f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Түркістан облысының әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымы
ebulletin

Түркістан облысының әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымы

Авторлар: Дәулет Жайлыбаев
2020 ж. 27 сәуір
Түркістан облысының әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымы

ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖӘНЕ МӘДЕНИ ИНФРАҚҰРЫЛЫМЫ Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері өңірлердегі халықтың өмір сүру деңгейінен көрініс табады. Бұл тұрғыда өңірлердегі әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымның жағдайы толық шешімін тапты деуге болмайды.

Осыған сәйкес, халықтың әл-ауқаты мен тұрмыс деңгейін жақсартуға арналған бағдарламалар аясында атқарылып отырған ісшаралар өңірлердегі жылдар бойы қордаланған мәселелерді толық шеше алмай келеді. Бұл мәселелердің негізгі көрсеткіші өңірлердегі әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымының жағдайымен сипатталады. Осы тұрғыда Түркістан облысының жайкүйі ерекше назар аудартады. Облыстың әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымын сипаттау үшін, оның негізгі салаларын қарастырып өту қажет. Облыстың әлеуметтік инфрақұрылымына: тұрғын үй, білім саласы, денсаулық саласы, қызмет көрсету саласы, қоғамдық тамақтану, қаржылық қызмет көрсету, және т.б. кіреді. Ал, мәдени инфрақұрылымға музейлер, кітапхана, демалыс орындары, шығармашылық ұжымдар, театрлар, мәдениет үйлері мен саябақтар және т.б. қызметін жатқызуға болады. Қазіргі кезде Түркістан облысындағы әлеуметтік инфрақұрылымның басты бағытының бірі тұрғын үй мәселесі болып табылады. Демографиялық өсу динамикасы жоғары өңір үшін тұрғын үй мәселесі әр кез күн тәртібінен түспейтіні анық. Соның ішінде Түркістан қаласын алатын болсақ, қаланың облыс орталығына айналғаннан кейін жаңа тұрғын үй кешендері салынып пайдалануға берілуде, жаңа ықшам аудандар ашылуда. Бұл қала тұрғындарының тұрғын үй мәселесінің жеңілдеп келе жатқанын көрсетеді. Алайда, 2000 жылдан бері Түркістан қаласында 25 мыңға жуық азамат жер телімін алу кезегінде тұр. Сондай-ақ, соңғы жылдардағы қаладағы жалдамалы пәтер бағасының өсуі тұрғын үйге деген сұраныстың артқанын білдіреді. Қазіргі кезде бұл мәселелер облыс орталығына қоныс аударған жас отбасылар мен мамандардың күрделі мәселесіне айналып отыр.

Әлеуметтік инфрақұрылымның негізі болып табылатын білім саласының Түркістан облысындағы жағдайын статистикалық мәліметтерден айқын көруге болады. Бұл облыста мектеп жасындағы балалар санының күн сайын артуы мен оқушы орнының жеткіліксіздігін көрсетіп отыр. Мысалы, 2018 жылы Түркістан облысында 35,466 оқушы орыны жеткіліксіз болып, біраз мектептер үш ауысыммен оқуға мәжбүр болды. Бұл облыс аумағында жаңа мектептердің салынуын және білім сапасының жақсаруын талап етеді. Сондай-ақ, мектеп бітірген түлектердің 50%-дан астамы ЖОО-ға оқуға түспейді. Бұл оқушының сапалы білімге толық қол жеткізе алмағанын көрсетеді.

