f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Университеттердің Халықаралық рейтинг жүйелері
ebulletin

Университеттердің Халықаралық рейтинг жүйелері

Авторлар: Гүлнар Надирова
2020 ж. 27 қазан
Университеттердің Халықаралық рейтинг жүйелері

УНИВЕРСИТЕТТЕРДІҢ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ РЕЙТИНГ ЖҮЙЕЛЕРІ Халықаралық Quacquarelli Symonds (QS)

2021 Әлемнің үздік университеттерінің рейтингінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 165-ші орынға көтеріліп, АҚШ-тың Рочестер университеті мен Тайваньның Ұлттық Цин Хуа университетінен озып, Ұлыбританияның Эксетер университетінен кейінгі орынға жайғасты. Бұл Қазақстанның жетекші жоғары оқу орындарының бірі болып табылатын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің маңызды жетістігі деп санауға болады. Алайда тағы бір беделді рейтинг агенттігі Times Higher Education (THE) тарапынан жасалған 2021 Әлемнің үздік университеттері рейтингінде аталмыш университет Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Сәтбаев университетімен бірге 1000+ тобында орын алып, салыстырмалы түрде төмен деңгейде қалып отыр. Сонымен қатар, жоғарыда аталған Тайваньның Цин Хуа Университеті (Пекиннің Цинхуа университетімен шатастырмау керек) THE рейтингінде 351-400 тобына кіріп, шамамен 600 сатыға жоғары болды. Нәтижелер неліктен әртүрлі? Мұның себебі рейтингтерді жасау кезінде әртүрлі әдіснамалар мен мәліметтердің қолданылуында. Біріншіден, студенттер жоғары оқу орнын таңдау кезінде басшылыққа ала алатын немесе мемлекеттік құрылымдар ішкі білім беру саясатын анықтау барысында қолдана алатын жаһандық, аймақтық және ұлттық рейтинг түрлері бар екенін атап өткен жөн.

Әлемдік деңгейде, жоғарыда аталған QS және THE Әлемнің үздік университеттері рейтингтерінен басқа ең танымал болып табылатыны – Шанхай Цзяо Тонг университеті тарапынан 2003 жылдан бері жүргізіліп келе жатқан Әлемдік университеттердің академиялық рейтингі (ARWU). Бұл рейтинг университеттің ғылыми зерттеулеріне ерекше назар аударып, Nature және Science журналдарында жарияланатын мақалалар санын, сондай-ақ, университет профессорлары арасында Нобель сыйлығы мен Филдс медалі (математикадағы көрнекті жетістіктер үшін берілетін халықаралық медаль) иегерлерінің санын есепке алады. ARWU-дан айырмашылығы, QS рейтингі көбінесе ғалымдар мен жұмыс берушілердің сауалнамаларының мәліметтеріне сүйеніп, бір оқытушыға шаққандағы дәйексөз саны, оқытушылар құрамы мен студенттердің арақатынасы, сондай-ақ, шетелдік оқытушылар мен студенттердің саны сияқты деректерді жинайды. Субъективті көрсеткіш (ғалымдардың пікірлері) университеттің жалпы балының 40%-ын құрайды. Біздің ойымызша бұл өте көп. QS сонымен қатар білікті түлектерді шығаруда қай университеттердің ең жақсы беделге ие екендігін анықтау үшін жұмыс берушілердің сауалнамасын қолданады. Бұл деректерді де толықтай объективті деп айта алмаймыз. Мысалы, кейбір университеттер өздерінің «қолдаушыларын» беделге қатысты сауалнамада оң жауап беруге ынталандыратыны белгілі.

THE бірнеше жыл бойы QS-пен жыл сайынғы әлемдік университеттер рейтингін құруда ынтымақтастықта болды. Алайда, кейінірек Thomson-Reuters көмегімен 13 түрлі критерийге негізделген өзінің әдістемесін жасады. Бүгінгі таңда THE Әлемнің үздік университеттерінің рейтингі 93 ел мен аймақтан 1,500-ден астам университетті қамтитын ең ірі рейтинг болып табылады.

