығын (ASEAN EOC) атап өтуге болады. Сонымен қатар, кейбір елдерде ең жоғарғы лауазымды тұлғалардың арасында ғалымдар мен мамандар бар. Мысалы, Тайвань президенті Лондон экономика мектебінен PhD докторы ғылыми дәрежесін алған және вице-президенті танымал эпидемиолог болып табылады. Бұл елдің COVID-19 індетімен сәтті күресуіне өз септігін тигізбей қоймады.

Қорытындылай келе, ғылыми кеңестер мен саяси шешімдер әрдайым бір-бірімен сәйкес келе бермейді. Алайда, шешім қабылдаушылар осы жағдайға тікелей немесе жанамалай байланысты әртүрлі салалардағы ғылыми зерттеулердің бүкіл нәтижелері мен ұсыныстары жайлы толық хабардар болуы тиіс. Бұл жерде түрлі ғылыми пікірлерді жинақтайтын INGSA сияқты бастамалар көмектесе алады. Сонымен қатар, шешім қабылдаушылар стратегиялық және тактикалық қадамдарын айқын әрі оңай түрде түсіндіріп, халыққа өз қызметінің себептері мен мотивтері туралы ақпарат беріп отыруы керек. Мұндай көзқарас пен перспектива тиісті ел азаматтарының өмір үшін күреске барынша дайын болуын қамтамасыз етеді.

Жазушы: Гүлнар Надирова, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік • • • • • • Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің басшылары коронавирустың таралуын болдырмау және экономикалық тұрақтылықты сақтау бойынша бірлескен әрекеттерді қарастыру үшін бейнеконференция арқылы Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің жұмыс отырысын өткізді. Тараптар COVID-19 пандемиясына қатысты бірлескен мәлімдеме қабылдап, індеттің теріс салдарын жою және интеграциялық ынтымақтастықтың қол жеткен деңгейін сақтау бойынша бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді (Еуразиялық экономикалық комиссия, 14.04.2020). Ресей Мемлекеттік думасы Ресей азаматтығын алу процедураларын жеңілдететін заң қабылдады. Заңға сәйкес, ресейлік төлқұжат алу үшін азаматтығы жоқ ересек адамдар бұрынғы Кеңес Одағы азаматтығына ие болса және Кеңес Одағы құрамына кірген басқа мемлекеттердің азаматтығын алмаған болса, Ресейде бес жыл тұрақты тұру міндеттемесі алынып тасталады. Сонымен қатар, Беларусь, Қазақстан, Молдова және Украинаның азаматтары Ресейде тұруға рұқсаты бар болса, Ресейде тұру мерзімін сақтамай Ресей азаматтығына өтініш бере алады (Мемлекеттік Дума, 17.04.2020). Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонның ең үлкен ұлы Душанбе қаласының мэрі Рустам Эмомали Тәжікстан парламентінің жоғарғы палатасы – Мажилиси Милли төрағасы болып сайланды. Жасырын дауыс беру кезінде сенаторлар Рустам Эмомалидің кандидатурасын бірауыздан мақұлдап, оны ресми түрде мемлекеттік билік иерархиясында президенттен кейінгі екінші адам етіп жариялады. Осылайша, Эмомали Рахмон қызметінен кетіп, қайтыс болған немесе іс-әрекетке қабілетсіз болған жағдайда билік оның баласына өтеді (Фергана, 17.04.2020). Түрікменстан мен Украина сыртқы істер министрлерінің орынбасарлары деңгейінде бейнеконференция арқылы екіжақты саяси консультациялар өткізді. Тараптар коронавирустық пандемия жағдайындағы екі елдің қарым-қатынастарының басым бағыттарын талқылады. Сондай-ақ, олар 2020-2021 жылдарға арналған сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық салалардағы, сондай-ақ энергетика саласындағы серіктестікті қалпына келтіру перспективаларына бағытталған ынтымақтастық бағдарламасын қарастырды (Украина СІМ, 15.04.2020).

Украина мен Ресейдің бақылауындағы Украинаның шығыс аймақтары арасында «барлығы үшін барлығы» форматында тұтқындар алмастырылды. Украина Қауіпсіздік қызметі өзін-өзі жариялаған Донецк және Луганск халық республикаларында тұтқында болған 20 украиндықты, негізінен бейбіт тұрғындарды, 14 қамалушыға алмастырды. Президент Владимир Зеленскийдің айтуынша, Ресей мен Ресей тарапынан басып алынған Қырымда қамауда отырған адамдарды қайтару үшін Мәскеумен жаңа келіссөздер жүргізілуде (УНИАН, 16-18.04.2020).

