Өзбекстан-ЕО қатынастары: кеңейтілген серіктестік бағытында

ӨЗБЕКСТАН-ЕО ҚАТЫНАСТАРЫ:
КЕҢЕЙТІЛГЕН СЕРІКТЕСТІК БАҒЫТЫНДА Еуропа одағының (ЕО) Орталық Азия бойынша 2019 жылға арналған стратегиясына сәйкес Еуропалық кеңес Орталық Азия мемлекеттерімен жаңа екіжақты Кеңейтілген серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімдер (КСЫК) бойынша келіссөздер жүргізуге бастамашы болды. ЕОның аймақпен өзара іс-қимылының негізін құрайтын КСЫК екіжақты серіктестіктің басты құралы болады деп жоспарлануда. ЕО демократия, адам құқықтары және заң үстемдігі сияқты құндылықтар негізінде ЕО нормаларын насихаттап, Орталық Азия елдерімен ынтымақтастығын көптеген салаларда тереңдетуді көздейді. КСЫК арқылы ЕО аймақта экономиканы әртараптандыруға ықпал етумен қатар, өзара нарыққа қол жеткізуге және заңнаманы жақындатуға септігін тигізбек.
Қазіргі уақытта, Қазақстан 2020 жылы наурызда күшіне енген белсенді КСЫК-ға ие Орталық Азиядағы алғашқы және жалғыз ел болып табылады. Қырғызстанмен келіссөздері 2017 жылдың желтоқсанында басталып, 2019 жылдың шілдесінде аяқталғанымен, КСЫК-ға қол қою мәселесі әлі қарастырылуда. Тәжікстан ЕО-дан КСЫК бойынша келіссөздерді 2018 жылдың қараша айында бастауын өтінгенімен, келіссөздер әлі басталмады. Ресми келіссөздерді 2018 жылдың қарашасында бастаған Өзбекстан процесті осы жылы аяқтауды мақсат етіп отыр. Бұл оқиғалар 1999 жылдың шілдесінен бастап күшіне енген Серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімдердің (СЫК) орнына КСЫК жаңа келісімнің келгенін көрсетеді. ЕО мен Өзбекстан арасындағы КСЫК процесін жеңілдету мақсатында тараптар 2019 жылдың ақпан, маусым, қыркүйек және желтоқсан айлары мен 2020 жылдың наурызында бес рет ресми келіссөз өткізді. Келіссөздер сауда, саяси және салалық мәселелер бойынша үш жұмыс тобында жүргізілді. Жүріп жатқан пандемия алдағы бірлескен кездесулердің жоспарларын өзгертіп, Президент Мирзиеевтің Брюссельге сапарын кейінге қалдырғанына қарамастан, тараптар келісімдердің ережелерін электронды форматта талқылауды жалғастыруда. Сондықтан келісім бойынша жұмыстар қарқынды түрде жүргізіліп жатқандығын байқауға болады. КСЫК ЕО мен Өзбекстан арасындағы қатынастарға бірнеше жағынан пайда әкеледі. Атап айтқанда, ЕО-ның аймақтық байланысты қолдау және Дүниежүзілік сауда ұйымының (ДСҰ) ережелеріне сәйкес сауда ортасын құру жөніндегі стратегиясына сәйкес, ЕО Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруін және ЕО-ның Преференциялардың жалпы жүйесіне (GSP+) мүшелігін қолдайды. Өзбекстанның ДСҰ-ға кіруін жеделдету үшін процеске техникалық көмек көрсету мақсатында құны 5 млн. еуро болатын жаңа жоба іске қосылды. Атап айтқанда, ЕО мемлекеттік және жеке сектордың ДСҰ рәсімдері, ДСҰ-ға кіру талаптарын орындау, сауда талаптарына сәйкестік, техникалық кедергілер және басқа да мәселелер туралы хабардарлығын арттыруға ниетті. GSP+ мүшелігі өзбек кәсіпорындарына тауарға байланысты төмен тарифтермен немесе бажсыз жеңілдікпен ЕО нарығына қол жеткізуді қамтамасыз етеді. Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрлігінің хабарлауынша, GSP+ ЕО-ға 6,2 мыңға жуық тауарды бажсыз экспорттауға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта базалық GSP жүйесі бойынша Өзбекстан 3 мың тауарды бажсыз және 3,2 мың тауарды төмендетілген мөлшерлемелер бойынша экспорттайды. ЕО Өзбекстанның төртінші ірі сауда серіктесі екендігін ескере отырып, ДСҰ мен GSP+-ке кіру ЕО-ға мүше мемлекеттермен сауда портфолиосын кеңейту арқылы Өзбекстанға пайда тигізеді деуге болады. GSP+ сонымен бірге Өзбекстанның ЕО-мен сауда балансын реттеуге де көмектеседі. Өйткені 2019 жылғы жағдай бойынша елдің ЕО-ға экспорты тек 412 млн. еуроны құрады. Бұл ЕО-ның Өзбекстанға экспорты – 2,823 млн. еуродан жеті есе аз. Демек, ЕО елдің ДСҰға және GSP+-ке кіруіне ықпал ету арқылы аймақтық сауда мен Өзбекстандағы инвестициялық қызметті жандандыруға, сонымен бірге ЕО ережелерінің сақталуын ынталандыруға ұмтылады. Бұдан басқа, ЕО барлық азаматтардың адам құқықтары мен негізгі бостандықтарын қорғау, баспасөз бостандығын қамтамасыз ету, цензураны жою, саяси тұтқындарды босату, балалар еңбегін қанау мен мәжбүрлі түрде еңбекке тартуға жол бермеу мәселелері бойынша Өзбекстанда қабылданған қадамдарды қолдайды. ЕО нормаларына қатысты осы және басқа да мәселелер ЕО-Өзбекстан Ынтымақтастық кеңесінің отырыстарында және КСЫК бойынша салалық келіссөздер кезінде талқыланады. ЕО сонымен қатар қазіргі Өзбекстан үкіметінің өршіл реформаларын, нарықты ырықтандыруды және аймақтық ынтымақтастық әрекеттерін мойындады. Жалпы алғанда, ЕО Өзбекстанда жүргізіліп жатқан құрылымдық, әкімшілік және экономикалық реформаларға үлкен мән береді. Бұл Брюссель мен Ташкент арасындағы өзара іс-қимыл деңгейінде көрінеді. ЕО құны 33,5 млн. еуро болатын 10 аймақтық жобамен қатар, Өзбекстанда жалпы бюджеті 103 млн. еуро болатын 25 экономикалық және әлеуметтік жобаны жүзеге асырғандығын атап өткен жөн. Тек 2019 жылдың өзінде ЕО үш жобаға 20,2 млн. еуро бөлді. Оның ішінде ауылдарда жұмыспен қамтуды жақсарту үшін біліктілікті дамытуға 10 млн. еуро; Арал маңындағы адам қауіпсіздігі жөніндегі көпжақты сенім қорына 5,2 млн. еуро; және Өзбекстанның ДСҰ-ға кіру процесін жеңілдету үшін 5 млн. еуро бөлінді. Сонымен қатар, Өзбекстан Эразмус+ жобаларына, Орталық Азиядағы шекараны басқару бағдарламасына және Орталық Азиядағы есірткіге қарсы ісқимыл бағдарламаларына қатысады. Дүниежүзілік пандемияға қарсы күрес аясында ЕО Өзбекстандағы гуманитарлық, денсаулық сақтау, әлеуметтік және экономикалық салаларға кері әсерді азайту үшін 36 млн. еуро бөлді.