Алайда, жоғарыда аталған үш рейтингтің де ең үздік 10 университеті жыл сайынғы минималды айырмашылықтармен бірдей деуге болады. Бұлар – Оксфорд, Кембридж, Калифорния университеті, Стэнфорд, Беркли, Массачусетс технологиялық институты, Гарвард, Принстон, Чикаго университеті және АҚШ-тың тағы екі-үш университеті (Калтех, Колумбия университеті және т.б.). Өзгерістер көбінесе барған сайын азиялық университеттердің қатары арта бастаған ең үздік 100дік немесе 200-дік қатарында байқалады. Сонымен қатар, US News, Тайвань Жоғары білім беруді бағалау және аккредиттеу кеңесі (HEEACT), Ресейдің RatER рейтинг агенттігі, Лейден рейтингі, Еуропа одағының U-Multirank рейтингі және т.б. жаһандық рейтингтер бар. Бірақ олардың барлығы ғылыми зерттеу университетінің бүкіл әлемге танымал АҚШ үлгісіне барынша назар аудара отырып, зерттеу компонентіне көңіл бөлетінін атап өткен жөн.

Жаһандық рейтингтердің көпшілігі ғылыми зерттеулер мен беделге тым көп көңіл бөлсе, аймақтық және ұлттық рейтингтер оқыту мен оқуға, студенттер мен қоғамдастықтың белсенділігіне, сондай-ақ, университеттердің әлеуметтік миссиясына көбірек көңіл бөлу арқылы бұл үрдісті өзгертуге әрекет жасауда. Яғни бұл аймақтық және ұлттық рейтингтер көбінесе білім беру қызметіне және жергілікті жаңа университеттерге бағытталғанын білдіреді. Студенттердің қанағаттанушылығын өлшейтін ұлттық рейтингтер Азия, Еуропа, Солтүстік Америка, Оңтүстік Америка және Океанияның 30ға жуық елдерінде кең қолданылады. Олар ұзақ мерзімді беделі жоқ әлеуметтік бағыттағы жоғары оқу орындарының алға жылжуына мүмкіндік береді. Сарапшылар студенттерді, әсіресе, бакалавриат деңгейінде университеттің академиялық көрсеткіштерінен гөрі оқыту сапасы қызықтыратынын, бірақ бұл сапаны өлшеу өте қиын екенін алға тартады.

Ұлыбритания үкіметі жаңа ынталандырулар мен стандарттарды енгізу және оқытуды ғылыми-зерттеу деңгейіне дейін көтеру мақсатында жоғары сапалы оқытуды мойындау және оның универси-теттердегі беделін көтеру үшін жаңа негіздеме жасауға тырысты. Оқыту сапасын жетілдірудің негіздемелік бағдарламасының (TEF) идеяларының бірі – үкіметтің студенттерге қай университетке немесе колледжге түсу керектігін таңдауға көмектесу үшін неғұрлым егжейтегжейлі мәліметтер беруі. Ұлыбританияның TEF рейтингі үш критерий бойынша бағалайды. Олар: оқыту сапасы, яғни студенттер үшін жаңа міндеттер мен ынталандыруды белгілейтін және білім беру процесін белсендіретін оқыту; оқу ортасы, яғни студенттерді ұстап қалуға, олардың ілгерілеуі мен оқу үлгеріміне бағытталған ресурстар мен ісшаралар; және әсіресе жағдайы нашар отбасылардан шыққан студенттерді оқыту үдерісінен алынған нәтижелер.

Студенттердің қанағаттануы мен олардың жұмысқа қабылдануына ерекше назар аударылады. TEF рейтингі нәтижесінде ең үздік университеттерге алтын, күміс немесе қола мәртебесі беріледі. Бұл студенттерді қабылдауға әсер етіп, TEF жүлдесін алған университеттерге оқу ақысын инфляция деңгейін ескере отырып ағымдағы шегінен, яғни 9,000 фунт стерлингтен жоғары көтеруге мүмкіндік береді деп күтілуде.

Көптеген сарапшылар рейтингтер маркетинг құралы деп санаса да, өоғамның жоғары оқу орындарындағы ашықтық пен есептілікке деген барған сайын артып келе жатқан сұранысын қанағаттандырады. Сондықтан да жаһандық рейтингтердің ықпалын ескермеуге болмайды. Университеттерде арнайы құрылған кафедралар жұмыс топтарын құру, семинарлар ұйымдастыру және ақылы консультанттарды шақыру арқылы өз рейтингтерін жақсарту бойынша жұмыстар жүргізуде. Бұл шаралардың барлығы ірі корпорациялар мен маркетингтік компаниялардың жұмысына өте ұқсас және маңызды ресурстарды университеттердің негізгі қызметінен алшақтатады.

