Түркі мемлекеттері ұйымының XI саммиті: алдағы міндеттер мен болашақ мақсаттар

ТҮРКІ МЕМЛЕКЕТТЕРІ ҰЙЫМЫНЫҢ XI САММИТІ:
АЛДАҒЫ МІНДЕТТЕР МЕН БОЛАШАҚ МАҚСАТТАР 2024 жылы 6 қарашада Қырғызстан астанасы Бішкекте Түркі мемлекеттері ұйымының (ТМҰ) XI саммиті өтті. Төрағалық мерзімі Қазақстаннан Қырғызстанға өткен XI саммитті түркі әлемінің аймақтық және жаһандық тұрғыдан нығайып келе жатқан ұстанымын көрсету тұрғысынан маңызды бетбұрыс деп бағалауға болады. «Түркі әлемінің нығаюы: Экономикалық интеграция, тұрақты даму, цифрлық болашақ және қауіпсіздік» тақырыбы аясында бас қосқан туысқан елдердің көшбасшылары «Саясат, сыртқы саясат және қауіпсіздік», «Экономикалық және салалық ынтымақтастық», «Халықтар арасындағы өзара ынтымақтастық», «Түркі әлеміндегі институционалдық ынтымақтастық» және «Сыртқы тараптармен ынтымақтастық» сынды негізгі тақырыптары бойынша 122 баяндаманы талқылады (ТМҰ, 2024). ТМҰ әрбір саммиті үзілмей жалғасып келе жатқан ынтымақтастық пен интеграциялық үдерістерге жаңа серпін беретін шешімдердің куәсі болады. Бұл сараптамада соңғы төрт саммит декларациясы аясында Бішкек саммитінің маңызды жаңа бастамалары мен тәсілдері, сондай-ақ болашақта жетер жетістіктерімізге баса назар аударамыз.
Белгілі болғандай, 2021 Стамбул саммиті ұйымның атауының өзгеруімен де, қабылданған Түркі әлемі 2040 көзқарас құжатымен де (ТМҰ, 2021) маңызды кезең болып саналады. 2022 жылғы Самарқанд саммитінде бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылса, ТМҰ 20222026 стратегиялық құжаты да қабылданды (ТМҰ, 2022). Әсіресе, Солтүстік Кипр Түрік Республикасының (СКТР) ТМҰ-ға бақылаушы мүше ретінде қабылдануы Самарқанд саммитінің ең тұшымды тұстарының бірі болғаны белгілі. «TURKTIME» тақырыбымен өткен 2023 жылғы Астана саммитінде «TURANSEZ» арнайы экономикалық аймағын функционалды ету және мүше елдер, әсіресе Орта дәліз арасындағы сауда қарымқатынастары мен байланысты дамыту үшін көптеген маңызды шешімдер қабылданды (ТМҰ, 2023).
Бішкек саммитінің декларациясында ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі мәселелерден бөлек, жеті тақырып елді елең еткізді. Олардың біріншісі және әлеуметтік желілердегі ең танымалы, ТМҰ-ның жаңа туының қабылдануы. Декларацияда айтылғандай, жаңа дизайн «түркі болмысының, бірлігінің, ортақ мұрасы мен құндылықтарының нышандарын бейнелейді» және ортақ болашаққа баса назар аударады. Ескеруді қажет ететін екінші тақырып – Түркі әлемінің мұраттары мен мәдени бірлігін нығайтуды мақсат еткен Түркі әлемі Хартиясын бекіту. Оның ауқымы туралы егжей-тегжейлі ақпарат әлі айтылмаса да, аталған құжат келесі жылы мүше мемлекеттерде талқыланып, жұртшылықпен бөлісіледі деп күтілуде. Институционалдық ынтымақтастықтың негізгі айдарымен атап өтілген тағы бір маңызды мәселе – Халықаралық Түркі академиясы аясында құрылған комиссияның ортақ әліпби бойынша жүргізіп жатқан зерттеулері мүше мемлекеттері тарапынан жіті қадағаланып, назарға алынуы. Түркі әлемі жұртшылығы көптен бері асыға күткен және 2024 жылдың 9-11 қыркүйегінде Бакуде өткен соңғы жиналыста мүше мемлекеттер келіскен ортақ әліпбиді қабылдау және бекіту үдерістері тағы біраз уақыт алады деп есептелуде. Бұдан басқа, Бішкек саммитінің декларациясында Еуропа Одағы және Африка Одағымен қарым-қатынастар, Палестина мен Ауғанстандағы оқиғалар сынды аймақтық және жаһандық мәселелерге қатысты белсенді көзқарас пен стратегиялық көзқарасты қабылдау да баса назар аударуды қажет ететін мәселелерге жатады.
