Еуропалық одақтағы заңсыз мигранттардың белгісіз тағдыры

ЕУРОПАЛЫҚ ОДАҚТАҒЫ ЗАҢСЫЗ МИГРАНТТАРДЫҢ БЕЛГІСІЗ ТАҒДЫРЫ 2016 жылғы жағдай бойынша әлемде 65,6 миллион адам түрлі себептермен үйлерін тастап кетуге мәжбүр болды. Олардың ішінде 22,5 миллионы шетелге бас сауғалап, 10 миллионы азаматтығы жоқ адамдар ретінде тіркелді, ал қалғандары өз елдерінің басқа аймағына қоныс аударды. Біріккен Ұлттар Ұйымының статистикалық мәліметтеріне сәйкес, күн сайын 42,500 адам өз үйін тастап кетуге мәжбүр. Бұл көрсеткіш 2014-2016 жылдары айтарлықтай өсті. Себебі бұл кезеңде Сириядағы азаматтық соғыс шырқау шегіне жетіп, миллиондаған адамның қашуына себеп болды. Бұл қақтығыс салдарынан 13,2 миллион сириялық көмекке мұқтаж болды, сондай-ақ 6,6 миллион адам елдегі қауіпсіз аймақтарға қоныс аударып, 5,6 миллион адам шетелде баспана іздеуге мәжбүр болды. 2018 жылғы жағдай бойынша Түркия сириялық босқындардың 63%-ынан астамын яғни 3,58 миллион адамды, Ливан 986,942, Иордания 666,113, Ирак 249,641 және Мысыр 128,956 адамды қабылдады. Алайда көптеген босқындар Еуропаның батыс бөлігіндегі Германия, Ұлыбритания және Франция сияқты елдерге жетуге тырысады.
Еуропаның дамыған елдерінде жақсы өмір іздеуге әрекет ресми түрде Еуропа елдерінің құзыретті органдарына босқындар өтінішін жіберуден басталады. Алайда, келіп түскен өтініштердің көптігі мен бюрократиялық кедергілердің салдарынан Еуропаға заңды жолмен жету өте ұзақ уақыт алуы мүмкін. Сондықтан азаматтық соғыстан қашқан миллиондаған сириялықтар мен басқа да «қақтығыстардан» қашқан босқындар Еуропаға заңсыз жолмен жетуге тырысады. Бұл Еуропаның теңіз жағалауындағы алдыңғы шеп елдері (Солтүстік Кипр, Грекия, Италия, Мальта және Испания) мен Еуропаға көшіқон дәлізінде орналасқан елдер (ТүркияГрекия және Ливия-Италия бағыттары) үшін үлкен қиындық туғызды.
2015 жылға қарай 1,16 миллионнан астам адам Түркия-Грекия және Ливия-Италия бағыттары арқылы заңсыз түрде Еуропаға кірді. Келімсектер санының ұлғаюы көптеген еуропалық елдер үшін, әсіресе шекара бойындағы елдер мен негізгі мақсаттағы елдер үшін үлкен алаңдаушылық туғызды. Түркия арқылы Еуропаға заңсыз көші-қон ағынын реттеу мақсатында 2016 жылғы 19 наурызда Түркия мен Еуропалық Одақ (ЕО) келісімге келді. Бұл келісім халықаралық қорғауға мұқтаж босқындарды қабылдау және Түркия-Грекия бағыты арқылы келушілердің санын азайту үшін құқықтық тетікті құруға мүмкіндік берді. Келісімге сәйкес, Түркия Эгей теңізіндегі шекаралық бақылауды күшейтіп, келімсектердің санын 98%-ға қысқартты. Келушілердің саны 2016 жылғы қаңтарда күніне 1,700 адамды құраса, 2017 жылғы қаңтарда 45-ке, ал 2018 жылғы мамырда 31-ге дейін азайды.
Ал босқындарды қабылдау тетігінде айтарлықтай табысқа қол жеткізілмеді. 2015 жылғы 20 шілде жоспары ретінде белгілі орналастыру және көшіру жоспарына сәйкес, 2017 жылдың қыркүйегіне дейін 22,504 адамды орналастыру және 160,000 адамды көшіру көзделген болатын. Алайда әртүрлі себептерге байланысты тараптар қойылған мақсатқа жете алмады. 2018 жылдың наурыз айындағы жағдай бойынша орналастырылған адамдардың саны 29,314 адамды құрады. Оның ішінде 2015 жылғы 20 шілде жоспары аясында 19,432 адам және ЕО-Түркия келісіміне сәйкес 8,027 адам орналастырылды. Көшіруге келетін болсақ, 2018 жылдың наурызына дейін тек 33,846 адам ғана, оның ішінде Грекиядан 21,847 және Италиядан 11,999 адам қоныс аударылды. Дегенмен, бұл көрсеткіш 160,000 адам болып белгіленген мақсатты мөлшерден әлдеқайда төмен.