Рейтингтердің оң әсері ретінде белгілі бір университеттің жалпы жоғары білім беру жүйесіндегі орнын анықтауды және оның қызметінің күшті және әлсіз жақтарын бағалауды атап өтуге болады. Бұл рейтингте бұрын-соңды орын алмаған елдердің жаңа қатысушылары үшін өте маңызды. Десе де, рейтинг процесінің жоғары орындар үшін жарысқа айналмауын қадағалап отырған жөн. Кейде бедел, яғни университет туралы басқалар не ойлайтыны студенттердің қанағаттануынан гөрі, яғни университеттің тікелей міндетінен маңыздырақ болған кезде парадоксалды жағдай туындайды. Нарықтық факторлардың әлеуметтік және мәдени факторлардан үстемдігі кейде білім сапасының төмендеуіне және білім аясын кеңейту, оны сақтау және болашақ ұрпаққа жеткізу болып табылатын жоғары білім беру миссиясының ұмытылуына әкеледі.

Жазушы: Гүлнар Надирова, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік       Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Венгрияға ресми сапары барысында Венгрия Премьер-министрі Виктор Орбанмен келіссөздер жүргізді. Тараптар стратегиялық серіктестік туралы бірлескен декларацияға, қырғыз-венгр даму қорын құру туралы меморандумға және басқа да екіжақты құжаттарға қол қойды.

Сондай-ақ, екі елдің басшылары Түркі кеңесінің Будапешттегі өкілдігінде болып, Түркі әлемі мен Еуропа елдері арасындағы ынтымақтастықты арттыру жөніндегі күш-жігері туралы ақпарат алды (Қырғыз Республикасының Президенті, 29-30.09.2020).

Қырғызстан мен Ауғанстан сыртқы істер министрлері Шыңғыс Айдарбеков пен Мохаммад Ханиф Атмар екіжақты қатынастардың өзекті мәселелерін талқылау үшін онлайн режимде келіссөздер жүргізді. Атап айтқанда, министрлер Ауғанстандағы Үлкен және Кіші Памир аумағында тұрып жатқан қырғыздарға қолдау көрсету жобаларын қарастырды. Сонымен қатар, тараптар инфрақұрылымдық жобалар мен аймақтық интеграцияны одан әрі дамыту туралы пікір алмасты. Министр Айдарбеков Дохада басталған ауғанішілік татуласу үдерісіне қолдау білдірді (Қырғызстан СІМ, 01.10.2020). Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов өзінің ауғандық әріптесі Мохаммад Ханиф Атмармен бейнеконференция арқылы кездесу өткізді. Тараптар саяси-дипломатиялық, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың негізгі мәселелерін талқылады. Кездесу барысында Түрікменстан-Ауғанстан-ПәкістанҮндістан газ құбыры және ТүрікменстанАуғанстан-Пәкістан бағыты бойынша электр және талшықты-оптикалық байланыс желілері сияқты көпжақты көлікэнергетикалық жобаларға ерекше назар аударылды (Түрікменстан СІМ, 04.10.2020).

Польша билігі экстремистік ДАИШ-қа қатысы бар және поляктар мен украиналықтарды сол ұйымға тартты деген күдікпен бес тәжік азаматын депортациялады. 2020 жылы мамырда төрт күдікті ұсталып, 2019 жылдың желтоқсанында Польшадан қашып кеткен бесінші күдікті кейінірек халықаралық терроризмге қарсы ұйымдардың көмегімен қамауға алынған еді. Польша ішкі қауіпсіздік агенттігінің мәліметінше, бесінші күдікті Сирияға баруды жоспарлаған (Азаттық, 29.09.2020).

Ресей Президенті Владимир Путин молдовалық әріптесі Игорь Додонмен бейнеконференция арқылы кездесу өткізді. Президент Путиннің айтуынша, Молдованың өтініші бойынша Ресей құрғақшылықтан зардап шеккен Молдованың ауылшаруашылық компанияларын дизельдік отынмен қамтамасыз ету үшін 500 миллион рубль (6,4 миллион доллар) көлемінде гуманитарлық көмек бөлді. Президент Додон Молдова экономикасын қолдау мақсатында 200 миллион еуро көлемінде несие бөлгені үшін Ресей тарапына ризашылығын білдірді (Ресей Президенті, 28.09.2020).

