Орталық Азия елдерінің Қытайға экспортындағы соңғы өзгерістер

ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІНІҢ ҚЫТАЙҒА ЭКСПОРТЫНДАҒЫ СОҢҒЫ ӨЗГЕРІСТЕР Орталық Азияға миллиардтаған доллар инвестиция құйып, несие берген Қытай аймақ елдерінің ең маңызды сауда серіктестерінің бірі болып келеді. 2019 жылғы мәліметтер бойынша, Қытай Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстанның ең ірі, Қазақстанның екінші ірі, ал Тәжікстанның үшінші ірі сауда серіктесі болып табылады.
2014-2016 жылдары Орталық Азия елдері мен Қытай арасындағы сыртқы сауда көлемінде жалпы төмендеу үрдісі байқалғанымен, бұл көрсеткіш 2017 жылдан бастап қайта өсе бастады. Мысалы, Орталық Азия елдерінің Қытаймен жалпы сыртқы сауда көлемі 2017 жылы 36,412 млрд. долларды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 18,7%ға артса, ал 2018 жылы 14,4%-ға өсіп, 41,663 млрд. долларға және 2019 жылы 12,2%-ға артып, 46,749 млрд. долларға жетті. 2017-2019 жылдар аралығындағы Орталық Азия мен Қытай арасындағы сауда-саттық мәліметтерін қарастыратын болсақ, әсіресе, Орталық Азияның Қытайға экспортының айтарлықтай өскенін байқаймыз. Мәселен, 2017 жылы Орталық Азия елдерінің Қытайға экспортының жалпы көлемі 15,114 млрд. Доллар болып, 2016 жылмен салыстырғанда 21,2%-ға артты. Бұл көрсеткіш 2018 жылы 26,4%-ға өсіп, 19,104 млрд. долларға, ал 2019 жылы 7,9%-ға артып, 20,618 млрд. долларға ұласты. Осы көрсеткіштердің астарында Орталық Азия елдерінің Қытайға экспортының өсу үрдісінің ішкі және сыртқы себептерінің жатқанын айтуға болады. Ең алдымен, соңғы бірнеше жылда Орталық Азия елдерінің экономикаларын әртараптандыру, сыртқы сауда құрылымдарын жетілдіру және экспортты ұлғайту бойынша жүргізген нақты қадамдары Орталық Азия елдерінің экспортына оң әсер етті деуге болады. Өзбекстан Орталық Азиядағы осындай оң өзгерістердің айқын үлгісі болып табылады. Себебі 2016 жылғы қыркүйекте елдегі биліктің ауысуынан кейінгі экономикалық ырықтандыру жұмыстары, инвестициялық және сыртқы сауда жағдайларының жақсаруы, сондай-ақ, ақша-несие саясатының ырықтандырылуы Өзбекстанның ұлттық экономикасының дамуына және сыртқы саудасының өсуіне айтарлықтай ықпал етті. Бұл өзгерістер Өзбекстанның маңызды сауда серіктестерінің бірі болып табылатын Қытаймен арадағы сауда қатынастарының артуына түрткі болды.
2017 жылы 11,8%-ға өсіп, 4,754 млрд. долларды құраған Өзбекстан-Қытай екіжақты сауда көлемі 2018 жылы 31,8%-ға артып, 6,266 млрд. долларға, ал 2019 жылы 21,6%ға өсіп, 7,621 млрд. долларға дейін жетті. 2017 жылы Өзбекстанның Қытайға экспорты 2016 жылмен салыстырғанда 13,5%-ға артып, 2,026 млрд. доллар болса, 2018 жылы 14,7%-ға артып, 2,324 млрд. долларды және 2019 жылы 8,4%-ға артып, 2,519 млрд. долларды құрады.
