f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Тәжікстандағы оппозиция қатыспаған алғашқы сайлау және жаңа билік транзиті
ebulletin

Тәжікстандағы оппозиция қатыспаған алғашқы сайлау және жаңа билік транзиті

Авторлар: Асет Ордабаев
2020 ж. 16 наурыз
Тәжікстандағы оппозиция қатыспаған алғашқы сайлау және жаңа билік транзиті

ТӘЖІКСТАНДАҒЫ ОППОЗИЦИЯ ҚАТЫСПАҒАН АЛҒАШҚЫ САЙЛАУ ЖӘНЕ ЖАҢА БИЛІК ТРАНЗИТІ 2020 жылдың 1 наурызында Тәжікстан парламентінің (Оли мәжіліс) төменгі палатасы Өкілдер мәжілісінің (Намояндагон мәжілісі) сайлау өтті. Бұл 1991 жылы Тәжікстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі алтыншы сайлау болып табылады. Тәжікстандағы парламенттік сайлаудың әрбір бес жыл сайын мерзімінен бұрын сайлаусыз өткізіліп тұратындығын атап өткен жөн. Төменгі палатада 63 мүше бар, олардың 41-і бір мандатты сайлау округтерінен және 22-сі – сайлау шегі 5% болатын саяси партиялардың тізімдері бойынша сайланады. Дауыс беру нәтижелері бойынша билеуші Халықтық демократиялық партиясы жеңіп, парламентте 46 орынға, Аграрлық партия жеті орынға, Экономикалық реформалар партиясы – бес, Коммунистік партия – екі, Демократиялық партия мен Социалистік партия әрқайсысы бір орынға ие болды. Қалған орынды өзін-өзі ұсынған үміткер жеңіп алды. Партиялардың әртүрлілігіне қарамастан, Тәжікстан авторитарлы ел болып қала береді және саяси партиялар үкіметке қатты тәуелді. Елдегі жалғыз оппозициялық партия тыйым салынғанға дейін 2000-2015 жылдары парламентте екі өкілі болған Тәжікстан ислам қайта өрлеу партиясы (ТИҚП) екені белгілі. 2020 жылғы парламент сайлауы ТИҚП қатыспаған алғашқы сайлау болып табылады. Соңғы сайлауды талдау кезінде екі негізгі факторды ескеру қажет – ТИҚП-ның болмауы және алдағы уақытта билік транзитін жүзеге асыру ықтималдығы. ТИҚП тарихы ХХ ғасырдың басынан бастау алады. Алайда біз талдауымызда тек КСРО ыдырағаннан бастап 2015 жылға дейінгі кезеңді ғана қарастырамыз. Тәжікстан 1991 жылы тәуелсіздік алғаннан кейін ТИҚП Душанбеде ресми құрылтай съезін өткізді. Съез барысында партия өзінің жарғысы мен бағдарламасын қабылдап, Мухаммадшариф Химматзода төраға болып сайланды. Партияның негізгі мақсаты исламға баса назар аударып, дін бостандығы бар демократиялық мемлекет құру және заңдарға белгілі бір шариғат нормаларын енгізу болды. Тәжікстанның дамуының мүмкін үлгісі ретінде халқының басым көпшілігі ислам дінін ұстанатын және діни сенім бостандығы бар зайырлы мемлекет – Түркия Республикасының тәжірибесін алу көзделді. Сонымен қатар, партия құрамында ирандық мемлекет үлгісін қолдаушылар да болғанын атап өткен жөн. 1991 жылы желтоқсанда ТИҚП ресми түрде тіркелді. 1992-1997 жылдары Тәжікстанда болған азаматтық соғыс кезінде ТИҚП орталық үкіметке қарсы шыққан Біріккен тәжік оппозициясының құрамында болды. Азаматтық соғыс аяқ-талғаннан кейін ТИҚП өзінің заңды мәртебесін сақтап, оппозициялық партия ретінде қызметін жалғастырды. 2015 жылға дейін Тәжікстандағы орталық үкімет Қырғызстаннан басқа Орталық Азия мемлекеттерінен үлгі ала отырып, билікті бір қолға шоғырландыруға тырысты. Осы жағдайда Президент Эмомали Рахмонның да жеке күші біртіндеп арта түсті. 2003 жылы конституцияға өзгертулер енгізу жөнінде референдум өтті. Бұл референдум нәтижесінде Рахмонның бұрынғы президенттік мерзімі есептен алынып, оған қатарынан екі рет жеті жылдық мерзімге қызмет ету мүмкіндігі берілді. ТИҚП бұл өзгерістерге ашық наразылық білдіріп, тіпті бірқатар митингтер өткізді. Билік бұл әрекеттерді кейбір партия жетекшілерін тұтқындауға себеп ретінде пайдаланып, оларды билікті құлатқысы келетін заңсыз топтарға қатысы бар деп айыптады.

