Түркістан қаласы архитектурасындағы әлеуметтік аспект

ТҮРКІСТАН ҚАЛАСЫ АРХИТЕКТУРАСЫНДАҒЫ ӘЛЕУМЕТТІК АСПЕКТ Қала тұрғындарының мәдениеті мен өмір сүру дағдылары тікелей қаланың орналасқан орны мен архитектуралық ерекшелігіне байланысты. Соның ішінде Орталық Азия және Қазақстан территориясындағы ортағасырлық қалалардың қалыптасуы мен дамуы тұрғындардың әлеуметтік құрылымына және адамдардың өмір сүруіне ыңғайластырылған. Еліміздегі мұндай қаланың негізгі көрсеткіші ретінде Түркістан қаласын қарастыруға болады. Көне Түркістан қаласының архитектурасы орта ғасырлардағы әлеуметтік құрылым мен шығыстық стильдің көрнекті үлгісінен хабар береді. Бұл Түркістан қаласының архитектурасының өзіндік ерекшелікпен дамуы жергілікті ортадағы қолөнердің, тас қашау өнерінің, сауда қатынастарының және мәдениеттің дамығанын көрсетеді. Сонымен қатар, ортағасырлық қалалардың цитадель (әкімшілік орталық), шахристан (қоғамдық ғимараттар орналасқан бөлігі) және рабадтар (қаланың қарапайым халықтар тұратын бөлігі) болып бөлінуі, қала халқының әлеуметтік құрылымын анықтайды. Тұтас алғанда қала ғимараттары мен тұрғын үйлердің архитектурасына отбасындағы дәстүрлі этикеттің сақталуы әсер етті. Мысалы, отбасы мүшелерінің үйдегі орны мен қызметі, адам өміріндегі атқарылатын циклдық іс-шаралар қала тұрғындарының әлеуметтік қатынастың бір көрінісі ретінде қарастырылады. Мысалы, орта ғасырлардан бері сақталған Түркістандағы архитектуралық нысандардың негізгі бөлігі діни ғұрыптық кешендерден тұрады. Соның ішінде Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңындағы архитектуралық құрылыстар сол кездегі қала өмірінің куәсі болып табылады. Мұндай архитектуралық нысандардың қатарында мешіттер, медреселер, ескерткіш мазарлар мен құлпытастар кіреді. Қаладағы діни ғұрыптық кешендер әр кезеңде әртүрлі саяси және әлеуметтік қызмет атқарды. Оны кейінгі кезеңдегі археологиялық қазбалардан табылған артефактілер растайды. Сондай-ақ, қала өмірінің әлеуметтік жағдайы XIX ғасырдың екінші жартысындағы зерттеушілердің деректерінде сақталған. Онда Хазірет Сұлтан кесенесінің маңындағы көшелер, базарлардың құрылысы, шәйханалар және т.б. нысандардың қызметі беріледі және орыс зерттеушілері Түркістанға кіргенде Парижге келгендей әсер алғандарын жасырмайды. Ал, XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басындағы және кеңестік кезеңдегі Түркістанның архитектуралық келбеті қаладағы темір жол вокзалы, әскери казармалардың, оқу орындарының және бір қатар тұрғын үйлердің құрылысымен сипатталады. Соның қатарында 1904 жылы салынған Түркістанның темір жол вокзалы қазіргі кезге дейін қызмет етіп келеді. Ал, сол кездегі оқу орындарының ғимараттары С. Ерубаев мемориалды музейінің ғимараты ретінде жұмыс істеп тұр.
