Қытай-Үндістан шекарасындағы қақтығыстың ықтимал салдары

ҚЫТАЙ-ҮНДІСТАН ШЕКАРАСЫНДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫСТЫҢ ЫҚТИМАЛ САЛДАРЫ Әлемдегі халық ең көп қоныстанған екі ел – Қытай мен Үндістан арасындағы нақты бақылау сызығы (LAC) бойында 2020 жылы 5 мамырда басталған шекара қақтығысы Пекин мен Дели қарым-қатынасындағы бұрыннан бар шиеленістің қайта күшеюіне себеп болды. Атап айтқанда, 2020 жылы 15 маусымда Ладах аймағындағы Галван өзенінің аңғарында екі тараптың әскерлері арасында қақтығыс болды. Шекаралас аймақта соңғы 45 жылда болған алғашқы қантөгіс салдарынан 20 үнді әскері мен 43 қытай әскерінің қаза табуы, Қытай мен Үндістан арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне алып келді. Қақтығыс толастамағандыөтан, 2020 жылдың қыркүйегінде Қытай мен Үндістанның жоғары деңгейдегі лауазымды тұлғалары шекара мәселелері бойынша бірқатар кездесулер өткізгеннен кейін тараптар шекара аймағындағы шиеленісті азайту туралы ортақ пікірге келгенді. Келісім бойынша әскери бөлімдер аймақтан шығарылуы тиіс болсада, алайда тараптар бұған дейін кіргізілген әскери күштері мен әскери техникаларын кері қайтармады. Бес айға жуық уақыт бойы тек Қытай-Үндістан қатынастарына ғана емес, сондай-ақ, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы бейбітшілік пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп келген шекара дауы қаншаға созылатыны белгісіз. Қытай-Үндістан шекарасындағы даудың кең ауқымды соғысқа айналуы әзірге екіталай болғанымен, жақын аралықта шекаралас аймақтарда бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету қиын сыңайлы. Тарихқа көз жүгіртсек, Қытай мен Үндістан арасында жалғасып келе жатқан шекара дауы ХХ ғасырдың екінші жартысынан бастау алғанын көруге болады. 1949 жылы құрылған Қытай (Қытай Халық Республикасы) мен 1947 жылы құрылған Үндістан арасындағы шекара дауы Тибет мәселесімен қатар, 1962 жылғы ҚытайҮндістан шекара соғысына да себеп болды. Шекара соғысы аяқталған соң өздерінің соғысқа дейінгі шекараларына дейін шегінкен екі ел арасында 120 мың шаршы шақырымнан асатын шекаралас аймаққа болған талас-тартыс 1967, 1975, 1987, 2013, 2014, 2015, 2017 және 2020 жылдары әртүрлі шекара қақтығыстарыына ұласты. Сондықтан шамамен 2 мың шақырымдық ортақ шекарасы бар Қытай мен Үндістан арасындағы шешілмеген шекара мәселелері осы күнге дейін екі елдің қарым-қатынасындағы ең шетін мәселе болып қала беруде. 2020 жылдың мамырынан бастап әртүрлі диалогтар мен келіссөз тетіктерін қарастырған Пекин мен Делидің Вашингтонның араағайындық ұсынысынан бас тартулары қақтығыстарды шекара соғысына айналдырмай, өз араларында шешкісі келгендерін көрсетеді. Мұның астарында жалпы әлемдік геоэкономикалық ахуалмен қатар, әсіресе, Қытай мен Үндістанның қазіргі сауда-экономикалық қатынастары мен стратегиялық басымдықтары жатар деуге болады.