Грузия Премьер-министрі Георгий Гахария Әзірбайжан мен Армения арасындағы соғыс қимылдарына қатысты мәлімдемесінде Грузия бейбітшілікті қалпына келтіру үдерісін жеңілдетуге, соның ішінде жанжал тараптарының келіссөздерін Тбилисиде өткізуге дайын екенін мәлімдеді. Гахария Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Минск тобының тең төрағалары мен халықаралық акторларды бүкіл аймақтың қауіпсіздігіне өте жағымсыз әсер ететін шиеленісті тоқтату үшін бар күш-жігерлерін салуға шақырды (Agenda.ge, 30.09.2020).

Экономика, қаржы және энергия       Қазақстан мен Еуразиялық даму банкі (ЕДБ) ынтымақтастықты нығайтуды жоспарлап отыр, өйткені аталмыш банк «Қазақстан-Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын іске асыруға қатысуға ниет білдіруде. Бұған қоса, тараптар ЕДБ-ның Қазақстан мен Өзбекстанның шекарасында «Орталық Азия» халықаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық орталығына, сондай-ақ, Қазақстанның Ұлттық тауар өткізу жүйесін құруға қатысу мүмкіндігін талқылады. 2020 жылдың аяғында ЕДБ-нің Қазақстанға салған жалпы инвестициясы 1,5 миллиард долларға жетеді (The Astana Times, 01.10.2020).

Өзбекстан Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігі мен Түркия Сауда министрлігі бейнеконференция арқылы келіссөздер жүргізді. Тараптар екі ел арасында қол қойылатын жеңілдетілген сауда туралы келісім бойынша өткізілген сараптамалық келіссөздердің алты кезеңінің нәтижелерін қарастырды. Келіссөздер барысында нарыққа қол жеткізу үшін өзара жеңілдетілген шарттар ұсынылатын тауарлардың қысқаша тізімін нақтылауға баса назар аударылды (UzA, 03.10.2020).

Душанбеде сауда-экономикалық ынтымақтастық бойынша Тәжікстан-Өзбекстан үкіметаралық комиссиясының жетінші отырысы өтті. Тараптар жеңіл және тамақ өнеркәсібі, электротехника, машина жасау, фармацевтика және құрылыс материалдарының өндірісі бойынша бірлескен жобалар әзірлеуге уағдаласты. Олар сондай-ақ кедендік және шекаралық бақылау рәсімдерін жеңілдетіп, кедергілерді жоюға келісті. Келесі бизнес-форум барысында тараптар құны 724 миллион долларды құрайтын 308 инвестициялық және сауда келісімдеріне қол қойды (UzDaily, 01.10.2020).

Қырғызстанның туризм департаментінің мәліметі бойынша, COVID-19 пандемиясының салдарынан елдің туризм секторы айтарлықтай құлдырауға ұшырап, 8090%-ға төмендеді. 2019 жылы бұл салаға 400 миллион доллар инвестиция тартылып, оның экспорты 610 миллион долларды құраса, жалпы қосымша құн 430 миллион долларға жеткен еді. Алайда, 2020 жылы департамент бұл көрсеткіштер шекаралардың жабылуына, турлар мен халықаралық рейстердің тоқтатылуына байланысты былтырғы көлемнің жартысына да жетпейді деп болжауда (24.kg, 02.10.2020).

Беларусь билігі Минскіде өткен Belagro атты 30-шы халықаралық мамандандырылған ауылшаруашылық көрмесінде елдің жылдық ауылшаруашылық экспорты 2020 жылдың соңында 5,8 миллиард долларға жетуі мүмкін екенін мәлімдеді. 2020 жылдың алғашқы жеті айында Беларусь 3,2 миллиард доллар көлемінде ауылшаруашылық өнімдері мен азық-түлік экспорттады. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,5%-ға артық. Беларустан тамақ өнімдерін импорттайтын елдер саны 92-ден 101-ге дейін өсті (БелТА, 30.09.2020).

