Синдзо Абэнің коронавирусқа қарсы «пирр жеңісі»

СИНДЗО АБЭНІҢ КОРОНАВИРУСҚА ҚАРСЫ «ПИРР ЖЕҢІСІ» 2019 жылдың қарашасында Синдзо Абэ Жапонияның тарихына премьер-министрдің қызметін ең ұзақ атқарған саясаткер ретінде кіріп, бұл көрсеткіш бойынша ХХ ғасырдың басында үкіметті басқарған Таро Кацураны басып озды. Сайлау алды науқаны кезінде халыққа Жапония конституциясын, әсіресе оның 9-шы пацифистік бабын қайта қарауды уәде еткен Абэ 2020 жылға үлкен жоспар құрды, оны іске асыру үшін ол сол жылы Жапонияда өтуі тиіс болатын Жазғы Олимпиада ойындары кезінде жалпыұлттық сана-сезімнің оянуына ерекше үміт артты. Алайда, коронавирустың пандемиясы Абэнің бұл жоспарын бұзып, премьер-министрді күтілген саяси капиталдан айырды. Жапония төтенше жағдайды мерзімнен бес күн бұрын аяқтағанына, елде коронавирустан тек 900 адамның ғана көз жұмым, бұл үлкен жетістік болып саналғанына қарамастан, Синдзо Абэ жапон халқы арасында өз беделін жоғалтып алды. Абэ рейтингісінің күрт төмендеуінің және оның отставкаға кетуін талап етудің себебі неде?
Жалпы алғанда, Абэнің бұл оқиғасы айрықша жағдайлардың қатарына жатқызуға болады. Әдетте, қиын кезеңдерде демократиясы дамыған елдерде көшбасшылардың беделі керісінше артады. Ортақ қауіп-қатерге қарсы тұру үшін бірлескен адамдар өз саяси басшыларына барынша қолдау білдіреді. Бір таңқаларлық жайт, Абэмен салыстырғанда пандемияға қарсы күресте анағұрлым төмен жетістіктерге ие болған әлем көшбасшыларының рейтингісі өсіп жатқандығы байқалады. Осы себептен, індетке қарсы күрестен Абэ неге тиісті ұпай жинай алмағандығының себептерін түсіну қажет. 2020 жылы сәуірдің басына қарай Жапония COVID-19 індетіне қарсы күресті жүргізуде айтарлықтай қиындықтарға тап болмаған G7-нің жалғыз мемлекеті еді. Елдегі халық тығыздығының көрсеткішін және коронавирусты жұқтырғандар 2020 жылы қаңтардың ортасында-ақ тіркелгендігін ескеретін болсақ, бұл таңқаларлық жайт. Дегенмен 7сәуірде билік елде төтенше жағдайды жариялауға мәжбүр болды. Бұған науқастар санының өсуі және үлкен зардаптардың алдын алу ұмтылысы ықпал етті. Коронавирустың қарт адамдар үшін қауіпті екендігі мәлім, ал Жапонияда халықтың үштен бір бөлігінің жасы 65-тен асады. Соған қарамастан, Синдзо Абэнің елді блоктаудың еуропалық моделін жариялауға заңды өкілеттігі болмады. Осы себептен, премьерминистр азаматтардан жақын байланыстан аулақ болуды және қоғамдық орындарға бармауды сұрады. Жапон халқы болса, қаңтардан бастап-ақ бұл шараларды өз еркімен орындауға көшкен болатын. Оның үстіне, жапон халқының арасында жеке гигиенаның стандарттары, жұқпалы аурулардан сақтанудың көрсеткіштері жоғары, осы себептен ол бірден әлеуметтік қашықтық сақтап, жаппай бетперде таға бастады. Жапонияда коронавирустың таралу жылдамдығы қол алысудың орнына иіліп сәлем беру, бірбіріне бару әдетінің болмауы, сондай-ақ кең таралған жалғыздық үрдісі сияқты жапондардың мәдени ерекшеліктерінің әсерінен де баяулағаны белгілі. Сондықтан да жапон қоғамы пандемияға қарсы күрестің табысты өтуін Абе үкіметінің еңбегі ретінде санамайды. Жақын арада орын алған саяси дау жапон оппозициясын премьер-министрдің отставкасын талап етуге дейін итермелеп, Синдзо Абэнің беделіне нұқсан келтірген келесі бір жағымсыз фактордың қатарына жатады.
