f𝕏▶in◎
Басты бет›Басылымдар›Түркиядағы сусыздық, қоршаған орта және климат: Қуаңшылық қаупі, басқару саясаты және болашаққа арналған стратегиялар
article

Түркиядағы сусыздық, қоршаған орта және климат: Қуаңшылық қаупі, басқару саясаты және болашаққа арналған стратегиялар

Авторлар: Zhengizkhan Zhanaltay, Жаналтай Женгізхан
2025 ж. 16 желтоқсан
Түркиядағы сусыздық, қоршаған орта және климат: Қуаңшылық қаупі, басқару саясаты және болашаққа арналған стратегиялар

Түркия топографиялық әртүрлігінің әсерінен қоңыржай, құрлықтық және кей жерлерде жартылай құрғақ климаттық ерекшеліктердің бір уақытта көрінетін елі. Жылдық орташа жауын-шашын мөлшері 574 мм, бұл әлемдік орташа деңгейден төмен. Мұндай жауын-шашын жылына шамамен 450 млрд м³ су ресурсына сәйкес келеді. Алайда бұл көлемнің барлығы булану, топыраққа сіңу және өзге табиғи үдерістер нәтижесінде толық пайдалануға жарамсыз. Қазіргі техникалық және экономикалық мүмкіндіктерді ескергенде, жыл сайын әртүрлі мақсатта пайдалануға болатын жерүсті суларының орташа әлеуеті 94 млрд м³ деп бағаланады. Бұған қосымша, 18 млрд м³ көлемінде есептелген жер асты суларының әлеуетін қосқанда, елдің жалпы пайдалануға жарамды су ресурсы жылына шамамен 112 млрд м³ болады. Осы көлемнің шамамен 57 млрд м³-і ғана іс жүзінде тұтынылады (Су Шұрасы, 2021). Сонымен қатар су ресурстары жыл ішінде және аймақтар арасында біркелкі таралмайды, бұл кейбір су алаптарында маусымдық су тапшылығын туындатады.

2022 жылы Түркияда жан басына шаққандағы жылдық су мөлшері шамамен 1313 м³ болды. Falkenmark су тапшылығы индексінің өлшемдеріне сәйкес бұл көрсеткіш Түркияны су стресін сезінетін елдер қатарына жатқызады. Аталған индекс бойынша жан басына шаққандағы жылдық су мөлшері 1700 м³-тен төмен елдер су стресін бастан кешіреді, ал 1000 м³-тен төмен көрсеткіш су тапшылығын білдіреді. Сарапшылардың болжамы бойынша Түркияда жан басына шаққандағы жылдық су мөлшері 2030 жылға қарай 1000 м³-тен төмен түсуі ықтимал (Су тиімділігі жөніндегі ұлттық бастама, 2023).

Халықаралық көрсеткіштер де Түркияның су стресі жағдайында екенін дәлелдейді. World Resources Institute (WRI) әзірлеген Aqueduct деректеріне сәйкес Түркияның «Baseline Water Stress» индексі шамамен 3.39, бұл елді су стресі жоғары мемлекеттер қатарына енгізеді (World Resources Institute, 2025). Сонымен қатар Біріккен Ұлттар Ұйымы қолдайтын «Drought Hotspots 2023–2025» баяндамасында Түркия жартылай құрғақ аймақ ретінде сипатталып, ел аумағының шамамен 88%-ы шөлдену қаупіне ұшырағаны атап көрсетіледі. Баяндамада климаттың өзгеруі және қазіргі үрдістер ескерілгенде алдағы жылдары Түркияның қуаңшылық қысымының күшеюі және су тапшылығы қаупінің артуы мүмкін екені баса айтылады (БҰҰ Шөлейттенуге қарсы күрес туралы конвенция, 2025). Осылайша Түркиядағы су проблемасын тек маусымдық құрғақшылықтар арқылы түсіндіру жеткіліксіз, ол құрылымдық сипатқа ие мәселе.

