f𝕏▶in◎
ERI Logo
Басты бет›Басылымдар›Арал теңізінің экологиялық көші-қонға әсері: Қызылорда облысы мысалында
ebulletin

Арал теңізінің экологиялық көші-қонға әсері: Қызылорда облысы мысалында

Авторлар: Жандос Құдайбергенов
2021 ж. 4 қараша
Арал теңізінің экологиялық көші-қонға әсері: Қызылорда облысы мысалында

АРАЛ ТЕҢІЗІНІҢ ЭКОЛОГИЯЛЫҚ КӨШІ-ҚОНҒА ӘСЕРІ: ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ МЫСАЛЫНДА Соңғы жылдары Қазақстан территориясында түрлі экологиялық мәселелер орын алып, аймақтарда шиеленіскен жағдайлар қалыптасып отыр. Солардың бірі – антропогендік іс-әрекет салдарынан пайда болған Арал теңізі мәселесі. Арал теңізінің тартылуы өңірді үлкен экологиялық апат аймағына айналдырғаны баршаға мәлім. Арал мәселесі 1960 жылдардан бері Сырдария және Амудария өзендерінің суларын суармалы егіншілік үшін мөлшерден тыс пайдаланумен тікелей байланысты. 1990 жылдарға дейін теңіздің су қоры 60%-ға азайып, тереңдігі 16,6 метрге дейін төмендеген. Аймақта үнемі болып тұратын қатты жел ондаған жылдар бойы теңіз түбінде жиналған зиянды гербицидтер мен пестицидтерден тұратын шаң-тозаңды теңізден жүздеген шақырым алыста орналасқан тұрғын алқаптарына тасымалдап жатыр. Аралдың пестицидтері Антарктида пингвиндерінің қанында табылса, Аралдың шаңын Скандинавия ормандарында да кездестіруге болады. Осылайша, Арал теңізінің құрғап кетуі қоршаған ортаның шөлейттенуіне және жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайына тікелей әсер ете отырып, аймақтық экожүйенің өзгеруіне әкеліп соқтырды.

Аймақтағы қолайсыз экологиялық ахуал халықтың денсаулығына (өлім-жітім көрсеткіштерінің өсуі), өмір сүру ұзақтығына, өңір экономикасы мен миграцияға әсер етеді. Мұндай экологиялық мәселелерден аса зардап шегіп отырған аймақ және апаттың эпицентрі ретінде Арал маңы аудандары мен Қызылорда облысын атап айтсақ болады. Қызылорда облысы халқының денсаулық сақтау статистикасына сүйенсек, дене салмағы төмен жаңа туылған нәрестелердің үлесі және өлімжітімнің артуы өмір сүру ортасы жағдайларының нашарлау дәрежесіне тікелей байланысты деп айтуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, стрестік жағдайлардың жиіленуі және су мен ауаның ластануы жергілікті халықтың жүрек-қан тамырлары және қатерлі ісік ауруларын тудырып отыр. Соңғы кездері жүрек-қан тамырлары аурулары бір жарым есе, қант диабеті үш есе, балалардағы бронх демікпесі екі есе дерлік өскенін байқауға болады. Сонымен қатар, балалардың басым көпшілігінде дамудың шағын ауытқулары және патологиялық аурулар анықталып жатыр. Өңірде нәрестелердің өлім-жітімі (1000 адамға шаққанда 9,75 бала) және өлі туу көрсеткіштері Қазақстанның басқа аймақтарымен салыстырғанда әлдеқайда жоғары болып тұр. Сонымен, қоршаған ортаның ластану деңгейі мен өлім көрсеткіштері арасында тікелей байланыстың бар екенін көруге болады. Қоғамдық денсаулық сақтау мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі ретінде халықтың әлеуметтік және экономикалық жағдайына тікелей әсер етуші фактор болып есептеледі. Дегенмен, экологиялық және экономикалық дағдарыс жағдайында ауыру көрсеткіштерінің жоғарылауы, туу деңгейінің күрт төмендеуі және өлім-жітімнің едәуір артуы мүмкін. Мұндай жағдайда экологиялық апат аймақтарындағы тұрғындардың ауыру деңгейі мен демографиялық көрсеткіштерін назарға ала отырып, осы бағытта жұмыс жасау қажет.