Бұл тақырыптарды егжей-тегжейлі қарастырған кезде, ТМҰ-тың түркі әлемінің құндылықтарын қорғаудағы әрі оның халықаралық аренадағы мүдделерін қолдаудағы рөліне нақты баса назар аударылғанын аңғаруға болады. Ұзақ уақыттан бері халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптардың бірі болған Газадағы гуманитарлық трагедияға қатысты мүше мемлекеттер «жойқын гуманитарлық жағдайға қатты алаңдаушылық білдірді, бейбіт тұрғындарды бейтарап нысанаға алуды айыптады әрі БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті қаулыларын қоса алғанда, халықаралық құқық нормаларын толық сақтай отырып, соғысты шұғыл әрі түбегейлі тоқтатуға, сонымен бірге Газаға гуманитарлық көмекті кедергісіз жеткізуге шақырды; Сонымен бірге екі мемлекетті шешім негізінде Израиль-Палестина қақтығыстарын әділ және тұрақты шешуге шақырды». Сөз жалғасында: «1967 жылға дейінгі шекараларға негізделген, астанасы Шығыс Иерусалим аталатын тәуелсіз, егеменді және біртұтас Палестина мемлекетін халықаралық деңгейде тануды қолдайтындарын, сондай-ақ Палестина мемлекетінің Біріккен Ұлттар Ұйымына (БҰҰ) мүше болуға құқығы бар әрі қабылдануы керек деп тапқан БҰҰ Бас Ассамблеясының 2024 жылғы 10 мамырдағы шешімін құптайтындарын жариялады». Сол сияқты, Газа секторындағы шиеленістен қатты зардап шеккен ел «Ливанда мүмкіндігінше тез арада атысты тоқтатудың және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 2006 жылғы 1701 санды қаулысын орындаудың маңыздылығы ортаға қойылды (ТМҰ, 2024). Соңында Орталық Азиядағы қауіпсіздік мәселелерімен бірге қатар көтерілетін Ауғанстан мәселесіне қатысты жұмыс тобын құру шешімі алғаш рет ТМҰ сыртқы саясатының күн тәртібіне енгізілді. Екінші жағынан, Венгрияның Еуропа Одағы Кеңесіне төрағалық етуінің артықшылығымен Бішкек саммитінде Жазушы: қауымд.проф., доктор Cуат БЕЙЛҮР, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан дайындалған Ортақ жұмыс жоспарымен ТМҰ мен Еуропа Одағы арасындағы қарым-қатынастар неғұрлым институционалдық негізде қамтамасыз етілді. Еуропа Одағымен басталған осы жаңа үдеріс сынды ТМҰ-тың Африка Одағымен бірлескен саммит ұйымдастыру бастамасы ұйымның бұдан былай жаһандық мәселелерде белсендірек рөл атқарғысы келетінін көрсетеді.
Саммиттің назар аударарлық тақырыптарына қоса, цифрлық экономика және жасыл қаржы ұранымен түркі әлеміндегі интеграциялық күш-жігердің локомотиві болып табылатын экономикалық интеграцияға қатысты соңғы оқиғаларды атап өту орынды болар. Әсіресе жасыл қаржыландыру және цифрлық экономика мәселелері ТМҰ аймақтағы экономикалық ынтымақтастықты жаңа буын технологиялары мен экологиялық тұрақтылықпен қалыптастыратынын көрсетеді. Түркі Жасыл қаржы кеңесінің құрылуы және цифрлық экономика саласындағы Цифрлық экономика серіктестігі туралы келісім қол қою мүше елдердің экономикалық ынтымақтастықты кеңейтуге деген жігерін көрсетеді (ТМҰ, 2024). Экономикалық ынтымақтастық саласындағы Бішкек саммитінің тағы бір назар аударарлық тұсы күрделі салымдар тұрғысынан маңызды болып табылатын Түркі әлемі инвестициялық форумының ашылуы болды. Бұл жаңа алаң мүше елдердің инвестициялық әлеуетін арттыру және аймаққа тікелей шетелдік инвестицияларды тарту тұрғысынан маңызды. Қазақстанның «TURANSEZ» арнайы экономикалық аймағы жобасы – ТМҰның экономикалық интеграциялық күш-жігерін неғұрлым нақты және ұзақ мерзімді негізге жеткізуге бағытталған тағы бір бастама. Бұл бастамалар аймақтың экономикалық тұрақтылығын арттыруға және Орталық Азияны Еуразиялық аймақтағы сауда орталығына айналдыруға бағытталған маңызды қадамдар болып саналады.
