f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Молдованың қиын таңдауы: еуропалық немесе Еуразиялық интеграция
ebulletin

Молдованың қиын таңдауы: еуропалық немесе Еуразиялық интеграция

Авторлар: Қанат Маханов
2020 ж. 18 мамыр
Молдованың қиын таңдауы: еуропалық немесе Еуразиялық интеграция

МОЛДОВАНЫҢ ҚИЫН ТАҢДАУЫ:

ЕУРОПАЛЫҚ НЕМЕСЕ ЕУРАЗИЯЛЫҚ ИНТЕГРАЦИЯ Молдова 2009 жылы 7 мамырда Еуропалық Одақтың (ЕО) бастамасымен ИНТЕГРАЦИЯ құрылған Шығыс әріптестігі (ШӘ) мүшелерінің бірі болып табылады. Оған посткеңестік алты ел – Армения, Әзербайжан, Беларусь, Грузия, Молдова және Украина қатысады. ШӘ бағдарламасы ЕО және оның Шығыс Еуропа мен Кавказдағы көршілері арасындағы экономикалық ынтымақтастық, сауда, аймақтық экономикалық саясатты іске асыру және басқа да мәселелер бойынша келіссөздер жүргізу міндетін атқарады. ШӘ мақсаты – тұрақтылық, демократия және өркендеу жағдайында ЕО-мен ынтымақтастықты ілгерілету. Молдованың ШӘ бағдарламасына мүше болуы еуропалық интеграция жолындағы алғашқы маңызды қадам болды. Бастапқыда Молдованың еуропалық интеграция жолындағы ынтымақтастыққа деген ұмтылысы мен мақсаттары айтарлықтай айқын болды. ЕО мен Молдова арасында қауымдасу келісімі бойынша келіссөздер 2010 жылы басталды және бұл келіссөздер барысында саяси реформалар, сыртқы және қауіпсіздік саясаты, ынтымақтастық, әділеттілікті, бостандық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету және т.б. мәселелер талқыланды. Сонымен бірге, ЕО мен Молдова арасында ЕОға кіру үшін азаматтары визалық талаптардан босатылған елдердің тізіміне Молдованы қосуға бағытталған «Визалық диалог» іске қосылды. Бұл мақсатқа 2014 жылы сәуірде салыстырмалы түрде тез қол жеткізіліп, бұл Молдованың ЕО-мен жақындасуындағы алғашқы үлкен жетістік болды. Осыдан кейін көп ұзамай 2014 жылы 27 маусымда Молдова ЕО-мен қауымдасу келісіміне қол қойып, 2014 жылы 2 шілдеде бұл келісім Молдова парламенті тарапынан бекітілді. Кишиневтің еуропалық интеграция жолындағы тағы бір керемет жетістігі саналатын келісім Молдова мен ЕО арасындағы қатынастарды одан әрі дамыту үшін жаңа құқықтық негізді құрды.

2016 жылдың шілде айында Молдова мен Грузия ЕО-мен Терең және жанжақты еркін сауда аймағы (ТЖЕСА) туралы келісімді бекіткен алғашқы елдер болды. Келісім Молдоваға бірыңғай еуропалық нарықтың белгілі бір секторларына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ол сонымен қатар инвесторлар үшін қауымдасқан елде ЕО-дағыдай нормативтік-құқықтық негізді қамтамасыз етеді. Бұл Молдова сияқты дамып келе жатқан экономика үшін аса маңызды екенін атап өткен жөн. Молдованың ЕО-мен әріптестігіндегі үшінші маңызды жетістік ретінде ТЖЕСА интеграциялық процестің жеделдейтіне қатысты үмітті арттырды. Молдованың басқа ШӘ мүше елдерімен салыстырғанда айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізуі Молдованың қысқа мерзімде ШӘ елдерінің ішінде ЕО-ның толық мүшелігіне өткен алғашқы ел ретінде қабылдануына себеп болды.