Климат жүйесі тұрғысынан қарастырғанда, ұзақ мерзімді зерттеулер Түркия аумағындағы жылдық жалпы жауын-шашын мөлшерінде статистикалық тұрғыдан айқын және біржақты төмендеу үрдісінің байқалмайтынын көрсетеді, алайда аймақтық және маусымдық деңгейде елеулі өзгерістер орын алғанын анықтайды. Әсіресе жазғы қуаңшылықтың күшеюі, жауын-шашынның жыл ішіндегі таралуындағы ауытқулар, сондай-ақ қатты жауын және ауыр қуаңшылық сияқты шеткі құбылыстардың жиілеуі осы өзгерістерді дәлелдейді (Өзтүрк және Чолак, 2024). Сондықтан Түркияның су режиміндегі негізгі мәселе тек жалпы жауын-шашын мөлшерінің азаюымен ғана емес, жауын-шашынның уақыт пен кеңістік бойынша қайта бөлінуімен, оған қосымша температураның көтерілуімен және буланудың артуымен байланысты су ресурстарының өзгермелі сипатқа ие болуында жатыр. Қазіргі таңда жылдық жауын-шашын елдің таулы жағалау аймақтарында 1000–2500 мм аралығына жетеді, ал ең көп жауын-шашын алатын Қаратеңіз аймағында бұл көрсеткіш жылына 1250–2500 мм болады. Ішкі Анадолы аймағы 300–600 мм көлемінде ең төмен жауын-шашын алатын өңір, бұл жағдай жоғары температура мен буланудың қарқындылығымен ұштасқан кезде жаз айларында қуаңшылық туындатады (Су институты, 2018).

Түркия Метеорология басқармасы 1 қазан 2024 – 30 қыркүйек 2025 аралығын қамтитын 2025 су жылының аумақтық кумулятивті жауын-шашын көрсеткіштерін есептегенде, бұл шамалар ұзақ мерзімді нормаға (1991–2020) да, алдыңғы су жылына да қарағанда айтарлықтай төмен болғанын анықтады. Ел бойынша орташа су жылы жауын-шашыны 422,5 мм мөлшерінде тіркелді. Бұл көрсеткіш су жылының 573,4 мм нормасымен салыстырғанда шамамен 26%-дық төмендеуді, ал 2024 су жылының орташа 597,0 мм деңгейімен салыстырғанда 29%-дық төмендеуді білдіреді. Бұл мәндер соңғы 52 жыл ішінде Түркия бойынша тіркелген ең төмен су жылының жауын-шашын көрсеткішіне сәйкес келеді (Метеорология басқармасы, 2025). Осы кезеңде су қоймаларындағы белсенді су сақтау көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда шамамен 10 млрд м³ азайып, 39,8 млрд м³ деңгейіне түсті. Ұлттық ауқымдағы толу көрсеткіші 52,9%-дан 42,2%-ға  дейін төмендеді. Ыстамбұл, Анкара және Измир қалаларындағы толу деңгейінің тиісінше 48,1%, 9,3% және 4,1% болуы 2025 жылғы жаздың ыстық әрі құрғақ жағдайларының су ресурстарына айтарлықтай қысым жасағанын көрсетеді (Топташ және Уйлаш, 2025).

Кумулятивті жауын-шашынның кеңістіктік үлестірілуі талданғанда, Оңтүстік-Шығыс Анадолы аймағының оңтүстік бөліктері мен Хатай өңірінде жауын-шашынның нормаға қарағанда кей жерлерде 60%-дан  астам төмендегені байқалды. Ал Синоп, Самсун, Орду, Гиресун және Трабзон маңында 20%-дан  жоғары өсім тіркелген. Түркияның барлық негізгі географиялық аймақтарында 2025 су жылы жауын-шашын мөлшері ұзақ мерзімді нормадан да, 2024 жылғы деңгейден де төмен болды. Нормаға қатысты ең үлкен төмендеу 53%-бен Оңтүстік-Шығыс Анадолы өңірінде анықталды. Ішкі Анадолы, Мармара, Жерорта теңізі және Эгей аймақтары соңғы 18 жыл ішіндегі ең төмен кумулятивті жауын-шашын деңгейін көрсетті. Облыстық деңгейде алғанда, 2025 су жылы бойынша ең жоғары жалпы жауын-шашын 1812,1 мм көрсеткішімен Ризеде, ең төмен жауын-шашын 182,8 мм деңгейімен Шанлыурфада тіркелді. Нормаға қатысты ең жоғары өсім 30%-бен Гиресунда, ең көп төмендеу 66%-бен Хатайда анықталды (Метеорология басқармасы, 2025).