Бұл дау Токио прокуратурасының басшысы Хирому Курокаваның төтенше жағдай кезінде құмар ойындарға салынғаны үшін айыпталуынан туындаған болатын. Елдің бас прокуроры лауазымына негізгі үміткердің бірі болған Курокаваның Абэмен тығыз байланыста болуы даудың басты мәселесіне айналды. Әділет министрі Масако Мори өзіне бағынышты болған бас прокурордың іс-әрекеті үшін жауапкершілікті мойнына алып, қызметтен кетуге ерік білдіргенімен, премьер-министр оның отставкасын қабылдамай тастады. Токио прокурорының дауы Абэ премьерлігінің соңғы жылдары жиі көрінген тамыр-таныстық туралы сөз қозғауға қосымша негіз берді. Мысалы, 2018 жылы Синдзо Абэмен және оның әйелі Аки Абэмен байланысы бар ультраұлттық білім беру ұйымына жер сатуға қатысты құжаттарды қолдан жасау туралы жанжал туындаған еді. Тергеу нәтижелері көрсеткендей, Қаржы министрлігінің қызметкерлері келісімнің жасалуын тергеген заң шығарушыларға тапсырылғанға дейін 14 құжатты өзгерткен (OCCRP). Бұл дау Абэнің отставкаға кетуге мәжбүрлегенімен де, премьер-министр парламентті өзінің де, әйелінің де жер сатуға және құжаттарды қолдан жасауға қатыспағандығын сендіре алды.
Сонымен қатар, сайлаушылардың үкімет басында ұзақ жылдары үздіксіз отырған премьер-министрден шаршағандығын да байқауға болады. Синдзо Абэ Жапония үкіметін 2012 жылдан бері басқарып келе жатыр. Бастапқыда Абэ жапон экономикасын қарқындату, әлеуметтік қатынастарды реформалау және әлемдік саясаттағы Жапонияның рөлін арттыру ісінде жігерлік танытып, көп күш-қайрат жұмсады. Бүгінгі таңда Абэнің бұрынғы саяси қарқынының айтарлықтай бәсеңдеуі, нақты әрі нәтижелі реформаларды жүргізбеуі жапондықтардың көңілін қалдырды. Абэ үкіметі орнықты экономикалық өсімге, шетелдік жұмыс күшінің үлесін айтарлықтай арттыруға, әйелдің қоғамдағы орнын өзгертуге қол жеткізе алмады. Премьер-министр конституцияны қайта қарап, Жапонияны Қытайдың өсіп келе жатқан амбицияларынан қорғайтынына үміттенген саяси элита оған қолдау білдірді. Тіпті Абэ жетекшілік ететін Либералды-демократиялық партия өз басшысына қатарынан екі мерзімнен артық премьер-министр болуға мүмкіндік беру үшін ішкі ережелерді де өзгертуге дейін барған болатын. Алайда Абэ бұл бағыттарда да айтарлықтай табыстарға жете алмады. Синдзо Абэнің коронавирус пандемиясы кезінде конституцияны қайта қарау ұмтылыстары оның беделінің артуына алып келмеді. 2012 жылдан бері Абэ конституцияны қайта қараудың ең оңтайлы сәтін іздеуде. Ақыр соңында, Абэ күші жүріп тұрған 9баптың екі тармағын өзгертпеуге, тек Жапонияға өзін-өзі қорғау күштеріне ие болудың заңды құқығын беретін жаңа тармақ қосуға уәде берді. Яғни, бұл түзетуден кейін де Жапонияның сыртқы саясатында әскери күш қолдануға конституциялық тыйым сақталатын болады. Алайда, бұл тәсіл ағымдағы жағдайды заңдастыруға мүмкіндік беретін еді. Қазіргі уақытта Жапонияда өзін-өзі қорғау күштері деп аталатын құрлықтағы, әскери-теңіз және әуе күштері бар. Сонымен қатар, ел әскери салаға жұмсалатын шығындар бойынша әлемде тоғызыншы орында. Алайда жапон конституциясына түзету енгізу өте қиын. Өзгертулер алдымен Парламенттің екі палатасының да үштен екісінің қолдауына ие болып, кейін бүкілхалықтық референдумда мақұлдану қажет.