Қырғызстан мен Тәжікстанның Қытаймен сыртқы сауда-саттығында да осыған ұқсас жағдай орын алды. Қырғызстан мен Тәжікстанның Қытайға экспорты олардың импортына қарағанда өте төмен болғанымен, соңғы жылдары екі елдің де Қытайға экспортында жалпы өсу үрдісі байқалды. Мәселен, Қырғызстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі 2017 жылы 5,424 млрд. долларды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 4%-ға азайғанымен, 2018 жылы 3,3%-ға артып, 5,601 млрд. долларға, ал 2019 жылы 13,3%-ға артып, 6,346 млрд. долларға жетті. 2017 жылы Қырғызстанның Қытайға экспорты алдындағы жылмен салыстырғанда 22,2%-ға артып, 87,055 млн. доллар деңгейінде болды. Алайда, бұл көрсеткіш 2018 жылы 37,6%-ға азайып, 54,359 млн. долларға дейін төмендеді. Десе де, 2019 жылы қайтадан жоғарылап 21,4%-ға өсіп, 66,009 млн. долларға дейін ұлғайды. Тәжікстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі 2017 жылы 23,2%-ға азайып, 1,348 млрд. долларға дейін төмендегенімен, 2018 жылы 11,5%-ға артып, 1,503 млрд. долларға, ал 2019 жылы 11,4%-ға өсіп, 1,674 млрд. долларға жетті. Оның ішінде Тәжікстанның Қытайға экспорты сәйкесінше 49,5%-дық өсумен 46,737 млн. долларға, 64,3%-дық өсумен 76,804 млн. долларға және 10,2%-дық өсумен 84,620 млн. долларға дейін ұлғайды.
Сыртқы себептер бойынша қарастыратын болсақ, 2017-2019 жылдары Орталық Азия елдерінің Қытайға экспортының артуы соңғы жылдардағы жаһандық энергетика нарығындағы оң өзгерістерге байланысты болды. 2017 жылы әлемдік мұнай бағасының қайтадан көтеріле бастауы Орталық Азия елдерінің энергия экспортына тәуелді экономикаларын қалпына келтіруіне мүмкіндік берді. Осы тұрғыдан алып қарағанда, 2017-2019 жылдары Орталық Азия елдерінің Қытайға энергия экспортының айтарлықтай артқанын байқаймыз. Мәселен, 2010-2016 жылдар аралығында ҚазақстанҚытай мұнай құбыры арқылы Қытайға жылына 10 млн. тонна мөлшерінде мұнай тасымалданса, 2017 жылы 12,277 млн. тонна мұнай және 2018 жылы шамамен 13 млн.
тонна мұнай жөнелтілді. Ал 2019 жылдың алғашқы жартысында 5,59 млн. тонна мұнай тасымалданды. Сонымен қатар, Орталық Азия-Қытай газ құбыры арқылы Қытайға тасымалданған газ көлемі 2017 жылы 13,37%-ға өсіп, 38,738 млрд. текше метрге дейін артса, ал 2018 жылы 22,6%-ға өсіп, 47,493 млрд. текше метрге және 2019 жылы 1%-ға өсіп, 47.9 млрд. текше метрге жетті. Орталық Азияның Қытайға экспортының негізгі бөлігін энергетикалық өнімдер құрайтындығын ескере отырып, 2017-2019 жылдар аралығында Орталық Азияның Қытайға экспортының ұлғаюында Қазақстан мен Түрікменстанның маңызды рөл атқарғанын көреміз. Қазақстан мен Түрікменстан Орталық Азия мен Қытай арасындағы жалпы сауда көлемінің ең үлкен бөлігін құрайтыны белгілі. Аталмыш кезеңде екі елдің де Қытайға экспорты едәуір артқандығын байқауға болады. 2017 жылы Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі алдындағы жылмен салыстырғанда 37%-ға артып, 17,943 млрд. доллар болса, 2018 жылы 10,7%-ға артып, 19,857 млрд. долларды, ал 2019 жылы 10,7%-ға артып, 21,991 млрд. долларды құрады. Оның ішінде Қазақстанның Қытайға экспорты сәйкесінше 32,8%-ға артып, 6,379 млрд. долларға, 33,7%-ға өсіп, 8,530 млрд. долларға және 8,6%-ға артып, 9,262 млрд. долларға дейін ұлғайды. 