Қорытындылай келе, Бішкек саммиті ТМҰ-ның болашақ ұстанымдары туралы маңызды мәліметтер береді. Алдағы кезеңде ТМҰ цифрлық экономикада, жасыл қаржыландыруда, ортақ бірегейлікті және жаһандық саясатты қорғау әрі дамытуда белсендірек рөл атқарады деп күтілуде. ТМҰ Орталық Азияда бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі миссиясы жалғастыра отырып, осы бағыттағы барша тиісті тараптармен экономикалық даму мен өркендеу негізінде тұрақтылықты қолдау шараларын қабылдайды. Бұған қоса, киберқауіпсіздік және жалған ақпаратпен күресу сынды қазіргі заманғы қауіпсіздік қатерлеріне қарсы ортақ шешімдерді шығару үшін мүше мемлекеттер арасында қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастықты күшейтетін болады. Экономикалық ынтымақтастық саласында аймақтық байланысты арттыратын және сауданы жеңілдететін жаңа бастамалар TURANSEZ сияқты жобалармен жалғасады деген болжам бар. Әсіресе, энергетика, логистика және қаржылық интеграция саласындағы ілгерілеу түркі әлемінің экономикалық қуатын арттырып, жаһандық экономикада тиімдірек орынға көтерілуіне мүмкіндік береді. Осының арқасында, Бішкек саммиті ТМҰ корпоративтік бірегейлігін нығайтқан, сонымен қатар ұйымның аймақтық және жаһандық державаға айналу жолындағы маңызды қадамдарын анықтаған саммит болды. Саммитте қабылданған шешімдер түркі әлемі бетпе-бет келген жаңа мүмкіндіктер мен қауіптерге қарсы ынтымақтастықта әрекет ету табандылығын көрсетеді. 1926 жылы I Түркология конгрессін (Баку) өткізген Әзербайжан, ТМҰ-ның әрбір жаңа мерзімдегі төрағалығында жаңа тосын шешімдердің дәстүрге айналғанын ескере отырып, 2025 жылы қарашада – I Түркология конгрессінің 100 жылдығында ТМҰ мерзімді төрағалығын бастайды. Жаңа тарихи шешім қабылданып, Түркі мемлекеттерінің ортақ әліпбиі жүзеге асады деген үмітіміз зор… Дереккөз:
Түркі мемлекеттері ұйымы (2024). Түркі мемлекеттері ұйымының 11-ші саммиті Бішкек декларациясы. Сілтеме: https://www.turkicstates.org/tr/haberler/turkdevletleri-teskilati-11-zirvesi-biskek-bildirisi_3476. Қаралған уақыты: 08.11.2024.
Түркі мемлекеттері ұйымы (2024). Түркі мемлекеттері ұйымының 11-ші саммиті Бішкекте өтті. Сілтеме: https://www.turkicstates.org/tr/haberler/turk-devletleriteskilatinin-on-birinci-zirvesi-biskekte-duzenlendi_3475. Қаралған уақыты: 08.11.2024.
Түркі мемлекеттері ұйымы (2021). Түркі Мемлекеттері Ұйымының Түркі әлемінің келешегі – 2040. Сілтеме: https://turkicstates.org/tr/haber/turk-dunyasi-2040vizyonu. Қаралған уақыты: 08.11.2024. Түркі мемлекеттері ұйымы (2021). Түркі мемлекеттері ұйымының 8-ші саммиті Ыстамбұл декларациясы. Сілтеме: https://turkicstates.org/tr/haber/turk-devletleriteskilati-8-zirvesi-istanbul-bildirisi. Қаралған уақыты: 08.11.2024.
Түркі мемлекеттері ұйымы (2023). Түркі мемлекеттері ұйымының 10-шы саммиті Астана декларациясы. Сілтеме: https://www.turkicstates.org/tr/haberler/turkdevletleri-teskilati-10-zirvesi-astana-bildirisi_3113. Қаралған уақыты: 08.11.2024.
Түркі мемлекеттері ұйымы (2022). Түркі мемлекеттері ұйымының 9-шы саммиті Самарқанд декларациясы. Сілтеме:
https://turkicstates.org/tr/haberler/turkdevletleri-teskilati-9-zirvesi-semerkant-bildirisi_2679. Қаралған уақыты: 08.11.2024.