Жалпы алғанда, үкімет парламентте қолдауға ие болғанына қарамастан, референдум нәтижелерін болжау қиын. Бұл мәселеге қатысты сауалнамаларда бірізділік жоқ: Асахи Шимбунның сауалнамасы халықтың 65% 9-бапқа өзгертулер енгізуге қарсы екендігін, ал Киодоның жүргізген сауалнамасы халықтың 51% түзетуді қолдайтындығын көрсетті. Конституция қабылданғаннан бері 70 жыл бойы жапон қоғамы пацифизм мәдениетін терең бойына сіңіріп, оны ұлттық құндылық пен сыртқы саясаттағы басымдық деп санайды. Алайда Қытайдың өсіп келе жатқан амбициялары және Трамптың АҚШ бұдан былай басқа елдің қауіпсіздігі үшін шығын шығармайтындығы туралы мәлімдемесі Абэге өз қауіпсіздігін өзі қамтамасыз ету мәселесінде жапон қоғамын терең ойға сала алатын орынды дәйектерді келтіруге мүмкіндік берді. Бірақ бүгінгі күнде конституцияның болашағын талқылауға бағытталған Абэнің ұмтылыстары оның имиджіне нұқсан келтірді. Соның нәтижесінде, Синдзо Абэ Жапонияның пандемияға қарсы табыспен жүргізген күрестен пайда шығара алмауы оның болашақтағы іс-қимылдарын қиындата түсірмек. Олимпиаданың өтуі 2021 жылға ауыстырылды. Келер жылы Абэнің өзі де отставкаға кетуге мәжбүр болатын көрінеді. Коронавирустың екінші толқыны конституциялық референдумға да кедергі келтіруі мүмкін. Абэ соғыстан кейінгі конституцияға түзетулерді енгізу арқылы Жапонияның алғашқы премьер-министрі ретінде артынан мұра қалдырғысы келсе де, бұл тарихи миссиясын атқарып шығу үшін оның еншісінде тым аз уақыт қалды.
Жазушы: Әсет Ордабаев, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоған мен оның ресейлік әріптесі Владимир Путин телефон арқылы сөйлесті. Екі мемлекет басшысы коронавирустық пандемияға қатысты мәселелерді қарастырып, саудаэкономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды біртіндеп қалпына келтірудің маңызын атап өтті. Сондай-ақ, қос тарап Ливия мен Сириядағы оқиғаларды жан-жақты талқылап, шиеленістерді саяси және дипломатиялық жолмен шешуді жеделдету қажеттігін баса айтты (Ресей Президенті, 10.06.2020).
Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді Ядролық қарусыздандыру бойынша Стокгольмдік бастаманың министрлер деңгейінде өткен бейнеконференцияға қатысты. Іс-шарада сөз сөйлеген министр басқа тараптарды Семей облысының халқы мен қоршаған ортасын қалпына келтіру жөніндегі Қазақстанның бастамаларын қолдауға, сондайақ Ядролық қарусыз әлемге қол жеткізу туралы жалпыға бірдей декларацияның ережелерін іске асыруға шақырды (Қазақстан СІМ, 09.06.2020). Қазақстан делегациясы Ислам ынтымақтастығы ұйымының (ИЫҰ) Атқару комитетінің сыртқы істер министрлері деңгейінде бейнеконференция арқылы өткен кезектен тыс ашық мәжілісіне қатысты. Тараптар Израильдің 1967 жылдан бері басып алған Палестина аумақтарын аннексиялау туралы жариялаған жоспарын талқылады. Қазақстан тәжікелесуші тараптарды біржақты қадамдардан бас тартуға және «екі халық үшін екі мемлекет» ұстанымы бойынша келіссөзді қайта бастауға шақырды (Қазақстан СІМ, 10.06.2020). Орталық Азия елдерінің парламентшілері ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясының (ПА) Президенті Георгий Церетелимен және Бас хатшы Роберто Монтелламен онлайн-кездесу өткізді. Аймақтық заң шығарушылар өз елдеріндегі соңғы оқиғаларды, соның ішінде биліктің денсаулық сақтау және экономика саласында COVID-19 қарсы күрес шаралары туралы баяндады. ПА басшылығы осы кезеңдегі аймақтық байланыстың, ынтымақтастықтың, уақытылы ақпарат алмасудың және парламент мүшелері арасындағы диалогтың маңыздылығын атап өтті (ЕҚЫҰ, 10.06.2020).