Метеорология басқармасының 2025 жылғы жаз маусымына (маусым–тамыз) арналған аумақтық жауын-шашын бағалауы бойынша Түркияның орташа жазғы жауын-шашын мөлшері 30,0 мм болып есептелді. Бұл көрсеткіш 1991–2020 жылдардағы қалыпты кезеңнің жаз маусымы орташа деңгейі саналатын 64,0 мм шамасынан шамамен 53%-ға, ал 2024 жылдың жаз маусымы орташа 58,4 мм көрсеткішінен 49%-ға  төмен. Осы мәндер соңғы 65 жылдағы ең төмен жазғы жауын-шашын деңгейін білдіреді. Әсіресе Мармара, Эгей, Батыс Қаратеңіз және Оңтүстік-Шығыс Анадолы аймақтарының кең бөліктерінде жауын-шашынның азаюы 80%-дан  асып түсті. 2025 жылғы жаз маусымының аумақтық жалпы жауын-шашын картасы ел аумағының басым бөлігінде 50 мм-ден төмен жауын-шашын класстары басым болғанын, ал Шығыс Қаратеңіз жағалау белдеуінде (Ризе және маңы) салыстырмалы түрде жоғары жауын-шашын тіркелгенін көрсетеді. Нормаға қатысты ең үлкен азайулар Чанаккале қаласында 93%, Биледжикте 92%, Измирде 91% және Ыстамбұлда 90% болып анықталды (Метеорология басқармасы, 2025).

Ел ішінде пайдаланылатын судың шамамен 77% ауыл шаруашылығына, 12% тұрмыстық қажеттіліктерге және 11% өнеркәсіпке жұмсалатыны белгілі (Су тиімділігі жөніндегі ұлттық бастама, 2023). Мұндай құрылым бір жағынан ауыл шаруашылығы өндірісінің суға тәуелділігін көрсетсе, екінші жағынан су ресурстарын басқару саясатының басым бағыты неге алдымен ауыл шаруашылығы саласында болуы керектігін түсіндіреді. Тұрмыстық және өнеркәсіптік су тұтыну ауыл шаруашылығына қарағанда әлдеқайда аз болғанымен, уақыт өте келе олардың да тұрақты түрде артып келе жатқаны байқалады. Осы себепті Түркияның су жүйесіне қос бағытты қысым түсуде: бір жағынан су сақтау және жинақтау қуаты азайып барады, екінші жағынан тұтыну көлемі тұрақты өсуде, ал халық санының өсуі жан басына шаққандағы қолжетімді су мөлшерін төмендетіп отыр. Бұған қоса климаттың өзгеру салдарларының әсері Түркиядағы су стресінің күшеюіне алып келеді. Сондықтан жаз айларында елдің кейбір өңірлерінде байқалатын маусымдық су тапшылығы бір ғана факторға байланысты емес, климаттық, демографиялық, экономикалық және басқарушылық сипаттағы өзара байланысқан күрделі мәселелердің жиынтығының нәтижесі.

Елеулі мәселелердің бірі стратегиялық қор ретінде қарастырылуы тиіс жер асты суларының рұқсатсыз және заңсыз қазылған құдықтар арқылы әртүрлі қажеттіліктер үшін шамадан тыс пайдаланылуы салдарынан азаюы болып отыр. Мемлекеттік су істері басқармасының тіркелімінде рұқсат берілген және сертификатталған 450 мың құдық бар. Ел көлемінде 100 мыңнан астам рұқсатсыз құдық бар деп болжанады, олардың 60 мыңнан астамы тек Конья тұйық алабында орналасқан (Йылдыз, 2024). Жер асты суларының азаюына байланысты Коньяда пайда болған обрук (жер асты ойығы) санының бүгінгі күні 2600-ден асқаны хабарланады (Euronews, 2024).

Түркиядағы су ресурстарын басқару мәселелері бойынша ең құзырлы мекемелердің бірі – Мемлекеттік су істері. Бұл мекеме құрылған кезінен бастап су қоймалары, тоғандар, суару және ауызсу жүйелері сияқты инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру арқылы елдегі су басқару жүйесін қалыптастырып келеді. Алайда уақыт өте келе су басқару саласында әртүрлі мекемелерге өкілеттік беру нәтижесінде басқарудың бытыраңқы құрылымы пайда болды.