Алайда, 2016 жылдан кейін Молдова тұрақтылық пен демократиялық қағидаларды қамтамасыз етуге бағытталған реформаларды жүргізу бойынша бұрын қабылданған міндеттемелерді орындауда іс жүзінде ешқандай прогреске қол жеткізе алмады. Молдованың мақсатқа толық жете алмау себептерінің бірі ЕО-ның елдің қажетті реформаларды жүзеге асыру ұмтылыстары мен әлеуетін бағалай алмауы болуы мүмкін. Шын мәнінде, Молдова мен ЕО арасында қол жеткізілген келісімдердің көпшілігі Еуропа көршілік саясаты мен ШӘ бағдарламасына қатысуға шақыруды қоса алғанда, ЕОның бастамасымен жасалды. Екінші айқын себеп – іс басындағы Президент Игорь Додонның жүргізіп отырған саясаты. Ол Еуразиялық экономикалық одақты (ЕЭО) жақтаған үміткер ретінде президенттік сайлауға қатысып, 2016 жылдың қарашасында сайлауда жеңіске жеткен. Президент Додон президенттік биліктің шектеулілігі, парламентте нақты және тұрақты қолдаудың болмауы және жалпы саяси жағдайдың тұрақсыздығы сияқты бірқатар факторларға қарамастан, Ресеймен және ЕЭО-мен тығыз әріптестік орнатуда маңызды қадамдар жасай алды. 2018 жылдың мамырында Молдова ЕЭО-да бақылаушы мәртебесіне ие болды, бұл оның уәкілетті өкілдеріне одақ органдарының отырыстарына қатысуға және мүше мемлекеттер қабылдаған құжаттарды алуға мүмкіндік береді.

Молдова үшін Ресеймен және ЕЭОмен тығыз экономикалық қарым-қатынас орнатудағы ең үлкен артықшылықтардың бірі – ЕЭО-дағы шешім қабылдау тетігінің ЕО сияқты жоғары институционалды құрылымға ие болмауы. Молдованың Ресеймен және ЕЭО-мен әріптестігі Еуропалық интеграцияға қарағанда лезде айтарлықтай экономикалық табыстарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Ресеймен тығыз әріптестіктің және белсенді келіссөздердің арқасында Президент Игорь Додон өзінің алғашқы президенттік мерзімінде Молдова үшін айтарлықтай тиімді экономикалық мәселелерді шеше алды. Бұған Молдовадан келген еңбек мигранттарына рақымшылық жасау, Ресейде Молдова тауарларына жеңілдетілген режим енгізу, газ бағасына жеңілдіктер және т.б. кіреді. Осындай маңызды экономикалық табыстар еуроскептицизмге әкеліп, молдовалық қоғамда ресейшіл және еуразияшыл көзқарастардың артуына себеп болды. Соңғы сауалнамаға сәйкес, молдовалықтардың 43,5%-ы ЕО-ға мүше болу идеясын қолдайды. Жалпы алғанда, бұл пайыз 33-48% шамасында ауытқып отырады. Ал ЕЭО-ға қосылу идеясын қолдайтындардың үлесі болса әдетте 27-42% аралығында. Осы мәселе бойынша әртүрлі сауалнамаларды талдау нәтижесі көрсеткендей, молдовалықтар үшін ЕЭО-ға мүше болу аса маңызды емес, олар керісінше Молдованың ЕЭО-ға қосылмай Ресеймен жақсы экономикалық қарым-қатынаста болғанын қалайды. ЕЭО-ның 2020 жылғы 19 мамырда өткен соңғы саммитінде Президент Додон Молдованың сыртқы экономикалық саясатында шығыс векторын ұстануға ниеттілігін тағы да растап, елдің еуразиялық интеграцияға белсенді қатысуға дайын екендігін білдірді.