Жоспарланған уақыт шегінде көзделген мақсатқа жету жолында орналастыру үдерісін баяулатқан бірқатар себептер болды. Көбінесе қауіпсіздік тексерулеріне қатысты ұзақ бюрократиялық ережелер қабылдау үдерісінің мерзімін ұзартты. ЕО комиссиясы бұл рәсімді бірнеше айдан 2 аптаға дейін қысқартуды және қауіпсіздік тексерулерін қажет болған жағдайда ғана жүргізуді ұсынғанына қарамастан ЕО-ға мүше елдер үдерісті жылдамдату үшін қауіпсіздік тексерулерін жеңілдетуге құлықсыз болды.
Бұған қоса, Польша, Австрия және Венгрия елдері босқындарды қабылдаудан бас тартты. Бұл өз кезегінде үдерісті едәуір баяулатты. ЕО комиссиясының қысымына қарамастан, Польша мен Венгрия орналастыру үшін бірде-бір босқынды қабылдамады. Ал Австрия мигранттарға қарсы мемлекет ретінде танылса да, 2015 жылғы 20 шілде жоспары аясында 1,900 адамды орналастырып, өз уәдесін орындады. Алайда, 2017 жылғы қазан айындағы федералды сайлаудан кейін елдің сол және оң саяси күштері арасындағы теңгерім оңшыл партиялардың пайдасына өзгерді, олар орналастыру мақсаттары үшін босқындарды қабылдауды жоспарламайды. Орналастыру мәселесін шешу мақсатында 2018 жылдың маусымына дейін ЕО Кеңесінде төрағалық етіп отырған Болгария халықаралық қорғауға мұқтаж босқындардың өтініштерін өңдеу бойынша жауапкершіліктерді реттейтін Дублин келісімінің өзгертілген нұсқасын ұсынды. Бұл құжатқа сәйкес алты айға созылған баспана беру рәсімі 10 жылға дейін ұзартылуы мүмкін, бұл ЕО-ға мүше елдер арасында үлкен пікірталас тудырды. Қазіргі Дублин келісіміне сәйкес, босқындар алғаш кірген елде тіркеуден өту керек және 6 айға дейін басқа елде баспана іздей алмайды.
Сонымен қатар, қабылданған босқындар үшін төлемдерді көбейту және оларды орналастыру үшін міндетті квоталарды өзгерту ұсынылды. Дублин келісіміне сәйкес, босқындарды тұрақты орналастыруға келіскен ЕО елдері ЕО бюджетінен әрбір адам үшін 10,000 еуро алады. Жаңа ұсыныс бұл соманы 30,000 еуроға дейін ұлғайтуды көздейді. Сондай-ақ, жаңа ұсыныс бойынша, 2017 жылдың қыркүйегінде аяқталып, ерікті түрде қабылдау үдерісіне айналған орналастыру және көшіруге міндетті квоталар мигранттардың басқа да үлкен ағыны болған жағдайда қайтадан қолданылатын болады.
Болгарияның ұсынысы босқындарды қабылдауға қаржылық қолдауды ұлғайту арқылы шекара бойындағы елдерді қанағаттандыруға және тіркелген елде қалу ұзақтығын 10 жылға дейін арттыру арқылы Польша, Австрия және Венгрия елдеріндегі босқындар сынын азайтуға бағытталған. Дегенмен, бұл жағдай мүше елдер арасында үлкен бөлінуге алып келді. Шекара бойындағы елдер бұл құжат көбінесе саяси ынтымақтастыққа бағытталып, ауыртпалықты бөліспейді деп сын айтуда. Яғни шекара бойындағы елдердің айтуы бойынша, қалу мерзімінің 10 жылға дейін ұзартылуы бұл елдердің қаржы ауыртпалықтарын арттырады. Бұл мемлекеттер аталған мерзімді ең көп дегенде 2 жылға дейін ұлғайтуды ұсынды. Сонымен қатар, сөз болып отырған ұсыныс бұл елдерде босқындарды орналастыруға байланысты тез шешімді қажет ететін қаржылық мәселелерді шешпегені үшін сынға алынды. Польша, Австрия және Венгрия блогы міндетті реттеу туралы шешімге қатысты алаңдаушылықтарын білдіріп, «егер үлкен босқындар ағыны болса» деген тұжырымды мигранттар көптеп келген жағдайда ЕО елдері оларды қабылдайтынын меңзейтін шақыру ретінде қарастыруға болады.