Референдумнан кейін режим мен ТИҚП арасында біраз уақытқа бітім жасалса да, 2015 жылы Тәжікстан билігі ТИҚП-ны елдің саяси алаңынан түпкілікті жою туралы шешім қабылдады. 2015 жылғы наурызда өткен парламенттік сайлауда Рахмон ТИҚП-ның парламентте орын алуына жол бермеді. Сайлауда жеңіліске ұшыраған партия жетекшісінің елден кетуі билікке ТИҚП-ны қудалай бастауға жол ашты. Сол жылдың тамыз айында Әділет министрлігі партияның аймақтардағы филиалдарының көпшілігі жұмыс істемегендіктен партия қызметін тоқтатуды талап етті. Сондай-ақ, экономикалық соттың шешімімен партияның орталық кеңсесі жабылды. 2015 жылдың 13 қыркүйегінде Бас прокуратураның мәліметі бойынша билікті басып алу мақсатында 20 қарулы топ құрған Қорғаныс министрінің бұрынғы орынбасары Абдухалим Назарзодамен арамзалық жасады деген күдікпен ТИҚП-ның кейбір мүшелері ұсталды. Кейіннен қыркүйек айында Тәжікстанның Жоғарғы соты ТИҚП-ны экстремистік және террористік ұйым деп танып, оның қызметін мүлдем тоқтатты. Елдегі соңғы оппозициялық күштің жойылуы билеуші режимге Эмомали Рахмонның қолындағы билікті орталықтандыру процесін аяқтауға мүмкіндік берді. 2015 жылғы желтоқсанда Тәжікстан парламенті «Бейбітшілік пен ұлттық бірліктің негізін қалаушы – Ұлт көшбасшысы туралы» заң қабылдады. Осы заңға сәйкес, іс басындағы президентке бұдан былай президенттік мерзімге қатысты шектеулер қойылмайтын болды. Бұл шешуші әрекеттер алдағы уақытта билік транзиті туралы пікірталастарды аяқтады.

Соңғы сайлау елде орталық үкіметке қарсы оппозициялық топтардың бар-жоғын көрсету тұрғысынан маңызды болды. Еуропада орналасқан оппозициялық топтардың одағы, соның ішінде ТИҚП өз жақтастарын Социал-демократиялық партияға дауыс беруге шақырды. Алайда, социал-демократтар тіпті 1% дауыс ала алмады. Осылайша, билік елдегі бүкіл жағдайды толық бақылауға алғанын көрсетті. Бұл сондай-ақ билік президенттің үлкен баласы Рустам Эмомалиға ауысуы мүмкін деген жаңа қауесеттер аясында қажет болды. Рустам Эмомали парламенттің жоғарғы палатасы Милли Мәжіліс мүшесі болған соң, Мәжіліс төрағасы болып сайлануы мүмкін. Тәжікстан конституциясына сәйкес, Милли Мәжіліс төрағасы іс басындағы президент қызметтен кеткен жағдайда президент бола алады. Тәжікстанда келесі президент сайлауы 2020 жылдың қараша айында өтетінін айта кету керек.

Гибридті режимдегі билеуші элита сайлауды көбінесе жағдайды тұрақсыздандыра алатын оқиға ретінде көреді. Сондықтан мұндай режимнің оны әрдайым бақылауда ұстап тұруы маңызды. Тәжікстанда 2020 жылы екі сайлау өткізілетіндіктен, билеуші элита бұл кезеңді өз билігі үшін қауіпті деп санауы мүмкін. Осылайша, Тәжікстан билігі сайлау үдерісін толық бақылауға алып, әсіресе, режимге сәйкес әрдайым осы партияның артында тұрған сыртқы акторларға ТИҚП-ның бұдан былай маңызды саяси күш еместігін көрсетеді. Өз кезегінде сайлау биліктің жаңа форматын құруға мүмкіндік береді. Жаңадан сайланған парламент Эмомали Рахмон президент лауазымын өз ұлына беруді шешкен жағдайда, теориялық тұрғыдан әртүрлі қосымша институттар құрып, бұған негіз әзірлеуі мүмкін.