Молдова Президенті Игорь Додон Гагауз автономиялық аймағының басшысы Ирина Влахпен жұмыс кездесуін өткізді. Тараптар аймақтың әлеуметтік-экономикалық өмірін, соның ішінде жергілікті билік органдарының коронавирустың таралуын болдырмауға бағытталған шараларын талқылады. Гагауз басшысы автономиядағы жағдай бақылауда екендігін және халық төтенше жағдай кезінде енгізілген шектеу шараларын бұзудың қауіп-қатері мен зардаптары туралы хабардар екендігін атап өтті (Молдова Республикасы Президенті әкімшілігі, 15.04.2020).

Қоғам және мәдениет Экономика, қаржы және энергия • • • • • • Қазақстан әлемдік мұнай өндірісін тәулігіне 9,7 млн. баррельге қысқарту бойынша Венада өткен ОПЕК+ жиналысында қол қойылған ымыралық келісімді қолдады. Бұл әлемдік мұнай өндірісі тарихындағы ең ірі ұжымдық қысқартулардың бірі болып табылады. Нәтижесінде, Қазақстан Энергетика министрлігі 2020 жылдың мамыр-маусым айларында ішкі мұнай өндіруді тәулігіне 390 мың баррельге азайтып, 2020 жылға арналған мұнай өндіру жоспарын 90 млн. тоннадан 84,5 млн. тоннаға дейін қысқартады (Капитал, 1314.04.2020).

Ресей үкіметі коронавирустың өршуінен туындаған экономикалық дағдарысқа қарсы алғашқы жәрдем пакетінің сынға алынуына байланысты аймақтық органдар мен шағын және орта бизнеске қосымша қаржы бөлуге уәде берді. Президент Владимир Путин жария еткендей, қолдау пакетіне Ресей аймақтары үшін 200 млрд. рубль (2,7 млрд. доллар), әуе компанияларына 23 млрд. рубль (311 млн. доллар) және ең төменгі жалақының жоғарғы деңгейінде жалақы төлеу үшін кәсіпорындарға тікелей қаржылық қолдау кіреді (Рейтер, 15.04.2020). COVID-19 пандемиясының салдарынан экономикалық белсенділіктің азаюына және мұнай бағасының айтарлықтай төмендеуіне байланысты көптеген тәжік мигранттары Ресейден және Қазақстаннан үйлеріне қайтып оралды. Оралғандардың саны тәжік еңбек мигранттарының 90%ын құрайды. Тәжікстан Экономика министрлігі коронавирустық дағдарыс пен басқа да сыртқы факторлардың әсерінен экономикаға келтірілген жалпы шығын 650 млн. долларға жетеді деп болжайды. Салдарын азайту үшін үкімет жергілікті кәсіпкерлерге салық жеңілдіктерін және жұмыс орындарын құру және қорғау үшін салық реформаларын қарастырады (Рейтер, 17.04.2020). Мақта кампаниясына ашық хат жазған Өзбекстан Жұмыспен қамту және еңбек қатынастары министрі Нозим Хусанов ұйымнан өзбек мақтасына бойкотты алып тастауды сұрады. Бұл шара 2006 жылы Мақта кампаниясы тарапынан мемлекеттің бала еңбегін пайдалану мен мәжбүрлі түрде еңбекке тарту жүйесіне қарсы қолданылған болатын. Хатта айтылғандай, коронавирусқа байланысты елде карантин басталғаннан бері шамамен 150 мың адам жұмысынан айрылып, 200 мыңнан астам адам кедейлік шегінен шықты (Аль-Джазира, 16.04.2020). Бейнеконференция арқылы өткен Түрікменстан-Оңтүстік Корея Іскерлік кеңесінің отырысында екі елдің лауазымды тұлғалары мен кәсіпкерлері сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады. Оңтүстік Корея компанияларының өкілдері отынэнергетика саласындағы бірлескен жобалар бойынша жаңа ұсыныстар айтты. Сонымен қатар, Оңтүстік Корея тарапы Түрікменстанның сауда флотын жабдықтауға және Каспий теңізінде су тазарту қондырғысын салуға қызығушылық білдірді (Turkmenistan Today, 17.04.2020). AzerTelecom байланыс операторының айтуынша, Әзірбайжан экономикасын цифрландыру үдерісі қарқындады. Цифрлық реформалар ауқымды мемлекеттік және жеке бағдарламалар, атап айтқанда, Azerbaijan Digital Hub бағдарламасы арқылы жүзеге асырылады. Аталмыш бағдарлама аясында Facebook, Google, Netflix, Amazon, Alibaba, Tencent сияқты ірі контент-провайдерлер Азия елдерінің трафик қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін Әзірбайжанмен жұмыс істейді. Бұл елдің аймақтық цифрлық орталыққа айналуына мүмкіндік береді (AzerNews, 17.04.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов • • • • • • Халықаралық Түркі академиясы шығарған кітаптарға енді интернет арқылы емінеркін қол жеткізуге болады. Академияның ресми сайтындағы «Кітаптар» бөлімінде әзірбайжан, ағылшын, қазақ, қырғыз, моңғол, орыс, түрік және басқа тілдерде жазылған 100-ден астам кітапқа қол жеткізуге болады. Басылымдар арасында түркі әлемінің тарихы, оның бай әдеби мұрасы, тарихи және жазба ескерткіштері, түркі тілдері, этнография, фольклор және салтдәстүрлер туралы зерттеулер бар (TWESCO, 17.04.2020).

