Орталық Азия – Оңтүстік Кавказ өрісіндегі жаңа өңірлік архитектура

2025 жылғы қарашада Ташкентте өткен Орталық Азия мемлекет басшыларының 7-консультативтік кездесуінде Әзербайжанның C5 форматына толыққанды мүше ретінде қабылдануы сырттай қарағанда тек дипломатиялық кеңею қадамы болып көрінгенімен, шын мәнінде Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказ арасындағы жаңа геоэкономикалық архитектураның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді. Саммитте Орталық Азия көшбасшылары Әзербайжанның қосылуын “тарихи” қадам деп атады, бұл шешімді дәстүрлі C5-тің “C6-ға” айналуы және аймақтың географиялық шекарасының Каспийдің батыс жағына дейін кеңеюіне алып келетін стратегиялық қадам ретінде бағалады (Euronews, 2025; Times of Central Asia, 2025; Абдул, 2025). Әзербайжан үшін бұл қадам Орталық Азиямен қарқынды дамып келе жатқан энергия және көлік салаларындағы ынтымақтастықты институционалдық негізге көшіруді білдіреді. Осылайша Әзербайжан Каспийдің шығысындағы өндіруші экономикалар мен Түркия және Еуропа нарықтарын байланыстыратын шығыс–батыс бағытындағы сауда, энергия және логистика желісінің орталық буынына айналуда.
Бұл жаңа жағдайды түсіндіру үшін алдымен Әзербайжан мен Орталық Азия арасындағы энергия және көлік бағыттарындағы ынтымақтастықтың эволюциясына назар аудару қажет. 1990-жылдары тараптар ортақ кеңестік мұра мен саяси қолдау мәлімдемелеріне негізделген символдық ынтымақ танытса, 2000 жылдардан бастап Каспий арқылы өтетін энергетикалық жобалар мен көлік дәліздері бұл қатынастарды символикалық «бауырластық» ұғымынан нақты, өлшенетін экономикалық мүдделерге сүйенген жаңа деңгейге көтерді. Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры мен Баку-Тбилиси-Ерзурум газ құбыры Әзербайжанды жаһандық энергия нарықтарына интеграциялаумен қатар, Қазақстан мен Түрікменстан сияқты Орталық Азиядағы энергия өндіруші елдер үшін Ресейге балама экспорт бағыттарын ұсынды. Қазақстан мұнайының Әзербайжан арқылы тасымалданған көлемі 2023 жылы 1,4 млн тоннадан 2024 жылы 1,7 млн тоннаға дейін өсіп, 2025 жылы 2,2 млн тоннаға жеткізу жоспарланып отыр (Reuters, 2024).
Әзербайжан бұл үдерісте тек транзиттік мемлекет рөлінде қалып қоймай, SOCAR-дың Дубенди терминалында жүргізіп жатқан жаңғырту жұмыстары арқылы Каспий жағалауындағы сақтау және тиеу қуатын жылына 10 миллион тоннаға дейін арттыруды көздеп отыр. Мұндай жағдайда орта мерзімді перспективада Қазақстан мұнайының транзиттік көлемін 5-7 миллион тонна диапазонына дейін ұлғайтуға мүмкіндік беретін қосымша икемділік пайда болады (Reuters, 2024). Бұл көрсеткіш 2024 жылы жалпы 68,8 миллион тонна мұнай экспорттаған Қазақстан үшін теңіз арқылы тасымалданатын экспорттың елеулі бөлігін білдіреді (Reuters, 2024). Осылайша C6 форматы аясында Әзербайжан энергия жеткізу тізбегінің бұзылуларға қарсы төзімділігін күшейтетін орталық тұрақтандырушы фактор ретінде алға шығуда; Украиндағы соғысқа байланысты CPC құбыр жүйесінде орын алатын әрбір үзіліс Бакуге бағытталған тасымал көлемін арттыру жөніндегі шешімдердің жедел қабылдануына әкеліп отыр (Reuters, 2025).