Еуропада миллионнан астам босқындар қоныс аударуды күтіп отырғандықтан, ЕО Кеңесінде төрағалық етіп жатқан Болгарияның басты мәселесі орналастыру үдерісін жеделдету болып табылады. Сонымен қатар, ЕО Кеңесінің кезекті төрағалығын Австрия атқаратын болғандықтан, орналастыру үдерісін жеделдеткісі келген елдер бұл ұсыныстың қабылдануын талап етіп отыр. Австрияның оңшыл партиялары мигранттардың Еуропаға келуіне тосқауыл қою ниетін білдірді. Қорытындылай келе, 2018 жылдың маусымынан бастап келесі алты ай бойы Австрия төрағалық ететін ЕО саммитіне дейін Дублин келісімі жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілетін болады деп болжануда. Дегенмен, қазіргі саяси жағдайға қарағанда, шекара бойындағы елдер мен Польша, Австрия және Венгрия блогы белгілі бір ымыраға келіп, келісімге келмейінше ЕО-да орналастыру үдерісіне қатысты пікірталастар жалғаса бермек.
Жазушы: Женгизхан Жаналтай, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Душанбеде өткен Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) елдері үкімет басшыларының кездесуі барысында Армения, Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан премьер-министрлері мен Түркіменстанның Министрлер кабинеті төрағасының орынбасары энергетика, технология, электрондық және электр жабдықтары қалдықтарын басқару және мемлекетаралық стандарттау салалары бойынша 13 ынтымақтастық келісіміне қол қойды. Бакуге ресми сапары барысында Еуропалық Одақ Комиссиясының Бюджет және адами ресурстар жөніндегі комиссары Гюнтер Эттингер Әзірбайжан Президенті Ильхам Алиевпен кездесіп, саяси, экономикалық, гуманитарлық, мәдени және басқа салалардағы екіжақты ынтымақтастықты талқылады. Тараптар, сондай-ақ, энергетикалық байланыстар мен тауар айналымын кеңейту мәселелеріне қатысты пікір алмасты.
Анкараға ресми сапары барысында Ресей президентінің Сирия дағдарысын реттеу бойынша арнайы өкілі Александр Лаврентьев Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайып Ердоғанмен кездесті. Кездесу барысында тараптар Сириядағы жағдайды талқыға салып, жанжалды саяси тұрғыдан шешуге көңіл бөлді.
Мәскеуге ресми сапары барысында БАӘ Қарулы Күштері Жоғарғы Бас қолбасшысының орынбасары, Әбу Даби әмірлігінің мұрагер ханзадасы шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян Ресей Президенті Владимир Путинмен кездесті. Кездесу барысында тараптар екі ел арасындағы ынтымақтастықты, сондай-ақ өзара мүдделі бірқатар аймақтық және халықаралық мәселелерді талқылады. Сапардың қорытындысы бойынша тараптар саяси, қауіпсіздік, экономикалық және мәдени салаларда стратегиялық әріптестік туралы декларацияға қол қойды.
Брюссельге ресми сапары барысында Беларусь Сыртқы істер министрі Владимир Макей Бельгия Премьерминистрінің орынбасары әрі Сыртқы істер және еуропалық істер министрі Дидье Рейндерспен кездесіп, саяси, сауда-экономикалық, гуманитарлық және мәдени салалардағы екіжақты байланыстарды нығайтудың келешегін талқылады. Ресей Федерациясының әскеритехникалық ынтымақтастық жөніндегі Федералдық қызметі басшысының орынбасары Владимир Дрожжовтың айтуынша, Ресей Қазақстанмен төрт Ми-35 көлік және шабуыл тікұшағын жеткізу туралы жаңа келісімшартқа қол қойды. Тікұ-шақтар биылғы жылы жеткізіледі деп күтілуде.
Экономика, қаржы және энергия Беларусь Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың 1 мамырындағы жағдай бойынша елдің сыртқы мемлекеттік қарызы жыл басынан бері (валюта айырбастау бағамындағы айырмашылықтарды ескере отырып) 315,6 млн. долларға немесе 1,9%-ға азайып, 16,4 млрд.
долларды құрады. 2018 жылдың қаңтар-сәуір айларында Беларусь үкіметі шетелден 990,5 млн. доллар, оның ішінде еурооблигациялар бойынша 600 млн. доллар және ресейлік үкімет пен банктерден 313,6 млн.
доллар көлемінде қарыз алды.
Ресейдің Вице-премьері Дмитрий Козактың мәліметі бойынша, 2018 жылдың 1 маусымынан бастап елде бензинге және дизельдік отынға акциздік алымдар тиісінше тоннасына 3,000 және 2,000 рубльге (48 доллар және 32 доллар) қысқартылды. Үкімет 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап автокөлік бензині мен дизельдік отынға акциздік алымдарды тоннасына 700 рубльге төмендету мүмкіндігін қарастыруда. Мұнай өнімдеріне акциздік алымдарды төмендету жылдың басынан бастап бензин бағасының өсуімен байланысты.