Ал, денсаулық саласы бойынша өңір созылмалы және жұқпалы аурулардың деңгейі бойынша кейбір көрсеткіштерде өңір алдыда тұр. Бұл Түркістан облысының денсаулық саласындағы мамандар мен ұйымдардың жетіспейтіндігін көрсетеді. Түркістан облысындағы қызмет көрсету және қоғамдық тамақтану саласы жанжақты дамыған десе болады. Бұл облыс территориясындағы әр аймақтың мысалында көрініс табады. Соның бірі ретінде Түркістан қаласын қарастыратын болсақ, қызмет көрсету саласының сапасы мен әртүрлілігі жоғары деңгейде жүзеге асырылады. Бұл халықтың дәстүрлі шаруашылық жүйесіне де байланысты болуы мүмкін. Мысалы, базарлар мен сауда орындары және қонақ үйлер мен тамақтану орындарында ортағасырлық дәстүрлер сақталған. Оның үстіне қазіргі кезде қала құрылысының ортағасырлық архитектуралық стильде салынуы тарихи сабақтастықты одан әрі жалғастыруда. Бұл Шығыс базары, Шығыс моншасы сияқты кешендердің бой көтеруімен сипатталады. Сондай-ақ, Түркістан қаласында нотариус, адвокаттық кеңсе, медиаторлық қызмет және т.б. қол жетімді. Керісінше, облыс аймағындағы қаржылық қызмет көрсету саласы төмен деңгейде десек болады. Бұл үрдістің орын алуына екінші деңгейлі банктердің қызмет көрсетуінің әлсіздігі, арнайы бөлімшелердің аздығы және т.б. себептер негіз болып отыр. Ал, көлік қатынасы облыс аймағында және өңіраралық деңгейде жақсы дамыған. Соның ішінде Алматы, Шымкент, Тараз, Қызылорда бағытында жүретін маршруттар кестесі қолайлы қалыптасқан. Түркістан облысының мәдени инфрақұрылымы облыс территориясындағы туризмнің дамуымен тікелей байланысты. Бұл облыстың табиғи ландшафттық ерекшелігімен және тарихи-мәдени ескерткіштерімен сипатталады. Сонымен қатар, Түркістан қаласының облыс орталығы ретінде өркендеуі мәдени инфрақұрылымның күшеюіне жағдай жасап отыр. Қазіргі кезде облыс бойынша 27 музей болатын болса, қорық-мұражайлардағы тарихи және мәдениет ескерткіштерінің саны 358 бірлікті құрайды. 2019 жылдың ішінде облыс музейлеріне 1915,2 мың адам келген. Ал, кітапханалардың саны 390 бірлікті құрайды. Бұл кітапханалардың жалпы оқырмандарының саны 489,9 мың адамды қамтыған. Оның ішінде 3,2% яғни 15,4 мың оқырман кітапханалардағы ақпаратты интернет арқылы пайдаланады. Сонымен қатар, 2019 жылы облыс көлемінде 4 театр жұмыс істеп тұр. Есепті жылы театр репертуары бойынша 65 спектакль, 12 жаңа қойылым көрсетілген. Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша 251 мәдени-демалыс ұйымдары жұмыс істеп келеді. Оның құрамына үйірмелер, көркем өнерпаздар шығармашылық ұжымдары, клубтар, әуесқой бірлестіктер, оқу курстары және т.б. кіреді. 2019 жылы көркем өнерпаздар шығармашылық ұжымдарына қатысушылардың саны 11,9 мың адамды, ал, балалар ұжымдарына қатысушылар – 7,7 мың адамды құрады. Халықтың бос уақытын өткізетін ортаның бірі ретінде саябақтардың қызметі де зор. Осы тұрғыда облыс бойынша 27 саябақ бар. 2019 жылы осы саябақтарда 123 жаппай мәдени іс-шаралар ұйымдастырылған. Жалпы, бұл саябақтарға жылына 59,7 мың адам бос уақытын өткізеді. Статистикалық мәліметтердегі бұл көрсеткіштер мәдени инфрақұрылымның әлеуметтік ортаға ықпалының жоғары екенін көрсетеді. Дегенмен, бұл көрсеткіштерге қарамастан 2019 жылы Түркістан қаласында жүргізілген сауалнамаға қатысушы респонденттердің 37% аталмыш қалада өмір сүрудің қиын екендігін жеткізген. Бұл тұрғындардың қаладағы денсаулық сақтау, дене шынықтыру, қосымша білім беру ұйымдарының сапасына көңілдері толмайтынынан туындаған. Керісінше, 59,3% тұрғын қала өміріне толықтай көңілдері толатынын атап өтті. Сонымен қатар, сауалнама барысында тұрғындардан қаланың өзгертуге тиісті бағыттарын сұрағанда, респонденттердің 30% көлік қозғалысын реттеуге, 28,3% қала тазалығы мен экологиясына, 25,7% коммуналды қызмет көрсетуге, 25,3% бизнесті дамыту мен туристерді тартуға және 24% сапалы білім алуға көңіл бөлу керектігін жеткізген. Сауалнамаға қатысқан респонденттердің жауаптарынан Түркістан қаласының әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымындағы негізгі қажеттіліктерді байқауға болады. Сондай-ақ, бұл облыс орталығында көрініс тауып отырған жағдай, облыстың барлық аумағында орын алып отырғанын аңғару қиын емес.

