Иранның Ядролық Келісімі: Соңғы Оқиғалар

ИРАННЫҢ ЯДРОЛЫҚ КЕЛІСІМІ: СОҢҒЫ ОҚИҒАЛАР 2020 жылдың қаңтар айының басында АҚШ-тың жасаған әуе соққысынан Иран Ислам революциясы сақшылары корпусы «Кұдс» арнайы бөлімшесінің басшысы, генерал Касем Сулейманидің қаза табуы Вашингтон мен Тегеран арасындағы шиеленісті тіпті де ушықтырып, әлемді соғыс шегіне жеткізді. Бұл жағдай Иранның ядролық бағдарламасына да әсер етпей қоймады. Иран басшылығы жоғары дәрежелі әскери қолбасшының өліміне жауап ретінде Жанжақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспары (ЖҚБІЖ) деп аталатын 2015 жылғы ядролық келісім бойынша қалған міндеттемелерді орындаудан бас тартатынын мәлімдеді. Атап айтқанда, Иран бұдан әрі центрифугалардың санына қатысты шектеулерді орындамайтын болады. Бұл іс жүзінде уран өндіру, байыту және қоймада сақтауға қойылған барлық шектеулерді алып тастауды білдіреді. Халықаралық қауымдастық бұл мәлімдемені Иранның келісімнен шығуы деп қабылдады. Дегенмен, Иран үкіметі Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен (МАГАТЭ) ынтымақтастықты жалғастыратынын және АҚШ санкциялары алынып тасталғаннан кейін ЖҚБІЖ-н толық орындауға дайын екенін мәлімдеді.
Сонымен бірге, Иранның АҚШ-тан аяусыз кек алуға уәде бергеніне қарамастан, орын алған соңғы шиеленіс нақты соғысқа айналмады. Негізінен символдық қадам ретінде Тегеран Ирактағы АҚШ әскерилері орналасқан екі әскери әуе базасын баллистикалық зымырандармен атқыласа, АҚШ Президенті Дональд Трамп халық алдында сөйлеген сөзінде Тегеранға қарсы жаңа экономикалық санкциялар жариялаумен шектеліп, жаңа келіссөздер жүргізуге шақырды. Иран бастапқыда жоққа шығарған Иран әуе қорғаныс күштерінің «Халықаралық Украина әуе жолдары» әуекомпаниясының жолаушылар ұшағын атып түсіруі де шиеленістердің салқындауына әсер етті. Соған қарамастан, екі тарап жұртшылық алдында өздерінің беделін сақтап қалғандай көрінгенімен, Иранның ЖҚБІЖ міндеттемелерін тоқтата тұрғаннан кейін ядролық қаруға қол жеткізу мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Шын мәнінде, Иран Трамп әкімшілігі АҚШ-ты ЖҚБІЖ-нан біржақты шығарғаннан бір жыл өткен соң 2019 жылы мамырда келісім шарттарынан алыстай бастады. Тегеран келісімнің қалған тараптары – Қытай, Франция, Германия, Ұлыбритания және Ресейдің Иран экономикасын құлдырату мақсатында қайта енгізілген АҚШ-тың қатаң санкцияларының салдарын жеңілдету жөніндегі уәделерін орындай алмағандарына наразы болды. Еуропалық державалар тарапынан Иранмен қаржылық операцияларды жеңілдету үшін 2019 жылдың қаңтарында құрылған Сауда-саттық биржаларын қолдау құралы (INSTEX) әлі толықтай іске қосылмады және еуропалық компаниялар өздерінің коммерциялық мүдделерін қауіпқатерге ұшыратқысы келмейді. Нәтижесінде Иран Президенті Хасан Рухани Иранның сыртқы саудасын, мұнай өнеркәсібі мен банк секторын АҚШ-тың экономикалық санкцияларынан қорғауға бағытталған күш-жігерді арттыру үшін ЖҚБІЖ серіктестеріне 60 күндік мерзім берді. Содан бері Тегеран «азға аз» тәсілін қолданып, біртіндеп бес сатыда келісім бойынша белгіленген міндеттемелерді орындауды тоқтата тұрды. ЖҚБІЖ-ның басқа қатысушыларының мұндай қадамдардан аулақ болуға шақырғанына қарамастан, Иран байытылған уран қорының шегін 300 килограммнан асырып, ауыр су қорын арттырды, уранды 3,67%-дан асыра байытты, жетілдірілген центрифугаларды белсендіру арқылы ядролық зерттеулер бойынша шектеулерден асты және Фордо ядролық нысанында уран байыту істерін қалпына келтірді. Сонымен бірге Иран басшылығы ЖҚБІЖ аясында қабылданған артықшылықтарға ие болғаннан кейін бұл