Түркияның Энергия нарығын реттеу мекемесінің (EPDK) ақпараты бойынша, Әзірбайжан 2018 жылдың қаңтар-наурыз айларында Түркияға 1,72 млрд. текше метр газ жеткізді.
Бұл көрсеткіш 2017 жылдың қаңтарнаурыз айларында 1,6 млрд. текше метрді құраған болатын. Сондай-ақ, 2018 жылдың алғашқы төрт айында Түркия жалпы 15,4 млрд. текше метр газ импорттады, оның 10,96 млрд. текше метрі құбыр арқылы импортталды. СТГ импорты болса 4,57 млрд. текше метрді құрады.
Түркияның жалпы газ импортындағы Әзірбайжанның үлесі 11,2%-ды құрайды.
Қазақстан Ұлттық экономика министрлігінің Статистикалық комитетінің мәліметтері бойынша, 2018 жылдың мамыр айында Қазақстандағы инфляция деңгейі өткен аймен салыстырғанда 0,2%, жыл басынан бері 2,4%-ды құрады. Өткен айда азық-түлік және азық-түлікке жатпайтын тауарлар тиісінше 0,1%-ға және 0,4%-ға өсті, ал халыққа қызмет көрсету бағасы 0,2%-ға қымбаттады. Жыл басынан бері азық-түлік, азық-түлікке жатпайтын тауарлар және коммерциялық қызмет көрсету бағалары тиісінше 2,9%, 2,1% және 2,1%-ға өсті.
Әзірбайжанның Экономика министрі Шахин Мустафаевтың айтуынша, елдің Ресейге салған жалпы инвестиция көлемі 1 млрд. доллардан асады. Ресейдің Әзірбайжан экономикасына салған жалпы инвести- циялары 4 млрд. долларға жетті.
2017 жылы екі ел арасындағы тауар айналымы 22%-ға артып, 2 млрд.
долларға жетті.
Өзбекстан Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметтері бойынша, 2018 жылдың мамыр айында елдің тұтыну нарығындағы тауарлар мен қызметтердің бағасы 0,8%-ға өсті.
2018 жылғы мамырда тауарлардың бағасы орташа есеппен 0,4%-ға, ал қызмет көрсету бағалары орташа алғанда 2,1%-ға өсті.
Қоғам және мәдениет Дайындағандар:
Лидия Пархомчик, Даурен Абен, Данияр Нурбаев Сербия Сыртқы істер министрлігінің ақпаратына сәйкес, ел үкіметі 2018 жылдың 2 маусымынан бастап қарапайым төлқұжаттары бар Әзірбайжан азаматтарын визадан босату туралы шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес, Әзірбайжан азаматтары 180 күн ішінде алғаш келген күннен бастап 90 күннен аспайтын кезең ішінде Сербия аумағына визасыз кіріп, транзитпен жүре алады және ел аумағында қала алады.
Қазақстандық SCAT әуе компаниясының хабарлауынша, компания Литваның астанасы Вильнюсқа алғашқы рейсін орындады. Бұл сонымен бірге компанияның Еуропаға алғашқы рейсі болды. SCAT «Эйр Астана» әуекомпаниясынан кейін Еуропалық Одаққа ұшуға рұқсат алған екінші қазақстандық әуе компаниясы болды. Астанадан Вильнюсқа рейс аптасына екі рет орындалатын болады. Әуе компания «АстанаМилан», «Астана-Вена» және «Астана-Прага» бағыттарын қосқанда 14 жаңа бағыт ашуды жоспарлап отыр.
Түркия Мәдениет және туризм министрлігінің мәліметінше, 2018 жылдың сәуір айында елге 7,080 Беларусь туристі келді, бұл 2017 жылдың сәуіріне қарағанда 1,224 адамға көп. Беларусь азаматтары 2018 жылдың сәуір айында Түркияға келген шетелдіктердің жалпы санының 0,27%-ын құрайды. Бұл көрсеткіш 2017 жылдың сәуір айында 0,28%ды құрады. Сонымен қатар, Түркияның туристік табысы 2018 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 31,3%-ға артып, 4,425 млрд. долларға жетті. Ресей Федералдық қауіпсіздік қызметі Шекара қызметі басшысының орынбасары, генерал-полковник Игорь Шмоткиннің айтуынша, 2017 жылы әуежай шекаралық пункттеріндегі жолаушылардың қозғалысы 34%-ға өсті. 2017 жылы ел аумағына кірген немесе ел аумағынан шыққан ресейліктердің саны Ресейге кірген не шыққан шетелдіктердің санына қарағанда шамамен 20 миллионға артық екенін атап өтті. Өткен жылы шетелдік азаматтар шекарадан 64,8 миллион рет өтсе, ресейлік азаматтар елге немесе одан тыс жерлерге 84,3 млн. рет сапар шекті.