Қорытындылай келе, Түркістан облысының әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымы енді ғана оңтайлы шешімін тауып келеді. Бұл облыс орталығы Түркістан қаласындағы жаңадан бой көтеріп келе жатқан тұрғын үйлер, мектептер, емханалар, театрлар, музейлер, демалыс орындары, саябақтар мен ойын сауық орталықтары және т.б. кешендер келешекте қала тұрғындарының игілігіне қызмет ететінін көрсетеді. Сонымен қатар, облыс төңірегінде атқарылып келе жатқан әлеуметтік бағдарламалардың нәтижесі тұрғындардың сапалы білім мен медициналық қызмет алуына толық мүмкіндік беруі тиіс. Бұл Түркістан облысына оңтүстік өңірдегі экономикалық белсенділігі жағынан жетекші облыс ретінде өз ықпалын одан әрі арттыруға көмектеседі. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы әлеуметтік және мәдени инфрақұрылымның дамуы өңірдің туристік әлеуетін арттыратын болады.

Жазушы: Жайлыбаев Дәулет, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан • • • • • • Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Ресей Премьер-министрі Михаил Мишустин COVID-19 ауруына тапсырған тест оң нәтиже көрсеткеннен кейін қызметінен уақытша босатылды, ал оның бірінші орынбасары Андрей Белоусов Премьерминистрдің міндетін атқарушы болып тағайындалды. Бейне қоңырау кезінде Мишустин Президент Владимир Путинге үкімет өз жұмысын әрі қарай жалғастыратынын мәлімдеді. Сондай-ақ, Премьерминистр Ресей азаматтарын коронавирустың таралуына «мүмкіндігінше байыппен қарауға»

шақырды (Коммерсант, 30.04.2020).

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Өзбекстанның Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасында бөгеттің бұзылуына байланысты өзбек әріптесі Шавкат Мирзиеевпен телефон арқылы сөйлесті. Тараптар Қазақстанның Түркістан облысындағы бірнеше елді мекендерге әсер еткен апат салдарын жою бойынша жүргізіліп жатқан шараларды талқылады. Өзбекстан басшысы тасқыннан зардап шеккен аудандарды тез қалпына келтіру үшін бірлескен шаралар қабылдауды ұсынды (Ақорда, 02.05.2020).

Каспий теңізінде браконьерлік жасады деген күдікке ілінген төрт Әзірбайжан азаматын ұстау кезінде Қазақстанның жағалау күзетшілері атыс қаруын қолдану арқылы біреуін өлтіріп, екі күдіктіні жарақаттады. Осы оқиғадан кейін Қазақстанның Әзірбайжандағы Елшісі Сержан Әбдікәрімов елдің Сыртқы істер министрлігіне шақырылды. Әзірбайжан тарапы адам шығынына байланысты қатты алаңдаушылық білдіріп, атыс қаруын қолдану екі ел арасындағы достық және бауырластық қатынастардың рухына сәйкес келмейтінін баса айтты (Trend, 02.05.2020). Қазақстан Сыртқы істер министрлігі шетелдік және отандық бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстандағы биологиялық бағыттағы зертханалардың қызметіне қатысты жалған ақпараттың таралуына байланысты түсініктеме берді. Министрлік елдің биологиялық қаруды жасауға қатысы бар деген айыпты жоққа шығарды. Түсініктеме бойынша, АҚШ Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің қаржылай қолдауымен құрылған Алматыдағы Орталық анықтамалық зертхана толықтай Қазақстанға тиесілі және оның қызметі биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған (ҚР СІМ, 02.05.2020).

Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттердің тұрақты өкілдері Пекинде ШЫҰ Хатшылығында бірқатар кездесулер өткізді. Кездесулер ұйымның 2020 жылы шілде айында Санкт-Петербургте өтетін алдағы саммитінің қорытынды құжаттарын келісуге бағытталған. ШЫҰ Бас хатшысы Владимир Норов коронавирустық пандемия ШЫҰ қызметіне әсер еткенін атап өтіп, құжаттарды уақтылы келісу үшін тұрақты өкілдерді жұмысқа белсенді қатысуға шақырды (ШЫҰ, 27.04.2020). НАТО Бас хатшысының Кавказ және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Джеймс Аппатурай Қара теңіз аймағындағы қауіпсіздік мәселелеріне қатысты әрекет ретінде альянстың Грузияға қолдауды күшейту жөніндегі алдағы қадамдарын айтты. Аппатурайдың мәлімдеуінше, Грузия НАТО-ның киберқауіпсіздік, энергетика және жасырын барлауды қамтитын «гибридтік қорғаныс» доктринасына қатысады (Agenda.ge, 30.04.2020).