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев коронавирустық пандемияға қарсы күресте көрші елдерге экономикалық қолдау көрсету мақсатында Қырғызстан мен Тәжікстанға гуманитарлық көмек көрсетуді тапсырды. Көмек аясында әр ел үшін құны 3 млн. доллардан асатын 5 мың тонна ұн жіберіледі. Бұл шешім Қырғызстан мен Тәжікстан тараптарының халықты азық-түлікпен үздіксіз қамтамасыз етуге көмектесу туралы ресми өтініштері нәтижесінде қабылданды (Қазақстан СІМ, 16.04.2020).

Өзбекстанға COVID-19-дан емделгендер саны ең көп Цзянси провинциясының астанасы Нанчанг қаласынан бір топ Қытай дәрігер-кеңесшілері мен сарапшылары келді. Вирусолог, эпидемиолог, пульмонолог, терапевт, хирург және жұқпалы аурулар жөніндегі мамандардан тұратын 15 адамдық топ 2 млн. юаньға жуық (шамамен 290 мың доллар) қажетті медициналық керек-жарақтармен гуманитарлық көмек жеткізді (Sputnik; Podrobno.uz, 17.04.2020).

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігіне COVID-19 диагностикалау бойынша 6,720, сынақ жүргізу үшін 64 полимеразды тізбекті реакция (ПТР) жүйесін қайырымдылықпен сыйға тартты. Осылайша ДДСҰ Қырғызстанға үшінші рет гуманитарлық көмек көрсетті. Бұған дейін ДДСҰ 2020 жылы ақпанда және наурызда елге 2,600 ПТР сынама жиынтығын жеткізген болатын. Сонымен қатар, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік Қырғызстанға 64 мың еуро көлемінде нақты уақыт режимінде ПТР сынақтарына арналған диагностикалық жиынтықтар мен басқа да медициналық жабдықтарды қамтамасыз етті (24.kg, 17.04.2020).

Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов тиісті мемлекеттік органдардың қоршаған ортаны қорғау саласында халықаралық ұйымдармен ынтымақтастығын кеңейтуге бағытталған бірқатар бұйрықтарға қол қойды. Атап айтқанда, Ауыл шаруашылығы және қоршаған ортаны қорғау министрлігіне БҰҰ Даму бағдарламасымен «Түрікменстанның қуаңшылық аймақтарында ауыл шаруашылығымен айналысатын халықтың климатқа байланысты әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету» жобасының 2020 жылға арналған жұмыс жоспарына қол қою тапсырылды (Turkmenportal, 14.04.2020).

Қазақстан Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2020 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша ел халқының саны 18,67 млн.

адамға жетті. Бұл бір жыл бұрынғыға қарағанда 1,3%-ға (240 мыңнан астам) артық. Қала халқы – 10,93 млн. (58,5%), ал ауыл халқы – 7,74 млн. (41,5%). Есепті кезеңде халықтың ең көп өсуі Алматы және Нұр-Сұлтан қалаларында, сондай-ақ Түркістан облысында тіркелді (ҚазАқпарат, 16.04.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.