Соңғы жылдары Өзбекстан сыртқы саясатта аймақтық және жаһандық деңгейде белсенді қатысуда. ЕО-ға қатысты айтар болсақ, 2017 жылдың қарашасында Өзбекстан Самарқанд қаласында ЕО-Орталық Азия сыртқы істер министрлерінің кездесуін өткізді. Аталмыш кездесуге ЕО атынан сол кездегі ЕО Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі Жоғарғы өкілі және Еуропалық комиссия вице-президенті Федерика Могерини қатысты. Ол сонымен қатар 2018 жылдың наурызында Ташкент қаласында өткен «Бейбітшілік, қауіпсіздік саласындағы ынтымақтастық және аймақтық байланыс» атты Ауғанстан жөніндегі конференцияға қатысты. Осы жерде Өзбекстанның Ауғанстандағы бітімгершілік шаралары әртүрлі деңгейде атап өтілетінін және мүдделі тараптар Өзбекстанның қолдауы аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге өз үлесін қосатындығымен келісетінін айта кету керек. 2020 жылы 28 қаңтарда Берлинге жұмыс сапары барысында Өзбекстанның Сыртқы істер министрі Абдулазиз Камилов Федерика Могеринидің орнына келген Жозеп Боррелльмен кездесті. Брюссель мен Ташкенттің жоғары деңгейдегі тығыз өзара әрекеттестігі екі жақтың да байланыстарды кеңейтуге және екіжақты серіктестікті жетілдіруге баса назар аударатындығын көрсетеді. ЕО Орталық Азия мемлекеттерімен КСЫК бағдарламаларын бастай отырып, тиімді тәсіл нақты тұжырымдалмаған ЕО-ның Орталық Азия бойынша 2019 жылға арналған стратегиясына қатысты көптеген сындарға жауап беруде. КСЫК ниеттерді іс жүзінде тәжірибеге айналдыру арқылы ЕО-ның аймақпен өзара әрекеттесуін қамтамасыз етеді. Саяси, әлеуметтік, экономикалық және қауіпсіздік салаларындағы ынтымақтастық шеңберін қамтитын келісім екіжақты серіктестікті нығайтып, сауда қатынастарын жеңілдетеді. Соңғы бірнеше жыл бойы жан-жақты реформаларды жүзеге асырған Өзбекстан үшін КСЫК жаңа имидж қалыптастыруға өз үлесін қосады. Сондай-ақ, келісім Өзбекстанның инвестициялық әлеуеті мен экономикалық өсу мүмкіндіктерін арттыруға көмектеседі. Сондықтан КСЫК-ның жүзеге асырылуымен ЕО мен Өзбекстан арасындағы өзара іс-қимыл барлық деңгейлерде тереңдеп, әртараптандырыла түспек.
Жазушы: Альбина Мұратбекова, Еуразия ғылыми-зерттеу институты, Қазақстан Саясат, сыртқы қатынастар және қауіпсіздік Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының (ҰҚШҰ) Парламенттік ассамблеясы кеңесі мәжілісінің бейнеконференциясы барысында ҰҚШҰ Бас хатшысы Станислав Зас ұйымның жауапкершілік аясындағы жағдай туралы баяндады. Застың айтуы бойынша, ҰҚШҰ осы жылы жеті бірлескен оқу-жаттығуды өткізуді жоспарлап отыр. Кеңесте ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттердің 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық заңнамаларын үйлестіру жөніндегі ассамблея жұмысы бағдарламасының жобасы қаралды (ҰҚШҰ, 15.06.2020).
Еуропа одағының (ЕО) Кеңесі Ресейдің Қырым мен Севастопольді заңсыз аннексиялауына жауап ретінде енгізілген санкцияларды 2021 жылдың 23 маусымына дейін ұзарту туралы шешім қабылдады. Бұл шектеулерге инфрақұрылымдық және қаржылық инвестицияларға, туристік қызметтерге және Қырымнан шыққан өнімдерді ЕО-ға импорттауға тыйым салу кіреді. Көлік, телекоммуникация және энергетика салаларында Қырымға белгілі бір тауарлар мен технологиялардың экспорты да ЕО санкцияларының күшіне ұшырайды (ЕО Кеңесі, 18.06.2020).
Минскте өткен келіссөздердің қорытындысы бойынша Беларусь пен Ресей сыртқы істер министрлері Владимир Макей мен Сергей Лавров визаларды өзара тану және екі елдің аумағына шетел азаматтары мен азаматтығы жоқ адамдардың кіруіне байланысты басқа мәселелер туралы келісімге қол қойды. Келісімге сәйкес Беларусь визалары бар шетелдік азаматтар Ресейге кіре алатын болады, және керісінше, Ресейлік виза иелері Беларусь еліне кіре алады (БелТА, 19.06.2020).
25 елдің сыртқы істер министрлері мен министрліктердің өкілдері, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДСҰ) Бас директоры Тедрос Адханом Гебрейесус және БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Ахим Штайнер «Белдеу және жол» бастамасы (БЖБ) аясындағы халықаралық ынтымақтастыққа арналған жоғары деңгейдегі бейнеконференцияға қатысты. Қатысушылар COVID-19-ға қарсы жаһандық күресте көпжақтылық пен ынтымақтастықтың маңыздылығын ескере отырып, пандемияға қарсы күш-жігерді біріктіру және экономиканы қалпына келтіру үшін БЖБ-нің маңызды платформа ретіндегі рөлін атап өтті (Қытай СІМ, 19.06.2020). ЕО мен Түрікменстан бейнеконференция арқылы Брюссель мен Ашхабад арасында жыл сайынғы адам құқықтары жөніндегі диалогтың он екінші отырысын өткізді. Тараптар көптеген мәселелерді талқылап, пандемияның адам құқықтарына тигізген әсеріне ерекше назар аударды, сондай-ақ Түрікменстандағы адам құқықтарын қорғаудың құқықтық негіздері бойынша пікір алмасты. ЕО Түрікменстанның ДДСҰ консультативтік тобын қабылдау туралы шешімін құптады (Еуропалық сыртқы байланыстар қызметі, 19.06.2020).
