Түркияның Қырғызстандағы қоғамдық дипломатия бойынша шаралары

ТҮРКИЯНЫҢ ҚЫРҒЫЗСТАНДАҒЫ ҚОҒАМДЫҚ ДИПЛОМАТИЯ БОЙЫНША ШАРАЛАРЫ Мемлекеттердің сыртқы саясат күн тәртібі мен стратегияларына сәйкес көздеген мақсаттарына жетуінде қоғамдық дипломатия әдістерінің маңыздылығы күн өткен сайын арта түсуде. Бұл тұрғыда Түркия да соңғы 10 жыл ішінде халықаралық қатынастарында маңызды қадамдар жасап, жаңа институттар құрды және бұрынғыларын қайта құрылымдады. Түркияның аймақтық державаға айналу жолындағы, әсіресе, 1992 жылы басталған Түркияның Халықаралық ынтымақтастық және үйлестіру агенттігі (TIKA) арқылы қоғамдық дипломатия бойынша шаралары 2010 жылы Түркияның Дипломатиялық кеңсесі құрылғаннан кейінбелгілі бір әдіс пен жүйе аясында өрби бастады. Бүгінгі таңда Түркия TIKA-мен қатар, Түркия радио және теледидар корпорациясы, Дін істері басқармасы, Юнус Эмре институты, Шетелдегі түріктер және ағайын қауымдастықтар басқармасы (YTB) және Түрік әуе жолдары сияқты түрлі мекемелер арқылы басқа елдердің қоғамдық пікіріне қатысты тиімді қоғамдық дипломатия саясатын жүзеге асыруда. Түркияның 1990-шы жылдары әлемге ашыла бастауы және сыртқы саясаттың көпжақты белсенді бағыттары, әсіресе, Балқан елдері және Түркі республикаларымен әлеуметтік және мәдени байланыстарды нығайту қажеттілігін көрсетті. Кеңес Одағының ыдырауы нәтижесінде Орталық Азиядағы түркі республикалары тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін қысқа мерзім аралығында аймақтағы елдердің даму саясаттарына өз үлесін қосу мақсатында құрылған және сонымен қатар гуманитарлық көмек шараларын жүзеге асыратын TIKA, уақыт өте келе Түркияның қоғамдық дипломатиясының да маңызды құралына айналды. Бұл мақалада Орталық Азия елдері ішінде бірқатар аймақтық және әлемдік державалардың жұмсақ күш қолдануы үшін қолайлы азаматтық қоғам мен саяси құрылымға ие Қырғызстандағы Түркияның қоғамдық дипломатиясы қарастырылады. Қырғызстан Түркияның аймақтық сыртқы саясатында маңызды орынға ие. Екі ел арасындағы қатынастар Түркия 1991 жылы 24 желтоқсанда Қырғызстанның тәуелсіздігін алғашқылардың бірі болып таныған кезде басталды. Екі елдің ынтымақтастығы ортақ тарихқа, мәдениетке, тілге және дінге негізделген. Саяси, сауда-экономикалық, мәдени, білім беру, әскери-техникалық салаларды қамтитын 100-ден астам келісім мен хаттама Түркия мен Қырғызстан арасындағы қатынастардың құқықтық негізін қамтамасыз етеді. Олардың ішінде 1997 жылы қол қойылған «Мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы келісім», 1999 жылғы «Түркия мен Қырғызстан: ХХІ ғасырға бірге» декларациясы және 2011 жылы қол қойылған «Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесін құру туралы бірлескен мәлімдеме» негізгі құжаттар болып табылады. Дипломатиялық қатынастар басталғаннан бері Қырғызстан президенттері Түркияға 11 рет, ал Түркия президенттері Қырғызстанға 8 рет ресми сапармен барды.
Қырғызстан, Түркияны донор мемлекет ретінде қабылдайды. Қырғызстанда 2005 және 2010 жылдары болған саяси төңкерістер ел экономикасына айтарлықтай әсер етіп, бүкіл ел аумағында дағдарыс тудырды. Қиын-қыстау кезеңде Түркияның Қырғызстанға көмек көрсетуін қырғыз жұртшылығы жақсы қабылдады. 2011 жылы Қырғызстанға жасаған сапарынан кейін Түркияның сол кездегі Премьер-министрі Режеп Тайып Ердоғанның елге 71 миллион доллар көлемінде қаржылық көмек көрсетуі және Қырғызстанның 51 миллион долларлық сыртқы қарызын есептен шығаруы осыған ең жақсы мысалдар бола алады.