қадамдар болдырылмайтынын баса айтты. Тегеран АҚШ-тың ЖҚБІЖ-нан шығып кетіп, санкцияларды қайта енгізуі міндеттемелерді орындаудан бас тартудың заңды негізі болып табылатынын мәлімдей отырып, өз әрекеттерін ядролық келісімге сәйкес деп ақтады. Дональд Трамп 2020 жылғы қаңтарда сөйлеген сөзінде АҚШ президенті болып тұрғанда Иранның ядролық қаруды қолдануына жол берілмейтінін мәлімдеді. Ол сонымен бірге ЖҚБІЖ-на қол қойған қалған елдерді аталмыш келісімді Иранның ядролық амбициясын шектеуге мүмкіндік беретін келісімге алмастыру жөніндегі келіссөздерде АҚШ-тың пікіріне қосылуға шақырды. Алайда, Трамптың үндеуі жауапсыз қалды, өйткені Қытай, Франция, Германия, Ресей және Ұлыбритания өздерінің ЖҚБІЖ міндеттемелерін орындауды жалғастыратындарын тағы бір мәрте растады. Бұл тұрғыда Лондон ЖҚБІЖ бойынша еуропалық позицияның ең әлсіз буыны болып табылатын көрінеді. Себебі Ұлыбритания Премьер-министрі Борис Джонсон бұл келісімді өзі атап өткендей «Трамп келісімімен» алмастыруға болатынын мойындады. Қалай болғанда да, еуропалық державалар Тегеранның ЖҚБІЖ-ның барлық шектеулерін тоқтата тұру туралы шешімін елемей қала алмады және Иранды ядролық келісімге толықтай сәйкестендіру үмітімен келісімнің даулы мәселелерді шешу тетігін іске қосты. Франция, Германия және Ұлыбританияның сыртқы істер министрлері бірлескен мәлімдемесінде Иранның әрекеті ЖҚБІЖ ережелеріне қайшы келетінін және қайтымсыз таралу әсеріне ие екенін тілге тиек етті. Олар сонымен бірге Иранның ядролық келісімді орындауды тоқтатуға заңды негізі бар деген уәжді де қабылдамады. Еуропалық үштік жариялаған дауларды шешу тетігінің іске қосылуы Иран мен келісімге қол қойған басқа бес мемлекет әртүрлі көзқарастардан туындаған келіспеушілікті 65 күндік мерзім ішінде шешуі керек дегенді білдіреді. Егер тараптар келісе алмаған жағдайда, Иран тарапы өз міндеттемелерін бұзды деген ұйғарыммен Біріккен Ұлттар Ұйымының (БҰҰ) Қауіпсіздік кеңесі Иранға қарсы халықаралық санкцияларды қайта енгізуі мүмкін. Иран Сыртқы істер министрі Мохаммад Джавад Зарифтің мәлімдеуінше, бұл шешімнің заңды негізі жоқ және саяси тұрғыдан стратегиялық қате болып табылады. Ресей Сыртқы істер министрлігі аталмыш мәселеге қатты көңілі қалып, алаңдаушылық білдірді және мұн-дай қадам ЖҚБІЖ төңірегінде жаңа шиеленіске әкеліп, оны қайта жүзеге асыруға мүмкін болмайтындай деңгейге жеткізетінін мәлімдеді. Мәскеу Иранның өз ерікті міндеттемелерін орындауды АҚШ-тың бұзушылықтарына жауап ретінде тоқтатқанын алға тартып, Иранның ядролық бағдарламасы бұрын-соңды болмаған ауқымда МАГАТЭ-нің үздіксіз бақылауында екенін мәлімдеді. Сондай-ақ, Ресей басқа тараптар, соның ішінде еуропалық мемлекеттер келісім бойынша өз міндеттемелерін жақсырақ орындайтын болса, Иранның ЖҚБІЖ талаптарын орындаудан бас тартуына ешқандай себеп болмайтынын баса айтты. Ресейлік дипломатиялық қызмет еуропалық серіктестерін ЖҚБІЖ перспективаларына күмән тудыратын қадамдардан бас тартуға шақырды. Қытай да өз кезегінде еуропалық державалардың қабылдаған шешіміне өкініш білідіріп, бұл қадам қандай да бір мәселені шешуге немесе шиеленісті басуға көмектеспейтінін тілге тиек етті. Көптеген бақылаушылар ЖҚБІЖ мәселесінің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде талқылауға шығарылуы ядролық келісімнің күйреуіне әкелуі мүмкін деп қауіптенеді. Алайда Берлин, Лондон және Париж дауларды шешу тетігін ілгерілетуге асықпайтын тәрізді. ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Жозеп Боррель мәлімдегендей, ЖҚБІЖ-ның барлық тараптарымен кеңейтілген кеңестерден кейін тетіктің мерзімі қарастырылған мәселелердің күрделілігіне байланысты ұзартылды. Сонымен қатар, Иран МАГАТЭ-мен сындарлы ынтымақтастықты жалғастыруда және агенттіктің инспекторлары Иранның ядролық нысандарында бақылау жұмыстарын жүргізіп, сезімтал материалдардың әскери мақсатта пайдаланылмауын қадағалауда. МАГАТЭнің жаңа басшысы Рафаэль Гроссидің айтуынша, Иран 2020 жылдың қаңтарында міндеттемелерін азайтудың соңғы кезеңін жүзеге асырғаннан кейін ядролық келісім шарттарын бұзатын ешқандай қадам жасамады. Иранның атом энергиясы ұйымының басшысы Али Акбар Салехи жақында Вена қаласында өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық конференцияда сөйлеген сөзінде еуропалық мүдделі тараптарға АҚШ қысымына қарамай міндеттемелерін орындау арқылы ЖҚБІЖ-н сақтап қалудағы рөлін еске салды. Трамп әкімшілігінің Иранға қатысты «барынша қысым көрсету» саясаты Тегеранды 2015 жылғы келісімнің жаңа, неғұрлым толық нұсқасын келісуге мәжбүр ете алмағаны анық болса да, Иранның ядролық келісімі төңірегіндегі жағдайдың қалай өрбитіндігін уақыт көрсетеді. Иран қолданыстағы келісімге берік болудан бас тартып, Таяу Шығыстағы агрессияшыл саясатын күшейте түсті. Иран егер ЖҚБІЖ-ның басқа тараптары АҚШ санкцияларының келтірген залалын өтеу үшін маңызды қадамдар жасаса, өз міндеттемелерін қайта орындау мүмкіндігін ашық қалдырады. Егер келісімнің қалған тараптары Иранмен дипломатиялық қатынастарды нығайтпаса және нақты экономикалық ынталандырулар ұсынбаса, Тегеранның бір ядролық қару үшін жеткілікті дәрежеде қару-жарақ материалын өндіруге кететін уақытты шамамен бір жылдан бірнеше айға дейін қысқарту қаупі бар.
Жазушы: Дәурен Әбен, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясының панельдік сессиясында «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азия туралы әңгіме» тақырыбында сөз сөйлеп, аймақтағы қауіпсіздік мәселелерін шешу бойынша өз ойымен бөлісті және қатысушыларға Қазақстанның сыртқы саяси басымдықтары туралы ақпарат берді.
Мемлекет басшысы, сондай-ақ, есірткі тасымалына қарсы күрес жөніндегі шараларға, Қазақстанның терроризмге қарсы іс-қимылдарға қосқан үлесіне және «Жусан», «Русафа» операцияларының қорытындыларына егжей-тегжейлі тоқталды (Ақорда, 15.02.2020). Өзбекстанда Махалла және отбасы істері жөніндегі министрлік құрылады. Жаңа министрлік 40 мыңнан астам республикалық деңгейдегі махаллалар мен департаменттердің жұмысшыларын біріктіреді. Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиеевтің айтуынша, қазіргі уақытта махалла комитеттері 200-ден астам тапсырма орындайды және олардың шағын құрамы (екі қызметкер) мұндай жұмыс көлемін өңдей алмайды (Фергана, 12.02.2020).
ЕҚЫҰ, БҰҰ Терроризмге қарсы басқармасы және Швейцария тарапынан Вена қаласында өткізілген терроризм жөніндегі жоғары деңгейдегі аймақтық конференция аясында Түрікменстан зорлық-зомбылық сипатындағы экстремизмнің алдын алу және терроризмге қарсы тұрудың 2020-2024 жылдарға арналған ұлттық стратегиясын ұсынды. Құжатты іске асыру үшін Түрікменстан үкіметі 24 мемлекеттік органның және үкіметтік емес ұйымның өкілдерінен тұратын жұмыс тобын құрды (Түрікменстан СІМ, 12.02.2020). Әзербайжан мен Армения басшылары Ильхам Әлиев пен Никол Пашинян қауіпсіздік жөніндегі 56-шы Мюнхен конференциясы аясында өткен панельдік сессияда Таулы Қарабақ мәселесін көпшілік алдында талқылады. Президент Әлиев бұл даулы аймақтың тарихи түрде Әзербайжанның бөлігі болғанын айтты. Ал Премьер-министр Пашинян өзінің әріптесімен келіспей, тараптардың бұрынғы қатаң ұстанымдарынан кезең-кезеңмен бас тартуды ұсынды.