Қырғызстан Президенті Сооронбай Жээнбеков Канттегі Ресей әскери базасы туралы келісімге өзгертулер енгізетін хаттаманы мақұлдау жөніндегі заңға қол қойды. Топографиялық түсірілім көрсеткендей, хаттама Ресей тарапы қолданатын әуе базасының жалдау алаңын 866,2 гектардан 924,52 гектарға дейін арттырған. Ресей Қырғызстанға жалдау ақысының айырмашылығын өтейтін болады. Бұл құжатта Ресей тарапы есебінен ұшқышсыз ұшу аппараттарын орналастыру және ұшу-қону жолағын қайта құру қарастырылған (Кабар, 22.06.2020).
Экономика, қаржы және энергия Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиевтің айтуынша, соңғы екі жылда елді цифрлік форматқа көшіру Қазақстанға 800 млрд. теңге табыс алып келіп (1,97 млрд. доллар), 120 мың жұмыс орнының ашылуына және елге 32,8 млрд. теңге (80,7 млн. доллар) көлемінде инвестицияның тартылуына жағдай жасады. Қазіргі уақытта электрондық үкіметтің веб-сайтында 10,9 млн. қолданушы бар және 800-ден астам қызмет түрлері көрсетіледі, олардың 82%-ы автоматтандырылып, күту уақыты бұрынғыға қарағанда үш есеге қысқарды (The Astana Times, 18.06.2020).
Халықаралық даму қауымдастығы Тәжікстандағы ауылдарды электрлендіру жобасына 31,7 млн. доллар бөлетін болады. Соның нәтижесінде, 2025 жылға қарай Таулы Бадахшан автономды аймағындағы 61 ауылдың 11,600-ден астам тұрғыны және Хатлон облысындағы 74 ауылдың 31,400-ден астам тұрғыны электр қуатына қол жеткізе алады. Жобада электр желілері мен соған байланысты инфрақұрылыммен қатар, шағын су электр станцияларының құрылысы, жел генераторлары мен күн панельдерін орнату қарастырылған (Avesta, 16.06.2020). Түрікменстан ресми тұлғалары мен Дүниежүзілік банктің өкілдері Түрікменстанның «Doing Business» жобасына қатысу мүмкіндігі туралы онлайн-келіссөздер жүргізді. Бұл жобаға қазіргі уақытта 180-нен астам елді қамтиды. Түрікменстан тарапы аталмыш елде қолайлы бизнес ортаны құру үшін жобаның маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, тараптар Түрікменстанда жүзеге асырылған экономикалық реформалар аясында ынтымақтастықты кеңейту перспективаларын талқылады (Turkmenistan Today, 19.06.2020). «Қырғыз темір жолы» мемлекеттік кәсіпорны хабарлағандай, Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан және Ресей теміржол әкімшіліктері мен көлік министрліктері Қытай-Қырғызстан-Өзбекстан теміржол жобасы бойынша келіссөздерді жалғастыруда. Тараптар теміржол бағыты, жол өлшемі және жүк тиеу станциясының орналасуы сияқты техникалық мәселелерді талқылауда. Компанияның мәлімдеуінше, тараптар өз позицияларын үйлестіру үшін бірқатар келіссөз сериясын жүргізуді жоспарлап отыр (24.kg, 20.06.2020). Азия даму банкінің (АДБ) Орталық Азия аймақтық экономикалық ынтымақтастық (ОААЭЫ) бағдарламасының ұлттық үйлестірушілері онлайн-консультативтік кеңес өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – COVID-19 індетінің ОААЭЫ елдеріне экономикалық әсерін талқылау. АДБ қабылдаған шараларға қосымша ретінде қатысушылар сауда, көлік, энергетика, туризм және экономикалық дәлізді дамыту бағыттарындағы жобаларды іске асыру барысын қарастырды (ОАӨЭЫ, 16.06.2020).