Қазіргі кезде Түркістан қаласы тұрғындарының мәдени және әлеуметтік дамуы олардың өмір сүру дағдыларында да көптеген өзгерістер алып келуде. Бұл көне қаланың жаңа құрылыстармен толысып, кеңейе түсуінен айқын көрініс табады. Осы тұрғыда облыс орталығының әрі қарай мәдени әлеуметтік дамуы тікелей адами капиталға байланысты екенін айғақтайды. Мысалы, қала ғимаратындағы адамның өмір сүруі жас ерекшелігіне, жынысына қарамастан бір ортаға топтастырушы қызмет атқарады. Себебі, көптеген адамдардың жұмыс орны, бос уақыты және тұтас өмірі белгілі бір ғимараттармен байланысты. Осыған байланысты мемлекет тарапынан Түркістан қаласының мәдени әлеуметтік өмірін жақсартуға барынша жағдай жасалып келеді. Бұл ең алдымен әлеуметтік урбанизмді қалыптастыру қажеттігін түсіндіреді. Бұл Түркістанның мәдени әлеуметтік тұрғыда жаңа деңгейге көтерілуіне мол мүмкіндіктер туғызады. Ал, қазіргі кезде Түркістанның әлеуметтік құрылымын қала ішіндегі құрылыс нысандарының негізгі бағыттары арқылы анықтауға болады. Мысалы, Түркістанның 2050 жылға дейінгі стратегиялық жоспары екі бөлікке бөлінген, оның алғашқысы көне «Түркістан – туризм қаласы» болса, кейінгі бөлігі «Түркістан қолайлы өмір үшін» деп аталады. Стратегиялық жоспардың алғашқы бөлігі көне қала аумағындағы құрылыс нысандарының қала тұрғындарының мәдени әлеуметтік өмірінің дамуына бағытталған. Ал, жаңа ықшам аудандар әр түрлі бизнес орталықтар, өнеркәсіп орындары және сауда үйлерімен толықтырылатын болады. Бұл, қаланың мәдени әлеуетін көтеру үшін адами капиталдың орны ерекше екенін көрсетеді. Осыған сәйкес көне қала аумағындағы жаңадан бой көтеріп жатқан музейлер, өнер орталықтары, театрлар, мәдениет үйі, ғылыми орталықтар және шығыстық үлгіде салынып жатқан әлеуметтік нысандар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруы тиіс. Бұл қазіргі таңда қала құрылысының басты басымдықтарының бірі болып отыр. Сонымен қатар, қаладағы көне шығыстық стильдегі әрлеу жұмыстарының жүргізілуі Түркістанның ортағасырлық қала екенін көрсетіп, дәстүрлі құндылықтарды дәріптейтінін көрсетеді. Мұны постмодернистік архитектурада жергілікті дәстүр мен жаңашылдықтың тоғысатын үлгісі ретінде қарастырады. Сонымен қатар, Түркістанның әр бөлігінде орналасқан демалыс орындарының, саябақтардың көбеюі мен су бұрқақтардың орнатылуы тұрғындар мен қала қонақтарының бос уақытын тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Жалпы қала өміріндегі негізгі әлеуметтік мәселелер инфрақұрылымның дамуымен байланысты. Бұл тұрғыда Түркістан қаласының да күрделі мәселелері қалыптасқан. Оның ішіне қаладағы сапалы ауыз су мәселесі, таза ауа мен экология-лық жағдайдың дұрыс болуы көне қаланың негізгі мәселесінің қатарында. Сонымен қатар, қала ішіндегі жолдардың жөнделуі, қоқыс жәшіктердің орнатылуы, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған жолақтар, тұрақтар және саябақтардағы қызмет көрсету орындарының ретімен орналасуы қала өмірінің әлеуметтік мәселелерін қамтиды. Бұл мәселелер қаладағы қазіргі қалыптасып отырған құрылыс нысандардың архитектуралық ерекшелігіне қарай, олардың қызметі аясында шешілуі тиіс. Қазіргі қалалардағы заманауи архитектуралық нысандар адам өмірінің қолайлылық үдесінен шығуды көздейді. Бұл ретте Түркістан қаласының туристік және облыстың әкімшілік орталығы ретінде салынып жатқан ғимараттардың өзіндік функциясы бар. Ол қазіргі Түркістандағы архитектуралық нысандар көпфункционалды қызмет атқаратынын анықтайды. Мәселен, ірі бизнес орталықтарында тек қана бизнес құрылымдардың қызметі емес, сондай-ақ оқу курстарының, сауда орындары мен дәмханалардың және т.б. қызметтер де табылады. Заманауи үрдістерге қарағанда мұндай құбылыстар қаладағы көпсалалы қызметтердің орталықтануын қарастырады. Соның негізінде адамдардың ғимарат ішінде өзіне қолайлы өмір сүруіне жағдай жасалады. Түркістан қаласын дамытудың Бас жоспарында қала тұрғындарының саны 2050 жылға қарай 500 мың адамды құрайтынын көрсетеді. Бұл қаланың жан-жақты кеңейіп, тұрғын үйлердің көбеюін қамтамасыз ету мәселесін туындатады. Осыған орай жоспарда Түркістан қаласының тұрғын жай қорын кеңейту қарастырылған. Мысалы, 2019 жылғы көрсеткіш бойынша Түркістан қаласындағы тұрғын жайдың 92,2%-ы бір қабатты үйлер болған. Бұл 3,3 млн. шаршы метрді құрады. Аталмыш Жоспар бойынша 2035 жылға қарай тұрғын үй қорын 9,3 млн. шаршы метрге дейін көбейту бекітілген. Оның басым бөлігі көп қабатты үйлерден тұратын болады. Сонымен қатар, мектеп, балабақша және емхана сынды әлеуметтік нысандардың құрылысы қарқынды өсетіні жоспарланған. Бұл қаланың әлеуметтік мәселелерін шешуге оңтайлы жағдай жасайтын болады.