Еуропалық инвестициялық банк пен Еуропалық қайта құру және даму банкі Украинадағы теміржолды электрлендіру жобасына 420 миллион доллар бөледі. Украиналық порттарға баратын «ДолинскаяНиколаев-Колосовка» теміржол учаскесін электрлендіру жұмыстары 2023 жылға қарай жүзеге асырылады. Сонымен қатар, Украина үкіметі Халықаралық қаржы корпорациясымен бірге елдің жеті теміржол станциясын концессияға беруге дайындайды (Укринформ, 28.09.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет       Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Терроризмге қарсы басқармасы БҰҰ-ның Орталық Азия үшін превентивті дипломатия жөніндегі аймақтық орталығымен бірлесіп БҰҰ Бас ассамблеясының 75-ші сессиясы аясында «Орталық Азия елдерінің Сирия мен Ирактан оралған азаматтарға қатысты тәжірибесі: жетістіктер, қиындықтар және алынған сабақтар» тақырыбында онлайн іс-шара ұйымдастырды. Ісшараның мақсаты – Орталық Азия мемлекеттерінің Сирияның солтүстік-шығысындағы және Ирактағы лагерьлерде өмір сүріп жатқан азаматтарын, әсіресе әйелдер мен балаларды елге оралту тәжірибесін көрсету (UzA, 28.09.2020). Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігі су тасқынынан зардап шеккен Кабул провинциясының тұрғындарына гуманитарлық көмек көрсетті. 5 мыңнан астам көмекке мұқтаж отбасына ұн, макарон өнімдері, күнбағыс майы және қоюландырылған сүт қамтыған азық-түлік себеттері берілді. Кабулмен қатар, Қазақстанның гуманитарлық жүктері Балх, Парван, Панджшер, Логар, Вардак, Баглан және Саманган провинцияларына таратылды (ҚР СІМ, 29.09.2020).

М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Алтын Орда өркениеті: әдеби мұра және дәстүр жалғастығы» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-теориялық онлайн-конференция ұйымдастырды. Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу аясында ұйымдастырылған іс-шара оның адамзат тарихындағы, әдебиеттегі және мәдениеттегі рөліне арналды. Қатысушылар сонымен қатар түркі халықтарының әдеби жәдігерлері мен рухани мұраларын, оның ішінде Алтын Орданың жазба ескерткіштерін сақтау мәселелерін талқылады (ҚазАқпарат, 30.09.2020).

Тәжікстанда халық және тұрғын үй қорының санағын өткізу науқаны басталды, ол 2020 жылдың 15 қазанына дейін жалғасады. Дәстүрлі түрде үй-үйді аралап есептеу және интернет арқылы жүргізілетін санақты жүргізуге бүкіл ел бойынша шамамен 30 мың адам көмектеседі. Деректер 2020 жылдың желтоқсанынан 2021 жылдың тамызына дейін өңделеді, ал қорытынды есеп 2021 жылдың қыркүйегінде жарияланады. Тәжікстанда алдыңғы санақ 2010 жылы өткізілген болатын (Avesta.tj, 01.10.2020).

Түрікменстанның Сыртқы істер министрі Рашид Мередов БҰҰ-ның Білім беру, ғылым және мәдениет мәселелері жөніндегі ұйымының (ЮНЕСКО) Бас директоры Одри Азулаймен бейнеконференция арқылы кездесу өткізіп, елдің материалдық емес мәдени-тарихи мұраларын сақтау және ынтымақтастықтың заңнамалық негізін кеңейту мәселелерін талқылады. Түрікменстан ЮНЕСКО-ның тиісті конвенцияларына қосылуға және өзінің кандидатурасын ЮНЕСКО құрылымдарына ұсынуға, сондай-ақ мәдениетаралық диалогты одан әрі нығайтуға арналған ЮНЕСКОның Шығармашылық қалаларының желісіне қосылуға қызығушылық білдірді (Түрікменстан СІМ, 30.09.2020). АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі «Орталық Азия үшін аймақтық су және осал орта» атты жаңа бағдарламаны іске қосты. Құны 24,5 миллион долларды құрайтын бес жылдық бағдарлама Орталық Азияның бес мемлекетіндегі ортақ су ресурстары бойынша аймақтық ынтымақтастықты нығайтуға және экологиялық мәселелерді шешуге бағытталған. Аталмыш бағдарлама су, энергетика және ауылшаруашылық секторларының маңызды байланыстарын, сондай-ақ климаттың өзгеруінің осал тұстарын шешеді (АҚШ-тың Қазақстандағы Елшілігі, 01.10.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.