Климаттың өзгеруі және экологиялық жағдайдың нашарлауы жергілікті тұрғындарды ерікті немесе мәжбүрлі көшіқонға итермелейді. Бұны экологиялық көшіқон деп атаймыз. Ал, экологиялық мигрант дегеніміз – өз өміріне немесе өмір сүру жағдайларына теріс әсер ететін қоршаған ортаның кенеттен немесе прогрессивті өзгерістері салдарынан тұрғылықты жерінен ел іші немесе одан тыс жерлерге уақытша немесе тұрақты негізде қоныс аударуға мәжбүр болған адамдар. Қазақстанда осындай экологиялық көші-қонға мәжбүрлі түрде бойсұнып отырған аймақ ретінде Қызылорда облысын атасақ болады. Аталмыш аймақтың қазіргі жағдайы адамзаттың табиғи ресурстарды негізсіз және жүйесіз пайдалануы салдарынан туындаған экологиялық жағдайы күрт нашарлаған аудандарынан экологиялық көші-қонды реттеудің құқықтық тетігінің жоқтығын айқын көрсетіп отыр. Осы аймақтағы қоршаған ортаның нашарлауы жергілікті халықты жұмыспен қамту мен табыс деңгейі үшін айтарлықтай қолайсыз жағдайлар туғызды. Экологиялық фактор көптеген жергілікті тұрғындарды заңды және заңсыз басқа жерлерге көшуге мәжбүр етті. Климаттық және экономикалық негіздегі көші-қон сияқты қоршаған ортаға қатысты талдаулар мен зерттеулер экологиялық көшіқон тұжырымдамасының қалыптасуына негіз болды. Қоршаған орта экологиясының кенеттен немесе баяу өзгеруіне байланысты экологиялық көші-қон ерікті және мәжбүрлі болып бөлінсе, территориялық нысаны бойынша ішкі немесе халықаралық көші-қон, мерзімі бойынша уақытша және тұрақты негіздегі көші-қон болып жіктеледі. Кенеттен туындаған табиғи құбылыстар және қоршаған ортаның баяу деградацияға ұшырауы, көбінесе, халықтың бір жерден екінші жерге көшуі арқылы ішкі көші-қон сипатында болады. Осы орайда, елдегі көші-қон үдерістерін реттеу жүйесін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 602 қаулысымен бекітілген ҚР Көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді.

Қазақстан Республикасы шетелдік қызметкерлерді жұмысқа тарту, азаматтарды ел аумағы бойынша оңтайлы қоныстандыру жөніндегі уақытша көші-қон, сондай-ақ Қазақстанға келетін репатрианттарға қатысты ұзақ мерзімді тұрақты көші-қон стратегиясын қалыптастырды.

Сонымен қатар, Қызылорда облысының екі ауданы «Арал өңіріндегі экологиялық апат салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» 1992 жылғы 30 маусымдағы № 1468-XII заңмен экологиялық апат аймағына жатқызылғандықтан экологиялық мәжбүрлі көші-қон өлшемшарттарының біріне айналды. Қызылорда облысының қалған аумағы осы аталған заңмен экологиялық дағдарыс аймағына жатқызылған. Халықтың аурушаңдығының тұрақты өсуі, қоршаған табиғи ортада ластаушы заттардың халық денсаулығы үшін қауіпті мөлшерден асып кетуі, қоршаған орта экожүйесінің бұзылуы, экожүйенің биоөнімділігінің төмендеуі және теңіз суының күрт таяздануы сияқты көрсеткіштер аймақтың экологиялық шекарасын анықтауға себеп болып отыр.

Соңғы уақытта Қызылорда облысының көшіқон статистикасы теріс сальдо көрсетіп отыр. Халықаралық көші-қонға қатысты соңғы жылдары облыстағы шетелдік көші-қон қарқындылығы бүкіл ел бойынша ең төменгі деңгейде сақталып отырғанын атап өту қажет. Мысалы, 2020 жылы Қызылорда облысына шетелден 44 адам келсе, облыстан 52 адам шетелге қоныс аударған.