Әлиев қақтығыстың біртіндеп шешілуіне қарсы емес екенін, бірақ Армениядан Таулы Қарабақты қаржыландыруды тоқтатуды және ол жерден әскерлерді шығаруды талап етті (Deutsche Welle, 16.02.2020).
Ресей Қорғаныс министрінің орынбасары Николай Панковтың айтуынша, Мәскеу Қырғызстанның Кант қаласында орналасқан Ресей әуе базасына әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін орналастыруды жоспарлап отыр. Бұл мәлімдеме Ресей әскери базасының Қырғызстанда болу шарттары туралы екіжақты хаттаманы ратификациялау бойынша Мемлекеттік Дума отырысында айтылды. Ресей сонымен қатар, ұшқышсыз ұшу аппараттарын орналастыруды және Кант аэродромының инфрақұрылымын модернизациялауды жоспарлап отыр (РИА Новости, 11.02.2020).
Молдова Президенті Игорь Додон елдің Сыртқы істер және еуропалық интеграция министрлігінің кеңейтілген отырысына қатысты. Додонның айтуынша, Молдованың ұлттық мүддесі Еуропалық Одақпен бірлестік туралы келісімнің орындалуын, сонымен қатар Батыс және Шығыс мемлекеттерімен келісілген стратегиялық серіктестікті дамытуды талап етеді (Молдпрес, 11.02.2020).
Экономика, қаржы және энергия Иран мен Еуразиялық экономикалық одақ (ЕЭО) арасындағы сауда көлемі 2019 жылдың қазан айында екіжақты жеңілдетілген сауда келісімі күшіне енгеннен бері 1 млрд. долларды құрады. Келісім бойынша Иранның экспорты 87 млн. долларды құраса, ЕЭО 533 млн. доллар көлемінде тауар экспорттады. Иранның ЕЭО-ға мүше бес мемлекетке жасаған экспорты және бұл елдерден импорты тиісінше 347 млн. доллар және 655 млн. долларға жетті (Financial Tribune, 11.02.2020).
Сеул қаласында өткен Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы саяси консультациялардың 10-шы отырысы барысында мәлім болғандай, екі ел арасындағы сауда көлемі 2019 жылы 66%ға артып, 6,5 млрд. долларға жетті. Бұл көрсеткіш 2020 жылы одан әрі өседі деп күтілуде. Оңтүстік Корея тарапы Қазақстанмен атом энергетикасы және технопарктер, ауруханалар мен емханалар құрылысы бойынша ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытқанын мәлімдеді (ҚР СІМ, 11.02.2020; Kazakh TV, 12.02.2020).
Қазақстандық Kusto Group компаниясы және АҚШ-тың Tyson Foods компаниясы Алматы облысында құны 300 млн. доллар болатын ет өңдеу зауытын салады. Құрылыс аяқталғаннан кейін кәсіпорында жылына 500 мың бас ірі қара мал өңделеді деп жоспарлануда. Ал оның жоспарлы тәуліктік қуаттылығы 2 мың бас ірі қара малды құрайтын болады. Екі ауысымда жұмыс істейтін зауыт 4 мыңға дейін жұмысшыны жұмысқа орналастырып, 20 мың жұмыс орнын қалыптастырады (Forbes Kazakhstan, 14.02.2020).
Қырғызстан жүк машиналарымен Қазақстан шекарасын кесіп өтуде қиындықтарға тап болғандықтан, Дүниежүзілік сауда ұйымына (ДСҰ) жүгінді. Қырғызстан Экономика министрлігінің хабарлауынша, 2019 жылдың наурыз айынан бері Қазақстан шекара органдарының күшейтілген тексерулерінің салдарынан Қырғызстаннан транзиттік жүктерді тасымалдау кезінде біршама кідірістер болды. ДСҰ нормаларына сүйене отырып, Қырғызстан Қазақстаннан жасырын сауда кедергілерін тез арада жоюды және қырғыз экспедиторларына кедергісіз транзиттік маршруттарды қамтамасыз етуді талап етті (24.kg, 14.02.2020).