Қорытындылай келе, Түркістан қаласында орналасқан әлеуметтік нысандардың басты мақсаты қала халқының өмірін қолайлы ету, қазіргі заманауи трендтерге сай етіп ұйымдастыру болып табылады. Ал, ескі Түркістандағы әртүрлі кезеңде салынған тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттар өз тарихын айшықтай беретін болады. Сонымен қатар, қала архитектурасындағы әлеуметтік үрдістер қала антропологиясының негізгі зерттеу нысаны ретінде қарастырылады. Бұл келешекте Түркістан қаласының архитектурасын символикалық, семиотикалық тұрғыда зерттеу қажеттігін түсіндіреді.
Жазушы: Дәулет Жайлыбаев, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Қырғызстан Сыртқы істер министрі Руслан Қазақбаев Еуропалық Одақтың (ЕО) Қырғызстан өкілдігінің басшысы, елші Эдуард Ауэрмен кездесті. Министр Қазақбаев елдің демократиялық құндылықтар мен адам құқықтарын қорғауға берік екенін мәлімдеді. Қазақбаев Қырғызстан ЕОмен ынтымақтастыққа мүдделі екенін және кеңейтілген серіктестік пен ынтымақтастық туралы келісімге қол қоюды және ратификациялауды мақсат етіп отырғанын айтты. Ауэр, өз сөзінде ЕО Қырғызстандағы президенттік сайлаудың қиындықсыз аяқталғанына қуанышты екенін мәлімдеді (Кабар, 21.01.2021). Қазақстанның тұңғыш президенті - елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Единая Россия» партиясының төрағасы және Ресей қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Дмитрий Медведевпен телефон арқылы сөйлесті. Медведев Нұрсұлтан Назарбаевты «Нұр Отан» партиясының жеңісімен құттықтай отырып, сайлаудың нәтижелері партияның стратегиялық өрлеуінде қоғамдық қолдауға ие екендігін көрсеткенін мәлімдеді. Екі саясаткер де биліктегі партиялар арасындағы ынтымақтастықтың жоғары деңгейіне назар аудара отырып, екіжақты қатынастарды одан әрі тереңдетуге және кеңейтуге келісті (ҚазАқпарат, 19.01.2021). Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) мүшелері Тәжікстанның тұрақты өкілі Хасан Султоновтың төрағалығымен онлайн кездесу өткізді. ҰҚШҰ баспасөз хатшысы Владимир Зайнетдинов ҰҚШҰ Тұрақты кеңесі жаңа жаппай қырып-жою қаруын жасауға және өндіруге тыйым салу туралы және басқа да бірнеше маңызды саяси мәлімдемелердің жобаларын мақұлдады. ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің БҰҰ елшілері бекітілген құжаттарды қарап шыққаннан кейін қабылдайтын болады (БелТА, 22.01.2021).
2021 жылы 21 қаңтарда Тәуелсіз мемлекеттер достастығы (ТМД) елдерінің Төтенше және Өкілетті Елшілері жыл сайынғы дәстүрлі кездесуде Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавровпен кездесті. Кездесуде елшілер ТМД елдерінің 2021 жылы өткізілетін іс-шараларға қатысты «сағаттарды синхрондау» жолымен халықаралық саясаттың әр түрлі салаларында ТМД елдері арасындағы ынтымақтастық мәселелерін талқылады. Қатысушылар ТМД, ҰҚШҰ және Еуразиялық экономикалық одақ аясында міндеттемелерді орындаудың маңыздылығын растады (Kazembassy.ru, 21.01.2021).