Түрікменстанның экспорттық бағыттарын әртараптандыру жөніндегі ізденістерінде орта мерзімді перспективада алға шығып отырған маңызды нұсқалардың бірі – Түрікмен газын Транс-Каспий құбыры арқылы тікелей Әзербайжанға жеткізу және одан әрі TANAP/Оңтүстік газ дәлізі арқылы Еуропа нарықтарына тасымалдау мүмкіндігі. Соңғы кезеңде Баку мен Ашғабат арасындағы келіссөздерде бұл жоба қайта талқылауға шығарылып, екі тараптың да оны жаңғыртуға саяси дайын екені туралы ақпарат халықаралық басылымдарда кеңінен жарияланды (Onyango, 2025). Сонымен қатар өңірлік энергетикалық қауіпсіздікке қатысты стратегиялық талдауларда, әсіресе Әзербайжан мен Түркияның Еуропаға бағытталған баламалы жеткізу арналарының ауқымын кеңейту ұмтылыстары тұрғысынан Транс-Каспий бағытының қайтадан маңызды мәнге ие болғаны атап өтіледі. Осы тұрғыдан алғанда, Түрікменстан газын Әзербайжан арқылы Оңтүстік газ дәлізіне интеграциялау Анкара мен Бакудің энергетикалық стратегиясында барған сайын басым бағыт ретінде бағаланды (Pannier, 2025).
Көлік және логистика саласы C6 елдері арасындағы өңірлік ықпалдастықтың ең жылдам әрі нақты өлшенетін түрде дамып келе жатқан бағыты ретінде ерекшеленеді. Транзиттік тасымал көлемдерінің өсуі әсіресе Орта дәліздің стратегиялық маңызын айқын күшейтуде. Орта дәліз арқылы жеткізілген жүк көлемі 2022 жылы 1,5 миллион тоннаны құрады (Astana Times, 2023). Бұл көлем 2023 жылы 65%-ға өсіп, 2,76 миллион тоннаға жеткізілді (The Diplomatic Insight, 2024). 2024 жылдың алғашқы 11 айында тасымалданған жалпы жүк көлемі 4,1 миллион тоннаға жетті (Astana Times, 2024) Бұл деректер Орта дәліздің тек кең ауқымды өңірлік көзқарас қана емес, соңғы үш жыл ішінде тұрақты түрде өсіп келе жатқан нақты көлік желісі екенін айқын көрсетеді. Бұл өсім тек көлем тұрғысынан емес, сонымен қатар дәліздің “тар шеңбердегі балама” мәртебесінен шығып, халықаралық логистикалық жоспарлауда елеулі нұсқа ретінде қарастырыла бастағанын білдіретін құрылымдық өзгеріс болып табылады. Украинадағы соғыс пен Ресейге салынған санкциялар салдарынан Солтүстік дәліздегі тәуекелдердің артуы Орталық Азия мемлекеттерін табиғи түрде Орта дәлізге бет бұрғызуда. Осы тұста өсім көрсеткіштері бұл бетбұрыстың уақытша маршрут өзгерісі емес, саналы түрде жүргізіліп отырған әртараптандыру стратегиясы екенін айғақтайды (Каспий саяси зерттеулер орталығы, 2023).
Әзербайжанның Орта дәліздегі орталық рөлі Баку–Тбилиси–Карс (БТК) теміржолында аяқталған жаңғырту жұмыстарының нәтижесінде одан әрі айқын көрінуде. Грузия аумағындағы бұл жаңғырту 2024 жылы аяқталып, ресми мәліметтерге сәйкес, желінің жылдық өткізу қабілеті 1 миллион тоннadan 5 миллион тоннаға дейін артты (Рехимов, 2024; Каспий жаңалықтары, 2024). Бұл қуаттың өсуі БТК-ның тек өңірлік байланыс желісі ғана емес, Орта дәліздің жалпы тасымалдау әлеуетін айтарлықтай күшейтетін стратегиялық өзекке айналғанын көрсетеді.
Әзербайжан теміржолының транзиттік тасымал көлемі 2019 жылы шамамен 3,8 миллион тонна болса, 2023 жылы 6,8 миллион тоннаға жуықтады; БТК желісінің қуатының артуы және Баку портындағы инвестициялар ескерілгенде, бұл өсім тренді жалғасатыны болжанады (Caspian News, 2024). Мұндай техникалық инфрақұрылым Әзербайжанның C6 форматында тек «географиялық көпір» ғана емес, сонымен қатар өткізу қабілеті мен тиімділік өндіретін логистикалық хаб рөлін атқаруына мүмкіндік береді. Қазақстан үкіметі жуырда жариялаған жоспарларға сәйкес, Орта дәліздің жалпы өткізу қуатын жылына 10 миллион тоннаға жеткізу көзделуде (The Diplomatic Insight, 2024). Бұл көзқарас қазіргі инфрақұрылымдық жаңғыртулармен бірге алдағы кезеңде дәліздің маңызды логистикалық өзекке айнала алатынын көрсетеді.
Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ) C6 елдері арасындағы энергия және көлік салаларында пайда болып жатқан жаңа ынтымақтастық бағыттарын институционалдық тұтастық тұрғысында қарастыруға мүмкіндік беріп отыр. ТМҰ-ның 2021 жылы қабылданған “Түркі әлемі – 2040 көрінісі” құжаты Транс-Каспий шығыс–батыс Орта дәлізі бойында “физикалық емес кедергілерді жою”, кеден және транзит рәсімдерін оңайлату, сондай-ақ мультимодальды тасымалдауды жеделдету сияқты нақты мақсаттарды айқын белгілейді. (Türk Devletleri Teşkilatı, 2021). 2024 жылғы “Түркі экономикалары туралы есепте” түркі мемлекеттері арасындағы көлік және энергетикалық байланыстарды нығайту өңірлік экономикалық интеграцияның негізгі элементтерінің бірі ретінде айқындалады. Есепте Орта дәлізбен қатар өңірлік көлік инфрақұрылымын, энергия ынтымақтастығы тетіктерін және мультимодальды логистикалық желілерді біртұтас жүйе ретінде қарастыру қажеттілігі ерекше атап өтіледі. Осы шеңберде көлік дәліздерін, порттар мен теміржол желілерін, сондай-ақ энергетикалық байланыстарды өзара үйлестіру түркі мемлекеттері арасындағы экономикалық ықпалдастықты күшейтудің ортақ стратегиялық тәсілі ретінде ұсынылады (New Times Turkey, 2024).
Түркия өзінде бар инфрақұрылым мен қолданыстағы жобалардағы орнына байланысты C6-ның энергия және көлік өлшемдерінде табиғи түрде толықтырушы рөл атқарып отыр. 2025 жылғы мәліметтерге сәйкес, Ресейден импортталатын табиғи газдың Түркияның жалпы жеткізу себетіндегі үлесі 40%-дан төмендеді, ал АҚШ бастаған LNG жеткізушілері мен баламалы көздердің есебінен әртараптандыру күшейді (Reuters, 2025). Осы кезеңде Түркия мен Түрікменстан арасында жасалған своп келісімі аясында Иран бағыты арқылы Түрікмен газын жеткізу бойынша келіссөздер жүргізілуде; бұл да энергия жеткізу көздерін әртараптандыру бағытындағы маңызды қадам ретінде бағаланады (OSW Centre for Eastern Studies, 2025).
Бұл жағдай Түркияның C6 форматында энергия саласында тек тұтынушы ғана емес, сонымен қатар икемді теңгеруші және тарату хабы болу әлеуетіне ие екенін көрсетеді. Своп тетігі аясында 2025 жылы шамамен 1,3 миллиард текше метр Түрікмен газының жеткізілуі жоспарлануда; бұл көлем абсолюттік тұрғыдан шектеулі болғанымен, түрік ресми өкілдері орта мерзімді перспективада бұл мөлшерді 15 миллиард текше метрге дейін арттыру мүмкіндігі бар екенін мәлімдеуде (The Diplomat, 2025; OSW, 2025; Esen, 2025). Мұндай болжамдар ТМҰ көзқарасында белгіленген “Түркі энергия дәлізі” тұжырымдамасының C6 және Түркия арқылы нақты мазмұнға ие болып келе жатқанын айқындайды.
Осы тұрғыдан алғанда, Түркияның өңірлік байланыстары және энергия–көлік бағыттарындағы толықтырушы рөлі ескеріле отырып, алдағы кезеңде C6 елдерімен неғұрлым тұрақты әрі институционалданған өзара іс-қимыл платформасының қалыптасуы таңғаларлық жайт емес. Қазіргі уақытта Түркия C6 елдерінің басым бөлігімен ТМҰ аясында, сондай-ақ көптеген екіжақты және үшжақты тетіктер арқылы тұрақты институционалдық диалог жүргізіп келеді (Түркия Республикасының Сыртқы істер министрлігі, 2025).