Тарихи тұрғыдан алғанда, елдегі су басқаруы инженерлік инфрақұрылымды дамытуға және су ұсынысын арттыруға негізделіп жүргізілді. 2000 жылдардан бастап Еуропа Одағының Су шеңбері директивасына үйлесу үдерісі институционалдық және құқықтық трансформацияның негізгі қозғаушы күшіне айналды, осы шеңберде Түркияда су алабына негізделген басқару тұжырымдамасы күшейтілді. Соған қарамастан, бүгінде Түркияда барлық су ресурстарын қамтитын, кешенді сипаттағы Су туралы заң әлі қабылданған жоқ. 2011 жылы дайындалған Су туралы заң жобасы өкілеттіліктің әртараптануын азайту, алаптық жоспарлауды орталықтандыру және Су Шеңбері Директивасының қағидаттарына сәйкестікті қамтамасыз етуді мақсат етсе де, арада өткен уақытқа қарамастан заң мәртебесіне ие болған жоқ (Кибароглу және Сумер, 2015; Түркия Республикасы Стратегия және бюджет басқармасы, 2025).

Саясаттық деңгейде соңғы жылдары су үнемділігі мен климатқа бейімделу бағытындағы көзқарас алдыңғы қатарға шықты. 2023 жылдың 4 мамырында «Өзгеріп жатқан климатқа бейімделу шеңберінде су үнемділігі стратегиясы мен іс-қимыл жоспары (2023–2033)» қабылданды. Құжатқа сәйкес, аталған стратегия мен іс-қимыл жоспары аясында төрт негізгі бағыт – «Қалалық су пайдалану тиімділігі», «Ауыл шаруашылығында су пайдалану тиімділігі», «Өнеркәсіптік су пайдалану тиімділігі» және «Барлық секторларға ортақ су пайдалану тиімділігі» бойынша 4 негізгі мақсат, 9 ұлттық нысаналы индикатор және 49 басым іс-қимыл айқындалды. Нысаналы көрсеткіштер қатарында 2033 жылға дейін муниципалитеттердегі су жоғалтулары мен ысыраптарын 25%-ға, 2040 жылға дейін 10%-ға дейін төмендету; тұрғындардың жеке тәуліктік орташа су тұтынуын 2030 жылға қарай 120 литрге, 2050 жылға қарай 100 литрге дейін азайту; ауыл шаруашылығындағы суару тиімділігін 2030 жылға дейін 60%-ға, 2050 жылға дейін 65%-ға жеткізу; ал өнеркәсіп секторында су үнемдеу шаралары арқылы 50% су үнемін қамтамасыз ету міндеттері бар (Су үнемділігі жөніндегі ұлттық бастама, 2023).

Түркияның су басқару саласындағы институционалдық әлеуетін күшейту мақсатында Ұлттық су кеңесі 2023 жылғы 29 қарашада №32384 Ресми газетте жарияланған Президент жарлығымен құрылды (Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрлігі, 2023). Кеңестің құрылуы ұлттық деңгейде су балансы, су ресурстарын орнықты басқару және мекемелер арасындағы үйлестіруді қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды қадам. Кеңестің алғашқы отырысы 2023 жылғы 25 желтоқсанда өтті; 2024 және 2025 жылдары өткізілген су құрылтайлары іспетті отырыстарда су туралы заңға дайындық, тасқындарды басқару, су үнемділігі стратегиялары, алаптық бөлу жоспарлары және тазартылған суды қайта пайдалану мәселелері жан-жақты талқыланды (Ауыл шаруашылығы және орман шаруашылығы министрлігі, 2025). Бұл жиындардың нәтижелері Түркияның климаттың өзгеруі, құрғақшылық және су сұранысының артуы сияқты қысымдарға төзімді су басқару жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды саяси ұсыныстар беріп отыр.