Қорытындылай келе, қазіргі уақытта Тәжікстанда билік транзиті ықтималдығы өте төмен деуге болады, бірақ президент Рахмон өзін және жақындарын қорғау мақсатында түсінікті механизм құруы да мүмкін. Тәжік билігі президент негізгі рөл атқаратын, ал оның ұлы кез-келген уақытта билік тізгінін өз қолына алуға дайындалатын тандем құруға ұмтылатыны айқын. Сонымен қатар, мұндай оқиғаларда жиі болатындай, бұл элита мүшелерінің адалдығын тексеру және қажет болған жағдайда өзгерістер жасау үшін мүмкіндік болып табылады. Сонымен қатар, режим жаңа статус-квоны қолданып, сыртқы акторларға «келесі көшбасшыны» көрсету арқылы сыртқы күштердің елде тұрақсыздық жағдайын орнату мүмкіндігін төмендетеді. Президент Рахмон сыртқы мүдделі тараптар ішкі саясатта маңызды рөл атқарған азаматтық соғыстан сабақ алған тәрізді.

Жазушы: Әсет Ордабаев, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік • • • • • • Түркия Сыртқы істер министрлігі Қырымды аннексиялаудың алтыншы жылына байланысты баспасөз хабарламасын жариялады. Құжатта айтылғандай, Түркия Ресейдің заңсыз референдумға негізделген әрекетін мойындамайды.

Түркия үшін Қырым татарларының тарихи отандарында әл-ауқат пен қауіпсіздікте өмір сүруді жалғастыруы басымдық болып қала береді. Министрлік Түркияның стратегиялық серіктесі Украинаның аумақтық тұтастығы мен егемендігін қолдайтындығын растады (Түркия СІМ, 16.03.2020).

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр әрі Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік комиссия төрағасы Асқар Маминді қабылдады. Кездесу барысында комиссия жұмысы мен коронавирус инфекциясының елде таралуына қарсы тұру үшін қабылданған шешімдер талқыланды. Премьер-министр Президент Тоқаевқа Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында карантиннің енгізілуі, кәсіпкерлік субъектілерді қолдау шаралары және аймақтардың ықтимал төтенше жағдайларға дайындығы туралы ақпарат берді (Ақорда, 18.03.2020).

Тәуелсіз мемлекеттер достастығына (ТМД) мүше мемлекеттердің аумақтарын санитарлық қорғау мәселелері жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысы бейнеконференция арқылы өтті. Кеңес мүшелері ТМД елдеріндегі коронавирустық пандемияға байланысты эпидемиологиялық жағдайды талқылады және инфекцияның әкелінуі мен таралуын болдырмау, сондай-ақ ауруды диагностикалау және емдеу бойынша ұлттық шаралар туралы баяндады (ТМД Атқару комитеті, 20.03.2020).

Беларусь Президенті Александр Лукашенко отандастарын коронавирусқа байланысты дүрбелең болмауға шақырды. Лукашенконың айтуынша, елдегі қазіргі жағдай қатаң шараларды қажет етпейді, адамдарға тек гигиена ережелерін сақтау керек. Беларусь басшысы 2020 жылғы қаңтар-ақпан айларында коронавирустың салдарынан болған өлім-жітім көрсеткіші 2018 және 2019 жылдың дәл осы айларындағы пневмониядан болған өлім-жітімге қарағанда төмен екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, ол лауазымды тұлғаларға шетелде қалған Беларусь және Ресей азаматтарына үйлеріне оралуларына көмектесуді тапсырды (Мир 24, 20.03.2020).

Ұзақ созылған келіссөздер нәтижесінде Молдова Республикасы Социалистік партиясы мен Молдова Демократиялық партиясы парламенттік көпшілікті құру үшін коалициялық келісімге қол қойды. Коалицияны құру Ион Кику басқаратын қазіргі азшылық үкіметке саяси қолдау көрсету үшін қажет болды. Нәтижесінде демократтар министрлік портфельдердің жартысын алды (Мир 24, 16.03.2020).