Өзбекстан үкіметі 2020 жылдың 1 тамызына дейін БҰҰ, Дүниежүзілік банк және басқа халықаралық ұйымдармен бірлесе отырып кедейлікті төмендету бағдарламасының жобасын дайындауды жоспарлап отыр. Құжат кедейліктің анықтамалары мен өлшемдерін қамтитын болады және әсіресе жастар мен әйелдер арасында халықтың іскерлік және кәсіпкерлік дағдыларын дамыту үшін бірқатар шаралар ұсынады. Өзбекстан билігінің мәліметінше, Өзбекстандағы табысы төмен адамдардың саны 5 миллионды құрайды (Kun.uz, 11.02.2020).
Үкімет отырысында сөз сөйлеген Ресей Президенті Владимир Путин Ресейдің макроэкономикалық көрсеткіштеріндегі оң үрдістерді атап өтті. 2019 жылы Ресейдің ЖІӨ өсімі 1,3%-ды құрады, ал өнеркәсіптік өндіріс индексі 2,4%-ға артты. Путин үкіметке ұлттық экономиканың орташа әлемдік деңгейден жоғары өсуіне және инвестициялардың жылдық өсу қарқынын 5-7% деңгейіне жеткізуге мүмкіндік беретін жаңа инвестициялық циклды бастауды тапсырды (ТАСС, 12.02.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет Джидда қаласында өткен Ислам ынтымақтастық ұйымының (ИЫҰ) Экономикалық, мәдени және әлеуметтік мәселелер жөніндегі ислам комиссиясының 43-ші сессиясында мүше мемлекеттердің өкілдері бірқатар әлеуметтік және мәдени мәселелерді, оның ішінде ғылым мен технология, су, климат және қоршаған орта, отбасы және денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастық мәселесін қарастырды. Сонымен қатар, комиссия Қазақстанның ИЫҰ аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығын кеңінен атап өту туралы ұсынысын бірауыздан мақұлдады (ҚазАқпарат, 14.02.2020).
Анкара қаласында Абай жылының салтанатты ашылуы өтті. Екі елдің мәдениет министрліктері мен Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылған шараға Түркияның саясаткерлері мен қоғам қайраткерлері қатысты. Салтанатты рәсімде Түркияның Президенттік симфониялық оркестрінің сүйемелдеуімен Түркияның көрнекті әртістері Абайдың танымал шығармаларын орындады (Kazakh TV, 12.02.2020).
2019 жылы Қазақстаннан кеткендер саны 45,231-ге жетті, бұл 2018 жылмен (41,894) салыстырғанда 8%-ға көп.
Оның ішінде 40,933 адам ТМД елдеріне, 4,298 адам басқа елдерге көшіп кеткен. 2019 жылы таза көші-қон сальдосы теріс болып, -32,973 адамды құрады. Бұл 2018 жылы тіркелген -29,109 деңгейіне қарағанда жоғары (Курсив, 14.02.2020).
Қырғызстан билігі бала асырап алу процедураларын жеңілдетіп, асырап алынатын балалардың бірыңғай дерекқорын құруды жоспарлап отыр. Бұл сыбайлас жемқорлыққа жол бермей, бүкіл процестің толық ашықтығын қамтамасыз етеді. Қырғызстан Еңбек және әлеуметтік даму министрлігінің мәліметінше, барлық ықтимал патронат атааналарға жеке код беріліп, дерекқорды қандай да бір делдалсыз еркін пайдалану мүмкіндігі қамтамасыз етіледі (Кабар, 10.02.2020).
Тәжікстан Ғылым академиясының мәліметі бойынша, бұл ел Дүниежүзілік мұздықтар мониторингі қызметіне мүше болды. Қазіргі уақытта тәжік ғалымдары елдегі мұздықтардың нақты санын есептеп, олардың жағдайын зерттеп жатыр. 2019 жылы осы мақсатта мұздықтарға 12 экспедиция жүргізілді, ал 2020 жылы тағы 10 экспедиция жұмыстары жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Зерттеу аяқталғаннан кейін Ғылым академиясы Тәжікстан мұздықтарының 12 томдық каталогын шығарады (Авеста, 12.02.2020).
Ресей Мемлекеттік Думасы Ресей мен Тәжікстан арасында 2019 жылдың сәуірінде жасалған үкіметаралық келісімді ратификациялады. Бұл келісім аясында Душанбе, Кулоб, Худжанд, Бохтар және Турсунзода қалаларында бес орыс тілді мектеп салу көзделіп отыр. Құрылыс аяқталғаннан кейін әр мектеп 1,200-ге жуық оқушыға Ресейдің білім беру стандарттарына сәйкес білім беретін болады. Тәжік тарапы бұл келісімді 2020 жылдың қаңтарында ратификациялаған болатын (Авеста, 12.02.2020).