2017 жылы Түрікменстан мен Қытай арасындағы екіжақты сауда көлемі 6,943 млрд. долларды құрап, 2016 жылмен салыстырғанда 17,6%-ға артса, 2018 жылы 21,5%-ға өсіп, 8,436 млрд. долларға және 2019 жылы 8,1%-ға артып, 9,117 млрд. долларға жетті. Ал Түрікменстанның Қытайға экспорты сол жылдары сәйкесінше 18,2%-ға артып, 6,575 млрд. долларға, 23,5%-ға өсіп, 8,119 млрд. долларға және 7%-ға артып, 8,686 млрд. долларға дейін ұлғайды. Сонымен қатар, 2018 жылғы наурызда қайта шиеленіскен АҚШ-Қытай сауда соғысы да Орталық Азия елдеріне Қытайға экспорттарын ұлғайтуға қосымша мүмкіндіктер бергенін айта кеткен жөн. Атап айтқанда, Қытайдың АҚШ-тың көптеген ауылшаруашылық өнімдеріне 5% да 25% арасында қосымша кедендік салық енгізуі Қытай импортшыларының назарын Орталық Азияға аударды. Осылайша, соңғы екі жылда Орталық Азия елдерінің Қытайға ауылшаруашылық өнімдерінің экспортында айтарлықтай өсу байқалды. Мәселен, 2018 жылы Өзбекстанның Қытайға тек жеміс-жидектер мен көкөністер экспорты 1,66 есеге артып, 46,2 млн. долларға жетті. 2018 жылы Қырғызстанның Қытайға ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 13,15 млн. долларды құрады. Сол жылы Қазақстанның Қытайға ауылшаруашылық өнімдерінің экспорты 2017 жылмен салыстырғанда 37,7%-ға артып, 280 млн. долларға және 2019 жылы 38,6%-ға артып, 388 млн. долларға дейін ұлғайды. Қорытындылай келе, 2017-2019 жылдары Орталық Азия елдерінің Қытайға экспортының өсу үрдісі аймақ елдері үшін өте маңызды. Жалпы алғанда, соңғы жылдары аймақ елдерінің экономиканы әртараптандыруға, экспортты кеңейтуге баса назар аударуымен қатар, әлемдік экономикалық өзгерістер де Орталық Азия елдерінің Қытайға экспортының артуына себеп болды. Соңғы жылдары Қытай мен Орталық Азия елдері арасындағы көлік тасымалы саласындағы ынтымақтастықтың біртіндеп дамуы да аймақ елдерінің Қытайға экспортының артуына ықпал етті.
Жазушы: Өмірбек Қанай, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік • • • • • • Астана процесінің кепіл елдері саналатын Иран, Ресей және Түркияның сыртқы істер министрлері жетінші кездесулерін телекөпір арқылы жүзеге асырды. Тараптар Сириядағы соңғы оқиғаларды, әсіресе, болып жатқан саяси үдерістерді, босқындардың оралуын және Идлиб пен Евфраттың шығысындағы жағдайды талқылады. Министрлер, COVID-19 эпидемиясына қарсы күрес бойынша халықаралық ұйымдардың Сириядағы бейбіт тұрғындарға гуманитарлық көмек көрсету процесін жеделдету туралы ортақ пікірге келді (Түркия СІМ, Ресей СІМ, 22.04.2020).
Түркияның бастамасымен Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Атқарушы комитеті корона вирусытың ИЫҰ мүше елдердің денсаулық сақтау секторында және қаржылық тұрақтылыққа әсерін талқылау үшін телекөпір арқылы сыртқы істер министрлерінің кезектен тыс жиналысын өткізді. Тараптар вирустың таралуын болдырмау мақсатында ынтымақтастықты арттыруға келісті және күрес шараларын нығайтудың маңыздылығына тоқталды (Түркияның СІМ, ИЫҰ, 22.04.2020).
Түркі Кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Амреев мүше мемлекеттердің және Түркіменстанның АҚШ-тағы (АҚШ) елшілерімен өткен бейнеконференцияға қатысты. Бас хатшы елшілерді ұйымның қазіргі басымдықтары және Түркі Кеңесінің кезектен тыс саммитінің нәтижелері туралы хабардар етті. Тараптар корона вирус індетінің өз елдерінің әлеуметтік-экономикалық дамуына кері әсерін азайту әрекеттері туралы өзара пікір алмасты (Түрік Кеңесі, 24.04.2020).
Түрікменстан мен Ауғанстан бейнеконференция арқылы сыртқы істер министрлері деңгейінде саяси консультация өткізді. Тараптар өзара іс-қимыл мен көмектің маңыздылығына назар аудара отырып, аймақтық және халықаралық мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, министрлер көлік, құрылыс және энергетика саласындағы келісімдерді, атап айтқанда ТАПИ газ құбыры мен ТАП электр жеткізу желілері жобаларын іске асыруды жандандыру жолдарын талқылады (Түркіменстан СІМ, 22.04.2020).