TIKA Үйлестіру кеңсесі, Қырғызстанда 1992 жылдың қыркүйегінде Бішкек бағдарлама үйлестіру кеңсесі атаумен өз жұмысын бастаған болатын. TIKA 1992 жылы Қырғызстанда жұмыс істей бастағаннан бері 2018 жылға дейін инфрақұрылым, білім беру, денсаулық сақтау, мәдени ынтымақтастық, байланыс, төтенше жағдайлар және гуманитарлық көмек сияқты түрлі салаларда 761 жобаны жүзеге асырды. Бұл жобаларға 117 денсаулық сақтау, 166 білім беру, 180 басқа инфрақұрылым мен қызмет көрсету, 124 экономикалық инфрақұрылым мен қызмет көрсету, 80 мәдени ынтымақтастық пен байланыс, 40 су және санитария, 40 өндіріс, 14 шұғыл және гуманитарлық көмек жобасы кіреді. Қырғыз Республикасы Даму бойынша серіктестердің үйлестіру кеңесінің мәліметтеріне сәйкес, Түркия 2007, 2009, 2010 және 2011 жылдары Қырғызстанды дамыту бойынша ресми көмек көрсеткен елдер арасында бірінші орынға ие болса, 2008 жылы екінші орында болды. Қырғызстанда төңкерістер мен шиеленістер орын алған кезеңде Түркияның көмек көрсетуі қоғамдық дипломатияның бір бөлігі ретінде қарастырылуы мүмкін. TIKA-ның Қырғызстандағы соңғы жылдардағы ең ірі жобаларының бірі – Түркияның қаржылық қолдауымен Бішкекте салынған ҚырғызТүрік достығы мемлекеттік ауруханасы. Жалпы ауданы 11 мың шаршы метрді құрайтын аурухана халықаралық стандарттарға сәйкес салынған. TIKA сонымен бірге аурухананың жақсы жағдайда қызмет көрсетуі үшін қажетті медициналық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етті. Түркияның Дін істері жөніндегі қорының бастамасымен 2016 жылы салынған Бішкек Орталық мешіті де – Түркияның қоғамдық дипломатиясының маңызды жобаларының бірі. Шамамен 35 гектар жерді алып жатқан мешіттің сыйымдылығы 20 мың адамға арналған.
Сонымен қатар, Түркия Қырғызстандағы Караташ су арнасын қалпына келтіріп, қырғыз және өзбек азаматтары тұратын ауылдарда су басу, суды бөлу және ауыл шаруашылығында суды пайдалану мәселелерінің алдын алды. Жалпы 3,2 км арнаның 652 метрлік бөлігінің тозуы су тасқынын туғызатын еді. Су тасқынының алдын алу үшін әдетте арна жабылып, Мирмахмудов ауылында (Өзбекстан) ауыл шаруашылығы алқабы сусыз қалатын, бұл өз кезегінде Қырғызстанның Ош облысында этникалық топтар арасындағы шиеленістердің күшеюіне себеп болатын еді. Бұл су арнасының қалпына келтірілуі тек Қырғызстанның Ош облысына ғана емес, сонымен бірге бүкіл Орталық Азиядағы бауырлас халықтардың татулығы мен түсіністігіне өз үлесін қосты. Осы жобалардың көмегімен Түркия қоғамдық дипломатияның мақсаты ретінде шетелде ел туралы оң көзқарасты қалыптастыру / нығайту мақсатына қол жеткізді деп айтуға болады.
Қоғамдық дипломатияның тағы бір маңызды бағыты – білім беру саласы. Түркия мен Қырғызстанның ортақ университеті болып табылатын Манас университеті бұл саладағы маңызды жұмыстардың бірі болып табылады. Университет 1995 жылы 30 қыркүйекте Измирде қол қойылған Түркия Республикасы мен Қырғыз Республикасы үкіметтері арасындағы Қырғызстанның астанасы Бішкек қаласында Қырғызстан-Түркия Манас университетін құру туралы келісімге сәйкес құрылды. Екі елдің құзырлы органдары бұл келісімді мақұлдағаннан кейін 1997-1998 жылдары университетте оқу процесі басталды. Студенттер университетке үш негізгі көзден қабылданады. Қырғызстандық студенттермен қатар, әсіресе, Түркиядан, Түркі республикалары мен туысқан қауымдастықтардан және басқа да елдерден студенттер оқуға келеді. Университетте білім алып жатқан студенттердің жалпы саны – 5,684, ал осы уақытқа дейін бұл университетті бітірген түлектер саны – 6,165. Бұдан бөлек, Қырғызстанның кейбір университеттерінде Түрік тілін үйрету орталықтары да бар. Мәселен, ҚырғызстанТүркия Манас университетінде және Қырғыз-Ресей Славян университетінде Түрік тілі мен мәдениеті орталығы жұмыс істейді. Тағы да TIKA-ның қолдауымен Бішкек гуманитарлық университетінде тіл орталығы ашылды. Сонымен қатар, Түркия Республикасының Қырғызстандағы елшілігі жанында ашылған Түрік тілін үйрету орталығы қырғыз студенттеріне түрік тілін үйретіп, Түркияда білім алуға көмектеседі. Түркияның білім беру саласындағы жұмсақ күшінің маңызды құралы болып табылатын YTB арқылы да қырғыз студенттері Түркияның жоғары оқу орындарында білім алуда. 2018-2019 жылдары Түркия университеттерінде оқыған қырғыз студенттерінің саны 1937 болды.