Статистикаға сүйенсек өңірде халықаралық көші-қонның соңғы алты жылда тұрақты түрде теріс сальдо (2015 жылы -45, 2016 жылы -51, 2017 жылы 27, 2018 жылы -35, 2019 жылы -38, 2020 жылы -8) көрсете отырып, ақырындап және сенімді түрде көші-қонның өсіп келе жатқанын байқауға болады. Сонымен қатар, аймақта облысаралық ішкі көші-қонға қатысты келушілер мен кетушілер санының тұрақты өсуі байқалады. Яғни, 2020 жылы өңірге келгендердің саны 25 174 адам болса, кеткендер 29 901 адамды құрап, ішкі көші-қон сальдосы – 4 736 болды. Дегенмен, Қазақстандағы ішкі көші-қон кезінде бюрократиялық мәселелер және қажеттіліктің болмауы себебінен көп жағдайда қоныс аударушылардың бұрынғы тұрғылықты жерінен тіркеуден шықпайтынын және жаңадан тұрақтаған мекен-жайы бойынша бойынша тіркеусіз жүретінін де ескерген жөн. Мәселен, Қызылорда облысында тұрақты тіркеуде тұрған азаматтардың кейбірі еліміздің басқа өңірлерінде өмір сүруде. Экологиялық апат пен экологиялық дағдарыс аймағындағы Қызылорда облысы халқының өсуі, негізінен, бала туудың жоғары көрсеткіштеріне байланысты болып отыр. 2020 жылы өңірде 21 674 бала дүниеге келсе, 2 859 адам қайтыс болған. Яғни, демографиялық өсім өлімге қарағанда 7,5 есе жоғары. Осыған қарамастан облыстың халық саны айтарлықтай өсіп жатқан жоқ. Бұған жоғарыда айтылғандай ішкі көші-қонның теріс сальдосы дәлел болады.

Қорытындылай келе, экологиялық апат салдарынан Арал өңірінде нәресте өлімі, өлі туу, диабет, астма және жүрек-қан тамыры аурулар сияқты патологиялық аурулардың күннен-күнге белең алып көбейіп келе жатқанын айтуға болады. Сондықтан да өңір экологиясының денсаулыққа зиянды екендігіне көзі жеткен адам бұл өңірді тұрақты тұрғылықты жері ретінде таңдамайтындығы анық. Жалпы адамзат табиғатынан өзіне ыңғайлы, жанға дауа болатын «жерұйықты» іздейді.

Осылайша, экологиялық апат аймағындағы халық экономикалық тиімді, әрі экологиялық таза аймаққа бас сауғалайды. Алайда, экологиялық себептерге байланысты өздерінің тұрғылықты жерін тастап кетпеген және сол экологиялық апат/дағдарыс аймағында өмір сүруін жалғастырып жатқан тұрғындарға да аса назар аудару керек. Көптеген жергілікті тұрғынның «барар жері, басар тауы» болмағандықтан экологиялық апаттың эпицентрі болса да амалсыз туған жерінен ұзап кете алмауда. Осы себепті, басқа аймаққа қоныс аударушылардың жағдайын жасап қана қоймай, экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймағын мекендеп қалған халыққа да жоғары деңгейде мемлекеттік қолдау көрсетілуі тиіс. Атап айтқанда, үкімет тарапынан халықтың аймақтық экологиялық жағдайға бейімделген шаруашылық жүргізуіне көмек көрсетілуі керек. Сонымен қатар, Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, экологиялық апат және экологиялық дағдарыс аймақтарында денсаулық мониторингінің кешенді бағдарламасын енгізу қажеттілігі туындап отыр. Қоршаған ортаны қорғау саласындағы үкіметтік және үкіметтік емес ұйымдардың көмегімен аймақтық экологияны қалпына келтіру бағытында қажырлы жұмыстар жасалуы қажет. Мұндай іс-шаралар өңірді Қазақстанның басқа аймақтарынан келген ішкі мигранттар үшін әлеуметтік және экономикалық жағынан тартымды етуге және Қызылорда өңіріне ішкі көші-қон қарқындылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Жазушы: Жандос Кудайбергенов, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Экономика, қаржы және энергия Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік  Қазақстан 2021 жылдың басынан бері 23       Қазақстан Парламентінің Сенаты Каспий маңындағы бес мемлекет қол қойған Каспий теңізін қорғау туралы келісімді мақұлдады. Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев заң жобасының Қазақстан үшін әлеуметтік, экономикалық және құқықтық жақтан кері салдары болмайтындығын мәлімдеді. Мақұлдау елдерге Каспий теңізінің қоршаған ортасын қорғау, ластану деңгейін бақылау және ресурстарды ұтымды пайдалану үшін үздік экологиялық технологияларды пайдалануға мүмкіндік береді (Qazaq TV, 21.10.2021).