2020 жылғы қаңтарда Абхазияда жаппай наразылықтарға байланысты Президент Рауль Хаджимбаның отставкаға кетуінен кейін президент сайлауы өтті. Алдын ала нәтижелерге сәйкес, оппозиция жетекшісі Аслан Бжания сайлауда 56,85% дауыспен жеңіске жетті, ал оның басты қарсыласы Экономика министрі Адгур Ардзинба бар болғаны 35,44% дауыс жинады. Ардзинба Бжанияны жеңісімен құттықтап, оған Абхазияға пайдалы болатын барлық идеяларды жүзеге асыруға көмектесуге уәде берді (РБК, 22.03.2020).

Қоғам және мәдениет Экономика, қаржы және энергия • • • • • • Мұнай бағасының күрт төмендеуі Ресей экономикасына кері әсерін тигізгендіктен, Ресей коронавирустың өршуінен туындаған экономикалық күйзелісті азайту үшін 300 млрд. рубль (4 млрд. доллар) дағдарысқа қарсы қор құрады. Қолдау шараларына туристік компаниялар мен авиакомпаниялар үшін салық жеңілдіктері, бизнес үшін жеңілдетілген несие бағдарламасын кеңейту кіреді. Қазіргі жағдайға байланысты Ресей 2020 жылға жоспарланған 2%-дық экономикалық өсу қарқынына жете алмауы мүмкін (Рейтер, 16.03.2020).

Түркияның Орталық банкі дағдарысқа қарсы төтенше шаралар аясында базалық пайыздық мөлшерлемені бір пайыздық пунктке азайтып, 9,75%-ға дейін төмендетті. Сондай-ақ, белгілі бір несиелеу мақсаттарына сәйкес келетін коммерциялық банктерге әлдеқайда арзан мөлшерлемемен қаржыландыруды қамтамасыз ететіндігін мәлімдеді. Қосымша қолдау шаралары банк резервтерінің міндетті мөлшерін азайту және банктерге долларды лираға айырбастауға мүмкіндік беретін своп тетіктерінің мерзімін ұзарту болып табылады (Financial Times, 17.03.2020).

Коронавирустық індеттің кәсіпкерлік субъектілеріне кері әсер ететін салдарын азайту мақсатында Өзбекстан Орталық банкі коммерциялық банктерге несиелерді өтеу үшін 2020 жылдың 1 қазанына дейін жеңілдік кезеңін беруді ұсынды. Бұл ұсыныс ең алдымен туризм саласындағы және халықаралық жүк тасымалымен айналысатын компанияларға, сондай-ақ коронавирус кең таралған елдерде негізгі әріптестері бар кәсіпорындарға қатысты (Өзбекстан Орталық банкі, 17.03.2020).

Мұнай бағасының төмендеуі жалғаса бергендіктен, Қазақстан үкіметі елде жұмыс істейтін мұнай компанияларын қолдау шараларын қабылдауда. Қазақстан заңнамасына сәйкес, ренталық салық мұнай бағасына бекітілген: бір баррель үшін баға 60 доллар болған жағдайда мөлшерлеме экспорт құнынан 11% болса, 40 доллардан төмен баға жағдайында мөлшерлеме 0%-ды құрайды. Сонымен қатар, заңнама бойынша экспорттық кедендік баж салығы да мұнай бағасына бекітілген: баға неғұрлым төмен болса, салық соғұрлым төмен болады (New Europe, 20.03.2020).

Әзірбайжанда халық арасында девальвацияға қатысты қорқыныш туындауына байланысты, АҚШ долларына сұраныс артты. Әзірбайжан Орталық банкі жағдайды бақылауда ұстап, әлеуметтік әл-ауқаттың қазіргі деңгейі сақталатындығы туралы мәлімдеме жасады. Алайда, тұрақтылықты сақтаудың экономикалық құны Әзірбайжанға үлкен шығын әкелді. Әзірбайжан Мемлекеттік мұнай қоры ұлттық валютаны қолдау үшін 2020 жылдың наурыз айының алғашқы екі аптасында шамамен 1 миллиард доллар сатты (Eurasianet, 16.03.2020).