Қорытындылай айтқанда, Түркия Қырғызстан тәуелсіздігінен бері әртүрлі қоғамдық дипломатия құралдары арқылы елге көмек көрсетіп келеді. Оның ішінде TIKA-ның Қырғызстандағы қызметі өте маңызды. Білім беру саласындағы ынтымақтастықтың үздік мысалы болып табылатын Қырғызстан-Түркия Манас университетінің де жоғары білікті кадрлар даярлауға және екі ел арасындағы мәдени байланыстарға қосқан үлесі зор. Орталық Азияның демократия аралы деп аталатын Қырғызстанды Түркияның қоғамдық дипломатия аясында қаржылық және рухани қолдау көрсету бойынша алдыңғы қатардағы ел екендігін айтуға болады.
Жазушы: Динара Талдыбаева, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Қосылмау қозғалысының қазіргі төрағасы Әзірбайжан Президенті Ильхам Әлиевтің бастамасымен коронавирустық індетке қарсы құрылған қозғалыстың байланыс тобының саммиті бейнеконференция арқылы өтті. Отырыста COVID-19 таралуын болдырмау және оның әлеуметтік-экономикалық салдарымен күресу шаралары қаралды. Қатысушылар қозғалыстың Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының жұмысын толық қолдайтындығын растайтын қорытынды декларацияны қабылдады (Әзірбайжан Президенті, 04.05.2020).
Түрікменстан Сыртқы істер министрі Рашид Мередов Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы (ЕҚЫҰ) Бас хатшысы Томас Гремингермен бейнеконференция арқылы келіссөздер өткізді. Тараптар Түрікменстанның ЕҚЫҰ-мен өзара іс-қимылының практикалық мәселелерін талқылады және коронавирустың өршуінен туындаған әлеуметтік-экономикалық және гуманитарлық мәселелерді шешуде күш-жігерді үйлестіру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ, тараптар ЕҚЫҰ-ның «Каспий теңізі аймағында жасыл порттардың дамуына жәрдемдесу» жобасын іске асыруды талқылады (Түрікменстан СІМ, 06.05.2020).
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен өзбек әріптесі Шавкат Мирзиеев телефон арқылы Сардоба бөгетінің бұзылуы салдарынан екі елдің шекаралас аудандарындағы су тасқынының салдарын азайту жөніндегі шаралардың орындалуын талқылады. Екі мемлекет басшысы трансшекаралық өзен ресурстарын бірлесіп басқару және пайдалану тетіктерін одан әрі жетілдіру туралы келісімге келді. Осыған байланысты екі елдің үкіметтері жоғары деңгейдегі тұрақты жұмыс істейтін арнайы топ құру мәселесін қарастырады (Ақорда, 08.05.2020).
Кант әуе базасында өткен салтанат кезінде Ресей Қорғаныс министрлігі екіжақты әскери-техникалық ынтымақтастық аясында Қырғызстан Қарулы Күштеріне 4,9 млн. сом көлемінде радиациялық, химиялық және биологиялық қорғаныс құралдарын берді. COVID-19 індеті салдарынан Қырғызстанның жекелеген аймақтарында жарияланған төтенше жағдайды қамтамасыз ету үшін газ маскалары мен арнайы костюмдер сияқты жеке қорғаныс құралдары қолданылады (Кабар, 04.05.2020).