НАТО Бас хатшысының Кавказ және Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Хавьер Коломина Пириз Әзірбайжанға сапары аясында, Әзірбайжан Қорғаныс министрі Закир Гасановпен кездесті. Тараптар Әзірбайжан-НАТО ынтымақтастығының қазіргі жағдайына қанағаттанғандықтарын білдіріп, осы салада қол жеткізілген оң нәтижелерге назар аударды. Министр Байрамов Әзірбайжан жерлерінің басып алу факторын жою арқылы Әзірбайжанның Армениямен қарым-қатынасын халықаралық құқық қағидаттары аясында қалыпқа келтіруге дайын екенін жеткізді. Тараптар НАТО-Әзербайжан серіктестігінің күн тәртібі мен болашағы туралы пікір алмасты (Azernews.az, 19.10.2021). Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы Тәжікстанда әскери жаттығуларын жалғастыруда. Жақында ұйымның бас хатшысы Станислав Зас жұмыс сапарымен Тәжікстанға келеді деп жоспарланған. Бұған дейін Ресей Орталық әскери округінің қолбасшысы Александр Лапиннің Тәжікстанға келгені хабарланған болатын. Бірлескен оқу-жаттығуларға 4 мың жауынгер мен 500-ден астам техника жұмылдырылған (Asia-Plus, 20.10.2021). Үш жақты елдердің (Грузия, Молдова және Украина) премьер-министрлері үшжақты елдер премьер-министрлерінің онлайн кездесуі барысында еуропалық интеграцияға бағытталған күш-жігерді синхрондау және біріктіру мәселелерін талқылады. Үкімет басшылары Ассоциацияланған үштік елдері Еуропалық Одақтың кеңеюінің келесі кезеңінде болатынына сенім білдірді. Премьер-министрлер Шығыс әріптестік саммитінде де «бір ауыздылықты» дәріптеуге және сол мақсаттарды қолдауға келісті (Interfax.com.ua, 24.10.2021).

Мәскеуде Ауғанстан мәселесі бойынша үшінші консультативтік кездесу өтті. Жиынға Қытай, Үндістан, Иран, Қазақстан, Қырғызстан, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан елдерінің өкілдері және Ауғанстанның уақытша үкіметінің жоғары деңгейдегі делегациясы қатысты. Келіссөздер барысында қатысушылар Ауғанстанның қазіргі үкіметін тану және заңдылық басқару жүйесі, аймақтағы басқа елдермен қарым-қатынасы, Ауғанстан халқына гуманитарлық көмек жеткізу мәселелеріне назар аударды. Қатысушылар сонымен қатар трансауғандық энергетикалық, көлік қатынасы және өнеркәсіптік дәліздерге ерекше назар аударды (TASS, 21.10.2021).

Армения, Әзірбайжан және Ресей премьер-министрлерінің орынбасарлары Мгер Григорян, Шахин Мұстафаев және Алексей Оверчук үшжақты жұмыс тобының отырысын өткізді. Тараптар 2021 жылғы 11 қаңтарда Армения, Әзірбайжан және Ресей басшылары қол қойған үшжақты келіссөздер аясында Оңтүстік Кавказ аймағындағы көлік коммуникацияларын қалпына келтіруге сенім білдірді және одан әрі жұмыс барысын талқылады. Тараптар сегізінші кездесудің екінші бөлімін жақын арада өткізуге келісті (Azernews.az, 21.10.2021).