Геоэкономикалық тұрғыдан алғанда, әсіресе, соңғы бірнеше жылдағы жаһандық экономикалық бәсеңдеу үрдісі Қытайдың да, Үндістанның да экспортқа негізделген экономикалық өсуін тежеді. Атап айтқанда, АҚШ-Қытай сауда соғысы Вашингтонға пайдалы сауда келісімімен аяқталған соң Пекин экономикаға тіпті де көбірек көңіл бөлуге тырысса, ал Дели экономикалық өсімді қамтамасыз ету арқылы миллиондаған адамдарды кедейліктен құтқаруға күш салуда. Сонымен қатар, 2020 жылғы қаңтарда басталып, кейін жаһандық індетке айналған коронавирустың жағымсыз салдары Қытай мен Үндістан экономикаларын одан әрі баяулатқаны анық. Геоэкономикалық ахуалдың салдары Қытай мен Үндістан арасындағы шекара дауларының өршуіне белгілі бір деңгейде кедергі болды деуге болады. Осындай қолайсыз экономикалық жағдайларда Пекин мен Дели арасында ықтимал шекаралық соғыс басталуы екі елге де зиян тигізуі мүмкін. Оның үстіне, Қытай мен Үндістан арасындағы ықтимал шекаралық соғыстың әлемдегі ең биік тау жүлгесі болып табылатын, климаттық жағдайы қиын Гималайда болу мүмкіндігі де үлкен экономикалық шығындарға әкеледі. Ағымдағы экономикалық мәселелермен қатар, коронавирустың салдарынан туындаған бұл жағдай екі елдің кең ауқымды соғысқа бару ықтималдығын азайтып отыр.
Қазіргі Қытай-Үндістан сауда-экономикалық қатынастары тұрғысынан алғанда, тараптар арасындағы шекара дауларының ықтимал шекаралық соғысқа ұласуы екі елге де залал келтіреді. Қытай Үндістанның ең ірі сауда серіктесі, ал Үндістан Қытайдың әлемдегі тоғызыншы және Оңтүстік Азиядағы ең ірі сауда серіктесі болып табылатыны мәлім. 2019 жылы Қытай мен Үндістан арасындағы екіжақты тауар айналымы 85,49 миллиард долларды құрады. Оның ішінде, Қытайдың Үндістанға экспорты 68,37 миллиард долларды құраса, Үндістаннан импорт көлемі 17,13 миллиард долларға тең болды. 2019 жылғы желтоқсандағы жағдай бойынша Қытайдың Үндістанға салған инвестициясы 8 миллиард долларға жетті.
Қытай мен Үндістан арасындағы шекара дауының ықтимал шекаралық соғысқа айналуы Пекиннің де, Делінің де стратегиялық мүдделері үшін қосымша мәселелер тудыруы мүмкін. Себебі Қытай мен Үндістан арасындағы ықтимал шекаралық соғыс көптеген аймақтық мәселелерге де әкеліп соғатын болады. Қытай тұрғысынан алып қарағанда, Үндістанмен ықтимал шекара соғысы Тибет аймағындағы қауіпсіздік пен тұрақтылыққа қауіп төндіріп қана қоймай, сонымен қатар Қытай-Бутан шекара дауларын тудыруы мүмкін. Мысалы, Үндістан әскерінде қызмет еткен тибеттік сарбаздың қазасы туралы хабардың Қытай-Үндістан шекарасындағы қақтығыс кезінде пайда болуы кездейсоқ емес. Бүгінгі таңда Үндістанда 100 мыңға жуық тибеттік тұратынын және Үндістан армиясында тибеттік сарбаздар бар екенін ескере отырып, ықтимал Қытай-Үндістан соғысында Пекиннің Тибет мәселесіне де тап болуы мүмкін екенін болжауға болады. Үндістан тұрғысынан алып қарағанда, Қытаймен ықтимал шекара соғысы Қытаймен жақсы қарым-қатынастағы Пәкістан және Непалмен шекарасындағы дау-дамайды күшейтуі мүмкін. Мысалы, 2020 жылы маусымда Қытай мен Үндістан арасындағы шекара дауы күрделене түскенде, Үндістан мен Непал арасында да осындай шекаралық қақтығыстар орын алды. Екінші жағынан, Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше болып табылатын Қытай мен Үндістан арасындағы ықтимал шекаралық соғыс аймақтық қауіпсіздік ұйымы ретінде белгілі ШЫҰ-ға да зардабын тигізеді деуге болады. Қорытындылай келе, соңғы жылдары Пекин мен Делидің де маңызды экономикалық күштер ретінде өздерінің жаһандық және аймақтық ықпалын арттыруға күш салуымен қатар, Қытай мен Үндістан арасындағы шекарада қақтығыстар жиілеп кеткенін атап өткен жөн. Осы тұрғыдан алғанда, бір-бірін бәсекелес санайтын Қытай мен Үндістан арасындағы шекара қақтығыстарына шешім табу оңай емес. Алайда, Қытай мен Үндістанның, ең болмағанда, қысқа мерзімде кең ауқымды соғысқа баруы екіталай екені анық. Десе де, соңғы жылдары екі елдің де бақылауындағы даулы аймақтарда түрлі көлік инфрақұрылымы жобаларын арттырғандары назар аудартады. Атап айтқанда, Пекиннің Тибеттен бастау алып Қытай арқылы Үндістанға, одан Ганг өзені арқылы Үнді мұхитына барып құятын Ярлунг Цангпо өзенінің суын Шыңжаңға бұру жобасы алдағы кезеңде Қытай мен Үндістан арасында жаңа шиеленісті тудыруы мүмкін. Сондықтан Қытай мен Үндістан арасындағы шекара дауларының болашағы алдағы кезеңде Пекин мен Делидің саяси-экономикалық және стратегиялық басымдықтарымен қатар, белгілі бір деңгейде әлемдік геоэкономикалық және геосаяси ахуалға байланысты болып қала бермек.