Осы атқарылған шараларға қоса, мемлекет тарапынан су үнемдеуді қолдауға бағытталған бастамалар мен ұсыныстар да жасалуда. Бұл аяда болашаққа арналған болжамдар беріліп, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және тұрмыстық тұтынуда жүзеге асырылуы мүмкін үнемдеу шаралары ұсынылады. Ауыл шаруашылығындағы суару тиімділігі қазіргі таңда шамамен 50% деңгейінде, оны алдымен 55%-ға, ұзақ мерзімде 75%-ға дейін ұлғайту көзделуде. Мұндай тиімділікке қол жеткізілген жағдайда үнемделетін су көлемі Конья ойпатының жартысынан астам аумағын қосымша суаруға мүмкіндік беретіні атап өтіледі. Ауыл шаруашылығында заманауи суару жүйелерін қолдану, жаңбыр суын жинау, тазартылған ағын суларды қайта пайдалану және суға аз тәуелді дақыл түрлерін ынталандыру негізгі бағыттар ретінде белгіленген (Су үнемділігі жөніндегі ұлттық бастама, 2023).

Ауызсу жүйелеріндегі су шығыны да айтарлықтай деңгейде. 2021 жылы тарату жүйесіне берілген 6,22 млрд м³ судың 2,09 млрд м³-і тұтынушыға жетпей жоғалған, бұл 33,54% су жоғалту деңгейіне сәйкес келеді. Бұл көрсеткіш 2015 жылы 39% болса, 2023 жылы 32%-ға дейін төмендеді; алайда дамыған елдерде аталған көрсеткіш әдетте 8–24% аралығында. Қолданыстағы нормативтік талаптарға сәйкес, ірі қалалық муниципалитеттер 2028 жылға дейін су шығынын 25%-ға, өзге муниципалитеттер 2028 жылы 30%-ға, 2033 жылы 25%-ға дейін азайтуға міндетті. Ұзақ мерзімді мақсат – су жоғалтуларын 10%-ға дейін түсіру. Су шығынын 25%-ға дейін азайту арқылы үнемделетін су мөлшері Анкара қаласының екі жылдық су қажеттілігін өтеуге жеткілікті болатыны көрсетілген (Су үнемділігі жөніндегі ұлттық бастама, 2023).

Өнеркәсіп секторында да су тиімділігі аса маңызды мәселе. Құрғақшылық салдарынан өндірісте пайдаланылатын судың жеткізілмеуі өндірістік қуаттың төмендеуіне және экономикалық шығындарға әкеледі. Жүргізілген талдауларға сәйкес қысымды жуу жүйелері, жабық циклді салқындату, жаңбыр суын жинау, тазартылған суды қайта пайдалану сияқты әдістерді қолдану арқылы 50%-ға дейін су үнемдеуге болатыны көрсетіледі. Бұл шаралар кеңінен енгізілген жағдайда өнеркәсіпте үнемделетін су көлемінің Бурдур көліне тең болатыны атап өтіледі (Су үнемділігі жөніндегі ұлттық бастама, 2023).

Түркияның қазіргі жағдайына қарағанда климаттың өзгеруі, жауын-шашын мөлшерінің азаю үрдісі және суға деген сұраныстың артуы су ресурстарының тұрақтылығына қатер төндіретін көпқырлы тәуекелдік көрінісін қалыптастыруда. Болжамдарға сәйкес ғасыр соңына дейін елдің су ресурстары шамамен 25%-ға азаяды деп күтілуде; сонымен қатар халық санының өсуі, урбанизация, ауыл шаруашылық суармасы және индустриялану нәтижесінде суға деген сұраныс арта береді (Су үнемділігі жөніндегі ұлттық бастама, 2023). Бұл жағдай Түркияның су бюджетінде құрылымдық теңсіздік бар екенін көрсетеді және қолданыстағы су басқару тәсілдерінің климатқа бейімделу тұрғысынан қайта қаралуын талап етеді. Жауын-шашынның азаюы мен құрғақ кезеңдердің жиілеуі алаптар арасындағы су тепе-теңдігін бұзып, су тапшылығы, азық-түлік қауіпсіздігі, энергия өндіру және экожүйе денсаулығына қысымдарды ұлғайтуда.