Қорытындылай айтқанда, Әзербайжанның C6 форматына қосылуы соңғы жылдары Орталық Азия – Оңтүстік Кавказ кеңістігінде қалыптасып келе жатқан, символикалық ынтымақтастықтан әлдеқайда алға озған нақты, көлік және энергетика бағыттарына негізделген интеграциялық үрдістердің институционалдық көрінісі болып табылады. Өңірдегі геосаяси белгісіздіктер, әсіресе Ресей арқылы жұмыс істейтін негізгі экспорт бағыттарындағы үзілістер Қазақстан мұнайының белгілі кезеңдерде BTC құбырына бұрылуына алып келіп, балама бағыттардың стратегиялық маңызын арттырды (Reuters, 2025). Көлік саласында Орта дәліздің соңғы үш жылдағы өсу динамикасы – 2022 жылы 1,5 миллион тонна болған жүк көлемінің 2024 жылы 4,1 миллион тоннаға жетуі – өңірлік байланыс жобаларының нақты экономикалық қайтарым беретін салаға айналғанын көрсетеді (The Astana Times, 2023; 2024). Бұл ахуал C6 форматының көлік және сауда тұрғысынан барған сайын өзара толықтырушы сипаттағы жаңа геоэкономикалық платформа ұсынып отырғанын айғақтайды. Бұл платформаның ТМҰ тұжырымдамасымен және Түркияның көпвекторлы сыртқы саясатымен ұштасуы жағдайында C6-ның C6+1 форматына айналуы тек ықтимал ғана емес, сондай-ақ өңірдің энергия қауіпсіздігі, жеткізу тізбегінің орнықтылығы және экономикалық әртараптану мақсаттары тұрғысынан да қисынды әрі қажетті қадам болып көрінеді.
Сондықтан Әзербайжанның C6 форматына қосылуын тек “Әзербайжанның Орталық Азияға кірігуі” ретінде емес, Орталық Азия мен Оңтүстік Кавказдың Түркия арқылы Еуропаға ұласатын жаңа энергия және көлік бағытын қалыптастыруға бағытталған ортақ стратегиялық қадамы ретінде қарастырған дұрыс. Бұл осьтің табысқа жетуі қысқа мерзімді саяси құбылуларға тәуелсіз түрде техникалық мүмкіндікке, институционалдық үйлесімділікке және қоршаған ортаға зиян келтірмейтін ұзақ мерзімді стратегиялық көзқарасқа байланысты болмақ.
Дереккөз:
Абдул, Назрин (2025). Әзербайжан Орталық Азияның кеңесуші кездесулеріне толыққанды мүше ретінде қатысты және өңірлік бірлікті күшейтті. Сілтеме: https://www.azernews.az/analysis/250299.html. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Астана Таймс (2023). Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 2022 жылы 1,5 миллион тоннаға көтерілді. Сілтеме: https://astanatimes.com/2023/05/cargo-transportation-along-middle-corridor-increases-to-1-5-million-tons-in-2022/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Астана Таймс (2024). Орта дәліз арқылы тасымалданған жүк көлемі 11 айда 4,1 миллион тоннаға жетті. Сілтеме: https://astanatimes.com/2024/12/cargo-transport-via-middle-corridor-surges-to-4-1-million-tons-in-11-months/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Каспий Ньюс (2024). Баку–Тбилиси–Карс теміржолының өткізу қабілетін арттыру аяқталды: Жүк көлемі 5 миллион тоннаға көтерілді. Сілтеме: https://caspiannews.com/news-detail/baku-tbilisi-kars-railway-expansion-completed-boosting-cargo-volume-to-5-million-tons-2024-5-7-0/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Каспий саяси зерттеулер орталығы (2023). Орта дәлізі ашылады. Сілтеме: https://caspianpolicy.org/research/economy/the-middle-corridor-is-opening. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Есен, Мустафа (2025). Түрікмен газының Түркия мен Еуропаға экспорттық әлеуеті. Сілтеме: https://www.institude.org/opinion/turkey-turkmenistan-gas-deal-a-strong-start-but-its-full-potential-remains-uncertain?utm_. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Евроньюс (2025). Орталық Азия лидерлері тарихи саммитте Әзербайжанды жаңа мүше ретінде қарсы алды. Сілтеме: https://www.euronews.com/2025/11/16/central-asian-leaders-deepen-regional-integration-as-azerbaijan-joins-consultative-format. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Нью Таймс Төркі (2024). 2024 Түрік экономикасы туралы есеп түркі мемлекеттері арасындағы энергия және көлік байланыстарын нығайтуға басымдық береді. Сілтеме: https://www.newstimesturkey.com/turkish-economies-2024-report-focuses-on-enhancing-energy-and-transport-connectivity-across-turkic-nations/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Онянго, Дэниел (2025). Әзербайжан мен Түрікменстан Еуропаға табиғи газ жеткізу үшін Транс-Каспий құбыр желісін талқылауда. Сілтеме: https://www.pipeline-journal.net/news/azerbaijan-and-turkmenistan-discuss-trans-caspian-pipeline-supply-natural-gas-europe. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
ОСВ Шығыс зерттеулері орталығы (2025). Мәселелі әртараптандыру: Түркияның Түрікменстанмен газ келісімі. Сілтеме: https://www.osw.waw.pl/en/publikacje/analyses/2025-02-20/problematic-diversification-turkeys-gas-agreement-turkmenistan. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Паннье, Брюс (2025). Транс-Каспий құбыры: Түрікменстанның ірі газ экспортындағы соңғы үміті. Сілтеме: https://yorktowninstitute.org/trans-caspian-pipeline-turkmenistans-last-hope-for-major-gas-exports/. Қаралған уақыты: 10.12.2025.
Рехимов, Руслан (2024). Баку–Тбилиси–Карс теміржолында жаңғырту жұмыстары аяқталды. Сілтеме: https://www.aa.com.tr/tr/ekonomi/baku-tiflis-kars-demiryolunda-modernizasyon-isleri-tamamlandi/3209466. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Рейтер (2024). Әзербайжан қазақ мұнай транзитін 5–7 миллион тоннаға көтеру үшін келіссөздер жүргізуде. Сілтеме: https://www.reuters.com/markets/commodities/azerbaijan-talks-increase-kazakh-oil-transit-5-7-mln-t-2024-06-06/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Рейтер (2024). Қазақстан биыл 88,4 миллион тонна мұнай өндіруді жоспарлап отыр. Сілтеме: https://www.reuters.com/markets/commodities/kazakhstan-produce-884-mln-tons-oil-this-year-2024-11-25/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Рейтер (2025). Ұшқышсыз аппарат шабуылы CPC қуатын төмендеткеннен кейін Қазақстан мұнай экспортын қайта бағыттады. Сілтеме: https://www.reuters.com/business/energy/kazakhstan-reroutes-oil-exports-after-drone-attack-cuts-cpc-pipeline-capacity-2025-12-03/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Рейтер (2025). Түркия Ресеймен газ келісімдерін бір жылға ұзартты; АҚШ инвестицияларына назар аударуда. Сілтеме: https://www.reuters.com/business/energy/turkey-extended-russia-gas-contracts-by-year-eying-us-gas-investment-2025-12-04/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Түркия Республикасының Сыртқы істер министрлігі (т.б.). Түркі мемлекеттері ұйымы (ТМҰ). Сілтеме: https://www.mfa.gov.tr/turk-konseyi-en.en.mfa. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Түркі мемлекеттері ұйымы (2021). Түркі дүниесі көрінісі – 2040. Сілтеме: https://www.turkicstates.org/en/news/turkic-world-vision-2040. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Дипломатик Инсайт (2024). Қазақстан Орта дәліздің қуатын 10 миллион тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр. Сілтеме: https://thediplomaticinsight.com/kazakhstan-to-increase-middle-corridor-capacity-to-10m-tons/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Де Дипломат (2025). Түрікменстан Түркия және Иранмен газ алмастыру келісімін аяқтады. Сілтеме: https://thediplomat.com/2025/02/turkmenistan-settles-gas-swap-deal-with-turkiye-iran/. Қаралған уақыты: 10.03.2025.
Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.