Молдованың болашақ интеграциялық векторын таңдау 2020 жылдың 1 қарашасында өтетін президенттік сайлау кезінде күн тәртібіндегі басты мәселе болатындығы анық. Оппозиция жетекшісі және Додонның сайлаудағы ықтимал қарсыласы Майя Санду Молдованың ЕЭО-мен әріптестігіне сыни көзбен қарайды және болашақ интеграцияның еуропалық векторын ұсынады. Молдованың ЕО-мен және ЕЭО-мен соңғы он жылдағы экономикалық қатынастарына талдау жасай отырып, Молдованың болашақ интеграциялық векторын таңдау туралы шешім тек Молдова азаматтарына ғана емес, сонымен қатар екі негізгі сыртқы актор – ЕО мен Ресейдің ұстанымдарына да байланысты деп айтуға болады.

Жазушы: Қанат Маханов, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік • • • • • • Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған қазақстандық әріптесі Қасым-Жомарт Тоқаевқа хат жолдап, Қазақстанның COVID19 індетіне қарсы іс-шараларына жоғары баға берді. Президент Ердоған Түркияның бауырлас елді қолдау үшін қажетті медициналық құрал-жабдықтарды жібергенін мәлімдеді. Түркия басшысы Қазақстан мен Түркия екіжақты стратегиялық әріптестікті одан әрі нығайта беретініне сенім білдірді (Ақорда, 18.05.2020).

Қазақстан Сенаты жалпы отырысында «Сайлау туралы» және «Саяси партиялар туралы» заңдарға саяси партиялардың сайлау тізімінде әйелдер мен 29 жасқа дейінгі жастарға 30%-дық міндетті квота белгілеуді көздейтін түзетулер қабылдады. Сонымен қатар, саяси партия құру және тіркеу үшін қажетті меже екі есеге – 40 мыңнан 20 мың мүшеге дейін төмендетілді (Kazakh TV, 21.05.2020). Тәжікстан Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, тастар мен таяқтармен қаруланған 60-қа жуық қытайлық жұмысшы Зарнисор қаласында орналасқан Тәжік-Қытай тау-кен өндірістік компаниясының бас кеңсесіне шабуыл жасады. Жұмысшы наразылықтарының басты себебі ретінде жалақы бойынша берешек көрсетілді, алайда кейбір ақпарат көздеріне сәйкес Қытай азаматтары оларды Қытайға қайтаруды талап еткен. Жұмысшылар, компания өкілдері және жергілікті лауазымды тұлғалар арасындағы сәтсіз келіссөздерден кейін ол жерге арнайы мақсаттағы полиция бөлімшесі келіп, бүлікті басты (Радио Озоди, 21.05.2020).

Ресейдің Тәжікстандағы 201-ші әскери базасының терроризмге қарсы бөлімшелері Душанбе және Бохтар қалаларында орналасқан базаның әскери лагерлеріне диверсиялық және террористік топтардың шабуылына қарсы тұру үшін жауынгерлік шеберлікті арттыруға бағытталған оқужаттығуға қатысты. Оқу-жаттығу сценарийі бойынша, бөлімшелер заңсыз әскери құралымдарды оқшаулау және жою, қолдан жасалған жарылғыш құрылғыларды жою және тұтқындарды босату қажет болды (Regnum, 18.05.2020).

Әзербайжан қарулы күштері 2020 жылға арналған әскери дайындық жоспарына сәйкес, кең ауқымды тактикалық оқу-жаттығу өткізді. Оқу-жаттығу барысында жауынгерлік дайындық, операцияларды жоспарлау және жан-жақты қолдау, әртүрлі әскери бірліктердің командалықбасқару бөлімшелерінің өзара әрекеттесуіне басты назар аударылды. Оқу-жаттығуға 10 мың әскери қызметкер, 120-ға жуық танк және бронетранспортер, 200-ге жуық зымырандық және артиллериялық жүйе, 30 ұшақ, сондай-ақ ұшқышсыз ұшу аппараттары қатысты (Trend, 18.05.2020).

Украина елдің теңізшілері мен кемелерін Керчь бұғазында Ресейдің қауіпсіздік күштері басып алғаны туралы дәлелдерді Теңіз құқығы туралы БҰҰ Конвенциясы аясында Гаагадағы төрелік сотқа жібереді.