Қоғам және мәдениет Экономика, қаржы және энергия • • • • • • Еуразиялық экономикалық комиссия Еуразиялық экономикалық одақтың (ЕЭО) 2020-2021 жылдарға арналған ЕЭО елдерінде макроэкономикалық тұрақтылықты сақтауға бағытталған макроэкономикалық саясат нұсқауларының жобасын мақұлдады. Мұндай құжатты жасау идеясын ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары коронавирустық инфекцияның таралуын болдырмау, экономикалық ынтымақтастықты нығайту және пандемияның жағымсыз салдарын еңсеру үшін келісілген шараларды қабылдау мақсатында 2020 жылғы 14 сәуірде өткен онлайн-саммит барысында ұсынған болатын (The Astana Times, 01.05.2020).

Өзбекстанда азық-түлік тауарларының бөлшек саудасы коронавирустық пандемияға байланысты өзгеріске ұшырап, супермаркеттер базарларды біртіндеп алмастыра бастады. Франчайзинг келісімі бойынша Carrefour дүкендерін басқаратын Біріккен Араб Әмірліктерінде орналасқан Majid Al Futtaim компаниясы 2020 жылы Ташкентте үш супермаркет пен бір гипермаркет ашуды жоспарлап отыр.

Компания нарыққа шығу үшін шамамен 11 млн. доллар бөліп, болашақта кеңею үшін жылына 10 млн. доллар инвестиция жасайды (Рейтер, 30.04.2020).

Қырғызстан Вице-премьер-министрі Еркін Асрандиевтің айтуынша, Бішкек Қытайдың Экспорттық-импорттық банкімен қарызды қайта құрылымдау туралы келіссөздер жүргізіп жатыр. Қырғызстанның сыртқы қарызы 4 млрд. долларға жуықтаған, оның ішінде елдің аталмыш банкке қарызы 1,7 млрд. долларды құрайды. Бұған дейін қырғыз тарапы коронавирустық пандемияға байланысты қарызды жеңілдету туралы өтініш жасаған болатын және бұл Пекин тарапынан түсіністік тапты. Атап айтқанда, Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков қытайлық әріптесі Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесіп, «төлемдерді жеңілдету және ұзарту» мәселесін қарастыруды сұрады (Rappler, 29.04.2020).

Дүниежүзілік банктің Тәжікстандағы макроэкономикалық жағдайға қатысты болжамына сәйкес, елдің ЖІӨ 2020 жылы 1,7%-ға немесе одан әрі төмендейді, ал бюджет тапшылығы ЖІӨ-нің 5%-ынан асады. COVID-19 індетінің өршуі және мигранттардың ақша аударымдарының негізгі көзі болып табылатын Ресейде ауру оқиғаларының өсу қаупі Тәжікстанның макро-фискалдық құрылымының айтарлықтай нашарлауына әкелді (Avesta, 28.04.2020).

Еуропалық қайта құру және даму банкі (ЕҚДБ) Әзірбайжан экономикасын әртараптандыруға 250 млн. доллардан астам қаржы салуға дайын. Инвестициялаудың әлеуетті секторларына жаңартылатын энергия, инфрақұрылым, телекоммуникация және ауыл шаруашылығы кіреді. Атап айтқанда, банк елдің электр желісін жетілдіруге, таза энергетикалық жобаларды іске қосуға, алыс аудандарды кең жолақты интернетке қосуға, агробизнесті ынталандыруға және мемлекеттік кәсіпорындарды жекешелендіруге көмектесуге мүдделі (Caspian News, 01.05.2020).