Жазушы: Өмірбек Қанай, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Қазақстан, Тәжікстан, Түрікменстан және Өзбекстан президенттері Қырғызстандағы оқиғаларға байланысты бірлескен мәлімдеме жасады. Орталық Азия елдерінің басшылары бауырлас елдегі жағдайға қатысты алаңдаушылық білдіріп, Қырғызстанның барлық саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету және туындаған мәселелерді ел конституциясына сәйкес шешу үшін қажетті күш-жігер жұмсайды деп үміттенетінін жеткізді. Сонымен қатар, олар Қырғызстанның әлауқаты Орталық Азияның аймақтық қауіпсіздігі мен орнықты дамуының маңызды факторы екенін атап өтті (Ақорда, 09.10.2020).
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің қарулы күштерінің алғашқы кешенді бітімгершілік оқу-жаттығуларын көру үшін Алматы облысындағы бітімгершілік даярлық оқу орталығына барды. Оқу-жаттығу жиынына мыңнан астам әскери қызметші мен 100-ден астам әскери және арнайы техника жұмылдырылды.
Сонымен қатар, Президентке бітімгершілік базаның үлгісі таныстырылды. Мемлекет басшысы оқу орталығының инженерлік, лингвистикалық, тактикалық және медициналық сыныптарын аралап көрді (Ақорда, 08.10.2020).
Қазақстан Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Венгрияға ресми сапары барысында әріптесі Петер Сийяртомен келіссөздер жүргізді. Тараптар аймақтық құрылымдардың, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО), Еуропа одағы, Вышеград төрттігі және Орталық Азия бестігінің арасындағы екіжақты ынтымақтастық пен өзара әрекеттесуді дамыту жолдарын талқылады. Сондай-ақ, Тілеуберді Будапешттегі Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің еуропалық кеңсесінде болып, оның қызметімен танысты (ҚР СІМ, 09.10.2020).
АҚШ Мемлекеттік хатшысының саяси мәселелер жөніндегі орынбасары Дэвид Хейл, Ауғанстан Сыртқы істер министрі Мұхаммед Ханиф Атмар және Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов телеконференция арқылы алғашқы үшжақты кездесу өткізді. Тараптар саяси, қауіпсіздік және экономикалық салалардағы өзара мүдделі мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, аймақтық қауіпсіздік, экономикалық өсу және даму бойынша ынтымақтастықты жандандыруға келісіп, халықаралық қауымдастықты ауған бейбітшілік келіссөздерін қолдауға шақырды (АҚШ Мемлекеттік департаменті, 09.10.2020).
Ресей, Армения және Әзірбайжан сыртқы істер министрлері Мәскеуде үшжақты келіссөздер өткізіп, Таулы Қарабақта атысты тоқтату туралы келісімге келді. Қақтығысушы тараптар әскери тұтқындар мен басқа да тұтқындалған адамдарды айырбастау, сондай-ақ, құрбан болғандардың мәйіттерін алмасу мақсатында соғыс қимылдарын тоқтату туралы шешім қабылдады. Құжатқа сәйкес, Армения мен Әзірбайжан ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағаларының делдалдығымен бейбітшілікті реттеу бойынша практикалық келіссөздерді бастауға келісті (ТАСС, 10.10.2020).