Армения мен Әзірбайжанның сыртқы істер министрлері Минск тобының тең төрағаларының қатысуымен бейнеконференция арқылы кеңес өткізді. Министрлер денсаулық сақтау саласындағы жаһандық дағдарыстың аймаққа әсерін, әсіресе, бұрын келісілген гуманитарлық шараларды кейінге қалдыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар, тараптар 2020 жылы қаңтарда Женевада қабылданған бірлескен мәлімдемеге сәйкес Таулы Қарабақ мәселесін шешудегі келесі қадамдарды талқылады (ЕҚЫҰ, 21.04.2020). Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров Александр Горчаков атындағы Мемлекеттік дипломатия қорының мүшелерімен өткен бейнеконференцияда Мәскеудің «қатынастарды тоқтату үдерісін бастамағаны» үшін Грузиямен дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіруді талқылауға дайын екенін түсіндірді. Лавров, егер Тбилиси осындай ұсыныс жасаса, Ресей үкіметінің Грузияда сауда өкілдігін ашуды қарастыратынын мәлімдеді (Agenda.ge, 21.04.2020).
Қоғам және мәдениет Экономика, қаржы және энергия • • • • • • COVID-19 эпидемиясы көптеген кірісі төмен елдер үшін маңыздылыққа ие еңбек мигранттарының ақша аударымдарына кері әсерін тигізді. Дүниежүзілік Банктің соңғы болжамдары бойынша, еңбек мигранттарының ақша аударымдары 2020 жылы 20% мөлшерінде түседі деп күтілуде және бұл соңғы уақыт аралығындағы ең ірі азаю көрсеткіші болмақ. Коронавирус эпидемиясымен бірге мұнай бағасының құлдырауы, әсіресе, Орталық Азия мемлекеттеріне кері әсерін тигізеді деген болжам жасалуда. Сонымен қатар бұл жағдай еңбек мигранттарының басым көпшілігі жұмыс табу мақсатында баратын Ресей сияқты елдердің экономикаларына да әсер етеді деп күтілуде (Quartz, 22.04.2020).
Коронавирус дағдарысынан кейінгі кезеңдегі Қазақстан экономикасының даму үдерісі туралы сценарийлер арасында Қазақстандағы кейбір мұнай жобалары уақытша тоқтатылуы мүмкін, ал алтын, қымбат металдар мен уран өндірісі жалғасады деген болжамдар айтылуда. Екінші жағынан, шағын және орта кәсіпорындар отандық тұтыну өнімдерін өндіре бастағанда артықшылыққа ие болады деп көрсетілуде. Сонымен қатар, ішкі туризмді және ауылшаруашылық кәсіпорындарын қолдау аталмыш салаларға жаңа мүмкіндіктер беретін болады (Kazak TV, 23.04.2020).
Еуропа Қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) коронавирус эпидемиясы кезеңінде Өзбекстан экономикасына қолдау көрсету мақсатында өзбекстандық банктерге 150 миллион доллар көлемінде қаржылай көмек көрсетеді. Қаражат, ЕҚДБнің Сауданы жеңілдету бағдарламасы аясында Асака Банк, Ипотека Банк және Узпромстройбанк атты үш қаржы институтына беріледі. Көмек пакеті, өзбек экспорттаушылары мен импорттаушыларына коронавирусқа байланысты сауда мен жеткізу тізбегіндегі қиындықтарды азайтуға көмектеседі (The Asset, 22.04.2020).
Түрікменстан Сыртқы істер және Кеден басқармасы министрлігінің уәкілетті тұлғалары БҰҰ Сауда және даму конференциясы (UNCTAD) өкілдерімен бейнеконференция арқылы жиын өткізді. Тараптар, Түрікменстан және UNCTAD арасындағы негізгі ынтымақтастық салаларына басымдық беріп, экспорттаушылар мен импорттаушылар үшін бір терезе жүйесін таныстыру үшін Түрікменстанның Сандық экономикасын жетілдіру тұжырымдамасы аясында ортақ жобалардың жүзеге асырылуы мәселелерін талқылады (Түрікменстан СІМ, 22.04.2020). Украина Ұлттық Банкі коронавирус эпидемиясына байланысты елде қалыптасатын тоқырау қаупінен экономиканы қорғау үшін негізгі пайыздық мөлшерлемені қатарынан жетінші рет 10%-дан 8%-ға дейін түсірді. Банк қазіргі карантин тәртібі экономиканың 5%-ға төмендеуіне әкеледі деп санайды. Бұл 2015 жылдан бергі алғашқы төмендеу болмақ. Сонымен бірге банк, 2021 жылы экономикалық өсім 4%ды құрайтынын болжауда (Reuters, 23.04.2020 ).