Өсіп келе жатқан тәуекелдерге жауап ретінде Түркияның негізгі ұстанымы су басқаруында дәстүрлі түрде басым болған су ұсынысын арттыруға бағытталған инвестициялардан (су қоймалары, тоғандар, су тасымалдау желілері) гөрі сұранысты басқаруға және су тиімділігіне негізделген интеграцияланған модельге көшу. Осы бағытта қабылданған Су үнемділігі стратегиясы мен іс-қимыл жоспары (2023–2033) барлық секторларда су пайдалану дағдыларын өзгертуге және су тиімділігін қоғамдық мәдениет деңгейіне көтеруге бағытталған. Бұл жоспар урбанистік тұтынуда, ауыл шаруашылық суармасында, өнеркәсіптік өндірісте және ауызсу мен техникалық су қызметтерінде су жоғалтулары мен ысыраптарын азайтуды басымдық ретінде қарастырады (Су үнемділігі жөніндегі ұлттық бастама, 2023). Құжатта су ұсынысын арттыру шараларының өз алдына жеткіліксіз екені, әсіресе құрғақшылық кезеңдерінің ұзақтығы мен жиілігі ескерілгенде су үнемдеу шараларын күшейтудің қажеттілігі атап көрсетіледі. Түркияның климат саясаты мен су басқаруына қатысты өзге құқықтық актілері де осы өзгерісті қолдайды. №7552 «Климат туралы заң» ұлттық климаттық мақсаттарды міндетті құқықтық шеңберге келтіре отырып, су инфрақұрылымы, ауыл шаруашылық суару жүйелері және қоныстану жоспарлауда климатқа бейімделуді талап етеді; сондай-ақ жоспарлау және инвестициялық шешімдерде климаттық тәуекелдерді ескеруді заңды міндетке айналдырады (Ресми газет, 2025).

Даму жоспарлау деңгейінде Он екінші даму жоспары (2024–2028) және оған қатысты Су ресурстарын басқару жөніндегі арнайы сараптамалық комиссияның есебі ұлттық су саясатының негізгі бағытын айқындап, шектеулі су ресурстарын тиімді, әділ және экожүйе бағдарлы тәсілмен басқаруды көздейтін біріктірілген су ресурстарын басқару тұжырымдамасын Түркияның ресми саясаттық негізіне айналдырады (Стратегия және бюджет басқармасы, 2023). Бұл тәсіл алап деңгейінде су бюджетінің мониторингін жүргізу, жер асты және жерүсті суларын біртұтас басқару, секторлар арасындағы су бөлінісін ғылыми негізде айқындау және су басқару мекемелері арасындағы үйлестіруді күшейту сияқты қағидаттарды қамтиды. Сондай-ақ су ресурстары энергия, ауыл шаруашылығы, экожүйе және урбанизация саясаттарымен байланысты болғандықтан, секторлар арасындағы өзара ықпалдастықты ескеретін интеграцияланған жоспарлау көзқарасы да баса көрсетіледі.

Мемлекеттік су істері (DSİ) мекемесінің институционалдық қызметтері су ресурстарын климаттың өзгеруіне төзімді басқаруды қамтамасыз етуге бағытталған техникалық және жоспарлау әлеуетін күшейтуге арналған. Стратегиялық жоспарларда климаттың өзгеруінің су ресурстарына әсерін зерттеу және осы бағытта ұзақ мерзімді іс-қимыл жоспарын әзірлеу негізгі қажеттілік ретінде атап көрсетілген. DSİ 25 алапта жүргізетін су әлеуетін анықтау, алаптық мастер-пландар, гидрометриялық, гидрометеорологиялық, седименттік және су сапасын бақылау қызметтері арқылы су бюджетіне әсер ететін үдерістерді тұрақты түрде қадағалайды; болашақта бұл жұмыстарды жетілдірілген модельдер, кешенді деректерді бақылау жүйелері және жаңартылған алаптық басқару жоспарлары арқылы күшейту жоспарлануда. Сонымен қатар есепте климаттық өзгерістен туындайтын тәуекелдерге – жауын-шашынның тәртібінің тұрақсыздығы, құрғақшылық және тасқындардың жиілеуіне – қарсы техникалық және құқықтық реттеулерді жетілдіру, тасқын аумақтарын қайта модельдеу және заманауи суару инфрақұрылымына көшу жұмыстарын жеделдету сияқты болашаққа арналған басымдықтар нақты көрсетілген (Мемлекеттік су істері, 2024).