     млн. тонна көмір экспорттады. Елдің көмір өндірушілері Болгария, Марокко, Үндістан, Оңтүстік Корея және Ұлыбритания сияқты жаңа нарықтарға шыға бастады. Тек Ұлыбритания 192 мың тоннаға жуық көмір импорттаса, Қытай, Түркия, Польша, Швейцария және Өзбекстан импорт көлемін арттырды. 2021 жылдың тоғыз айында Қазақстанда 79 млн. тоннадан астам көмір өндірілді (Qazaq TV, 22.10.2021).

2021 жылы Өзбекстанның сыртқы сауда көрсеткіштері недәуір өсті. 2021 жылдың алғашқы тоғыз айында елдің сыртқы сауда айналымы 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,5 пайызға өсіп, 28,2 миллиард долларға жетті. Өзбекстанның экспорт пен импорты сәйкесінше 17,2% және 18,7% өсіп, 10,3 млрд. доллар және 17,8 млрд. долларға жетті. Елдің үш ірі сауда серіктесі Қытай, Ресей және Қазақстан болып табылады. Елдің Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерімен тауар айналымы 10,8 миллиард долларға жетті (UzReport, 23.10.2021).

Қырғызстан шағын су электр станцияларын құру арқылы энергетика саласын дамытуды жоспарлап отыр. Ел билігінің хабарлауынша, салық салу және басқа да преференциялар арқылы жеке инвестицияларды тартудың тиісті заңнамалық негізін құра отырып, нормативтік құжаттар қабылданды. Елдің әртүрлі аймақтарындағы шағын су электр станцияларының жалпы қуаты 100 мегаватттан (МВт)

асады. Қазіргі уақытта елімізде жалпы қуаты 54 МВт-тан тұратын он тоғыз шағын су электр станциясы жұмыс істейді (Kabar, 18.10.2021).

Еуразиялық экономикалық комиссияның ресми өкілі Ия Малкина Еуразиялық экономикалық одақтағы (ЕЭО) сыртқы сауда эпидемияға дейінгі деңгейден 10%-ға асып кеткенін хабарлады. 2021 жылдың алғашқы 8 айында одақтың сыртқы саудасы өткен жылмен салыстырғанда үшінші өсіммен 522 миллиард долларға жетті. Оның ішінде экспорт 38,5 пайызға, импорт 24,5 пайызға өсті. 2021 жылдың бірінші жартыжылдығында ЕЭО елдеріне салынған тікелей инвестициялар 14,7 миллиард долларды құрады (BelTA, 20.10.2021).

Жақында Беларусь ауыл шаруашылығы және азық-түлік министрінің орынбасары Алексей Богданов елдің 2030 жылға қарай сүт өнімдерінің экспортын 4 млрд. долларға дейін арттыруды жоспарлап отырғанын хабарлады. Богданов Беларусь 2020 жылы 2,4 миллиард долларлық сүт өнімдерін экспорттаса, биыл экспорттың 100 млн. долларға артатынын мәлімдеді. 2025 жылға қарай Беларусь сүт өндірісін 9,2 млн. тоннаға дейін арттырып, экспорттық кіріс 3 миллиард доллардан асады (BelTA, 20.10.2021).

Иран мен Түркіменстан билігі газ импортын қалпына келтіру туралы келіссөздер жүргізуде. Иран тарапы мұнай және энергетика министрліктерінің қыс айларында Иранда электр қуаты мен газ жеткізудегі үзілістердің алдын алу үшін шаралар қабылдайтынына үміт білдірді. Ирандағы электр қуатының тапшылығы 11-12 мың МВт аралығында болады деп күтілуде. Түркіменстан жиналған орасан зор қарызға байланысты 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап Иранға газ беруді тоқтатқан (Orient, 18.10.2021).

Дайындағандар:

Женгізхан Жаналтай, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет       Ыстамбұлда «Терең тамырлы тарих, мықты болашақ» тақырыбымен үш күндік Түркі кеңесі медиа форумы өтті. Форумға Түркі кеңесіне мүше мемлекеттерден Әзірбайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия, Өзбекстан, Венгрия және Түркіменстаннан бақылаушы мәртебесі бар 350 танымал БАҚ өкілдері, ғылым және мәдениет қайраткерлері, белгілі әлеуметтік желі блогерлері мен студенттер жиналды. Қатысушылар киноиндустрия мен бұқаралық ақпарат құралдарында, соның ішінде әлеуметтік желілерде дезинформациямен бірлесіп күресу және ынтымақтастықты дамыту мүмкіндіктерін талқылады (Kazinform, 24.10.2021).