2021 жылы 10 қаңтарда Қырғызстанда өткен президент сайлауының нәтижелерін Қырғызстанның Орталық сайлау және референдум комиссиясы (ҚОСРК) ресми түрде қабылдады. ҚОСРК шешіміне сәйкес, 79,20% дауыспен Қырғыстан Президенті болып сайланған Садыр Жапаровқа Президенттік куәлік пен төсбелгі тапсырылды (Kabar.kg, 20.01.2021). Әзірбайжан премьер-министрінің орынбасары Шахин Мұстафаев, Ауғанстан орталық банкі төрағасының орынбасары Ажмал Ахмеди және Түркменстан премьерминистрінің орынбасары Байрамгелди Овезов онлайн кездесу өткізді. Тараптар Әзрібайжан, Ауғанстан және Түрікменстан арасындағы әр түрлі салалардағы қазіргі жағдай мен өзара ынтымақтастық туралы пікір алмаса отырып, сауда және инвестиция, энергетика, көлік және логистика, телекоммуникация және ақпараттық технологиялар, кеден және шекара мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейту және жандандыру бойынша жол картасына қол қойды.
(Today.az, 20.01.2021).
Экономика, қаржы және энергия Түрік тілдес елдер бірлікті нығайту үшін энергетика саласындағы ынтымақтастықты тереңдетуде. Әзірбайжан мемлекеттік мұнай компаниясы SOCAR президенті Ровнаг Абдуллаев Түркітілдес елдер ынтымақтастық кеңесінің делегациясымен кездесу өткізді. Абдуллаев, SOCARдың Түркия мен Әзірбайжан арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың негізі болып табылатынын, сонымен қатар «Қазмұнайгаз», «Өзбекнефтегаз» және Венгрияның «MOL» компанияларымен бірге Түркі елдерінен танымал компаниялармен серіктестік қатынастарды дамытатынын мәлімдеді. Екінші жағынан, SOCAR-дың Түркіменстанмен энергетикалық ынтымақтастығы да артып келеді (MENAFN, 19.01.2021).
Әзірбайжан мен Түркіменстан президенттері Ильхам Әлиев пен Гурбангулы Бердімұхамедов бейнеконференциямен кездесу кезінде Каспий теңізіндегі «Достық кен орнының» көмірсутегі ресурстарын бірлесіп ашу және игеру туралы өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды. Президент Бердімұхамедов қол қойылған құжат екіжақты ынтымақтастық пен тұрақты энергетикаға қолайлы жағдай туғызатынын мәлімдеген болса, ал оның әзірбайжандық әріптесі Каспий теңізінің екі ел мен екі қоғамдастықты біріктіретінін атап өтті (АЗЕРТАК, 21.01.2021).
Біріккен ұлттар ұйымының Даму бағдарламасы Қазақстан үкіметі мен жергілікті қаржы институттарымен бірге 2020-2024 жылдарға арналған «Эко-Даму» несиелік бағдарламасының екінші кезеңін бастады. Бағдарлама ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жақын ауылдық жерлерде тұратындарға арналған. Экотуризм, орман шаруашылығы, құс өсіру, қоян өсіру және омарташылық сияқты экологиялық таза бизнесті дамыту үшін 275,3 миллион теңгелік (653 мың доллар) қаражат арқылы 4,5 жылға дейін 6% шамасында төмен пайызды несие беруді көздеп отыр (ҚазАқпарат, 21.01.2021). Ресей қаржы министрі Антон Силуанов 2020 жылы бюджет тапшылығы 56 миллиард доллармен ішкі жалпы өнімнің 3,8%-ын құрағанын хабарлады. Ресей бюджетінің кірісі 254 миллиард долларға жетсе, шығысы 310 миллиард долларды құрады. Министр эпидемия кезінде бұрын-соңды болмаған қолдау бюджеттің шығындарының өсуіне алып келгенін және 2019 жылмен салыстырғанда 2020 жылдың соңында төрттен бірінен астам өсім болғанын мәлімдеді. Шығыстардың өсуіне сәйкес Ресей G20-дің алғашқы бестігіне кіреді (ТАСС, 21.01.2021). Өзбекстан Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2020 жылы елдің сыртқы сауда көлемі 5,4 миллиард долларға азайып, 36,3 миллиард доллар болды. Өзбекстанның экспорты 15,1 миллиард долларды, импорты 21,2 миллиард долларды құрады. Елдің үш ірі сауда серіктесі Қытай, Ресей және Қазақстан болса, ал 4,1 миллиард долларлық экспорты және 7,7 миллиард долларлық импортымен сыртқы саудасының негізі бөлігі ТМД елдерімен жүзеге асырылды (UzReport, 21.01.2021).