Жалпы бағалау кезінде Түркиядағы су басқаруындағы негізгі тәуекелдер төмендегідей топтастырылады: жауын-шашын мөлшерінің азаюы және гидрологиялық циклдің тұрақсыздануы, су сұранысының өсуі, құрғақшылық және тасқындардың жиілеуі. Бұл тәуекелдерге қарсы әзірленген шаралар стратегиялық тұрғыдан бірнеше бағытты қамтиды: сұранысты басқару, су тиімділігін арттыру, алаптық деңгейде кешенді жоспарлау, климатқа бейімделуге негізделген инфрақұрылымдық инвестициялар, мекемелер арасындағы үйлестіру және су саясатын климаттық заңнамаға сәйкестендіру. Бұл кешенді тәсіл суды тек экономикалық ресурс ретінде емес, сонымен қатар экологиялық және әлеуметтік құндылық ретінде қарастырып, климат өзгерісінің жағдайына төзімді басқару моделін құруды мақсат етеді.

Дереккөз:

Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шөлейтпен күрес туралы конвенция (2025). 2023–2025 жылдар аралығындағы құрғақшылыққа бағытталған негізгі нүктелер әлем бойынша.  Сілтеме:  https://www.unccd.int/resources/publications/drought-hotspots-around-world-2023-2025. Қаралған күні: 10.11.2025.

Euronews (2024). «Түркияның астық қоймасындағы» обрук санының өсуі ауыл шаруашылығын қауіпке қояды. Сілтеме: https://www.euronews.com/my-europe/2024/09/06/surge-in-sinkholes-in-turkeys-granary-endangers-agriculture?utm_. Қаралған күні: 10.11.2025.

Кибароглу, Айшегул және Сумер, Вакур (2015). Түркияның жобалық Су Заңы және Су Шеңбері Директивасын қолдану: талдау. Сілтеме: https://gcris.mef.edu.tr/entities/publication/94468a07-2267-40c3-9246-3494d56c7e58. Қаралған күні: 10.11.2025.

Метерология Басқармасы (2025). 2025 су жылы 12 айлық аландық кумулятивті жауын-шашын есебі. Сілтеме: https://www.mgm.gov.tr/veridegerlendirme/yagis-raporu.aspx?b=k&utm. Қаралған күні: 10.11.2025.

Метерология Басқармасы (2025). 2025 жылғы қазан айы аландық жауын-шашын есебі. Сілтеме: https://www.mgm.gov.tr/veridegerlendirme/yagis-raporu.aspx?b=a#sfB. Қаралған күні: 10.11.2025.

Метерология Басқармасы (2025). 2025 жылғы жаз маусымындағы жауын-шашын бағалауы. Сілтеме: https://www.mgm.gov.tr/veridegerlendirme/yagis-raporu.aspx?b=m#sfB. Қаралған күні: 10.11.2025.

Өзтүрк, Ахмет, Чолак және Муслиме, Севба (2024). Түркияның су ресурстары әлеуетінің сандық және сапалық бағалауы. Journal of Agricultural Sciences, 30 (1): 1–34.

Ресми газет (2025). Климат заңы. Алып келінген жер: https://www.resmigazete.gov.tr/eskiler/2025/07/20250709-1.htm. Қаралған күні: 10.11.2025.

Су институты (2018). Түркия және су. Сілтеме: https://www.suen.gov.tr/uploads/turkey-and-water.pdf?utm_. Қаралған күні: 10.11.2025.

Су Шурасы (2021). Министріміздің хаты. Сілтеме: https://susurasi.tarimorman.gov.tr/Sayfa/Detay/1430?utm_. Қаралған күні: 10.11.2025.

Су үнемділігі жөніндегі ұлттық бастама (2023). Түркия Республикасы Ауыл шаруашылығы және орман министрлігінің «Климатқа бейімделу шеңберінде су үнемділігі стратегиясы» (2023–2033). Сілтеме: https://www.suverimliligi.gov.tr/wp-content/uploads/2023/08/SU-VERIMLILIGI-STRATEJI-BELGESI-ve-EYLEM-PLANI-2023-2033.pdf. Қаралған күні: 10.11.2025.

Топташ, Мехмет Жан және Уйлаш, Өмир, Хулья (2025). Бөгеттердегі толымдылық көрсеткіші 12 тамызға дейін өткен жылдың осы кезеңіне қарағанда 10,7%-ға  төмендеп, 42,2%-ды құрады. Сілтеме: https://www.aa.com.tr/tr/yesilhat/iklim-degisikligi/turkiyede-barajlardaki-doluluk-orani-yuzde-42-2ye-dustu/1826867?utm_. Қаралған күні: 10.11.2025.