ЕО-ның жоғары лауазымды тұлғалары және Шығыс серіктестігіне мүше елдер – Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Молдова және Украина елдерінің премьер-министрлері бейнеконференция арқылы кездесу өткізді. Тараптар COVID19 індетіне қарсы күрес, дағдарыстың салдары мен стратегиялық серіктестіктің болашағына қатысты мәселелерді талқылады. Сондай-ақ, тараптар 2021 жылы наурызда Брюссельде өтетін физикалық саммитке дайындық мәселелерін талқылады. Бұл саммит барысында саясаттың бес басымдығы бекітілу жоспарланып отыр (ЕО Кеңесі, 18.06.2020).
Дайындағандар:
Даурен Абен, Қанат Маханов Қоғам және мәдениет Дүниежүзілік банктің Директорлар кеңесі «Қырғыз Республикасындағы Тұрақтылықты арттыру» жобасына 55 млн. доллар көлемінде қосымша қаржыны бекітті.
Оның 27,5 млн. доллары қайтарымсыз грант түрінде бөлінген болса, қалған 27,5 млн. доллары 0,75%-дық мөлшерлеме көлемінде берілген несие. Қаражат елдегі өртке қарсы жүйені жаңартуға және мектеп инфрақұрылымының қауіпсіздігі мен функционалдығын арттыруға жұмсалатын болады (Кабар, 15.06.2020). Орталық Азияның, ЕО-ның және Италияның Қоршаған орта, жер және теңіз ресурстары министрлігінің ресми тұлғалары мен сарапшылары онлайн режимде өткен ЕО-Орталық Азия Қоршаған орта мен климаттың өзгеруі жөніндегі Жұмыс тобының Үйлестіру комитетінің бірінші мәжілісіне қатысты. Тараптар экологиялық мәселелер бойынша ынтымақтастық пен күш-жігерді үйлестіруді жалғастыру, сондай-ақ Орталық Азия ұлттық сарапшыларының әлеуетін нығайтуға бағытталған мүмкіндіктерді талқылады (WECOOP, 15.06.2020).
Ресей БҰҰ-ның Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасына Тәжікстандағы мектеп оқушыларын тамақтандырудың орнықты ұлттық бағдарламасын дамытуға бағытталған жобаның үшінші және соңғы кезеңін жүзеге асыру үшін 11,2 млн. доллар көлемінде жарна бөлетіндігі туралы хабарлама жасады. Жоба мектеп асханаларын жаңартуға, қызметкерлерді оқытуға және дұрыс тамақтануды насихаттауға бағытталған. Сондай-ақ, Ресей 2020-2021 жылдары тәжік мектеп оқушыларының қажеттіліктерін өтеу үшін азық-түлік тауарларын сатып алуға 10 млн. доллар бөлетін болады (WFP, 16.06.2020).
Қазақстан Республикасының Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев Өзбекстанның Су ресурстарының министрі Шавкат Хамраевпен бірге бейнеконференция өткізді. Тараптар трансшегаралық суды басқару ісіндегі ынтымақтастықтың жол картасының жобасын мақұлдады. Сонымен қатар, тараптар халықаралық және қазақстандық сарапшыларды тарту арқылы Сардоба су қоймасында техникалық аудит жүргізу мәселесін талқылады (ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі, 16.06.2020).
1990-жылдардан бері Қазақстанға инвестиция құйып жатқан Magdenli Yer Hizmetleri ve Tasima түрік компаниясы Атырау облысына гуманитарлық көмек көрсетті. Түркия инвесторы жалпы көлемі 650 кг болатын медициналық көзілдірік, латекстен жасалған қолғап, маска және комбинезондар жіберді. Қазақстанның Түркиядағы Елшісі Абзал Сапарбекұлының мәлімдеуінше, Түркия мемлекетінің инвесторлары COVID-19-ға қарсы күресте Қазақстанға жан-жақты қолдау көрсетуі – Қазақстан және Түркия халықтары арасындағы стратегиялық серіктестік пен бауырластықтың айқын дәлелі (ҚР СІМ, 15.06.2020).
Өзбекстан екі айдың ішінде «Өзбекстан – менің екінші үйім» атты жаңа иммиграциялық визаны жасап шығарып, оны енгізуді жоспарлап отыр. Туризмді дамыту жөніндегі мемлекеттік комитеттің хабарлауынша, визаның негізгі мақсаты – жоғары табысы бар, жақсы академиялық білімі, бай өмірлік тәжірибесі мен дағдылары бар адамдарды Өзбекстанға тарту. Виза иелері елде өз бетінше де, отбасы мүшелерімен де өмір сүре алады (Kun.uz, 20.06.2020).