Орталық Азия үшін БҰҰ-ның алдын алу дипломатиясының аймақтық орталығы Орталық Азия және Ауғанстан мемлекеттерінің сыртқы істер министрлері орынбасарларының онлайн-кездесуін өткізді. Тараптар COVID-19 мәнмәтініндегі аймақтық мәселелер мен оларды шешу жолдары туралы өз пікірлерін ортаға салды. Қатысушылар пандемия кезінде аймақтағы ынтымақтастық пен сенім арта түскеніне ерекше назар аударып, дағдарысқа қарсы әрекет ету тетіктерін жетілдіру қажеттілігін атап өтті (БҰҰ ОААДАО, 11.06.2020). Орталық Азия бес мемлекетінің сыртқы істер министрлері және Еуропа одағының (ЕО) сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғары өкілі Жозеп Боррелль бейнеконференция өткізді. Тараптар аймақтық және халықаралық мәселелер, соның ішінде ЕО-ның Орталық Азия бойынша стратегиясын іске асыру, коронавирус пандемиясының салдары және Орталық Азиядағы, соның ішінде Ауғанстанмен аймақтық ынтымақтастық жөнінде пікір алмасты. Боррелль ЕО-ның аймақпен бірқатар салалардағы ынтымақтастықты жандандыруға дайын екенін растады (Еуропалық сыртқы байланыстар қызметі, 12.06.2020).
Экономика, қаржы және энергия Қазақстанның Қостанай қаласындағы «СыраркаАвтоПром» автокөлік зауыты Өзбекстанмен жақында жасалған серіктестіктің аясында автомокөліктердің жаппай өндірісін бастады. Зауыт өзінің алғашқы Chevrolet маркалы автомобильдерін Қазақстандағы автокөлік дилерлеріне жеткізіп, Cobalt және Nexia маркалы автомобильдерін Ресейге экспорттады. Пандемия кесірінен туындаған дағдарысқа қарамастан, автокөліктер қол жетімділігі мен қолайлығына байланысты сұранысқа ие. Зауыт 2020 жылдың соңына дейін 26 мың автомобиль шығарып, оның жартысын экспорттауды жоспарлап отыр (The Astana Times, 12.06.2020).
18 айда жиналған мәліметтерге сүйене отырып, Қазақстанның Қаржы министрлігі Қырғызстанды кедендік көрсеткіштерді жасырды және Қытайдан келетін ірі көлемдегі контрабанданың таралуына көмек көрсетті деп айыптаған мәлімдеме жасады. Министрліктің хабарлауынша, осы уақыт ішінде Қырғызстан ресми түрде Қазақстанға жіберілген тауарлардың оннан бір бөлігін ғана жариялады. Шағым Қырғызстанның Қытайдан импорты мен оның Қытайдан әкелінген тауарларын Ресей мен Қазақстанға қайта экспорттау статистикалары арасындағы сәйкессіздіктердің негізінде жасалған (Eurasianet, 10.06.2020).
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ) Орталық Азиядағы жеке секторды қалпына келтіруге жәрдемдесу мақсатында министрлер деңгейінде онлайн-сессия өткізді. ЭЫДҰ-ның Орталық Азия бастамасына қатысушы жеті елдің лауазымды тұлғалары, жеке сектордың өкілдері және халықаралық сарапшылар экономиканы қолдау үшін аймақтық үкіметтер тарапынан қабылданған дағдарысқа қарсы шаралар мен шағын және орта бизнесті қолдау бойынша алдағы әрекеттерді талқылады (Түрікменстан СІМ, 10.06.2020).