Түркия Республикасы Стратегия және бюджет басқармасы (2023). Он екінші даму жоспары (2024–2028). Сілтеме: https://www.sbb.gov.tr/wp-content/uploads/2023/12/On-Ikinci-Kalkinma-Plani_2024-2028_11122023.pdf. Қаралған күні: 10.11.2025.

Түркия Республикасы Стратегия және Бюджет Басқармасы (2025). Он екінші даму жоспары 2024–2028. Су басқаруы. Сілтеме: https://www.sbb.gov.tr/wp-content/uploads/2025/08/Su-Yonetimi-OIK-Raporu_01082025.pdf?utm_. Қаралған күні: 10.11.2025.

Түркия Республикасы Ауыл шаруашылығы және Орман министрлігі (2023). Ұлттық Су Кеңесін құру туралы Президенттік жарлық ресми газетада жарияланды. Сілтеме: https://www.tarimorman.gov.tr/Sayfalar/Detay.aspx?TermId=fb841593-eb13-4a7b-90e6-762d1dc46795&TermStoreId=368e785b-af33-487d-a98d-c11d5495130b&UrlSuffix=6099&utm_. Қаралған күні: 10.11.2025.

Түркия Республикасы Ауыл шаруашылығы және Орман министрлігі (2025). Министріміз Ибрахим Юмаклы төртінші Ұлттық су кеңесі отырысында сөз сөйледі. Сілтеме: https://www.tarimorman.gov.tr/SYGM/Sayfalar/Detay.aspx?TermId=fb841593-eb13-4a7b-90e6-762d1dc46795&TermSetId=99671c99-4e27-40e4-941e-cfc1e9c54399&TermStoreId=368e785b-af33-487d-a98d-c11d5495130b&UrlSuffix=1313%2FSayin-Bakanimiz-Ibrahim-Yumakli-4-Ulusal-Su-Kurulu-Toplantisinda-Konustu&utm. Қаралған күні: 10.11.2025.

Түркия Республикасы Ауыл шаруашылығы және Орман министрлігі, Мемлекеттік су істері (2024). Стратегиялық жоспар 2024–2028. Сілтеме: https://cdniys.tarimorman.gov.tr/api/File/GetGaleriFile/425/DosyaGaleri/587/dsi20242028_stratejik_plani.pdf. Қаралған күні: 10.11.2025.

World Resources Institute (2025). Aqueduct су қауіпі атласы. Алып келінген жер: https://www.wri.org/applications/aqueduct/water-risk-atlas/#/. Қаралған күні: 10.11.2025.

Йылдыз Дурсын (2024). 550 мың ұңғымадан су алынады. Жер асты суларымыздың жағдайы алаңдатады. Сілтеме: https://supolitikalaridernegi.org/550-bin-kuyudan-su-cekiliyor-yeraltisularimizin-durumu-endise-veriyor/. Қаралған күні: 10.11.2025.

Бұл блогта жарияланған пікірлер автордың жеке көзқарастары болып табылады, институттың көзқарасын білдірмейді.

← Басылымдарға оралу
Ұқсас басылымдар
Түркі мемлекеттеріндегі мектепке дейінгі білім беру: жалпы жағдай мен жасалар жұмыстар
Түркі мемлекеттеріндегі мектепке дейінгі білім беру: жалпы жағдай мен жасалар жұмыстар
2026 ж. 6 ақп.
Орталық Азиядағы тіл саясаты: Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мысалдары
Орталық Азиядағы тіл саясаты: Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстан мысалдары
2025 ж. 16 жел.
Орталық Азия – Оңтүстік Кавказ өрісіндегі жаңа өңірлік архитектура
Орталық Азия – Оңтүстік Кавказ өрісіндегі жаңа өңірлік архитектура
2025 ж. 16 жел.
Зәңгезүр дәлізі: Оңтүстік Кавказдағы геосаяси бәсекелестіктен экономикалық ынтымақтастыққа
Зәңгезүр дәлізі: Оңтүстік Кавказдағы геосаяси бәсекелестіктен экономикалық ынтымақтастыққа
2025 ж. 8 қаз.