2018 жылдың қараша айында Ресей Қара теңіздегі Одесса портынан Азов теңізіндегі Мариуполь портына жоспарлы түрде бармақ болған Украинаның үш кемесін басып алды. 2019 жылдың қыркүйегінде Украина мен Ресейдің тұтқындарды өзара алмастыруы кезінде 24 экипаж мүшесі босатылды, ал кемелер 2019 жылдың қараша айында қайтарылды (УНИАН, 22.05.2020).

Экономика, қаржы және энергия • • • • • • Жоғары Еуразиялық кеңестің бейнеконференция отырысында Еуразиялық экономикалық одаққа (ЕЭО) мүше мемлекеттердің басшылары жалпы негізде 2025 жылға дейінгі Еуразиялық экономикалық интеграцияны дамыту стратегиясын бекітті. Сонымен бірге, ЕЭО басшылары өз үкіметтеріне құжатты бетпе-бет өткізілуі жоспарланған келесі кеңес отырысына дайындауды тапсырды. Кеңес сонымен қатар ЕЭО мемлекеттерінің 2020-2021 жылдарға арналған макроэкономикалық саясатының негізгі бағыттарын бекітті (Еуразиялық экономикалық комиссия, 19.05.2020).

Қазақстан мен Иран президенттері Қасым-Жомарт Тоқаев және Хасан Рухани екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту жолдарын телефон арқылы талқылады. Президент Рухани Иранның Қазақстанмен сауданы арттыруға мүдделілігін білдірді және Қазақстан-Түрікменстан-Иран теміржолын, сондай-ақ Каспий теңізі арқылы өтетін мультимодальдық дәліздерді тиімді пайдалану қажеттігін айтты. Өз кезегінде Президент Тоқаев өзара экономикалық байланыстарды жандандыру үшін үкіметтік деңгейде практикалық шараларды әзірлеуді ұсынды (Ақорда, 20.05.2020).

2020 жылдың 1 маусымынан бастап Қазақстан ауылшаруашылық өнімдеріне экспорттық шектеулер мен квоталарды алып тастайды. 2020 жылы наурызда үкімет пандемия кезінде ішкі жеткізуді қамтамасыз ету үшін бидай мен ұн экспорты бойынша квоталарды сәйкесінше 200 мың және 70 мың тонна деңгейінде белгіледі және қарақұмық, қант, картоп, пияз, сарымсақ және күнбағыс майының экспортына тыйым салды. Мемлекеттік қолдау аясында ауылшаруашылық тауар өндірушілеріне жылдық 6% мөлшерлемемен жеңілдетілген микрокредиттер беріледі (The Astana Times, 22.05.2020).

Өзбекстан, Түрікменстан және Иран теміржол әкімшіліктерінің делегациялары көлік-логистика саласындағы үшжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылау үшін онлайн-кездесу өткізді. Тараптар азық-түлік қауіпсіздігі мен тауарлардың кедергісіз қозғалысын қамтамасыз ету мәселелерін жедел шешу үшін бірлескен қадамдардың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, жүк тасымалы кезінде COVID-19 таралуын болдырмау үшін шекараларда дезинфекциялық туннельдерді ұйымдастыру бойынша қабылданған шаралар туралы пікір алмасты (Өзбекстан темір жолдары, 24.05.2020). Мұнай бағасының құлдырауы және коронавирустық пандемиядан туындаған экономикалық тоқырау салдарынан Ресейдің 2020 жылдың сәуіріндегі ЖІӨ-і 2019 жылдың сәуірімен салыстырғанда номиналды түрде 28%-ға қысқарды. Экономикалық шығындар 2,4 трлн. рубльге (33 млрд. доллар) жетті. Оның үштен бірі мұнайдың төмен бағасына байланысты болса, үштен екісі Ресейдің 2020 жылдың наурыздың аяғынан мамыр айының ортасына дейін созылған «жұмыс істемеу» кезеңінің әсерінен болды (The Moscow Times, 19.05.2020).