ЕҚЫҰ Ташкентте Өзбекстанның Олий Мәжілісінің 20 мүшесі үшін парламенттің қауіпсіздік саласын қадағалаудағы рөлі туралы семинар-практикум ұйымдастырды. Қатысушыларға қауіпсіздік секторын тиімді басқарудың негізгі субъектілері мен принциптері, сондай-ақ парламенттік бақылаудың нақты құралдары туралы қысқаша ақпарат берілді. Аталмыш семинар-практикум барысында Өзбекстанның 2016 жылғы «Парламенттік қадағалау туралы» Заңы аясында қауіпсіздік саласын қадағалаудың қолданыстағы тетіктері талқыланды (ЕҚЫҰ, 06.10.2020).
Экономика, қаржы және энергия Қазақстан Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров онлайн пресс-брифинг барысында аграрлық ғылымды қаржыландыру алдағы үш жылда 2,3 есеге артып, 50,4 миллиард теңгеге дейін өсетіндігін мәлімдеді. Аграрлық ғылымның дамуына және мамандарды даярлауға ықпал ету үшін министрлік 22 білім беру және кеңес беру орталығын ашты. Сондай-ақ, 10 басым зерттеу бағыты бойынша 36 ғылымитехнологиялық бағдарламаны әзірлеу жоспарланып отыр (ҚазАқпарат, 06.10.2020).
Қырғызстанның іскери омбудсмені Робин Орд-Смит елдегі оқиғалардан кейін бизнес қауымдастығы тап болған қылмыстық әрекеттің толқынына байланысты қатты алаңдаушылық білдірді. Кәсіпкерлер мен инвесторлар шабуылдарға, тонауға және мүлікті тартып алуға ұшырады. ОрдСмиттің пікірінше, мұндай әрекеттер Қырғызстанның заң үстемдігі және жеке меншік құқығы туралы заңнамасының негізгі қағидаларын бұзады, сонымен бірге экономикаға және елдің халықаралық имиджіне орасан зор зиян келтіреді (Кабар, 09.10.2020). Өзбекстанның «Узчармсаноат» былғары өнеркәсібі қауымдастығының баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2020 жылы елде өндірілетін аяқ киім экспортының географиясы кеңейді. Өзбек аяқ киімдері АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Кувейт, Латвия және Молдова сияқты елдердің нарықтарына ашылды. Кедендік статистикаға сәйкес, 2020 жылдың басынан бері құны 27,98 миллион доллар болатын 23,7 миллион жұп аяқ киім экспортталды, бұл 2019 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 91%-ға артық (UzDaily, 10.10.2020). Еуропалық қайта құру және даму банкінің болжамына сәйкес, Әзірбайжанның ЖІӨ 2020 жылы 3%-ға төмендейді, бірақ 2021 жылы 2,5%-ға өседі. Әзірбайжан 2025 жылы немесе одан ертерек жан басына шаққандағы ЖІӨ-нің 2019 жылғы деңгейіне оралады деп күтілуде. Сонымен бірге, Орталық банк пен Мемлекеттік мұнай қорының жиынтық активтері шамамен 50 миллиард долларға жетті (117,2 миллион доллар), бұл 2020 жылғы ЖІӨ-нің болжамды көрсеткішінен көп (AzerNews, 07.10.2020).
ЕЭО-ға мүше елдер 2021 жылы жемістерден басқа негізгі ауылшаруашылық өнімдері бойынша өзін-өзі толық қамтамасыз етуге қол жеткізеді деп күтеді. Қазіргі уақытта жергілікті өндіріс ЕЭО-ның жарма, қант, өсімдік майлары, шошқа еті, жұмыртқа және қой етіне деген сұранысын толықтай қанағаттандырады, ал картоп пен сиыр етімен өзін-өзі қамтамасыз ету қол жетерлік көлемде. Сонымен қатар, жеміс-жидектермен өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі жақын болашақта төмен (45%) болып қалады. 2021 жылы ЕЭО ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы өндірісі 2018 жылмен салыстырғанда 12,2%-ға өседі деп күтілуде (БелТА, 09.10.2020). Украина мен Ұлыбритания арасында жасалған саяси ынтымақтастық, еркін сауда және стратегиялық серіктестік туралы келісімге сәйкес, барлық украиналық тауарлардың шамамен 98%-ы Ұлыбритания нарығына жеңілдікпен ене алады. Атап айтқанда, кейбір тауарларға квоталар 13%дан 20%-ға дейін өседі және бұл Украина экспортын ынталандырады деп күтілуде. Ұлыбритания 2023 жылдан бастап Украинада өндірілген тауарлардың қалған 2%ына қол жетімділікті ырықтандыруды жоспарлап отыр (Укринформ, 09.10.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет Қазақстанның Моңғолиядағы Елшілігінде ағартушы-ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы және ұлы ғұлама әл-Фарабидің 1150 жылдығына арналған «Абай және әл-Фараби тағылымы» атты кеш ұйымдастырылды. Жергілікті ресми тұлғалар, дипломаттар, журналистер мен қазақ диаспорасының көрнекті қайраткерлері Абайдың әндері мен өлеңдерін тыңдап, Абай мен әл-Фарабидің өмірі мен шығармашылығы туралы деректі фильмдерді тамашалады. Кеш барысында моңғол тіліне аударылған «Абайдың қара сөздері» кітабының тұсаукесері өтті (ҚазАқпарат, 05.10.2020).