Өзбекстан Қарақалпақстанның Түрікменстанмен шегаралас Қоңырат ауданында және Қырғызстанмен шегаралас Әндіжан облысының Қожаабад ауданында еркін сауда аймақтарын құруды жоспарлап отыр. Еркін сауда аймақтары трансшегаралық сауданы жеңілдетіп, көтерме және бөлшек сауданың заманауи түрлерін және шегаралас аудандарда логистикалық қызметтерді дамытады деп күтілуде. Аймақтардағы бизнес мүлік салығы, жер салығы және су пайдалану салығынан босатылады (Spot, 12.06.2020). Ресей үкіметі жаңа жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өнімдерді, оның ішінде қауіпті ауруларды диагностикалауға, алдын алуға және емдеуге арналған жабдықты шығаруға жәрдемдесу үшін Ресейдің технологиялық даму қорына 15 млрд. рубль (217 млн. доллар) бөлетін болады. Коронавирустың пандемиясыдан зардап шеккен білім беру, ғылыми және медициналық мекемелерге қосымша 16 млрд. рубль (231 млн. доллар) қаржылық көмек көрсетіледі (ТАСС, 11.06.2020). Беларусь экономика министрі Александр Червяков пен Түркияның Беларустегі елшісі Мұстафа Өзжан қызмет көрсету саудасы туралы келіссөздер жүргізу үшін техникалық тапсырмаға қол қойды. Болашақ келісім Беларусьтің Түркия, Таяу Шығыс және Солтүстік Африкаға қызмет көрсету экспортын кеңейту үшін қолайлы жағдай жасайды деп күтілуде. Сонымен қатар, бұл Түркия бизнесінің Беларусьтің қызмет көрсету саласына инвестиция салуы үшін қосымша ынталандыру жасайды (БелТА, 10.06.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет Түркі кеңесінің Денсаулық сақтау бойынша үйлестіру комитетінің бейнеконференция арқылы алғашқы отырысы өтті. Тараптар коронавирус инфекциясының алдын алу, диагностика және эпидемиологиялық зерттеулер саласындағы озық тәжірибелер туралы ақпаратпен алмасып, медициналық мамандар үшін онлайн-тренингтер мен біліктілікті арттыруға арналған бағдарламаларын өткізуге келісті. Олар сонымен бірге бірлескен деректер базасын және эпидемиологиялық мониторинг жүйесін құруға, сондай-ақ медициналық жабдықтар мен фармацевтикалық дәрі-дәрмектерді бірлесіп өндіру бойынша жұмыс жасау үшін Жеткізілім тізбегі тобын құруға келісті (Түркі кеңесі, 08.06.2020).
Тәжікстан мен Өзбекстан журналистері АҚШ-та «Самарқанттан Детройтке дейін» атты деректі фильм түсірді. Деректі фильмде Орталық Азия мемлекеттерінің АҚШпен және аймақтың дамуына үлес қосушы басқа да жаһандық саяси және қаржылық әрекет етушілермен ынтымақтастығы бейнеленген. Фильм сонымен бірге жалпы қауіпсіздік пен экологиялық мәселелерді шешу және сауда-экономикалық қатынастарды жақсарту үшін өзара тиімді аймақтық серіктестіктің перспективалары көрініс тапқан (Авеста, 11.06.2020). Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті әлемнің ең үздік 200 университетінің қатарына енген алғашқы қазақ университеті атанды. Университет 2020 жылғы QS рейтингінде 42 орынға ілгерілеп, 165-шы орынды иеленді. Бұл университетте соңғы жылдары жүргізілген кешенді құрылымдық жаңарудың нәтижесі. Нәтижеге бағдарланған басқару жүйесін енгізу университеттің білім беру және ғылыми қызметінің жаңа сапалық деңгейіне көтерілуіне ықпал етті (әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, 10.06.2020). Моңғолия Ұлттық музейі мен Халықаралық Түркі академиясының бірлескен «Керулен» жобасы аясында ұйымдастырылған Гоби шөліне ғылыми-зерттеу экспедициясының нәтижесінде Моңғолияның Дундговь аймағындағы Ногоонтал деген жерінде бұрын беймәлім болған түркі ғұрыптық кешені табылды. Көлемі 2,5×2,5 метрге тең шаршы пішінді кешенде орналасқан жайпақ қоршау таста мүйіз бен гүл тәрізді ою-өрнектер бейнеленген. Ғұрыптық кешенде биіктігі 2 метрден асатын 4 дана тік сынтас анықталды (TWESCO, 08.06.2020).
Анкара қаласының мэрі Мансур Яваш өзінің Twitter парақшасында «Түркі мәдениетінің байлығын әлемге паш еткен әйгілі қырғыз жазушысы Шыңғыс Айтматовты мәңгі есте сақтағысы келетінін» жазды. Айтматов – Шекспир мен Толстойдан кейінгі аудармалар саны бойынша әлемдегі үшінші жазушы. Оның еңбектері 176 тілге аударылып, тиражы 100 миллионнан асатын 128 елде басылған (Кабар, 10.06.2020).
Тәжікстанның Германиядағы елшісі Сохибназар Гайратшо Берлинде Потсдам Климат әсерін зерттеу институтының өкілдерімен кездесті. Тараптар Орталық Азияның жасыл бастамасын іске асыру және коронавирустан кейінгі кезеңдегі перспективалары туралы пікір алмасты. Неміс сарапшылары тәжікстандық әріптестерімен Орталық Азиядағы жаһандық жылынудың салдарын жұмсарту, соның ішінде мұздықтардың еруіне байланысты мәселелерді зерделеуде тығыз жұмыс істейді (Ховар, 13.06.2020).