Түрік ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (ТИКА) Қырғызстанның Түркиядағы тұңғыш елшісі әрі әйгілі кинорежиссер Толомус Океевтің есімін алған «Қырғызфильм» Ұлттық киностудиясына заманауи цифрлық жабдығын жеткізіп әрі орнатып берді. Шара Бішкекте V түрік фильмдері апталығына орай ұйымдастырылды. Жаңа жабдық Қырғызстан ұлттық киностудиясына кино мұрағатын цифрландыруға көмектеседі. ТИКА Қырғызстанмен тығыз ынтымақтастықта, сондай-ақ бұл елде 900-ден астам жобаны жүзеге асырды (Tika.gov.tr, 22.10.2021).

Душанбеде IX Дүниежүзілік су форумына дайындық бойынша Орталық Азия өңірлік конференциясының бірінші күні өтті. Шара нәтижесінде облыстың су мәселесіне қатысты ұстанымы айтылды. Конгрессті Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) Атқару комитеті ұйымдастырды. Конференцияға қатысушылардың барлық ескертулері мен ұсыныстары негізгі құжатта жинақталып, келесі жылы Сенегал астанасы Дакар қаласында өтетін дүниежүзілік форумда Орталық Азия аймағының осы мәселеге қатысты ұстанымы ретінде ұсынылатын болады (Centralasia.news, 20.10. .2021).

Бішкектегі Жүсіп Баласағұн атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Инновациялық технологиялар орталығында Жібек жолы институтының онлайн ашылу салтанаты өтті. Институт бакалавриат, магистратура және жоғары оқу орнынан кейінгі кәсіптік білім беру бағдарламалары (философия ғылымдарының кандидаты)

үшін сарапшылар дайындайды. «Бір жол, бір белдеу» бастамасы аясында жүзеге асырылып жатқан жоба Қырғызстан мен Қытай арасындағы мәдени-гуманитарлық саладағы достық пен ынтымақтастық қарым-қатынасын нығайтады және тереңдетеді деп күтілуде (Kabar, 20.10.2021). Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ) Түркіменстанда мүмкіндігі шектеулі балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған жас азаматтарға, мүгедек ересектерге, қарт адамдарға, гендерлік зорлық-зомбылықтан аман қалған әйелдерге және тәуекел тобындағы жас азаматтар тобына қолдау көрсетуге бағытталған 12 жаңа арнаулы әлеуметтік қызметті іске қосты. Бастама Түрікменстан үкіметімен бірлесіп жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар бірлескен бағдарламаны Тұрақты даму мақсаттарының бірлескен қоры, ЮНИСЕФ, БҰҰДБ, ЮНФПА және ЮНОДК қаржыландырады. Бағдарлама 2022 жылдан бастап жүзеге аса бастайды (Centralasia.news, 19.10.2021).

Түрікменстан президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Арал теңізіне қатысты жаңа ұлттық бағдарламаны бекітті. 2025 жылға дейін жалғасатын бағдарлама климаттың өзгеруі жағдайында қоршаған ортаны қорғауды, Түркіменстанның Арал өңірінің әлеуметтік, экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуды және Арал дағдарысының кері әсерін азайтуды көздейді. Құжат БҰҰ Бас Ассамблеясының БҰҰ мен Халықаралық Аралды құтқару қоры арасындағы ынтымақтастық туралы шешіміндегі ұстанымдарға негізделген (Orient.tm, 23.10.2021).

📄 PDF жүктеу
← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
Жаңа Қазақстан: Жаңа Конституция, Құрылтай және институционалдық трансформация
2026 ж. 3 қыр.
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
АҚШ-Израиль-Иран соғысы және оның Орталық Азияға ықпалы
2026 ж. 9 сәу.
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
Жаһандық милитаризация жағдайындағы Орталық Азия елдері
2026 ж. 15 ақп.
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
V Ұлттық құрылтай және Жаңа Қазақстан: саяси сәулет, кеңес беру және институционалдық реформалар
2026 ж. 26 қаң.