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталықтары (CDC) Тәжікстанның Мемлекеттік профилактикалық медицина ғылыми-зерттеу институтына COVID-19 сынағын өткізуде пайдаланылатын 8,356 доллар көлеміндегі зертханалық жабдықтарды жеткізді. Бұл қайырымдылық CDC-ның Тәжікстанға COVID-19 пандемиясымен күресін қолдау көрсету үшін кепілдік берген 1,69 миллион долларлық көмек пакетінің бір бөлігі болып табылады. CDC індет басталғалы бері тренингтер ұйымдастырып, техникалық көмек көрсету арқылы Орталық Азиядағы денсаулық сақтау министрліктерін қолдап келеді (АҚШ-тың Тәжікстандағы елшілігі, 05.10.2020). ЕҚЫҰ-ның Өзбекстандағы жоба үйлестірушісі пандемияға байланысты гуманитарлық көмек шеңберінде Өзбекстан Денсаулық сақтау министрлігінің Вирусология ғылыми-зерттеу институтына ультракүлгін бактерияға қарсы жүйенің жабдықтарын табыс етті. Жабдық денсаулық сақтау жүйесінде елде COVID-19 таралуының алдын алу үшін қолданылады. Атап айтқанда, бұл ауруханаларда ауаны және беттерді дезинфекциялауға көмектесіп, медициналық персоналды міндеттерін орындау кезінде жаңа коронавирусты жұқтырудан сақтай алады (ЕҚЫҰ, 06.10.2020).
Канада Халықаралық Қызыл крест және Қызыл жарты ай қоғамдары Федерациясына (ХҚКҚЖҚФ) 750 мың канадалық доллар бөлу арқылы Қазақстанға, Қырғызстанға және Тәжікстанға COVID-19 дағдарысымен күресуге көмектеседі. Халықтың осал топтарына пандемияның жойқын әсерін жеңілдетуге бағытталған бұл жарна үш елдің әрқайсысына 250 мың канадалық көмек пакетінен тұрады.
ХҚКҚЖҚФ әлеуметтік қолдау және психикалық денсаулық қызметтерін, сондайақ еріктілерге арналған тренингтер өткізеді (Asia-Plus, 09.10.2020). Туризм бойынша Украина-Түркия бірлескен комиссиясының жетінші отырысы барысында екі ел халықаралық платформаларда туристік өнімдерді бірлесіп әзірлеуге және ілгерілетуге келісті. Атап айтқанда, тараптар ортақ туристік пакеттер мен төрт маусымдық демалыс және сауықтыру курорттарын жасайды. Олар, сондай-ақ, туристік алаңдарда бірыңғай сапа стандарттарын қолдануға және конференция индустриясы мен іскерлік туризм саласында өзара әрекеттесуге келісті (Укринформ, 09.10.2020).
ЮНИСЕФ және Түрікменстан үкіметі 83 миллион доллар көлемінде вакциналар мен вакцинаға қатысты жабдықтар сатып алудың бес жылдық жоспарына қол қойды. Жоғары сапалы вакциналар түрікмен балаларын вакцинаның көмегі арқылы алдын алатын 14 аурудан қорғап, Түрікменстандағы иммундау бағдарламасының үздіксіздігін қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, Түрікменстан COVID-19-ға қарсы лицензияланған вакциналарға елдердің тең құқылы қол жетімділігін қамтамасыз ету үшін вакцина өндірушілерімен ынтымақтастыққа бағытталған әлемдік COVAX бағдарламасына қатысу ниетін білдірді (Parahat.info, 05.10.2020).