ЕҚДБ мен Жасыл климат қоры Грузияның астанасы Тбилисиде метрополитеннің сенімділігін, қауіпсіздігі мен тиімділігін арттыру үшін 75 млн. еуро бөледі. Қаражат ескірген пойыздарды ауыстыру үшін шамамен 40 экологиялық таза, әрі жайлы жаңа метро вагонын (10 пойыз жиынтығы) сатып алуға, сондай-ақ метро станциялары мен туннельдерді қалпына келтіруге жұмсалады. Жаңартылған метро адамдарды қоғамдық көлікті қолдануға ынталандырып, ауаның ластануының едәуір төмендеуіне септігін тигізеді деп күтілуде (Новости-Грузия, 30.04.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов • • • • • • Пәкістандық лауазымды тұлғалар Исламабадтағы Қазақстан елшілігіне коронавирусты жұқтырған науқастарды емдеу кезінде қолданылатын 60 мың гидроксихлорохин таблеткасын табыстады. Дәрідәрмектер әрі қарай медициналық мекемелер арасында тарату үшін Нұр-Сұлтанға жеткізіледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қазақстан Сыртқы істер министрлігі Пәкістан үкіметіне және жеке Премьер-министр Имран Ханға гуманитарлық көмек көрсеткені үшін алғыс білдірді (ҚР СІМ, 28.04.2020). ЕҚЫҰ-ның Бішкектегі бағдарламалық кеңсесі Қырғызстан үкіметі жанындағы Жергілікті өзін-өзі басқару және этносаралық қатынастар жөніндегі мемлекеттік агенттікке техникалық көмек көрсетті. Көмек COVID-19-дан қорғаныс жабдықтары түрінде болып, атап айтқанда 400 H-95 қайта пайдалануға болатын маска, 200 нитрильді қолғап, 50 қорғаныс көзілдірігі, 10 қорғаныс киімі және 2 пирометр жеткізілді. Агенттік пен ЕҚЫҰ кеңсесі сонымен қатар ұлтаралық қақтығыстардың алдын алуда да ынтымақтасады (Кабар, 30.04.2020).

Түркі кеңесіне мүше және бақылаушы мемлекеттердің денсаулық сақтау министрлері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропа бойынша аймақтық директорының қатысуымен бейнеконференция отырысын өткізді. Тараптар COVID-19-бен күресуде және пандемиядан кейінгі кезеңде өзара әрекеттесу жолдарын талқылады, сондай-ақ қауіпті инфекциялардың алдын алу, диагностикалау және емдеу саласындағы ақпаратпен және озық тәжірибемен алмасу үшін көпжақты ынтымақтастық тетіктерін құру жөнінде шешім қабылдады (Түркі кеңесі, 28.04.2020).

Еуразиялық экономикалық комиссияның алқасы Жерді қашықтықтан зондтау деректері негізінде ғарыштық және географиялық ақпараттық қызметтерді ұсыну саласындағы ЕЭО-ға мүше мемлекеттердің мемлекетаралық ынтымақтастық бағдарламасын мақұлдады. 2021-2025 жылдар аралығында үш кезеңмен жүзеге асырылуы жоспарланған бағдарлама ЕЭО елдерінің әртүрлі экономикалық секторларының пайдаланушыларына ұсынылатын тиісті ақпараттық қызметтердің сапасын арттырады деп күтілуде (Еуразиялық комиссия, 28.04.2020). Ашхабадтағы БҰҰ ғимаратында өткен дөңгелек үстелге Түрікменстан үкіметі мен БҰҰ Даму бағдарламасының (БҰҰДБ) өкілдері қатысты. Іс-шараның негізгі тақырыбы 2021-2025 жылдарға арналған Түрікменстан мен БҰҰДБ арасындағы ынтымақтастық жөніндегі елдік бағдарлама жобасы болды. Тараптар заңның үстемдігі және экономиканы әртараптандыру, сондай-ақ статистикалық деректердің сапасы сияқты салалардағы ынтымақтастықты одан әрі кеңейтудің басымдықтарын талқылады (Түрікменстан СІМ, 28.04.2020).

Өзбекстан Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметі бойынша, ел халқының саны 2020 жылдың басынан 131,6 мың адамға артып, 34,03 млн. адамға жетті. 2020 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша, халықтың 30,8%-ы еңбекке қабілетті жастан кіші, 58,7%-ы – еңбекке қабілетті жаста және 10,5%-ы еңбекке қабілетті жастан үлкен. Өзбекстан халқының ең көп үлесі Самарқанд облысында (11,4%), одан кейін Ферғана (11,1%), Қашқадария (9,7%) және Әндіжан (9,2%) облыстарында тұрады (Анадолы агенттігі, 27.04.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.