Беларусь және Өзбекстан ресми тұлғаларының онлайн-кездесуі барысында мәлімделгендей, екі ел арасындағы тауар айналымы 2019 жылы 239 млн. долларға жетті, бұл 2018 жылғыдан 1,5 есе көп. Оң үрдіс 2020 жылдың бірінші тоқсанында да жалғасты және өзара сауда 54,1%-ға өсіп, 53,8 млн. долларға дейін жетті. Сондай-ақ, тараптар ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, тамақ және жеңіл өнеркәсіптегі ынтымақтастық мәселелерін талқылады (БелТА, 20.05.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет • • • • • • Украина Президенті Владимир Зеленский Қырым татар геноциді құрбандарын еске алу күні өткен Қырым татар халқының өкілдерімен кездесуде Ораза және Құрбан айт мерекелеріне мемлекеттік діни мереке мәртебесі берілетінін және Киевте жаңа үлкен мешіт салынатынын мәлімдеді. Зеленский сонымен бірге президенттік кеңседе Қырым татар халқының мәселелерін шешу үшін жұмыс тобын құруды бастамашылық етті (Украина Президенті, 18.05.2020).

Халықаралық Түркі академиясы өзінің 10 жылдығы қарсаңында «Абай және ХХІ ғасыр: дәуірлер сабақтастығы» тақырыбында бейнеконференция өткізді. Ұлы ақынның 175 жылдығына арналған шараға түркітілдес және басқа елдердің жоғары лауазымды тұлғалары мен зерттеушілері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Конференция барысында академия шығарған бірнеше жаңа кітап, оның ішінде Абай шығармаларының түрік тіліндегі толық жинағы ұсынылды (TWESCO, 21.05.2020). Әзербайжан ұлттық өнер мұражайы және Қазақстанның Ә. Қастеев атындағы мемлекеттік өнер мұражайы Халықаралық мұражай күніне орай «Алматы-Баку. Көктем. Еуразиялық өнер одағы» атты виртуалды көрме ұйымдастырды. Әзербайжан мен Қазақстанның танымал суретшілерінің көркем туындылары қойылған көрме көрермендер арасында үлкен қызығушылық тудырды. Бұл шара екі мұражай арасында 2019 жылы қол қойылған ынтымақтастық туралы меморандум аясында жүзеге асырылған алғашқы жоба болды (AzerNews, 19.05.2020).

Әзербайжан Білім министрлігі Республикалық балалар мен жасөспірімдерді дамыту орталығы және Түркі мәдениеті мен мұрасы қорымен бірлесіп «Түркі әлемі мұражайлары апталығы» атты виртуалды мұражай турларын бастады. Жоба аясында Әзербайжан мектеп оқушылары Қазақ ұлттық мұражайы, Қырғыз ұлттық өнер мұражайы, Түркиядағы Троя мұражайы, Өзбек мемлекеттік тарихи мұражайы және Венгрия ұлттық мұражайында виртуалды түрде болып, ақпарат алды (AzerNews, 19.05.2020).

БҰҰ-ның Гендерлік теңдік және Әйелдердің құқықтарын кеңейту бөлімі Қырғызстанның әртүрлі аймақтарындағы әйелдердің әлсіз топтарына гуманитарлық көмек көрсетті. Жалпы алғанда, елдің 27 елді мекеніндегі табысы төмен 700-ден астам әйелге майлықтар, санитарлық жастықшалар, сабын, ұнтақ, дезинфекциялық құралдар, санитарлық тазартқыштар және жеке қорғаныс құралдарынан тұратын гигиеналық жиынтықтар түрінде көмек көрсетілді (Кабар, 18.05.2020) . Түркия жаңа коронавируспен күресте бауырлас елдерге гуманитарлық көмек аясында Өзбекстанға 50 жасанды тыныс алу аппаратын жіберді. Құрылғылар Ыстамбұлдан Ташкентке Uzbekistan Airways чартерлік рейсімен жеткізіліп, елдің Денсаулық сақтау министрлігіне берілді. Құрылғының прототипін Arcelik, ASELSAN, Baykar Makine және Biosys сияқты төрт ірі түрік компаниясының инженерлері бірлесіп жасады (Anadolu Agency, 22.05.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.