Ашхабадта Түрікменстан Өнеркәсіпшілер мен кәсіпкерлер одағы форумы өтті. Көрме мен конференциядан тұратын шараға мемлекеттік қызметкерлер, парламентшілер, дипломаттар, қоғамдық ұйымдардың, университеттер мен БАҚ өкілдері қатысты. Импорт алмастыратын өндірістерді құруға арналған көрмеде 200-ден астам кәсіпорын өз стендтерін ұсынды. Конференцияға қатысушылар бизнес-қауымдастықтың алдында тұрған мәселелерді талқылап, инвестициялар мен инновациялардың перспективалы бағыттарын анықтады (Түрікменстан СІМ, 17.03.2020).

Дайындағандар:

Даурен Абен, Қанат Маханов • • • • • • Түркі кеңесінің Бас хатшысы Бағдад Әміреев пен Қырғызстан Сыртқы істер министрі Шыңғыс Айдарбеков Ыстамбұлда кездесіп, ұйымның күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, атап айтқанда Бірлескен инвестициялық қор құруды және ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады. Сондай-ақ, тараптар 2020 жылы күзде Түркияда өткізілетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық мәселелерін талқылады. Министр қырғыз тарапының 2022 жылға жоспарланған келесі ойындарды ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шаралар аясында Қырғызстанда өткізу туралы тілегін жеткізді (Түркі кеңесі, 18.03.2020). Тәжікстан Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің хабарлауынша, Еуропалық Одақ елге радиоактивті қалдықтар сақтау қоймаларын жоюға көмектеседі. Гранттар түрінде көрсетілетін қаржылық көмек Тәжікстанның солтүстігіндегі Дехмой және Табошар қалдық қоймаларын залалсыздандыруға жұмсалады. Болжамдарға сәйкес, елдің 10 қалдық қоймасында барлығы 55 млн. тонна қалдық, оның ішінде Дехмой учаскесінде 36 млн.

тонна қалдық бар (Авеста, 16.03.2020). Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Қарақұм шөліндегі экологиялық жағдаймен және жергілікті флора мен фаунаны сақтауға байланысты жобалармен танысу үшін жұмыс сапарын жасады. Түрікменстан басшысы үкімет лауазымды тұлғаларына халықаралық ұйымдармен бірге шөлдің экологиялық жағдайын жақсарту және шөлейттенуге қарсы күрес бойынша жүйелі ғылыми-зерттеу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды. Ол сонымен қатар Қарақұм биосферасын ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізу жөніндегі жұмысты жандандыруды тапсырды (Turkmenistan Golden Age, 17.03.2020).

Түрікменстан ғылым академиясының Тарих және археология институтының жан-жақты зертханасы елдің археологиялық мұрасын толығырақ зерттеу үшін лазерлік технология, спектроскопия мен аналитикалық бағдарламалық жасақтаманың соңғы жетістіктерін қолдана бастады. Зертхана соңғы археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған артефакттардың химиялық құрамын дәл анықтауға мүмкіндік беретін лазерлік анализатормен жабдықталған (TWESCO, 18.03.2020).

Әзірбайжан Ұлттық ғылым академиясының қолжазбалар институты Гейдар Алиев атындағы мәдени орталықтың жобасы аясында Өзбекстанда зерттеу жүргізіп, Әзірбайжан тарихына қатысты құнды ежелгі қолжазбаларды тапты. Атап айтқанда, Низами Гәнжауи, Имадеддин Насими, Мұхаммед Фузули және басқа да Әзірбайжан классиктерінің қолжазбалары, сондай-ақ Шах Исмаил Хатаидың шығармалар жинағы анықталды (TWESCO, 20.03.2020).

Ресей мемлекеттік думасының Ақпараттық саясат жөніндегі комитеті Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске есірткі мен психотроптық заттар туралы ақпаратты интернетте орналастыру және тарату үшін айыппұлдарды көбейтетін және жауапкершілікті күшейтетін түзетулердің қабылдануын қолдады. Интернет ресурстарында есірткіні кеңінен насихаттау үшін айыппұлдар заңды тұлғалар үшін 1,5 млн. Рубльге (19,425 доллар) дейін және жеке тұлғалар үшін 30 мың рубльге (388 доллар) дейін жетуі мүмкін (SNG.today, 19.03.2020).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.