Беларусь Президенті Александар Лукашенко үкімет өкілдерімен кездесіп, жаһандық эпидемиологиялық дағдарыс кезеңінде экономиканың және әлеуметтік саланың қалыпты жұмыс істеуін қамтамасыз етудің бірінші кезектегі шараларын талқылады. Лукашенконың айтуынша, Беларусь экономикасының маңызды салаларының жұмысын тоқтатпау туралы қарары дұрыс шешім болған. Елдің ЖІӨ 2020 жылдың бірінші тоқсанында 0,3%-ға төмендегенімен, халықтың табысы 7,1%ға артқан (BelTA, 23.04.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов • • • • • • Халықаралық Түрік академиясы Білге Тоныкөк ескерткіші орнатылуының 1300 жылдығына орай ресми түрде Тоныкөк жылы ашылды деп жариялады. Осыған орай академия «Ұлы дала өркениеті: Тоныкөк мұрасы және қазіргі Түркі әлемі» тақырыбында халықаралық бейнеконференция ұйымдастырды. Сондай-ақ, конференцияда Халықаралық Түрік академиясының ескерткіш мәтінінің 12 тілдегі аудармасын біріктіріп дайындаған «Білге Тоныкөк» басылымы таныстырылды (TWESCO, 24.04.2020).
Ашхабадтағы Ұлттық білім институтында Еуропалық Одақтың «Түркіменстандағы білім беру жүйесіне көмек» жобасының жетінші кездесуі бейнеконференция арқылы өтті. Аталған жоба Түрікмен үкіметіне халықаралық стандарттар мен еңбек нарығының қажеттіліктеріне сәйкес заманауи білім беру жүйесін құруға көмектесуге бағытталған. Жоба екі бөлімнен тұрады: стратегиялық жоспарлау - институционалдық әлеуетті басқару және жалпы орта және кәсіптік білім беру бағдарламаларын дамыту (Turkmenportal, 23.04.2020).
Нұр-Сұлтандағы «Астана Опера» театры қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлының туғанына 175 жыл толуына орай онлайн режимінде бір жоба бастады. Жоба ақынның ең танымал әндерінің бірі «Желсіз түнде жарық ай» атымен аталды. Жоба аясында танымал театр әртістері мен симфониялық оркестрдің музыканттары Абайдың шығармаларын әлеуметтік оқшаулау ережелеріне сәйкес орындады (Sputnik, 21.04.2020).
АҚШ үкіметі АҚШ-тың Халықаралық даму агенттігі (ABDUKA) арқылы Қазақстанда COVID-19 індетінің таралуын азайту үшін қосымша 348 миллион теңге (800,000 мың доллар) бөлді. Осы қосымша көмекті қосқанда АҚШ Қазақстанға эпидемиямен күресуге көмектесу үшін жалпы 713 миллион теңге (1,6 миллион доллардан астам) қаржылық қолдау көрсетті. АҚШ Ауруларды бақылау орталығының және ЮСАИД-тің техникалық сарапшылары қазақстандық мамандармен індетке қарсы күрес тәжірибесін бөлісуді жалғастыруда (АҚШ-тың Астанадағы Елшілігі, 22.04.2020).
Стамбулдың Башакшехир ауданында COVID-19 вирусымен күресу аясында салынған жаңа аурухананың бірінші бөлігі ашылды. Интенсивті терапия бөлімшелерінің сыйымдылығы жағынан бұл медициналық ғимарат Еуропадағы ең үлкен аурухана болады деп күтілуде. Аталмыш қалалық аурухана толық біткеннен кейін құрымындағы жалпы аурухана, жүрек-қан тамырлары ауруханасы, ортопедия және неврология ауруханасы, балалар ауруханасы, перзентхана, онкологиялық аурухана, психиатриялық аурухана, физиотерапия және оңалту ауруханасымен ел азаматтарына қызмет көрсететін болады (Daily Sabah, 20.04.2020).
Шекарасыз Журналистер ұйымы жариялаған 2020 жылғы Дүниежүзілік баспасөз бостандығы индексіне сәйкес, Қырғызстан 180 елдің ішінде 82-ші орынға ие болып, Орталық Азия елдері арасында көшбасшылықты ұстап тұр. Сәйкесінше Өзбекстан мен Қазақстан 156 және 157 орынға тұрақтады. Дәл осындай тәртіппен Тәжікстан төменгі сатыдағы елдердің қатарына 161, ал Түрікменстан 179 орынға тұрақтаған (Ташкент газеті, 21.04.2020).