Қырғызстан мен Тәжікстан шекарасында болған атыста үш қырғыз шекарашысы және екі тәжік азаматы жарақат алды. Тәжік тарапы қақтығыс кейбір қырғыз азаматтарының Тәжікстанға тиесілі жер учаскесін басып алу әрекетінен кейін орын алғанын мәлімдеді. Ал қырғыз тарапы болса даулы жер Қырғызстан тарапынан пайдаланылатын құжатталмаған аймақта орналасқанын алға тартады. Қырғыз және тәжік ауылдарының тұрғындары бір-біріне тас лақтырып, оқ жаудыра бастағандықтан шекарашылар қақтығысқа араласты (Deutsche Welle, 08.05.2020). Грузия елдің бұрынғы президенті Михаил Саакашвилидің Украина Ұлттық реформа кеңесі атқарушы комитетінің төрағасы болып тағайындалуынан кейін Украинадағы елшісін консультация үшін кері шақырды. Грузия Сыртқы істер министрі Давид Залкалианидің айтуынша, бұл қадам екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынасты бұзуды білдірмейді, дегенмен Киевтің бұл шешімі «сұрақ тудырады». 2018 жылы Грузия Саакашвилиді билікті асыра пайдаланды және 2005 жылы парламенттік оппозиция депутатын ұрғаны туралы айғақтарды жасырмақ болды деп айыптаған болатын (Әл-Жазира, 08.05.2020).
Экономика, қаржы және энергия Түркі кеңесіне мүше және бақылаушы мемлекеттердің экономика министрлері мен кедендік әкімшілік басшылары экономикалық және сауда қатынастарының қазіргі деңгейін ұстап тұру және коронавирустың жағымсыз әсерлерін азайту жөніндегі шараларды талқылау үшін бейнеконференция өткізді. Тараптар Түркі кеңесі Хатшылығының үйлестіруімен азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қажетті тауарлар мен гуманитарлық көмектің кедендік рәсімдерін жеделдету бойынша бірлескен іс-қимыл жоспарын жасауға келісті (Daily Sabah, 06.05.2020). Әзірбайжандағы Үндістан елшілігі Әзірбайжан мен Үндістан арасындағы бизнесті ілгерілету және дамыту туралы онлайн-конференция ұйымдастырды. Екі елдің ресми тұлғалары мен бизнес өкілдері туризм, ауыл шаруашылығы, фармацевтика, қызмет көрсету, консалтинг және IT саласындағы ынтымақтастықтың болашағын талқылады. Әзірбайжан кәсіпкерлерінің ұлттық конфедерациясы үнділік және әзірбайжандық компаниялардың өзара әрекеттесуін жеңілдету үшін сандық алаң құруды, сондай-ақ пандемиядан кейінгі кезеңде ынтымақтастықтың жол картасын жасауды ұсынды (Trend, 08.05.2020).
Ресейде коронавирустың өршуі мен карантиндік шаралар салдарынан экономикалық дағдарыстың тереңдеуіне байланысты, Орталық банк 2020 жылдың маусым айында негізгі пайыздық мөлшерлемені 100 базистік тармаққа төмендетуді қарастырмақ. Жүзеге асырылған жағдайда, негізгі пайыздық мөлшерлеме 4,5% болады. Орталық банктің төрайымы Эльвира Набиулланың айтуынша, Ресейдің ЖІӨ екінші тоқсанда өткен жылмен салыстырғанда 8%-ға төмендеуі мүмкін, ал банк секторында төленбеген несиелер салдарынан 2020 жылы бұл салада кірістің төмендеуі күтіледі (Рейтер, 08.05.2020).
Түркияның жетекші әуежай операторы TAV Airports холдингі Қазақстандағы Алматы халықаралық әуежайын 450 млн. долларға сатып алу туралы келісім жасады. Азия мен Еуропа арасындағы негізгі транзиттік торап болып табылатын Алматы әуежайы TAV компаниясының әлемдік желісіндегі 15-ші әуежай болады. Келісім нәтижесінде TAV және оның инвестициялық серіктесі VPE Capital әуежай акцияларының 100% сатып алады, ал TAV 75%-дан кем емес акцияларға ие болады. 2019 жылы Алматы әуежайы 6,4 млн. жолаушыға қызмет көрсетті (Airport World, 08.05.2020).
Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Халықаралық валюта қорына (ХВҚ) жіберген хатында еңбек мигранттарының Ресейден ақша аударымдары 2020 жылдың наурызында және сәуір айының бірінші жартысында 50%-ға (80 млн. доллар) қысқарғанын айтып, қаржылық көмек сұрады. Рахмон ақша аударымдарының азаюы бірнеше айға созылып, бұл теріс экономикалық және әлеуметтік салдарға әкеліп соғуы мүмкін екендігін жеткізді. ХВҚ хат алғаннан кейін Жедел несие жүйесі бойынша Тәжікстанға 189,5 млн. доллар бөлуді мақұлдады (АзияПлюс, 08.05.2020). Ресейдің Ямал-Ненец автономиялық округі Беларусь және Қазақстан нарықтарына балық өнімдерінің экспортын ұлғайтуды жоспарлап отыр. Өңірдің өңделген балық бойынша экспорттық әлеуеті 240 тонна немесе шамамен 1 млн. консервіні құрайды. Өңірлік лауазымды тұлғалар Салехард зауытына Еуразия экономикалық одақ (ЕЭО) аясында балық өнімдерін экспорттауға лицензия беру рәсімдерін аяқтауда. Зауыт консервіленген балықтың 60тан астам түрін және балық өнімдерінің 90 түрін шығарады (ТАСС, 07.05.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет ТҮРКСОЙ және Түрік тарих қоғамы Еуразия түркітанушыларының библиографиялық сөздігінің «Қазақстан мен Қырғызстан түркітанушылары» атты екінші томын шығарды. Түрік және орыс тілдерінде жазылған 463 беттен тұратын кітапта тарих, тіл білімі, әдебиет, археология және әлеуметтану саласындағы 340 танымал зерттеуші туралы өмірбаяндық мәліметтер, сонымен қатар олардың негізгі ғылыми еңбектерінің библиографиясы келтірілген (Кабар, 05.05.2020).
Өзбекстанның Ферғана облысының Риштан ауданында арнайы қыш орталығының іргетасын қалау рәсімі өтті. Ежелгі Жібек Жолының бойында орналасқан Риштон әрқашан да өзінің қыш ыдыстарымен әйгілі болған және Орталық Азияда қыш өндірісінің орталығы болған. Бүгінгі таңда Риштанда 20-дан астам ұстаз және олардың 7 мыңға жуық шәкірті тұрып, сол жерде жұмыс істейді. Шеберханалар мен көрме галереялары орналасатын орталық Риштан қолөнершілерінің дәстүрлерін одан әрі дамытуға, сондай-ақ олардың тәжірибесін елдің басқа аймақтарына таратуға көмектеседі (Podrobno.uz, 04.05.2020).
Душанбе қаласының мэрі Рустам Эмомалидің бастамасымен Тәжікстанның Orien Farm компаниясы Үндістаннан дәрі-дәрмектер мен басқа да медициналық заттарды сатып алып, оларды арнайы чартерлік рейспен Тәжікстанға жеткізді. Жүк құрамында Үндістан үкіметі ұсынған гуманитарлық көмек – COVID-19 жұқтырған науқастарды емдеуге арналған дәрі-дәрмектер болды. Барлық жеткізілген материалдар Душанбе мен елдің басқа аймақтарындағы медициналық мекемелерде қолданылады (Авеста, 07.05.2020).
Ресейлік «Левада» орталығының жақында жүргізген сауалнамасы президент Владимир Путинді қолдау деңгейі тарихтағы ең төмен деңгейге жеткенін көрсетті. Сауалнамаға сәйкес, респонденттердің 59%-ы 2020 жылы сәуірде Ресей басшысының жұмысын қолдаған болса, 2020 жылдың наурызында бұл көрсеткіш 63%-ды құрады. Респонденттердің 33%-ы Путиннің қызметін қолдамады. Президент Путинді қолдаудың бұған дейінгі ең төменгі деңгейі, яғни 61%, екі рет – 2013 жылдың қарашасында және 2000 жылдың маусымында тіркелді. Президенттің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков өз мәлімдемесінде Кремль «Левада» орталығының сауалнамаларының нәтижелеріне толық сенбейтінін айтты (Ведомости, 06.05.2020).
Түрікменстанның Мәдениет министрлігі Дүниежүзілік туристік ұйымның өкілдерімен онлайн-кездесу өткізді. Кездесудің басты тақырыбы туризм саласында мамандандырылған түрікмен ұйымдарының «Healing Solutions Tourism Challenge» халықаралық байқауына қатысуы болды. Бұл жаһандық науқан қазіргі экономикалық жағдайда туристік бизнесті қолдаудың тиімді шешімдерін, сондай-ақ пандемиядан кейін саланы қалпына келтірудің инновациялық жолдарын іздеуге бағытталған (Turkmenistan Today, 07.05.2020). Түрікменстанның Анау қаласында жануарларды уақытша күту және паналау мақсатында алғашқы үй жануарларына арналған қонақ үй ашылды. Бұл қонақ үй жануар иелері демалыста немесе іссапарда болған кезде үй жануарларына қарайды. Ветеринарлық клиниканың жанында орналасқан кешен мысықтарға, иттерге, құстарға және балықтарға арналған әртүрлі бөліктерге бөлінген (Түрікменстан порталы, 08.05.2020).