Тәжікстан парламентінің мүшелері өткен жылдың қазан айында Тәжікстан мен Азия даму банкі (АДБ) арасында жасалған грант туралы келісімді мақұлдау үшін дауыс берді. Грант елдегі жастардың, әйелдердің және еңбек мигранттарының біліктілігін арттыруға бағытталған. Үкімет жоба аясында үш жаңа көші-қон қызметі орталығын ашуды жоспарлап отыр. Жобаны жүзеге асыруға АДБ 30 миллион доллар бөлген болса, Тәжікстан үкіметі мен Жапонияның Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар қоры тиісінше 3 миллион және 1,5 миллион доллар бөлді (Asia-Plus, 20.01.2021).
Дайындағандар:
Сауле Ахметкалиева, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет Украина премьер-министрінің орынбасары және уақытша оккупацияланған аумақтарды қайта интеграциялау министрі Алексей Резников Украинаның 2032 жылға дейін Қырым татар тілін дамыту тұжырымдамасын әзірлейтінін мәлімдеді. Ол аталмыш тұжырымдаманың украиндықтарға 170 миллион түркі әлемін тануға көмектесетінін хабарлады. Бұл қадам Украинаның Түркия, Әзірбайжан және Орталық Азия елдері сияқты Түркі елдермен қарым-қатынастарын нығайтатын болады (Interfax.com.u бастап, 20.01.2021). Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиев Түркі кеңесінің бас хатшысы Бағдат Әмреев, ТҮРКСОЙ-дың бас хатшысы Дүйсен Қасейінов және Түрік мәдениеті мен мұрасы қорының төрағасы Гүнай Афандиеваны қабылдады. Президент Әлиев екі халықаралық түрік ұйымынан құралған делегацияға босатылған аудандарға сапары және Армениямен қақтығыста көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтты. Ол Азербайжанның азат етілген жерлеріндегі тарихи және мәдени ескерткіштерді қалпына келтіру бойынша Түркі кеңесі және Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігімен жолығатынын мәлімдеді (Dailysabah.com, 20.01.2021).
Түркияның Сыртқы істер министрлігі Қырғызстанға жіберген медициналық құралдар Бішкекке жеткізілді. Гуманитарлық көмек аясында жіберілген материалдар Стамбулда орналасқан Дүниежүзілік Ахыска түріктері қауымдастығының қатысуымен жүзеге асырылды. Аталған жүк 20.000 хирургиялық маскалардан, 1.200 N95 маскаларынан, 1.500 қорғаныш киімдерден, 7 термометрден, 1 желдеткіштен, 115 бетті қорғайтын маскалардан және дәрі қораптарынан тұрады (Kabar.kg, 19.01.2021).
«Save the Children» гуманитарлық ұйымының балаларға арналған соңғы есебіне сәйкес, 2021 жылы Ауғанстанда 10 миллионға жуық бала жеткіліксіз тамақтану қаупіне ұшырайды. 18 миллионнан астам ауғандықтар, оның ішінде 9,7 миллион бала құтқару көмегі мен азық-түлікке шұғыл мұқтаж. Зорлық-зомбылық, кедейлік және Ковид-19 эпидемиясы осындай апатты көріністің негізгі себептерінің бірі болып табылады. Жоғарыда аталған ұйым 2021 жылы үшін 3 миллиард долларлық жаңа қор құруға шақырды (Aljazeera.com, 21.01.2021).
Тәжікстан үкіметінің төтенше жағдайлар жөніндегі комитеті Орталық Азия мемлекеттері мен Ауғанстаннан келген құтқарушылар үшін Ұлттық оқу орталығы құрылысының бірінші кезеңі басталғанын хабарлады. «Тәжікстанның Ауғанстанмен оңтүстік шекарасын тұрақтандыру» деп аталатын жоба табиғи апаттарға байланысты түрлі қауіптер мен тәуекелдерді жоюға бағытталған. Орталықтың ашылу салтанатына Германия, Ауғанстан, Қазақстан, Қырғызстан, Украина және Францияның Тәжікстандағы елшілерімен қатар, әртүрлі халықаралық ұйымдардың басшылары қатысты (Asiaplustj.info, 19.01.2021).
2020 жылы 13 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи Отанына оралды. Қазақстанның Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі жасаған мәлімдемеде 2020 жылы Қазақстанға оралған этникалық қазақтардың 53,1%-ы Қытайдан, 31,3%-ы Өзбекстаннан, 8,7%-ы Түрікменстаннан, және басқа елдерден келгенін жарияланды. Отанына оралғандардың жартысынан көбі (51,3%) Алматы облысында, 13,3% Маңғыстауда және 5,6% Түркістан облысында қоныстанды (Inform.kz, 21.01.2021).




